Әдебиет
Александр Пушкин
Александр Сергеевич Пушкин (1799 — 1837) — Ресей ақыны, классикалық орыс әдебиетінің негізін салушы.
Дубровский
I ТАРАУ
Мұнан бірнеше жылдар бұрын өзінің ата-қоныс мекендерінің бірінде Кирила Петрович Троекуров дейтін орыстың ежелгі шонжары тұрып жатты. Байлығы, білікті ата-тегі және күшті байланыстары оны губерниядағы құдіреті зор адам етті. Көрші-қолаңдары қабағын шыттырмай, бабын тапқанына мәз болса, губерния чиновниктері атын естігенде-ақ қалтырап тұрды. Кирила Петровичтің өзі болса, бұл бас июшілікті жұрттың парызды міндеті есебінде қабыл алды. Үйі әменде қонақтарға лық толы болатын, бұлар оның көңілін аулап, у-шуы мол кейде тіпті шектен шыққан дарқан думандарын да бірге атқарысып жүрді. Оның шақырғанынан бас тартар, болмаса мерзімді күндерде Покровское селосына тағзыммен келіп, бас имейтін ешкім болмады. Ал үй тұрмысында Кирила Петрович білімсіз адамда болатын ожарлықтың бәрін де көрсете жүретін. Қоршаған қауымы өзін жаман үйретіп, еш нәрседен қағажу көрмей өскен бұл жампоз ұшқалақ мінезі мен шолақ ақылына не келсе, соны істей берді. Ересен күшті адам бола тұрса да, ол жұмасына екі рет күпті болып мешкейліктің сазайын тартатын, бірақ сонда да күн сайын ішіп көңілді жүретін. Үйінің флигельдерінің бірінде әйел жынысына тән ою ойып, кесте тігіп отыратын он алты даяшы қызы бар-ды. Қыздар тұрған флигельдің терезелерін ағаш тормен қоршап, есіктеріне құлып салып қояды, ал құлыптың кілттері Кирила Петровичтің өзінде болады. Қапастағы жас қыздарды мерзімді сағатында баққа шығарып, бой жаздырып екі кемпір бақылап жүреді. Кирила Петрович ара-тұра қыздардың кейбіреуін күйеуге береді, олардың орнына жаңадан басқа қыздар әкеп қояды. Шаруалар мен үй қызметшілерін ол, ақырып-жекіріп өте қатал ұстайтын. Солай болса да олар баринге жан-тәнімен берілген жандар еді; мырзаларының байлығы мен атағына мардамсып, күштілігіне арқа сүйеп, олар да былайғы көршілеріне озбырлық жасай жүретін.
Троекуровтың күндегі істейтін жұмысы: байтақ мекендері мен жер-суын аралап, ұзақ отырып, қонақ асын беріп, той-думан құрады, күнде бір өрескел сұмдық озбырлық жасайды. Оның мұндай басбұзар қылығына көбіне жаңадан таныс болғандар құрбан болады; я, тіпті Андрей Гаврилович Дубровский ғана болмаса, басқа ескі достары да оның бұл сотқарлығынан сау қала бермейтін. Жетпістей жаны бар гвардияның отставкадағы поручигі Дубровский Троекуровтың ең жақын көршісі болатын. Ең беделді дәрежелі адамдармен де тайсалмай сөйлесе алатын өркөкірек Троекуров Дубровскийді, ауқаты шамалы болса да, артықша құрметтеуші еді. Екеуі бір кезде қызмет жөнінде жолдас та болды, оның үстіне Троекуров Дубровскийдің басынан сөз асырмайтын батыл мінезін де жақсы білетін (Атақты 1772 жыл1 бұларды екі айырып жіберді; княгиня Данжованың туысы Троекуров өрге өрлеп кетті.) Шаруасы төмендеп кеткен соң Дубровский амалсыздан отставкаға шығып, өзінің шағын деревнясына келіп мекен тепті. Кирила Петрович мұны біліп, оған қамқорлық етпек те болды, бірақ Дубровский оның бұл ниетіне алдаразы болсын айтты, ол кедей, тәуелсіз қалпында қала берді. Бірнеше жылдан кейін генерал-аншеф2 болып отставкаға шыққан Троекуров та өз мекеніне келді; бұлар көрісіп, бір-біріне қатты қуанысты. Сол кезден бастап Троекуров пен Дубровский күнде кездесіп жүрді. Менсініп ешкімнің үйіне бармайтын Троекуров ескі жолдасының үйіне іркілмей, өзімсіп жиі барып тұратын-ды. Әрі құрдас, әрі ақсүйек нәсілдес қауымда туып, бірдей тәрбие алған бұл екеуінің кейбір мінездерінде де едәуір ұқсастық бар-ды. Кей жағынан бұлардың тағдыры да бір әліптес еді: екеуі де әйеліне сүйіп үйленді; әйелдері өліп, кешікпей екеуі де жесір қалды; екеуінде де бір-бірден бала бар - Дубровскийдің ұлы Петербургте тәрбиеленсе, Кирила Петровичтің қызы әкесінің көз алдында өсті. Және Троекуров Дубровскийге: `Андрей Гаврилович туысқан, құлағың сал, егерде сенің Володькаңнан бірдеңе шығатын болса, мен оған Машамды беремін; оның тап-тақыр қасқа кедей болуы сөз емес`, - деп қоятын. Оған Андрей Гаврилович басын шайқап: `Жоқ, Кирила Петрович, менің Володькам Марья Кириловнаға лайықты күйеу бола алмайды. Ол сияқты жарлы дворянның өзі теңдес кедейлеу дворянның қызына үйленгені жақсы, ерке қатынның қол баласы болмай, өз үйінде от атасы болып отырғаны артық`, - деп жауап беретін.
Өркөкірек Троекуров пен оның кедей көршісінің татулығын жұрт көре алмайтын еді, табақтас отырып Дубровский Троекуровке алаңдамай өз пікірін тура айта беретін. Жұрт қайран қалысатын. Кейбірі Андрей Гавриловичке еліктеп, бағынышты қалыптан шығып еркінсіп те көрді, бірақ Кирила Петрович оларды енді қайтып мұндайға беттемейтін етіп тастайтын. Сонымен жалпы ережеден тыс қалған жалғыз-ақ Дубровский болды. Күтпеген жердей кез болған бір оқиға бұл қалыпты бұзып, өзгертіп жіберді.
Бір күні күз басында Кирила Петрович аңға шығып қайтуға әзірленді. Қарсаңында барлық итшілері мен аңшыларына ертеңгі сағат беске дайын болыңдар деген бұйрық берілді. Кирила Петровичтің түскі тамақ ішетін жеріне алдын ала шатыр мен кухня жіберілді. Қожайын мен қонақтар ит қораға барды. Ит қорада ас-суы мол жылы жерде Кирила Петровичтің жомарттығын өздерінің ит дәстүрінше дәріптеп жатқан бес жүзден астам аңшы иттер мен тазылар жатыр еді. Сол арада ауырған иттерге деген емхана мен асыл тұқымды қаншықтар күшіктейтін, күшіктерін емізетін бөлімше де бар-ды. Мұның бәрі бас емші Тимошканың қарауында болатын. Осы әдемі ит қорасына Кирила Петрович қатты насаттанып, мұны әрқайсысы ең кемі жиырма қайтара көрген қонақтарының алдында да мақтан етпей тұра алмайтын. Ол қоршаған қонақтарымен бірге Тимошканың, итшілердің бастауымен ит қораны аралап жүрген, кейбір үйшіктердің алдында тоқтап, ауру иттердің халін сұрап, кейбір таныс иттерді өзіне шақырып алып, сылап-сипап, әңгімелесе тұрып, кейде әділ кейде қатал ескертулер жасады. Қонақтар Кирила Петровичтің ит қорасын ес кеткенше мақтауды міндет деп тапты, үндемей тұнжыраумен жүрген тек Дубровский болды. Ол да өте аңқұмар адам еді. Бірақ оның дәулеті тек қана екі тазы мен бір ұйық ақ қасқа иттер ұстауға ғана мүмкіндік беретін. Бұл сияқты тамаша итханаға ол аздап қызықты да.
— Туысқан, сен қабағыңды неге түйесің әлде менің ит қорам саған ұнамай ма?- деп сұрады Кирила Петрович.
— Жоқ, - деп жауап қатты ол қатал пішінмен, — ит қораң керемет, тек адамдарыңыздың тұрмыс-халінен иттердің көрген күні тәуір болып жүрмесе. Итшінің бірі мұны көңіліне ауыр алып қалды. - Біз, құдайға шүкір, байекеңнің арқасында тұрмысымыз жаман деп ешкімге шағына алмаймыз. Шынның аты шын, кейбір жалаңаш дворяндар өзінің мекенін осындағы ит үйшіктерінің қайсысына айырбастаса да, ақысы кете қоймас, тиімсіз болмас еді. Әрі тоғырақ, әрі жылырақ болар еді, - деді ол.
Құлының әдепсіз жауабына Кирила Петрович қарқылдап күлді, итшінің бұл әзілі өздеріне де тиетінін сезе тұрса да, қонақтар да қожайынға қосыла қарқылдасты. Дубровский сұп-сұр болып кетті. Бірақ тіл қатпады.
Тап осы кезде Кирила Петровичке корзинкеге салып жаңа туған күшіктерді алып келді, ол бұл күшіктермен біраз әуре болып, екеуін таңдап алып қалды да, қалғандарын суға тастауға бұйрық етті. Бұл екі арада Андрей Гаврилович көзден тайып болды; оны ешкім де байқаған жоқ. Қонақтармен бірге ит қорадан қайтып келіп, кешкі тамаққа отыра бергенде ғана Кирила Петрович Дубровскийдің жоғын сезді. Адамдары Андрей Гавриловичті үйіне қайтып кетті десті. Троекуров оны тез қуып жетіп, қалайда қайтарып әкелуге бұйрық берді. Аңшылықта кездесе беретін егестерді мүлтіксіз шешіп, иттерді жете танып бағалай алатын тәжірибелі Дубровскийсіз ол туғалы аңға шығып көрген жоқ-ты. Дубровскийдің соңынан шапқан қызметші бұлар дастарқан басынан тұрмай-ақ қайтып келіп, мырзасына Андрей Гаврилович тыңдамады, кері қайтқысы келмеді деп баян етті. Күндегі қалпынша арақ-шарапқа қызып қалған Кирила Петрович сол қызметшіні Андрей Гавриловичке қайта жіберіп, егерде ол қайтып келіп Покровскіге қонбаса, Троекуров онымен өмірбақи араздасып кететіндігін айтты. Қызметші қайта шапты. Кирила Петрович стол басынан түрегеліп, қонақтарды босатты да, өзі жатуға кетті.
Келесі күні оның бірінші сұрауы - Андрей Гаврилович осында ма? - деумен басталды. Жауап берудің орнына үйдегі адамдар тұмаршалап бүктеген хатты қолына берді. Кирила Петрович бұл хатты дауыстап оқуға хатшысына берді; сонда оның естігені мынау болды:
`Аса мархабатты тақсыр!
Ит бағушы Парамонжаны күнәкар етіп, сіз маған жібергенше, менде Покровскіге барар ниет жоқ. Ал оны жазалау, жә болмаса оған кешірім жасау - менің еркім; сіздің құлдарыңыздың ойынын көтеретін шамам жоқ; тіпті мен сіздің өз әзіліңізді де көтермеймін, өйткені мен әжуашы мазақпаз емеспін, ежелгі дворянмын. Қызметіңізге құлдық ұрушы:
Андрей Дубровский`.
Осы күнгі әдеп ұғымы бойынша, әрине, бұл хат әдепсіз де көрінер, бірақ Кирила Петровичті кейіткен оның сөлекет тіл құрлысы емес, хаттың түпкі мәні болды:
— Қалайша мен оған адамымды айыпкер есебінде ұстап бермекпін, оларды ол жазалаймын десе де, кешірім берем десе де ерікті екен, ә! Бұл не сұмдық! Кіммен ұстасып отырғанын біле ме екен өзі! Көрсетермін көресісін, еңіретермін мен оны, Троекуровқа қарсы шығудың неге соғарын білдірермін әлі-ақ, - деп Троекуров, төсектен жалаңаяқ, жалаңбас ұшып түрегеліп, қаһар шашты.
Кирила Петрович киініп аңға кетті. Аң аулауға бұрынғыдай күмбірлетіп аттанса да, бұл жолы саяты сәтсіз болды. Күні бойы жүргенде алдарынан бір-ақ қоян қашты, соны ғана тазыға алдырды. Шатырда отырып далада ішкен түскі тамақтың да мәні болмады, былайша айтқанда Кирила Петровичтің ойындағыдай болып шықпады; ол ас пісірушіні сабап, қонақтарға ақырып-жекірумен болды да, қайтып келе жатқанда жорта Дубровский жерінің үстімен даурықтырып, ит жүгіртіп өтті.
Бірнеше күндер өтті; бірақ екі көршінің арасындағы араздық бәсеңдемеді. Андрей Гаврилович Покровскіге енді қайтып аяқ баспады, онсыз Кирила Петровичке де көңілсіз болды. Оның ыза кернеп, сөгіп балағаттаған сөздері жергілікті дворяндардың ыждағаты арқасында, Дубровскийдің құлағына анағұрлым молайып, өңделіп жетіп жатты. Жаңадан кездескен бір жағдай бұлардың жарасымға келер үмітін мүлде жойып кетті.
Дубровский бір күні өзінің шағын жер-суын аралап шықты, қайыңды орманға жақындап келгенде, ағаш шапқан балтаның даусын құлағы шалды, аздан кейін құлаған ағаштың сатырын есітті. Ол орманға жетуге асықты, қымсынбай ағаш ұрлап жатқан Покровскі мұжықтарының үстінен шықты. Мұны көре сала мұжықтар қаша жөнелді. Дубровский кучерімен екеуі екі мұжықты ұстап алып, қол-аяғын байлап үйіне алып қайтты. Дұшпан жақтың үш аты да қолға түсіп қалды. Дубровскийді ашу қысып кетті. Қожайынымен жақын екенін сезген Троекуровтың баскесер адамдары бұрын оның маңайына келуге де бата алмаушы еді. Ал қазір екі көршінің араздасып кеткендігін пайдаланып олардың істеп отырғаны мынау. Сонымен соғыс заңы туралы ұғымдарға қарамастан қолға түскендерге орманда өздері кескен талдарымен дүре соқтырды да, аттарын өз малына қосып, жұмысқа салдырды.
Кирила Петровичке бұл хабар тап сол күні-ақ жетті. Ол терісіне сыймай ашу керіп, бар адамдарын жиып алып, Кистеневканы (Дубровскийдің деревнясы солай деп аталатын) күлін көкке ұшырып, шауып алмақшы болды. Оның бұл сияқты сотқарлық жасауы таң қаларлық нәрсе емес-ті. Бірақ кешікпей оның ойы басқа бағыт алды.
Залда аяғын нықтай басып, ол ерсілі-қарсылы жүр еді, кенет терезеге бұрылып қарап, қақпа алдына тоқтаған тройканы көрді, - былғары фуражкалы, арзан мауыттан шинель киген кішкене кісі арбадан түсіп, флигельде тұратын приказчиктікіне қарай жүрді; Троекуров бұның заседатель Шабашкин екенін танып, оны шақыруға бұйрық берді. Бір минут өтпей-ақ Кирила Петровичтің алдына тағзыммен иіліп, бұйрығын күтіп Шабашкин келіп те қалды.
— Аман ба, айтпақшы осы сенің атың кім еді, - деді оған Троекуров, - неменеге келіп едің?
— Мен қалаға бара жатыр едім, тақсыр, - деп жауап қайырды Шабашкин, - сонсоң Иван Демьяновқа кіріп сіздің ұлы мәртебеңіз не бұйырады екен, соны біле кетейін деп едім.
— Дегендей келдің, айтпақшы осы сенің атың кім еді? Менің сенде жұмысым бар, арақ іш те соны тыңда,- Мұндай жылы шыраймен қарсы алу заседательдің жанына жатып кетті. Ол арақ ішуден бас тартып, бар ынтасымен Кирила Петровичтің сөзін тыңдауға кірісті.
— Менің бір көршім бар, - деді Троекуров, - өзі бір дәулеті шағын есер неме; мен соның жер-суын өзіме қаратып алғым келеді, мұны сен қалай көресің?
— Тақсыреке, етерде ілік етер документтер болса, әлде...
— Былшылдапсың, указ тұрғанда документ деген неменеге керек Ешқандай хақың болмай-ақ жер-суын тартып алсаң күш сонда емес пе! Алайда тоқтай қал бұл ата-мекен бір кезде біздікі болатын; Спицын дейтін біреуден сатып алынып, кейін Дубровскийдің әкесіне сатылған. Осыған жармасуға болмай ма?
— Тақсыреке, бұл сатып алыс заң жолымен жасалған жұмыс шығар?
— Ойлан, туған, жақсылап ізденіп көр.
— Мысалы, тақсыреке, сіз егерде көршіңіздің сүйенген мал-мүлкін иелену қағазын қалай да болса ретін тауып қолыңызға түсірсеңіз, онда әрине...
— Түсінікті, бірақ өрт кезінде оның бар қағазы жанып кеткен, міне осындай бәлесі бар.
— Тақсыр-ау, қағаздары жанып кеткен дейсіз бе? Сізге мұнан артық не керек! Олай болса заң бойынша амалдауға рұқсат етіңіз; жаныңыз жай табатынына тіпті күмәніңіз болмасын.
— Солай деп ойлайсың ба? Жарайды, байқа - мен сенің ынтамен кірісетініңе сенемін; ал менен алғыс аласың, оған шүбәланба.
Шабашкин басы жерге жеткенше иіліп, тағзым етті де шыға жөнелді. Сол күннен бастап ол осы даулы іс жөнінде тынбастан әрекет етті. Сөйтіп оның жатпай-тұрмай қуынуының, жылпостығының арқасында тура екі жұмадан кейін Кистеневкаға иелік етуі жөнінде тезінен тиісті анықтамасын тапсыруға Дубровский қаладан шақыру қағаз алды.
Андрей Гаврилович күтпеген жердей келген бұл қағазға аң-таң қалып, тап сол күні-ақ дөрекілеу жауап жазып жіберді. Бұл жауабында Кистеневка селосы оның марқұм әкесінен қалғанын, ол селоны мұрагер есебінде иемденіп тұрғанын, Троекуровтың мұнда ешбір жұмысы жоқтығын және бұл сияқты оның жеке меншігіне көлденең килігу жалақорлық, бұзықтық екенін жазды.
Бұл хат заседатель Шабашкиннің жанына аса жайлы тиді. Ол біріншіден, Дубровскийдің мұндай іске шорқақ екенін, екіншіден, мұндай қызба, аңғырт адамды оп-оңай орға жығуға болатынын түсіне қойды.
Ал Андрей Гаврилович заседательдің қағазын кейінірек сабырмен қарап шығып, бұған дәлелдірек жауап қайыру керек екенін байқады. Сонымен ол дәлелдеп жауап жазып жіберді. Бірақ, оның бұл қағазы да жеткіліксіз болып шықты.
Дау созыла түсті. Ісінің ақтығына сенген Андрей Гаврилович онша қауіптенбеді, ақша төгіп әрекет етуге де бойы жар бермеді, оған және мүмкіндігі де шамалы еді. Арсыз, абыройын ақшаға сататын чиновник нәсілдерінің мінезін бірінші болып ажуалап жүретін ол, сонда да жалаға құрбан боламын деген ой оның миына да кіріп шықпады. Троекуров та өз тарапынан дауды ұға қоюға қам жей қойған жоқ, - оның атынан Шабашкин қуынды, ол судьяларды сатып алып, үркітіп-қорқытып, указ біткенді қисықты-түзулі түсіндіре бастады. Сөйтіп әйтеуір 18... жыл февральдың 9 күні қалалық полиция арқылы Андрей Гаврилович поручик Дубровский мен генерал-аншеф Троекуровтың арасындағы даулы іс жөніндегі қарарды тындыру үшін және қарарға риза, риза еместігіне қол қою үшін земский судьяға шақыру қағаз алды. Дубровский сол күні-ақ қалаға жүріп кетті. Жолшыбай оны Троекуров басып озды. Олар бір-біріне тәкаппар түрде қарасты; Дубровский дұшпанының жүзінен зұлым күлкінің шырайын аңғарды.
II ТАРАУ
Қалаға келіп Андрей Гаврилович таныс купецтің үйіне түсті; сонда қонып шығып, ертеңіне таңертең уездік соттың кеңсесіне келді. Кеңседе бұған ешкім назар аударған жоқ. Мұның соңынан келген Кирила Петровичке хатшы біткеннің бәрі, қауырсын қаламдарын құлақтарына қыстыра салып, орындарынан ұшып тұра келісті; сот мүшелері оны қошеметпен қарсылап, мәртебесі мен дәрежесін, жасы мен атағын сыйлап, отыруға жұмсақ кресло ұсынды. Ол жайласып отырып алды, есік ашық тұр, ал Андрей Гаврилович қабырғаға сүйеніп түрегеліп тұрды. Айнала жым-жырт болған кезде, хатшы пысық дауыспен сот қарарын оқи бастады.
Біз бұл қарарды тұтас келтіреміз, өйткені Россияда мал-мүлікке ие болуға даусыз праволы бола тұрсақ та, сол мал-мүліктен айырылып қалу тәсілінің бірін білу әрқайсымызға болса да теріс болмас деп санаймын.
18... жылы октябрьдің 27-сі күні ** ның уездік соты генерал-аншеф Кирила Петрұлы Троекуровтың** губерниясындағы Кистеневка селосындағы** орманы шабындың егістік жері және еркек жынысты** жаны бар мекен-жайын гвардия поручигі - Андрей Гаврилұлы Дубровскийдің теріс иемденіп жүргені жайлы іс қарады. Бұл істен көрінген нәрсе; аталмыш генерал-аншеф Троекуров 18.. жылы, июннің 9 күні тап осы сотқа өтініш арызбен кірді: оның өткен кезде жергілікті наместник басқармасында провинциялық хатшы болып істеген коллежский асессор және кавалер маркам әкесі Петр Ефимұлы Троекуровтың дворян нәсілінен шыққан кеңсе қызметкері Фадей Егорұлы Спицыннен мекен-жай сатып алғанын айтқан; Ол мекен** округінде аталған Кистеневка селосында екені, ол село бұрынғы ревизияларда Кистеневка поселкасы аталғаны айтылған; төртінші ревизия бойынша бұл селоның барлық еркек жынысты** жаны шару а мүліктері, олардың үй іргесіндегі жерлері, қора-қопсылары, егіске жарамды және жарамсыз жерлері мен орманды, шабындық жерлері, Кистеневка өзені бойындағы балық аулайтын жерлер, төренің үлкен ағаш үйі - не керек осының бәрі сол Фадей Спицынге дворян нәсілінен шыққан урядник Егор Терентийұлы Спицын дейтін әкесінен мұраға қалғаны көрсетілген. Сол мекен-жайдың бірде-бір жанын, бірде-бір бөлшек жерін қалдырмай есептегенде хақы 2500 сомға бағаланып осыған**нің соттау және айыптау палатасында сату актысы жасалып, талапкердің әкесін сол күннің өзінде-ақ яғни 26 август күні**нің земский соты бұл мекен-жайға қожалық етуге ендіріпті және бұрынғы иесіне отказ беріліпті. Ақырында 17... жылы 6 сентябрде әкесі тағдырдың жазуымен опат болған. Ал бұл өтініш беруші генерал-ашиеф Троекуров 77... жылдан, тіпті ,бала кезінен әскер қызметінде болған көбінесе шетелдерде жорықта жүрген: сондықтан оның әкесінің өлгені де, онан қалған мекен-жай мүлік жөнінде ешбір хабары болмапты, Қазіргі кезде ол қызметінен мүлде босанып, отставкаға шығып, әкесінің** және** губернияларындағы және ** уездеріндегі түрліше селениялардағы барлығы үш мыңдай жаны бар мекен-жайларына қайтып келсе, сол айтылған мекен-жайлардың ішіндегі (қазіргі ревизия бойынша сол селода не бары** жан) Кистеневканы айтылған гвардия поручигі Андрей Дубровский барлық жер-суымен билеп отырған көрінеді. Сондықтан осы өтінішпен бірге сол айтылған сатушы - Спицынныц сату актысын қоса беріп, сол айтылмыш мекен-жайды теріс иемденіп отырған Дубровскийдің қарамағынан алып, өзінің яки Троекуровтың қарамағына қайтарып беруді өтінеді. Сонымен бірге теріс меншіктеніп бұл мекен-жайдан заңсыз табыс алып отырғаны үшін, бұл туралы тиісті анықтама жүргізіп, заң жолымен ақы өндіріп, ол өндірген ақыны Троекуров өзіне берілсе деп сұрайды.
**земский соты бұл өтініш бойынша тергеу жүргізгеннен бері мынадай жағдайларды анықтады:
Айтылмыш баулы мекен-жайдың осы күнгі қожасы гвардия поручигі Дубровский дворян заседателіне сол тұрған жерінде `менің иемденіп отырған мекен-жайым аталмыш Кистеневка сол барлық** жанымен, жер-суымен мұра бойынша өлген әкем артиллерия поручигі Гаврил Евграфулы Дубровскийден қалды` деп мәлімдеме берген көрінеді. Ал өтініш етуші Троекуровтың провинциалдық хатшы, кейінірек коллежский асессор болған әкесі бұл мекен-жай туралы титуляр советнигі Григорий Василийұлы Соболевке 17... жылы 30 августтағы уездік сот куәландырып берген сенім хат бойынша Андрей Дубровскийдің әкесіне сатқан, сату актысы болу керек, өйткені ол сенім хатта кеңсе қызметкері Спицыннен сатып алған бұл мекен-жайды Троекуровтың Дубровскийге сатқаны айтылған және шарт бойынша тиісті 3200 сом ақшаны толығымен алып, сенімді адамы болған Соболевке басыбайлы мекенді Дубровскийге беруді сұрапты. Және тіпті сонымен бірге, сол айтылған сенім хатта Дубровскийдің әкесіне барлық ақшаны төлеп бітірген күнде мекен-жайды иемденіп, билеп беруіне ерікті екендігі көрсетілген; ал сатқан Троекуровтың болмаса басқа қожайынның бұл актіден кейін қол сұғуына болмайды дегенді ескерткен.
Бірақ, қашан, қандай мекемеде мұндай қағаз жасалып, мекен-жайдың сенім адамы болған Соболевтен әкесіне берілгені, Андрей Дубровскийге мәлім емес, өйткені бұл ол кезде өте жас болған. Әкесі өлгеннен кейін ол сату актысын іздеп таппай қойған, тегі оны 17... жылғы июньде болатын сол селен халқының бәріне әйгілі үлкен өртте басқа қағаздармен және өртте кеткен мүліктермен бірге күйіп кеткен болар деп шамалайды. Ал бұл мекен-жайды сол Троекуров сатқан кезінен яки Соболевке сенім хат берген кезден, екінші сөзбен айтқанда 17... жылдан әкесі өлгеннен кейін 17... жылдан осы уақытқа дейін Дубровскийлер сөзсіз билеп-төстеп иемденіп тұрған, бұған сол жерде тұратын не бәрі 52 адамның куәлігі дәлел; олар сол өздері білетін заманнан, яғни 70 жылдан бері, айтылған мекен-жайды Дубровский мырзалар ешкімнің дау-жанжалынсыз билеп келеді, бірақ қандай акты болмаса қандай басыбайлылы қағазбен иемденіп келгені бізге мәлімсіз, деп ант ішіп жауап берді.
Бұл іс бойынша аты аталған бұл мекен-жайдың ілкі сатып алушысы бұрынғы провинциалдық хатшы Троекуровтың осы селоны иемденген-иемденбегені олардың есінде жоқ көрінеді. Ал Дубровский мырзалардың үйі мұнан отыз жыл бұрын тап сол мекен-жайда болған түнгі өртте жанып кеткен, сонымен бірге көлденең кісілер бұл даулы мекен-жайдан табыс табылып келгендігін, ол табыстың сол кезден бастап айнала есеп еткенде жылына 2000 сомнан кем еместігін сипаттады.
Міне, осы жөнінде генерал-ашиеф Кирила Петрұлы Троекуров осы жылдың 3 январы күні осы сотқа өтініш әкелді; аты аталған гвардия поручигі Андрей Дубровский тергеу үстінде, өлген әкесі Гаврил Дубровскийдің титулярный советник Соболевке берілген мекен-жай сатылғаны жөніндегі сенім хатты тапсырса да, бұл туралы сату актысы түгіл, ең болмаса сондай іс істеді деген бас регламенттің19-тарауымен 1762 жылғы ноябрьдің 29-дағы указ бойынша дәлел бола аларлық ешбір анық мағлұмат тапсырмады. Сондықтан сол сенім хат берген адамның өзі яки әкесінің өлгендігі себепті 1818 жылғы майдың...** індегі указ бойынша бұл сенім хаттың күші мүлдем жойылады. Ал оның үстіне указда даулы мекен-жайдың басыбайлы шаруалары басыбайлылыққа, басыбайлы еместері іздеу салу арқылы иемденуге берілсін деп бұйырылған. Әкесіне тиесілі болған бұл мекен-жайға керекті басыбайлылық акты тапсырып дәлелдегені үшін көрсетілген заң жинақтарының негізіне сүйеніп, теріс иемденіп отырған айтылмыш Дубровскийден алынып, мұра правосы бойынша Троекуровқа беруге. Сол айтылмыш Дубровскийлер өздеріне тиесілі емес мекен-жайды иемденіп, өздеріне жатпайтын табыспен пайдаланғаны себепті, бұл табыстың қанша екендігі есептеліп, ** күші бойынша сол помещик Дубровскийден өндіріліп Троекуровқа беруге. Осы істі тергей келгенде және сол іске керекті заңды көшірмелер алынғаннан кейін** уездік сотта төмендегі анықталды.
Генерал-ашиеф Кирила Петрұлы Троекуров айтылмыш гвардия*** поручигі Андрей Гаврилулы Дубровскийдің қарауында тұрған Кистеневка селосындағы осы күнгі ревизия бойынша не бары...** еркек жаны бар жер-сулы, мекен-жайды 17... жылы дворяннан шыққан кеңсе қызметкері Фадей Спицынның ілкі кезде провинциялық хатшы, кейінірек коллегия асессоры болған марқұм әкесіне сатқан тұп нұсқадағы сату актысын әкеліп тапсырғандығы бұл істен анық көрініп тур: оның үстіне сол сату актысына қосымша жазуда сатып алушыны сол жылдың ішінде-ақ мекен-жайына земский соттың ендіргені айтылған; Бұған қарсы поручик Андрей Дубровский тарапынан өлген Троекуровтың, Дубровскийдің әкесінің атына сату үшін титуляр советнигі Соболевке берген сенім хаты тапсырылса да мұндай әрекеттер бойынша басыбайлылық мүлікті бекіту түгіл.. указ бойынша уақытша иемденуге де болмайды және мұның үстіне берген адамы өлгеннен кейін бұл сенім хаттың күші мүлде жойылады. Және даулы мекен-жайға сол сенім хат шынында берілді ме, берілсе - қайда, қашан берілгені көрсетіліп, осы күнге дейін, яки 18... жылы істің басталғанынан бері қарай Дубровский тарапынан ешбір анық дәлелдемелер тапсырылған жоқ. Сондықтан сот ұйғарады: аталмыш мекен-жай сол қалпында, *** жанымен, егістік, шабындық жерімен сотқа тапсырылған сату актысы бойынша генерал-ашиеф Троекуровтың мекен-жайы болып бекітілсін; бұл мекен-жайды билеп-төстеу жұмысынан гвардия поручигі Дубровскийді шеттету туралы, оған Троекуров мырзаны ендіріп, мұра есебінде қалған мүлікке иелендіру туралы**ның земский сотына қатынас қағаз жазылсын. Мұнымен қатар генерал-ашиеф Троекуров өзіне мұраға қалған мекен-жайды теріс иемденіп, одан өнетін табысты пайдаланғаны үшін поручик Дубровскийден ақы өндіріп беруді талап етеді. Бірақ та ескі тұрғын адамдардың көрсетуі бойынша бұл мекен-жай сөзсіз Дубровский мырзалардың иемденуінде болған; ал бұл істен Троекуров мырза тарапынан осы күнге дейін Дубровскийлер мекенімді теріс пайдаланып отыр деп берген ешқандай өтініш болмағаны көрініп тұр. Бұл жөнінде заң жинағында егерде біреудің жеріне біреу егін салса, болмаса усадьбасын қоршап алса, бұл теріс иемдену жөнінде шағым арыз беріліп тілек етсе және мұның растығы табылатын болса - онда ісі ақ талапкерге сол егін салған жер астығымен, қоршалған усадьба қора-қопсысымен алып берілсін деп бұйырылған. Сондықтан генерал-аншеф Троекуровтың поручик Дубровскийден ақы талап етуін аяқсыз қалдыруға, өйткені оған тиесілі болған бұл мекен-жай түк қалдырылмай өзіне тұтас қайтарылып беріліп отыр. Ал егерде мекен-жайын қолына қайтып алған кезде бір нәрседен кемшілік тапса, онда генерал-ашиеф Троекуровке ашып, заңды дәлелдерін көрсетіп, тиісті орын арқылы жоғын талап етуге мүмкіндік берілсін. Бұл қаулыны заң бойынша шағым ретінде жоғары орыннан қууға болатындығы талапкерге де, сонымен бірге жауапкерге де алдын ала жариялансын; қаулыны тыңдау үшін және оған риза, риза еместігіне қол қою үшін олар осы сотқа полиция арқылы шақырылып алдырылсын.
Бұл қаулыға осы сотта болған барлық мүшелер қолдарымызды қойдық.
Хатшы тынып қалды, заседатель орнынан түрегеліп, еңкейе тағзым етіп Троекуровты қол қоюға шақырды; мерейі үстем Троекуров оның қолынан қауырсын қаламды алды да, сот қаулысына өте риза түрмен қолын қойды.
Кезек Дубровскийге келді. Хатшы оған қол қоятын қаулыны алып келді; бірақ Дубровский басын төмен салған күйі қозғалмастан тұрып қалды.
Хатшы оның қаулыға толық риза екендігін, болмаса оған мүлде риза еместігін білдіріп қол қою үшін қайтадан шақырды, егерде оның ар-ұяты ісін оң деп есептейтін болса, қаулыға мүлдем наразы болса, заң белгілеген мөлшерлі уақыт ішінде тиісті орынға шағым беріп, өтініш етуге қол қою керектігін айтты.
Дубровский үндемеді... Кенет ол басын көтеріп алды, көзі шатынап кетті; жерді теуіп қалып, хатшыны бар пәрменімен итеріп жіберді, ол ұшып түсті. Дубровский жалма-жан сия сауытты алып, заседательге жіберді. Жұртта зәре қалмады. Дубровскийдің жан дауысы шықты. `О, тәңірінің шіркеуін сыйламағандар! Жоғал! Арамзаның әулеттері!` деді. Онан кейін Кирила Петровичке бұрылып: `Тақсыр, кім есіткен мұндайды! Итшілер тәңір үйіне иттерін ендіріпті! Ол иттер шіркеуде жортып жүріпті деген не сұмдық! Тоқтаңыз, үйретермін мен сізге...` - деді. Айғайға күзетшілер жүгіріп келіп, оны күшпен зорға тоқтатты; сыртқа алып шығып шанаға отырғызды. Бүгін сот қауымы алқалап қоршаған Троекуров те оның ізінше сыртқа шықты. Дубровскийдің кенеттен жынданғаны оған қатты әсер етті, оның салтанатты қалпына у сепкендей болды. Жақсы ат аламыз деп үміттенген судьялар Троекуровтың тым болмаса бір ауыз жылы сөзін де есіте алмады.
Троекуров сол күні Покровскіге қайтты. Ал Дубровский төсек тартып жатып қалды. (Бақытына қарай уездік емші аса надан болмай шықты.) Ол жалма-жан сүлік салып, қан алып та үлгерді. Сөйтіп кешке қарай Дубровский есін жинады. Ертеңіне оны өзінің қолынан кетуге айналған Кистеневката әкетті.
III ТАРАУ
Біраз уақыт өтті, бірақ та бишара Дубровскийдің денсаулығы әлі де сол нашар күйде қалды. Рас, оның есі ауып, алас ұруы қайталай қойған жоқ, әйтсе де көрер көзге халі нашарлай берді. Ол өзінің бұрынғы тіршілік қамын ұмыта бастады; ұзақ күндер ойға шомып отырып, өз бөлмесінен сирек шығатын болды. Бір кезде оның ұлын бағып-қаққан мейірімді кемпір Егоровна қазір қожайынның өзін күтетін тәрбиеші әйелге айналды. Кемпір оны баладай күтті, ас ішетін, ұйықтайтын мерзімін есіне салып, тамақ ішкізіп, төсегін салып беріп жатқызып жүрді. Андрей Гаврилович оған үндеместен бағынып, басқа ешкіммен айналыспады. Өз жұмыстарын ойлауға, шаруашылық ісіне басшылық етуге оның халі келмеді. Егоровна осының бәрін айтып, сол кезде Петербургта тұратын жаяу әскер гвардия полктерінің бірінде қызмет істейтін жас Дубровскийге хабар етуді мақұл көрді. Сөйтіп ол шығын книгасының бір бетін жыртып алып, бүкіл сол Кистеневкада жалғыз-ақ хат танитын адам Харитон аспазшыға өзі айтып отырып хат жазғызды, ол хатты және тап сол күні почтаға салуға қалаға жіберді.
Енді біз оқушымызды*** әңгімеміздің нағыз геройымен таныстыруға кірісейік.
Владимир Дубровский кадет корпусында тәрбиеленіп, гвардияға корнет болып шықты; жақсы өмір сүру үшін әкесі онан еш нәрсе аяған жоқ, сондықтан жас жігіт үйінен қаражатты өзі ойлағанынан артық алып тұрды. Қолы ашық, атаққұмар, дүниенің көзіне қарамайтын жас Дубровский сылқытып дәурен сүрді; карта ойнады, қарызға батты; ертелі-кеш шіркін бір дәулетті қалыңдыққа кез боламын деген жастықтың сорлы тәтті қиялына беріліп ол болашағы туралы мүлде қам жемеді.
Бір күні кешке таман жұмсақ диванына көлбей түсіп янтарынан шылым тартып, үйінде бірнеше офицерлер отыр еді, қызметшісі Гриша оған хат әкеліп берді. Хаттың сыртындағы жазуы мен мөрі жас жігітті аң-таң қалдырды, хатты жалма-жан ашып жіберіп, ол төмендегіні оқып шықты.
`Біздің тақсырекеміз, Владимир Андреевич, - мен сенің тәрбиеші кәрі әжеңмін, - саған әкетайыңның денсаулығы туралы мәлімдемекші болып отырмын. Ол өте нашар, кейде сандырақтайды және күні бойы түк білмейтін нәресте сияқты отырады да қояды. Ал өзекті жанға бір өлім, ол тәңірінің өз еркінде. Сен тезірек кел, сұңқарым; біз саған Песочноедан күтіп алатын көлік жіберейік. Земский сот бізді Кирила Петрович Троекуровтың қол астына өткізгелі келеді деген хабар бар - өйткені бізді сонікі дейтін көрінеді, ал біз ежелден сіздердікіміз, ал біз ана бәлені туғалы естігеніміз жоқ. Сен Петербургте тұрсың той, осы туралы ақ патшаға білдірсең, ол бізді жәбір-жапада қалдырмас еді. Саған мәңгі құлдық ұрушы, тәрбиеші әжең
Орина Егоровна Бузырева.
Гришаға аналық батамды жолдаймын, - қалай ол, жақсы қызмет ете ме? Бізде жауын жауғалы міне екі жұмаға айналды және Микола мейрамының қарсаңында малшы Родя қайтыс болды`.
Владимир Дубровский тебірене отырып орашолақ жазылған хатты бірнеше қайтара оқып шықты. Ол анасынан жастай қалып, әкесін де жақсы білмейтін шағы - 8 жасқа шығарда Петербургке жіберілген еді, әйтсе де әкесін ерекше жақын тартатын; үй тұрмысының ың-шыңсыз қуаныштарының дәмін татып кермесе де, ол семья өмірін өте жақсы көретін. Тәрбиеші әжесінің хатынан көрінген сорлы шалдың ауыр халі оны қатты шошытты, әкеден айрылып қаламын-ау деген ой жүретін ауыр қайғыға бөледі. Әкесі оған сонау меңіреу деревняда, басқа түскен әлдебір бақытсыздық құшағында, түк білмейтін надан кемпір мен қызметшілердің қолында, жан мен тон азабында, дәрменсіз шамшырағы сөніп бара жатқандай көрінді. Үй ішінің жағдайына көңіл бөлмей келгеніне, шаруашылық жөнімен айналысып жүр той не жолаушылап бір жаққа кеткен шығар деп, әкесінен көптен хабар алмағанына ол өзін қылмысты деп білді, өзін-өзі қатты сөкті.
Ол әкесіне жүріп кетуге, тіпті оның сырқат халі басы-қасында болуды керек ететін болса -отставкаға шығуға да бел байлады. Оның қобалжыған түрін байқап, жолдастары да тарады. Владимир, үйде жалғыз қалып, демалыс сұрап өтініш жазды; трубкасын тартып, қалың ойға шомды.
Сол күні-ақ ол демалыс алу жөнінде сұрана бастады (екі күннен кейін өзінің сенімді Гришасын ертіп, лаумен жолға шықты).
Владимир Андреевич жол Кистеневкаға қарай бұрылатын станцияға да жақындап қалды. Оның жүрегін әлдеқандай қайғылы сезімдер басуда еді, әкемді тірі көре алмай қаламын-ау деп қорықты, өзін күтіп тұрған деревнядағы өмірдің мұңды бейнесін көз алдына елестетті: жан аяқ баспайтын түкпір, жоқшылық, өзі туғалы істеп көрмеген, ешбір жөн-жосығын білмейтін жұмыстармен бас қатыру. Станцияға келгеннен кейін бекетшіден ат сұрады. Бекетші оның қайда бара жатқанын білгеннен кейін, оған Кистеневкадан келген аттардың бүгін төртінші тәулік күтіп жатқанын айтты. Кешікпей Владимир Андреевич отырған үйге бір кезде оған ат қораны аралатып жүретін, кішкене тайын күтіп бағатын кәрі кучер Антон келіп кірді. Антонның оны көргеннен-ақ көзіне жас келді, ол басы жерге жеткенше еңкейіп тағзым қылды да, кәрі әкесінің әзірге тірі екенін естіртіп, өзі асыға басып ат жегуге шықты. Владимир Андреевич ертеңгі әзір тамақты ішпестен, тез аттануға асықты. Антон оны селен жолымен тура әкетті, көп ұзамай екеуі әңгімеге кірісті.
— Антон, сен айтшы, менің әкемнің Троекуровпен дауласып жүргені қандай іс?
— Владимир Андреевич, әкем-ау, оның қандай іс екенін алла білсін бе... Әйтеуір біздің барин Кирила Петровичпен келісе алмапты. Өзіне-өзі судья бола тұрса да, біздің баринд