23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Антон Чехов

Антон Павлович Чехов (1860 — 1904) — орыс жазушысы, әңгімелер, повестер, пьесалар авторы, драматург

Қояншық






I

Бір күні ымырт үйіріле заңгер-студент Васильевтің үйіне көптен дос-жар болып жүрген медик - студент Майер мен Москва сурет - мүсін және сәулет өнері училищесінің шәкірті Рыбников келе қалды да, өздерімен бірге С - в тұйық көшесіне барып, серуендеп қайтуға шақырды. Васильев әуелі көпке дейін көнбей, қасарысып бақса да, ақыры киініп, құрбыларына ілескен.

Сұйық жүрісті зинақор әйелдер жайында ұзынқұлақтан естігені немесе кітаптан ғана оқығаны болмаса, олар тұратын үйлерге ғұмыры бас сұғып көрмеген еді. Тұрмыс тауқыметі, тәлімі, жоқшылық салдарынан тағдыр тәлкегіне ұшырап, арын ақшаға сатуға мәжбүр болған сондай бір әдепсіз әйелдер барын ол білетін. Олар мөлдір махаббат болатынын естіп-білмеген, бала сүюден мақрұм қалған заңнан тыс пенделер; аналары мен апа - сіңлілері оларды шіріген жұмыртқа санап, аза тұтып, жоқтайтын еді де, заң бұларды кесірлі пәлеге балап қуғындаса, еркектер бірден - ақ `сен` деп сөйлесе беретін. Бірақ соның бәріне қарамастан, олар да адамдық келбетін жоғалтпаған құдайдың пенделері болатын. Қай-қайсысы да өз күнәларын іштей сезініп, бір жолы болар деген үміттен күдер үзбейтін. Құтылып шығу жолындағы қам-қарекеттің қандайын болса да пайдаланып қалудан бас тартпайтын еді. Рас, қоғамның кейде адамдардың өткенін өткел ете беретіні бар, бірақ құдай алдында Мысыр әулиесі Мария да басқа әулиелердің ешқайсысынан кем саналмайтын.

Киім киісінен, жүріс-тұрысынан дараланып тұратын сондай әйелдерге көшеде ұшыраса қалса немесе әзіл - сықақ журналынан олардың түрін көрсе - ақ болды, Васильевтің есіне әлдебір кезде әлдеқалай оқыған бір оқиғаның орала беретіні бар. Әлдебір ақжүрек те адал бозбала зинақор әйелге іңкәр болып қалады да, үйленгісі келетінін айтады, әйел болса мұндай бақытқа өзін лайық емеспін деп санап, уланып өліпті.

Васильев Тверь тротуарына қарай шығатын келте көшелердің бірінде тұратын. Серіктеріне ілесіп үйден шыққан кезде сағат он бірге таяп қалған еді. Жуырда ғана алғашқы қар түскен, айнала жаратылыстың бәрі со бір ақша қар әмірінде. Ауа қар татиды, аяқ астындағы қар ақырын сықырлайды, жер, шатырлар, ағаштар, алаңдағы арқалы отырғыштар бәрі-бәрі үлбірек, аппақ, балғын тартып, содан барып үйлер де кешегіден өзгеше түрге енген, шамдар жарқырап, ауа сүттей тұнып, доңғалақ үні анық естіледі, сол үлпілдек, тап-таза ауамен бірге аппақ балғын, мамық қар сияқтанған бір сезім көкірегіңді қытықтай береді.

─ Осынау мұңлы жағаға, беймәлім бір күш жетелеп, - деп әндетеді медик назқоңыр дауыспен...

─ Мінеки, көне диірмен, әлдеқашан қираған, - деп суретші іліп әкетті.

─ Мінеки, көне диірмен... Әлдеқашан қираған... - деп қайталады медик, қасын кере мұңая басын шайқап.

Ән сөзін есіне түсірмекке үнсіз ғана маңдайын сипады да, ол өткен-кеткеннің назарын аудара әуенді әдемі үнмен дауыстай шырқап қоя берді.

─ Дәл осы арада бір кезде күтетін ерікті махаббат...

Үшеуі жұп жазбаған күйі мейрамханаға кірді де, сырт киімдерін шешпестен, буфеттен барып екі рюмкадан арақ ішті. Келесі қайталау кезінде Васильев арағына шөлмек тығынының жұқанасы түсіп кеткенін байқады да, рюмкесін жоғары көтеріп, көзін сығырайта қабақ түйіп, ұзақ қадала қарады. Не болғанын ұға қоймаған медик студент оған қарап:

─ Несіне тесіле қалдың? Құдай үшін, пәлсапаңды қоя тұршы! Арақ - ішуге, бекіре - жеуге, әйел - құшуға, қар аяқ астында жатуға жаратылған. Тым болмаса бір кеш адамша өмір сүріп қалсаңшы!

─ Мен не деппін... - деді күліп Васильев, - мен бас тартып тұрмын ба?

Арақтан оның көкірегі шым-шым жылып сала берді. Ол жолдастарына елжірей қарап, қызығып та, қызғанып та тұр. Осы бір дені-қарны сау, апайтөс, жазкөңіл адамдарға қалайша бәрі үйіріліп тұрады, ойында алаң, көңілінде кірбің жоқ, жұтынып-ақ тұр тегіс! Олар ән де шырқайды, театр десе ішкен астарын жерге қояды, сурет те салады, есіп ұзақ сөйлейді де, ішудей-ақ ішсе де, ертеңіне бастары да сынып ауырмайды, шеттерінен ақынжанды, желөкпе, өжет те ұяң, олар іске де бейім, қарап тұрып қарқ-қарқ күліп, күйіп-піссе де, өрескел есіре де алады, олар қызба да ақжүрек, арлы және жұмыр басты пенде ретінде де әр адымын санап басып, әр сөзін өлшеп сөйлейтін, секемшіл де сақ, тілдейді білдей етуге құмар Васильевтен ешбір олқы соғып тұрған жоқ. Сондықтан да ол тым құрыса осы кеш бойы өз дос-жарандарына ұқсап баққысы, солар істегенді істегісі келді, шалқып-тасып, өз бақылауынан құтылып шыққысы келді. Арақ ішу керек пе? Несі бар, ертең тіпті басы шағып жарылып кетсе де ішеді. Әйелдерге апара ма оны? Барады. Күліп-ойнайды, есіреді, өткен - кеткеннің бәріне іліп-қағып әжуалап ойнақы жауап қатады.

Ол мейрамханадан күні шықты. Өзіне мына - біреуі өнер адамын меңзерлік күнқағары мыжырайған көнетоз қалпақ, екіншісі ауқатты адам бола тұра, оқымысты серіге ұқсағысы келгендей малақай киген достары да ұнап тұр, оған ақ қар да, көше шамының солғын жарығы да, алғашқы жауған қар үстіндегі жүргіншілердің бадырайған қап-қара іздері де ұнап барады, ауа да, әсіресе мына бір жаратылыста жылына екі-ақ рет төңіректі түгел қар көмкерген жазғытұрым күншуақта немесе өзенде сең жүре бастаған айлы кештерде ғана байқауға болатын кіршіксіз, бейкүнә әуен айрықша ұнағандай.

─ Осынау мұңды жағаға, беймәлім бір күш жетелеп, - деп әндетті ол баяу ғана.

Неге екені белгісіз, жол бойы ол да, оның жолдастары да осы бір әуеннен арыла алмай, бірін-бірі күтпестен үшеуі де соны еріксіз ыңылдай беріп еді.

Васильевтің көз алдына енді бір он минуттан кейін достарымен бірге есік қағып тұратыны, содан кейін қап - қараңғы дәлізбен күңгірт бөлмелерді бойлап, ұрлана басып әйелдерге баратыны, сол кезде, қараңғылықты пайдаланып сіріңке жағып жіберіп, жарықта мұңға батқан аяулы да кінәмшіл нәзік күлкіге тап болатыны елестеді. Ғайыптан пайда болған аққұба немесе қара торы әйел шаштарын жайып жіберіп, түнгі ақ кеудешесімен қарсы алар: бәлки, ол жарықтан шошып кетіп, өлердей ұялып: `Құдай-ау, бұл не істегеніңіз! Өшіріңізші!` дер. Осының бәрі әрі үрейлі, әрі қызықты жұмбақ бір дүние еді.

ІІ

Достар Труба алаңынан Грачевкаға қарай бұрылды да, көп ұзамай Васильев сырттай ғана еміс-еміс естіген көлденең көшеден келіп шықты. Әйнектері самаладай жарқырап, есіктері айқара ашылған қос қатар үйлерді көріп, барлық есіктерден құйқылжи төгіліп, әлдебір қараңғыда, шатыр үстінде құрылып жатқан беймәлім оркестр үніне ұласқандай бей-берекет тосын дыбыс - рояль мен скрипка сарынын естіп таң-тамаша болған Васильев:

─ Неткен көп үй! - деп қалды.

─ Со да сөз бе екен! - деді медик - Лондонда бұдан он есе көп. Он да жүз мыңға жуық осындай әйелдер бар.

Басқа барлық көшелердегідей, мұнда да арбакештер белдеуге қонақтаған қалпы тырп етпей жайбарақат отыр, басқа барлық көшелердегідей, мұнда да әрлі-берлі ағылған жұрт. Ешкім асығып - аптығар емес, ешқайсысы да бастарын мойнына тығып, жүзін жасырмаған, кінәлай бас шайқаған да біреуі көрінбейді... Осынау қаперсіздік, осы бір рояль мен скрипканың бей-берекет үнінде, самаладай терезе, айқара ашылған есіктерде әлденедей айқын дарақылық, өрескелдік, қасақана сырбаздық, астамшылық бар сияқтанады. Кім біліпті, көне дәуірдегі құл сату кезінде де төңірек түгел осылай шуласып жатқан болар, онда да адамдардың жүріс-тұрысы, бет пішіні осындай бойкүйез жайбарақат қала берген болар.

─ Алғашқысынан бастап көрелік, - деді медик студент.

Достар бүркемелі шам жарығы түскен тарлау дәлізге кірді. Олар есікті ашып қалғанда, кіреберістегі сарғылт диван үстінен қара сүртікті, қырынбаған, малай реңдес, ұйқысыраған адам түрегеле берді. Кір шаятын жердегідей күлімсі, оның үстіне сірке суының иісі келеді танауға. Кіреберістен әрі қарай жарық бөлмеге апарар есік бар. Медик пен суретші сол есікке жете бере тоқтады да, мойындарын созып, ішке үңіліп қарады.

─ Бона-сэра, сеньорлар, риголетто, гугеноттар, травиата! - деп бастады суретші әртістерше тағзым етіп.

─ Гаванна, таракано, пистолето! - деді дәрігер малақайын кеудесіне қысқан күйі, төмен иіліп.

Васильев олардың соңын ала тұрған. Оның да әлгілерге ұқсап театрдағыдай иіліп-бүгілгісі, мән-мағынасыз әлденелер айтқысы келді, бірақ бәріне жымия қарап, ұялғандай қысыла ыңғайсызданып, ақыры немен тынар екен деп асыға күтті. Есік көзінен шашын қырыққан, көгілдір шолақ көйлекті, омырауында аппақ алқасы бар он жеті - он сегіз шамасындағы аққұба әйел көрінді.

─ Есік көзінде неге тұрып қалдыңдар? - деді ол. - Шешініп, төрлетпейсіздер ме?

Медик пен суретші итальянша сөйлескен күйі залға кірді. Васильев қысыла-қымтырыла соңдарынан ілесті.

─ Мырзалар, пальтоларыңды шешіңдер, - деді қатулы малай. - Шешінбей кіруге болмайды.

Аққұбадан басқа, залда тағы бір өте толық та ұзын бойлы, орыс реңдес, жалаңаш білекті әйел бар екен. Ол рояль қасына жайғасып алып, етегіне пасьяна таратып отыр. Келгендерге көңіл аударып та жатпады.

─ Қалған бикештер қайда? - деп сұрады медик.

─ Олар шай ішіп жатыр, - деді аққұба әйел. Степан, - деп дауыстады ол, - барып, бикештерге студенттер келді деп айтшы!

Сәлден кейін залға үшінші бикеш келіп кірді Үстінде көк жолақты ашық қызыл көйлек.

Бетін қалың етіп олақ опалаған, шашы маңдайын жапқан. Өзі кісіге кірпік қақпай үрейлене қарайды. Ол кіре бере оғаштау жарықшақ дауыспен әлдебір әнді шырқап қоя берді. Оның артынан төртінші, бесінші бикештер көрінді...

Осының бәрінен Васильев қызыға қоярлық жұмбақ ешнәрсе көре алмады. Ол осы бір залды да, рояль, алтын рамалы арзанқол айна, алқа, көк жолақты көйлекті де, ойсыз, енжар жүздерді де бұрын да бір емес, бірнеше рет көрген сияқтанды. Іштей жүрексіне тұрса да, көрсем-ау деген алакөлеңке, тылсым тыныштық, жұмбақ сыр, кінәлі күлкі атаулының ырымын да көре алған жоқ.

Бәрі де бұрыннан белгілі, үйреншікті, қызығарлық түгі жоқ. Оның әуестігін қоздырған жалғыз ғана нәрсе - жақтаулардағы жосықсыз суреттердегі, көйлектер мен алқалардағы әдейі жасалғандай оғаш талғамсыздық еді. Осы талғамсыздықтың өзінде ерекше оқшау даралық бар болатын.

`Есалаң ит тірлік - ай! - деп ойлады Васильев. - Өз көзіммен көріп тұрған осы әумесерлікте дені дұрыс адамды жолдан тайдырғандай, оны сұмдық күнәға батырып, бір сомға тірі адамды сатып алуға итермелейтіндей не бар екен? Мен сән-салтанат, сұлулық, әсемдік, құмарлық, талғам жолында күнәға батуға болатынын түсінем, ал мынада не қызық бар? Мұндай күнәнің кімге қажеті бар? Әйткенмен... бас қатырып қайтем!`

─ Сақалдым, портер алып берсеңізші! - деді оған аққұба әйел.

Васильев кенет қызарып кетті.

─ Әміріңізге құлдық... - деді ол, биязы иіліп. - Тек кешірерсіз, ханым, мен... мен... сізбен іше алмаймын. Мен ішпеуші едім.

Бес минуттан соң достар келесі үйге қарай беттеген.

─ Портер алдыртқаның не сенің? - деп күйіп-пісті медик. Миллионердей-ақ! Бақандай алты сом ақша желге ұшқандай жоқ болды.

─ Көңілі құлап тұрса, меселін қайтарып қайтем, - деп ақталған болып жатыр Васильев.

─ Онан да қожайын әйелдің меселін қайтармадым десеңші. Келімді-кетімді адамдардан қыздарына сауқат сұрататын солар, айналып келіп, ойлағандары өз құлқындары.

─ Мінеки, көне диірмен, әлдеқашан қираған, - деп әндетті суретші.

Келесі үйде бұлар кіреберіс дәлізге аялдап, түпкі залға кіре қоймады. Сол алғашқы үйдегідей, мұнда да кіреберістегі диваннан сүртік киген ұйқылы-ояу бұларға қарсы көтерілді. Сол малайға, оның бет - пішініне, киіміне қарап тұрып, Васильев: `Тағдыр дауылы осында малай етіп айдап әкелгенге дейін орыстың кәдімгі қарапайым адамы қандай тауқыметтерді басынан өткізеді екен? Бұрын қайда, не кәсіппен айналысты екен? Алдында не күтіп тұр екен? Үйленген бе екен? Анасы қайда, ол ұлының осында малай екенін білетін болғаны ма?` - деп ойлады. Сол-ақ екен, Васильев әрбір келесі үйге кірген сайын ең алдымен малайға назар аударатын болып алды. Сол үйлердің бірінде, сірә, төртінші кірген үйлері болар, бәкене келген, барынша менмен желетіне шынжыр таққан қатпа малай бар екен. Ол `Листокты` оқып отыр екен, келгендерге көз салып қараған да жоқ. Оның ұсқынына қарап тұрып Васильев, неге екені белгісіз, осы сықылды адамдар ұрлықтан да, кісі өлтіруден де, жалған куәлікке жүруден де бас тартпас - ау деп ойлады. Оның түр-тұрпаты шынында да әлемет еді, маңдайы кең, сұрғылт жанарлы, мыржық мұрындау, ұсақ тістері бір-біріне жымдала жабысқан кісіге дәл бір жемтігін ілмекке жақындап қалған балаң тазыдай бетпақтана мәнсіз қарайды. Васильев осы малайдың шашы қайратты ма екен, ұяң ба екен, сипап көрсе қайтер еді, деп ойлады. Ит қылшығындай қатқыл шығар - ау, тегі.

III

Портердің екі тостағын тартып алғандықтан ба, суретші кенеттен қарадай қызып қалды да, жасандылау бір күйгелектікке көшті.

─ Келесі үйге кеттік! - деп әмір етті ол, қолдарын сермеп. - Мен сендерді ең таңдаулысына апарам!

Достарын, өз ойынша, ең таңдаулы саналған үйге ертіп алып келгеннен кейін, ол кадриль билеймін деп табандап тұрып алды. Дәрігер тағы бір сом шығып кететін болды деп күңкілдей бастады да, ақыры билеуге келісті. Бәрі билей бастады.

Мұнда да сол үйреншікті айналар мен суреттер, сол көйлек, сол шаш тарау, төңірегіне жұрттың киім киісіне көз жүгірте тұрып, Васильев осының бәрі тіпті де талғамсыздық болмас, қайта керісінше, басқа ешбір жерден іздеп таппайтын, кездейсоқтыққа бергісіз, осы сиықсыздығының өзінде әлдебір тұтастық бар, көптен бері қалыптасқан С - в тұйық көшесіне ғана тән талғам немесе стиль деп атауға болатын бірдеңе екенін түсіне бастағандай болды. Қатарынан сегіз үйге бас сұққаннан кейін оны киімнің түсі де, салақұлаш бөкебайлар да, қызылды - жасыл шашбаулар да, теңізші кәстөмдері де, беттегі қалың күлгін бояу да таңырқата қоймады, ол мұнда соның бәрі де қажет екенін, егер әйелдердің әлдебірі адамша киінген болса немесе қабырғаларға кәдуілгі дені дұрыс суреттер ілінсе, бұның бәрі көшенің қазіргі жалпы көрінісіне нұқсан келтірерін ұқты.

`Өздерін өздері сатуға да шорқақ екен-ау, - деп ойлады ол. Кесапат дегеннің өзі жасырын, сүйкімді болса ғана, кінәсіз көрінгенде ғана әсерлі болатынын бұлар қалай түсінбейді екен? Қарапайым ғана қара көйлек, солғын жүз, мұңды күлкі, алакөлеңке мынау әлем -жәлемнен анағүрлым әсерлі емес пе. Ақымақтар - ай! Егер мұны өздері білмесе, келімді-кетімді адамдар неге үйретіп қоймайды екен?`.

Аң терісінен жұрын салынған бөліскен пальтолы бикеш келіп, онымен қатарласа жайғасты...

─ Қара торы сүйкімдім, билемей қарап отырғаныңыз не? - деп сұрады ол. Соншалық неге көңілсізсіз?

─ Көңілденер не бар мұнда?

─ Маған қызыл шарап әперіңіз. Көңіліңіз де көтерілер сонда.

─ Васильев қайырып тіл қатпады. Біраз үнсіз отырды да.

─ Сіздер қашан жатып ұйықтайсыздар? - деп сұрады.

─ Сағат алтыға кеткенде.

─ Қай кезде тұрасыздар?

─ Кейде сағат екіде, кейде үште.

─ Ұйқыдан тұрған соң не істейсіздер?

─ Кофе ішеміз, сағат жетіге кете ауқаттанамыз.

─ Не ішесіздер?

─ Кәдімгідей. Сорпа, көже, бифштекс, сусын. Біздің бибі қыздарға жақсы қарайды. Әйтсе де, осыны несіне сұрап отырсыз?

─ Жай, сөйлесіп отыру үшін ғой... Васильевтің бұл бикешпен асықпай әңгімелескісі келді. Қай жерде туғанын, ата-анасы бар ма, бар болса, мұның осында екенін біле ме, бұл үйге қалай тап болып жүр, көңілі хош, тірлігіне разы ма, жоқ әлде қапаланып, көкірегін қайдағы ойлар кеміре ме екен, душар болған осы жағдайдан күндердің күнінде құтылып шығуға деген үмітінің бар-жоғын білгісі келіп, ынтыға түсті... Бірақ ол қанша ойланса да сөзін қалай бастап, ерсілеу көрінбеу үшін қай тұрғыда сұрауды біле алмай көп әуреленді. Ойланып-толғанып, ақыры:

─ Сіздің жасыңыз қаншада? - деп сұрады.

─ Сексенде, - деп кекетті бикеш, өзі аяқ-қолдарымен бірдей әртүрлі қимылдар жасап билеп жүрген суретшіден көз алмаған күйі.

Ол кенеттен әлденеге қарқылдап күліп жіберді де, жұрттың бәрі естісін дегендей - ақ әлдебір ұзын-сонар тұрпайы сөзді қатты дауыстап айтып салды. Сасып қалған Васильев, өзін-өзі қоярға жер таппай, зорлана езу тартқан болды. Езу тартқан мұның жалғыз өзі еді, ал өзге жұрт - оның достары да, музыканттар мен әйелдер де - түк естімегендей әлгі әйелге бұрылып та қараған жоқ.

─ Қызыл шарап алып беріңізші, - деді тағы да қасындағы әйел.

Оның даусын да, пальтосының ақ жолағынан да жүрегі айнығандай болған Васильев орнынан тұрып кетті. Айнала қапырықта ыстық болып кеткен сияқтанып, содан жүрегі жайымен, бірақ дүрсілдеп, қатты-қатты соға бастады бір, екі үш!

─ Кетейікші осы арадан! - деді ол суретшіні жеңінен тартып.

─ Тұра тұр, бітсін де.

Суретші мен медик билеп болғанша, Васильев енді қайтып әйелдерге қарамау үшін музыканттар жаққа назар аударған. Рояльда маршал Базенге ұқсаған, реңі жылы көзілдірікті карт адам, скрипкада жирен сақалды, судай жаңа киінген жас жігіт ойнап отыр. Жас жігіттің реңінде қажығандық та, есерлік те жоқ, кайта зерделі жастың кейпін танытады. Киімді де сәнімен, талғаммен киген, беріле ойнайды. Осы жігітпен жылы жүзді қарттың да мұнда қалай тап болғаны жұмбақ, осында отыруға ыңғайсызданбай ма екен? Әйелдерге қараған кезде бұлар не туралы ойлайды екен?

Егер рояль мен скрипкада ойнап отырғандар киімдері өрім-өрім, аштан бұралған, түнерген ішкіш, шаршап - шалдыққан ұсқынсыз біреулер болса, олардың тірлігі түсінікті де болар еді. Мына жағдайда Васильев жарытып ештеңе ұғар емес. Ол тағы да әлде бір жерден оқыған, бұзылған әйел оқиғасын есіне алды, сөйтіп, сол бір қымсына күлген адам бейнесі көз алдындағы мына көрініске үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын шамалаған. Ол бұзылған әйелдер арасына емес, өзіне мүлдем беймәлім, жат, айрықша өзге дүниеге тап болғандай дал болды, егер бұрын осының бәрін театр сахнасынан көрсе, не бұл турасында кітаптан оқыса, тіпті де сенбеген болар еді. Ақ теріден жұрын салған әйел тағы да қарқылдап күліп, әлгі жүрек айнырлық дарақы сөзді қайталады. Өне бойын әлдебір жиіркенішті сезім билеген Васильев қып-қызыл болып кетті де, сыртқа беттеді.

─ Тоқтай тұр, біз де кетеміз, - деп дауыстады оның соңынан суретші.

IV

─ Әлгінде билеп жүріп өз бикешіммен сөйлескен ем, - деді медик, үшеуі де көшеге шығып алғаннан кейін. - Әңгіме оның алғашқы махаббат хикаясы жөнінде болды. Ол батырың Смоленск жақтағы әйелі, бес баласы бар әлдебір бухгалтер көрінеді. Қыздың жасы ол кезде он жетіде, сабын мен балауыз сататын әкесі мен шешесінің қолында тұрады екен.

─ Қыз жүрегін қалай баурап алыпты? - деп сұрады Васильев.

─ Қалай дерің бар ма, елу теңгеге іш киім сатып әперсе керек. Ит білсін бе, не екенін!

`Әне, бұл да бір билеген бикештің алғашқы ашынасын біліп алған, - деп ойлады Васильев - Менің қолымнан о да келмейді`...

─ Мырзалар, мен үйге қайтамын! - деді ол

─ Неге?

─ Өйткені мұнда өзімді қалай ұстауды білмеймін, оның үстіне осының бәрі жаныма жат, зерігіп кеттім. Қызығарлық не бар мұнда? Тым құрыса кісі сияқты болса екен-ау, хайуанға ұқсаған жабайы бірдеңелер. Солай енді, мен қайтайын.

─ Әу, Гриша, Григорий, айналайын, - деді Васильевке жабыса түскен суретші, жыламсырай тіл қатып. Жүрші бірге! Тағы біріне кіріп шығайық, сосын мейлі, қарғыс атсын барлығын... Тілеуіңді берсін, Григорианц!

Васильевті көндіріп, баспалдақпен жоғары қарай жетелеп әкетті. Кілемдер мен алтындалған жақтауларда, есік ашқан малайды, ауызғы бөлмедегі жиһазды суреттің бәрінде сол С - в көшесіне ғана тән, әйтсе де соның біраз жетілген түрдегі стилі сақталған.

─ Шын айтам, мен үйге қайтайыншы! - деді Васильев шешініп жатып.

─ Қой, қой, көгершінім, - деп суретші оның бетінен сүйіп алды. - Қыңырая берме... Гри-Гри, жолдас едік қой! Бірге келіп, бөлініп кетуіміз болмас. Қандай хайуансың өзің, шынында.

─ Мен сендерді далада күте тұрайын. Құдай ақыңа, жүрегім айнып тұрғаны!

─ Қойшы енді, Гриша... Жиіркенсең де зер сал. Түсіндің бе? Көр бәрін, байқа.

─ Әр нәрсеге әділ қарай білу керек! - деді медик шынымен.

Васильев залға кіріп, жайғасып отырды. Өзі және достарынан басқа, мұнда тағы да біраз мейман, екі жаяу әскер офицері, алтын көзілдірікті бір байсалды қасқа бас мырза, Межев институтының екі тықыр иек студенті және актер реңдес өлердей мас бір адам бар екен. Сол мырзалармен әуре болып жүрген бикештердің ешбірі Васильев жаққа көз қырын да салған жоқ. Жалғыз-ақ солардың Аидаша киінген біреуі жанай көз тастап, әлденеге күлімсіреді де, есінеген күйі:

─ Қара торы жігіт келді, - деп қойды. Васильевтің жүрегі дүрсілдеп, бет-жүзі бал-бұл жанып барады. Өзінің осында келгеніне бір жағынан қонақтардан ұялып, оның үстіне жиренішті азапты ойлардан арыла алмады. Тәрбиелі, тәлімді адам бола тұра (осы күнге дейін өзін-өзі осылай балайтын) мына әйелдерді өлердей жек көргені, оларға деген көңілінде жиреніштен басқа түк қалдырмай жанын жегідей жеген ауыр ойдан арыла алмай-ақ қойды. Көңілінде не осы әйелдерге, не музыканттарға, не малайларға деген ине жасуындай аяушылық қалмапты.

`Мұның бәрі менің оларды түсінуге тырыспауымнан болар, - деп ойлады ол. Бұлар шетінен адамнан гөрі, төрт аяқты малға көбірек ұқсайды, әйтсе де олар да адам ғой, оларда да жан-жүрек бар ғой. Алдымен түсініп алып, содан кейін айыптау керек...`.

─ Гриша, сен кетіп қалмай, бізді күт! - деп дауыстаған суретші әлдеқайда жоқ болып кетті.

Іле-шала медик досының да қарасы өшті.

`Иә, түсінуге тырысу керек, өйтпей болмайды`, - деп ойлай берді Васильев.

Сөйтіп ол қымсынған кінәлі күлкі табын көрем бе деп, әр әйелдің жүзіне мұқият қадалып, қараумен болды. Бірақ өзі адам жүзінен ештеңе аңғара алмай ма, не осынау әйелдердің бірде-бірі өзін кінәлі санамай ма, әйтеуір үңіле қараған әрбір бет-бейнеден үйреншікті жексұрын зерігу мен тоқмейілсудің есер белгісінен өзге дәнеңе байқай алған жоқ. Арсыз көз, арсыз күлкі, шіңкілдеген арсыз дауыстар, бірыңғай бетпақтық, басқа түк жоқ. Кім білсін бәрі де бұрын елу теңгелік ішкиімге бола әлдебір бухгалтерге сатылып, ал қазіргі тірліктерінде кофе, үш тағамнан тұратын түстік, шарап, би, үшке дейін ұйықтаудан өңге өмір қызығы жоқ та шығар - ау.

Бірде-бір қымсыну белгісін көре алмаған Васильев енді тым құрыса жөпшеңді бір естияр келбет жоқ па екен деп, айналасына қармана бастады. Әлдебір солғын, сәл - сәл ұйқысыраған, шаршаған бет - пішін оның назарын өзіне аудара берді. Бұл жалт-жұлт еткен жылтырағы көп көйлектегі қара торы жасамыс әйел ол креслоға отырған күйі көзін жердей алмай, әлденеге ойланып қалған. Васильев бұрыштан - бұрышқа біраз жүріп барып, байқамаған сыңаймен, дәл соның жанына барып жайғасты.

`Ерсілеу бірдеңе айтудан бастап корейін,- деп ойлады ол, - сөйте-сөйте әңгіме арнасын өзгертіп алармын...`.

─ Апыр-ай, костюміңіз қандай әдемі еді! - деді ол, сөйтіп орамалындағы алтындаған кестесін саусағымен түрткілеп қойды.

─ Бары осы...- деді селқос қана қара торы әйел

─ Сіз қай губерниядансыз?

─ Мен бе? Алыстан... Чернигов губерниясынан...

─ Оңды губерния. Онда жақсы ғой.

─ Біз жоқ жердің бәрінде жақсы....

`Табиғат көркін суреттеп бере алмайтынымның өкініштісі - ай, - деп ойлады Васильев. -Чернигов губерниясы табиғатының сұлулығын айтып көңілін аулар едім. Егер сонда туғаны рас болса, жек көрмес`.

─ Зерігіп те біткен боларсыз? - деп сұрады ол

─ Әрине, зерікпегенде ше.

─ Егер соншалық мезі қылған болса, онда неге біржола кетіп қалмайсыз.

─ Қайда барып күн көрем? Қайыр тіле демексіз бе?

─ Мұнда тұрудан да, қайыр тілеу жеңілірек шығар.

─ Оны қайдан білдіңіз? Қайыр тілеп көріп пе едіңіз?

─ Дәріс ақысын өтей алмаған кездерде тілегем. Тіпті, тіленбеген күнде де, былай - ақ, бәрі ап-айқын емес пе? Қайыршының, қалай десек те, бас еркі өзінде ғой, сіз болсаңыз басыбайлы күңсіз.

Әйел ілгері ұмсынып, подноспен суын әкетіп бара жатқан малайды көзімен ішіп-жеп ұзатып салды.

─ Портер алып беріңізші, - деді ол тағы да есінеп.

`Портершілін... - деп ойлады Васильев - Қазір осында аға-ініңнің бірі, не шешең кіріп келсе қайтер едің? Не айтар едің? Олар саған не дер еді? Портердің көкесі, міне, сонда болар еді-ау!`

Сол кезде әлдекімнің еңіреген даусы естілді. Малай селтер суын алып кірген іргелес бөлмеден екі беті нарттай қызыл, әлдебір аққұба адам ызалана жүгіріп шықты. Оған ілесе шыққан күпшек санды, еңгезердей үй иесі әйел шыж - быж қағып, шыңғыра сөйлеп келеді.

─ Қыздарды беттен ұрсын деп ешкім сізге рұқсат берген жоқ! Мұнда сіздің көкеңіздей кісілер де келіп тұрады, солар да қол көтеріп көрген емес. Алаяқ неме!

Абыр-дабыр басталды. Васильев қатты шошып, боп - боз болып кетті. Іргелес бөлмеден шынымен-ақ жәбірлене күйіне, жылай алатын, дәрменсіз кезде демеу іздейтін нағыз адамдар тұратынын алғаш рет мойындағандай болды. Еңсесін езген жеккөрушілік пен жиіркеніш енді келіп аяушылық, жәбірленушіге деген ашу-ызаға айналғандай. Ол еңіреген үн естіліп жатқан бөлмеге қарай тұра жүгірді, үстелдің мәрмәр тақтасында қаз-қатар тізілген шөлмектер арасынан ол көз жасы айғыздалған, азап шеккен жүзді көрді, соған қолын созған қалпы үстелге қарай аттай берді де, сол сәтте шошына кейін серпілді. Жылап жатқан әйел мас еді.

Аққұба жігіттің айналасында дүрлігіп жатқан топтың арасынан өтіп бара жатып, оның еңсесі күрт түсіп кетті, жас балаша қорқып, дәл қазір осы бір жат, оған мүлдем ұғынықсыз дүниеде барлығы мұны тұра қуып, итше тепкілеп, боқтық жаудыратындай болып көрінді... Ол киім ілгіштен пальтосын алған күйі алды-артына қарамастан баспалдақпен төмен қарай құлдырап берді.

V

Ол достарының сыртқа шығуын тосып, үй іргесіндегі шарбаққа сүйенген қалпы тұрып қалды. Рояль мен скрипканың ойнақы да еркін, ерсі де мұңды үні ауадағы шым-шытырық шырғалаңға бей-берекет араласып, сол бейберекеттілік бұрынғыдай қараңғы шатыр үстінде әлдебір көзге көрінбес оркестрді күйіне келтіріп жатқан сияқтанады. Егер сол қараңғылыққа төменнен жоғары қарасаң, қаптаған қалың ноқаттарды көрер едің, ол жапалақтап жауған қар. Қар түйірлері жарыққа тап болып, ауада ілби, мамықтай қалықтап жүреді де, еріне созылып жерге түсіп жатыр. Ұлпа қар Васильевті айнала үйіріліп, сақалына, қасына, кірпігіне ілініп қалып жатыр. Арбакештер де, аттар да, жүргіншілер де аппақ.

`Осы көшеге де қар жауады екен-ау! - деп ойлады Васильев. Қарғыс атсын бұл үйлердің барлығын`.

Баспалдақпен төмен қарай жүгіріп түскендіктен аяқтары зілдей болып талып тұр еді, өзі тауға шыққандай алқынып, жүрегінің дүрс-дүрс соққаны да ап-анық естіледі. Ол осы тұйық көшеден тезірек кетіп, үйге жетуді аңсайды, бірақ жолдастарын да күтіп алып, бар ашу - ызасының есесін солардан қайтарсам - ау деп те ойлайды.

Ол бұл үйлердегінің көбін көңілімен түйсіне қойған жоқ, бұзылып біткен әйелдердің жан-дүниесі де бұрынғыдай тылсым сыр күйінде қалды, әйтсе де, көргенінің бәрі өз ойынан анағүрлым сорақы екендігі айдан анық еді. Егер де сонау бір у ішіп өлген әйел бұзылған болса, мына бей - берекет музыка үніне еліте билеп, құлақ түршігерлік былапыт сөздер айтатын әйелдер үшін ат тауып қоюдың өзі бір азап. Бұлар іріп-шіріп бара жатқандар емес, нағыз саудасы біткендер еді.

`Осыншама азғындай тұра, - деп ойлады ол, не кінәларын сезіну, не содан құтылуға деген үміттері болсашы. Оларды сатады, сатып алады, шарап пен жексұрындыққа тоғытып жатады, ал олар болса төрт аяқты малдай көрсоқыр, нақұрыс, түк түсінбес бойкүйез, құдайым-ай, құдайым - ай десеңші!`.

Ол үшін, сондай-ақ адамгершілік ар-намыс, кісі қадірі, құдайы пенденің бет-бейнесі атаулының барлығы да мұнда түп-тамырына дейін, маскүнемдер тілімен айтсақ, `естен танғанша` аяқасты болғаны, оған кінәлі тек қана осы көше мен ондағы әйелдер еместігі де айдан анық еді.

Үсті-бастары аппақ қар бір топ студент дуылдаса әңгімелесіп, даурыға күлісіп мұның қасынан өте берген. Солардың бірі ұзын бойлы, арық студент қалт тұра қалып, Васильевтің бетіне тесіле қарады да, масаң үнмен:

─ Біздің жігіт қой! Сілтепсің - ау, сабаз - ай! Солай ма, туыс! Түк етпейді, серуендей бер! Тарт! Еңсең түспесін, ағасы! - деді.

Ол Васильевтің иығынан құшақтап, бетіне су-су суық мұртын тақай берді де, өзі тайып кетіп теңселіп қалды, сөйтіп, екі қолын сермеген күйі:

─ Мықты бол! Құлаушы болма! - деп айғай салды.

Сосын күліп жіберді де, жолдастарын қуып жеткісі келіп, жүгіріп ала жөнелді. Абыр-дабыр арасынан суретшінің:

─ Әйелді ұруға қақыңыз жоқ! Тәйір алғыр, мен оған төзе алмаймын! Өңшең сұмырайлар! - деген даусы естілді.

Есік көзінен медик көрінді. Ол төңірегін түгел шолып, Васильевті байқап қалды да, дегбірі қаша:

─ Сен осында ма едің? Құлақ салшы, құдай біледі - ау, Егормен ешқайда бірге баруға болмайды! Неткен адам екенін, тіпті түсіне алмадым. Шатақ шығарып жатыр! Естіп тұрсың ба? Егор!- деп айғайлады ол есікке қарап, Егор!

─ Мен сендерге әйелді ұрғызып қоя алмаймын! - Жоғарыдан суретшінің ащы даусы естілді.

Әлдебір ауыр да қомақты нәрсе баспалдақ бойымен төмен қарай домалап түсті. Бұл жоғарыдан сырғып түскен суретші болатын. Оны, сірә, желкелеп шығарса керек.

Ол сүйретіле тұрып, қалпағын қағып - сілікті де, ашудан түтіккен түрмен жоғары қарай зілдене жұдырығын түйіп:

─ Сұмырайлар! Жалмауыздар! Қанішерлер! Мен сендерге ұрғызып қоя алмаймын! Әлсіз, мас әйелді ұрғыза алмаймын! Әй, сендерді ме... - деп даурығып жатыр.

─ Егор... Егор деймін... - деп жалбарынды медик. Саған шын сөзімді айтайын, енді қайтып сенімен бір жерге бара қоймаспын. Шыным осы!

Суретші бірте-бірте ашуын басты да, достар үйлеріне қайтты.

─ Осынау мұңды жағадан, - деп әндетті медик, - беймәлім бір күш жетелеп...

─ Мінеки, көне диірмен әлдеқашан қираған, - деп қосылды оған сәлден соң суретші де, -Көкем - ай, кардың үйіп салуын қарашы! Гришка, сен неге кете қалдың? Сужүрексің сен, қатынсың, басқа түк емес.

Васильев достарының ізін ала, олардың соңынан қарап, ойланып келеді.

`Екінің бірі: жезөкшелік бізге ғана сұмдық көрінуі мүмкін де, біз тым асыра сілтеп жүрміз, әйтпесе егер жезөкшелік шынында да өз ойымыздағыдай сұмдық іс болса, онда менің мына сүйкімді достарымның өздері де `Нивада` суреттелетін Сирия немесе Каир тұрғындары сияқты зорлықшы жендеттерге жататыны даусыз. Олар, міне, әндетіп, жарқылдай күліп, ойлы пікір айтқансып келеді, ал жаңа ғана аштық, найсаптық, ождансыздықты қалауынша кәдесіне жаратқан да осылар емес пе еді? Осылар, мен куәмін бәріне. Аяушылық, сурет өнері, медицинаның бәрі сонда адыра қалмас па? Бұл имансыздардың өнер, ғылым немесе саналы сезім жайлы айтқандарының бәрі менің есіме бір күлдіргі әңгімедегі шошқа майын түсіреді. Екі қарақшы орман ішінде бір қайыршыны пышақтап өлтіреді, оның киімдерін өзара бөліске салып жатып, қапшығының түбінен бір кесек шошқа майын тауып алыпты. `Бұйырғанға дауа жоқ, - деді бірі, - кел, бөліп жеп қоялық`. `О, не дегенің, аузың қалай барады? - дейді екіншісі. Бүгін сәрсенбі екені есіңде жоқ па?`.Сөйтіп, майды жеуден бас тартады. Жаңа ғана кісі қанын ішкен олар, кейін орманнан аузымыз ораза деген сеніммен шығады ғой. Міне, мыналар да, әйелдерді ақшаға сатып ала тұра, өздерін суретшіміз, ғалымбыз деп ойлап келе жатыр емес пе?

─ Әй, тыңдаңдаршы! - деді ол томырық қатал үнмен. Қай беттеріңмен мұнда келіп жүрсіңдер? Мұның бәрі сұмдық екенін қалайша ғана түсінбейсіңдер сендер? Сендердің медициналарыңның бұл әйелдердің әрқайсысының құрт ауруы не басқа дерттен ажалынан бұрын өледі дегенді айтады, ал өнер болса бұлар рухани жағынан одан да бұрын өлетінін айтады. Өлетін себебі, олардың әрқайсысы оз өмірінде, орта есеппен, кем дегенде бес жүз адам қабылдайды. Әрқайсысының түбіне бес жүз адам жетеді. Енді, егер екеуің өз тірліктеріңде осында немесе осыған ұқсас жерлерде екі жүз елу реттен болсаңдар, онда әрқайсысыңның мойнында бір әйелдің қаны бар деп есептей беріңдер! Соны да түсінбейсіңдер ме? Екеулеп, үшеулеп, бесеулеп жүріп бір ақымақ, аш әйелді өлтіру! Тәңірім - ай, бұл қалай сұмдық болмасын!

─ Ақыры осылай болатынын сезіп ем - ау, - деді суретші тыжырынып. Осы ақымақпен үйір болмай-ақ қоюымыз керек еді. Сен енді өз басыңдағы ұлы ойлар, асқақ идеялар деп ойлайсың ба? Жоқ. Не бар екенін бір құдайдың өзі білсін, бірақ идея жоқ. Қазір мені жұтып қоярдай болып, жиіркене қарайсың. Ал меніңше, бүйтіп қараудан гөрі - тағы да осындай жиырма үй салдырғаның тиімдірек болар еді. Сенің дәл осы ниетіңде сол көшедегіден анағұрлым көп кеселді кінәрат барын ұқсақшы. Кеттік, Володя, құдай атсын мұны! Көксоққан әумесердің дәл өзі екен ғой, басқа ешкім де емес...

─ Біз, адамдар өзара бір-бірімізді өлтіріп жатамыз, - деді медик. - Бұл, әрине адамгершілік емес, бірақ жалаң даумен шешуге көне де қоймайды. Қош бол!

Труба алаңына жете бұлар қоштасты да, өз жөндеріне тарасты. Жалғыз қалған Васильев тротуарды бойлап тез жүріп кетті. Қою қараңғылықта, бар әлемді тұтас бүркеп салғысы келгендей - ақ жапалақтай жауған қар да оның үрейін ұшыра берді, қар арасынан жылтырай жарық беріп тұрған көше шамдары да қорқытып келеді. Көңілін қайдағы бір беймәлім, дәрменсіз үрей билеп алған. Оқта - текте әрі-бері өткен адамдар да ұшырасып қалып жатты, ол болса соларды көре сала шошына жалт берумен болды. Оған төрт жақтан түгел әйелдер ғана қаптап, әйелдер, тек әйелдер ғана қарап тұрған сияқтанып кетті.

`Ұстай бастады - ау, - деп ойлады ол, - қояншығым ұстай бастады - ау...`

VI

Үйіне келгесін төсек үстінде тұла бойы қалшылдап - дірілдеп жатып:

─ Тірілер ғой! Тірілер! Құдай-ау, бәрі тірілер ғой! - деумен болды.

Ол қиялын сан-саққа жүгіртіп, біресе өзін бұзылған әйелдің бауыры, біресе әкесі, енді бірде бет-аузы боялған сол сұйық жүрісті әйелдің өзімін деп ойлады, соны