23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Агата Кристи
Агата Кристи (1890 — 1976) — детекивті проза авторларының ішіндегі ең танымал жазушы.

Арзан пәтердің сыры






Осыған дейін мен қағазға түсірген уақиғаларда, мейлі ұрлық жайлы болсын, мейлі кісі өліміне байланысты болсын, Пуароның әрекеті ең алдымен негізгі айғақты тексеруден басталып, шегіне жеткенше тарқатылып, жүйелі желімен өрбитін. Ал әңгіме еткелі отырған мына жағдай бәрінен ерекшелеу. Мұнда уақиғалар тізбегі ең әуелі Пуароның назарына іліккен қарапайым ұсақ-түйектерден өрбіп, адамның үш ұйықтаса түсіне кірмейтін небір сорақы қылықтармен шектеледі.

Бірде кешкісін ескі досым Джеральд Паркердің үйінде отырғанбыз. Менімен үй иесінен бөлек тағы да бес-алты адам бар-тын. Әдетте Паркер отырған жерде әңгіме қалайда баспана іздеу мәселесіне қарай ойысатын. Бұл жолы да дәл солай болып шықты. Әңгіме арқауы Лондоннан пәтер іздеп табудың қиындығы жайында болатын. Баспана.іздеу, пәтер ауыстыру Паркердің үйреншікті кәсібіне айналған еді. Соғыстан1 бергі уақыт ішінде - ол ең кемінде бес-алты пәтер ауыстырған. Бір.жерге қонар-қонбастан және бір арзан үйге ықыласы ауып, дүние-мүлкін арқалап көше жөнелетін. Дегенмен әрбір көшіп-қону оған аз да болса пайда келтіретін. Ал шынына келгенде, пәтер ауыстыру енді оған пайда табудың көзі емес, күнделікті әдетіне айналып кеткен еді.

Біраз уақытқа дейін біз Паркердің аузына қарап отырдық. Бірақ сөз кезегі келгенде ел дуылдап, жамырай сөйлеп кетті. Ең соңында сөз күйеуімен бірге келген ашаңдау әдеміше келіншек Робинсонға тиді. Паркердің жақында ғана танысқан адамдары болғандықтан Робинсондарды мен бұдан бұрын кездестірмеген едім.

— Пәтер демекші,— деді жаңағы келіншек, — Паркер мырза, сіз біздің жаңалықты естідіңіз бе? Сәті түсіп баспана тауып алдық ақыры! Монтегю үйлерінен.

— Бәсе, — деді Паркер, — ылғи айтушы едім ғой, қымбат пәтерлер әлі де жеткілікті деп!

— Дұрыс айтасыз, бірақ біздің пәтер қымбат. емес. Тіпті арзан. Жылына сексен-ақ фунт!

— Бірақ... Бірақ Монтегю үйлері кәдімгі Найтсбридж көшесінде емес пе еді? Биік әрі әдемі үйлер ғой. Жоқ, әлде сіздің айтып тұрғаныңыз сол аттас қуысқа тығылған лашықтардың бірі ме?

— Жоқ, сол Найтсбридждегі үйлердің дәл өзі. Қызығы да сонда болып тұр.

— Шынында да айтатыны жоқ екен! Тіпті ғажап, миғa кірмейтін нәрсе. Алайда мұнда бір гәп болса керек. Мүмкін екінші біреуді кіргізіп, пайда табу мақсатымен пәтер жалдаған адам үйдің иесіне пара берген шығар.

— Жоқ, ондай ешнәрсе жоқ.

— Пара алмайды дегенге кім сенеді, ойбай-ау,— деп Паркер күрсініп қойды, — Бірақ, бізге пәтердегі мебельдің құнын төлеуге тура келді, — деді Робинсон ханым сөзін қайта сабақтап.

— Е, бәсе, айтпадым ба,—деді Паркер сөзді іліп алып, — Мұнда бір гәп бар деп едім ғой!

— 50 фунтқа сатып алдық. Жабдығымыз тәп-тәуір!

— Олай болса мен қойдым, — деді Паркер.

— Осы күні үй иелері ақылдан ауысып, тым көңілшек боп кетсе керек.

Робинсон ханым абыржыңқырап қалды. Жіңішке қастарының арасы әжімденіп кетті.

— Шынында да бұл бір түрлі күдікті жай екен. Сіздіңше сонда қалай, бұл үйді киесі тори ма?

— Киесі торитын пәтер бар дегенді еш уақытта да естіген емеспін, — деді Паркер батылдау сөйлеп.

— Жо-оқ...— деді Робинсон ханым сеніңкіремеген пішін танытып. — Шынын айтсам, мұнда мені ойландыратын біраз күдікті жайлар бар.

— Мәселен? — деп сұрадым мен.

— Е, бәсе,— деді Паркер. — Қылмысты істерді тергейтін біздің білгір маманға да қозғау салды ғой мына әңгіме. Ойыңыздағыны түгелдей ақтарыңыз, Робинсон ханым. Гастинге — құпия сыр ашудың үлкен шебері.

Мен ыңғайсызданып, күліп жібердім, бірақ мақтауымды тым асырып жібергенге ренжіген жоқпын.

— Жо-жоқ, күдікті дегенім артықтау болар, капитан Гастингс, үйді жалға беретін Стоссер мен Пол дейтін агенттерге барған кезімізде, олардың атаған пәтерлерінің бірде-бірі жылына 400—500 фунттан кем түскен жоқ. Бола қалса үстіне шаш жетпейтін пара сұрады. Оларға біз бұрын мүлде жоламайтынбыз. Ұсынатындары Мэйфэир көшесінің бойындағы қымбат пәтерлер еді. Ал бүл жолы неміз кетеді, тонымызды шешіп алмас деген оймен соға кеткен болатынбыз. Салымыз суға кетіп, енді қайта бұрылып кетіп бара жатыр едік, әлгілер 80 фунттық бір пәтер болып еді дегенді айтты. Айтуын айтса да, ол жерге барғаннан пайда бола қояр ма екен деген күдік те білдірді. Өйткені сол пәтердің кітапқа тіркелгенінен бері де біраз уақыт өтіп кетіпті, әрі оны көруге көп адам жіберілген екен. Бірі болмаса бірінің арзан пәтерді қағып кетуі сөзсіз ғой.

Алайда алдынғы адамдар хабарсыз кеткендіктен, агенттер соңғы пәтер іздеп келгендерді де солай қарай аттандыра берсе керек. Олардың ішінде, әлдеқашан біреу кіріп алған пәтерге несіне жібереді екен деп, реніш білдіргендері де болса керек.

Робинсон ханым сәл тежеліп, бір дем алып алды да, сөзін кайта жалғастырды. «Біз агентке рахметімізді айтып, құр босқа арам тер болатынымызды біле тұрсақ та, жаңағы пәтерді көріп қайтуға рұқсат қағаз жазып беруін өтіндік. Содан соң, жолымыз боп қалар деген дәмемен такси ала салып, жаңағы үйге ә дегенше-ақ жетіп бардық. Төртінші номерлі пәтер үшінші қабатта екен. Лифтінің келуін күтіп тұр едік, баспалдақпен асыға басып Эльзи Фергусон түсіп келе жатыр екен. Ол менің жолдас қызым болатын, капитан Гастингс. Олар да пәтер іздеп жүрген. «Бұл жолы сенің алдыңды орап кеттім-ау деймін. Бірақ босқа әуре болыппын, пәтер әлдеқашан беріліп қойыпты», — деді ол. Осымен бұл біткен болар деп тұр едім, күйеуім Джон: «Пәтер ақысы тым арзан екен, одан да көбірек төлеуге жағдайымыз бар ғой, үстіне пара ұсынып көрсек...» — дегенді айтып қалды. Жиренішті зат қой, әрине, тіпті мұны сіздерге айтуға да ұят. Бірақ түсінесіздер ғой, «басқа түссе баспақшыл» дегендей, баспана іздеп қиналғанда адам не істемейді», — деп бөгеліп қалды.

Баспана үшін адамның неге болса да баратынын, тіпті мұндайда сенін атың тұра тұрсын, менің атым жүре тұрсын мен қара бастың қамын ойлап кететін кезі де болатынын айттым мен оған.

— Сонымен қойшы, біз жоғары көтерілдік. Сенесіз бе, сенбейсіз бе, пәтер әлі бос тұр екен. Қызметші әйел бізге бәрін де көрсетті. Сосын үй иесі әйел адам екен, онымен де сөйлестік. Мәселе табан астында, сол жерде шешілді. Бірден кіретін болып, мебельге 50 фунт ақшасын төлеп қойдық. Келісім қағаздарға келесі күні қол қойып, бұйыртса ертең көшіп кіргелі отырмыз! — деп сөзін аяқтады Робинсон ханым қуанышын жасыра алмай;

— Ал әлгі Фергусон ханымдікі не? — деді Паркер. — Сіздің пікіріңізді білгім келеді, Гастингс.

— «Меніңше, қымбатты Ватсон» деп Шерлок Холмс айтпақшы, ол бикеш басқа пәтердің есігін қаққан болар.

— Бәрекелді, капитан Гастингс, қандай ақылды едіңіз! — деп сүйсінгенін жасыра алмаған Робинсон ханымның даусы қатты шығып кетті.

Мен болсам, дәл осы жерде Пуаронын болмағанына қатты өкіндім. Өйткені ол кейде менің қабілетімді жете бағаламайтын сияқты болып көрінетін.

Шындығында бұл бір қызық уақиға еді. Келесі күні Пуароны сынамақшы болып, оған естігенімді түгелдей баяндап бердім. Ол қызыққан сыңай танытты. Қаланың әр жерінде пәтер ақының мөлшері қандай екенін менен тәптіштеп сұрап алды.

— Өзі бір қызық шаруа екен, — деді ол ойға кетіп. — Ғафу еткің Гастингс, шамалы серуендеп қайтуым керек.

Бір сағаттан кейін қайта оралғанда оның көзі күлімдеп, толқып тұр екен. Таяғын столға қойып, қалпағының төбесін әдеттегіше майпаздап сипалай берді. Сосын тіл қатып: «Несі бар, достым. Қазір қолымыз бәрі бір бос. Демек, бұл істі бастан-аяқ тексеріп шығуға мүмкіндігіміз жеткілікті» — деді.

— Қай істі айтып тұрсың?

— Ана Робинсон дейтін сіздің таныс келіншегіңіздің су тегін пәтерін айтамын да.

— Пуаро, шынымен айтып тұрсың ба?

— Шын болғанда қандай! Өзің ойлашы, достым. Ол жердегі пәтерлердің бағасы — 350 фунт. Мұны мен үй несінің агентінен қазір ғана біліп келіп отырмын. Ал мына пәтерді тым арзан бағамен 80 фунтқа жалға бергені неліктен деп ойлайсың?

— Бір кілтипаны бар шығар. Мәселен, Робинсон ханым айтпақшы, киесі торитын үй шығар.

Пуаро құптамаған пішін танытып, басын шайқады.

— Сосын мына бір жері тіпті ғажап. Құрбы қызы ана пәтер әлдеқашан жалға беріліп қойған екен дейді. Ал бұлар барып сұрағанда, байқашы өзің мүлдем керісінше болып шыққан.

— Мүмкін әлгі келіншек қателесіп, басқа есікке кірген болар? Сөзіме құлақ асатын шығарсың. Мұнда бас қатыратын түк те жоқ.

— Бұл арада сенікі дұрыс та, бұрыс та болуы мүмкін, Гастингс. Алайда мына бір нәрсені жоққа шығара алмайсың. Әлгі пәтерді көруге үй іздеген сан адам барды ғой. Солай бола тұра, әрі өзінің тым арзандығына қарамастан, Робинсон ханым жеткенге дейін бос тұруы қалай?

— Демек, мұнда бір сыр бар деген сөз.

— Робинсон ханым ештеңеден секем алмайтын сияқты. Осы жерін қалай деуге болады? Әйел шынын айтты деп ойлайсың ба, Гастингс?

— Ол бір тамаша жан!

— Сұрағыма жауап беруге мұршаңды келтіртпегеніне қарағанда әбден мүмкін! Олай болса, суреттеп берші өзін.

— Бойы биік, ақсары шашы қандай әдемі десеңші, нағыз сары алтын дерсің...

— Сенің-ақ аңсарың сарғылт шашқа ауады да тұрады екен, — деп күңкілдеді Пуаро. — Иә, ары қарай.

— Көзі көк, өңі де кереметтей әдемі, содан кейін, иә, осымен бітті, меніңше, — дедім сөзімді шолақтау қайырып.

— Ал күйеуі ше?

— Әп-әдемі жігіт, бірақ асып кеткен түгі жоқ.

— Қара торы ма, әлде аққұба ма?

— Білмеймін, анау да, мынау да емес, екеуінің ортасы. Қарапайым жан.

Пуаро басын изеп: «Иә, ондай еркектер толып жатыр. Дегенмен, әйелдерді суреттеуге келгенде шебер екенсің. Қош, мына адамдар туралы тағы не айтасың? Оларды Паркер жақсы біле ме?

— Байқауымша, жақын арада ғана танысқан адамдары көрінеді. Шыныңды айтшы, Пуаро, сонда қалай сеніңше...

Пуаро қолын көтеріп: «Жә, жә, сабыр ет, достым. Әзірше пәлендей ешнәрсе дей алмаймын. Бар айтатыным — мұнда бір сыр бар. Әзірге біздің бар білетініміз әйелдің есімі ғана. Одан басқа іске татыр ештеме жоқ қой, Гастингс, солай ма?

— Оның аты Стелла, — дедім сөзге араласып. Онда тұрған не бар...

Пуаро қарқылдап күліп, сөзімді бөліп жіберді. Күлетіндей бірдеме болса керек, сірә.

— Стелла деген жұлдыздың аты емес пе? Тамаша!

— Сонда не демекшісің?..

— Ал жұлдыздар сәуле шашады! Ұқтың, ба? Сабаңа түс, Гастингс. Мазақ болған адамша шамданып, шытынама. Оданша Монтегю үйлеріне барып, біраз нәрсені сұрастырып қайтайық.

Мен соңына ілесіп жүре бердім. Біз көрмек болып келе жатқан жер бірнеше блоктан тұратын, жақында ғана сапалы жөндеуден өткен әдемі үй екен. Швейцар формасын киген біреу есік алдында күншуақтап тұр екен, соған қарап Пуаро: «Ғафу етіңіз, ерлі-зайыпты Робинсондар осы үйде тұра ма?» — деді.

Швейцар көп сөзді ұнатпайтын, тырысқақ әрі күдікшіл адам болса керек, бізге әзер дегенде мойнын бұрып: «Төртінші пәтер, үшінші қабат», — деп жауапты келте қайырды.

— Рахмет сізге. Олар мұнда қашаннан бері тұрып жатыр?

— Алты айдан бері.

Сенерімді де, сенбесімді де білмей, ішке қарай бет алдым. Пуароның мысқылдай жымиып келе жатқанын ішім сезіп келеді.

— Мүмкін емес, — деп дауыстап жібердім. — Сіз қателесіп тұрған боларсыз.

— Алты айдан бері тұрып жатыр дедім ғой.

— Рас солай ма? Мен айтып тұрған әйел бойшаң, аққұба, шашы қызғылт сары алтын түстес және...

— Дәл өзі, — деді швейцар.— Сентябрь айының жиырма тоғызы күні көшіп келген. Осыдан алты ай бұрын.

Бізден жалықты білем, швейцар ішке қарай шегіншектей берді. Мен Пуароның соңына еріп, сыртқа қайта шықтым.

— Қош, Гастингс? — деді менің досым қулана сыр тартып. — Әдемі әйелдер ылғи ағынан жарылады демекпісің?

Мен жауап қатпадым.

Пуародан енді оның не істемек екенін, қайда баратынымызды сұрап үлгіргенше, Бромптон Роуд көшесіне қарай бет алды.

— Агенттер тұратын үйге барамыз, Гастингс. Монтегю үйлерінен пәтер алуға аңсарым сондай ауып тұр. Қателеспесем, мұнда көп ұзамай бір қызық болады.

Біздің жолымыз болды. Бесінші қабаттағы сегізінші пәтер бар жабдығымен жалға беріледі екен. Құны — аптасына 10 гинея Пәтерді Пуаро ойланбастан бір айға жалдап алды. Сыртқа қайта шыққанда наразылығымды білдірмекші болдым. Пуаро аузымды ашқызбады.

— Бүгінде мен ақшаны бір кісідей-ақ табамын! Ендеше ойыма келгенді неге істемеске? Айтпақшы, Гастингс, сенде осы тапанша бар ма? — деді ол.

— Иә, бір жерде болуы керек, — дедім мен сәл кібіртіктеп. — Сонда...

— Саған керегі бар ма демексің ғой? Байқауымша, өзіңе ұнап қалған сияқты ғой. Сөзімді баурап алатын асқақ дүниелердің саған ұнайтынын білемін.

Ертесіне біз уақытша қонысымызға келіп кіріп алдық. Әдемі жабдықталған, Робинсондардан екі қабат жоғарыда, дәл солардың төбесіне орналасқан, тура солардікіндей пәтер екен.

Біз келіп кірген күннің ертесіне жексенбі болатын. Түстен кейін Пуаро сыртқы есікті толық жаппай, ашық қалдырған. Төменгі жақтан тықыр естілген кезде ол мені қасына тез шақырып алды да: «Баспалдақтың канатынан еңкейіп қарашы. Сенің таныстарың емес пе? Байқап қалмасын», — деді.

Баспалдақтан мойнымды созып, төмен үңілдім.

— Солардың дәл өзі, — дедім сыбырлап.

— Дұрыс. Әлі де бақылай түс.

Жарты сағаттай мерзім өткен кезде, пәтерден құлпыра киінген және бір жас әйел шықты. Көңілі енді орнына түсіп, Пуаро күрсінді де, аяғының ұшымен басып ішке кіріп кетті.

— Бәрекелді. Пәтер иелерінің соңын ала қызметші әйел де шығып кетті. Енді пәтер бос қалуға тиісті.

— Осы біз не істегелі жүрміз? — дедім шыдамым таусылып.

Пуаро ыдыс-аяқ жуатын бөлмеге тез басып кірді де, сырттан көмір көтеріп шығаратын лифтінің жібін тартқылай бастады.

— Қоқыс шығаратын лифт қорапқа мініп төмен түсеміз, — деді ол көңілдене өз ойын түсіндіріп. — Бізді жан адам байқамайды. Демалыс күнгі концерт бар, ағылшындардың серуендейтіні немесе түскі тамақтан кейін жатып, көз шырымын алатыны және бар, міне, осылардың барлығы да Геркюль Пуароға ел көзіне түспеуге жағдай туғызады. Ал, кеттік, достым.

Ол ағаш қораптың ішіне сүңгіп кетті. Сылбырлау қимылдап, жәшікке оның соңынан мен де түстім.

— Сонда қалай? Пәтердің есігін бұзып кіреміз бе? — дедім мен сезіктене.

Пуаро екі ұшты жауап қатып: «Дәл бүгін емес», — деді.

Лифтінің жібін тарта отырып, біз үшінші қабатқа жеткенше жайлап төмендей бердік. Ыдыс-аяқ жуатын бөлменің есігі ашық тұрғанын көргенде, қуанғаннан Пуароның даусы шығып кетті.

— Байқайсың ба? Күндіз бұл есікті ешкім де кілттемейді екен. Қаласа кез келген адам біз сияқты лифтімен төмен түсіп, қайта көтеріле алады. Түнге қарай бұл есікті кілттейтін болар, тіпті жаппауы да мүмкін. Алдағы жоспардың қамы ғой мына істеп жатқан тірлік.

Ол сөзін доғарып, қалтасынан біраз құрал-сайманды суырып алды да іске кірісіп кетті. Мақсаты есіктің шапкасын келесі жолы лифтімен қайта түскенде оңай ашылатындай етіп икемдеп кету екен. Бұған бас-аяғы үш минуттай-ақ уақыт кетті. Шаруасын бітірген соң Пуаро құралдарын қалтасына қайта салды. Көп ұзамай өз пәтерімізге қарай көтерілдік.

Дүйсенбі күні Пуаро күні бойы сыртта болды. Кешкісін оралғанда, көңілі жай тапқан адамдай орындығына күрсініп отыра кетті.

— Гастингс, саған бір нәрсе айтайын ба? Өзіңе ұнайтын бір фильмді есіңе түсіреді.

— Ал, баста, — дедім мен күліп. — Ойдан шығарған қиял емес, шын оқиға болар.

— Болғанда қандай. Бұның растығына Скотлэнд Ярдтың инспекторы Джэптің өзі де кепілдік бере алады. Бұл әңгіме маған солардың кеңсесі арқылы жетіп отыр. Құлағыңды сал, Гастингс. Осыдан алты ай бұрын Американың бір министрлігінен соғыс теңіз флотына қатысты өте құнды жобалар ұрланған. Ол жобаларда кеме тоқтайтын аса маңызды бекіністердің орналасқан жерлері белгіленсе керек. Әлгі қағаздар кез келген шет мемлекеттің, айталық Жапонияның қолына түссе, оның үлкен олжаға бататыны сөзсіз. Күдік министрлікте қосалқы кызметте жүрген, итальяндық Луиджи Вальдарно дейтін бір жас жігітке түседі. Өйткені ол жаңағы қағаз ұрланған күні көзден ғайып болған. Луиджи Вальдарно ұры ма жоқ па, ол арасы белгісіз, бірақ екі күннен кейін оның өлі денесі Нью-Йорктің шығыс жақ шетінен табылады. Оны біреу атып кетіпті.

Ұрланған қағаздар онда болмай шығады. Осыдан біраз уақыт бұрын Луиджи Вальдарно көбінесе Эльза Харт дейтін әнші бикешпен жұбын жазбай жүріпті. Вашингтонға кейін келген әлгі әнші бауыры екеуі бір бөлмеде тұрған. Эльза Харттың арғы тегінің кім екенін ешкім де білмейтін болып шығады. Вальдарно о дүниеге аттанысымен әнші қыз да тосыннан зым-зия жоқ болып кетіпті. Шын мәнінде, ол әртүрлі бүркеншік ат жамылып, не бір сұмдық қылмыстарға араласқан, халықаралық дәрежедегі аса тәжірибелі жансыз болуы әбден ықтимал деседі. Американың құпия қауіпсіздік мекемесі» бикештің ізіне түсу үшін қолдан келген шараның бәрін де істеп баққан. Барлау үстінде олар Вашингтонда тұратын бір топ жапондықтарды да көзден таса қалдырмайды. Олар Эльза Харт ізін суытып алған соң жаңағы күдікті топпен қалайда байланысады деген сенімде болса керек. Жапондықтардың бірі осыдан екі апта бұрын аяқ астынан Англияға суыт жүріп кетіпті. Соған қарағанда Эльза Харттың Англияда болуы да ықтимал, — деп Пуаро аз кідіріс жасады да, сөзін қайта жалғастырды: «Эльза Харттың ресми түрде жарияланған айырықша белгілері мынандай: бойы — 5 фут 7 дюйм, 8 көздері көк, шашы қызғылт-сары, бет әлпеті аққұба, қыр мұрынды.

— Робинсон ханым ғой! — дедім мен жұлып алғандай.

— Иә, сол болуы мүмкін, — деді Пуаро, бұл жолы мені құптап. — Сосынғы білетінім, бүгін таңертең бір қараторы адам, сірә, шетелдік болуы керек, осындағы төртінші пәтерде кімдер тұратынын сұрастырыпты. Соған қарағанда, достым, бүгін тәтті ұйқыңды қиып, төменгі пәтерде менімен бірге түні бойы кірпік қақпай отыруға тура келер. Әрине, әлгі тапаншаңды өзіңмен бірге ала жүрсең абзал болар еді.

— Әлбетте, — дедім мен сенімді дауыспен. — Қашан бастаймыз?

— Меніңше, түн ортасы қолайлы. Одан бері ештеме бола қоймайды.

Түнгі сағат дәл он екіде біз көмір көтеріп шығаратын лифтіге түсіп алып, үшінші қабатқа қарай жылжыдық. Пуаро әрекет жасап еді, ағаш есік ішке қарай бірден ашылды. Біз пәтердің ішіне сүңгіп кеттік. Ыдыс-аяқ жуатын бөлме арқылы ас үйге ендік те, залдың есігін жартылай ашық қалдырып, екі орындыққа жайғасып отыра кеттік.

— Енді бізге күтуден басқа еш нәрсе қалған жоқ, — деді Пуаро разы болған үнменен көзін жұмып.

Маған бұл күту шексіз болып көрінді. Ұйықтап қалам ба деп зәрем кетті. Шамамен 8 сағат өтті-ау деген кезде құлағыма тықырлаған бір әлсіз дыбыс келіп жетті. Кейін байқасам бір сағат жиырма минут қана күтіппіз. Пуаро қолымды қысып белгі берді. Орындықтан тұрып, екеуміз де ептеп басып зал жаққа қарай жылжыдық. Жаңағы дыбыс сол жақтан естілген болатын. Пуаро аузын құлағыма тақап: «Сыртқы есіктің ар жағында. Олар құлыпты ойып алып тастамақшы болып жатыр. Мен белгі берген кезде, арт жағынан келіп бас сал да, қапсыра қысып, тырп еткізбе. Бірақ байқа, қолында міндетті түрде пышақ болады», — деді сыбырлап.

Көп ұзамай жұлқа тартқан дыбыс естілді де, есіктің ойылып қалған жерінен сәуле шашырады. Сәуле лезде сөнді де, есік жайлап ашыла берді. Пуаро екеуміз қабырғаға жабысып қыбыр етпей тұрмыз. Қасымыздан жанай өтіп бара жатқан адамның демін сездім. Ол қол шамын жарқ еткізіп жағып жіберді. Сол сәтте Пуаро күбір етіп: «Ұмтыл», — деді.

Екеуміз бірдей бас салдық. Пуаро тез қимылдап, жүннен тоқылған жеңіл мойын орағышпен есікті бұзып кірген адамның басын тұмшалап қойды. Ал мен болсам, қылмыскердің қолын байлап тастадым. Бұл шаруа әрі тез, әрі у-шусыз бітті. Қолын бұрап тұрып, қанжарды жұлып алдым. Пуаро мойын орағышты көзінен төмен сырғытып, аузын ашқызбай тартып ұстап тұрды. Тапаншамды суырып алып, қарсыласқаннан ешқандай пайда жоқ екенін сездірдім. Қарсыласқанын қойған кезде, Пуаро оған бірдемелерді тез-тез сыбырлап айта бастады. Сәлден кейін тұтқын басын изеді. Қолының қимылымен анаған үн шығармауды бұйырды да, Пуаро жол бастап пәтерден шығып, баспалдақпен төмен түсті. Тұтқын соңынан ерді. Қаруымды қолыма ұстап, олардың артынан мен де жылжыдым. Сыртқа шыққан кезде Пуаро маған бұрылып: «Ана бұрышта такси күтіп тұр. Қаруыңды маған бер, енді оның қажеті бола қоймас», — деді.

— Мына батыр қашып кетсе не істейсің? — дедім мен.

Пуаро жымиып: «Қашпайды», — деді.

Мен күтіп тұрған таксиді алып қайтып келдім. Бұл кезде мойын орағыш тұтқынның бетінен төмен сырғып түскен екен: «Мынауың жапон емес қой», — дедім мен, алданғанымды жасыра алмай Пуароға сыбырлап.

— Қырағысың Гастингс. Ештеңені де қалт жібермепсің. Иә, бұл адам жапондық емес, итальяндық — деді Пуаро.

Таксиге отырған соң, Пуаро жүргізушіге Темзаның оңтүстігіндегі бір адресті атады. Бұл кезде ойым он саққа жүгірді. Тұтқынның көзінше Пуародан қайда бара жатқанымызды сұрауға намыстанып, әрі мына жұмбақтың шешуін таба алмай дал болдым.

Біз жолдан аулақтау кішкене үйдің алдына келіп түстік. Қарсы жақтан теңселе басып келе жатқан масаңдау біреу Пуароны қағып кете жаздады. Пуаро ашуланып, әлгіге бірдеме деді, бірақ оның не дегенін ұқпай қалдым. Үшеуміз баспалдақпен көтеріліп келе жатырмыз. Қоңырауды басып Пуаро бізге былайырақ тұрыңдар деп ишарат білдірді. Іш жақтан жауап болмаған соң Пуаро қоңырауды қайта басып, есіктің тұтқасын біразға дейін жұлқылады.

Кенет есіктің үстіндегі доға тәріздес терезеден жарық көрінді де, есік абайлап ашылып: «Жеті түнде не керек өзіңе?» деген ашулы еркектің даусы шықты.

— Маған дәрігер керек. Әйелім сырқаттанып қалып еді.

— Мұнда дәрігер жоқ,— деді іштегі дауыс.

Әлгі еркек есікті жаппақшы болып ыңғайланып еді, Пуаро ырық бермей, аяғын тез тоса қойды. Лезде ыза кернеп, ашуға мінген француздың керін келтіріп: «Немене? Дәрігер жоқ дейсің бе? Мен сені сотқа беремін. Қане, бері шық! Мен бұл жерден таң атқанша кетпеймін, түні бойы қоңырауды басып, есігіңді соғамын да тұрамын», — деді Пуаро.

Есік қайта ашылып, халат киіп, аяғына шәрке іле салған ер адам сыртқа шықты. Жан-жағына ыңғайсыздана қарап, Пуароны сабасына түсіруге әрекеттенді.

— Мен полиция шақырамын,— деп Пуаро баспалдақ жаққа қарай ыңғайлана беріп еді, әлгі еркек: «Жо-жоқ, құдай үшін қоя тұрыңыз!» — деп оның соңынан тұра ұмтылды.

Пуаро оны ақырын ғана нұқып еді, анау тәлтіректеген күйі баспалдақпен төмен түсіп кетті. Келесі сәтте үшеуміз де ішке кіріп, есікті кілттеп қойдық.

— Тез, былай қарай, — деп Пуаро таяу тұрған бөлмеге енді де, шамды жағып жіберді.

— Ал сіз мына перденің артына тығылыңыз.

— Құп болады, сеньор, — деп итальяндық қызыл мақпалдан тігілген терезе перденің артына зып беріп кіріп кетті.

Ол көзден таса болысымен, көзді ашып-жұмғанша бөлмеге бір әйел жетіп келді! Сұңғақ бойлы, шашы қызғылт сары, ашаңдау мүсініне шоқтай қызыл кимоно іле салған.

— Күйеуім қайда? — деп айқайлап жіберді ол зәресі кетіп. — Сіздер не қылған адамсыздар?

Пуаро ілгері шықты да, иіліп: «Жұбайыңызға суық тие қоймас деген үміттеміз. Байқауымша, оның аяғында шәркесі бар, үстіндегі халаты да жылы көрінеді», — деді.

— Кім боласыздар? Менің үйімде не істеп жүрген адамсыздар?

— Оныңыз рас, ханым, еш қайсымыз да сізді танымаймыз. Арамызда сізбен жүздесуге арнайы Нью-Йорктен келген адам да бар.

Осы кезде терезе перденің артынан итальяндық шыға келді. Жүрегім зу ете қалды. Пуаро бейқамдық жасап алдырып қойса керек, әлгінің қолында менің тапаншам бұлғақтап тұр.

Әйел жан даусы шыға шыңғырып бұрылып қашпақшы болды. Бірақ бұл кезде Пуаро кілттеулі есіктің алдына көлденеңдеп тұра қалды.

— Мені өткізіп жіберіңізші, — деп жалбарынды әйел. — Анау мені өлтіреді.

— Әлгі сен сілейтіп кеткен Луиджи Вальдарноның кім екенін білесің бе? — деді итальяндық даусы қырылдап, қаруын бұлғақтатып, әр қайсымызды бір-бір сипап өтіп.

Қимылдауға шамамыз келмей тұрып қалдық.

— Құдайым-ау, Пуаро, мынау сұмдық болды ғой. Енді не істейміз? — деп дауыстадым.

— Сен көп сөйлемей тұра тұрсаң, сол дұрыс болар еді, Гастингс. Маған сенуіңе болады, досымыз белгі бермейінше атпайды.

— Оған көзің жете ме? — деді итальяндық Пуароға көзін аларта қарап.

Мен Пуароның сөзіне сене қоймадым, алайда әлгі әйел Пуароға жалт қарап: «Сізге не керек өзі?» — деді.

Пуаро оған басын иіп: «Эльза Харт сияқты ақылды бикешке бәрін тәптіштеп айтып жату артықтау болар», — деді.

Тез қимылдап, әйел телефонның үстінде жатқан қара мақпалдан жасалған үлкен мысық іспеттес жапқышты жұлып алып: «Олар мынаның астарына тігілген», — деді.

— Дұрыс-ақ — деді Пуаро құптай күбірлеп. Есікке қарай жылжып: «Қош болыңыз, бикеш. Сіз құтылып кеткенше Нью-Йорктен келген досыңызды бөгей тұрамын», — деді.

— Ақымақты қарай гөр! — деп, еңгезердей итальяндық ақырып жіберді. Ол қаруын көтере беріп, сытылып бара жатқан әйелді көздеді. Дәл осы кезде мен оны бас салдым.

Қарудың шаппасының шырт еткені болмаса, ешкімге залалы тиген жоқ. Іле-шала Пуароның жақтырмаған үн шықты: «Ескі досыңның айтқанына еш уақытта да сенбейді екенсің ғой, Гастингс. Мен бейтаныс адам тұрмақ, өз жолдастарымның да оқтаулы қару ұстап жүргенін ұната қоймаймын. Жо, жоқ, достым...» — деді ол, енді сөзінің соңын өзін кіжіне сыбап тұрған итальяндыққа арнап. Пуаро оған жақтырмағандығын аңғартып: Біліп қойыңыз, сізге қандай жақсылық істегенімді. Мен сізді дар ағаштан аман алып қалдым. Сосын, ана сұлу бикеш құтылып кетеді екен деп ойламаңыз. Жо-жоқ. Үй түгелдей бақылауға алынған. Тұп-тура полицияның қолына барып түседі олар. Бұған не дейсіз, көңіл жұбататын нәрсе емес пе? Ал енді сізге бөлмеден шығуға болады. Бірақ сақ болғайсыз, өте сақ болғайсыз. Мен... Өй, жанағы зытып үлгеріпті ғой! Ал досым Гастингс болса марал көзін алартып, жаратпай тұр. Бірақ мұнда түсінбейтін ешбір жұмбақ жоқ! Монтегю үйінің төртінші пәтеріне құда түскен сан адамнан тек Робинсондардың ғана қажет болғандығы о бастан айдан анық еді. Неліктен олай? Оларды бір көргенде-ақ басқалардан оқшау еткен не болды екен? Түр-сипаттары ма? Мүмкін, бірақ олардың өзгелерден асып кеткен ештемесі жоқ қой. Онда есімі ме?

— Алайда Робинсон деген есімде тұрған не бар, — деп дауыстап жібердім мен. — Бұл қарапайым ғана есім ғой.

— О, жасаған, дәл солай! Мәселе де сонда. Эльза Харт пен оның күйеуі, иә бауыры, мейлі кімі болса сол болсын, Нью-Йорктен келеді де, ерлі-зайыпты Робинсондардың атына пәтер алады. Кенеттен олар мафия иә Каморра сияқты құпия ұйымдардың бірі, соңына түскенін сезіп қалады. Луиджи Вальдарноның сол ұйымның біреуінің мүшесі екендігіне олардың титтей де күмәні болмаған.

Енді олар не істейді? Оңай айлаға көшеді. Өздерін қуғыншылардың тікелей танымайтынын білетін болса керек. Олар пәтерін арзан бағаға жалға ұсынады. Лондон сияқты үлкен қаладан баспана іздеген мыңдаған жас жұбайлардың ішінен бір емес бірнеше Робинсондардың табылатыны сөзсіз ғой. Мәселе тек күтуде. Егер телефон анықтамасындағы Робинсон деген есімдердің тізімін бір шолып .шықсаңыз, ішінен ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір сары шашты Робинсон атты әйелдің табылатынына көзіңіз жететіні хақ.

Сосын не болмақ? Сосын кек алушы да келіп жетеді. Ол адресті де, есімді де біліп алады. Қарымтасын қайтарады! Бәрі де тынады, кек алынады. Ал Эльза Харт бикеш болса сүттен ақ, судан таза болып, тағы да жып-жылмағай сытылып шығады. Айтпақшы, Гастингс, сен мені анау әдемі, өзің айтқан тамаша жан, Робинсон ханымға апарып таныстыруың керек! Пәтеріне біреулердің есікті бұзып кіргенін көргенде не деп ойлап қалар екен, дереу солай қарай тартпасақ болмас. Ана Джэп пен оның достары да келіп қалған сияқты.

Сыртқы есіктің тұтқасын тарсылдата соққан дыбыс естілді.

— Бұл адресті қайдан білдің? — дедім мен Пуароға соңынан зорға ілесіп келе жатып.

— Сен әлгі бірінші Робинсон бикеш ана пәтерін тастап шыққанда, артынан қалмай, ізін бағып отырғансың ғой.

— Жарайсың Гастингс. Міне, бұл жерде миың жұмыс істеп кетті. Ал енді Джэпті таң қалдырайық.

Есікті ақырын ғана ашып, Пуаро әлгі қара мақпалдан тігілген мысықтың басымен есіктің қырын бір періп жіберді де, «мияу» деп шаңқ ете қалды.

Қасында бір адамы бар, есіктің сырт жағында тұрған Скотлэнд Ярдтың инспекторы шоршып кетіп: «Өй, мынау Пуаро мырза екен ғой қалжыңдап тұрған!» — деді даусы қаттырақ шығып, мысықтың соңынан Пуароның басы қылтиғанда. — Ішке кірелік, мырза.

— Қалай, біздің «достарды» құтты жерге аман-есен қондырдыңыздар ма?

— Иә, ол «туысқандарды» дұрыстадық қой. Бірақ әлгі заттар оларда болмай шықты.

— Солай деңіз. Демек, тінтуге келіп тұрсыздар ғой. Гастингс екеуміз, енді жүргелі жатыр едік, сонда да болса сізге үй мысығының тарихы мен қылығы туралы кішкентай ғана әңгіме айтқым келіп тұр.

— Құдай үшін, керек емес. Сізге не болған, ақылдан мүлдем ауысқаннан саусыз ба?

— Мысыққа, — деп бастырмалата жөнелді Пуаро, — «ертедегі египеттіктер сыйынған. Қазірге дейін жолыңызды қара мысық кесіп өтсе, жақсы нышанға санайды. Ал мына мысық бүгінгі түні сіздің жолыңызды кесті, Джэп. Англияда адамның, не жануардың іш құрылысы туралы әңгімелеу әдептілікке жатпайтынын жақсы білемін. Бірақ мына мысықтың ішкі дүниесі өте нәзік көрінеді. Астарын айтып тұрғаным ғой.

Мырс етіп, инспектордың қасындағы адам мысықты Пуароның қолынан жұлып алды.

Айтпақшы, сізге таныстыруды ұмытып кетіппін ғой, — деді Джэп. — Пуаро, бұл кісі

— Құрама Штаттардың қауіпсіздік мекемесінен келген Вэрт деген мырза.

Американдықтың сезімтал саусақтары іздеген затын дөп басты. Қолын ұсынса да, бір сәт сөйлей алмай қалып, сосын орнынан тұрып: «Сізбен танысқаныма өте қуаныштымын», — деді Вэрт мырза.