Әдебиет
Александр Дюма
Александр Дюма (1802 — 1870) - қызықты романдары арқылы бүкіл әлемге танылған француз жазушысы.
Үш ноян (I)
АВТОРДЫҢ AЛҒЫ СӨЗІ
Мұнда оқушыларымызға баяндағалы отырған хикая қаһармандары аттарының аяғы «ос» пен «иске» бітсе де, олардың ертегі-аңызға ешбір қатынасы жоқ екені анықталады.
Осыдан бір жылдай бұрын Людовик XIV-нің тарихын жазбақшы болып, король кітапханасын ақтарып жүргенімде, ойда жоқ жерден «Д`Артаньян мырзаның естеліктеріне» тап болдым. Сол дәуір авторларының ақиқат шындықты айтқысы келген көптеген туындылары сияқты, мұны да Амстердамдағы Пьер Руж баспасынан шығарыпты, әйтпесе, авторы аз ба, көп пе, Бастилия түрмесіне әйтеуір бір жатып шығар еді-ау, Оның тақырыбына қызығып кеттім де, кітапхана сақтаушысының рұқсатымен, сол мемуарды үйге алып келіп, құнығып оқи бастадым.
Бұл арада мен со бір тартымды шығарманы егжей-тегжейлі баяндайын деп отырғаным жоқ, тек өткен күндердің суреттерін бағалай білетін оқушыларыма осы мемуармен таныс деген кеңесті ғана айтпақпын. Олар бұл туындыдан шын шебердің қолынан шыққан портреттерді табады, осынау асығыс суреттемелер көп жағдайда казарма есіктері мен шарапхана қабырғаларына сүйеніп тұрып жазылғанымен, оқушылар бұдан Людовик XIII мен Анна Австрийскаяның, Ришелье мен Мазаринидің бейнесін, сол кездегі сарай маңындағылардың талайының бейнесін бірден таниды, Анкетиль мырза тарихы қандай айқын болса, бұл бейнелер де сондай айқын.
Бірақ жазушының құбылмалы ерке ойын кейде қалың оқушы қауым байқай бермейтін жайттардың тебірентетіні көптен мәлім. Осы мемуардың жоғарыда айтылған жақсы жақтарына таң қалып, таңдай қаға отырып — бұған әлі талай кісілердің таң қалатынына кәміл сенеміз — біз бәрінен де бұрын осы уақытқа дейін, шамасы, құдайдың тірі жаны назар аудармаған бір жайтқа қатты қайран қалдық.
Д`Артаньянның айтуына қарағанда, король мушкетерлерінің капитаны де Тревиль мырзаға алғаш келгенінде ол қабылдау бөлмесінен сол атақты полкте қызмет ететін үш жас ноянды көреді, оларды Атос, Портос және Арамис деп атайды екен. Д`Артаньян да осы даңқты полкке қабылдау құрметіне ынтызар болып жүрген еді.
Жасырып қайтеміз, құлағымызға тосын естілетін бейтаныс емдердің өзімізді қайран қалдырғаны рас және со замат бұл тек д`Артаньянның, сол кезде әйгілі болған кісі есімдерін әдейі жасырған жалған аттары шығар деген ой келді, әлде осы бүркеншік аттардың иелері еріккен-желіккеннен бе, реніш-кейістен бе, болмаса, жоқ-жүдеуліктен бе, әйтеуір, мушкетер шекпенін киген күні осы аттарды өздері қалап алмасын кім білген.
Сол уақыттың шығармалары ішінен өзімізді еліктіріп, ерте жөнелген ғажайып есімдердің көмескі бір ізі табылмас па екен деп, біз енді ұйқыдан да, күлкіден де айрылдық.
Осы мақсат жолында оқып шыққан кітаптарымыздың тізімінің өзі тұтас бір тарау болар еді, бұл, әрине, өте өнегелі, ізгілікті іс, бірақ оқушыларымызды қызықтыра қояр ма екен. Сол себепті де біз оларға мына бір жайтты айтпақпыз; ұзақ уақыт сарыла іздеп, түк таппағасын тауымыз шағылып, енді осы сергелдеңді қоялық деп тұрған кезде, атақты оқымысты досымыз Полен Паристің кеңесін басшылыққа ала отырып, біз ақырында infolio, қолжазбаны, анығын дәл айта алмаймын, № 4772 ме, әлде 4773 пе, әйтеуір, бір қолжазбаны тауып алдық, оның басы былай екен: «Король Людовик ХІІІ-нің патшалық құруының ақырғы кезі мен король Людовик XIV-нің патшалық құруының бастапқы кезінде Францияда болған оқиғалар жайлы граф де Ла Фердің естеліктері».
Осы қолжазбаны — өзіміздің соңғы үмітімізді — парақтап қарап отырғанда, оның жиырмасыншы бетінен Атостың есімін, жиырма жетінші бетінен Портостың, ал отыз бірінші бетінен Арамистің есімін кездестіргенде жүрегіміз жарылардай қуанғанымызды өзіңіз де сезген боларсыз.
Тарих ғылымы соншалық жоғары сатыға көтерілген дәуірде жұртқа беймәлім қолжазбаны табу бізге ғажайып бір керемет болып көрінді, Егер Француз Академиясына өз еңбегіңмен қабылданбай қалатын болсаң — бұл әрине даусыз нәрсе ғой, — онда реті келгенде бөтен біреудің еңбегімен Жазбалар Академиясына немесе Әсем Сөз академиясына бару үшін, біз дереу осы қолжазбаны жариялауға рұқсат сұрадық.
Ондай рұқсат бізге берілді де, мұны ашық айтуды біз өз борышымыз деп есептейміз, өйткені өзіміз өмір сүріп отырған дәуірдің үкіметі әдебиетшілерге оң қабағын бермейді-міс дейтін дұшпандардың өтірігін бетіне басу үшін біз оны осы арада тағы да айта кетпекпіз.
Біз қазір осынау аса құнды қолжазбаның бірінші тарауына лайықты ат қойып, оқушыларымыздың назарына ұсынамыз, егер оның осы бірінші тарауы жұртқа ұнайтын болса, — оған әрине біз күмәнданбаймыз да, — онда қолжазбаның екінші тарауын да дереу жария етеміз.
Ал енді мирасқор кісі қолжазбаның екінші иесі болғандықтан да, оқушыларымыздан өздерінің рақат-ләззаты үшін немесе ерігіп-зеріккені үшін граф де Ла Ферді емес, бізді кінәла демекпіз.
Хош, мәселені осылай анықтап алғаннан кейін, біз енді хикаямызды баяндауға кіріселік.
БІРІНШІ БӨЛІМ
І
ДАРТАНЬЯН ӘКЕ МЫРЗАНЫҢ ҮШ СЫЙЫ
1625 жылғы апрельдің алғашқы дүйсенбісінде, «Раушангүл жайлы романның» авторы ілгеріректе дүниеге келген, Менг қалашығының барша тұрғындары, гугеноттар осы қалашықты тап бір екінші Ла-Рошельге айналдыратындай-ақ абыр-сабыр болып, әбігерге түсті де қалды. Қаланың кейбір тұрғындары Бас көшеге қарай далақтап жүгіріп бара жатқан әйелдерді көріп, үй алдары улап-шулаған балалар дауысын естісімен, дұшпан көзі болсын деп үстеріне сауыт-саймандарын киіп, қолдарына мушкет, бердіш алып қарулана бастады, сосын дереу «Еркін диірменші» мейманханасына қарай ұмтылысты. Бұл кезде мейманхана алды сәт сайын молайып, азан-қазан болған ығы-жығы жұрттан көрінбей кетіп еді.
Ол заманда мұндай оқиғалар дағдылы құбылыс саналатын, қалалардың біреуі болмаса екіншісі күн құрғатпай мұндай дау-жанжалды шежірелеріне түсіріп қоятын. Текті мырзалар өзара қырқысып, король кардиналмен, испандар корольмен соғыс жүргізіп жатқан кезді. Бірақ бірде баяу, бірде қатал, бірде астыртын, бірде ашық жүріп жататын қырықпышақ қырқысқа қоса, жұрттың бәріне қарсы соғысатын қайыршылар мен гугеноттар да, қаңғыбастар мен дәйекшілер де бар еді. Қала тұрғындары ұры-қарыларға, қаңғыбастар мен дәйекшілерге қарсы, жиі-жиі — дәулетті бай-мырзаларға, оқта-текте — корольге қару алып қарсы шығатын, ал, кардиналға немесе испандарға қарсы ешқашан да қол көтерген емес. Жұрттың қанына сіңіп кеткен осы салттың нәтижесінде, 1625 жыл апрелінің әлгіде айтылған дүйсенбісінде қала тұрғындары герцог Ришелье қызметшілерінің сары, қызыл значоктері мен оқалы киімдерін көрмесе де, айқай-шуды естісімен «Еркін диірменші» мейманханасына қарай ағылып еді.
Бұл әлек-шәлектің сыры жұртқа тек осы араға келгенде ғана мәлім болды.
Қылшылдаған жас жігіт. Біз енді оны суреттеп көрелік. Он сегіздер шамасындағы Дон-Кихотты, қару-жарақсыз, сауыт-саймансыз Дон-Кихотты көз алдыңызға елестетіп көріңізші; үстіндегі көк жүн күрткесі оңып, баяғыда-ақ жирен мен көгілдір аспан түсінің арасындағы белгісіз бір түске айналыпты. Беті сопақтау келген қара торы жігіттің шығыңқы жағынан қулықтың нышаны байқалады. Бұлтылдаған шықшыт еттеріне қарап, басында береті жоқ болса да, оның Гасконнан шыққанын бірден білуге болады, ал бұл жігіттің басында қауырсын тәрізді бірдеңе қадалған береті бар еді. Имектеу келген қыр мұрынды бозбаланың бойы жасына қарамай біп-биік, бірақ марқайған ер-азамат үшін әрине аласалау. Былғары бау тағып беліне іліп алған, атының жалынан ұстап, жапсарласа жаяу жүргенде немесе оған мініп алғанда сарт-сұрт қонышын соғатын шпагасы болмаса, тәжірибесіз көрмедік кісі оны жолсапарға шыққан фермердің баласы екен деп қалар еді.
Өйткені біздің бозбаламыздың астында аты бар еді және ат болғанда қандай, өткен-кеткен кісілердің назарынан қағыс қалар емес. Бұл — он екі, он төрттер шамасындағы, құйрық-жалы сұйылып, бақайшағы ісіп кеткен, Беарн төңірегінен шыққан жирен сары мәстек еді. Ол басын тізесінен төмен салып, иесін ауыздықпен алыстырмай, митың-митың желсе де, күніне сегіз лье жер жүретін. Бірақ байғұстың бұл қасиетін арбиған түр-пішіні мен өзгеше түсі бимәлім етер еді. Ол кезде жұрттың бәрі ат қадірін білетін, сол себепті де осы бір Беарн мәстегінің содан он бес минут бұрын ел көзіне шыққан сүйелдей әсер етуінен енді ат кесірі иесіне тиіп еді.
Мұны бірден сезген жас д`Артаньян (Жаңа Росинантқа шалқия мініп алған жана Дон-Кихотты осылай атайтын) қанша шабандоз атанғанымен, осы сияқты өлмелі мәстек мініп келе жатқанда жұртқа күлкі болғаннан басқа мәнпағат таппайтынын өзінен-өзі жасырып әуре болмады. Д`Артаньян әкесінің қолынан осы бір сыйды ала бергенде тегіннен-тегін күрсінбеп еді. Мұндай аттың құны ең көп дегенде жиырма ливр ғана тұратынын ол жақсы білетін. Оның есесіне әкесінің осы сыйды көлденең тартып тұрып айтқан ақыл-кеңесіне баға жетпейтін.
«Ал, балам! — деген Гасконның ақсүйегі тап-таза беарн мәнерімен сөйлеп, Генрих Төртінші де өле-өлгенше осы акценттен құтыла алмай қойып еді, — Ал, балам, мына жануар біздің үйде осыдан он үш жылдай бұрын жарық дүниеге келіп еді, содан бері қолқанат болып көңілімді бір қалдырған емес, ендеше сіз де бұған теріс қарамассыз деп сенем. Тірліктен қанша тауқымет көрсеңіз де, сіз мұны сатпаңыз, жасына жетіп, қартайып барып, ажалынан ғана өлсін. Ал егер сіз мұнымен жортуыл-жорыққа шығатын болсаңыз, қарт қызметшіге жаныңыз қалай ашитын болса, бұған жаныңыз солай ашысын. Егер жолыңыз түсіп хан сарайына қабылдана қалсаңыз, — деді д`Артаньян-әке сөзін жалғап, — ежелден келе жатқан асыл тегіңізге салсаңыз сіздің оған кәміл хұқыңыз бар — онда өзіңіз үшін де және жақын-жуықтарыңыз үшін де ақсүйек намысын қастерлеп ұстағайсыз, бұл атақты бес жүз жыл бойына сіздің ата-бабаларыңыз ардақтай білген. Жақын-жуықтарыңызды айттым. Король мен кардиналдан өзге кісілерге бағына көрмеңіз. Біздің заманда дворянин өзіне тек ерлікпен ғана, — естіп тұрсыз ба, тек ерлікпен ғана! —жол сала алады. Кімде-кім бір сәтке ғана жалтақтап жасқаншақтаса болғаны, сол қас қағымдай сәт тағдырдың тарту еткен бақ-дәулетінен, бәлкім, айрылып та қалатын шығар. Сіз жассыз және екі себептен көзсіз батыл болуға тиіссіз: біріншіден, сіз гасконсыз, оның үстіне менің перзентімсіз. Ешқашанда кездейсоқ жайттерден қорықпаңыз және қатерлі оқиғаларды өзіңіз іздеп жүріңіз. Мен сізге шпагамен қалай сайысуды үйреттім. Сіз қазір тепсе темір үзетін болаттай берік шағыңыздасыз. Көрінгенді желеу етіп соғыса беріңіз, жекпе-жекке тиым салынған, ендеше, шайқасқа шығу үшін ер жігіт жүрек жұтқан батыр болуға тиіс. Ал, қарағым, мен сізге он бес экю ғана беріп, астыңызға ат мінгізе аламын және әлгіде өзіңіз тыңдаған кеңестен басқа айтарым жоқ. Шешеңіз бұған бір кезде цыганнан алған бальзамның ішірткісін қосатын шығар; бұл бальзамның бір ғажап жері жүрек қайғысынан басқа жараның бәрін құлан-таза жазып жібереді. Осыларды кәдеңізге жаратыңыздағы ұзақ, уақытты өмір кешіңіз, қарағым... Менің сізге айтатын тағы бір сөзім бар, ол мынау еді, балам, көзім тіріде өзіңізге үлгі-өнеге болар бір кісіні атасам деп едім, ол, әрине, мен емеспін, өйткені мен өмірде сарайды төңіректеп көрген жан емен, тек дін жолында өз еркіммен біраз соғысқа қатысқаным бар. Менің айтайын дегенім, бір кездегі көршім де Тревиль мырза еді. Бала күнінде ол біздің короліміз Людовик Он үшіншімен (әманда оған жаратқаным жар болғай!) бірге ойнау құрметіне ие болған екен. Кейде олардың ойынының арты төбелеске айналып кететін көрінеді, сонда короліміздің де таяқ жеп қалған кездері болыпты. Жас күнінде жеген жұдырығынан ба, әйтеуір, король де Тревиль мырзаны қатты сыйлап, оған дос пейілін білдіреді екен. Кейінірек, Парижге тұңғыш рет барған кезде де Тревиль мырза бетіне келген кісілермен бес рет, король марқұм болып, жас король кәмелетке жеткенше, соғыстар мен жортуыл-жорықтарды есептемегенде — жеті рет, ал, осы короліміз кәмелетке толғаннан күні бүгінге дейін жүз рет шайқасқан! Ешбір указдарға, бұйрық-жарлықтарға, қаулы-қарарларға қарамастан, оның қазір мушкетерлердің капитаны болып жүргені тегін емес, бұл — цезарь легионының бастығы деген сөз. Оны король жоғары бағаласа, кардинал оған бата алмайды. Ал, оның ешкімнен жасқанбайтыны жұрттың бәріне мәлім. Бұған қоса де Тревиль мырза жылына он мың экю алады. Демек, ол — аса қадірлі, дәулетті кісі. Ол да өзінің өмірін сіз сияқты бастаған. Оған мына хатты апарып беріңіздағы, содан үлгі алып, ол не істесе, сіз де соны істеңіз».
Осы сөздерді айтқасын, д` Артаньян-әке мырза баласына өзінін шпагасын ұстатып, екі бетінен алма-кезек сүйіп, батасын берді.
Бөлмеден шыға бергенде жігітіміз өзінің шешесін көрді, қолында әлгі атышулы бальзамның шіріткісі, баласын күтіп тұр екен, әкесінің жоғарыда айтқан кеңестеріне қарағанда, ол осы бальзамды енді жиі қолданатын шығар. Әкесіндей емес, шешесі айналып-толғанып баласымен ұзақ қоштасты, бұл, әлбетте, әкесі жан дегендегі жалғыз ұлын жек көргендіктен емес, д`Артаньян мырза еркек басымен сезімге бой алдырып, сыр бергісі келмеді, ал, д`Артаньян ханым болса әйел-ана ғой. Ол байғұс егіліп көп жылады, несін жасырайық, кіші д`Артаньян мырза абырой болғанда, келешек мушкетерге лайық мінез танытып, қанша шыдап бағам десе де, ақырында көңілі бұзылып, көзіне біраз жас алды, бірақ онысын қолынан келгенше көрсетпеуге тырысты.
Әкесінің тарту еткен үш сыйын бойына құт санап, жігітіміз сол күні жолға шықты, жоғарыда айтылғанындай, ол сый он бес экюден, ат және де Тревиль мырзаға жазылған хаттан тұрушы еді ғой. Әке кеңесін есепке алмасақ та болады.
Осындай он сапар тілеген сөздерден кейін д`Артаньян сыртқы түрімен ғана емес, ішкі рухани дүниесімен де Сервантестің кейіпкерінен айнымай қалып еді, әңгімешінің парызы бойынша, оның портретін бейнелеген кезде біз оны Дон-Кихотпен салыстырып өте дұрыс жасаған екенбіз. Дон-Кихотқа жел диірмен — дәу, отар-отар қой — қалың қол болып көрінген ғой. Д`Артаньян әрбір күлкіні өзін қорлап-жәбірлеу, жұрттың әрбір көзқарасын төбелеске шақыру деп ұқты. Сол себепті де ол Тарбадан Менгке жеткенше түйілген жұдырығын бір жазбады және құдайдың құтты күні кемінде он рет шпагасының сабына жармасты. Дегенмен оның жұдырығы ешкімнің де иегін сындырған жоқ, ал, шпагасы қынабынан суырылмады. Рас, өткен-кеткен жолаушылар қырсық шалған кәрі мәстектің түрін көрісімен ыржиып күле бастайды, бірақ ат бүйірін сипай соғып келе жатқан ұзын шпаганы, одан жоғары тәкаппарлығы ұстап, ұшқын атқан көз емес, ашу-ызадан жалтылдаған көзді көріп, күлкілерін тия қояды, ал егер сақтықтың орнын шаттық басып, күлкі қысып бара жатса, олар ежелгі маскалар сияқты, бір езуімен жымияды да қояды. Сонымен д`Артаньян ат үстінде бір илікпей сіресіп отырған күйі, жұртты сұсымен жасқап, әлгі бәлелі қала Менгке келіп жетті.
Бірақ осы арада, «Еркін диірменші» мейман жайының есігі алдында қожайынның, дәйекшінің немесе атшының демеуінсіз көлігінен түсіп жатып (бұ соққандар тым болмаса атты тізгінінен ұстап тұруы керек қой), д`Артаньян бірінші қабаттың ашық терезесінен ұзын бойлы бір маңғаз дворянді көрді. Бұл өзі түсінен иманы безген, кекірейген біреу екені, қасындағы серіктеріне күбірлеп бірдеңені айтып жатты, ал ана екеуі мұның сөзін қошеметтей тыңдап тұрған тәрізді.
Д`артаньян үйреншікті әдетімен әңгіме өзі жайлы болып жатыр екен деп ойлап қалды да, құлағын тоса қойды. Бұ жолы ол қателеспепті, қателессе де сәл ғана қателесіпті: әңгіме мұның өзі емес аты жөнінде екен. Бейтаныс кісі, шамасы, аттың күллі қасиеттерін келістіріп суреттеп шықса керек, әлгіде айтқанымдай тыңдаушылары оны қатты қошеметтейтін болғандықтан да әрбір сөзді айтқан сайын қолпаштап, қарқылдап күлісіп жатты. Егер болмашы күлкінің өзі батырымыздың шамына тиетінін ескерсек, мазақтың аяғы неге апарып соққанын өздеріңіз де сезген шығарсыздар.
Д`артаньян ең әуелі өзін жәбірлеген сойқанның бет-әлпетіне бір қарап алмақшы болды. Ол бейтаныс кісіге тікірейе бір қарағанда, өткір қара көзді, аппақ жүзді, қара мұртын бипаздай бастырған дөң мұрынды, қырықтар шамасындағы бір кісіні көрді.Ол көк түсті қамзол мен шалбар киіпті, киімінің өзге әшекейі жоқ, шашақ бауы да көк түсті матадан екен, тек омырауындағы ойықтан жейдесі көрініп тұрғаны болмаса, киімі көрер көзге жұпыны. Қамзолы да, шалбары да су жаңа болғанымен сандықта көп жатқан зат сияқты умаждалып бүктетіліп қалыпты. Осы бір кісі өз өміріне әжептәуір әсер ететінін іштей сезді ме қайдам, әйтеуір д`Артаньян соның бәрін жіті көзбен қас-қағымда байқап қалды.
Хош, сонымен д`Артаньян мырзамыз көк костюмді кісіге тіксініп қарай берген сәтте, беарн атының адресіне ол да ең бір жымысқы ең бір зымиян мысқылды айтып та жіберген еді. Оның қасындағы жарамсақтары мәз болып, жырқылдай күлісті, ал, әңгімеші үйреншікті әдетінен айнып, жылусыз ғана жымиып күлгендей еді. Енді шүбәланбаса да болады: д`Артаньянды бұдан артық қорлауға болмайтын да еді.
Осындай бір шешімге тоқтаған жігітіміз беретін баса киіп алды да, Гасконға келген бай саяхатшылардан көрген сарай мәнеріне еліктеп, бір қолымен шпагасының сабынан ұстап, екінші қолын бүйіріне таянып, алға қарай бір аттап тұра қалды. Бірақ қырсық шалғанда, ашуға булығып, көзі ештеңені көрмей қойды, әуелде ол шоқтығынан бip қарап тәкаппарси тіл қатып, оны ұрысқа шақырамын ғой деп ойлаған, мұның орнына ол қолын шолтандатып, бір-екі ауыз дөрекі сөздерді айтуға ғана шамасы жетті:
— Әй, мырза! — деді ол айқайлап: — Сіз! Иә, терезе қақпағын қалқалап тұрған сізді айтам! Кімге күліп тұрғаныңызды айтпас па екенсіз, бәріміз бірге күлейік!
Дәулетті жолаушы бұрын атқа қараса, енді жайымен мойнын бұрып оның иесіне қарады. Осы бір қияңқы сөздің өзіне арналып айтылғанын ол қапелімде аңдамай қалған тәрізді. Сосын, бұ жөнінде көңілінде күдігі қалмағасын, ол сәл шытынап, қабағын түйді де, біраз уақыт үнсіз тұрып барып, айтып жеткізгісіз шеберлікпен менменсіп, мысқылдай тіл қатты:
— Мен сізбен сөйлесіп тұрған жоқпын, мейірімді мырза.
— Ал, мен сізбен сөйлесіп тұрмын! — деді жігіт дауыстап, осы бір содырлық пен сыпайылық, кішіпейілдік пен жиіркеніш аралас сөздерден қаны қайнап.
Бейтаныс кісі тағы да д`Артаньяннан бір сәт көзін алмай тұрды да, сосын терезе алдынан әрі қарай кетіп қалып, мейманхана есігінен асықпай баяу басып шыға берді,сол бетімен жас жігітке екі-үш қадамдай жақындап, атының алдына келіп тұра қалды. Оның байсалды қалпына, кекесінді жүзіне қарап, терезе алдында тұрған көңілдестері мәз болып күлісіп жатты.
Д`Артаньян ол жақындай бергеннен-ақ шпагасын қынынан бір аршындай суырыңқырап қойды.
— Мынау аттың түсі шынымен-ақ жалқын сары ма, әлде бір кезде солай болған ба? — деді бейтаныс сөзін жалғап; д`Артаньянның ызаланып тұрғанын көрмеген кісідейін, терезе алдындағы тыңдаушыларына қарап сөйледі, ол тіпті жас гасконның өзі мен серіктерінің арасында тұрғанын да көзге ілмеді. — Өсімдіктер әлемінде жиі кездесетін осы бір түс, тап бүгінгі күнге дейін жылқыда ілуде бір кездеседі деп есептелініп келіп еді.
— Қожасынан қорыққан кісі атына күлді! — деп дауыстады гаскон жігіт қатуланып.
— Мен, қарағым, сирек күлетін жанмын, — деді бейтаныс кісі. — Оны менің бет-жүзімнен де байқауға болады. Бірақ қалаған кезде күлуге қақым бар ғой деп ойлаймын.
— Ал, мен болсам, кім көрінгенді жөн-жосықсыз жыртаңдатып қоя алмаймын! — деді д`Артаньян еліріп.
— Шынымен солай ойлайсыз ба? — деді бейтаныс, бұрынғыдан да сабырлы үнмен. — Ендеше, мұныңыз жөн екен.
Сосын ол артына жалт бұрылып, мейманхананың қақпасына қарай беттеді, әлгі әзірде осылай қарай келе жатқанда д`Артаньян қақпа алдынан ерттеулі атты көрген-ді.
Өзін мазақ еткен кісіні жайбарақат жібере салу д`Артаньянның әдетінде жоқ-ты. Ол шпагасын қынабынан жалақтатып суырып алып, көңілін қалдырған кісінің соңынан тұра ұмтылды.
— Бері қараңызшы, бері қараңызшы, артыңыздан қылыш жұмсағаным қиянат болар, — деді ол дауыстап.
— Мені шауып тастамақсыз ба? — деді бейтаныс кісі артына жалт бұрылып, ол жас жігітке әрі таңырқап, әрі қомсына көз тастады. — Сізге не болған, сізге не болған, сүйіктім, сіз, шамасы, жынданған боларсыз!
Сo замат өзімен өзі сөйлескендей:
— Қап, әттегене-ай! Мынау ұлы ағзамға таптырмайтын олжа ғой өз мүшкетерлерінің, санын толықтыру үшін ол кез келген жерден өңкей бір қырғи жігіттерді іздеп жүруші еді, — деді күбірлеп.
Ол сөзін айтып бітірер-бітірместен д`Артаньян ұмтылып барып шпагасымен бір шанышқанда, бейтаныс кісі кейін қарай ыршып түсті, әйтпесе жаңағы сөз оның өміріндегі ең соңғы әзілі болатын еді, істің насырға шауып бара жатқанын бірден түсінген бейтаныс шпагасын суырып алып, дұшпанына тәжім етті де, шынымен-ақ қорғануға кірісті.
Бірақ тап сол мезетте әлгі кісінің екі серігі мен шарапхана иесі үшеуі қолдарына таяқ, күрек, ауыр шымшуыр алып, д`Артаньянға тұра ұмтылып, оған соққыны жаудырып жіберді. Осы бір тосын шабуыл жекпе-жек ағымын күрт өзгертті, өзіне қарай жауған соққыны қайтару үшін жігітіміз жалма-жан артына бұрылған кезде, оның дұшпаны сол қолайлы сәтті пайдаланып, аспай-саспай шпагасын қынабына қайта сала қойды. Осы бір тайталасқа қатысушы кісіден енді ол куәгер кісіге айналды — ол бұл рөлін де ешбір міз бақпастан жайбарақат орындап шықты.
— Осы бір гаскондарды қарғыс атпайды екен! — деді ол күбірлеп.— Өзін мына бір құла жирен сарысына мінгізіңдерші жөнін тапсын.
— Сені өлтірмей кетпеймін, қоян жүрек қорқақ! — деді д`Артаньян үш дұшпанымен бетпе-бет тайталасып, жан-жағынан төпелеген соққыға тойтарыс беріп жатып.
— Гасконның белгілі мақтаншақтығы! — деді бейтаныс күңкілдеп, — арыммен ант етейін, осы гаскондар өлмей түзелмейді! Қалағаны сол болса, өзін таяққа жығыңдаршы, бәлем. Жанына батып бара жатса, өзі-ақ байбалам салады!
Дегенмен бейтаныс кісі қандай қайсар жігітке жолыққанын әлі де білмейтін еді. Д`Артаньян кешірім сұрап кішірейетіндер қатарына жатпайды. Сол себепті де шайқас тағы да бірнеше секундке созылды. Ақырында жас гасконымыз әл-дәрмені құрып, шпагасын қолынан түсіріп алды, қайқайта соғылған сойылдан ол сынып та қалды. Келесі соққы оның маңдайынан тиді де, қаны саулап, есеңгіреп құлап түсті.
Тап сол сәтте осы оқиға болған жерге халық та тұс-тұстан жиналып қалған еді. Қожайын қаңқу сөзден қорқып, дәйекшілерінің көмегімен жаралы жігітті ас үйге көтеріп апарды да, жарасын жуып-шайып қол ұшын бергенсіді.
Бұл кезде бейтаныс кісі терезе алдындағы орнына қайтып келіп, жапырласқан жұртқа тыжырына қарап тұрды, шамасы, осы қалың көп оның ызасын қоздырып жіберген сияқты.
— Әй, әлгі қос үрейдің хәлі қалай? — деп сұрады ол ашылған «есік дыбысына бұрылып қарап, енді ғана кіре берген шарапханашыға тіл қатып; ол мұның жай-күйін білмекке келген екен.
— Шапағатты мырза, денеңізге зақым келген жоқ қой, Әйтеуір? — деді шарапханашы.
— Әзірге дін-аманмын, сүйікті қожайын. Бірақ мен әлгі жігітімізге не болғанын білгім келіп еді.
— Ол қазір тәуір. Есінен танып жатыр, — деді қожайын майдалап.
— Шынында да солай ма? — деп бейтаныс кісі қайыра сауал қойды.
— Бірақ әлгі бір әзірге дейін бар күшін жинап, сізді қайта-қайта шақырып, боқтап-боралап, өшімді алам деп өрекпіп жатты.
— Шайтанның пәлесін қара! — деді бейтаныс дауыстап.
— Жо-жоқ, олай емес, шапағатты мырзам, — деді қожайын тыжырына аузын қисайтып. — Ол талып жатқанда біз оның тұла бойын тінтіп көрдік. Түйіншегінде бір-ақ жейдесі, әмиянында он бір экю ғана ақшасы бар екен. Бірақ соған қарамастан, есінен танып бара жатқанда ол: егер осы оқиға Парижде болса, сіз оған табанда өкінер едіңіз, ал енді мұнысына ол әлі-ақ өкінеді деп екіленіп жатты.
— Ол ендеше киімін өзгерткен ханзада шығар, — деді бейтаныс кісі салқын үнмен.
— Менің сізді: әмәнда абай болып жүріңіз деп ескертіп қойғым келеді, шарапатты, мырзеке, — деді қожайын.
— Ол қызбалықпен біреудің атын атаған жоқ па?
— Атағанда қандай! Қалтасын сыртынан қағып қойып, ол: Қамқорлығындағы кісіні қорлағандарың үшін де Тревиль мырзаның не дейтінін әлі көресіңдер, — деп қайта-қайта айбат шекті.
— Де Тревиль мырза деді ме? — Бейтаныс кісі бірден жиырылып сала берді. — Де Тревиль мырзаның атын атағанда қалтасын бір сипап қойды дейсіз бе? Сонымен, оның аяғы не болды, құрметті қожайын? Жас жігітіміз есінен танып жатқанда сіз оның со бір қалтасын да қарап шықтыңыз ғой деп ойлаймын. Онда не бар екен?
— Мушкетерлердің капитаны де Тревиль мырзаға жолданған хат бар екен.
— Шын айтып тұрсыз ба?
— Шапағатты, мырзеке, әлгіде өзіңізге баяндаған сөзімнің айна-қатесі жоқ.
Өзгенің сыңайын онша тани бермейтін көрсоқыр қожайын соңғы сөздерді естігенде, бейтаныс кісінің өңі қалай құбылғанын аңғармай да қалды. Осы уақытқа дейін терезенің кәсегіне сүйеніп тұрған кісі енді кейін шегініп барып, әлденені ойлап тұнжырап сала берді.
— Мына әзәзілді-ай! — деді ол тістеніп. — Шынымен-ақ Тревиль мына гасконды мені аңдуға жібергені ме? Әлі шіп-шикі жас қой! Бірақ жас-кәрісіне қарамай, шпагамен түйреудің аты — түйреу ғой. Ал, мына баладан бір қатер болады дегенге сену қиын. Кейде ұсақ кедергі ұлы мақсатқа жеткізбей тастауы мүмкін.
Бейтаныс кісі біраз уақыт ойланып қалды.
— Әй, қожайын, сөзді тыңдаңыз! — деді ол ақырында. — Сіз мені мына есуастан құтқарсаңыз қайтеді? Оны өлтіре салуға арым баратын емес бірақ... — ол қатуланып түнеріп кетті, — бірақ осы жігіт маған бөгет болып тұр. Өзі қазір қайда?
— Менің әйелімнің бөлмесінде, екінші қабатта жатыр. Қазір оның жарасын таңып жатыр.
— Заттары мен сөмкесі қайда? Қамзолын шешкен жоқ па еді?
— Қамзолы да, сөмкесі де төменде, ас үйде. Бірақ мына есуас бала сізге кесірін тигізсе...
— Әлбетте кесірін тигізеді. Ол сіздің мейманхананың әлек-шәлегін шығарды ғой, бұл ақпейіл адал жандардың мазасын алған емей немене... Қазір өзіңізге барыңыз, менімен есеп айыру жағын әзірлеп, қызметшіме дайын тұр деп ескерте салыңыз.
— Қалай? Шарапатты мырзекең бізді тастап кетпекші ме?
— Ол сізге бұрыннан мәлім болатын. Мен сізге атымды ерттеп қой деп ем ғой. Сонда менің әмірім әлі орындалмағаны ма?
— Орындалды. Ат қақпа алдында ерттеулі дайын тұр, шапағатты мырзакеңнің оны өз көзімен барып көруіне болады.
— Жарайды, ендеше жаңағы айтқанымды орындаңыз.
«Мәссаған» — деп ойлады қожайын. — Ол кісі ана баладан қорқып тұрған жоқ па екен?»
Бірақ бейтаныс кісі аларып бір қарағанда-ақ оның ойы үзіліп кетті. Ол жарамсақтана иіліп, далаға шығып кетті.
«Мына жүгермек миледиді көрмесе болғаны, — деп ойлады бейтаныс кісі. — Ол да ұзамай келіп қалар. Кешігіп жатыр ма қалай? Одан салт атпен шыққаным жөн болар...Шіркін, де Тревильге жолданған хатта неьарын білер ме еді!»
Бейтаныс кісі өзіне бірдеңе деп күбірлей жүріп, ас үйге қарай беттеді.
Бұл кезде шарапханашы тек жас жігіттің кесірінен ғана бұл кісінің мейманхананы тастап кететініне ешбір шүбә келтірмей, әйелінің бөлмесіне көтерілді. Д`Артаньян есін жинаған екен. Қадірмен бай кісімен жанжалдасқаның үшін полиция ізіне түсуі мүмкін деп қожайын д`Артаньянды азғыра бастады, оның әлсіздігіне қарамастан орнынан тұрғызып, көшеге шығармақшы болды, ал, әлгі бейтаныстың, дәулетті кісі екеніне күмәнданбады да. Соққыдан есеңгіреп қалған д`Артаньян басын сүлгімен таңған күйі, қамзолсыз орнынан тұрып, қожайын арқасынан жайымен итере бергесін, басқышпен төмен түсе бастады. Ac үйдің табалдырығынан аттай бере, ойында ештеңе жоқ, терезеге бір қарағанда оның көзіне алғаш түскен кісі бағанағы усойқы болып шықты, ол қос норман аты жегілген жол күймесінің тепкішегіне шығып алып іштегі біреумен жайбарақат сөйлесіп тұр екен.
Оның сөйлесіп тұрған адамы — күйме терезесінен басы ғана көрінеді — жиырма — жиырма екілер шамасындағы жас келіншек еді. Д`Артаньянның әр адамның бет-жүзінің ерекшелігін бірден байқап, қағып алатынын жоғарыда айтқанбыз. Ол әйелдің балғын жас, сұлу екенін бірден байқады. Әйелдің сұлулығына қайран қалған тағы бір себебі, д`Артаньянның осы кезге дейін тұрған, өскен жері — Оңтүстік Францияда мұндай әйелдер тіпті кездеспейтін. Ол — шашы иығына төгілген, тымық көгілдір көзді, шырын ерінді, былқылдаған ақ білекті, аршыған жұмыртқадай аппақ келіншек еді. Әйел әлгі бейтаныс кісімен тез-тез сөйлесіп жатты.
— Сонымен, жоғары мәртебелі тақсыр маған...— деді әйел.
— ...Англияға дереу қайтсын-дағы, герцог Лондоннан шыға қалса, қолма-қол хабар берсін, — деп әмір етті.
— Басқа жарлықтары жоқ па?
— Оларды сіз мына қобдишаның ішінен табасыз, ал, қобдишаны Ла-Манштың арғы бетіне шыққасын ашасыз.
— Өте жақсы, Ал, сіз өзіңіз не істемексіз?
— Парижге қайтамын.
— Ана тентек баланың сазасын бермей қайтасыз ба?
Бейтаныс кісі жауап бермек болып аузын аша бергенде, жоғарыдағы әңгімені түгел естіген д`Артаньян есік алдына шыға келді.
— Бұл тентек бала кімнің де болса сазасың бере алады, — деді ол дауыстап. — Оның сазасын берем деген кісі осы жолы қашып құтыла алмайтын шығар.
— Қашып дейсіз бе? — Бейтаныс қабағын түйіп, қайта сауал қойды.
— Әйелдің алдында қашып кетпессіз деп сенемін.
— Есіңізде болсын... — деді миледи даусын көтеріп, бейтаныс кісінің шпагасына жармасқанын көргесін, — есіңізде болсын, сәл кешіксеңіз бәрі де зая болады!
— Дұрыс айтасыз, — деді бейтаныс асығыс. — Өз жөніңізбен жүре беріңіз. Мен де кеттім.
Соны айтып, әйелге тәжім етті де, атына қарғып мінді, ал, көшір жегулі аттарына қамшы басты, Бейтаныс кісі мен әйел екеуі екі жаққа қарай зулай жөнелді.
— Ау, ақшаны кім төлейді? - деді қожайын безектеп, қонағы есеп айырыспай шаба жөнелгесін, оны бұрын ұнатып қалса да, табанда жек көріп жиреніп кетті.
— Жалқау неме, сен төле! — деп айқайлады салт атты қосшысына шауып бара жатып, атқосшысы шарапхана иесінің алдына бірнеше күміс теңгені лақтырып тастап, мырзасының соңынан тура шапты.
— Қорқақ! Жексұрын! Ақсүйек атын жамылған оңбаған! — деп дауыстады д`Артаньян, атқосшының соңынан тұра ұмтылып:
Бірақ мұндай қимыл-әрекетті көтеруге ол әлі әлсіз еді. Он қадамдай жүгірмей жатып, оның құлағы шулап, көз алды қарауытып, басы айналып кетті де: «Қорқақ! Қоян жүрек қорқақ, Қашақ!» — деп айқайлаған күйі көшенің ортасына дүрс етіп құлап түсті.
— Иә, сұмдық сужүрек екен! — деді д`Артаньян сыбырлап, — Бірақ ана әйелдің сұлуын-ай, шіркін!
— Ол кім? — деді шарапханашы.
— Миледи, — деді күбірлеп д`Артаньян, ол тағы да есінен танып қалып еді.
— Лаж қанша, — деді қожайын, — екі мейманнан айрылып қалдым. Бірақ бізде мынаның бірнеше күн болатынына анық көзім жетеді. Он бір экюді қайтсем де қағармын.
Д`Артаньянның әмиянында бар болғаны он бір экю қалғанын біз жақсы білеміз ғой.
Шарапхана иесі қонағым он бір күн ауырар да, күніне бір экюден төлеп тұрар деп ойлаған, бірақ ол өз қонағын әлі де білмеуші еді. Келесі күні д`Артаньян таңғы сағат бесте тұрып, төмендегі ас үйге түсті де, кейбір дәрі-дәрмекті тауып беруін сұрады.Әрине оның толық тізімі бізге жеткен жоқ, мұның үстіне ол тағы шарап, сары май, розмарин әкеп беруін талап етті, сосын шешесі берген ішірткіні қолына алып, қажетті бальзамды жасап, толып жатқан жарақаттарына жағып, таңып тастады, сөйтіп дәрігерлерді маңайлатпай қойғасын, д`Артаньян со күні кешке салым орнынан тұрып кетті де ертеңіне құр аттай ойнақтап шыға келді.
Тамақты талғап қана ішетін бозбаламыз со күні қажетіне жаратқан май мен шарап үшін есеп айырысты, ал, астындағы аты, қожайынның айтуына қарағанда, жемшөпті өз шамасынан үш есе артық жеген болып шықты, д`Артаньян сонымен қамзолының қалтасынан он бір экюі бар көнетоз әмиянын ғана тауып алды, Ал, де Тревиль мырзаға жолданған хат жоқ болып шықты.
Әуелі жас жігітіміз со хатты асықпай ұзақ уақыт мұқият іздеді. Шалбары мен желетінің қалтасын жиырма мәрте ақтарып қарап, жол дорбасының түбін қайта-қайта қағып көрді. Ақырында хаттың жоғалғанына анық көзі жеткесін бұлқан-талқан болып ашуланды, жас қонақ тағы да ызаға булығып: егер хатты тауып бермесеңдер үй ішіңнің ойран-ботқасын шығарам деп қорқытқаннан кейін, қожайын жалма-жан кеше жұмсаған сойылына, әйелі сыпырғышқа, дәйекшілер таяққа жармасты, сөйтіп, батырымызға тағы да шарап пен иіс май қажет болып қала жаздады.
— Хат, әлгі аманат хатым қайда? — деді д`Артаньян айқайлап. ІІІайтан атсын, хатымды тауып беріңдер. Әйтпесе, бәріңді шілге ұқсатып істікке шаншамын!
Жолы болмағанда, жас жігітіміздің бұл жазаны жүзеге асыруына кездейсоқ бір жайт бөгет болды. Бұрын айтқанымыздай, оның шпагасы алғашқы айқаста-ақ шорт сынған еді, бұл жай жігітіміздің жадынан мүлде шығып кетіпті. Сол себепті де шпагасын суырып алған кезде шолтаң етіп, оның бір тұтам сынығы ғана шықты, шарапханашы сүмбінің үш жағынан шанышқы жасамақ болып, тығып тастап, оның сағақ жағын қынапқа сұғып қоя салыпты.
Егер қожайын: қонағымыздың бізге қойып отырған талабы орынды демегенде, қызу қанды жас жігіт қаруының жоқтығына да қарамас еді.
— Шынында да сол хат қайда екен? — деді қожайын, шоқпарын білемдеуді қойып.
— Иә, ол хат қайда деймін? — деді д`Артаньян ақырып. — Бір ескертетінім: ол хат де Тревиль мырзаға жолданған, сол себепті де табылуы керек. Егер ол хат табылмаса, де Тревиль мырза желкелеп отырып тапқызады, бұған сенбей көріңдерші, түге!
Мұндай ызғарлы сөзден кейін қожайынның зәре-құты қалмады. Король мен кардинал мырзадан кейін, тек әскери қызметшілер ғана емес, қала тұрғындары да де Тревиль мырзаның есімін аузынан тастамайтын. Иә, бұлармен бірге «Жозеф әкей де» бар екен-ау, бірақ оның есімі жәйімен сыбырлап қана айтылатын: кардинал Ришельенің досы, «қарасұр хазіреттен» жұрттың қарап жүріп үрейі ұшатын.
Әуелі өзі бастап шоқпарын тастаған шарапхана иесі әйеліне — сыпырғышын, қызметшілеріне