24 Қараша, Жексенбі

Әдебиет

Абай Құнанбайұлы
Абай (Ибраһим) Құнанбаев Құнанбайұлы (1845-1904) — ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, композитор

Үкімет билігіндегі сенатқа шағым пікір






Семей уезі, Шыңғыс болысының
қазағы Ибрагим Құнанбаевтан

1898 жылғы июньде, Семей уезі бастығының қатысуымен Мұқыр болысы лауазымды адамдарының 1899 жылдан 1902 жылға дейінгі үш жылдық мерзімге сайлауы жүргізілді. Дәл осы мезгілде Мұқыр және Шыңғыс болыстарының арасындағы шекараны реттеп, белгілеу де көзделген болатын. Шекараны көрсету үшін Шыңғыс болысынан өкілдікке Ысқақов, Салтыбаев және Байысов жіберілді. 17 июньде уезд бастығы мені шақыртып алып, алдымен бұрынғы шекараны көрсетуді талап етті. Өйткені ол Шыңғыс болысынан өкілдікке тағайындалған кісілеріне сеніңкіремеді де, менің екі-үш ақсақалмен бірлесіп, болыстардың ара-жігін ажыратуға қатысуымды қалады.

18 июньде мен Уезд бастығына келіп, Шыңғыс болысынан тиісті кісілер жиналғанын хабарладым. Уезд бастығы, мұқырлықтар әлі түгел келіп болмағандықтан, күте тұруға әмір етті. Мен уезд бастығы тоқтаған киіз үйден шығып, Мұқыр болысының адамдары келуін күтіп, тақау маңда отырдым. Осы тұста айта кету керек, Мұқыр болысында айдаудан қашқан неше түрлі қаңғыбастар жасырынып жүретін де, болыс оларды өз қол астында жасырып ұстайтын. Бұл жайды білетін уезд бастығы менен сондай қашқындарды ұстауға мүмкін-қадарымша қолғабыс жасауды сұраған. Мұны мұқырлықтар да білетін. Уезд бастығының киіз үйінің маңында күтіп отырғаныма бірер сағат өткен кезде, Мұқыр болысының кектене жауыққан бір топ қазағы өршеленіп келіп маған тап берді. Оларды бастап келген болыстың өзі Мұсажан Әкімғожин және Бейсенбі Жақыпов, Әбен Бітімбаев, Әзімжан Исабаев, Рақым Өмірзақов дегендер еді. Әлгі тобыр маған жабыла бас салғанда, Жақыпов белбеуімдегі бәкімді, Әбен Бітімбаев басымдағы бөркімді жұлып әкетті, ал Рақым Өмірзақов алтын баулы сағатымды тартып алды. Сонан соң олар мені жерге жығып салып, қамшымен сабай бастады. Сол кезде Уәйіс Соқин дейтін қазақ өзінің денесімен менің үстімді жауып, әрі қарай сабауларына жол бермеді, соның арқасында ғана мен әрмен қарайғы соққыдан аман қалдым. Менің айқайлаған даусымды естіп, уезд бастығы киіз үйден жүгіріп шықты да, күзетші жасағының көмегімен жаңағы жапырлаған тобырды қуып жіберді. Сонан кейін мен мұқырлықтар тарапынан бұдан да бетер аяусыз зомбылыққа ұшырап жүрмейін деп сескеніп, қасымда серіктерім бар, өз болысыма қайтып кеттім.

Жоғарыда аталған заттарды талаумен бірге қазақтар менің мініп келген атымды алып кетті, оған қоса дастарқан, кілем сияқты 50 сомға татырлық үй ішілік заттарымды әкетті. Жалпы тоналған мүлкімнің бәрін қосқанда құны 241 сом мөлшерінде болды.

Бұл іс бойынша анықтама жүргізіліп, сонсоң тиісінше тергеу жұмысын жүзеге асыру үшін Семей уезінің тергеушісіне берілген болатын. Істің жай-жапсарын анықтағаннан кейін, тергеуші Жаза қолдану ережесінің 120 және 1642-статьялары негізінде болыс Мұсажан Әкімғожин, Бейсенбі Жақыпов, Әбен Бітімбаев, Әзімжан Исабаев, Рақым Өмірзақовтарды мені тонаған деп айыпқа тартты. Тергеу біткен соң, іс 1892 жылы шыққан XVI томның II бөлім, 332-статьясы негізінде 98-жылғы 18 ноябрьде №1197 қатынас қағазымен бұрынғы Семей облыстық сотының прокурорына жіберілген-ді. Прокурор, неге екені белгісіз, талау-тонау туралы істі Семей облыстық басқармасына жіберді, ал ол тонау туралы тергеу ісін қарап, Мұсажан Әкімғожинді, Бейсенбі Жақыповты және басқаларын айыптайтындай жеткілікті айғақ жоқ деп тауып, өзінің 1899 жылғы 13 февральдағы журналға жазылған қаулысы бойынша істі қысқартқан. Бұл қаулының көшірмесін іспен қоса бұрынғы Семей облыстық сотының прокурорына кері қайтарды. Прокурор іс пен қаулыны 1899 жылғы 24 апрельдегі қатынас қағазымен бұрынғы Семей облыстық сотына жолдаған, онда былай деп жазылыпты: „Облыстық басқарманың 1899 жылғы 13 февральдағы қаулысының көшірмесінде баяндалған қылмыстың дәлелденбегені туралы уәжге келісе отырып, қуғындау қысқартылуы тиіс деп санаймын".

Облыстық сот, сонымен, істі қысқартқан. Айыпкерлерге сот ісінің қысқарғаны жайында полиция арқылы 1899 жылғы 13 майда хабарланады; ал маған полиция арқылы да, істің қысқарғаны жайлы сотта хабарландыру ілу арқылы да мағлұм етілген жоқ. Бұл жөнінде мен 1900 жылғы 4 январьда Семей округтік соты прокурорының орынбасарынан істің қысқарғандығы жайлы хабар естігенде бір-ақ білдім.

Бұл істің қысқартылуын мен істің мән-жайы турасынан да, сондай-ақ формальдық жағынан да дұрыс емес деп білемін, оған мынандай негіздерім бар: тергеуде айыпты дәлелдеу үшін мен Көкбай Жанатаев, Садық Уақбаев, Күнбазар Шілдебаев, Құсайын Қиқымбаев, Нәзімбай Зорманов, Нұрманбай Уатаев, Саржан Жүсіпов, Ғабілхакім Ысқақов, Ысқақ Салтыбаев, Қадыр Байысов, Әділ Божаев, Есендік Базаров және Уәйіс Соқин сынды қазақтарды куәға тартқанмын. Осы куәлердің қостауымен Әкімғожин, Бітімбаев және басқаларының маған шабуыл жасап, талап-тонағаны толық расталған. Айыпкерлер формальды тергеу барысында өздерін жазықтымын деп мойындамаған, барлық айыпты мен болыс Әкімғожинмен және басқалармен жауығып жүрген Дүтбай Уандықовтың өсек-жаласына еріп, жалған айтып отыр деп түсіндірген. Өздерін ақтау үшін айыпкерлер Оразбай Аққұлов, Серғазы Сақалов, Бекен Құлайғыров, Қойшыбек Көркембаев, Бітімбай Нұралин, Мұсабек Көркембаев және Бұланбай Найманбаевтарды куә етіп тартқан. Аталған куәлардың жауабына қарағанда, Мұқыр болысында екі партия болған екен де, оның біреуі менің күйеу балам Уандықовтың партиясы да, екіншісі Бітімбаев пен Әкімғожиннің партиясы болыпты-мыс; ал Мұқырдағы съезге күйеу баламды болыс етпекке келіппін; халықты, оның ішінде Құлайғыров деген біреуді өзімнің күйеу баламның пайдасына айдап салсам керек. Ал Құлайғыров менім ұйғаруымды орындаудан бас тартқан кезде, мен оны ұра бастасам керек. Сол кезде оған Бұлқайыров болысыпты да, осыдан келіп жаппай төбелес туып кетіп, мен сол төбелестің үстінде таяқ жесем керек. Ал тонау-талау жайына келсек, айыпкерлер жағындағы куәлардың айтуында, мен мұның бәрін көрген жәбірім үшін кек қайтаруды көздеп, ойдан шығарған екенмін. Істе сонымен қабат мен де, айыпкерлер де көрсетпеген куәлардың үшінші тобы бар. Бұл оқиғаға кездейсоқ қатысқан және ешбір партияға кірмейтін адамдар — олар Омарбек Оспанов, Василий Красильников пен Николай Литвинов. Куәлардың жауабынан жалпы алғанда тұжырымдалған фактілер мыналар: уезд бастығы отырған киіз үйге 14 және 18 июньде өз партиясындағы қазақтарды ертіп болыс Әкімғожин келеді де, мен қазақтарды Шыңғыс болысына көшуге үгіттеп жүргендіктен, мені сьезден кетіруді өтінеді. Уезд бастығы қазақтарға абыржымаңдар деп тоқтау айтып, маған өз болысына қайтсын деген бұйрығын жеткізу жөнінде Оспановқа әмір береді. Мен уезд бастығының киіз үйі қасында отырған кезімде, Оспанов маған уезд бастығының бұйрығын жеткізбекке келе жатады, бірақ нақ осы кезде мұқырлықтар тобыры, ең алдында Әбен Бітімбаев бар, маған тарпа бас салады; сөйтіп, төбелес басталады. Оны уезд бастығы сақшыларының көмегімен тыяды. Төбелестен кейін, мен өзімнің бөркімді, алтын баулы сағатым мен белбеуімді тонап әкеткенін мәлімдеппін. Бірақта бұл жайдың қаншалықты әділдігін куәлар растай алмаған, өйткені ол куәлар менің алтын баулы сағатым, бәкім болған-болмағанын байқамаған, ал төбелестен соң басымда бөркім болмағанын олар көрген. Куә Оспанов бәкі, бөрік және шынжырлы сағат төбелес үстінде тартып алынуы ықтимал екенін, бірақ та мұны кім істегенін білмейтінін білдірген. Менің киіз үйімнің тоналуы жайында, куә Литвинов уезд бастығы оны менің киіз үйіме жібергенін, ол келіп қарағанда, киіз үйдің ішіндегі заттардың аман екенін көреді, онда қазақтардың өз жайларынша, менің қымызымды ішіп отырғанын айтқан. Ақыр аяғында ең соңғы куәлар тобы: Жәңгір Көмекбаев, Бозымбай Әбдин, Кәрімжан Тайшекин, Бағмет Доскелдин, Көшкін Мағамбетов, Жауылды Байтұров, Дүйсенбай Боранов, Қожанбай Иманбаев, Бегендік Байғотанов және Ақылбек Шубановтар болыс Әкімғожин, Әзімжан Исабаев пен Бітімбаев төбелеске араласпаған деп куәлік берген. Семей облыстық басқармасының 1899 жылғы 13 февральдағы журналда жазған қаулысы бойынша, мені ұрып-соғу және тонау жөніндегі іс мынадай уәждермен қысқартылған: „баяндауды тыңдай келіп және куәлік жазбаларды қарай келіп, облыстық басқарма былай деп біледі: Шыңғыс болысының қазағы Ибрагим Құнанбаев Семей облыстық прокурорының атына 1898 жылғы 4 және 9 июльде берген өтініштерінде өзін Мұқыр болысының лауазымды адамдарын сайлау кезінде қатысып отыру үшін, сондай-ақ Шыңғыс және Мұқыр болыстарының арасындағы жердің ара-жігін ажырату үшін уезд бастығы шақыртып алғанын мәлімдейді, сол кезде Бұғылы болысының қазағы Оразбай Аққұловтың айдап салуымен болыс Мұсажан Әкімғожин, Әбен Бітімбаев, Рақым Өмірзақов, Әзімжан Исабаев және Бейсенбі Жақыпов бастаған Мұқыр болысының қазақтары тобырымен шабуыл жасап, оны сабағанын, сонымен бірге Бітімбаев оның бөркін, Өмірзақов алтын баулы сағатын жұлып алғанын, Жақыпов белбеуінен бәкісін суырып алғанын айтады. Аталған адамдар оған қоса оның киіз үйінен жалпы құны 241 сомдық әр түрлі бұйымдарын тонап, астындағы атын айдап әкеткен. Мұның бәрін Құнанбаев тергеу барысында растаған және мұны оның куәлері Көкбай Жанатаев, Садық Уақбаев, Байжұрын Байғожин және басқалары, барлығы 19 адам растап берген (істің 23, 24, 25, 50, 52, 53, 54, 55, 56, 57, 58, 59, 80-беттері).

Мұнымен қатар Құнанбаев Бітімбаевтың бұл істі доғаруды өтінгенін айтты, бірақ бұл фактіні Құнанбаев ештеңемен дәлелдей алмады. Оның үстіне айыпкер Әкімғожиннің және оның куәлері Көмекбаевтың, Әбдиннің, Тайшекиннің, Доскелдиннің жауаптарынан, сондай-ақ тілмаш Оспановтың және төбелес кезінде сол арада болған Мұқыр болысының қазақтары мен сақшылардың жауаптарынан болыс Әкімғожиннің бұл төбелеске ешбір араласпағаны әбден анықталды (Істің 94, 95, 78, 30 және 31-беттері).

Егер осы айтылғандарға Оразбай Аққұловтың және басқа куәлердің жауабынан көрінгендей, Мұқыр болысында сол кезде партияшыл жауластық болғанын қоса алсақ (істің 73, 74, 75, 76-беттері), оның үстіне бұрын Мұқыр болысына қараған, тіпті сол елдің болысы болған Ибрагим Құнанбаев та болысқа қас партияда болған және бұл жаулықтың соншалықты ересен зор болғаны сондай, анықтамаға қарағанда, облыс бастығы мырза Мұқыр болысына сайлаусыз, өзге болыстың қазағын болыс етіп тағайындауды қажет деп тапқан. Осыған қарағанда, Құнанбаевтың болыс Әкімғожин өзін талап-тонауға араласты деп жалған қорытынды жасауы әбден ықтимал. Оның үстіне Құнанбаевтың алтын баулы сағатымды, бәкімді, атымды және киіз үйдегі әр түрлі бұйымдарымды тонап әкетті деген фактісі, бір жағынан, Құнанбаев тартқан куәлердің жауабы арқылы расталғанымен, ол куәлердің жауаптарына сенуге болмайды. Өйткені олар, біріншіден, бәрі бір ауыздан шыққандай бір-біріне тым ұқсас; екіншіден, мұншама қалың жұрт қатысқан жаппай төбелес кезінде Құнанбаевтың бөркін кім жұлып алып, пышағын кім суырып әкетті, баулы сағатын кім тартып алды, тағы сондайларды әлгі куәлердің әрқайсысы көріп тұрды деудің өзі қисынға келмейді, ал Құнанбаевтың жоғарыда аталған куәлерінің әрқайсысы осының бәрін көрдім деп жауап береді; үшіншіден, бұл куәлердің сөзін айыпкер куәлерінің бірқыдыру жауаптары жоққа шығарады; ең соңында, төртіншіден, болыс Мұсажан Әкімғожинге және басқаларына тағылған айып бейтарап адамдардың, мысалы, Омарбек Оспановтың, сақшылар Красильников пен Литвиновтың жауаптарында еш расталмайды (істің 31-бетінде), қайта соңғы үш кісінің жауаптары төбелестің болғанын, Мұқыр болысының қазақтары Құнанбаевты сабағанын, бірақ бұл төбелесте болыс Әкімғожиннің болмағанын растайды және олар төбелес кезінде Құнанбаевтың сағаты, бәкісі және басқа бұйымдары шындығында тоналған-тоналмағанын білмейді. Жоғарыда баяндалған жайға сәйкес облыстық басқарма Мұқыр болысының бұрынғы болысы Мұсажан Әкімғожинді Жаза қолдану ережесінің 120 және 1642-статьялары бойынша жауапқа тартуға негіз жеткіліксіз деп санайды, оның үстіне партиялық дау-дамай мен айтыс-тартыс кезінде қазақтар ант-су ішіп тұрып та жалған айтудан қымсынбайды, әйтеуір қандай амалмен де мақсатына жетсе болды. Сондықтан да және бұл істе Мұқыр болысының бұрынғы болыснайы Әкімғожиннің әрекетсіздігі жөнінде анықтамаға қарағанда, бұл іске өзгеше тергеу жүргізілгеніне байланысты, ол журнал бойынша айырықша қаралатынын еске ала келіп, облыстық басқарма ұйғарды: Семей уезі Мировой судьясы көмекшісінің Мұқыр болысының бұрынғы болыснайы Мұсажан Әкімғожинді Жаза қолдану ережесінің 120 және 1642-статьялары бойынша қылмысты айыпкер есебінде жауапқа тарту туралы таңдалып отырған қаулысы тағылған айыптың жетімсіздігінен қанағаттандырылмайды деп табылсын, бұл жөнінде мүдделі кісілерге Семей уезінің бастығы мырза арқылы жария етілсін, указ соған жіберілсін. Қалған адамдарды (лауазымды адам емес, жеке адамдар есебінде) айыптау жөніндегі тергеу қағаздары Семей облыстық прокурорының қарауына жолдансын".

Сонымен, бүкіл істен байқалып отырғандай, тергеу Семей облыстық басқармасының 1898 жылғы 13 февральдағы журналда жазылған қаулысында баяндалған пікір мен сот ведомствосы шендеріне жатпайтын кісілердің уәждері айыпкер ретінде жауапқа тартылған адамдардың жазықты-жазықсыздығы жөніндегі қорытындыға негіз бола алмайтындығы былай тұрсын, облыстық басқарманың жасаған қорытындысы істің мәнісі жағынан да дұрыс емес.

Облыстық басқарма, біріншіден, Құнанбаев, тергеу кезінде өзін ұрып-соққандығы мен тонағандығы жөніндегі фактілерді растағанымен және оның түсініктемесін растайды деп тартқан куәлері де бұл фактілерді қостағанымен, ол жауаптар бір-біріне ұқсас, бәрі бір өңкей болғандықтан, бұл жауаптарға сенуге болмайды деп есептеп, болысты және басқа айыпкерлерді жауапқа тартуға негіз жоқ деп тапқан. Егер куәлер өздері бір мезгілде көрген белгілі бір оқиға жайында бір-біріне ұқсас пікір айтса, онда мұндай жағдай әлгі оқиғаның болмағандығына дәлел бола алады дегенді тұңғыш рет естіп отырмын.

Мен былай деп ойлаймын: егер белгілі бір оқиға жайлы бірді-екілі емес, көп адам түсінік берсе және ол жайында мүлде ұқсас пікір айтса, онда мұның өзі оқиғаның ойдан шығарылмағандығын, шын мәнінде болғандығын дәлелдейді. Әлбетте, көп адамның да әлдебір мүдделерді көздеп, мүлдем болмаған немесе болған оқиғалар жайлы нақ болғандағыдай етіл айтпауы да мүмкін жай. Ондай жағдайда мұны жоққа шығару үшін әңгімелер бір-біріне ұқсас деген бір ғана тұжырыммен түйінделмей, әлгі әңгімелерді істің басқаша жағдайларында және басқа адамдардың куәліктерімен салыстыра отырып тексеруден өткізу арқылы түйінделуге тиіс. Осындай ой түйіндеу арқылы теріс те, оң да қорытындыға келуге болады — түсініктемелер бір-біріне ұқсас екен, демек, олар жалған; ақиқатқа көз жеткізу үшін олар бір-бірімен қабыспайтын болуы қажет екен; бірақ мынадай да силлогизм жасауға болады ғой: түсініктемелер бір-бірімен қабыспай ма, демек, олар жалған; ал ақиқатқа көз жеткізу үшін түсініктемелер бір-біріне ұқсас болуы керек.

Логикалық жағынан алғанда, екі жағдайдағы түйіндеу де дұрыс, бірақ мәселе онда емес, мәселе мынада болған: оқиғаның ақиқаттығына көз жеткізу үшін негізгі ой түйіні жеке бастың уәж-нанымына ғана сүйенбей, фактілерге негізделген уәж-нанымына сүйеніп жасалуы керек. Ал мұндай наным болмаған жерде — түсініктемелер мейлі ұқсас болсын, мейлі әр қилы болсын — бәрібір оқиғаға сайма-сай келетін түйін жасауға болмайды, тек нақты дерегі жоқ пікірге ғана келуге болады. Кез келген үкімнің немесе жазықты-жазықсыздықты анықтаудың негізінде барлық фактілердің жиынтығы жатуға тиіс. Қылмысты істер соты Уставының 119-статьясында және 1892 жылы басылған заңдар жинағының XVI томындағы 335-статьяда осы талап атап көрсетілген.

Облыстық басқарма тергеу кезінде Құнанбаев Бітімбаевтың бұл істі доғаруды өзінен өтінгендігін баяндағанын, бірақ оның мұны дәлелдей алмағандығын тағылған айыптың негізсіздігінің екінші шарты деп табады. Бітімбаевтың өтінішіне қатысты менде ешқандай айғақтың жоқ екендігіне қарап, одан мені ешкім ұрып-соқпапты және тонамапты деген қорытынды шығаруға тіпті де болмайды. Егер мен Бітімбаевтың істі доғаруды өтінгендігін дәлелдей алған жағдайдың өзінде мұның өзі де өздігінен сотта Бітімбаевтың және басқалардың айыптылығына айғақ бола алмайды ғой, өйткені, маған зомбылық жасағанына қарамастан, мұның болуы да немесе болмауың да мүмкін еді. „Оның үстіне, — деп пайымдайды Облыстық басқарма,— Әкімғожиннің және куәгерлер Көмекбаевтың, Әбдиннің, Тайшекиннің, Доскелдиннің, сонымен бірге тілмаш Оспановтың және төбелес болған жерге барған сақшылардың жауаптарында болыс Әкімғожиннің төбелеске еш қатыспағандығы толық айғақталады. Егер бұған, Оразбай Аққұлов пен басқа да куәгерлердің жауаптарынан көрінетіндей, сол уақытта Мұқыр болысында партияшыл жауластық етек алғандығын, әрі бұрын Мұқыр болысына қараған және болыстың болыснайы болған Ибрагим Құнанбаевтың жау партияға жататынын, Құнанбаевтың өшпенділігінің ересен зорлығы сонша, облыстың бастығы Мұқыр болысының болыснайлығына басқа болыстың қазағын тағайындауды қажет деп тапқандығын қоссақ, онда Құнанбаевтың болыс Әкімғожинді өзін тонауға қатысты деп расында да жалған уәж жасауы ықтимал болып шығады".

Басқарма куәгер Көмекбаевтың және басқалардың куәліктерімен айғақталған қандай мағлұматтардың негізінде Әкімғожинді маған шабуыл жасауға яки, Облыстық басқарма айтқандай, төбелеске қатыспады деген уәжге келді екен — бұл жағы белгісіз — ал осы куәгерлердің түсініктемелерінің мәніне үңіле келгенде бұл куәгерлер шындықты жасырып отыр десе дұрысырақ болар еді. Мысалы үшін, яки куәгерлердің куәліктерін айқындай түсу мақсатында, куәгер Жанғазы Көмекбаевтың жауабын Бозымбай Әбдиннің, Қаражан Тайшекиннің және Бегімбет Доскелдиннің жауаптарымен салыстырып көрейік. Көмекбаев болысты оқиғаның басы-қасында болған жоқ деп көрсетеді, ол уезд бастығының киіз үйінің әр жағында отырып, бастықтың киіз үйінің сырт жағынан айқай-шу естігендігін, сол жаққа жүгіріп барғанда төбелесті көргендігін айтады, жанжалға араласпаған, не болып жатқанын көрмеген. Куәгерлер Әбдин, Тайшекин, Доскелдин және басқалар былай деп көрсетеді: олар да болыс Әкімғожинмен бірге уезд бастығының киіз үйінің әр жақ жанында Көмекбаев отырған жерде отырған, киіз үйдің бергі бетінен айқай-шу естіп, сонда жүгіріп келген, төбелесті көрген, бірақ кім-кіммен және не үшін төбелескенін көрмеген. Тіпті бұл куәгерлердің жауаптары шын мәнінде сын көтермей тұрған жоқ па; төбелесті бәрі де көрген, бірақ олардың ешбірі кімдердің төбелесіп жатқанын көрмеген; егер екі тобыр бір-біріне қарсы келіп айқасып жатса, дәл сол жерде тұрған адам төбелесіп жатқандарды қалайша көрмейді немесе төбелеске қатысушылардың бірде-бірін қалайша байқамайды? Сонда төбелестің болғаны айқай-шудан ғана білініп, ал төбелесіп жатқандар бұл куәгерлердің көзіне түспеген болып шыққаны ғой. Олардың жауаптары болған оқиғаның мәнін aшy үшін емес, тек Әкімғожин қатысқан жоқ деген фактіні растау үшін ғана беріліп отырғаны анық. Бірақ олар бұл ретте де мақсатына жете алған жоқ — біреулері Әкімғожинді төбелес болған сәтте мүлдем болған жоқ десе, ал екіншілері ол болды, бірақ төбелеске қатысқан жоқ деп сендіреді. Басқа куәгерлердің растайтын жауаптары болып тұрғанда, „көрген жоқпыз" деп теріске шығару Әкімғожиннің ол жерде болмағанын және төбелеске қатыспағандығын дәлелдей алмайды. Өздерінің жауаптарынан оқиғаның басынан аяғына дейін болғандықтары көрініп тұрса да, куәгерлер өздерінің көз алдарында болмаған нәрсені көрген болыпты, ал шын мәнінде болған жайтты көрмей қалыпты.

Куәгер Омар Оспанов былай деп көрсетеді: Құнанбаев сайланған адам ретінде, уезд бастығының бұйрығы бойынша, Шыңғыс және Мұқыр болыстарының шекараларын белгілеу үшін келді; болыс Әкімғожинді төбелес кезінде көрген жоқпын — бір жаққа жасырынып қалса керек, ол жанжал аяқталғанда ғана келді; сағат, бөрік және бәкі Құнанбаевтан төбелес үстінде жұлып алынған деп есептеймін. Ол Құнанбаевтың сынған сандығын уезд бастығына көрсеткен кезде ішінде болған. Оспановтың „төбелес кезінде Әкімғожинді көрген жоқпын, бір жаққа жасырынып қалса керек, жанжал аяқталған соң келді" деген жауабының үлкен де елеулі маңызы бар. Құнанбаевтың уезд бастығының шақыртуымен келгендігі, оның келуінің болыс Әкімғожин мен оның партиясы үшін өте қолайсыз болғандығы тергеу ісін жүргізу барысынан көрініп тұр, сондықтан да, олар барлық айла-шарғыны қолдана отырып, оны кетіруге тырысты да, осы мақсатпен 17 және 18 июньде уезд бастығына келіп, одан мені съезден кетіру жайлы жарлық беруді өтінді. Уезд бастығы ондай жарлық бере қоймап еді, сол кезде олар зорлыққа жүгінді.

Оның басты жетекшісі, айдап салушысы және белсендісі Әкімғожин болды. Мен уезд бастығының киіз үйінен шығып, сол маңайда отырғанымда, ол өзінің сыбайластарын жинап алып, маған шабуыл жасауға көндірді және де оларға өзі бас болып белсене қатысты. Ал тобырдың мені бас салып төпелеп жатқанын, сөйтіп, өз мақсатына жеткенін көрген мезетте ол дереу бой тасалап, тобырдың ішінде бүркемеленіп қалды да, мен соққыға жығылып, жұлым-жұлымым шығып, тоналып, жерде сұлап жатқан сәтте ғана көпшіліктің көзіне түсіп, шыға келеді. Егер уезд бастығы мені көтергісі келсе, онда ол мұны маған шабуыл жасағанға дейін-ақ істеуіне болар еді, сондықтан Әкімғожин бастаған тобырға уезд бастығының жарлығы бойынша менің сайлаудан және шекараны белгілеуден шеттетілетіндігім, сондай-ақ Мұқыр болысында жасырынып жүрген қашқындарды әшкерелеуге менің қатыспайтыным әлдеқашан белгілі болса, онда оларға мені тарпа бас салудың, тонаудың және сабаудың қажеті шамалы болар еді және олар мұны мақсат та етпес еді. Облыстық басқарманың қаулысында төбелес туралы ғана айтылған, бірақ тек айтылып қана қойған; өйткені бүкіл тергеу ісін жүргізуден төбелестің болмағандығы көрініп тұр; төбелес деген күштері шамалас топтар айқасқан жағдайда ғана болады, сондай-ақ, төбелес үстінде әрдайым екі жақтан да соққыға жығылғандар, жараланғандар болады. Ал мынау істе, бір ғажабы, менен басқа таяқ, жеген ешкім жоқ — тек мен ғана; демек, бүкіл тобырмен тек бір өзім ғана төбелескен болып шыққанмын. Бұл тіпті мүмкін емес жағдай, өйткені бір өзім бүкіл тобырмен төбелеске шығу үшін менің бойымда Самсонның күшіндей күш, қолымда есектің басындай салмақ болуы керек қой.

Айыпкерлер төбелес болды дегенді дәлелдеуге тырысады. Әрине, бұл олардың тарапынан заңды да. Ал облыстық басқарманың төбелесті қандай жағдайдан көріп отырғанына түсінбей-ақ қойдым. Айыпкерлер мен олардың куәгерлері: Шыңғыс болысына өт деген ұсынысыма келісім бермегені үшін Құлайғыровты таяқтағанынан келіп төбелес шықты деп көрсетеді; оған Бұлқайыров ара түскен екен, мен оны да сабай бастасам керек, содан барып жанжал көтерілген, нәтижесінде ғайыптан тайып, тек мен ғана соққы жеп, тоналғанмын.

Айыпкерлердің өздерін ақтау мақсатында бұл төбелесті ойдан шығарғандығын және оның негізсіздігін анықтау үшін, басқа куәгерлердің жауаптарын былай қойғанда, менен таяқ жеді деген Әзберген Құлайғыров пен Әбділда Бұлқайыровтардың формальды тергеуде берген жауаптарын салыстырудың өзі жетіп жатыр. Әзберген Құлайғыров былай дейді: „Ибрагим Құнанбаев уезд бастығының киіз үйінің арғы бетінде тұрып, Әбділда Бұлқайыровты ат үстінен құлатты да, оның атын тартып алып, жетектеп әкетті. Рахим Өмірзақов Құнанбаевқа келіп бұлай етудің жақсы еместігін және ұят екендігін айта бастады. Құнанбаев Өмірзақовты ұруға ұмтылды, сол кезде жұрт топырлап берді де, айқай-шу көтерді, одан әрі не болғанын көрген жоқпын. Уезд бастығы шығып, жұртты тарата бастады. Өзім ешқандай төбелеске қатысқан жоқпын". Әбділда Бұлқайыров былай дейді: „Құнанбаев Құлайғыровты аттан арқанмен сүйреп түсіріп, ұра бастады. Мені де таяқтай бастағанын білем, өзімді Өмірзақовтың ажыратып алғанын білем, ал есімді жиған кезде қарасам, тобырдан аулақта жатыр екем".

Екі түрлі және бір-біріне тіпті де үйлеспейтін жауаптар емес пе, сондықтан бұдан төбелестің кім үшін және не үшін басталғанын айырып болмайды. Құлайғыровтың айтуына қарағанда, төбелес менің Бұлқайыровты сабай бастағанымнан, ал Бұлқайыровтың көрсетуінше, Құлайғыровты таяқтағанымнан келіп шыққан. Шыншыл жауаптар деген осы болғаны ма сонда? Тіпті, мен ұрды деген адамдардың өздері де менің кімді сабағанымды білмейді — өзін бе, әлде басқа біреуді ме?

Егер менен соққы жеді деген басты куәгерлердің жауаптары осындай болса, онда басқалар туралы не айтуға болады! Барлық айыпкерлер мен олардың куәгерлерінің жауаптары сондай — олардан төбелестің қалай басталғандығын, қалай жалғасқандығын және қалай аяқталғандығын, әуелі кімнің бастағанын, сонсоң кімнің араласқанын және кімнің кіммен төбелескенін біліп болмайды. Олардың барлық жауаптарында ортақ бір ғана сөз бар: „Айқай-шуды естіп, оқиға болған жерге жүгіріп келдім, содан соң ештеңе көрген жоқпын".

Олардың төбелес Құлайғыров пен Бұлқайыровқа бола басталды деген сылтаулары да ойдан шығарылған, өйткені егер Құлайғыров пен Бұлқайыровтар өздерінің қайсысы үшін төбелес басталғандығын білмесе, онда оны айыпкерлердің куәгерлері қайдан білмек? Айыпкерлердің куәгерлері шындықты қаншалықты көрсетіп отырғандығын осыдан-ақ көруге болады. Семей облыстық басқармасының (мен, істе оның доғарылғандығы туралы Прокурордың қорытындысы мен соттың анықтамасы жоқ болғандықтан, тек олардың басқарма пікірімен келісімі ғана бар болғандықтан, облыстық басқарманың тұжырымдары мен қорытындыларын ғана талдап отырмын) өзінің қаулысында: айып тағушы куәгерлер шынжырлы сағатты кім жұлып алғанын, бәкіні кім, бөрікті кім әкеткенін, барлығы бірдей көре алмауы керек, өйткені жаппай төбелес кезінде олардың бәрі бірдей бір ғана нәрсені көруі мүмкін емес делінген.

Бірақ мәселе мынада: облыстық басқарма қалайда төбелестің болғандығына сенімді, сондықтан куәгерлердің берген жауаптарын істің мән-жайы мен жауаптардың растығы тұрғысынан емес, нақ осы төбелес тұрғысынан талдайды. Оқиғаның ақиқатына қорытындылардың сәйкес келуі үшін оқиғаның өзі дұрыс анықталуы қажет. Облыстық басқарма сонда нақ төбелес болды дегенді қандай мәліметтерден тауып отыр? Айыпкерлер мен олардың куәгерлерінің жауаптарынан! Бірақ олардың жауаптары өздерінің мәні жағынан да, формасы жағынан да ештеңенің басын аша алмайды — бұл оқиғалардың шын мәнінде қалай өткендігін көрсететін куәгерлердің жауаптары емес, тек төбелестің болғандығын пайымдау ғана. Ал айып куәгерлердің менің сағатымды кім, бәкімді кім, бөркімді кім жұлып алғандығын көру ықтималдығы — әбден табиғи нәрсе, өйткені маған шабуыл жасалған кезде олар нақ сол жерде тұрған, сондықтан айыпкерлердің маған қалай бас салғандарын, сонсоң таяқтың астына алғандарын және тап сол сәтте бойымдағы заттарды жұлып ала бастағандарын көрулері әбден мүмкін еді.

Шындығында маған — түк қарсылық көрсете алмайтын қарт адамға шабуыл жасалды, болыс Әкімғожин, Бітімбаев, Өмірзақов және басқалар — бүлікті ұйымдастырған басбұзарлар солар, ал қалған тобыр бір жағынан шабуылға дем беріп, оны қоздыра түсті. Ұрып-соғу үстінде заттарымды тартып алғаннан басқа, қызметшімнің қолынан менің мініп келген атым тартып алынды және жұрттың көзінше киіз үйім тоналды. Облыстық басқарманың түсінігінше бұл да ұрлық деп табылып отыр.

Әкімғожиннің, Бітімбаевтың және басқа да мұқырлықтардың менің сайлауға және шекараны анықтауға қатысуымды қаламауы маған шабуыл жасауға себеп болды деген жағдай тонаушылықты теріске шығару үшін негіз бола алмайды: менің де, басқалардың да көзінше заттарым ашық түрде ұрланса, онда тарпа бас салуға қандай сылтау болғанына қарамастан, ол тонау болып табылады емес пе? Бұл жайлы Жаза қолдану жөніндегі ереженің 1637-статьясында айтылған, өйткені ұрлап әкету ниеті шабуыл жасау үстінде тууы мүмкін ғой. Істі доғару туралы өзінің қаулысында облыстық басқарма айыпкерлердің әрекетін ұрлық деп тауыпты. Ал бұл қылмысты қазақтар жасағандықтан және ол қазақтар көшіп-қонатын аймақта болғандықтан, бұл іс жергілікті қазақ сотында қаралуға тиіс деп санапты. Сондықтан да маған қазақ сотына шағым беру құқығы беріліпті.

Мен облыстық басқарманың бұл қорытындысын дұрыс емес деп есептеймін. Сонда мен қай сотқа шағым беруге тиіспін? Мұқыр болысының сотына болса, онда Мұқыр болысындағылардың барлығы да Әкімғожиннің, Бітімбаевтың, Исабаевтың тамыр-танысы, ықпалды адамдар ретінде барлығы да соларға бағынышты. Бұл сотта мен ештеңе де тындыра алмаймын. Ал істі Шыңғыс болысының сотына тапсыруға олардың өздері көнбейді — бұл оларға тиімсіз. Сонда бір-ақ нәрсе қалады — өзің шеккен жәбірді құдайдың жазасына тапсыру керек. Алайда, мен олардың жасағаны ұрлық болсын немесе қандайда бір басқа қылмыс болсын, қалай болғанда да, ол орыс сотында қаралуға тиіс деп санаймын, тек сол ғана бұл істе әділ де турашыл сот бола алады. Облыстық басқарма бұл мәселеге байланысты Әкімғожинді билік жүргізудегі әрекетсіздігі үшін жауапқа тартқан. Мен былай деп есептеймін: Әкімғожин тарапынан билік жүргізілмей қалған жоқ, өйткені, басты арандатушы, жанжалды ұйымдастырушы және жүргізуші негізгі адам болғандықтан, ол әрекетсіз кісі емес, керісінше, белсенді адам болып табылады.

Осы мәселеге байланысты ең басты куәгерден — болған оқиғаның бәрін көзбен көрген уезд бастығынан жауап алынбаған, мұның себебін мен білмеймін, бірақ істі айқындап, ақиқатты ашу үшін одан жауап алынуының елеулі маңызы бар деп санаймын.

Енді істі формальды жағынан қарауға кірісейін. Тергеу ісі 1899 жылғы 14 майда, жаңа соттар енгізілген кезде, жойылған ескі тәртіппен жүргізілді. Бұл тәртіп жалпы қылмыстар бойынша мынадай болып келеді: тергеуші формальды түрде тергеу ісін жүргізіп, ол аяқталғасын, егер іске айыпкерлер тартылатын болса, 1892 жылы басылған Заңдар жиынтығының XVI томындағы 335-статьяға сәйкес, оны сот Прокурорына жөнелтеді. Прокурор немесе айыпкерлердің бірін барлық немесе кейбір ерекше праволары мен артықшылықтарынан айыруға душар етуі мүмкін істер жөніндегі орынбасары қорытынды шығарады, онда мыналар баяндалады: 1) өн бойында қылмысты әрекеттердің белгісі бар оқиға; 2) қылмысты әрекет жасалған мезгіл және оның орны; 3) айыпкердің атағы, аты, әкесінің аты мен фамилиясы немесе лақап аты; 4) айыпкерге қарсы көтерілген іске байланысты жинақталған дәлелдер мен айтақтардың мәні; 5) қаралып отырған әрекеттердің белгілері нақ қандай қылмыстарға сәйкес келеді, осыны заң бойынша анықтау; 6) тергеу ісі толық көлемінде жүргізілді ме және 7) айыпкерді сотқа тарту керек пе немесе ол жайлы іс қысқартылуға яки тоқтатыла тұруға тиіс пе? Прокурордың бұл қорытындысы 1892 жылы басылған XVI томның ІІ-бөлімінде баяндалған Қылмысты сот ісін жүргізу заңдарына сәйкес одан әрі қарау үшін іске қоса сотқа ұсынылады. Сол томның екінші бөлігіндегі 338-статъяның негізінде белгіленген тәртіп бойынша өзіне түскенге дейін губернатор сотта жүргізіліп жатқан қылмысты істерді қарауға араласа алмайды және ұсыныс жасай алмайды. Ал Семей облыстық басқармасының қаулысын іс сотқа түспей тұрып-ақ губернатор бекітіп жіберген. Сонымен, істің бүкіл жүргізілуінен оның 1892 жылы басылған XVI томның ІІ-бөлігі бекіткен Қылмысты істер жөніндегі сот ісін жүргізу заңдарына мүлде қарама-қарсы бағыт алғандығы көрініп тұр.

Тергеуші Әкімғожиннің, Бітімбаевтың, Исабаевтың, Өмірзақовтың мені талап-тонағандығы үшін айыптылығы жөніндегі істі тамамдап, оларды адам тонаған кінәлілер ретінде жауапқа тартқан және оны осы айыптау бойынша жүргізілген тергеу ісін бұрынғы Семей облыстық сотының Прокурорына жөнелткен. Прокурор 335-статьяға сәйкес, одан қорытынды шығарудың орнына, пікірлер мен тұжырымдар беруін сұрап, оны Семей облыстық басқармасына жіберген, ал ол өзінің 1899 жылғы 13 февральдағы қаулысымен Әкімғожинге қатысты істі қысқартып, басқа айыпкерлер жөніндегі мәселені ашық қалдырған, сөйтіп, олардың кінәлі-кінәсіздігі жайлы қорытынды жасауды Прокурордың қадағалаушысына тапсырған; соңғы жағдай қалған айыпкерлердің мемлекеттік немесе қоғамдық қызметте тұрмайтындығымен дәлелденген.

Семей облыстық басқармасы болыс Әкімғожиннің тонаушылықпен айыпталғандығы жөніндегі істі қысқарту арқылы өзінің бабына мүлдем жатпайтын шеңберге еніп кетті, өйткені Қылмысты сот ісін жүргізу заңдарының ескілері де, жаңалары да жалпы қылмыстарға жататын қылмыстық әрекеттерді, қызмет бабындағы міндеттерді орындау кезінде жасалған болса да, қызмет бабындағы қылмыстар бойынша айыпкерлердің сотқа берілуін шешетін әкімшілік мекемелер мен қызмет адамдарының қарауына жол бермейді. Қызметке байланысты емес, жалпы сипаттағы қылмыс жасаған мемлекеттік қызметтегі адамдар да мейлі олар қызмет бабында болсын — былайғы адамдар сотқа қалай тартылса, олар да дәл сол тәртіпке бағынады. Осыған сүйене отырып, мен болыс Әкімғожиннің тонаушылық айыбы туралы істің қысқартылуын дұрыс емес деп санаймын. Басқа айыпкерлерге келетін болсақ, олардың кінәлі-кінәсіздігі жөнінде облыстық басқарманың қаулысының жоқтығын былай қойғанда, сонымен бірге, 1892 жылы басылған XVI томның ІІ-бөлімінің 335-статьясында талап етілетіндігіне қарамастан, прокурор билігінің де қорытындысы жоқ болып шықты. Прокурор бір ғана №879 қатынас қағазы арқылы менің тоналғандығым жөніндегі істі жөнелте отырып, былай деп жазады: „Семей облыстық басқармасының 1899 жылғы 13 февральдағы қаулысында баяндалған пікірге қосыла отырып, бұл істің жүргізілуін қысқартуға болады деп табамын".

Мұндай жағдайда екі мәселенің басын ашып алу керек: біріншіден, тергеу ісін жеке өзі қарау негізінде өз қорытындысын шығармай-ақ, облыстық басқарманың пікіріне қосылатындығына сүйене отырып, сотқа ұсыныс жасауға прокурордың қақысы бар ма және сонымен бірге, іске байланысты басқа адамдар ме