03 Желтоқсан, Сейсенбі

Әдебиет

Айтуар Өтегенов
Өтегенов Айтуар Оспанұлы (1946 ж. т., Атырау облысы Жылыой ауданы Ақкиізтоғай ауылы) – ақын, әкімшілік қызметкері.

Аманбай-ата, кешір мені






1964 жылдың күзінде Құлсары поселкесінен Абай атындағы орта мектепті бітірген соң, Алматы қаласына барып, зоотехникалық-малдәрігерлік институтына түсе алмай ауылға келсем, біздің үй Жем бойындағы Алтынтапқан жайлауында отыр екен. Келе «Коммунизм таңы» кеңшарына көмекші шопан болып орналастым. Кәкем Оспан (әкемді осылай атайтынмын) отарды таңертең өргізіп, түске дейін жайып келеді де, мен түс қайта суатқа айдайтынмын. Бірде көкем өрісте қонып отырған қарақұстың жанынан өтіп бара жатқанда, қарақұс кенеттен жалп етіп ұшып, астындағы асаулау аты үркіп кетеді де абайсыз отырғандықтан атынан құлап түседі. Бірақ жүгенінен айырылмай, шығып кеткен қолын мойнына асып алып, атына өзі мініп ауылға келеді.

Ол мені Қазыбектегі ферма орталығына жұмсап: «ферма меңгерушісі Әбдірге жағдайды айтып, машина сұрап, сынық салатын Қайшыбай қартты алып кел» – деді. Мен әлгі кәкемді жығатын үркек асау атқа міне сап қамшы бастым. Алтынтапқан мен Қазыбектің арасы жиырма шақырымнан кем емес. Жастайымнан тай құнандарға бас білдірген, аламан бәйгеге шауып «бәйге бала» атанған мен бар ашуымды әкемді құлатып қолын шығарған шабдар аттан алып, шауып келемін. Қара терге малшынған ат теңселіп келеді. Алтынтапқан жалынан темен құлаған кезде жолдағы Аманбай тоғайынан ши тартып жүрген кісіні көрдім. Қасында түйесі жайылып жүр. Тұсынан өте берген мені қолын бұлғап шақырса да мен оған қарамай өз жөніммен шаба бердім. Асығыс едім. Сөйткенше болмай «Аманбай жертөлесі» аталатын шұңқырдың жанына келіп қалғанмын. Жертөле жанынан өтетін жол тақтайдай тегіс болатын. Жиырма қадамдай жерден осы тұста жағасы жарқабақтау болып келетін Жем өзені сылдырап ағып жатыр. Жаз мезгілінде үзіліп, бөлек-бөлек қарасуларға айналатын өзеннің арнасы бұл тұста үзілмейді.

Әлгі жертөленің дәл тұсына келгенде шауып келе жатқан атым сүрініп кетті де омақаса құлады. Ол жерде сүрінетін де еш нәрсе жоқ еді. Мен құламай аттың үстінде отырып қалдым. Ат тұмсығымен жер сүзді де мінер қапталға ауып түсті. Ердің үстінде отырып қалғандықтан сол аяғым аттың астында қалды. Аттың бар салмағы аяғыма түсіп ауырсынып кеттім. Аяғым аттың астында қалғандықтан ат тұрған соң барып мен де тұрдым. Бірақ жүгеннен айырылып қалған едім. Шідерлемесең тұсауымен де ұстатпайтын қашаған шабдар сілкініп-сілкініп жіберіп, әлгі ши тартып жүрген адамға қарай жүрді. Ол алдынан шыққанымен оған да ұстатпай кетті.

— Салаумағалайкүм аға, – дедім. Бірақ ол кісі сәлемімді алудың орнына жақсылап тұрып шешемді бір боқтап алды да: «Не болғанын біліп тұрсың ба? Әулиенің тұсынан неге шауып өтесің. Сені құлатқан Аманбай әулиенің әруағы» – деді де өз жөніне жүре берді. Мен өз жөніммен атымның соңына ердім. Бір кезде жүген шұбатылып кетті де талға оратылып қалды. Атымды ұстап мініп алып, қайта шапқанмын...

Есейгенде еске түскен сол өрескел оқиға үшін Аманбай атаның әруағынан кешірім сұраймын. Кейін білсем әлгі жертөле атаның жайлаудан қыстаққа көшкен елден қалып, бір жыл қыстап шыққан баспанасы екен. Жаз шыға ел жайлауға қайта келсе Аманбай атамыз оларды қызыл шырайлы күйінде күліп қарсы алыпты. Жалғыз өзі қыста нені азық қылғанын ешкім білмейді. Басындағы сайғақ ағашта қызыл-жасылды шүберек, орамалдар жалаудай желбіреп тұратын. Ол әрі-бері өткен жолаушылардың, не сырқатынан арылуға келіп түнеген адамдардың Аманбайға деген ықылас-ниеттерінің белгісі болатын...

Кешір мені Аманбай!
Ол кезде мен жас едім,
Қайратыма мас едім.
Мақтағанмен дос едім,
Боқтағанмен қас едім.
Құлағымда әсем үн:
«Бақыт көлін кешемін,
Жұмбағыңды шешемін.
Жалбарынбай ешкімге,
Өзім өз боп өсемін» –
Дейтінмін.
Қиял-жеміс жейтінмін.
Елігіп те желігіп,
Ләззатына кей түннің.
Кезім жоқты жасқанған,
Тылсым күш кеп аспаннан,
Көкке алып кетердей,
Ерекше боп басқаңнан,
Жүретінмін.
Періште өмір сүретінмін,
Пенделерге күлетінмін,
Менсінбей.
Ал бүгінде мазақтаймын өзімді,
Ар алдында азаптаймын өзімді,
Деп: «Сол періште сенсің бе, ей?!»
...Жерге түстім
Тал бесік боп тербетер,
Адам үшін барлық қызық жерде екен...
Бағындырар өмір қатал заңына,
Өткен күндер енді ұстатпас сағым, ә?!
Білмейтіндер қарсы жүзіп опат боп,
Білетіндер ұтады екен бағына.
Ешкім мәңгі отыра алмас патша боп,
Дүниенің тағына.
Қалса болды өзге есімді ұнатып,
Кете берер сені тақтан құлатып,
Кете берер аямастан жылатып.
Сосын сола береді,
Тұрған бағың гүл атып.
...Дүниенің жалғандығын түсінбей,
Жатамыз ғой, жатамыз.
Бұл өмірге тәй-тәй басқан ботамыз.
Ұрпақтары бөскендіктен тек қана,
Болғандардың кейбірінің аты аңыз.
Биліктегі қатыгездік Патша атын шығарған.
Ойланамын, ойланғанмен мен осыны ұға алман.
Биліктегі жұмсақтығың елді еркіне жіберген,
Бұған, бұған жылар ма едің, күлер ме ең?!
«Құлды жіберсең еркіне,
Күнде тышар бөркіңе».
Сана-сезім биік болып, деп ойлаймын бүгін мен,
Дұрыс болар, дұрыс болар заңға ғана жүгінген.
Өмір заңы туамыз да, өлеміз,
Нәпсімізді бірақ әлі билей алмай келеміз.
Байлық қана адамзатты шығара алмас ұшпаққа,
Табиғатпен үндес болу
Сізді жалғыз Жем бойына қыстатқан.
...Бас қатырып не қыламын,
Бәрі пенде өз жемсауын күйткеннің,
Сіз тәрізді әулиелер бірен-саран өйткені.
Кешір мені, Аманбай!

25.09.2010 жыл.