Әдебиет
Антон Чехов
Антон Павлович Чехов (1860 — 1904) — орыс жазушысы, әңгімелер, повестер, пьесалар авторы, драматург
Маска
Қоғамдық Х - шы клубта игі мақсатпен балмаскарад немесе жергілікті бикештер айтқандай, бал - парей беріліп жатқан еді.
Түнгі сағат он екі болатын. Би білмейтін зиялылар - бес кісі - бетпердесіз, оқу үйінде үлкен үстелді жағалай жайғасып, мұрындары мен сақалдарын газетке көме түсіп, оқып, қалғып-шұлғып әрі астана газеттерінің жергілікті тілшісі, аса бір еркін ойлы мырза айтпақшы, `ойланып` отырған еді.
Көпшілік залдан `Вьюшки` кадрилінің үні келіп тұр. Есік алдынан тарс-тұрс басып, қолындағы ыдысын сылдырата жүгіре лакейлер өте шығады. Оқу үйінің дәл өзі құлаққа ұрған танадай жым-жырт.
— Осы ара, сірә, қолайлырақ сияқты! Тартыңдар бері! Бермен қарай жігіттер! - деген құдды пеш ішінен шыққан сықылды болып, бір қылғынған жуан дауыс естіле қалды.
Есік ашылып, үстіне делбешінің костюмі мен басына тауыстың қауырсынын қадаған қалпақ киген бір маскалы, жауырыны жап-жалпақ, дембелше еркек оқу үйіне кіріп келді. Оған ілесе іле-шала маска киген екі әйел мен қолына поднос алған бір лакей де кірді. Подноста ликер құйылған жуан бутыль мен үш бөтелке қызыл және бірнеше стақан бар екен.
— Бері қарай! Бұл ара салқынырақ та болады, - деді еркек. - Подносты үстелге қой... Отырыңыз мамзельдер! Же ву при а ля тримонтран! Ал енді, мырзалар, сендер қағылыңдар,.. топырлайтын түгі де жоқ!
Еркек теңселіп жетті де, үстел үстінен бірнеше журналды қолымен қағып жіберді.
Бері қой! Оқушы мырзалар, сендер, кәнеки, қағылыңдар, бұл арада газет, саясатпен шұғылданғандай мұрша жоқ... Тастаңдар!
Мен сізден ақырын сөйлеуіңізді өтінер едім,- деді зиятшылардың біреуі маскаға көзілдірігі үстінен қарап қойып. - Бұл ара асхана емес, оқу үйі... Бұл ара ішетін орын емес.
Неге орын емес? Сонша бір үстел шайқалып немесе там төбесі ортасына түсіп кетпек пе екен? Ғажап! Дегенмен... сөйлесіп жататын уақыт жоқ! Тастаңдар газетті... аз-аздан оқыңдар, сол да болады сендерге де асқан ақылдысыңдар әрі көздеріңді құртыңдар, әйтсе де ең бастысы - менің зауқым жоқ, әңгіме осында.
Лакей подносты үстелге әкеп қойды да, орамалды шынтағынан асыра салып, есік алдында қаздия қалды. Қызыл шарапқа әйелдер жалма-жан бас қойды.
Мынадай ішімдіктен газетті артық көретін ақылды жандар да бола береді екен, - деді тоты қауырсынын қадаған еркек? Ликерден өзіне құйып жатып - Ал енді менің ойымша, құрметті мырзаларым, газетті сендер, алып іше қоятын ақшаларың болмағандықтан жақсы көресіңдер.ғой деймін? Ха-ха!.. Оқыған болады! Кәнеки, не жайында жазған екен? Көзілдірікті мырза! Қандай деректер оқып отырсыз? Ха-ха! Е, қой деймін! Болды ғой бөлінгенің! Одан да ішіп ал!
Тотының қауырсынын қадаған еркек көтеріле берді де, көзілідірікті мырзаның қолындағы газетті жұлып кеп алды. Анау сұп-сұр болып, содан соң қызарып кетті де, қасындағы зиялыларға таңдана қарап еді, олар оған қарады.
— Сіз дандайсып отырсыз, мархабатты мырзам! - деп ол шатынап кетті. - Сіз оқу үйін кабакқа айналдырып отырсыз, сіз жұрттың қолындағы газетін жұлып алып, жанжал шығарып отырсыз! Мен өйткізе алмаймын? Сіз өзіңіз, кіммен істес болып тұрғаныңызды білмей отырсыз, мархабатты мырзам! Мен банктың директоры Жестяков болам!..
— Сенің Жестяков болғаныңа менің түкіргенім бар! Ал енді газетіңнің көрер сыйы мынадай...
Еркек газетті жоғары көтерді де, пәре - пәресін шығарып жыртты да тастады.
— Мырзалар, мынау не деген сұмдық? - деп міңгірледі Жестяков сасқалақтап. - Мынау бір ғажап екен, мынау... мынау, тіпті, бір көз көрмеген нәрсе екен...
— Өздері шамданып қалды, - деп күліп жіберді еркек. - Мұндай зәрем ұшпас! Тіпті тілерсегімнің сіңір - сіңіріне дейін дірілдеп кетті. Былай енді, құрметті мырзалар! Қалжыңды қоялық, сендермен сөйлесе қоюға менің зауқым болмай тұр... Осы арада мамзельдерімнің қасында жалғыз қалып әрі жанымды бір рақаттандырғым келгендіктен сендердің сөзді қойып, шығып тұруларыңды сұраймын... Кәнеки, шыға қойыңдар! Белебухин мырза, қараңды батыр, шық үйден! Тұмсығыңды неменеге тыржита қойдың? Шық деген соң шық! Бол жылдам, әйтпесе, желкеңе жазатайым жұдырық тиіп қалып жүрер!
— Яғни, ол қалайша? - деп сұрады панасыздар сотының қазынашысы Белебухин қызарып, екі иығын қомдап қойып, - Мен тіпті түсінбей тұрмын... Бір арсыз киіп - жарып кіріп келді де... аяқ астынан мынадай нәрселер!
— Арсыз дегенің ол қандай сөз? - деп тотының қауырсынын қадаған еркек ашуланып, үстелді жұдырығымен қойып кеп қалып еді, подноста тұрған стақандар ыршып-ыршып түсті. - Кімге айтып тұрсың өзің? Маска кигенге аузыңа келген сөзді айта беремін ғой деп тұрмысың? Мүскін неме! Шық деген соң шық енді! Банктың директоры, есен - сауыңда сен де тайып тұр! Бұл арада бірде-бір сұмың қалмай, түп-түгел кетіңдер! Қараларыңды өшіріңдер!
— Кәне, қазір көре қоялық! - деді долданғаннан өзінің, тіпті, көзілдірігіне дейін жіпсіп кеткен Жестяков. - Көрсетемін мен сізге! Әй, кезекші старшинаны бері шақыршы!
Бір минуттан кейін жағасында көгілдір таспасы бар, тәлтиген жирен старшина билеген биден алқынып кіріп келді.
— Шығып тұруыңызды сұраймын! - деп бастады ол. - Бұл ара ішкілік ішетін орын емес. Асханаға барыңыз!
— Сен қай жақтан шыға келдің! - деді маскалы еркек. Соншалықты мен сені шақырып па екем?
— `Сен` демеуіңізді сұраймын, кәнеки, шыға қойыңыз!
— Былай енді, сүйкімді жігітім: өзіңе бір минут қана уақыт беремін... Сен өзі старшина әрі әмірші адамсың, сондықтан мына тұрған әртістерді қолтығынан ал да, үйден шығарып жібер. Бұл арада бөтен кісінің отырғанын менің мамзельдерім жақтырмайды... Олар ұялады, ал мен өз ақшама бұларды анадан туған қалпында көргім келеді.
— Сірә, осы әңгүдіктің өзі қораға кірмегенін түсінбей тұрған болу керек, - деп зекіді Жестяков. - Шақырыңдар бермен Евстрат Спиридонычты!
Еркек орнынан қозғалып, түрегелді де, басынан маскасын сыпырып кеп алды. Сөйтіп, ол өзінің елтіп тұрған бетін ашып жіберіп, жалт еткен әсерін тамашалап, жұртқа жағалай бір көз жүгіртіп шықты да, креслоға сұлық түсіп, мәз болып қарқылдап қоя берді. Шынында да, өзі ересен эсер еткен еді. Зиялы атаулы абыржып, аппақ қудай болып, қайсыбіреулері желкесін қасып та қалды. Абайсызда бір үлкен ақымақтық істеп алған адамша Евстрат Спиридоныч тамағын кенеп қойды.
Сотқардың жасаған жанжал, кем-кетікке қарасқыш әрі сан дүркін жергілікті хабаршы айтқандай, білімге деген сүйіспеншілігімен аты шыққан жергілікті миллионер фабрикант, ата-бабасынан құрметтеліп келе жатқан азамат Пятигоров екенін жұрт тани кеткен болатын.
— Қалай, кетесіңдер ме, жоқ па? - деді Пятигоров бірер минут жым-жырт отырғаннан кейін.
Зиялылар ләм деместен жым болып, аяқтарын ұшынан басқан күйі оқу үйінен шығып жүре берді де, Пятигоров есікті тарс жауып алды.
— Мұның Пятигоров екенін сен білдің ғой! - деп, оқу үйіне шарап апарған малайдың иығынан сілкіп қойып, Евстрат Спиридоныч бірер минуттан соң күбірлеп гүж - гүж етті. -Неге үндемедің?
— Айтпа деген болатын!
— Айтпа деген болатын... Сен лағнетті бір ай түрмеге тығып қойсам, `айтпа деген болатын-ды` сонда білесің, бәлем. Жоғал! Сендер де аяулы - ақ екенсіңдер, мырзалар, -деп ол зиялыларға бұрылды. - Өрекпи қалдыңдар! Оқу үйінен он минутқа шыға тұра алмадыңдар! Пәлеге қалдыңдар, мінеки, енді. Әттең, мырзалар, мырзалар... Оллаһи, жек көремін!
Зиялылар түңілген, кінәлі, бір мұңлы пішінмен сыбырласа келіп әрі бір жаманшылықтың боларын күн ілгері көңілдері сезгендей, клубқа сүңгіп - сүңгіп кетті. Пятигоровтың `ренжіп` әрі ашуланып қалғанын біліп, олардың әйелдері мен қыздары жым болып үйді-үйіне тарқай бастады. Сөйтіп би де тоқтады.
Пятигоров оқу үйінен сағат екіде шықты: өзі тәлтіректеген мас екен. Залға кірісімен оркестрдің қасына келіп отырды да, музыкаға бойы ұйып, мызғып кетті, содан соң мұңайғандай басы иіліп, қорылдай жөнелді.
— Ойнамаңдар! - деп, музыканттарға старшиналар қолын сілтеді. - Тсс! Егор Нилыч ұйықтап кетті...
— Үйіңізге апарып салуға әмір қылмас па екенсіз? - деп сұрады Белебухин миллионердің құлағына еңкейе түсіп.
Пятигоров ернін тап бір шекесіне қонған шыбынды ұрып жібермек болған кісіше шүйіріп қойды.
— Үйіңізге апарып салуға әмір қыла қоймас па екенсіз? - деп Белебухин қайыра сұрады, -әлде арба әкеле ғой дейін бе?
— А? Кімді? Сен өзің... не керек өзіңе?
— Үйге апарып салайын... Ұйықтайтын уақыт болды...
— Үй-үйге барғым келеді... Апар!
Белебухин мәз болғаннан жайраң қағып, Пятигоровты көтере бастады. Оның қасына басқа зиялылар да жүгіріп жетіп келісіп, сүп-сүйкімді жымиыса жүріп, ата-бабасынан құрмет көріп келе жатқан азаматты тік көтеріп алды да, абайлап қана арбасына апарды.
— Бүтіндей бір топ адамды бүйтіп ақымақ қыла қою тек әртістің, таланттың ғана қолынан келеді ғой, - деп оны отырғызып жатқан Жестяков жадырай сөйледі. - Егор Нилыч - ау, мен, тіпті, таң-тамашамын! Күлкіден әлі езуімді жия алар емеспін. Ха-ха! Біз күйіп-пісіп әуре боп жүрсек! Ха-ха! Нанасыз ба? Тіпті, өмірі театрларда да бүйтіп күлген емеспін... Ішек-сілең қатады! Осы бір естен қалмайтын кешті өмір бойы ұмытпаймын!
Пятигоровты шығарып салғаннан кейін зиялылар жадырап, жандары жай тауып қалды.
— Қоштасарда маған қолын берді, - деді Жестяков көңілі қатты көншіп, - ендеше, түк етпейді, өкпелемегені...
— Иә, құдай, айтқаның келе көрсін! - деп Евстрат Спиридоныч күрсініп қойды. Оңбаған, арам адам, бірақ қамқоршы ғой!.. Болмайды!..
Аударған Ф.Дінисламов