Әдебиет
Куәнің құпиясы
Мейгерн мырза көзәйнегін киіп, әдеттегісінше тамағын қырнап бір жөтеліп қойды. Сосын ол қарсы алдында отырған, қасақана кісі өлтірді деп айып тағылған адамға қайта қарады.
Мейгерн мырза дене бітімі кішкентай, өте ұқыпты, таза киініп жүретін, өткір шегір көзді адам еді. Ақылсыз емес-тін. Адвокат ретінде оның беделі өте жоғары болатын. Өзін жалдаған адаммен салмақтылау, бірақ жаны аши сөйлесті.
— Жағдайыңыздың өте мүшкіл екенін, сондықтан да бар шындықты жасырмай маған айтып беруіңізді қайталап ескертуге тиістімін.
Леонард Воул қарсы алдындағы жалаңаш қабырғадан көзін алмай, есеңгіреген адамша, тесіле қарап отыр еді, енді ғана адвокатына бұрылып: «Білемін,— деді үнжырғасы түсіп.— Сіз солай дей бересіз. Бірақ мен әлі күнге дейін кісі өлтірді деген айыптың өзіме не үшін тағылғанына түсіне алмай отырмын. Кісі өлтіру. Қандай сорақы қылмыс десеңізші.
Жөтеліп қойып, адвокат көзәйнегін алып асықпай сүртіп, қайта киді. Сосын ол: «Иә, иә, иә. Ал енді Воул мырза, сізді арашалап қалуға бар күшімізді саламыз. Іс сәтті болады, біздің жол болуға тиісті. Бірақ ол үшін мен бәрін де бүкпесіз білуге міндеттімін. Істің сіз үшін қаншалықты қауіпті екенін білуге тиістімін. Сонда ғана қорғаудың ең дұрыс жолын таңдай аламыз»,— деді.
Жас жігіт оған бұрынғысынша, мелшиген күйі қарап отырып қалды. Мейгерн басында бұл істен түк шықпайды деген ойда болатын. Қылмыскердің айыбы айдан анық секілді болып көрінген. Енді міне, бірінші рет оның көңіліне бір күдік ұялай бастады.
— Сіз мені айыпты деп ойлайсыз ғой,— деді Леонард Воул бәсең үнмен.— Бірақ, құдай алдында ант өтемін, менің кінәм жоқ! Маған жағылған қара күйенің қалың екенін білемін. Торға түскен құс сияқты шырмалып, ешқайда бұрылуға шамамды келтіртпейтін болды. Бірақ бұл қылмысты, мен істеген жоқпын. Мейгерн мырза, мен істеген жоқпын!
Осындай күйде отырып, өзінің ары таза екенін дәлелдегісі келеді. Мейгерн мырза оны түсінді. Соған қарамастан ойланып қалды. Кім біледі, Леонард Воулдың ары таза шығар.
— Дұрыс айтасыз, Воул мырза,— деді ол түнеріп.— Сізге тағылған айып өте ауыр. Әйткенмен, сөзіңізге сенемін. Ал енді істің мән-жайына келейік. Өз сөзіңізбен Мисс Эмили Фрэнчпен қалай танысқаныңызды бұлжытпай айтып беруіңізді өтінемін.
— Бұл бір күні Оксфорд Стриттің1 бойында болған. жай еді. Көшені кесіп өтіп бара жатқан қарт әйелге көзім түсті. Құшақтап бір топ қорап көтеріп барады екен. Көшенің ортасына жеткен кезде әлгілерін түсіріп алды да, қайта жинап алмақшы боп әрекет жасады. Келіп қалған автобусты байқап қалып, жолдың шетіне аман жетіп үлгіргені сол еді, өзіне ренжіп айқайлаған жұртты көріп, есі шығып не болғанын білмей қалды. Қораптарын жиып алып, шамам келгенше шаңнан тазартып, біреуінің белінен буған жібін қайта байлап өзіне апарып бердім.
— Өмірін сақтап қалатындай әрекет істеп пе едіңіз?
— О не дегеніңіз, жоқ әрине! Бар болғаны қарапайым ізеттілік көрсеттім. Әйелдің риза болғаны соншама, Шын көңілмен рахметін айтып, көп жастардың бойынан табыла бермейтін ізеттілігім жайлы бірдеңе деді, бірақ не дегені дәл есімде қалмапты. Сосын ілтипат білдіріп, қалпағымды көтеріп қоштастым да өз жөніммен кеттім. Ол әйелді қайта көрем деген ойыма да кіріп шыққан жоқ. Бірақ өмір деген кездейсоқтыққа толы ғой. Дәл сол күні кешкісін әлгі әйелді мен бір досымның үйінде қонақта қайта кездестірдім. Мені бірден танып, өзімді таныстыруымды өтінді. Оның Мисс Эмили Фрэнч екенін және оның Криклвудта2 тұратынын сонда ғана білдім. Біраз уақыт әңгімелестім. Байқауымша, ол жасы ұлғайған, өзіне ұнаған адамға жан-тәнімен тез беріліп кететін әйел екен. Кез келген адамның қолынан келетін азғантай ілтипатым үшін ол мені қатты ұнатып қалыпты. Кетер кезде қолымды алып, қонақ болып кетуге шақырды. Мен әрине, ризашылығымды білдіріп, баратынымды айтып едім, қай күні келетініңді айт деп болмады. Бара қояйын деген ниет те жоқ еді, бірақ өз сөзімнен бас тарту ыңғайсыз болар деп, алдыңғы сенбіге келістім. Ол кетіп қалған соң достарымнан әйел туралы тағы да біраз мағлұмат алдым. Өзі бай, мінез-құлқы ерекше бір ғана қызметші әйелмен тұратын, үйінде сегіз мысық ұстайтын әйел екен.
— Дұрыс,— деді Мейгерн мырза.— Оның ақшалы адам екенін сол жерде ғана білдіңіз бе?
— Сіз мені одан бұл жөнінде бірнәрсе сұрады ғой деген ойда болсаңыз...— деп Леонард Воул қызарақтап қалды. Мейгерн мырза ымдап тоқтатып қойды.
— Іске мен айыптаушылар жақтық тұрғысынан, яғни солардың пікірін еске алып отырып қарауға тиістімін. Сырттай байқаған адам Мисс Фрэнчті тұрмысты әйел деп ойламаған болар еді. Өйткені ол жұпыны тұратын. Егер кедей емес екенін басқа біреу айтып қоймағанда, сіз де жағдайы нашар екен-ау деген ойда болар едіңіз. Ал енді оның бай әйел екенін сізге айтып берген кім?
— Досым, Джорж Харви, әлгі үйіне қонаққа шақырған жігіт.
— Солай дегенін ол есіне түсіре ала ма?
— Шынымды айтсам, білмеймін. Одан бері талай уақыт өтіп кетті ғой.
— Дәл солай, Воул мырза. Есіңізде болсын, тергеудің ең басты мақсаты — сіздің ақшадан қысылып жүргеніңізді анықтау, бұл — ақиқат, түсінікті ме?
Леонард Воул қызарып кетіп: «Иә,— деді, бәсең үнмен. Ол кезде көк тиынсыз, әбден сорлап жүргемін».
— Дәл солай,— деді Мейгерн мырза тағы да.— Сөйтіп ақшадан қатты қысылып жүргенде сіз жаңағы жасы ұлғайған бай әйелді кездестірдіңіз де, онымен қалай да танысуға әрекет жасадыңыз. Ал енді біз бұған басқа тұрғыдан қарайтын болсақ, айталық, сіз оның қалталы әйел екенін білмедіңіз, сіз үйіне тап-таза сыпайгершіліктің арқасында барып қалдыңыз делік.
— Шындығында да солай болды.
— Мүмкін. Мен таласып отырған жоқпын. Мен бұған басқа тұрғыдан қарап отырмын. Көп нәрсе Харви мырзаға байланысты болады. Ол әлгі сізбен болған әңгімені есіне түсіре ала, ма, жоқ па? Оны шатастырып, әлгі әңгіме кейінірек болды деуге көндірсек қалай болар еді?
Леонард Воул біраз уақыт ойланып қалды. Сосын, ол өңі қуарып, сенімді түрде: «Меніңше, олай еткенмен ештеңеде шықпайды, Мейгерн мырза. Қонақта бірге болған адамдардың біразы оның сөзін естіген болатын.
Оның үстіне бір-екеуі жасы ұлғайған бай әйелді баурап алыпсың ғой деп, мені шымшып алған».
Адвокат жауапқа көңілі толмай қалғанын білдіргісі келмей қолын желпіп: «Өкінішті екен,— деді.— Бірақ сізді дұрыс сөйлеп отырғаныңызбен құттықтаймын, Воул мырза. Менің әрекетім сіздің берген жауабыңызға тікелей байланысты болады. Сіз дұрыс ойлап отырсыз. Жаңағы мен айтқанға басатын болсақ құрып кетеді екенбіз. Одан бас тартуға тура келеді. Сонымен, Мисс Фрэнчпен таныстыңыз, үйіне бардыңыз, таныстықтарыңыз одан әрі нығая түсті. Біз осының бәрін де жақсылап дәлелдеуіміз керек. Сіз — отыз үш жастағы жас, әдемі, спортпен шұғылданып жүрген, достарыңыздың арасында беделіңіз бар, сегіз қырлы, бір сырлы жігітсіз, ал соншама уақытыңызды жасы жетіп тұрған кәрі кемпірге арнауыңыздың себебі не?»
Леонард Воул ыза кернеп, екі қолын сермеді.
— Мен мұны айта алмаймын, шындығында да айта алмаймын. Бірінші рет барып шыққаннан кейін, ол өзінің жалғыз басты, бақытсыз жан екенін айтып, қайта келуге мәжбүр етті. Бас тартуға мұрша бермеді. Ұнататынын, жақсы көріп қалғандығын жасырмай алдыма жайып салғанда бір түрлі ыңғайсызданып та қалдым. Сосын, Мейгерн мырза, менің иім жұмсақ, біреу бірдеме десе жоқ дей алмай, дегеніне көніп, айдауында жүріп кетемін. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де ерік өзіңізде, бірақ үшінші иә төртінші рет барғаннан кейін ол әйелге үйір боп, шынымен бауыр басып бара жатқанымды байқадым. Шешемнен жастай айрылып, жетім қалып, нағашы апамның қолында өскемін, бірақ менің жасым он беске жетпей, ол да қайтыс болып кетіп еді. Шынымен анаң сияқты мейірімін төгіп, еркелететін адам табылғанына өзім де қуанып қалдым десем, әрине сіз күлесіз ғой!
Мейгерн мырза күлген жоқ. Керісінше, көзілдірігін алып қайта тазалай бастады. Бұл оның қатты ойланғанда істейтін үйреншікті әдеті болатын. Ақырында: — Бұл жауабыңыз дұрыс, Воул мырза,— деді ол.— Психологияның тұрғысынан, меніңше, бұл әбден мүмкін. Ал бұған соттың заседательдері қалай қарайды, бұл басқа мәселе. Жақсы, ары қарай айта беріңіз. Бірінші рет іс қағаздарын көріп беруді Мисс Фрэнч сізден қашан өтінді?
— Иә, үшінші, иә төртінші рет барғаннан кейін. Ақшаға байланысты шаруадан мағлұматы шамалы екен. Бір іске салған ақшасына бола сондай мазасы кетті.
Мейгерн мырза оған тура қарап: «Аңдап сөйлеңіз, Воул мырза. Қызметші қыз, Жанет Маккензидің берген түсінігіне қарағанда, оның қожайыны шаруасын мұқият жақсы білетін, барлық жұмысты өз қолы мен атқаратын, өз пайдасын мүлт жібермейтін әйел көрінеді. Мұны оның банкирлері де растапты.
— Ол жағында шаруам жоқ,— деп Воул адалдығын айтып.— Өз аузынан маған солай деген болатын.
Мейгерн мырза оған бір-екі рет үндемей қарап қойды. Айтқысы келмегенмен жаңағы сәтте Леонард Воулдың арының тазалығына деген сенімі енді күшейе түскен болатын. Ол қарт әйелдердің логикасын ептеп болса да білетін. Мисс Фрэнчтің жас, әдемі жігітке соншама беріліп, оны үйіне жиі келтірудің әртүрлі амал, сылтауын іздегеніне адвокаттың көзі жетті. Олай болса мұндайда шаруасын жақсы жүргізе алмай жүргенін бет перде етіп, ақшамен байланысты істерге көмектесіп тұр дегеннен артық қандай сылтау болуы мүмкін? Көпті көрген көне көз әйел еркектердің осал жерін жақсы білген. Мақтаса болды жайылып түспейтіні жоқ қой. Леонард Воул да солардың бірі, қармаққа іліне кеткен. Сосын ол өзінің бай әйел екенін жігітке білдіріп қоюды да артық көрмеген болар. Эмили Фрэнч өз есебіне шегедей, көңіліне ұнаған нәрсенің құнын жақсы білетін кемпір болатын. Осының бәрін ой сүзгісінен тез өткізіп, бірақ тұтқынға еш сездірмей, Мейгерн мырза оған және бір сұрақ қойды.
— Шаруасына өзі сұраған соң көмектестіңіз бе?
— Иә.
— Воул мырза,— деді адвокат,— мен сізге бір өте жауапты сұрақ қояйын деп отырмын және оған дәл сондай жауапкершілікпен, шындап жауап беруіңізді өтінемін. Сіз ақшадан қысылып жүрдіңіз. Сондай кезде кемпірдің шаруасын қолға алдыңыз. Ал кемпір болса, өзінің айтысына қарағанда, шаруадан хабары шамалы екен. Осы жағын ескеріп қолыңызға түскен құнды қағаздарды титтей де болса өз пайдаңызға жұмсаған, ауыстырған кездеріңіз болды ма? Ақша аударған кездеріңізде ешкім сезбейді деп бас пайдаңызды ойлап кеткен жоқсыз ба? Айыпкерді сөйлетпей: «Жауап бермей тұра тұрыңыз. Бізге ақталудың әзірше ашық тұрған екі жолы бар. Біріншіден, әйелдің шаруасын атқарған кезде адал қызмет істегеніңізді баса айту керек. Оп-оңай адал жолмен ақша табатын шексіз мүмкіндік болып тұрғанда, логика бойынша кісі өлтіруіңіз шындыққа жанаспайды; екіншіден, егер тергеу кезінде іс-әрекеттеріңізден ағаттық кетіп, ашығын айтқанда, кемпірді алдап соғып, ақшасын пайдаланып жүргеніңіз дәлелденсе, біз басқа жолды ұстауымыз керек. Яғни, кемпір сіз үшін онсыз да пайда табудың бірден-бір көзіне айналғандықтан, оны өлтіретін ешбір Себебіңіз болған жоқ. Осы арасын ұғып алыңыз. Ал енді сізден өтінетінім, жауап бермес бұрын жақсылап ойланыңыз.
Бірақ Леонард Воул бір сәтте ойланбастан: «Мисс Фрэнчтін шаруасын қолға алғанда, ашығын айтсам, менің тарапымнан ешқандай да арамдық болған жоқ. Қабілетімнің жеткенінше кемпірдің қызметін тек өз пайдасына шешуге тырыстым. Егер тексеретін болса, бұған кез-келген адамның көзі жетеді»,— деді.
— Рақмет,— деді Мейгерн мырза.— Иығымнан тас түскендей жеңілдеп қалдым. Мұндай жауапты мәселенің үстінде мені алдап кетуге тырыспай, ағынан жарылғаныңыз үлкен ақыл болды деп мақтау айтқым келіп отыр.
— Шынында да,— деді Воул мырза ентігін баса алмай,— менің пайдама шешілетін ең мықты жері қылмыстың себебінің жоқтығы. Ақша табу мақсатымен бай әйелмен таныстықты нығайтқаным айтпаса да түсінікті. Олай болса, жаңа өзіңіз айтқандай, кемпірдің өлімі менің үмітімнің күлін көкке ұшырмай ма?
Адвокат оған тесіле қарап қалды. Сосын ол көзілдірігін жорта алып, үйреншікті қимылдарын қайталады. Көз әйнегін қайта кигенше ол үн қатқан жоқ.
— Воул мырза, Мисс Фрэнч қалдырған өсиетте негізгі мұрагер етіп сізді тағайындапты, мұны сіз білесіз бе?
— Не дейді?— Тұтқын орнынан ұшып тұрды. Оның қорқып кеткені айқын сезілді.— Құдайым-ау! Сіз не деп кеттіңіз? Кемпір ақшасын маған қалдырып па?
Мейгерн мырза басын жайлап изеді.
Воул екі қолымен басын ұстап, қайта отыра кетті.
— Өсиет туралы ештеме білмеймін деп қасақана айтып отырған жоқсыз ба?
— Қасақана? Олай дейтін түк те жоқ. Одан мүлде хабарым жоқ.
— Ал егер ана Жанет Маккензи сіз біледі деп ант-су ішіп отыр десем не дер едіңіз?
Мисс Фрэнч өсиет жөнінде өзіңізбен ақылдасып, сізге өз ниетін білдіргенін қызға да анықтап айтып беріпті.
— Ол әйел өтірік айтып отыр! Жоқ, тым жылдамдатып жібердім-ау деймін. Жанет жасы егде тартқан әйел. Ол қожайынның сенімді күзетші иті сияқты мені ұнатпайтын. Қызғаншақ, күдікшіл болатын. Менің ойымша, Мисс Фрэнч өз ойын Жанетке айтуын айтқан шығар, бірақ Жанет оның айтқандарын не қате түсінген, не өзінше өсиет жазуға кемпірді мен мәжбүр еткен деп ойлап қалған болу керек. Енді келіп, осының бәрін де Мисс Фрэнч айтқан дегенге сайып отыр ол. Мен осылай дер едім.
— Сізді суқаны сүймейтіндіктен осылайша қасақана өтірік айтып отыр деп ойлайсыз ба?
Леонард Воул таңқалып отырып қалды да: «Жоқ, әрине! Не үшін олай етуге тиісті?» — деді.
— Білмеймін,— деді Мейгерн мырза ойға шомып.— Бірақ сіз десе болды жыны ұстап, шар ете қалады.
Бишара жігіт қайта ыңыранып: «Енді түсіне бастадым,— деді күбірлеп.— Бұл — масқара. Мені зорлап жасатқан дегелі отыр екен ғой олар. Кемпірдің ақшасына не болып қалу үшін зорлап өсиет жаздырған, сосын түнде барып, үйде бөтен ешкім жоқта... Оны келесі күні бірақ көреді... Оу, құдай-ай, мынау сұмдык қой!»
— Үйде бөтен ешкім болған жоқ дегенің бекер,— деді Мейгерн мырза.— Жанет кешкісін бір жаққа бармақшы екен. Ол үйден шыққан, бірақ сағат тоғыз жарымдарға қарсы бір құрбысына уәде еткен блузканың жеңінің үлгісін алып шығу үшін үйге қайта оралған. Артқы есіктен кіріп, жоғары көтеріліп, жаңағы затты алып қайта шығып кеткен. Ішкі бөлмеде сөйлесіп отырған адамдардың дауысын естіпті. Не дегендерін ұқпаса да, біреуі Мисс Фрэнчтін дауысы, екіншісі ер адамның дауысы деп ант ішіп отыр.
— Тоғыз жарымда,— деді Леонард Воул.— Тоғыз жарымда... Ол қарғып тұрып: «Ондай болатын болса мен құтылдым... Құтылдым...
— Құтылдымың не?—деп таңқалған Мейгерн мырза дауыстап жіберді.
— Тоғыз жарымға қарсы мен үйге қайтып оралған болатынмын! Әйелім мұны дәлелдей алады. Мисс Фрэнчтен мен сағат тоғызға бес минут қалғанда кеткенмін. Үйге тоғыздан жиырма минут кеткен кезде келдім. Әйелім күтіп отыр екен. О, кұдай-ай, бір сақтады-ау! Жанет Маккензидің блузкасының жеңінің үлгісіне де мың рахмет.
Қуанышы қойнына сыймай тұрған кезде ол адвокаттың бет-әлпетінің өзгермей, жабырқау күйде қалып қойғанын байқамаған еді. Бірақ адвокаттың сөзі оның қуанышын су сепкендей басты.
— Сіздің ойыңызша, Мисс Фрэнчті өлтіріп кеткен кім?
— Ұры өлтіріп кеткен, басында осындай болжам болды ғой. Терезені бұзып кіргені есіңізде болар. Ар жағынан келіп, темір сүйменмен ұрып өлтірген. Әлгі сүймен еденде, дененің қасынан табылған. Біраз зат ұрланған екен. Жанеттің сандырақ күдігі мен маған деген қастандығы болмағанда полиция дұрыс бағыттан адаспас еді ғой.
— Бұлай деу жарамайды, Воул мырза,— деді адвокат.— Жоғалған заттар түкке де тұрмайтын, әншейін бет перде үшін ала салған ұсақ-түйек кана. Терезедегі іздер жеткіліксіз болып шығыпты. Содан соң өзіңіз ойлаңызшы. Сіз үйіңізге тоғыз жарымдарға қарсы оралыпсыз. Сонда ана Жанет даусын естіген, үйде Мисс Фрэнчпен сөйлесіп отырған еркек кім болуы мүмкін? Мисс Фрэнч ұрымен жайбарақат сөйлесіп отырмайды ғой?
— Әрине,— деді Воул.— Әрине... Ол зәресі ұшып не істерін білмей сасқалақтады.— Бірақ қалай дегенмен де,— деді ол есін қайта жиып,— мені босатады. Дәлелім бар. Сіз Ромейнмен, менің әйеліммен, тез кездесуіңіз керек.
— Жақсы,— деді адвокат оны құптап.— Сіз тұтқындалғанда үйде болмады, әйтпегенде ол кісімен баяғыда сөйлескен болар едім. Шотландияға телефон соққамын. Меніңше, бүгін кешке үйде болады. Сізден шыққан соң бірден сонда барамын.
Воулдың көңілі орнына қайтадан түсіп, өңі кіріп басын изеді.
— Иә, Ромейн сізге бәрін де айтып береді. Құдайым-ау! Жолым болатын шығар.
— Кешіріңіз, Воул мырза, әйеліңізді өте жақсы көресіз бе?
— Әрине.
— Ал, ол ше?
— Ромейн адал, мен десе жанын береді.
Воул мырза шаттана сөйледі, бірақ адвокаттың жүрегі зырқ өте қалды. Күйеуін жанындай жақсы көретін әйелдің берген куәлігіне сот сенім білдіре ме?
— Тоғыз жарымда үйге келе жатқаныңызды көрген басқа ешкім бар ма? Айталық қызметші қыз?
— Біздің қызметшіміз жоқ.
— Қайтып келе жатқанда көшеден ешкімді кездестірмедіңіз бе?
— Өзім білетін ешкім болмады. Жолдың біраз бөлігін автобуспен жүрдім. Кондуктордың есінде қалмаса.
Мейгерн мырза күмәндана басын шайқап: «Онда әйеліңіздің куәлігін растайтын ешкім болмайтын болды ғой, солай ма?— деді.
— Жоқ. Бірақ оның қажеті бар ма?
— Қажет бола қоймас,— деді Мейгерн мырза асығыстау сөйлеп.— Енді тағы бір нәрсе бар сұрайын. Мисс Фрэнч сіздің үйленген адам екеніңізді білуші ме еді?
— Әрине біледі.
— Олай болса осы уақытқа шейін оны әйеліңізбен бір рет те кездестірмепсіз ғой. Ол қалай?
Леонард Воулдың жауабы осы жерде бірінші рет мүдіріп, сенімсіздеу шықты.
— Мән бермеппін...
— Жанет Маккензидің айтысына қарағанда, Мисс Фрэнч сізді бойдақ деп, келешекте бас қосам ба деген дәмеде жүріпті, осыны білесіз бе?
Воул күліп жіберді.
— Сайтанның сапалағы! Екеуміздің арамызда табаны күректей қырық жыл жатыр ғой.
— Ондай куәлік бар,— деді адвокат салқындау сөйлеп. Куәліктің аты — куәлік. Әйеліңіз Мисс Фрэнчті еш уақытта да кездестірмеп пе еді?
— Жоқ.... Ол тағы да мүдіріп қалды.
— Айтуға рұқсат етіңіз,— деді адвокат,— бұл жерден тірлігіңізді мен онша түсіне алмай отырмын.
Воул қызарып кетіп, екі ойлы болып, содан соң ғана тілі қайта шығып: «Мен бәрін де айтайын. Жағдайым қиын болатын, оны өзіңіз білесіз. Мисс Фрэнч біраз қарыз ақша бере ме деп үміттеніп едім. Кемпір өзімді жақсы кергенмен әйелім екеуміздің қандай күйде жүргенімізбен жұмысы болмады. Алғашында, әйелім екеуміздің арамыз онша болмай, бөлек тұрып жүрдік. Мисс Фрэнч оған мән де берген жоқ. Мейгерн мырза, сенсеңіз маған ақша Ромейн үшін қажет болды. Кемпірге ол жөнінде тіс жарып ештеңе айтқан жоқпын. Не ойласа да езі білсін дедім де қойдым. Мені өзіне бала қылып алғысы келетінін айтты. Үйлену туралы мәселе қозғалған емес, ол Жанеттің ойдан шығарып жүрген өтірігі болар.
— Бары сол-ақ па?
— Иә, осы.
Сөздерінде ептеген толқудың нышаны бар секілді. Адвокат солай деп түйді. Ол орнынан тұрып, тұтқынға қолын ұсынды.
— Сау болыңыз, Воул мырза.— Адвокат жас жігіттің қажыған өңіне қарап тұрып, ерекше шабытпен: «Сізге қарсы жиналған соншама деректерге қарамастан арыңыздың таза екеніне сенемін. Оны дәлелдеп, сізді біржола ақтап шығамын деген үміттемін»,— деді.
Воул да оған қарап жымиып күлді де: «Дәлелдің тастай екеніне көзіңіз жетеді әлі»,— деді мәз болып.
Адвокаттың жауапты бірден қатпағанын тағы да байқамай қалды.
— Бәрі де енді Жанет Маккензидің беретін куәлігіне тікелей байланысты болады,— деді Мейгерн мырза.— Сізді иттің етінен де жек көреді. Ол жағы анық.
— Олай бола қоймас,— деді жігіт сөз таластырып.
Шығып бара жатып, адвокат басын шайқап: «Ал енді, Воул ханымға тартайық»,— деді Істің жайы онша емес екендігі оның мазасын кетіре бастады.
В
оул Пэддингтон Грин3 маңындағы бір кішкентай нашар үйде тұратын. Мейгерн мырза осы үйге бет алды.
Қоңырауды басып еді, есікті үй сыпыратын адам болса керек, бір настау әйел ашты.
— Воул ханым бар ма? Ол кісі оралды ма?
— Осыдан бір сағат бұрын ғана келген. Сіз оны көре алар ма екенсіз?
— Аты-жөнім жазылған қағазды апарып берсеңіз,— деді Мейгерн мырза сабыр сақтап,— оның мені қабылдайтынына күмәнім жоқ.
Әйел оған сезіктене бір қарады да қолын алжапқышына сүрте салып, қағазды алды. Сосын ол Мейгернді сыртта қалдырып, есікті қайта жауып қойды.
Әйткенмен ол біраз уақыттан соң қайта оралды. Жаңағыдай емес ептеп жұмсарып қалыпты.
— Ішке кіріңіз.
Әйел оны кішкентай ғана қонақ бөлмесіне алып кірді. Мейгерн мырза қабырғадағы суретке үңіліп тұр еді, дыбысын шығармай аяқ астынан шыға келген бойшаң, өңі жүдеу әйелді көргенде селк ете қалды.
— Мейгерн мырзасыз ғой? Күйеуімнің адвокаты боларсыз, солай ма? Содан келдіңіз бе? Мүмкін отырғаныңыз дұрыс болар?
Сөйлегенге дейін әйелдің ағылшын емес екенін ол аңғармаған еді. Ал қазір жақын жерден анық байқады: бет сүйегі ірі, шашы қалың қара, анда-санда аздап қана қолын қимылдатып қояды екен. Осының бәрі де оның бөтен елдің адамы екенін анық байқатқандай. Түсініксіз әйел, өте сабырлы. Сабырлы болғанда, тіпті адамның ішін пыстырады екен. Әуел бастан-ақ Мейгерн мырза бұл арада өзі білмейтін бір құпияға тап болғанын сезіп қалды.
— Ал, енді, құрметті Воул ханым,— деп бастады ол сөзін,— салыңыз суға кетпесін...
Ол бөгеліп қалды. Ромейннің сары уайымға салынатын әйел емес екенін, ондай нәрсенің ойына кіріп-шықпайтынын да анық байқап қалды.
— Өтінемін сізден, маған істің мән-жайы айтып бермейсіз бе?— деді әйел.— Бәрін де білуім керек. Әйел толқып тұрды да, сосын бәсең үнмен, бір түрлі екпін қосып: «Кісі өлгенді де естіртеді, мен оған дайынмын»,— деді. Бұнысын адвокат онша түсіне алмады.
Мейгерн мырза өзінің Леонард Воулмен болған әңгімесін айтып шықты. Әйел мұқият тыңдап, аңда-санда басын изеп қойып отырды.
— Түсінікті,— деді ол, адвокат сөзін аяқтаған кезде.
— Ол маған сол түні сағат тоғыз жарымда үйге келді дегенді айтсын дейді ғой?
— Сол уақытта келіп пе еді өзі?— деді Мейгерн мырза іле-шала.
— Мәселе онда емес,— деді әйел салқын үнмен.— Мен солай десем ол ақтала ма? Соттағылар маған сене ме?
Мейгерн мырза таңданып қалды. Әйел тоқ етерін айтты.
— Менің білейін дегенім,— деді ол,— сол жеткілікті бола ма? Менің айтқанымды растайтын ешкім бар ма?
Әйелдің әлгіні білуге ынтыққаны сонша, тіпті адвокаттың өзі де ыңғайсызданып қалды.
— Әзірге ондай ешкім жоқ,— деді адвокат тарқатып айтқысы келмей.
— Түсінікті,— деді Ромейн Воул.
Бір-екі минуттай әйел үн-түнсіз отырып қалды. Ернінде күлкінің нышаны бар.
Адвокатты қорқыныш сезімі билеп: «Воул ханым... деді ол.— Сіздің қандай күйде екеніңізді білемін»...
— Солай ма?—деді әйел.— Қызық екен...
— Мына жағдайда...
— Бұл жағдайда... өзім ғана, карта құмарлар айтпақшы, тек жалғыз өзім ғана ойнаймын.
Адвокат оған мазасыздана қарап: «Қымбатты Воул ханым-ау... сіз қатты қалжырапсыз ғой. Күйеуіңіз үшін жаныңызды да қиюға дайын екенсіз?..» — деді.
— Кешіріңіз, не дедіңіз?
Әйелдің даусы сондай ащы шыққандықтан ол селк ете қалды.
Адвокат екі ойлы болып, сөзін және бір рет қайталады: «Күйеуіңіз үшін жаныңызды да қиюға дайын екенсіз...»
Ромейн Воул басын изеді. Ерініне жаңағы түсініксіз күлкі қайта үйіріліп: «Ол сізге мені қатты сүйеді дей ме?— деді Воул ханым даусы жұмсақтау шығып.—Аха! Иә, солай дегенін сезіп тұрмын. Еркектер деген қандай ақымақ! Ақымақ!.. Ақымақ... ақымақ!..»
Әйел кенеттен орнынан тұрып кетті. Бағанадан бері адвокат куә боп отырған ширыққан долы сезім әйелдің тамағына тығылғандай: «Мен оны жек көремін, біліп қойыңыз! Мен оны жек көремін! Өзін дарға асып өлтіргенін көрсе»,— деді.
Адвокат көзінен ыза оты ұшқындаған әйелдің алдынан кейін шегініп кетті.
Әйел бір адым жақындап келіп, жаңағы қарқынмен: «Мүмкін, ойланармын. Айталық, мен сізге сол түні күйеуім тоғыздан жиырма минут кеткенде емес, оннан жиырма кеткенде келді десем не болады? Сізге ол жақында ақшалы болатынын білген жоқпын депті. Ал егер мен сізге ол бәрін де білді, соған үміт артып жүрді, сол ақшаны алу үшін, әдейі кісі өлтіріп отыр десем ше? Айталық, осы түні үйге келгенде не істегенін маған түгел айтып берді десем ше? Пальтосының үсті қан-қан десем не болады? Мәселен, сотта орнымнан тұрып осылардың бәрін айтып берсем қалай болады?»
Әйелдің көздері оған «ал енді не істейсің» дегендей бетпақтана қарады.
Адвокат өрши түскен қорқынышын әрең дегенде жасырып, әйелмен байсалды сөйлесуге тырысып: «Күйеуіңізге қарсы куәлік бер деп сізді ешкім зорлай алмайды...»— деді.
— Ол менің күйеуім емес...
Бөлмеде құлаққа ұрған тыныштық орнай қалды.
— Мен Венада актриса болып істегенмін. Күйеуім тірі, бірақ жындыханада. Сондықтан да біз үйленген жоқ едік. Қазір соған қуанып отырмын,— деп ол басын ызалана шұлғып қойды.
— Сіз маған бір-ақ нәрсені айтыңызшы,— деді Мейгерн мырза, шамасы келгенше байсалды сөйлеуге тырысып.— Сіз Леонард Воулды сонша неге жек көресіз?
Әйел сәл ғана күлімсіреп, басын шайқады.
— Иә, сіздің мұны білгіңіз келіп отыр. Бірақ мен оны айтпаймын. Бұл менің құпиям.
Мейгерн мырза салқындау жөтеліңкіреп орнынан тұрып: «Бұл әңгімені көп соза берудің қажеті жоқ сияқты»,— деді.— Мен сізбен енді қорғауға алған адамыммен сөйлескеннен кейін жолығамын».
Әйел жақындап келіп, әдемі қара көзін қадап тұрып: «Айтыңызшы, сіз бүгін осы жерге келгенде, оның арының тазалығына шынымен-ақ сеніп келдіңіз бе?»,— деді.
— Иә, сеніп келдім,— деді Мейгерн мырза.
— Сіз де бір бишара екенсіз,— деп әйел күліп жіберді.
— Мен оған қазір де сеніп тұрмын,— деді адвокат сөзін аяқтап.
— Сау болыңыз, мадам.
Ол бөлмеден шығып кетсе де, әйелдің қорқынышқа толы бет-әлпетін ұмыта алмады. «Бұл бір масқара жұмыс болайын деп тұр»,— деді Мейгерн мырза іштей көше бойлап кетіп бара жатып.
Ерекше жағдай. Шектен шыққан, өте қауіпті әйел. Әйел деген қастандық істеймін десе нағыз сұмдық боп кетеді екен ғой.
Енді не істеуге болады? Ана жігіттің соры енді әбден қайнайтын болды ғой. Мүмкін қылмысты оның өзі жасаған болар.
«Жоқ,— деді Мейгерн мырза өзіне-өзі. Қарсы жиналған айғақ тым көптеу. Мына әйелге сенбеймін. Бәрін ойдан шығарып отыр. Бірақ ол сотта мұны еш уақытта да айтпайды».
Адвокат бұл мәселе жөнінде сенімінің молырақ болмағанына өкінді.
Полициядағы тергеу процесі әрі қысқа әрі қызық болды. Істің басты куәлері өлген әйелдің қызметшісі — Жанет Маккензи мен Австрияның азаматшасы, тұтқынның әйелі Ромейн Хейлгер екен.
Мейгерн мырза бұл процеске қатысып отырып, соңғы куәнің сұмдық сандырағын тыңдады. Әйел өткендегі екеуінің арасында болған әңгіменің жобасымен сөйледі.
Тұтқын өзін ақтайтын ештеңе айта алмаған соң ісі сотқа берілді.
Мейгерн мырза не істерін білмей, тұйыққа тіреліп қалды. Леонард Воулдың басына қара бұлт төнді. Тіпті оны қорғауға корольдік кеңестің де қолынан ештеңе келе қоймайтын.
— Егер ана Австралиялық әйелдің берген куәлігін бұзса бірдеңе шығар еді,— деді адвокат екі ойлы боп.— Бірақ бұл — өте қиын шаруа.
Мейгерн мырза күш-жігерін енді бір-ақ нәрсенің төңірегіне жұмылдырмақшы болды. Айталық, Воул мырза, шынын айтып, өлген әйелдің үйінен сағат тоғызда кетіп қалса, онда ана Жанет даусын естіген, Мисс Фрэнчпен сағат тоғыз жарымда сөйлесіп отырған адам кім болуы мүмкін?
Бір болса, баяғыда нағашы апасын кейде өтірік мақтап, кейде қорқытып біраз ақшасын сыпырған тентек жиені бар еді, соның ісі болуы мүмкін. Адвокат сұрастырып білсе, Жанет Маккензи кезінде әлгі жігітпен сыбайлас болып, оның кемпірге істеген қылығын көре тұра қой демепті. Олай болса, Леонард Воул кетіп қалғаннан кейін Мисс Фрэнчпен сөйлесіп отырған әлгі жиен болуы да ықтимал. Оның үстіне әлгі адам бұрын өзі шықпайтын, жиі барып жүрген жерлерінен табылмай қойды.
Адвокат басқа бағытта жүргізген әрекеттерінен де жөнді нәтиже шығара алмады. Леонард Воулдың өз үйіне келіп кіргенін де, Мисс Фрэнчтікінен шыққанын да көрген ешкім болмады. Криклвудтағы үйге кіріп-шыққан бөтен біреуді көрген де еш пенде жоқ. Барлық еңбек зая кетті.
Сот болардан бір күн бұрын Мейгерн мырза ерекше бір хат алды.
Бұл кешкі алтыдағы почтамен келген хат болатын. Сыртындағы маркасы қисық жапсырылған, кірлеу конвертке салынған, жай қағазға жазылған сауатсыз шимақ екен.
Мейгерн мырза әлгіні екі рет оқып әрең түсінді.
«Құрметті мырза.
Сіз ана жас жігіттің адвокатысыз ғой. Егер ана шет елдік жезөкшенің кім екенін және оның өтірігін білгіңіз келсе, Степни4 ауданындағы Шоуз Ренте 16-ға бүгін кешке жетіңіз. Оның құны екі жүз фунт. Могсон ханымды сұра».
Адвокат бұл хатты неше дүркін оқып шықты. Алдамшы хат болуы да мүмкін. Бірақ тағы да бір ойланып көріп, оның растығына сенімі күшейе түсті және тұтқынды арашалап қалатын да тек осы хат болар деп үміттенді. Ромейн Хейлгердің берген түсінігі оны бас көтертпей тастаған, ал қорғаушы ретінде Мейгерннің бұған қарсы қоятыны жеңілтек өмірді мұрат еткен әйелдің түсінігіне сенуге болмайды деу ғана еді. Бұл онша мықты дәлел емес-тін.
Мейгерн мырза, әйтсе де, батыл шешім қабылдады. Өз клиентін арашалап, ақтап қалуды өзінің борышы санады. Сондықтан да Шоуз Рентске баруға бел байлады.
Ол жаңағы адресті таба алмай біраз қиналды. Ақыры ол қаланың шет жағындағы, лас, иісі мұрын жаратын жердегі құлайын деп тұрған ескі үйді тауып алды. Могсон ханымды сұрастырып еді, оны үйдің үшінші қабатындағы бір бөлмеге сілтеп жіберді. Есікті қағып еді жауап болмады. Ол қайта қақты.
Екінші рет қаққан кезде іш жақтан тықырлаған бір дыбыс естіді, артынша есік болар болмас қана сақтықпен ашылып, ар жақтан ілмиген біреудің тұлғасы көрінді. Әйел болуы керек.
Кенеттен әлгі әйел мырс етіп күлді де есікті кеңірек ашып: «Сен екенсің ғой, көкешім»,— деді даусы қыр-қыр етіп.— Қасыңда ешкім жоқ па? Пәле ойлап тұрған жоқсың ба? Дұрыс. Ішке кіруіңе болады, ішке кір. Адвокат екі ойлы боп, табалдырықтан аттап кішкентай, лас, ішінде газ шамы сығырайған бөлмеге кірді. Бір бұрышта ұсқынсыз, жиналмаған төсек тұр; домбайлап жасалған қарапайым стол, солқылдап босап тұрған екі орындық көрінеді. Адам жиіркенетін әлгі мекеннің иесін адвокат енді ғана толық көрді. Орта жасқа келген, еңкиген, қобыраған бурыл шашты әйел екен, бетін айналдыра мойын орауышпен тұмшалап орап алыпты. Өзіне адвокаттың қарап тұрғанын байқап, ол тағы да мырс етіп күлді. Күлкісі бір түрлі, ерекше.
— Сұлулығын неге жасырады деп дал болып тұрған шығарсың көкем, солай ма? Хи, хи, хи. Қызықтырып әкетеді деп қорқып тұрған жоқсың ба? Бірақ оны сен көресің, көресің әлі.
Әйел мойын орауышты жұлып алған кезде адвокат қып-қызыл болған ұсқынсыз бетті көріп, артқа қарай шоршып түсті. Әйел бетін қайта орай қойды.
— Мені сүйіп алғың келмей ме, көкешім? Хи, хи. Мен оған таңданбаймын. Кезінде мен әп-әдемі қыз болатынмын. Тіпті мұндаға дейін сұлу едім. Күкірт қышқылы, көкешім, күкірт қышқылының ісі бұл. Тұра тұр бәлем. Олардан кегімді аламын әлі...
Мейгерн мырза ағыл-тегіл лағнетті жаудыра жөнелген әйелге басу айтпақшы болып еді, онысынан түк те шықпады. Ақырында ашудан жұдырықтары біресе ашылып, біресе жұмылып, әлгі әйел бұрқылдап бір сәт отырып қалды.
— Болар енді,— деді адвокат қатал үнмен.— Мен бұл жерге клиентім, Леонард Воулды ақтауға себі тиетін мәлімет береді ғой деп, сізге сенгендіктен келіп отырмын. Сол үшін шақырттыңыз ба?
Әйел оған бір нәрсе дәметкендей қулана қарады.
— Ақша жағы қалай болады, көкешім?— деп қырылдады ол,— екі жүз фунт, есіңде
болар.
— Түсінік беру сіздің борышыңыз, сотқа шақырылып қалуыңыз мүмкін, бұл жөнінде.
— Ол жарамайды, көкешім. Мен кәрі кемпірмін. Сосын мен ештеңе де білмеймін. Бірақ маған екі жүз фунт ақша берсең, мен саған бір-екі нәрсенің қисынын айтуым мүмкін. Түсіндің бе?
— Неге сипақтатып отырсыз?
— Менде бір хат бар десем не дер едің? Әйелдің хаты. Оны қалай қолға түсіргенімді сұрамай-ақ қой. Ол менің шаруам. Мақсатыңа жетесің, тек менің екі жүзімді қолыма сал.
Мейгерн мырза салқындау бір қарап, шешім қабылдады.
— Мен сізге он фунттан артық көк тиын да бере алмаймын. Онда да айтып отырғаныңыз рас болса ғана.
— Он фунт дейсің бе? Әйел шаңқылдап бақырып жіберді.
— Жиырма фунт,— деді Мейгерн мырза,— бұл менің соңғы сөзім.
Ол орнынан тұрып кетуге ыңғайланды. Сосын, әйелден көзін айырмай, қалтасынан бір кітапшаны шығарды да жиырма бір фунтты санап алды.
— Көрдіңіз бе,— деді ол.— Осыдан басқа ақшам жоқ. Алсаңыз да, алмасаңыз да осы ғана.
Бірақ ақшаны көрген соң әйелдің одан ары шыдай алмайтынын ол білген болатын. Біраз бұрқылдап ұрсып алды да, әйел райынан қайтты. Төсек жаққа барып, төсеніштің астынан бір нәрсені суырып алды.
— Міне, саған керегі осы болса, сайтан алғыр!— деді әйел тағы да бұрқылдап.— Саған керегі бет жағындағысы.
Әйелдің адвокатқа тастай салғаны бір бума хат болатын. Мейгерн мырза жібін шешіп, өзіне тән сабырлылықпен асықпай оқи бастады. Оған тесіле қарап, әр қимылын бағып тұрған әйел адвокаттың бет-әлпетінен ешнәрсе сезе алмады.
Әр хатты жеке-жеке оқып шығып, адвокат буманың бетінде бірінші тұрған хатты қайта бір қарап шықты. Сосын ол қалған хаттарды ұқыптылықпен қайта буып қойды.
Олар сүйіспеншілік жайлы жазылған Ромейн Хейлгердің хаттары болатын. Барлығы да Леонард Воулға жазылыпты. Бет жағындағы хат Воул тұтқындалған күні жазылыпты.
— Мен шындықты айттым, көкешім, солай ғой?— деп жыламсырады әйел.— Бұл хат оның быт-шытын шығарады, солай емес пе?
Мейгерн мырза хаттарды қалтасына салып, сосын: «Бұларды қолға қалай түсіріп жүрсіз?» — деді.
— Ол өзінше бір әңгіме,— деді әйел қулана.— Бірақ мен одан да зорғысын білемін. Тергеу кезінде ана жезөкшенің не