22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Абай Құнанбайұлы
Абай (Ибраһим) Құнанбаев Құнанбайұлы (1845-1904) — ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, композитор

Қара сөздер (45-қара сөз)






Құдай табарака уатағаланың барлығының үлкен дәлелі - неше мың жылдан бері әркім әртүрлі қылып сөйлесе де, бәрі де бір үлкен құдай бар деп келгендігі, уа һәм неше мың түрлі діннің бәрі де ғадаләт, махаббат құдайға лайықты дегендігі.

Біз жаратушы емес, жаратқан көлеңкесіне қарай білетұғын пендеміз. Сол махаббат пен ғадаләтке қарай тартпақпыз, сол алланың хикметін біреуден біреу анығырақ сезбекпен артылады. Инандым, сендім демек инандырамын, сендіремін деген емес.

Адамшылықтың алды - махаббат, ғадаләт, сезім. Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол - жаратқан тәңірінің ісі. Айғыр биеге ие болмақта да махаббат пен сезім бар. Бұл ғадаләт, махаббат сезім кімде көбірек болса, ол кісі - ғалым, сол - ғақил. Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп.

Біздің қазақтар Бийскідегі, Кузнецкідегі қалмақтарды "білеут" дейді. Менің ойым: осы "білеут", "брут" бір сөзден шыққан деймін, о да қырғыздың нәсілі болмағы таң емес. Ол татарлар ұрысшыл, аңшыл, не болса, соны киіп, не табылса, соны ішіп-жеп жүрген бір тұрпайы халық екен. Олардың орны Енесей, Аңқара суының бас жағында болыпты. Солардан аңшылар жыл жүріп, екі жыл жүріп қайтатұғын әдеттері бар екен. Сол аңшылардың естіген, көрген хабарыменен бұрын көрмеген жерге болмаған мақтау айтылатұғын әдетіменен қысы аз, жазы көп дегенге, әуелден өздері жер шаруасын қылмай, мал сақтаушы халық болған соң, "мал сақтауға жақсы жерге барамыз" деп, бұл жаққа қарай неше мәртебе халқы шығыпты. Соның бірі біздің қазақ екен. Қай-қай жерменен келгендігі, қанша жылда келгендігі мағлұм емес. Әйтеуір, Алатаудың бөктеріне келіп, мекендеп тоқтапты.

Арғы жер бұрыннан ұйғыр нәсілді халықтың орнығып, иеленген жері болып, онан әрі бара алмапты. Ол ұйғыр халқының ханы өзіне қараған халыққа есептеп жүріпті. Бұлар қарадық десе де, ішінен дұшпан болып жүріпті. Әуелден өзін өзі билеп, азаттықпен жүрген халық, біратола біреуге бағынбақты ауыр көріпті. Түбінде олар да маңғұл нәсілді болса да, бұларға жат көрініпті. Сол уақыттарда арабтан бұл Орта Азияға дін исламды үйретушілер көп әскермен келіп, халықты жаңа дінге қаратып жүргендерінде Құтайба атты кісі Қашқарға шейін келіп, халықты исламға көндіргенде, бұлар да мұсылман болдық депті. Сөйтсе де, бұрыннан бақсы-балгерге инанып, отқа, шыраққа табынатын әдеттерімен
исламға тез түсініп кете алмапты. Ол кезде шала-пұла хат таныған кісісі болса — оны "абыз" дейді екен. Ол "абыз" демек әуелде шаман дініндегілердің өз молдасына қоятын аты екен. Дүниеде не нәрсенің себебіне көзі жетпесе, сол нәрсені құдай қылып тұр деп, дін
тұтынатұғын әдеттерінің сарқынын біз де кей жерде көргеніміз бар: келін түскенде үлкен үйдің отына май құйып, "От ана, май ана, жарылқа!" дегізіп, бас ұрғызған секілді, "өлген аруаққа арнадық" деп шырақ жаққан секілді, жазғытұрым әуел бұлт күркірегенде, қатындар шөмішімен үйдің сыртынан ұрып, "Сүт көп, көмір аз" деген секілді. Бұған ұқсаған ырымдар көп еді, құдайға шүкір, бұл күнде жоғалып бара жатқанға ұқсайды.

Сол арабтар көшпелі халықтарды "хибаи" деп, "хұзағи" деп атапты. "Хибаи" дегені киіз шатырмен жүруші деген екен. "Хұзағи" дегені өз жүртында жәні хұзағи деген көшпелі халқы бар екен, соған ұқсатып айтқан екен. Сол уақытының бір ханы көшіп келе жатқанда бұлардың тіркеулі түйесін көріп, "міне мыналар шынымен қаз-ақ екен" депті, әдейі қайтқан қазға ұқсайды-ақ екен деп. Сонымен, бұлар өзін өзі де, өзге жұрттар да қазақ атап кетіпті, бұрын өздерін "ұлыс" дейді екен де, жүре береді екен.