23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Александр Пушкин

Александр Сергеевич Пушкин (1799 — 1837) — Ресей ақыны, классикалық орыс әдебиетінің негізін салушы.

Капитан қызы






Арыңды жастан сақта
Мақал

ГВАРДИЯ СЕРЖАНТЫ

Болар еді күні ертең гвардия капитаны.
«Ол қажетсіз; армияда істесін.
Жөн айтылған сөз осы.
Қиналып көрсін түскесін».
Әкесі кім еді өзінің?
Княжнин


Менің әкем, Андрей Петрович Гринев, жасында граф Минихтың қарауында әскери қызмет істеп, 17... жылы премьер-майор боп отставкаға шыққан. Содан соң Симбирдегі өзінің туған деревнясына қайтып, сондағы бір кедейленген дворянның Авдотья Васильевна Ю. деген қызына үйленіпті. Біз тоғыз ағайынды екенбіз. Менен басқалары түгел жастай өліпті. Жақын туысымыз гвардия майоры, князь Б-ның жәрдемімен мен Семенов полкының сержанты болып жазылдым. Бірақ, оқуым біткенше мен демалыста жүрген боп саналдым. Момын мінезді, үй қызметкері Савельичтің күтуіне тапсырылдым, ол менің тәрбиешім болды. Соның қарауында жүріп, он екі жасымда орысша хат таныдым. Аңшыл иттердің қасиеттерін шешен сөйлейтін, әңгімешіл де боп алдым. Осы кезде әкем маған арнап, Москвадан Мосье Бопре деген французды тәрбиешілікке алдырып жалдады; оның өзіне бір жылға жетерлік шарап пен прован майын да қоса алдырды. Француздың келуін Савельич қатты ұнатпады.

— Аллаға шүкір, баланың бет-аузы таза, шашы мезгілімен таралып, таматын да мезгілімен ішуші еді; ақшасын қояр жер таппағандай мусьені жалдағаны несі, өз адамдары жетпеді ме екен.. - деп қоңқылдайды Савельич.

Бопре өз жұртында шаштараз екен, кейін Пруссияда солдат бопты; pous cfrc out.

Тәрбиеші болу үшін, бұл сөздердің мәнісіне өзі түсінбесе де Россияға келіпті. Өзі барынша ақкөңіл, бірақ, аса жеңіл жүгенсіз кеткен кісі еді. Тағы бір осал жері әйел жынысына ынсаптан тыс құмарлығы болатын. Осы мінезі үшін сан рет соққы жеп, ыңқыл гүрсілден арыла алмай жататын. Сөйтсе де (өзі айтқандай) бір жұтым болса да артығырақ қылғытқанды ұнататын. Бірақ, біздің үйде қызыл шарап түскі тамақ алдында бір рюмкадан беріліп және көбінесе оған соқпай кететін болғандықтан, біздің Бопре, тез арада-ақ, орыстың ақ арағына құнығып алды, ақ арақты өз елінің шарабынан да артық қадірлеп, асқазанға ең пайдалы зат деп дәріптейтінді де шығарды.

Біз екеуміз салғаннан-ақ жақсы табысып алдық, контракт бойынша маған ол француз, неміс тілдерін, барлық ғылымды оқытуы керек еді, бірақ ол мен арқылы өзі ертерек орысша былдырлап үйренуді қолайлы көрді. Одан соң, әрқайсымыз өз тіршілігімізбен шұғылданып кетуші едік. Жанымыз жарасқан, дос боп тұрдық бір үйде. Басқа ұстаздарды мен де керек етпедім. Көп ұзамай тағдыр бізді мынадай себептермен екі айырып жіберді.

Бұжыр бетті жуантық, кір жуғыш қыз — Палашка мен сиыр күтуші қыли Акулька бір күні келісіпті де жұптарын жазбай жылап-еңіреп шешейге барыпты. Аяғына бас ұрып тұрып, ең әуелі өздерінің осалдығын, болған қылмыстарын мойындапты, одан соң, тәжірибесіздік, жастық салдарынан мусьенің алдауына көніп қалғандарын шағыпты. Мұндайды жеңіл көрмейтін, тез елей қоятын шешей табанда бәрін әкейге жеткізіпті. Әкейдің кесімі қолма-қол болатын, ол дереу кесапат французды шақыр дейді. Бірақ жіберген кісісі: мусье балаға сабақ беріп жатыр деп барыпты.

Зығыры қайнап шыдатпаған әкей менің бөлмеме өзі келді. Дәл осы кезде Бопре қаннен-қаперсіз керуетте ұйықтап жатыр еді, ал мен өз тіршілігіммен едім. Шынын айтайын: менің оқуым үшін Москвадан әдейі географиялық карта алдырылған-ды. Көптен пайдаланылмай, қабырғада бостан-бос ілулі тұрған осы картаның әрі қалың, әрі енді, әдемі қағазына көптен қызығып жүретінмін. Менің бір арманым: содан батпарақ істеп ұшыру болатын. Бопренің мына қатты ұйқысын пайдаланып, сол арманымды орындауға кіріскен едім.

Әкей кіріп келгенде мен Добрая Надежда тұмсығына кендірден құйрық тағып жатыр ем. География сабағын қалай әзірлеп жатқанымды көрді де, әкем әуелі менің құлағымнан бір жұлқып қалды. Одан соң тоқталмай Бопренің қасына жетіп барып жұлқып оятты: барлық күнәсын бетіне былшылдатып соға бастады. Есі шыққан Бопре тұра қояйын деп еді, оған да дәрмені келмеді. Сорлы француз титықтай мас екен. Жеті жұтқа бір зауал дегендей, әкей оны керуеттен жұлып алды да, жағасынан сүйреп апарып, есіктен лақтырып жіберді.

Сол күні мүлдем үй маңынан қуылды. Савельичтың қуанышы қойнына сыймай мәз болды. Менің тәрбиемнің де бас-аяғы осымен тұжырылды.

Мен кептер қуып, жалшылар балаларымен чехарда ойнап, әуейілікпен өсе бердім. Сүйтіп жүріп он алты жасты өткіздім.
Дәл осы жаста менің тағдырыма өзгеріс кірді.

Күздің бір күні, шешем мейманханада бал қатқан варенье қайнатты, мен бұрқылдаған көбікке аузымнан сілекейім аға қадалып қаппын. Ал әкем терезе алдында жыл сайын алдырып тұратын `Придворный календарын` оқып отырды. Бұл кітаптың оған беретін әсері күшті болатын, қайталап оқыған сайын әлдеқандай еліріп, бірде қызуланып, бірде қатуланып қалатын. Шешей оның бұл мінездерін жақсы білетін болғандықтан, жаңағы сорлы кітапты амалдап көзге түспес жерге тығуға тырысады. Сөйтіп `Придворный календарь` кейде бірнеше айлар бойында әкейдің көзіне түспей қоятын. Ал енді, қолына түсе қалды бар ғой, ұзақ сағаттар бойында қолынан тастап көрген емес-ті. Оқта-текте иінін қозғап қалып, күбірлеп сөйлеп те қояды: `Генерал-поручик!.. Менің ротамда сержант қана еді!.. Россияның екі орденін бірдей кавалер!.. Содан бері көп-ақ өткені ме?..` Әлден кейін календарды диванға лақтырып тастап, ақыры ашуға соқтыратын қиялға бөгіп, үндемей қалды.

Кенеттен жұлып алғандай шешейге тіл қатты:

— Авдотья Васильевна, Петруша нешеге келді осы?

— Он жетіге шықты ғой, - деді шешей: — Петруша біздің, Настасья Герасимовна бәйбішенің беті қисайып кеткен жылы туған, одан соң әлгі...

— Жарайды, - деді әкей шешейдің сөзін түгел айтқызбай:- мұны әскер қызметіне жіберуіміз керек. Қыздар бөлмесін аралап, көгершін ұясын тіміскілеуі енді жетер.

Ұзамай менен айрыламын-ау деген ой шешейге жай отынан кем тимеді, оның қолындағы қасығы кастрюлькаға түсіп кетті де, екі бетін жас жуа бастады. Ал мені болса алып ұшқан қуаныштың шегі жоқ. қызметке бару бостандық алумен бірдей көрініп, Петербург өмірінің қызықтары қол бұлғай бастады. Менің көзіме гвардия офицері болатындығым да елестеді. Осының бәрі, өз ойымша, адам баласына сирек кездесетін, ең биік бақыт сияқты еді.

Әкей істеймін дегенін қайта ойланып, өзгерту дегенді білмейтін. Менің жүретін күнім де белгіленіп қалды. Аттанар алдымда әкем менің болашақ начальнигіме хат жазатындығын білдіріп, қалам мен қағаз сұрады.

— Андрей Петрович, - деді шешем: — князь Б-ға менің атымнан да сәлем айта көр, Петрушаға көз қырын сала жүрер деп өтінді дегейсің.

— Бұ не дегенің! - деді әкей қабағын түйіп: — князь Б-ға хат жазып не жұмысым бар?

— Петрушаның начальнигіне деген өзің емес пе?

— Десем ше?

— Петруша Семенов полкына жазылмап па еді, сонда, оның начальнигі князь Б. болмағанда қайтушы еді.

— Жазылған! Жазылғанында менің қанша шаруам бар? Петруша енді Петербургке бармайды. Онда барып қандай өнер таппақшы? Ақша шашқыш дарақылыққа үйренбекші ме? Одан да армияға қызмет етсін, лямка тартсын, оқ дәрісін иіскесін, гвардия қылжағы болғанша, солдат болсын Паспорты қайда еді? Маған әкел.

Паспорт мені алғаш шоқындырғанда киген көйлегіммен бірге кішкене сандықта еді, шешей соны тауып әкеп, қалтыраған қолымен әкеме ұсынды. Әкей паспортты асықпай отырып оқып шықты да столға қойды, содан соң хатын жазуға кірісті.

Мені қайда жібермек деген күдік қинай бастады. Петербургтен басқа қайда жөнелтпек? Менің көзім аса шабан қимылдаған әкей қаламының ұшында. Ақыры жазып болды, хат пен паспортты бір пакетке салып, аузын бекітті де көзілдірігін алды. Содан соң мені қасына шақырып алып, тіл қатты.

— Міне саған берілетін хат: ескі жолдас, кәрі досым Андрей Карлович Р-га арнап жаздым. Сен соның қарауында қызмет істеу үшін, Орынборға барасың.

Сонымен, менің жаңа ғана жарқ еткен үмітім жоққа шықты! Петербургтегі сауық-сайранды қызық өмірдің орнына, қашықтағы сұрғылт, саңырау дүниенің алданышы, сергітері жоқ қапасына жүретін болдым. Бір минут бұрын жанымды жадыратқан жақсы қызмет елесі жоғалды да, енді менің көзіме иықты езер, еңсені түсірер ауыр қызмет көрінді. Бірақ амал не, тайталасар дәрмен жоқ! Келесі күн ертемен, күймелі шана есік алдына көлденең тартылды да, оған ұзақ сапардың жол жабдығы чемодан, ыдыс, шәйнек, жол азығына арналған әр түрлі бөлкелер, тәтті нандар түйін-түйін боп тиеліп қалды. Жүрер мерзімде әкем маған: `Қош, Петр, кімге ант берсең, соған адал қызмет ет; начальниктеріңе құлақ ас; олардың жылы сөзін есту үшін жалбақтама; жоғарғы орындарға сұранып жалтақтама; тапсырылған қызметтерден бас тартпа; `Көйлегіңді басынан сақта, арынды жасыңнан сақта` деген мақал есінде болсын` дегенді айтты.

Көзінен сорасы аққан шешем саулығыма сақ болуымды сұрады, - Көзіңнен жазым етпе, күте біл - деп Савельичке де қоймастан тапсырды. Менің үстіме қоян ішік, оның сыртынан түлкі ішік кигізді. Савельич екеуміз күймеге кірдік, қозғала бергеннен екі көзімнен жас сорғалады, сол бетпенен кете бардық.

Сол күні түнде мен Симбирскіге жеттім, осында бір сөтке кідіріп, Савельичке тапсырылған керекті нәрселерді алмақпыз. Түнделетіп кеп трактирге қондық. Ертеңіне Савельич дүкен аралауға кетті. Терезеден көрінетін лайсаң көшеге қарай-қарай ішім пысқан соң басқа бөлмелерді аралауға шықтым. Биллиард бөлмесіне кіре бергенімде, жасы отыз бес шамасында, сұңғақ денелі, ұзын қара мұртты, үстінде халаты бар, аузында трубка, қолында кий ұстаған мырзаға көзім түсті. Ол маркермен бәстесіп ойнап жатыр екен. Маркер ұтса мырзаның бір рюмка арағын тегін ішіп, ал өзі ұтылса биллиард астынан еңбектеп өтетін боп уәделесіпті. Мен осындай егес ойынның үстінен шықтым. Ойын көп созылған сайын биллиард астымен төрт тағандап еңбектеп өту де көбейе берді. Ақыры маркердің стол астынан шықпай жатып қалуымен аяқталды.

Мырза табыт басында сөйлегендей бірнеше қаттырақ сөздер айтты да, одан соң ойынға мені шақырды. Мен білмейтін болғандықтан бас тарттым. Ол маған, аяған кісідей, тандана қарап қалды; әйтсе де аздан кейін танысып кеттік. Сөйлесе келе аты Иван Иванович Зурин, гусар полкының ротмистрі, Симбирскіден рекрут қабылдауға кеп, осы трактирге түскендігін білдім.

Зурин мені өзімен бірге түстік ас ішуге, тәңірінің солдатқа бұйыртқан дәмін татуға шақырды. Мен шын-ақ құлықтана, ризалық білдірдім. Бір столда - дастарқан үстінде отырмыз.

Зуриннің өзі көп ішті; қызметке жаттығудың басы осы деп, маған да ішкізе бастады; алуан түрлі армия анекдоттарын естіп, көзімнен жас аққанша күліппін. Қысқасы, біз осы стол басынан сыр мінез жақын кісі боп тұрдық. Дәл осы арада маған биллиард үйретпекші де болды.

— Бұл, - деді Зурин биллиардты мақтап: — біздің әскердегі туыстар үшін өте керекті нәрсе. Мәселен, жорықтан келіп бір жерге тоқтай қалғанда, не бітірмексің? Амалсыз трактирге барасың, осыны ойнайсың. Сондықтан үйреніп қойған мақұл!

Мен де оның бар айтқанына құдайдай сеніп, үйренуге кірістім. Зурин қанатымның астына су бүріккендей көтермелеуге айналды, тез жетіп қалғаныма таң-тамаша болып та қояды; бірнеше сабақтан кейін ақшаға ойнайық, ұтысу мақсат емес қой, әйтсе де аз бірдеңені атап қойғанымыз жақсы, әйтпесе тектен-тек ойнау жаман әдетке дағдыландырады, - дегенді айтты. Мен оған да көндім, Зурин пунш арағын әкелуге қосты: — Әскер қызметіне жаттығу үшін мұның да дәмін татып қой, онсыз қызмет болмайды, - деді. Мұнысына құлақ астым. Ойын созыла берді. Сыбағама тиген стаканнан сіміре түскен сайын, батырсып келем. Минут аралатпай шарларым борттан сыртқа секіретінді шығарды; өжет қызулыққа салынып, ойын есебін жүргізіп тұрған маркерді боқтап қоямын, оның қалай санап тұрғанын да бір құдайдың өзі білсін, қысқасы, қыспақтан босанып еркіндікке шыққан балаға сай қылықтың бар кәдесін істеп бақтым.

Уақыт та аңғартпай өте берді. Зурин сағатына қарады да киін биллиардтың үстіне қойды, содан соң менің жүз сом ұтқызғанымды естіртті. Мұнысы мені аз да болса түршіктіргендей болды. Ақшам Савельичте еді, соны ескеріп кешірім сұрай бастадым. Зурин сөзімді бөліп кетіп:

— Қиналма! Ол үшін абыржыма да, менің күте тұруыма болады; ал, әзірше Аринунжаға барып қайтайық, - деді.

Қалай сөксеңіздер, солай сөгіңіздер. Танды қалай атырсам, күнді де сол жүгенсіздікпен батырдым. Кешкі асты сол Аринушкада іштік, Зурин маған қызметке жаттығу керек деген сөзін қайталай отырып, арақ құюмен болды; мен орнымнан тұрғанымда аяғымды әрең басқандай халде едім; түн ортасында Зурин мені трактирге әкеп тастады.

Савельич бізді басқыш алдында күтіп алды. Ол менің қызметке қалай жаттыға бастағанымды... көріп, үрейі ұшып кетті.
— Мырзам-ау, саған не болған? — деді аянышты дауыспен; — мұншалық жүкті қай жерде арқаладың? О, құдай! Туғалы көрмеген құқайың емес пе ед бұл пәле!

— Қысқарт, төбет!- дедім кекештеніп; — өзің массың, ұйықта барып... мені жатқызып кет. Келер күні басым қатты қақсап ояндым; кешегі көргендерім күңгірт түседі есіме. Миымды торлай бастаған ойларды бір стакан шай әкелген Савельич бөліп кетті.

— Ерте әлі, Петр Андреич, - деді басын шайқап, - ерте кірісіпсің сауыққа. Бұл кімге тартқаның? Әкең де, үлкен атаң да маскүнем болған емес-ті; шешең туралы сөз қылудың да керегі жоқ; туғалы квастан басқа татып көрмеген кісі. Осының бәріне кім кінәлі? Әрине, оңбаған мусье кінәлі. Антипьевнаға қайта-қайта мылжыңдап кеп: `Мадам, же ву при, арақ болса` деп тұрушы еді. Міне, саған же ву придің салдары! Осының бәрі сол иттің баласының үйретіп кеткені. Мырзаның өз адамы жетпегендей қайдағы оңбағанды қалай жалдады екен десейші!

Мен қатты ұялдым.

— Бара тұр, Савельич, мен шай ішпеймін, - дедім теріс айналып, бірақ уағыз айтқысы келгенде оны бөгеу оңай түспейтін. Сол кәдесімен бөгелмеді:

— Міне, көрдің бе, Петр Андреич, сауықтың аяғының неге соққанын. Басың ауырлап, тамаққа да тәбетің шаппайды. Ішкен кісі сірә да оңған емес-ті... Қиярдың тұзды суына бал араластырып жұтамысың? Бәрінен де жарты стакан настойка ішкен похмельге тәуір болар еді, оған қалай қарайсың?

Дәл осы кезде бір бала кіріп кеп, Зуриннің маған жазған хатын тапсырды. Ашып қарап, мынадай жазылған сөздерді оқыдым:
`Мейірімді Петр Андреевич, алда разы болсын, осы баладан кешегі маған ұтқызған жүз сомыңды беріп жібере көр. Ақшаға аса мұқтаж боп тұрмын.

Қызметіңе әзір Иван Зурин`.

Басқа лаж қалмады. Ештеңені елең етпеген кісідей, киім-кешегім, ақша қаражатыма сақтаушы боп келе жатқан Савельичке қарап, балаға жүз сом ақша бер деп өмір еттім.

— Қалайша! Не үшін! — деді Савельич тасырая түсіп.

— Мен қарыздармын,— дедім өлім жеткенше өзімді салқын ұстап.

— Қарыздары несі! — деді Савельич, және осыдан кейін кем-кемінен деміге түсті: — Қалқам-ау, қай кезде қарызданып үлгірдің? Мынау сұмдық екен! Ерік өзіңде, мырзам, бірақ берер ақшам жоқ, - деді.

Тап осы тұста кесір шалдың бетін қатты қайтарып, жуасытып алмасам, түбі оның бақылауынан босануым қиынға соғарын байқадым. Осыны ойладым да оның бетіне қадала қарап, басына сөйлеп кеттім:

— Мен сенің қожаңмын, сен қызметшімсің. Ақша менікі. Өз қалауыммен ойнадым да ұтқыздым. Сондықтан ақылшымсымай, дереу беруіңді бұйырамын.

Күтпеген жерде мынадай ауыр сөз естіген Савельич алақанын бір соқты да, жансыз адамдай сілейіп қалды.

— Не ғып тұрсың! - дедім ашулы айқаймен. Савельич жылап жіберді.

— Көкешім Петр Андреевич, - деді даусы қалтырап, - өлтірме мені қасіретпен. Шалыңның айтқан тілін ал, сәулешім! Ана кәзебіңе жауап қайтар: мен қалжың қып ойнағанмын, ондай сома бізге тиіп те көрген емес деп жаз. Жүз сом! Тәңірім сақтасын! Әкем мен шешем жаңғақ ойынынан басқаны ойнама деп тапсырған де...

— Соқ өтірікті, - дедім, қатты жекіріп, — ақшаны әкел мұнда, әйтпесе айдап шығам желкелеп.

Савельич маған ауыр қасіретпен қарады. Қарызымды төлеуге кетті. Мен бишара шалымды қатты аядым; бірақ, еркін босап шығып, ендігі жерде сәби еместігімді көрсетуді де мақұл көрдім. Зуриннің қарызы өтелді. Енді Савельич мені мына кесапат ұясындай көрінген трактирден әкетуге асықты. Ол әлден кейін қайта оралып, аттары әзір болғанын білдірді. Ұяттан жүрегім лоблып, ішімнен тынып, үнсіз өкініп, Симбирскіден аттандым, ұстазыммен қоштасқаным жоқ, онымен қайта бір кездесуді ойлағаным да жоқ.

II ТАРАУ

БАСТАУШЫ

Өз жерім бе, апырым-ау,
Таныс емес бұл қай жақ!
Атым ба екен әкелген,
Мұнда қалай болдым тап?
Әлде еріксіз әкелген
Қызуы ма екен жастықтың
Ылаңы ма екен мастықтың.
Ескілікті жыр

Жол-жөнекей ойлаған ойларым сергітерлік емес еді. Кешегі ұтқызғаным сол күнгі бағамен қолақпандай сома. Симбирскі трактиріндегі қылықтарымның есуастық екенін іштей сезіп, Савельнчтің алдында кінәлі екенімді де мойындап келемін. Осының бәрі жаныма ауыр батқандай.

Кәриям маған сыртын беріп, теріс айналып отырыпты. Оқта-текте жөткірініп қойғаны болмаса, үн қатпады. Мен онымен қайтсем де, сөзге келгім, тілдескім бар, тек қалай бастаудың жөнін таппай келем. Ақыры тіл қаттым:

— Жетер енді, Савельич! Осы да жарар, кінәлі мен, енді татуласайық. Кеше мен қылмыс жасадым, сені де бекерге ренжіттім. Бұдан былай өзімді дұрыс ұстауға және саған құлақ асуға уәде берейін, бір жолға ашуыңды қи, татуласайық.

— Е, көкешім Петр Андреевич! - деді маған ол ауыр дем ала жауап қайтарып; - өзіме өзім кейіп отырмын, бәріне де мен өзім кінәлі. Әйтпесе сені трактирге жалғыз тастап кетер ме ем! Қара басты мені, қаңғырып; `жекжат іздеп жүргенде, түсіп қаппын түрмегенің` кері келді. Қырсық деген осы да! Қожаларымның көзіне енді қалай көрінермін? Баласының арақ құмарлығын естісе олар не дер.

Савельич бишараны жұбату үшін, бұдан былай оның рұқсатынсыз өз еркіммен бір тиын жұмсамасқа сөз бердім. Ол кем-кемдеп тыныштала бастады, әйтсе де оқта-текте басын бір шайқап қап, өзіне-өзі `Жүз сом! Аз дүние ме екен, жүз сом!` деп күбірлеп қойып отырды.

Барар жеріме жақындап келем. Төңірегім жазық, мұңды дала, даланы кесіп өткен төбелер, сай-салалар кездеседі; бәрі де қарға көмілген Күн еңкейді. Күймелі шанамыз қушық жолмен, дәлірек айтқанда, шаруалар шанасының ізімен тартып келеді.

Жәмшік кенеттен орнынан тұрып, жан-жағына көз жіберді де басындағы бөркін алып, маған бұрылды:

— Кейін қайт десең қайтеді, мырзам? - деді.

— Неге?

— Күн райы сенімсіз: жел көтеріліп келеді; көремісің қарды суыруын.

— Оның несі бар!

— Артын көрмеймісің? - Жәмшік шығысқа қарай қамшысын нұсқады.

— Маған ақ дала мен ашық аспаннан басқа ештеңе көрінбейді.

— Әнеки, әне: анау ақ бұлтқа қара.

Рас екен, көкжиектен ақ бұлт көрінді. Мен оны алғашқы қарағанымда алыстан мұнартқан қарлы төбеге мегзеген едім. Жәмшіктің түсіндіруінше осы бұлт боранның алды боп шықты.

Осындай борандар бүкіл керуендерді көміп қалатынын бұрын да естігем. Савельич жәмшіктің сөзін жөн тауып, кейін қайтуды қолайлады. Бірақ, жел маған кексіз сияқты көрінді де, келер станцияға ештеңеге шалдықпай жетерміз-ау деген сенім пайда болды, мен жәмшікке жедел жүруге бұйырдым.

Жәмшік заулата бастады, шығыс жаққа қайта-қайта жалтақтап алаң боп келеді. Бір екпінмен жарыса тартқан аттардың жүрісі де жаман емес. Ал, жел сағат сайын күшейе бастады. Ақ бұлттар туласа түсіп, ауыр қанатын кең жая, аспанды тұтас торлауға айналды. Селдір жауған ұсақ қар бір кезде жапырақтап төгілді, ұлыған желмен араласып ұйтқуға басты. Енді бір мезетте қарауытқан аспан қар теңізімен араласып, бар көріністі бір-ақ жұтты.

— Ал, мырза,- деді жәмшік дауыстап,- сұмдық боран басталды!..

Күймеден басымды шығарып сыртқа көз салдым: құйын мен қараңғылықтан өзге түк көрінер емес. Ұлыған жел үні жанды айуанның ышқынғаны сияқты; Савельич екеумізді қар көме бастады, аттар аяңдай жүріп кеп, ақырында тұрып қалды.

— Е, неге тоқтадың? - дедім жәмшікке айқайлап.

— Тоқтамағанда ше?- деді ол орнынан түсіп жатып: - жол жоқ, айнала тастай қараңғы, қайда келгеніміз де белгісіз.

Мен оған кеюге айналғанымда, Савельич жәмшікке болысып, ара түсе қалды:

— Тыңдамап ең,- деді ол ызаланып,- керуен сарайға қайтқанда, шайға қанып, дем алып, ертең боран басылғасын жостыртып кетуші ек. Тойға баратындай, неге асықтың, осынша!

Савельичтікі жөн еді. Бірақ, енді басқа лаж жоқ. Қардың құйғаны сонша, күйменің маңы ақ қала боп үйіліп қалды. Аттардың басы салбырап кетіпті, оқтын-оқтын дір ете қалады. Айласыз жәмшік күймені шыр айнала түртпектеп жүр. Савельич те естіртпей бірдеңелерді айтады; неден дәметкендей, әлде жол, әлде ел қарасын іздегендей, төңірекке көз жүгірттім, бірақ, ұйтқыған қардан ештеңені айырып болар емес... Кенеттен бір нәрсе көзіме қарауыта кетті.

— Ей, жәмшік!- дедім дауыстап, — қарашы, анау қарауытқан не?

Жәмшік те көзін солай аударды.

— Құдай білсін, мырзам, не екенін, - деді орнына қайта отырып жатып: — жүк дерлік жүк емес, ағаш дерлік ағаш емес, қимылдай ма қайтеді, я қасқыр, я кісі болуы керек.

Мен сол белгісіз нәрсеге беттеуге бұйырдым. Осы екі арада анау қараңдаған да бізге қарай қозғалды. Екі минуттан кейін адаммен беттестік.

— Ей, мейірімді жан! Жөн сілтеп жіберші, жолды білемісің?- деді жәмшік айқайлап. Жолаушы жауап қатты:

— Жол осы жерде: мен сол табан жолдың тап үстінде тұрмын, бірақ одан қандай пайда?

Енді мен дауыстадым:

— Тыңда, мұжығым, бұл өлкеге жетікпісің? Таныс болсаң, түнеп шығар бір қараға жеткізіп салуға қалайсың?

— Жетік болғанда қандай,- деді жолаушы; - құдайға шүкір, сан шарлап, сан аралаған жерім. Бірақ, күн райына қарамаймысың, енді қозғалсаң жолдан адасасың. Одан да осында кідіре тұрып, боранның басылуын, аспанның ашылуын күткен тиімді; ең болмағанда жолды жұлдызға қарап табуымызға жақсы.

Жолаушының салқын салмақты жауабы мені де әлдендірді.

Мен өзімді Жасаған иемнің еркіне тапсырып, құтырынған далада түнеуге бекінген едім, жолаушы жәмшіктің жанына отыра беріп, кенеттен сөйледі:

— Құдай жарылқады, ел қарасы алыс емес екен, ал енді бұрылып алып, оңға тарт, жәмшік!

— Оңға не үшін жүрмекпін? - деді жәмшік наразы дауыспен. — Көрініп тұрған жолың қайсы? Жоқ әлде `мал байдікі, жан құдайдікі`, менің нем шығыпты, айдай берсін дегің келе ме?

Жәмшік сөзі менің құлағыма да қона кетті.

— Рас айтады, - дедім атшыны қостап, — ел қарасы таяу екенін қайдан білдің?

— Үйткені жел сол жақтан соғып тұр,- деді жолаушы,- түтін исін сезіп тұрмын, соған қарағанда, деревня жақын болуы керек.

Мынаның тапқырлығы мен сезімталдығы мені таң қалдырды. Жәмшікке солай беттеуге бұйырдым. Аттар қалың қардан әрең қозғалады. Күйме бірде омбы қардың қырына шығып, бірде ойына төңкеріліп, екі жаққа кезек ауытқып келеді. Бұл жүрісіміз дауылды теңіздегі кеме жүрісінен айнымас еді. Әлсін-әлсін менімен соғысып қап, Савельич те үздіксіз уһлеуде. Мен күйменің жапқышын түсіріп, тоныма оранып алған соң жол бесігінде тербеліп, боран әлдиін тыңдаған нәрестедей ұйықтап кетіппін.

Түс көріппін, өмір бойы ұмытылмастай түс, басымнан өткендерді қайта санап отырсам, барлық көрерімді сол түсім бұрын болжағандай, пайғамбарша бұрын білдіргендей. Дін сенімін түкке тұрғызбай отырып-ақ кейде адамның болжауға бойсұнуы ескі кәде сияқты бір мінез-ді, сондықтан бұл қылығым үшін мен де оқушымнан кешірім сұраймын.

Жаңағы өңімдегі сезімім мен қиялым енді көзім ілініп кеткеніндей түсіме айналыпты. Болмыс пен түсім бір тұтасып, сол күйімнен аумаппын. Боран үдей соғып, біз әлі қарлы сахарада адасып жүр екенбіз деймін.. Кенеттен қақпаны көріп қап, күймемен өзіміздің қораға кеп кірдік. Ойымда сескену бар; айтқан тілін алмай, жіберген жеріне бармай әдейі қайтып келгендей көрініп, әкем кейістік көрсететін сияқты. Сол күнгі қалпыммен күймеден секіріп түстім: шешей басқыш алдында, қайғылы пішінде күйік үстінде тұрып күтіп алды.

`Ақырын, - дейді маған қарап,- әкең ауру, өлім үстінде, сенімен арыздасып, қоштасқысы кеп жатыр`. Шошыған қалпыммен шешеме еріп, әкем жатқан бөлмеге кеппін. Үй жарығы күңгірт; өңшең қасіретті жандар ауру төсегін қоршап тұр. Мен жай басып, төсекке таяндым. Шешей шымылдықты көтеріп: `Андрей Петрович, Петрушаң келді, сенің ауырғаныңды естіп әдейі қайтыпты. Ризалығыңды айт, батаңды бер` дейді. Тізерлей тұрып, бар ынтаммен ауруға көзімді салдым. Сүйтсем... әкем деп тұрғаным: маған күле қарап жатқан қара сақалды жаман мұжық боп шықты. Мен аң-таң боп шешейге бұрылдым: `Бұл қалай? Әкем емес қой. Айдаладағы мұжықтың бағасы маған не керек?` деймін.

— Бәрібір, Петруша, - дейді шешем маған бой бермей, — бұл сенің өкіл атаң, қолынан сүй, дұғасын ал.

Мен көнбедім. Сол кезде мұжық төсектен атып тұрды да, беліндегі балғасын суырып алып, жан-жағына сермей бастады. Қашқым да бар... Дәрменсізбін; үйдің ішін өлік басып кетті. Мен өлікке сүрініп, қан кешіп тайғанақтап жүрмін... Қаһарлы, үрейлі мұжық мені жылы шыраймен өзіне шақырады: `Қорықпа, одан да қолтығыма кір, бағамды ал..` дейді маған қарап. Зәрем ұшып, құтым қашып кетіпті... Осы минутта мен оянып кеттім. Аттар тоқтапты. Савельич менің қолымнан ұстап:

— Түс, шырағым, келдік,- деді.

— Қайда келдік? - дедім көзімді сүртіп.

— Керуен сарайға келдік. Құдай жарылқан дәл қораға жетіп тақалыппыз. Тезірек шық та жылынып ал қарғашым.

Мен күймеден шықтым. Боран сәл бәсеңсісе де әлі басыла қоймапты. Көзге түртсе көрінбейтін қараңғы. Фонарын етегінің ығына ұстаған қожайын бізді қақпа алдында күтіп алды, мені бастап жүріп, тарлау келген, бірақ, тап-таза жарық бөлмеге әкеп кіргізді. Қабырғада винтовка және биікше келген казак папағы ілулі тұр екен.

Қожайын жайықтық казак боп шықты, жасы алпыстар шамасында, бірақ қазірде тың, көңілді, ширақ көрінді. Савельич күймедегі бұйымдарды арқалай кіріп, шай қайнатарлық от әзірлеуін талап етті. Ыстық шайды өмірімде бірінші аңсағаным менің де осы болар.

Қожайын қам жасауға кетті. — Бастаушымыз қайда? - дедім Савельичке бұрылып.

— Мұндамын, мәртебелім, - деді жоғарыдан естілген дауыс.

Биік тақтайдың үстінен қап-қара сақал мен оттай маздаған екі көзді көрдім.

— Қалай, бауырым, жаурадың ба?

— Жалаң қабат жұпыны жарғақпен қалай жаурамассың! Жасыратыны жоқ, тоным да бар еді, ұттырған ақшам үшін ұстатып кеттім; о кезде аяз да бәсең сияқты еді.

Осы минутта қайнаған самауыр көтеріп қожайын кірді; мен бастаушымызды шайға шақырдым; мұжық төмен түсті. Енді аңғардым: жасы қырықтың шамасында, орта бойлы, арық денелі, жаурыны қақпақтай екен Қара сақалына ақ түсе бастапты; үлкен, отты көздері ойнақшып, орнында тұрар емес. Беті де жылы шырайлы, бірақ даярлығын да сездіргендей; шашын дөңгелете қырықтырыпты; үстінде жыртық жарғақ, бұтында татар шалбары бар. Мен оған бір кесе шай ұсындым; ол тыжырыңқыранып қалды.

— Мәртебелі мырзам, кеңшілік етіңіз; мүмкін болса маған бір стакан шарап алдырыңыз; шай казактар үшін қолайсыз сусын.

Ләм демей тілегін орындадым. Қожайын өреге қойылған бөтелкесінен бір стакан шарапты толтырды да, оның қасына барды:

— Еһе, - деді бетіне қарап, - тағы соқтың ба біздің аймаққа! Қай жерден қайтарды құдайым?

Бастаушым сын сездіргендей көзін қысып қалды да мәтелдей жауап қайтарды:

— Аралап бақша егісін, шұқып едім жемісін; кемпір әжем тас атты, тигізе алмай бос атты. Ал өздерінде қалай?

— Бізде не қалай болсын! - деді қожайын да жұмбақтай сөйлесе беріп, - Поп қатыны жақтырмапты, құптанға қоңырау қақтырмапты; поп қонаққа барыпты, шіркеуді шайтандар алыпты.

— Доғар, аға!- деді қыдырмашым, одан әрі сөйлетпей, - жаңбыр жақсы жауса, шырақ, сонда өседі саңырауқұлақ; тек жалғыз-ақ өссін деңіз, ыдыс үшін қам жемеңіз; ал енді (осы арада көзін тағы бір қысып қалды) балтаңды тық артыңа: орманшы жүр осы маңда. Құрметтім! Сіздің саулығыңызға! - осыны айтып, ол стаканды ыңғайлап, шоқынып алды да бір қылғытудан қалдырмай жұтып жіберді; одан соң маған иіліп ізет көрсетіп, қайтадан жоғарыға, өз орнына көтерілді.

Мен мына сөйленген ұрлық сөздерден түк те түсінген жоқпын; бірақ, кейін аңғарсам, әңгіме 1772 жылғы сол кезде ғана күшпен басылған Жайық әскерінің лаңы туралы екен. Бұл әңгімелерді Савельич те аса наразы болып отырып тыңдады. Ол біресе қожайынға, біресе бастаушыға күдіктене қарап отырды. Бұл керуен сарай жолдан қашық, елден шет, айдалада болғандықтан, тұрған жерінің өзі қарақшылар ордасына қатты ұқсас екен. Бірақ, енді басқа лаж жоқ. Мұнда тоқтамай, ары жүріп кетуге де мүмкін емес. Мен Савельичтің тыпыршығанын тамашалап отырдым. Осылай болса да түнеп шығу әрекетімен мен сәкінің үстіне төсегімді жайып жайғаса бастадым. Савельич пештің үстіне орналасты; қожайын еденге жатты. Көп ұзамай төңірегім түгел қорылға басты. Мен де өлген кісідей қатып қаппын.

Ертеңіне ұзақ ұйықтап, кеш ояндым. Күн жарқырап тұр. Шетсіз, шексіз даланы көмген аппақ қар күн нұрымен ойнап сәуле атып, көз бақтырар емес. Аттар жетіліпті. Қожайынның түнеткен ақысын арзан алғаны сонша, әншейінде саудасыз, егессіз айрылыспайтын Савельич те сөзге келмей есеп айырды, түндегі басына ұялаған күдіктері де ұмытқа айналған түрі бар. Мен жол бастаушыны шақырып алып, көрсеткен көмектері үшін алдаразы болсын айттым. Савельичке арақ алуына жарты сом беруге қостым. Шалым тағы тырысып қалды.

— Арақ үшін жарты сом! - деді Савельич, жақтырмай қайталап. — Ол ненің ақысы? Күймеңе мінгізіп керуен сарайға жеткізгенің үшін бе? Ерік өзіңде, қарашығым, менің басы артық сомым жоқ. Көрінгенге арақ пұл бере берсең, көп ұзамай өзің ашығарсың.

Өз уәдем бойынша ақша билігі тұтас Савельичке өткендіктен, мен онымен таласпадым. Пәледен құтқармаса да іледен құтқарған адамның еңбегін өтей алмау маған да ұят еді.

— Дұрыс, - дедім түсімді бұзбай, — ақшаны аясаң менің киімдерімнің бірін қи. Үсті өте жеңіл екен, тым болмаса қоян ішігімді бер.

— Атама, көкем Петр Андреевич! — Савельич тағы шыр ете түсті. — Қоян ішіктің оған қанша керегі бар? Бұл оңбаған ит бірінші кездескен қабақта араққа сатып жібереді.

— Ішемін бе, жоқ па, оның қайғысы саған түспесін, қариям, шығынан ішігін шешіп берем десе, ол жас мырзаның өз еркі, ал сенің шаруаң босқа қырыстанбай, әмірін орындау болу керек,— деді мекенсіз жолаушы.

— Құдайдан да қорықпайды екенсің, қарақшы! - деді Савельич, зығыры қайнап; — Саған ақыл тоқтатпаған жастың ақпейілділігін пайдалану, артық аспабын қағып қалу ғана керек қой. Әйтпесе, алпамсадай бойыңмен иығыңа батпайтын мырза ішігін қайтпексің?

— Ақылыңды қой, дереу ішікті әкел, - дедім Савельичке.

— О, жасаған! - деді Савельич күңірене сөйлеп: - жап-жаңа қоян ішік! Қайдағы бір маскүнем бұзыққа берілмей, басқа біреуге берілсе де бір сәрі-ау!

Әйтсе де ішік келтірілді. Мұжығым табанда бойына өлшеп көрді. Айтып-айтпай-ақ, өсе келе өзіме де кішірейіп қалған ішік оған да біраз тар соқты. Бірақ ол енді қолынан шығарғысы келмегендей, тігістерінің бой-бойымен қақырағанына қарамай, амалдап үстіне киіп алды. Бығырлай үзілген тігіс жіптерінің үніне қосыла Савельич жылап жібере жаздады. Мекенсіз жортуылшы жан тартқан сыйыма әбден риза болды білем, мені күймеге дейін ертіп барып, иіліп тәжім етіп тұрып, мынаны айтты:

— Сыйыңа рақмет, құрметтім! Менен қайтпаса құдайдан қайтсын. Бұл рақымыңызды өмірде ұмытпаспын, - деді.

Ол өз жөніне кетті, Савельичтің тыжырына көңіл аудармай, мен де өз жолыма тарттым. Біраздан кейін кешегі боран, ғайыптан кездескен бастаушым, қоян ішік барлығы да бара-бара түгел есімнен шықты.

Орынборға жетісімен мен тура генералға бардым. Ол ұзын бойлы, қарттық салдарынан әнтек бүкшең тартқан кісі екен Ұзын шаштары әбден ағарып болыпты. Иі түскен ескі мундирі Анна Иоановна заманының жауынгерін сипаттағандай, ал тілі неміс тектес екенін аңғартып тұр. Мен әкелген хатымды тапсырған кезде, әкейдің атын естіп, бетіме бір қарап қалды.

— О, жасаған! - деді генерал көп сөздерге тілі әрең келіп, - кеше ғана Андрей Петровичтің өзі дәл сенің жасымда емес пе ел, бүгін баласының өзі жігіт боп қалған! Ай, шіркін уақыт, жүйрік уақыт!

Ол пакетті ашты, өз тарапынан әкейге деген достық дауларын қоса сөйлей отырып, ақырын ғана хатты оқи бастады: `Мейірімді ұлұғзадамыз Андрей Карлович, сіздің биік мархабатыңызға сеніп, мен...` Бұл қай церемониясы? Фу, ұят екен! Тәртіп бойынша; бірақ ескі досқа да өстіп хат жаза ма екен?.. `Ұлы мархабатың әлі ұмытпаған болар деп сенемін.. `Пәле...`ол кезде... фельдмаршал Мин... марқұммен жорықта... одан басқа Каролинкада...` Жас кездегі тентек қылықтарымызды да ұмытпаған ба қалай? `Енді іске келелік... Мен сізге бетімен өскен баламды жіберіп отырмын...` Ымм... `кірпі қолғаппен ұстау керек...` Мұнысы қандай қолғап?.. Бұл орысша мақал сөз болуы керек... `Кірпі қолғаппен ұстағаны` қалай? - деді маған қарап.

Мен оның сұрағына моп-момын кінәсіз адамдай жауап қайтардым:

— Жақсы қараңыз, қысымға түсірмей, көбірек еркіне жіберіңіз, кірпі қолғаппен ұстаңыз дегені осы шығар.

— Ым, енді түсіндім... `еркіне жіберілмесін..` Жоқ, кірпі қолғап мәні басқаша боп келеді... `Осы пакетпен паспортын да жібердім...` Онысы қайда? А, мұнда екен ғой... `Семенов полкына жіберілмесін...` Жақсы, жақсы: бәрі де істеледі... `Шенім болмаса да өзіңді құшақтауыма рұқсат ет... Ескі досың әм жолдасың...` А! Енді түсіндім... Тағысын-тағылар...

— Я, көкешім, - деді генерал хатты оқып болып, паспортымды былай алып қойды да, -бәрі істеледі: сен полкыңа офицер болып жіберілесің, уақытты бекер өткізбес үшін, ертең ертемен Белогор крепосына жүріп кет, сондағы адал, қайырымды адам Миронов деген капитанның командасында істейсің. Онда сен нағыз әскери қызметте боласың, тәртіпке үйренесің. Орынборда қалудың саған түкке де керегі