Әдебиет
Александр Дюма
Александр Дюма (1802 — 1870) - қызықты романдары арқылы бүкіл әлемге танылған француз жазушысы.
Үш ноян (II)
Үш ноян (I)
I
АҒЫЛШЫНДАР МЕН ФРАНЦУЗДАР
Белгіленген уақытта көңілдес достар төрт дәйекшісін ертіп, Люксембург сарайының сыртындағы қоршаулы бір алаңға келді, бұл арада ешкілер жайылып жүр екен. Атос қойшыға уақ тиын-тебен беріп еді, ол дереу кетіп қалды. Олар дәйекшілерін қарауылға қойды.
Көп ұзамай осы алаңға үн-түнсіз бір топ кісі келіп, ішке кіріп мушкетерлерге қосылды; сосын ағылшынның әдет-ғұрпы бойынша, өзара таныса бастады.
Асыл текті ағылшындар өз дұшпандарының есімдерін естігенде елең-елең етісіп, таңырқап қана қоймай, бір түрлі секемденіп, үркіп қалғандай да болды.
— Бұдан біз ештеңеге түсінбедік — деді лорд Винтер, үш дос аттарын айтқаннан кейін — Біз әлі сіздердің кім екендеріңізді білмейміз, аты келіспеген кісілермен сайысқымыз да келмейді. Бұларыңыз бір өңкей қойшы-қолаңның аты ғой.
— Өзіңіз де сезіп тұрған шығарсыз, милорд, бұл — ойдан шығарылған лақап аттар, — деді Атос.
— Ал, ендеше біз сіздердің шын аттарыңызды білгіміз келеді, — деді ағылшын.
— Бірақ сіз біздің аты-жөнімізді білмей-ақ құмар ойнадыңыз ғой және астымыздағы екі атымызға дейін ұтып алдыңыз, — деді Атос.
— Сіз дұрыс айтасыз, бірақ біз ана жолы тек ақшамызды ғана бәске тіксек, енді басымызды бәйгеге тіккелі отырмыз; біз кім көрінгенмен ойнай береміз, ал, сайысқанда — тек терезесі тең кісілермен ғана сайысамыз.
— Мына сөзіңіз әділ екен, — деді Атос, сосын өзімен жекпе-жекке шығатын ағылшынды оңаша шақырып алып, сыбырлап атын айтты.
Портос пен Арамис те аты-жөндерін айтты.
— Қалай, көңіліңіз көншіді ме, енді мені шпага айқастыруға жарайтын асыл текті кісі деп құрмет көрсете аласыз ба? — деді Атос дұшпанына.
— Ия, сударь, — деді ағылшын иіліп ізет көрсетіп.
— Жарайды! Ал, енді мен сіздерге бір сыр айтқым келеді, — деді Атос суық қабақ танытып.
— Ол нендей сыр? — деді ағылшын таңырқап.
— Сіздің менен шын есімімді сұрамағаныңыз жөн еді.
— Неге?
— Неге дейсіз бе, олай дейтінім: жұрт мені өлдіге есептеп жүр; олай дейтінім: тірі екенімді ешкім білмесе екен деуіме дәлелді себебім бар; енді осы бір құпия сырым елге тарап кетпес үшін мен сізді амалсыздан өлтіруім керек.
Осынын өзі ойнап тұрған жоқ па екен деп, ағылшын Атосқа байыптап қарап еді, жігіттің ондай сыңайы байқалмады.
— Мырзалар, бәріңіз де дайынсыз ба? — деді Атос достары мен дұшпандарына алма-кезек қарап.
— Иә, — десті ағылшындар мен француздар қосарланып.
— Ендеше, басталық!
Со замат батып бара жатқан күн шапағына шағылысып, сегіз шпага бірден жарқ-жұрқ етті: әуелден бір-бірін қанқұйлы жау санайтын бұлардың сайысы күрт басталып кетті.
Сайыстың жаттығу залында жүргендей-ақ, Атос аспай-саспай, сабырмен, салмақпен, абайлай айқасып жүрді.
Шантильидегі шырғалаңнан аузы күйіп қалған Портос, бұрынғыдай өңмендеп тапырақтамай, сайыс кезінде аяғын андап басып, әдіс-айланы көп қолданды.
Ал, Арамис болса, өз поэмасының үшінші жырын аяқтауға тиісті, сол себепті де шаруасын тезірек бітіруге тырысты.
Атос дұшпанын бірінші болып өлтірді; бұл оны бір-ақ рет түйреген екен, бірақ әлгіде ғана ескерткеніндей, сол түйреу ажал болып жабысыпты, шпага жүректі тесіп өтіпті.
Бұдан кейін Портос дұшпанын жер жастандырды: ол ағылшынның жамбасын түйреп өтсе керек. Одан әрі қарсыласар қауқары қалмағасын ағылшын шпагасын дұшпанына бере салды, сол-ақ екен, Портос оны көтеріп, күймеге апарып жатқызды.
Арамистің дұшпанын қатты тықсырып есін алғаны сондай, елу қадамдай шегініп барғасын, ол алды-артына қарамай далақтап қаша жөнелді, сөйтіп ол малай біткеннің мазағына қалды.
Ал, енді д`Артаньянға келетін болсақ, жайбарақат, көп жанықпай, шебер қорғануға кірісті; ақырында дұшпанын діңкелетіп барып, қолындағы шпагасын қағып түсірді. Қарусыз қалған барон бір-екі басып кейін шегіне берем дегенде, тайғанақтап шалқасынан құлап түсті.
Д`Артаньян бір аттап дұшпанының қасына барып, тамағына шпагасын тақай қойды.
— Мен сізді өлтіре салар едім, сударь, өйткені жаныңыз қолымда тұр, бірақ қарындасыңызға бола сізге тірлікті қайта тарту етейін, — деді ол ағылшынға.
Д`Артаньянның төбесі көкке жеткендей болды: ол ойына алған жоспарын орындады, осыдан бірнеше сағат бұрын бір сәтті ойы басына түскенде ол кәдімгідей қуанып қалған еді.
Осындай көнтерлі, көнбіс жігітке тап болғанына разы болған ағылшын д`Артаньянды құшырлана құшақтап, үш мушкетерге мың сан алғыс айтты; Портостың жаралы дұшпаны күймеге салынып, ал, Арамистің жауы қашып кеткеннен кейін, бұлар өлі кісіні айналдырып көре бастады.
Жарасы ауыр болғанмен әлі тірі шығар деген үмітпен Портос пен Арамис оны шешіндіріп көре берді; сол мезетте оның белдігі ақшаға толы әмияны түсіп қалды: Д`Артаньян оны алып, лорд Винтерге ұсынды.
— Мен оны қайтемін, шайтан алғырды? — деді ағылшын.
— Өлген кісінің үй-ішіне қайтарып берерсіз, — деп жауап қатты д`Артаньян.
— Оның үйі осындай тиын-тебенге қарап отыр дейсіз бе! Семьясына мұра ретінде он бес мың луидор рента қалады. Бұл әмиянды дәйекшілеріңізге берерсіз.
Д`Артаньян әмиянды қалтасына сала салды.
— Ал, енді, жас досым, өзіңізді дос деуіме рұқсат етесіз ғой деп ойлаймын — егер қаласаңыз, бүгін кешке мен сізді қарындасым леди Кларикпен таныстырайын, — деді лорд Винтер. — Менің сізге оң қабақ танытып, жақын тартқанын қалар едім, өйткені король сарайында әжептәуір беделі бар әйелдің сізді жақтай айтқан бір ауыз сөзі қадеңізге жарар.
Д`Артаньян бұған мәз болып қызарып кетті де, өз көңілі де соны қалайтынын білдіріп, тәжім етті.
Сол мезетте д`Артаньянның қасына Атос келді.
— Әлгі әмиянды қайтесіз? — деді ол жігітке сыбырлап.
— Оны сізге берейін деп едім, инабатты Атос.
— Маған ба? Не себептен?
— Өйткені әмиянның иесін өлтірген сізсіз. Ол — жеңген кісінің олжасы.
— Сонда жаудың мұрагері болмақпын ба! Сіз мені кім деп жүрсіз осы?
— Соғыс салты солай. Сондай салт жекпе-жек сайыста неге болмасқа? — деді д`Артаньян сабырмен.
— Мен тіпті айқас аланында да сол салтты сақтап көрген емеспін, — деп жауап қатты Атос бұған.
Портос иығын қушитты да қойды. Арамис Атосты қостап, жымиып езу тартты.
— Олай болса, бұл ақшаны лорд Винтер айтқандай, дәйекшілерге берейік, — деді д`Артаньян.
— Мақұл, дәйекшілерге берсек — берелік, — деп Атос онымен келісе кетті, — бірақ біздікіне емес, ағылшындардың дәйекшілеріне берелік.
Атос әмиянды алып, лордтың көшіріне тастады:
— Серіктеріңізбен бөлісіп аларсыз!
Қалтасында көк тиыны жоқ кісінің тап осындай мәрттігіне тіпті
Портостың өзі қайран қалды, кейін, лорд Винтер мен оның досы жүрген жерлерінде француздың керемет жомарттығы жәйлі сөз қозғағанда, бұған таң қалып, таңдай қақпаған жан болмады, әрине, олардың қатарына Гримо, Мушкетон, Планше мен Базен мырзаларды қосуға болмас еді.
Д`Артаньянмен қоштасып жатып лорд Винтер оған қарындасының адресін айтты; ол Король алаңында, сол кезде мода болған кварталда, алтыншы үйде тұрады екен. Жас жігітті таныстыру үшін оны лордтың өзі ертіп апармақ болды. Д`Артаньян онымен сағат сегізде Атостың үйінде кездеспек болып сөз байласты.
Миледиге бармақ болған сапары біздің жас гасконды қатты толқытты. Ол осы уақытқа дейін сол бір әйелдің өзінің тағдыр-талайында бір түрлі түсініксіз роль атқарып келгенін есіне алды. Жігіт кардиналдың көп тыңшыларының бірі сол әйел екенін білетін, бірақ соған қарамастан, есіл дерті, ынтызары сол әйелде, шамасы, бұл кісінің өзі де біле бермейтін ғажайып бір сезім болса керекті. Оның қауіптенетін бір-ақ жері — миледи мұның Менгпен Дуврде кездескен кісі екенін біліп қоя ма деп қорқады. Онда әйел жігіттің де Тревиль мырзаның досы екенін, демек, жан-тәнімен корольді жақтайтынын бірден біледі, әрине, бұл жәйт оның әйел алдындағы беделін біраз түсіреді, ал, тап қазір бұл миледи қай дәрежеде білсе, ол да мұны сол дәрежеде біледі, аңдыса қалса, екеуінің шама-шарқы бірдей болмақ. Ал, миледи мен граф де Бард арасында басталған ғашықтық шырғалаңына келсек, граф қанша жас жігіт болғанына, дәулетті, бай болғанына, тіпті оны кардиналдың жақсы көретініне қарамастан, өp көкірек жігітіміз бұған онша қиналып жатпады. Егер сіз Тарбада туған болсаңыз, жиырма жас дегеннің жөні бөлек қой.
Ең әуелі д`Артаньян үйіне қайтып келіп, киім-кешегін, үсті-басын мұқият тазалатып, сыланып-сипанды; сосын ол Атосқа қайта келіп, үйреншікті әдеті бойынша, оған күллі жай-жағдайды толық баяндап берді. Атос оның ойына алған ісін зейінмен тыңдағаннан кейін, біраз басын шайқап отырды да, абай боларсың деп күрсіне кеңес берді.
— Бұныңыз не! — деді ол — Сіз осы жуырда ғана бір әйелден айрылып қалдыңыз, өзіңіздің сөзіңізге қарағанда, ол бір әсем, мейірбан, ғазиз жан болса керек-ті, енді, міне, көзсіз көбелектей басқа әйелдің ізіне түскеніңіз қалай?
Д`Артаньян кінәлай айтылған бұл сөздің әділ екенін біледі.
— Бонасье бикені мен жан-жүрегіммен сүйген едім, ал, миледиді ақылыммен сүйемін. Мен оның үйіне барғым келетін басты себеп — сол әйелдің сарай төңірегінде қандай роль атқаратынын анықтау.
— Қандай роль! Сіздің айтқан сөздеріңізге қарағанда, оны білу қиын емес тәрізді. Ол — кардиналдың жасырын тыңшысы, ол әйел сізді алдап-арбап, торға апарып түсіреді де, сосын басыңыздан айрыласыз, шаруаңыз бітті деген сол-дағы.
Һім... Сүйікті Атос, сіз қараспанды төндіріп, дүниенің бәрін тұнжыратып жібересіз.
— Сөйтпегенде, қайтемін, қымбаттым, мен әйел атаулыға сенбейтін жанмын, оған дәлелді себептерім де бар, әсіресе ақсары әйелдерге сенбеймін. Сіз, шамасы, маған миледи — ақсары әйел деп айттыңыз ғой деймін?
— Оның алтын шашына тең келетін шашты өмірде көрген емеспін.
Байғұс д`Артаньян! — деді Атос күрсініп.
— Егер сенсеңіз, мен соның мән-жағдайын білейін деп едім. Өзіме қажетті нәрсені білгеннен кейін жөнімді табамын ғой.
— Қайтейін, өзіңіз біліңіз, — деді Атос енжар кейіппен.
Лорд Винтер тиісті уақытында келді, бірақ ертерек ескертіліп қойған Атос, ол келмей тұрғанда басқа бөлмеге кіріп кеткен. Ағылшын д`Артаньянның жалғыз отырған үстіне келді, келісімен оны асығыс ертіп әкетті, өйткені сағат сегізге жақындап қалған еді.
Төменде сүліктей қос ат жегілген әсем күйме күтіп тұр екен, жас жігіттер көзді ашып-жұмғанша заулатып отырып, Король аланына келіп жетті.
Леди Кларик д`Артаньянды сабырмен қарсы алды. Оның осынау үйі бай жиһазды екен; ағылшындардың көпшілігі соғыс айдап, Франциядан кетіп қалса да, немесе кеткелі жатса да, миледи үйін оңдап жөндеуге қыруар қаржы жұмсапты, соған қарағанда, ағылшындарды елден аластау жөніндегі жалпы нұсқау оған салқынын тигізбесе керек.
— Сіздің алдыңызда тұрған жас дворянин, — деді лорд Винтер д`Артаньянды қарындасымен таныстырып жатып, — менің өмірімді өз қолында ұстап тұрып, біз қанша бітіспес жау болсақ та, олай дейтінім, әуелі мұның намысына тиген менмін және мен — ағылшынмын ғой, бірақ соған қарамастан бұл сол артықшылығын іс жүзіне асырмады. Егер сіз мені зәредей жақсы көретін болсаңыз, сударыня, бұл жігітке алғыс айтыңыз!
Миледи сәл ғана қабақ шытып, ақ жүзін болар-болмас бір кірбең шалып өткендей болды, ал, ерніне бір оқыс жылусыз күлкі үйірілді, әйелдің бет құбылысын бақылап тұрған д`Артаньян мұны көргенде еркінен тыс селк ете түсті.
Ағасы ештеңені де байқамады: ол со сәтте мұны қамзолынан тартқан, миледидің жанындай жақсы көретін маймылын еркелете сипау үшін артына бұрылған еді.
— Хош келіпсіз, сударь! — деді миледи, бір жанға жайлы жұмсақ үнмен, оның даусы келіншектің д`Артаньян жаңа ғана өз көзімен көрген көңілсіз күйімен мүлде үйлеспей жатқан-ды. — Сіз бүгін менің құрметіме мәңгі-бақи ие болдыңыз.
Сол арада ағылшын бұларға қайта бұрылып қарап, әлгі бір жекпе-жек сайын тәптіштеп, егжей-тегжейлі сөз ете бастады. Миледи оны мейлінше зейін қойып тыңдады, іштегі сезім-түйсігін қанша білдірмеймін десе де, бұл әңгіменің келіншекке түрпідей тиіп тұрғанын оп-оңай-ақ аңғаруға болатын еді, Ол бірде қызарып, бірде бозарып, шыдамы таусылғандай кіп-кішкентай аяғымен еденді тықылдата тепсініп тұрды.
Лорд Винтер мұның бірін де байқамады. Әңгімесін бітіргеннен кейін ол подноста испан шарабы құйылған шыны мен стакандар тұрған стол басына барды. Екі стаканға шарап құйып, д`Артаньянға ішіңіз деп ишарат етті.
Д`Артаньян ағылшынның денсаулығына ішуден бас тартса оны өлердей өкпелететінін жақсы білетін. Сол себепті де стол қасына келіп, қолына екінші стаканды алды. Бірақ ол миледиді көзінен таса қалдырмады, шар айнадан оның өңі өзгеріп сала бергенін байқады.
Енді өзіне ешкім қарап тұрған жоқ деп ойлағаннан ба, әйтеуір әйелдің бет-аузы жыртқышқа тән кейіп тауып, ырсиып кеткен. Ол долданып орамалын тістелейді. Сол мезетте әп-әсем кәнизак қыз келіп кірді, д`Артаньян оны бұрынырақ көрген; ол лорд Винтерге ағылшынша бірдеңелерді айтып еді, анау бір тығыз шаруамен кетуім керек еді деп д`Артаньяннан рұқсат сұрады және мен үшін қонақтан кешірім сұраңыз деп қарындасына тапсырма беріп жатты.
Д`Артаньян онымен қол алысып қоштасып, миледидің қасына қайтып келді. Әйел жүзі кісі таң қаларлықтай болып дереу жадырап сала берді, бірақ орамалына жұққан қызыл тамшыға қарағанда ернін тістелеп, қанатып тастаған сияқты.
Келіншектің шырын ерні гүл күлтесіндей қып-қызыл еді.
Әңгіме жанданып сала берді. Миледи әбден сабасына түскен тәрізді. Ол д`Артаньянға лорд Винтер мұның ағасы емес, күйеуінің інісі ғана екенін айтты: миледи сол семьяның үлкен ұлына тұрмысқа шығады, күйеуі қайтыс болғасын келіншек сәбиімен жалғыз қалады, егер лорд Винтер үйленбесе, сол бала лордтың бірден-бір мұрагері болып қалмақ. Осының бәрінен д`Артаньян бұларда бір бүркеулі перде барын, сол перде ішінде құпия сыр жатқанын аңғарды, бірақ сол пердені бұл әлі ысырып, аша алмай жүр.
Жарты сағат сөйлескеннен кейін миледидің өзімен отандас екеніне Д`Артаньянның ақиқат кезі жетті: оның французша мейлінше еркін және ақаусыз әдемі сөйлейтіні сонша, оған тіпті зәредей де күмән келтіруге болмас еді.
Д`Артаньян келіншекке шын ықыласымен құлай берілгенін білдіріп, оны еркелете дәріптеп, көп-көп жылы сөздер айтты. Біздің гаскон жігітіміздің судыраған сылдыр сөзін тыңдағанда, миледи оған оң қабағын беріп, жымия күліп отырды. Ақырында кететін де уақыт жетті. Д`Артаньян қош айтысып, қонақжайдан шыққанда екі аяқты, жұмыр басты пенденің ішіндегі ең бақыттысы болып шыққан еді.
Басқыш үстінде оған әп-әсем кәнизак қыз жолықты. Өтіп бара жатып ол мұны жәйімен қағып кетті де, қып-қызыл болып ұялып, аса бір нәзік үнмен жігіттен кешірім сұрады, әрине, оның бұл әбестігін жігіт табанда кешірді.
Келесі күні д`Артаньян бұл үйге тағы келді, келіншек оны кешегіден де жылы қабылдады. Бұ жолы лорд Винтер жоқ екен, кеш бойы қонағының көңілін миледидің бір өзі аулады. Ол шамасы жас жігіттің жай-күйін білуге ынтызар болса керек, оның шыққан тегін, дос-жарандарының кім екенін, кардиналға қызмет ету бұрын ойыңызда болған жоқ па еді деп тәптіштеп сұрап алды.
Жиырма жаста ғана болса да, жігітіміздің аса сақ жүретіні бәрімізге аян ғой, міне, тап осы араға келгенде д`Артаньян өзінің миледиге күмәндана қарайтынын есіне алды; ол әйел алдында жоғары мәртебелі тақсырды келістіре мақтап, егер мен де Кавуа мырзаны, де Тревиль мырза сияқты, жақсы білген болсам, онда сөзсіз корольдің гвардиясына емес, кардиналдың гвардиясына түсер едім дегенді айтты.
Миледи жайбарақат отырып әңгіме желісін басқа жаққа аударып жіберді де, аса бір самарқау үнмен д`Артаньяннан: сіз бұрын Англияда болып па едіңіз, — деп сұрады.
Д`Артаньян: де Тревиль мырзаның тапсырмасымен ат сатып үшін со жаққа барғаным рас және осында көрсету үшін өзіммен біpге төрт атты ала келдім, деп жауап берді.
Сөйлесіп отырғанда миледи екі рет пе, әлде үш рет пе, ернін тістеп алды: мына гасконның бір әккілікпен келіп отырғаны анық-ты.
Дәл кешегі уақытында д`Артаньян кетіп қалды. Дәлізде оған тағы да әдемі, әсем Кэтти — кәнизакты осылай атайтын — кездесе кетті. Қыздың бұған қиыла қарағаны сондай, оны елемеу тіпті де мүмкін емес-ті, бірақ д`Артаньян кәнизактың билеуші ханшасына ынтық болып жүргесін, соның өзі болмаса, басқа әйелге назар аудармайтын.
Д`Артаньян миледиге келесі күні де, одан кейінгі екінші, үшінші күндері де келді, әр келген сайын кешқұрым миледи оны жадырай, қуана қарсы алатын болды.
Әр кеш сайын — бірде дәлізде, бірде ауызғы бөлмеде, енді бірде басқыш үстінде д`Артаньян мен әсем кәнизак кездесіп қалып жүрді.
Бірақ, біз жоғарыда айтқанымыздай, д`Артаньян сорлы Кэттидің бұл ықыласына тіпті назар аудармады.
II
ПРОКУРОРДЫҢ ҮЙІНДЕГІ ТҮСКІ AC
Әлхисса, ағылшындармен жекпе-жек сайыста Портос жарқырап көзге түссе де, ол прокуроршаның үйіндегі түскі асқа шақырылғанын ұмытпады. Келесі күні сағат он екіден өте берген шақта Мушкетон қожасының киімін тазалап бітірді, содан кейін Портос төрт құбыласы түгел кісі сияқты маңғазданып, Аюлы көшесіне қарай аяңдады.
Портостың жүрегі де лүпілдей соғады, бірақ шыдамсыз, жас махаббат қуған Д`Артаньянның жүрегіне қайдан жетсін! Жоқ, оның бойын қыздырған махаббат емес, басқа жәйт — қара басының қамы еді: енді ол ақырында со бір кілтипанды табалдырықтан аттайды, сол бір белгісіз басқышпен жоғары көтеріледі, мәтр Кокнардың, ескі экюлері осымен біртіндеп көтеріліп, көбейіп жатқан құтты басқыш қой ол.
Ақырында ол қиялмен көз алдына он сан рет елестеткен көкейкесті сандықты, қақпағы аспалы құлыппен бекітілген ұзын да терең сандықты, сыртын тот басып, еденге әбден жабысып қалған, сол туралы талай хикая естіген ескі сандықты енді өз көзімен көрді, тап сол сандықты прокурорша сәл ғана тарамыстанып, қатыңқырап кетсе де, әлі әсем сәнін жоғалтпаған кішкентай қолымен бұған ашып көрсетеді ғой.
Мұның үстіне өзі сияқты үй-күйі жоқ кезбе, қатын-баласыз, бақ-дәулетсіз кісі, мейманжайлар мен шайханаларға, асханалар мен шарапханаларға үйреніп қалған солдат, лаждың жоқтығынан қолына түскен кездейсоқ тағамды қанағат тұтқаны болмаса, тоя тамақ ішуді жақсы көретін жазған басы, міне, енді ақырында от басы, ошақ қасында отырып ауқаттанатын болды, үй ішінің жанға-жайлы, тату-тәтті тірлігінен рахат-ләззат табатын болды, бибінің уақ-түйек қамқорлығына мойынсұнып қабылдайтын болды, кәрі тарландардың айтуынша, сондай қамқорлық таршылық-торапты көп көрген кісінің жанына майдай жағады дейді ғой.
Сол үйге күзен ретінде келіп, күн сайын бай дастарқан басында отыру, кәрі прокурордың тиқы маңдайының әжімдерін сипап, темірқанат жас хатшыларды бассеттің, гальбик пен ландскнехттің небір нәзік әдіс-айлаларына үйретіп, аздап жүндеп алу яғни бір сағаттық сабағының ақысына ай бойы жиған-тергенін сыпыра қағу — міне осының бәрі Портосқа қатты ұнайды.
Рас, мушкетер прокурорлар жайлы сол заманда елге тарап кеткен және кейінгі жұртқа да жеткен жаман қауесетті, олардың қазымырлығы, сараңдығы, кессе қан шықпас метіндігі жайлы қауесетті есіне алды. Бірақ үнемшілдіктің азды-көпті ұстамалы ауруы болмаса (Портос оны прокуроршасына жараспайтын әбес қылық, деп есептейтін), әдетте ол кеңпейіл, жомарт әйелді, әрине прокуроршаның бойына шақтап айтқанда ғой — соған қарап ол бұл бибінің үйін ағыл-тегіл берекелі үй деп ойлаған.
Дегенмен есік алдына келгенде мушкетердің көңіліне болар болмас бір күдік келіп кіргендей болды. Үйдің кіре берісі сиықсыз дау екен: лас та сасық дәліз, күңгірт басқыш, оның торкөз терезесі арқылы көрші ауладан көмескі жарық түсіп тұр; екінші қабатта шағын есік сырты, тап бір Гран-Шатле түрмесінің бас қақпасы сияқты, сояудай-сояудай шегелермен кестелене қағылыпты.
Портос есік қақты. Өңі боп-боз, шөмеле шашы қобырап жүзін жапқан, ұзын бойлы хатшы келіп есік ашты, иіліп ізет көрсеткеніне қарағанда, ол күш-қайраттың иесі болып табылатын еңселі кісі қоғамда тиянақты орны бар адам ғана киетін әскери мундирді молшылыққа әбден дағдыланып қалған кескін-кейпі келісті кісіні үйренген сияқты.
Соңынан одан гөрі аласалау екінші хатшы көрінді; сәл қалқыңқылау үшінші хатшы екіншісінің соңынан; он екілер шамасындағы жеткіншек үшінші хатшының соңынан сығалады.
Үш жарым хатшы — сол кездің өлшем-мөлшеріне жүгінсек, бұл кеңсеге істі болып қыруар жұрт келетінін хабарлап тұрғандай еді.
Сонымен мейман есік алдына жақындай бергенде Кокнар бәйбіше де басқыш алаңына шыға келді, салиқалы бәйбішенің сыртқа шыққаны мушкетерді бір қиын жағдайдан сақтап қалды. Хатшылар оған қуақылана көз тастап самсап тұрғаннан кейін, осы бір ұзынды-қысқалы жүгермектерге не дерін білмей, жігіт аңырып қалған болатын.
— Бұл менің жиенім! — деді прокурорша дауыстап, — кіріңіз, кіріңізші, Портос мырза!
Портостың есімі хатшыларға кәдімгідей әсер етті де, олар жамырай күліп жіберді, бірақ Портос айбарлана бір қарағанда, олар жым болып, тымырайып тұрып қалысты.
Прокурордың кабинетіне бару үшін, әуелі хатшылар тұрған ауызғы бөлмеден хатшылар отыратын кеңсені — хат-қағаз көмген ғұнжыр бөлмені басып өту керек-ті. Кеңседен шыққасын ас үйді ен жағында қалдырып, мейман мен бәйбіше прокурордың қабылдау бөлмесінен келіп шықты.
Бірімен-бірі өзара жалғасып жатқан осынау бөлмелер Портосты бір мазасыз ойға салды. Ашық есіктерден сыбырлаған әрбір сөз естіледі екен; бұған қоса, асхана жаққа жіті көзбен бір қарағаннан-ақ мушкетер, прокурорша қатты ұялатын, өзі қатты қынжылатын ақиқат бір шындықты байқап қалды: қарынның қамын жейтін (мынау имаратта, әдетте, берекелі түскі тағам алдында болатын заулаған от, абыр-сабыр жұрт, ас әбігері сияқты қимыл-әрекет мүлде жоқ екен.
Прокурор, шамасы, күні бұрын ескертіліп қойса керек, өйткені Портос келгенде ол бұған назар аудармады да, мушкетер кердеңдей басып келіп, шалға сыпайы сәлем берді.
Біз сізбенен туысқанбыз ба, қалай, Портос мырза? — деді прокурор, қамыстан тоқылған креслосының жақтауына сүйеніп, орнынан сәл ғана көтеріле түсіп.
Ол әбден шандырланып қатып қалған өлмелі шал екен, оның үстіне оранып алған қолпылдаған кең қара қамзолы шалдың әлжуаз денесін мүлде жасырып тастапты; оның жыртиған сұрқай көздері асыл тас сияқты жылт-жылт етеді, шалдың бет-жүзінде осы жылтылдаған көзі мен жыбырлаған ерні болмаса, басқа тірлік нышаны білінбейді. Қырсық байлағанда, оның аяғы осынау бір қап сүйектің ырқына көнбейді екен, міне, ауруы мендеген бес-алты айдан бері қадірменді прокурор, шынтуайттап келгенде, әйелінің құлақ кесті құлына айналған екен.
Жиен жігіт бірден ың-шыңсыз қабылданды, Егер мешел болып қалмаса, мэтр Кокнар Портос мырзаның аяқ астынан туысқан бола қалғысы келген ниетін тіпті қабылдамай тастар еді.
— Ия, сударь, біз туысқанбыз, — деді Портос ұялмай-қызармай, обалына не керек, көңілдесінің күйеуі өзін қуана қарсы алады екен деп ол ешқашанда ойламаған еді.
— Шамасы, әйел жағынан туыс болармыз? — деп сұрады прокурор кекетіп.
Портос оның кекеткенін қапелімде ұқпай қалды да, бір аңқау сорлысың ғой деп, қою мұртының астынан мырс етіп қоя салды. Аңқау прокурор тірлікте сирек кездесетін құбылыс екенін кәміл білетін Кокнар бәйбіше сәл ғана жымиып, қызарып кетті.
Портос келгелі бері мэтр Кокнар өзінің емен столына қарама-қарсы тұрған үлкен шкафқа қайта-қайта мазасызданып қарай бастады. Портос осы шкафтың түр-пішіні басқа болса да, ой-қиялымен талай рет құныға есіне алған сандық екенін бірден біле қойды, сосын қолма-қол ақиқат шындықтың ойындағы арманынан алты футтай биік болып шыққаны үшін, өзін іштей бір құттықтай қойды.
Мэтр Кокнар мейманның ата тегін шұқылап, көп сұрап жатпай, тынымсыз ұры көзін шкафтан Портосқа қарай ауыстырды да:
— Жорық жолына аттанбай тұрғанда біздің жиеніміз туысқандарымен бір рет те болса бірге отырып ауқаттану құрметіне бізді ие ететін шығар. Солай ма, Кокнар бәйбіше? — деді ол жәйімен.
Осы жолы соққы мейманның асқазаныңа дәл келіп тиді, Портос кәдімгідей қиналып қалды; шамасы, оны Кокнар бәйбіше де сезіп қалса керек, өйткені әлгі сөзді іліп ала жөнелді:
— Егер біздің дәм-тұзымыз ұнамайтын болса, менің жиенім бізге бұдан былай келмейді, ал, егер ұнай қалса, біз одан қашан жорыққа жүргенше, бос уақытыңды бізге бағышта деп сұраймын: өйткені ол Парижде аз уақыт қана аялдайды да, біздің үйге көп келе алмайды.
— О менің аяғым, сорлы аяғым, қайда жүрсіңдер? — деді Кокнар күбірлеп, сосын жымиып күлмек болды.
Портостың, тамақсау пиғылына қауіп-қатер шындап төнген кезде, сарт етіп келе қалған осынау көмегі үшін мушкетер прокуроршаға ішінен елжірей мың да бір алғыс айтты.
Ұзамай түскі ас сағаты да соқты. Бәрі жамырасып асханаға — ас үйдің қарсысындағы үлкен бөлмеге келді.
Үй ішінен әдетте шыға бермейтін дәмді иісті сезген хатшылар мұнда әскери дәлдікпен сау ете қалды, қолдарына орындықтарын ұстап, ауқатқа төне түскен. Олар тістерін қайрап, піскен асқа бас салғалы тұр.
«Сиықтарыңа болайын! — деп ойлады Портос, үш хатшының ашқарақ түріне қарап, байғұс бала, әрине, дастарқан басына жіберілмеген еді.— Сиықтарын қарашы! Нағашы апамның орнында болсам, мен мынадай обырларды бір күн де ұстамас едім. Бұлардың өзі кемесі суға батып, алты апта бойы нәр татпаған кісілер сияқты ғой» Мэтр Кокнар көрінді; дөңгелекті креслода отырған оны Кокнар бәйбіше әкеле жатыр екен, Портос оған күйеуін стол басына сырғытып әкелуге көмектесті.
Прокурор асханаға кірісімен, хатшылары сияқты, мұның да ауыз жағы мен танауы жыбырлап қоя берді.
Оһо! — деді ол. — Сорпаның иісі қалай аңқиды!
«Осы соққандардың, шайтан алғыр мына сорпаны сонша мақтайтыны қалай?» — деп ойлады Портос, көлкілдеген сұйық сорпаны көріп, теңіздегі аралдар сияқты, әр жерінде қалқып жүрген , тым болмаса, қатқан нанына қоса бетінде жыланғарақ майы болса екен.
Кокнар бәйбіше жымиып күліп иек қағып еді, бәрі асығыс орны-орнына жайғасты.
Асты әуелі мэтр Кокнарға, сосын Портосқа ұсынды; сосын Кокнар бәйбіше сорпаны өз тарелкасына құйды, ал сорпасыз нанды әрең шыдап отырған хатшыларға бөліп берді.
Сол заматта асхананың есігі сықырлап ашыла берді де, есіктің қос қанатының арасынан Портос бала хатшыны көрді, дастарқан басына келе алмағасын ол ас үй мен асхананың дәмді иісіне елітіп, бір жапырақ нанын қажап тұр екен.
Сорпадан кейін күтуші әйел пісірілген тауық әкеліп қойды — бұл бір иен байлық еді, өйткені оны көргенде, сол арада отырған кісілердің көзі бақырайып кетті.
Кокнар бәйбіше, туыстарыңызды жақсы көретініңіз бірден, белгілі болып қалды, — деді прокурор қайғылана езу тартып — Осының бәрі жиеніңіздің арқасында болып жатқанына шүбә бар ма.
Сорлы тауық мейлінше арық екен, оның тулақтай қылтанақты терісін ешбір сүйек тесіп өте алмапты. Кәріліктен жайбарақат: жатып өлу үшін тасадағы ұясына барып жасырынған жерінен ұстап алғанша, осы бір сорлы тауықты көп іздеп, әрең тапқан болу керек.
«Шайтан атсын! — деп ойлады Портос. — Жабығып кеткенімді қарашы! Менің қарияларды құрметтейтінім рас, бірақ оларды пісірілген, қуырылған күйінде құрметтеу қиын екен».
Өзінің пікірін жұрт қолдар ма екен деп, ол айналасына көз тастады. Сөйтсе, бұған керісінше жұрт, өзі жиіркене қараған тауықты, керемет санап, күні бұрын ашқарақ көзімен жеп отыр екен.
Кокнар бәйбіше табақты алдына тартып алды да, тауықтың үлкен қара санының екеуін де оп-оңай бөліп, күйеуінің тәрелкесіне салды, мойыны мен басын кесіп алып, өзіне деп бір шетке қойды, қанатын Портосқа берді, сосын тауықты түгелдей күтуші әйелге берді, сөйтіп мушкетер, отырған жұрттың мінез-құлқына, темпераментіне байланысты түңілістен бет-жүзі қалай құбылатынын көріп үлгірмей жатып, әлгі табақ көзден ғайып болды.
Тауық орнына стол үстінде бір аяқ бұршақ пайда болды, нән табақтағы бұршақ үстіне қойдың бірнеше сүйегі салыныпты, сырт, сүйектердің еті бар сияқтанып көрінеді екен.
Бірақ хатшылар бұған алданбады, олардың тұнжыраған жүзінде тағдыр салса — біз көндік» деген бір енжар пішін пайда болды.
Кокнар бәйбіше жақсы бибіге тән ептілікпен бұл тағамды жас жігіттерге бипаздап бөліп берді.
Енді шараптың да кезегі келді. Мэтр Кокнар шап-шағын мәрлен шыныдан жас жігіттің әрқайсысының стаканына үштен біріндей етіп шарап құйды, өзіне де сол шамалы құйып алды, сосын шыны бір аттап, Портос пен Кокнар бәйбіше отырған жаққа шықты.
Жас жігіттер шараптарының үстіне су құйып толтырып, оның жартысын қағып-қағып тастасты, сосын оған тағы да су құйысты, сөйтіп ас желініп біткенше қолдарындағы қан қызыл шарабының түрі оңып, сарғыш тартқанша олар суды үстемелеп құя берді.
Портос имене отырып, тауықтың қанатын жеді, кенет стол астынан прокуроршаның тізесі тізесіне келіп тигенде селк етіп шошып кетті. Осы үй қасқалдақтың қанындай қастерлеп отырған шараптың бұл да жарты стаканын ішті, со замат оның сезім-түйсі, нәзік жандар азарда-безер болып қашатын, монрейль деген сасық шарап екенін біле қойды.
Мэтр Кокнар мушкетердің су қосылмаған күшті шарапты қағып салғанын көрді де, бір күрсініп қойды.
— Мына бұршақтан жеңіз, жиен, — деді Кокнар бәйбіше бір түрлі барлыққан дауыспен, онысы бұған: «маған сенсеңіз, жемеңіз!» деп айтылғандай болды.
— Аштан қатсам да, мен оны ауызға алмаймын, — деді Портос күбірлеп.
Ал, жұртқа естірте:
— Сізге рахмет, кузина, мен тойдым, — деді ол дауыстап.
Жұрт үндемей қалды. Портос енді не істерін білмеді.
— Аһ, Кокнар бәйбіше, сізге көп рахмет, бүгін бізге нағыз той жасап бердіңіз-ау! Құдайға шүкір, сылқия бір тойдым ғой! — Прокурор бұл сөзін әлденеше рет қайталады.
Түскі ас кезінде мэтр Кокнар бар болғаны бір тәрелке сорпа ішіп, тауықтың қос санымен бір жапырақ еті бар сүйекті ғана кемірді.
Портос: бұл не, мазақ па? — деп қабағын түйіп, мұртын ширата бастап еді, сабыр, батыр, сабыр — дегендей, Кокнар бәйбішенің тізесі мұны бір түртіп қойды.
Ac кезіндегі үзіліс, бәрінің үндемей қалғаны Портосқа мүлде түсініксіз болса да, хатшыларға тікелей төнген қауіп екен: прокурордың, Кокнар бәйбіше жымиып қостаған, әмірлі көзқарасына мойынсұнып, олар стол басынан жайлап тұрып, салфеткаларын асықпай бүктеп, иіліп ізет көрсетіп есікке қарай беттеді.
— Жастар, барыңдар енді, жұмыс істеңдер: жұмыс ас қорытуға пайдалы, — деді прокурор маңызданып.
Хатшылар кетісімен Кокнар бәйбіше орнынан тұрып, буфеттен бір бөлек сыр, айвадан жасалған варенье, өз қолымен пісіріп бал қосқан бадам пирогін алдық.
Мұнша тағамды көргенде мэтр Кокнардың қабағы салынып кетті. Ал осы тағамдарға бір қарап, Портос түстіктен қағылдым-ау деп ернін бір тістеп қойды.
Ол бұршақ салынған дәу табақ әлі тұр ма екен деп стол үстіне көз тастап еді, табақ болмай шықты.
— Ия, бұл нағыз той ғой! — деді дауыстап мэтр Кокнар, креслосында бір қозғалып қойды. — Нағыз той, epulae epubotum. Лукулл Лукуллдің үйінде түстеніп жатыр.
Портос нан мен сырға шарапты қосып, жүрегімді жалғармын деп. Қасында тұрған шыныға қараса, ол босап қалған екен. Кокнар мырза мен бәйбішесі мұны көрмеген болып отыра берді.
«Жақсы, — деп ойлады Портос. — Енді бұны ескеріп жүретін болдым»
Ол бір қасық вареньені аузына салып еді, Кокнар бәйбішенің желіміне тісі жабысып қалды.
«Құрбандық шалынды. Кокнар бәйбішемен бірге күйеуінің шкафына бір түсуден үмітім болмаса, көрер едім бәлем!» — деді өзіне өзі мушкетер.
Мол ауқатқа шаш-етектен бір кенеліп қалған Кокнар мырза енді тыныққысы келгенін сезді. Портос: бұл енді демалуға тап қазір шығар — деп ойлап қалған, бірақ ант атқан прокурор оны тіпті естігісі де келмеді; қиқар шалды кабинетіне апарып тастауға тура келді, ол шкафының қасына жеткенше бажылдады, содан көңілін бір демдеу үшін аяғын сандығының шетіне салғанда барып тынышталды.
Прокурорша Портосты көрші бөлмеге ертіп әкеліп, онымен татуласпақ болды.
— Сіз бізге аптасына үш рет келіп түстеніп тұрыңыз, — деді Кокнар бәйбіше.
— Рахмет, мен өзім өзге біреуге салмақ салғанды жақтырмайтын адаммын. Оның үстіне жорық жабдығын қарастыруым керек.
— Ах.иә, сіз сол бір қараң қалғыр жабдықты реттеуіңіз керек — деді прокурорша налып.
— Амал қанша, жорық жабдығын ойлауым керек! — деді Портос нығырлай сөйлеп.
— Портос мырза, сіздің полкіңізде жорық жабдығы қандай заттардан тұрады?
— О, қыруар заттан құралады! — деді Портос. — Өзіңізге мәлім, Мушкетерлер — ең таңдаулы жауынгерлер, гвардияшылар мен швейцарлықтарға тіпті де қажеті жоқ көптеген заттар оларға өте қажет.
— Сонда қандай заттар? Маған соларды тізіп шығыңызшы.
— Е, оның жалпы сомасы...— деді Портос жекелеп, бөліп айтқаннан гөрі, жалпылап тұтас айтқанды артық санайтынын сездіріп.
Прокурорша дызалақтап сөздің соңын күтті.
— Қанша сом дедіңіз?,, Онша көп емес шығар.., — деді ол безектеп.
Тынысы тарылып бара жатқасын, бәйбіше тоқтай қалды.
— О жоқ, екі жарым мың ливрден артық ақша қажет бола қоймас. Егер үнемшіл болсам, тіпті екі мың ливр де жетеді ғой деп ойлаймын.
— Жасаған-ай, сақтай гөр, екі мың ливр деген не сұмдық. Ол иен дәулет қой! — деді дауыстап прокурорша.
Портостың жақтырмай кіржің еткенін Кокнар бәйбіше байқап қалды.
— Сіздің жорық жабдығыңыз нендей заттардан тұрады дом сұрап жатқаным, — деді бәйбіше өз ойын түсіндіріп, — сауда әлемінде менің туыстарым мен клиенттерім көп-ақ, сол себепті де қажет заттарды сізден гөрі екі есе арзан бағасына түсіретініме кәміл сенемін.
— Ах, солай деңіз! Онда сөз басқа, — деді Портос.
— Әрине, сүйікті мырза! Сонымен, ең әуелі сізге ат керек қой, солай емес пе?
— Ия, ат керек.
— Тамаша! Сізге нағыз қажет жануар менде бар ендеше.
— Солай ма! — деді Портос жадырап. — Демек, аттың шаруасын реттелді делік. Сосын маған толық ер-тұрман керек, оның толып жатқан бөлек-салақтары б