Әдебиет
Он қара домалақ
Бірінші тарау
1
Шылым шегетіндерге арналған бірінші дәрежелі вагонның бір бұрышына жайғасқан сот Уоргрейв — ол жақында ғана жұмыстан біржола босап шыққан — сигарын түтіндетіп, `Таймстағы` саясат бөлімін шолып отырған. Ұзамай газетті былай ысырып қойып, терезеден сыртқа көз жіберді. Пойыз Сомерсеттен өтіп бара жатыр еді. Сот ойша шамалап көрді — әлі екі сағаттай жүруі керек екен.
Негр аралы жайында газеттерде жазылғанның бәрін сот қайта-қайта ой елегінен өткізумен келеді. Әуелі оны яхта десе ішкен асын жерге қоятын американ миллионері сатып алыпты, Девон жағалауына жақын жерде орналасқан осынау шағын аралда қазіргі заман үлгісіндегі керемет көркем үй тұрғызыпты. Алайда, өкінішке қарай, миллионердің үшінші әйеліне, таяуда ғана тапқан тотықұсына теңіздегі шайқалыс жақпайды екен, осы жағдай миллионерді үймен де, аралмен де қош айтысуға мәжбүр етіпті.
Сөйтіп, арал сатылатын болды, оның әсемдігін айтып тауыса алмайтын сипаттамасы бар құлақтандырулар газеттерде жиі-жиі жарық көре бастады. Одан соң аралға мистер Оним дейтін біреудің ие болғаны жөніндегі хабар жарияланды. Сол сол-ақ екен, зайырлы қауым өміріндегі жаңалықтарды жиып теретіндердің қиялы шартарапты шарлап кетті. Шын мәнінде Негр аралын голливудтық киножұлдыз мисс Габриелла Терл сатып алыпты!.. Сол жерде - репортерлер мен жарнама ырың-жырыңынан жырақта - бірнеше ай тыныш тұрғысы келетін көрінеді!.. `Бизи Би` бұл арал король отбасының жазғы резиденциясына айналатыны жайында сыпайы түрде тұспалдап жеткізді. Мистер Мерриуэдерге аралдың жас лорд Л. меншігіне көшкені - ақыры оның да Купидон құрбандығына айналып, аралда бал айын өткізуге ниет еткені турасында сыбыс жетті. `Джонас` аралды әлденендей бір айрықша құпия сынақтар өткізу мақсатында Әскери-теңіз күштерінің басқармасы сатып алғанына зәредей күмән келтірмеді.
Негр аралы шынымен-ақ газет беттерінен түспей-ақ қойды.
Сот Уоргрейв қалтасынан хат шығарды. Мұндай түсініксіз қолтаңба өте сирек кездесетін, дегенмен әр жер — әр жерінен ап-айқын жазылған сөздер де ұшырасып қалатын:
`Сүйікті Лоренс... Өзіңіз жайында ештеңе естімегелі қанша жыл... қайтсеңіз де Негр аралына келетін болыңыз... Көрсе көз тоймайтын жер... айтатын әңгіме сондай көп... сол бір күндер... табиғатпен тілдесіп... күн шуағына қыздырынып... 12.40-та Паддингтон вокзалынан... Сізді Оукбриджден қарсы алам...`
Астында әдемі етіп қойылған қол тұр:
`Қашан болсын қасыңыздан табылар
Констанция Калмингтон`.
Леди Констанция Калмингтонды соңғы рет қашан көргенін есіне түсіруге тырыспақ болған сот Уоргрейв өткен күндер жайында ой кешіп кетті. Одан бері де жеті жыл, — әлде тіпті сегіз жыл ма екен, — өтіпті. Сол кезде Констанция күн шуағына қыздырынып, табиғатпен және contadini тілдесу үшін Италияға кеткен. Содан соң бүл оның одан да ыстық күн шуағына қыздырынып, табиғатпен және бәдәуилермен тілдеспекке Сирияға жол шеккенінен құлағдар болған.
`Арал сатып алу, айнала маңайына құпиялық ахуал орнату — Констанция Калмингтон мінезіне мейлінше тән нәрсе`, деп ойлады сот. Сосын басын шұлғып қойды: өзіне керемет көңілі толып отырған — енді ше, логикасы қашан да қисынды - ақ қой... Одан соң соттың басы кеудесіне сылқ етті — көзі ілініп кеткен-ді...
Вера Клейторн — ол үшінші дәрежелі вагонмен келе жатқан — орындықтың арқалығына шалқайып, көзін жұмды; вагонда одан басқа тағы бес жолаушы бар еді. Бүгін пойыздың іші неткен ыстық десеңші! Аз уақытқа болса да теңіз жағасында тынығу қандай ғанибет! Иә, бұл жұмысқа орналасарда шынымен-ақ жолы болды! Жаз айларында жұмысқа жалданғанда қашан да тек балаларды бағып-қағу әуресіне тап боласың — хатшы боп орналасуға ешқандай мүмкіндік жоқ. Тіпті агенттік арқылы да.
Сөйтіп жүргенде күтпеген жерден мынадай хат алды:
`Маған Сізді `Ұсынықты әйелдер` агенттігі ұсынды. Байқауымша, олар сізді жақсы білетін секілді. Қандай жалақы алғыңыз келетінін айтыңыз, мен бәріне күні бұрын келісем. Міндетіңізді атқаруға 8 тамыз күні кірісерсіз деп үміттенем. Пойыз Паддингтон вокзалынан 12.40-та жүреді. Сізді Оукбридж стансасынан қарсы аламыз. Жол шығыны үшін хатпен бірге бес фунт қоса салып отырмын.
Шынайы құрметпен
Анна Нэнси Оним `.
Жоғары жағында адресі бар: `Негр аралы, Стиклхевн. Девон`.
Негр аралы! Соңғы кездері газеттер осы аралдан басқа ештеңе жайында жазған емес. Репортерлер әрқилы түсінуге болатындай екіұшты әңгіме қаулатып, не қилы өсек-аяң мен сыбыстарды туындатып жатты. Шамасы, бұлар шындықтан шалғай лақап сөз шығар. Бірақ неғылған күнде де, бұл үйді миллионер тұрғызыпты және жұрттың айтуынша сән-салтанаты ес тандырарлықтай көрінеді.
Таяуда ғана аяқталған семестрден әжептәуір қалжырап қалған Вера Клейторн былайша ой кешіп отыр: `Ортақол мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалимасы болу — не бір үлкен дәреже дейсің... Әлдебір тәуір мектептен жұмыс тауып алудың орайы түссе ғой шіркін...` Осы арада жүрегі сыздап кетті де, сол бойда өзін тыйып тастады: `Жоға, жолым болды деп есептеуге тиіспін. Тергеуге түстің екен, тіпті ақыр аяғында ақталып шыққан күннің өзінде де, бетіңе жағылған күйені кетіре алмайсың`.
Сол жерде ол тергеушінің өз дәйектемесінде мұның өжеттілігі мен жүректілігін атап өткенін еске алды. Иә, тергеу жақсы аяқталды, бұдан артықты тілеуге де болмайтын. Миссис Хамильтон да мейірім танытты.. тек ана Хьюго болмаса. (Жо-жоқ, ол Хьюго жайында ойланбақ емес!)
Қапырық ыстыққа қарамастан денесі қалтырап кетті, теңізге бара жатқанына өкініш білдірді. Таныс көрініс көз алдына қайта оралды. Сирил жартасқа қарай жүзіп барады, басы қылт - қылт етіп теңіз бетіне бір шығып, бір батып барады... Бір шығады да бір батады - бір батады да бір шығады... Ал бұл болса құлашын үйреншікті әдетінше кең сермеп, толқынды жеп-жеңіл жарып жүзіп келеді және оның жартасқа жете алмайтынын біліп келеді, жан-тәнімен сезіп келеді...
Теңіз — жып-жылы көгілдір толқын — ыстық құмдағы ұзақ сағаттар — және Хьюго - ол мұны сүйетінін айтады... Жоға, Хьюго жайында ойлауға болмайды...
Ол көзін ашып, қарсы алдында отырған еркекке жақтырмай қарап қойды. Ұзын бойлы, күнге қап-қара боп тотыққан, көгілдір көздері бір-біріне тым жақын орналасқан, ернін жымырып алған. Бәс тігуге бармын, бүл кісі дүниені көп шарлаған және көрмегенді көрген деп ойлады ол...
Қарсы бетте отырған қыз жайында белгілі бір пікірге келу үшін Филипп Ломбардқа бір-ақ рет көз тастау жетіп жатты: әп-әдемі, бірақ бойында мұғалимаға тән қылықтар бар сияқты... Сабырлы және махаббатта да, өмірде де есесін жібере қоймайтын болар. Айналдырып көруге тұратын - ақ қыз...
Ол қабағын шытты. Жо-жоқ, қазір ондайға алаңдаудың қисыны жоқ. Шаруаның аты шаруа. Қазір тек жұмыс жайында ғана ойлану керек.
Апырай, қандай жұмыс күтіп түр екен өзін? Моррис екіұшты сөйлеп, жөнін айтпады:
— Ойланып көріңіз, капитан Ломбард: хош көрмесеңіз - қоя қойыңыз.
— Сонда маған жүз гиней ұсынып тұрсыз ба? - деді Филипп, құдды жүз гиней өзі үшін әншейін нәрсе секілді немқұрайды кейіпте.
Жүз гиней дейді, ал мұнда бүгін түстік ішетін де ақша жоқ. Әйткенмен, Морристі алдай алмаған шығар, ақша мәселесінде оны алдап соғу қиын - ондай адамдардың қатарына жатпайды: ақшаға қатысты нәрсенің бәрін бес саусағындай біледі.
— Басқа ештеңе айта алмайсыз ба маған? - деп сөзін жалғады ол сол бұрынғыша немкетті түрде.
Мистер Айзек Моррис кішкене жалтыр басын қайта - қайта шайқады:
— Жоқ, мистер Ломбард, осы арада нүкте қоюға тиіспін. Қауіпті қақтығыстарда таптырмайтын адам екеніңіз клиентіме жақсы мәлім. Маған сізге жүз гиней беру тапсырылды. Осының өтеміне сіз ана Девондағы Стиклхевнге баруыңыз керек. Оған ең жақын станса - Оукбридж. Сізді сол арадан қарсы алып, машинамен Стиклхевнге апарады, ол жерден моторлы қайық арқылы Негр аралына жеткізеді. Ал онда барған соң, әлбетте, клиентімнің қарамағына өтесіз.
— Қанша уақытқа? - деп сұрады Ломбард бар болғаны.
— Әрі кетсе — бір аптаға.
Мұртын бір ширатып қойған капитан Ломбард:
— Заңсыз істерге қолымды былғамайтынымды түсінетін шығарсыз? - деді.
Осыны айтқанда сұхбаттасына күдіктене қарап қалған. Қалың ернін күлкі қыбыр еткізгенімен, мистер Моррис барынша байыпты түрде жауап қатты:
— Егер әлденендей бір заңсыз әрекет жасау ұсынылатын болса, онда, әлбетте, одан бас тартуға толық қақыңыз бар.
Соны айтып езу тартты — арсызын қарашы! Ломбардтың заңдылықты сақтауға бұрын мұншалықты құштар бола қоймағанын білетін адамша езу тартып отыр.
Ломбард та еріксіз мырс етті. Ол рас, бір-екі рет құрықтала жаздап шақ қалғаны бар! Бірақ, әрдайым аман құтылып отырған. Ол неден болсын дерлік тайынбайтын. Иә, не нәрседен болсын дерлік. Байқауынша, Негр аралында қол қусырып қарап отыруға тура келмейтін сияқты...
4
Мисс Брент — ол шылым шекпейтіндерге арналған вагонда келе жатқан — оқтау жұтқандай тіп-тік отырған: өзіне жеңілдік жасау деген ғадетінде жоқ нәрсе болатын. Жасы алпыс бесте еді, бүгінгі күндері етек алып кеткен салдыр-салақтық пен қырсыздықты суқаны сүймейтін. Әкесі, әскерде қартайғанша қызмет еткен полковник, кеудені тік ұстауға ерекше мән беретін. Бүгінгі заман жастары шамадан тыс бетімен кеткен жүріс -тұрыстарынан - ақ көрініп түр ғой бәрі; жалпы алғанда, олардың...
Өз ұстанымының әділдігі мен алған беттен айнымайтын табандылығын сезіну мисс Эмили Брентке үшінші дәрежедегі аузы-мұрнынан шыққан вагонның иіс-қоңысы мен жайсыздығына шыдап бағуға шарапатын тигізіп келе жатыр еді.
Қазір жұрттың бәрі жан аяр боп кетті. Тістерін тек ауруды сездірмейтін дәрмекпен жұлдырады, ұйқысы қашса не түрлі ұйықтататын дәрі ішеді, отырса тек жұмсақ креслоға отырады немесе арқасына көпшік тастайды, ал бойжеткендердің не киіп жүргенін түсініп болмайсың, корсет тақпайды, жаз шықса болды, жағажайда жартылай жалаңаш шалжиып жатады...
Мисс Брент ернін қымқырды. Өз басының үлгі-өнегесі арқылы белгілі бір топтың адамдарына қалай жүріп-тұру керегін үйреткісі келеді-ақ... Өткен жаз ойына оралды. Жо-жоқ, биыл бәрі басқаша болмақ. Негр аралы... Сол арада ол өзі сан рет қайталап оқыған хатқа тағы бір мәрте ойша көз жүгіртіп өтті:
`Құрметті мисс Брент, сіз мені әлі ұмытпаған шығарсыз? Бұдан бірнеше жыл бұрын тамыз айында Беллхевн пансионында бірге болғанбыз, меніңше, сонда жақсы тіл табысып кеткендей едік.
Енді мен қазір Девон жағалауына жақын маңайдағы шағын аралдан өз пансионатымды ашып отырмын. Меніңше, бұл арал тағамы дәмді, жаңа модаға еліктейтін әурешілігі жоқ пансионға, — яғни сіз бен біздің әдет — дағдымызды оғаш санамайтын жандарға, ескінің көзі саналатын адамдарға арналған пансионға, — өте лайықты орын секілді. Мұнда жартылай жалаңаш жастар мен жеті түнде ойнайтын граммофондар болмайды. Егер жазда Негр аралына келіп демалуға мүмкіндік тапсаңыз, — әлбетте, мүлдем тегін, қонақ құрбым ретінде, — мен бұған қатты қуанар едім. Тамыз айы Сізге қолайлы бола ма? Айталық, сегізінен бастап десек?
Өзіңізге деген шынайы құрмет сезімімен,
А.Н...`
`Апырай, аты-жөні қалай еді ол әйелдің? Қойған қолы таңғаларлықтай түсініксіз. Қазір жұрттың бәрі қалай болса солай қол қоя салады`, деп бұрқан-талқан болды Эмили Брент.
Беллхевнде кездескендерді ойша сараптап шықты. Онда екі жаз қатарынан болған. Сол жерде егделеу жастағы біp сүйкімді әйел тұратын — миссис... миссис — әулет есімі қандай еді оның? Әкесі каноник — тұғын. Сосын онда мисс Олтон әлде Оден болды. Жо-жоқ, оның әулет есімі Оньон! Дұрыс, дұрыс — Оньон!
Негр аралы! Газеттер Негр аралы жайында өте көп жазды, бұрын оған әлде киножұлдыз ба, әлде Америка миллионері ме, әйтеуір біреу иелік еткен десіп жатты. Әрине, көп ретте бұл аралдар су тегінге сатылады — арал сатып алуға құштар адам көп емес. Әу баста аралдағы өмір өте тартымды көрінеді, бірақ онда қоныс тепкен бойда сан қилы жайсыздық самсап шыға келеді де, одан құтылғанша асық боласың. `Қалай болған күнде де, — деп ойлады Эмили Брент, тегін демалатыным анық әйтеуір`. Қаражаттан қысылып жүрген қазіргідей шақта, — өйткені, дивидендтер бірде төленсе, бірде төленбей жүр емес пе, — аздап болса да ақша үнемдеу мүмкіндігін жіберіп алмаған жөн ғой. Бір өкініштісі тек әлгі миссис, әлде, бәлкім, мисс пе екен, Оньон жайында есінде бәлендей ештеңе сақталмапты.
5
Генерал Макартур терезеден сыртқа көз жіберді. Пойыз Эксетерге қарай келе жатқан — сол жерде генерал басқа пойызға ауысып отырмақ еді. Тасбақа тырбаңнан артыққа жібере қоймайтын бүл шойын жол кімнің де болсын шыдамын тауысары анық. Ал тікелей тартсаң Негр аралы - қол ұсыным ғана жерде түр.
Әлгі Оним дегеннің кім екенін ол ақыры біле алмады, сірә, Пройд Леггард пен Джонни Дайердің танысы шығар.
`Армиялық достардың бір-екеуі келеді... өткен күндер жайлы сыр шертсек деп едік`.
Несі бар, өткен күндер жайында бұл айыз қандыра әңгіме соғуға даяр. Соңғы жылдары бұрынғы жолдастары өзіне қырын қарай бастағандай сезім пайда болған. Бәрі де сол баяғы жүрек айнитын өсек-аяңның қырсығы ғой! Ойпырай, одан бері отыз жылдай уақыт өтпеді ме! Армитидж шығар бәрін бықсытып жүрген, деп шешті ол Кісәпір күшік. Ол қайдан біледі мұның бүге-шігесін? Жә, жетер, бүл жайында ойланудың қажет жоқ. Оның үстіне, сірә, бұған солай көрінген шығар, — біресе бір жолдасы, біресе екіншісі өзіне ала көзбен қарайтындай көрініп жүрген болар.
Әлгі Негр аралы деген қандай екен өзі, ә? Ол жайында не көп — өсек аяң көп. Оны Әскери-теңіз күштерінің басқармасы, әскери министрлік немесе әскери-әуе күштері сатып алыпты-мыс дейтін сыбыстың жаны бар сияқты...
Аралдағы үйді америкалық жас миллионер Элмер Робсон салыпты. Жұрттың айтуынша, бұған қыруар қаражат жұмсапты. Олай болса, сән-салтанаты шынымен-ақ қайран қаларлық шығар...
Экстер! Пойызбен әлі бір сағат жүру керек! Төзім таусылып бітті. Тезірек жетсе екен тек...
6
Дәрігер Армстронг `Моррисін` Солсбери жазықтығымен айдап келе жатты. Ол мүлдем титықтап біткен-ді... Табыстың да күнгей жағымен қатар көлеңкелі жағы бар. Үстіне су жаңа қымбат костюм киіп Харли-стриттегі сәнді кабинетінде, қазіргі заманғы ең жаңа аппаратуралар ортасында күтумен отыратын, алда өзін — бақ па, сор ма — не тосып тұрғанынан бейхабар күйде күн артынан күн өткізетін заман келмеске кетті....
Ол табысқа жетті. Жолы болды! Дегенмен, жалғыз тек жолы болғыштық аздық етеді, оған қоса жақсы маман болу шарт. Ол өз ісін білетін - бірақ, табысқа жету үшін бұл да аз еді. Бұған қосымша, жолың болуы керек. Ал, оның жолы болды! Дүдәмал диагноз, дән риза бір-екі науқас әйел - дәулетті, зиялы қауымда дәріпті - сол-ақ екен, есімі жұрт аузына ілігіп, бірден бірге тарай бастады: `Армстронгқа қаралуыңыз керек, жас болғанмен сондай білгір: ана Пэмді көрдіңіз бе, кімге барып емделмеді дейсіз оны - жылдар бойы деп тұрмын ғой сізге, жылдар бойы, ал Армстронг оған көз қиығын салды да, жағдайын бірден түсіне қойды`.
Содан жұрт ағылды дейсің кеп.
Осылайша дәрігер Армстронг әйгілі емшіге айналды. Енді оның әр күнгі жұмысы минутына дейін алдын-ала белгіленіп қоятын болды. Демалар уақыт табылмады. Лондонды тастап шығып, бірнеше күнге Девон жағалауындағы аралға бара жатқанына тамыздың бүгінгі таңында мәз-мейрам боп қуанғанының да себебі осы еді. Әрине, бүл -сөздің тура мағынасындағы демалыс емес-ті. Хат екіұшты ұғым тудыратын сөздермен жазылған болатын, есесіне хатпен бірге жіберілген чекте ондай екі ұштылық жоқ-ты. Қаламақы көлемі естіген адамды естен тандыр ар л ықтай еді. Бұл Онимдерде ақша деген пішен болса керек. Зайыбының денсаулығына күйеуі қатты алаңдап жүрген тәрізді, осы себепті әйелінің жағдайы қалай екенін оны мазаламай-ақ білгісі келеді. Себебі, әйелі дәрігерге қаралудан үзілді - кесілді бас тартып отырған көрінеді. Ал, оның жүйкесі жұқа екенін ескергенде...
Өй, осы жүйке деген пәлені - ай! Дәрігердің қабағы керіліп етті. Өй, осы әйелдер мен олардың жүйкелерін - ай! Жасыратыны жоқ, бұлардың қылтың-сылтыңы мұның пайдасына жарап түр. Бұған келіп қаралған әйелдердің тең жартысының ешқандай ауруы жоқ еді, құр әншейін іші пысқаннан ермек қылатын, бірақ бүл жөнінде бірдеңе деп көр тек! Түптеп келгенде, әлденендей бір дімкәстік ізін тауып алудың не қиындығы бар: сізде (кез келген ұзақтау ғылыми термин) нормаға сәл жетіңкіремей тұр екен, қорқатын дәнеңе жоқ, бірақ сізге аздап емделу керек. Мұның түк қиындығы жоқ...
Медицинада ауруды көбінесе сенім емдеп жазатыны белгілі ғой. Ал, дәрігер Армстронг өзінің ісін білетін, басқаға ебі болмаса да үміттендіру мен тыныштандыруға шебер еді.
Бақытына қарай, сол оқиғадан кейін (ол қашан болып еді - он жыл ма, жоға, он бес жыл бұрын екен-ау) бүл жөнге келе білді. Кереметтің құдірет - күшімен ғана құтылды. Иә, ол кезде бүл азғындыққа салынудың аз-ақ алдында болатын. Бірақ аза бойын қаза қылған сол бір төтенше оқиға оны тәубеге келуге мәжбүр етті. Тап сол күннің ертеңіне ішкенді біржола қойды. Ойпырай, ойпырай, сол кезде оның аман - сау құтылып кеткені адам айтса нанғысыз ғажайып қой...
Автомобильдің аңыраған гудогы құлағын жарып жібере жаздады - дәл жанынан кем дегенде жүз отыз шақырымдық жылдамдықпен нән `Супер-спортс-Далмейн` жүйткіп өте шықты. Дәрігер Армстронг дуалға соғыла жаздап шақ қалды. Өлген-тірілгеніне қарамай құйындатып жүретін жындысүрей жастардың бірі болса керек. Әбден жынына тиіп бітті бұлар. Ал, өзі сонда кереметтің күшімен қүтылып еді-ау - бүл жолы да солай болды. Неге жер жастанбайды екен бүл жындысүрей!
7
Мир деревнясын машина моторын азынатып, құйындата кесіп өтіп бара жатқан Тони Марстон былайша ой кешіп отыр: анадай есек арбалар қайдан шығады осы? Тасбақаша митың-митың етіп жүріп болмайды, ал бәрінен жаманы: міндетті түрде жолдың қақ ортасымен сүйретіледі - жол беру деген жоқ! Ағылшын жолдарында машинаны қалай айдайтыныңды көрсете алмайсың. Ал, ана Францияда әңгіме басқа...
Осы араға тоқтап тамақ жібітіп алса ма екен әлде әрмен қарай тарта берсе ме? Уақыт жеткілікті. Бар-жоғы жүз елу шақырымдай ғана қалды. Абзалы, имбир лимонадымен джин ішкені жөн шығар. Күннің ыстығы жан шыдатар емес!
Ал ана арал сымақта тәп-тәуір демалуға болатын шығар, тек ауа райы бұзылып кетіп жүрмесе. Япырай, ана Онимдер кім болды екен? Ақшасын қалай шашуды білмей жүрген даңғойлар шығар, сірә. Мұндайлармен Жирен жылдам тіл табысады. Енді қайтсін ол бейшара: өзінде көк тиын жоқ қой...
Оларда ішімдік жағы жеткілікті шығар. Әйтсе де, ондай даңғойлардың не істеп, не қоятынын алдын-ала біліп болмайды. Аралды Габриелла Терл сатып алыпты деген сыбыстың жалған боп шыққаны қандай өкінішті. Кино жұлдыздарының арасында ойнап-күліп жүрген жаман болмас еді. Ештеңе етпес, қыз-қырқын ұшыраспай қалмас...
Ол қонақүйден сыртқа шықты, керілді, есінеп алды, бұлтсыз ашық аспанға көз жіберді, сөйтті де `Далмейнге` отырды.
Жігіттің келісті келбетіне, сұңғақ бойына, күнге тотыққан бетіндегі ашық түсті көгілдір көзіне қыз келіншектер сүқтана қарап қалды.
Ол акселераторды басты, мотор азынап қоя берді, одан соң автомобиль енсіздеу көшеге сүңгіп кетті. Қариялар мен шабарман балалар жан дәрмен жол берісті. Көшеде жүрген жүгермектер машинаға сүйсіне көз тігіп қалды.
Антони Марстон салтанатты шеруін әрмен жалғап бара жатты.
Мистер Блор жай жүретін пойызбен Плимуттан келе жатқан. Купеде одан басқа тағы бір жолаушы - маскүнемдіктен көз жанары бұлыңғыр тартып кеткен қарт теңізші бар еді. Айтпақшы, қазір ол қалғып-мүлгіп отырған. Мистер Блор әлденені блокнотына ықтияттап жазып жатты. `Міне, менің жамағатым, - деді ол естілер-естілмес міңгірлеп, - Эмили Брент, Вера Клейторн, дәрігер Армстронг, Антони Марстон, шау тартқан сот Уоргрейв, Филипп Ломбард, Әулие Михаил және Георгий ордені мен `Әскери ерлігі үшін` орденінің иегері генерал Макартур, екі малай - мистер және миссис Роджерс`.
Ол блокнотын сарт еткізіп жапты да, қалтасына салып тастады. Бұрышта ұйқы соғып жатқан теңізшіге көз қиығын салды.
`Кеңірдектен келгенше тойыпты` деген анықтама берді оған мистер Блор қолма-қол.
Содан соң бәрін қайтадан мұқият түрде байыппен ой елегінен өткізе бастады.
`Оншалықты қиын жұмыс емес сияқты, — деп ойлады ол. — Бұл істе сәтсіздік бола қоймас. Түр келбетім де осыған әбден лайық тәрізді`.
Тұрып, айнадан өзіне сынай көз жүгіртті. Айнада түр - кескінінде есте қаларлықтай ерекшелік жоқ адамның бейнесі түр еді. Қоңырқай көздері бір-біріне тым жақындау орналасқан, қысқалау мұрты бар. Келбетінен әскери адам екені аңғарылатындай. `Майормын десем де болады, - деді мистер Блор айнадағы бейнесіне. — Ә, құдай атқан, ұмытып кетіппін, онда әлгі генерал да болады екен ғой. Ол мені ә дегеннен әшкерелейді. Оңтүстік Африка - міне, маған керегі! Бүл жамағаттың ешқайсысы онда болған емес, ал мен туристік агенттіктің жарнамалық проспектін қазір ғана оқып шықтым, сондықтан бұл тақырыпта әңгіме-дүкен құра алам. Бір жақсысы, колония тұрғындары қандай іспен болсын шұғылдана береді. Сондықтан өнімді Оңтүстік Африкадан келген кәсіпкер ретінде таныстыра алам`.
Негр аралы... Бала кезде бір жолы онда болғаны да бар...
Жағалаудан екі шақырымдай жерде орын тепкен, шағала саңғырығы жапқан сасық жартас. Аралды бұлай атағандарының себебі - көз жетер жердегі көрінісі еріні түрік адамның қырынан қарағандағы сұлбасын еске салатын.
Осындай аралдан үй тұрғызу — ақылға сыйымсыз әурешілік қой! Ауа райы бұзылған кезде онда өмір сүру тіптен мүмкін емес. Алайда миллионерлер ойына не келмейді дейсің!
Бұрыштағы шал оянып:
— Теңізде ештеңені алдын-ала білуге болмайды – еш – те – ңе - ні де! - деді.
— Өте дұрыс айттыңыз, ештеңені алдын-ала білуге болмайды, - деп жалп ете қалды мистер Блор.
Шал бірер мәрте ықылық атты да, қамығыңқы үнмен:
— Дауыл тұрғалы жатыр, - деді.
— Жоға, туысқан, ауа райы тамаша, - деді Блор.
— Ал, мен сізге ұзамай дүлей дауыл болады деп тұрмын, - деп ренжіп қалды шал, - мен оны күні бұрын сезем.
— Бәлкім, сіздікі дұрыс та шығар, - деп келісе кетті мистер Блор кең пейілдік жасап.
Пойыз тоқтап, шал шайқалақтап орнынан көтерілді.
— Осы жерден түсуім керек, - деді ол Соны айтып есіктің тұтқасын тартты, бірақ күші жетпеді.
Мистер Блор оған көмекке келді. Шал есік алдына тоқтап, қолын маңғаздана жоғары көтерді, бұлдырақ көзі жыпылық қақты.
— Сақта өзіңді, сыйын, - деді ол. - Сақта өзіңді, сыйын. Ақырзаман таяп қалды.
Соны айтты да, перронға құлап түсті. Перронда ұзынынан түсіп жатқан күйі мистер Блорға қарап салтанатты түрде:
— Мен сізге айтып тұрмын, жігітім. Ақырзаман таяп қалды, - деді.
`Ақырзаман менен гөрі оның басына бұрынырақ туары анық`, деп ойлады орнына қайтып келе жатқан мистер Блор. Кейін белгілі болғанындай, қателескен екен.
Екінші тарау
1
Оукбридж стансасы ғимаратының алдына жиналған бір топ жолаушы әрі-сәрі халде тұрған. Олардың арт жағында шамадан көтерген жүк тасушылар бар-ды. Жүкшілердің бірі:
— Джим! - деп айқайлады.
Таксиден шопыр шықты.
— Негр аралына барғалы тұрсыздар ма? - деп сұрады ол.
Оның сұрағына төрт адам бірдей үн қатты. Таңырқап қалған жолаушылар бір-біріне білдіртпей көз жүгіртіп өтті.
— Мұнда бізде екі такси бар, сэр, - деді шопыр сот Уоргрейвке, топтағы жасы үлкен адам болған соң. — Бұлардың біреуі Эксетерден келетін пойызды күтуге тиіс — онымен тағы бір джентльмен келмекші. Бұған бес минуттай кетеді. Араларыңызда соны тоса тұруға келісетіндер табылса, сапарымыз да жайлырақ болар еді.
Хатшылық міндеттерін еске алған Вера Клейторн әмір етуге үйреніп қалған адамға тән, қарсылық білдіргенді қаламайтын қатқыл үнмен:
— Мен қалам, - деді. Соны айтып, топтың қалған мүшелеріне қарады. Шамасы, шәкірт қыздарын командаларға дәл осылай бөлетін болса керек.
Мисс Брент паңдана сөйлеп:
— Рақмет сізге, - деді де, таксиге отырып алды. Таксиші ізет білдіріп, жабылып кетпесін деп есікті демеп тұрды. Оған ілесе сот Уоргрейв те таксиге жайғасты. Капитан Ломбард:
— Мен де күте тұрам, - деді. — Сізбен бірге мисс...
— Клейторн, - деді Вера.
— Ал менің атым Ломбард, Филипп Ломбард. Жүкшілер багажды тиеді. Көпті көрген заңгердің алды — артын байқағыштығына басып тиісті тақырыпты таңдап алған сот Уоргрейв таксиге отырғаннан кейін:
— Күн райы жақсы боп түр, - деді.
— Тамаша, — деп жауап қатты мисс Брент.
`Барынша құрмет тұтуға лайық карт джентльмен, — деп ойлады ол — Теңіз жағалауындағы пансиондардан мұндай кісілер кездесе бермейді. Әлгі миссис әлде мисс Оньон тәуір адамдармен таныс-біліс екен-ау...`
— Бұл төңіректі жақсы білесіз бе? - деген сұрақ қойды сот Уоргрейв.
— Корнуолл мен Торкиде болғам, бірақ Девонның мына бөлігіне алғаш келіп тұрмын.
— Мен де бұл маңаймен мүлде таныс емеспін, - деді сот. Такси орнынан қозғалды.
— Бәлкім, машинаның ішінде отырып күтерсіз? - деді екінші таксиші.
— Жоқ, рақмет, - деп үзілді-кесілді бас тартты Вера.
Капитан Ломбард езу тартты:
— Мен өзім күн сәулесіне шомылған қабырғаларды ұнатам, бәлкім вокзалға кірерсіз?
— Жо-жоқ. Вагонның қапырығынан кейін таза ауада болу сондай ғанибет.
— Иә, мынадай ыстықта пойызбен сапар шегу адамды шаршатып жібереді, - деп қоштап қойды анау.
— Осы қалпында әлі біраз тұрар ма екен, ауа райын айтам, - деді Вера әңгіме жібін сыпайы түрде жалғап. - Біздің ағылшын жеріндегі жаз сондай тұрақсыз ғой.
— Бұл маңайды жақсы білесіз бе? - дейтін өзіндік ерекшелігі аздау сауал қойды капитан Ломбард.
— Жоқ, бұрын мұнда ешқашан болған емеспін, - деді қыз. Сосын мән-жайды бүкпелемей бірден ашығын айтуға бекініп, тез-тез сөйлеп: — Әлі күнге дейін бибіммен танысқан жоқпын, - деп қосып қойды.
— Бибіммен дейсіз бе?
— Мен миссис Онимнің хатшысымын.
— Солай деңіз! — Ломбардтың көңіл ауаны кәдімгідей — ақ өзгерді: тартынбай, еркінірек сөйлей бастады. — Бұл ерсілеу нәрсе екен өзі.
Вера күліп жіберді:
— Ерсі ештеңесі жоқ. Миссис Онимнің хатшысы аяқ астынан ауырып қалыпты, оның орнына біреуді жіберуді сұрап агенттікке жеделхат жолдапты — сөйтіп олар мені ұсынды.
— Әңгіме қайда. Ал бибіңізбен танысқанда ол өзіңізге ұнамай қалса не істемексіз?
Вера тағы күлді:
— Мен тек каникул біткенше ғана жалданам ғой. Қыздар мектебінде тұрақты жұмысым бар. Оған қоса, Негр аралын көруге сондай аңсарым ауып жүр. Ол жайында газеттерде өтe көп жазды емес пе. Айтыңызшы, ол жер шынымен-ақ сондай әдемі ме?
— Білмеймін. Онда ешқашан болған жоқпын, - деді Ломбард.
— Қалайша? Онимдер оны сондай ұнататын секілді. Олар қандай адамдар? Айтып беріңізші маған.
`Қиын сұрақ, - деп ойлады Ломбард, - олармен таныс ма едім мен әлде таныс емес пе едім өзі?`
— Қолыңызда ара жорғалап барады, - деді ол дереу. - Жо-жоқ, қозғалмаңыз. - Соны айтып араны үркіткен болғансыды. - Міне! Ұшып та кетті.
— Рақмет, мистер Ломбард. Биылғы жазда ара деген сондай коп.
— Күннің ыстығынан ғой. Айтқандайын, біз кімді күтіп тұрмыз, білмейсіз бе?
— Хабарым жоқ.
Жақындап келе жатқан пойыздың гудогы естілді.
— Міне, пойызымыз да келді, - деді Ломбард.
2
Перроннан шыға беріс жерден сұңғақ бойлы қарт адам жүз көрсетті, ақ бурыл тартқан, тікірейген қысқа шашына, мұқият қырқылған ақбурыл мұртына қарап оны қызметтен қалған әскери адам деп ойлауға болатын. Нән былғары шамаданды шатқаяқтап шақ көтеріп келе жатқан жүкші оған Вера мен Ломбардты нұсқады.
Вера шапшаң алға шығып, өзін таныстырды.
— Мен миссис Онимнің хатшысымын. Бізді машина тосып түр, — деді ол. Сосын: — Мына кісі — мистер Ломбард, - деп қосып қойды.
Қарттың күңгірт тартқан, әйтсе де, жасы ұлғайғанына қарамай байқағыштық қасиетін жоғалтпаған, көгілдір көзі
Ломбардты шолып өтті; егер біреу-міреу оның қандай қорытындыға келгенін білгісі келсе, одан:
`Келісті жігіт. Бірақ күмәнді бірдеңемен айналыса ма, қалай...` дегенді оқыған болар еді.
Үшеуі таксиге кеп отырды. Олар Оукбридждің самарқау көшелерімен, сосын тағы да екі шақырымдай Плимут тас жолымен жүріп өтіп, деревнялық жолдардың - бұрылысы көп, енсіз, шоп басып кеткен жолдардың — қиыр - шиырына еніп кетті.
— Бұл маңайды тіптен білмеймін. Шығыс Девонда, Дорсетпен шектесетін жерде үйім бар, - деді генерал Макартур.
— Бұл ара өте әдемі екен, - деді Вера. - Жоталар, қызыл қоңыр топырақ, төңірек гүл жайнап тұр, шөп те сондай қалың.
— Менің түсінігімше, бүл арадағының бәрі тым тығыз орналасқан. Өз басым кең шалқар жазықтықты ұнатам. Онда саған ешкім бұқпантайлап келіп бас сала алмайды... - деп оған Филипп Ломбард қарсылық білдірді.
— Шамасы, коп саяхат жасағансыз - ау? - деп сұрады Ломбардтан генерал.
Ломбард иығын қомдап қойды да:
— Иә, дүниені шарлап шығуға тура келді ғой, - деді.
Сосын: `Қазір ол менен соғысқа қатыстың ба, деп сұрайды.
Әскери қызметтен кеткен мұның жасындағы сабаздарды одан басқа ештеңе қызықтырмайды`, - деп ойлады. Алайда генерал Макартур соғыс жайында жұмған аузын ашқан жоқ.
3
Биік жотаның төбесіне көтерілген олар бұралаңдаған қара жолмен Стиклхевнге -жағалаудағы бірнеше үйден тұратын шағын деревняға түсті. Үйлерден қол созым жерде балық аулайтын бір-екі қайық көрініп тұр еді. Батар күннің шапағы оңтүстік беттен, теңізден кеуде көтерген жартасқа шағылды.
Сол арада олар түңғыш рет Негр аралын көрді.
— Жағадан әжептәуір қашықта түр екен ғой, - деп таңырқанды Вера. Аралды көз алдына басқаша кейіпте елестеткен — жағаға жақын кішкентай ғана арал, онда әп–әдемі аппақ үй орналасқан деп ойлаған. Бірақ мынадан ешқандай үй көрінбейді, теңізден тіп-тік боп жартас бой созып түр, сұлбасынан негрдің алапат үлкен басына болар-болмас ұқсастық байқалады. Бүл көріністе жан түршіктірер бірдеңе бар-ды. Вераның тұла бойы дір ете қалды.
`Жеті жұлдыз` мейманханасының жанында оларды бір топ адам күтіп түр екен. Еңкіш тартқан егде жастағы сот, оқтау жұтқандай мисс Эмили Брент және ірі денелі, түр-әлпеті тұрпайылау еркек — ол алға шықты да, өзін таныстырып өтті.
— Сіздерді күткеніміз, сосын бәріміз бірге кеткеніміз дұрыс шығар деп шештік, - деді ол — Менің атым Дейвис. Натальда туғанмын, Трансваальмен шатастырмауды сұраймын. Ха-ха-ха, - деп ол қарқ-қарқ күлді.
Сот Уоргрейв оны оқты көзбен атты. Сот залын артық адамдардан аластау жөнінде әмір беруге асығып тұрғаны аңғарылғандай еді. Мисс Эмили Бренттің колония тұрғындарына қандай баға беруге болатынын білмей дағдарып қалғаны сезілді.
— Жолға шығар алдында аздап тамақ жібітіп алуға қалай қарайсыздар? - деген ұсыныс айтты Дейвис.
Оның ұсынысын ешкім қолдай қоймады, сөйткен соң мистер Дейвис теріс айналды да, саусағын жоғары көтеріп:
— Ондай жағдайда босқа тұра бермейік. Бізді үйдің иелері тосып отыр, - деді.
Бұл сөзді естіген қонақтардың әлпетінен азды-кем абыржығандары аңғарылды. Үйдің иелері еске салынғаны оларды сансыратып жібергендей болды.
Дейвис қолымен белгі берді. Қабырғаға сүйеніп тұрған біреу орнынан қозғалып, бұлардың қасына келді. Аяғын теңселе басуы теңізші екенін аңғартатын.
Беті күнге тотыққан, қара-қоңыр көзі кісіге тіктеп қараудан тайсақтай береді.
— Дайынсыздар ма, леди және джентльмендер? - деп сұрады ол — Қайық күтіп түр сіздерді. Тағы екі мырза бар, өз машиналарымен келмек, бірақ мистер Оним оларды күтпеуге әмір етті: қашан келетіндері белгісіз.
Жиналған жұрт теңізшіге ілесіп, тастан қаланған келтелеу молмен жүріп кетті. Молдың жанында моторлы қайық арқандаулы түр еді.
— Құйтақандай екен! - деді Эмили Брент.
— Керемет қайық, мэм, өте жақсы қайық, - деп қарсылық білдірді теңізші. — Қалаған жеріңізге, тіпті Плимутқа болсын, көзді ашып-жұмғанша алып барады.
— Біз көппіз, сыймайтын шығармыз, - деп сот Уоргрейв оның сөзін күрт бөліп жіберді.
— Бұған қазіргіден екі есе көп адам сияды, сэр.
— Демек, бәрі ойдағыдай, - деп сөзге араласты Филипп Ломбард. — Ауа райы тамаша, теңіз тыныш.
Мисс Брент кішкене қорғалақтағанымен, өзін қайыққа отырғызуға рұқсат етті. Оның соңын ала қалғандары да жайғасты. Бәрі де бір-бірін тосырқап, жатсынумен болды.
Үйдің иелері неліктен мынадай ала-құла қауымды шақырғанын түсінбей дал боп отырғандай түрлері бар-ды.
Жүзбекке енді-енді оқталған кезде теңізші — ол арқанның ұшын қолына ұстап та тұрған -қалт тұра қалды. Биік жотаға асылған жолмен құлдилап деревняға автомобиль кіріп келе жатыр еді. Керемет қуатты әрі көз жауын алардай көркем машина бүл арада ғажайып бірдеңе пайда болғандай әсер етті. Рөлде жас жігіт отыр, шашын жел желбіретіп түр. Батып бара жатқан күннің шапағына оранған оны құдды солтүстік аңыз-жырларындағы жас құдайға балауға да болатын. Жас жігіт гудокты басты, жағалаудағы жартастар гудоктың аңыраған зор дауысына жаңғырықпен жауап қатты.
Сол кезде Антони Марстон бұларға қатардағы қарапайым пенде емес, көктен түскен кереметтей көрінген. Осы бір алабөтен көрініс бәрінің есінде сақталып қалды.
4
Мотор жанында отырған Фред Нарракотт: жиналған жамағат таңғалуға тұрарлық екен, деп ойлады. Мистер Онимнің қонақтарын көз алдына мүлдем басқаша елестеткен. Бұлардан әлдеқайда келісті, көрсе көз тойғысыз болар, деп болжалдаған. Үлде мен бүлдеге оранған келіншектер, яхтсмен костюмін киген еркектер, - бір сөзбен айтқанда, өңкей ығай мен сығай шығар, деген.
Қонақ деп ана мистер Элмер Робсонның қонақтарын айтсаңшы. Фред Нарракотт миығынан күлді. Қалай көңіл көтерді дейсің олар - шайтан да қызғаныштан бармағын шайнаған болар, ал қалай ішті дейсің олар!..
Мистер Оним, сірә, басқадай мінездің адамы шығар. `Мистер Онимді де, оның зайыбын да бірде-бір мәрте көрмегенім қызық, — деп ойлады Фред.