Әдебиет
Шыңғыс Айтматов
Шыңғыс Төреқұлұлы Айтматов (1928 - 2008 жылы) – жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері.
Шыңғыс Төреқұлұлы Айтматов (1928 - 2008 жылы) – жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері.
Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет
Охот жағалауын тұтас тұтып жатқан тастан қараңғы суық түнде құрлық пен сулықтың ұзына бойына жайлаған екі зұлмат дүниенің дамылсыз мәңгі-бақи шайқасы толастамаған. Теңіз көшкінін құрлық кескестейді, ал су сұрапылы құрлыққа шабуылдаудан бір тынбайды-ақ. Теңіз түн-түнекте жартастарға арсылдай соғып, абалай алқынады. Теңіздің соққыларына тойтарыс берген сайын қалжырап, қара тастай қатты жер уһілейді.
Күндіз - күндіз болып, түн - түн болып дүние-әлем жаралғалы бері, мәңгі-бақи күндіз де, түнде де бұл ғаламат шайқас таусылмас. Күндіз де, түнде де...
Тағы бір түн ұйыған шақ. Теңізге аттанар қарсаңдағы түн. Бұл түні ол ұйықтаған жоқ. Ғұмырында тұңғыш рет ұйықтамады, ғұмырында тұңғыш рет ұйқысы қашты. Тезірек таң атып, тезірек теңізге тартар мезгілді аңсады. Нерпа терісінің үстінде ол сонда теңіз соққысынан жердің болар-болмас діріл қаққанын, қойнауда толқындардың арсылдап, сілесі қата тынымсыз жұлқынғанын сезіп жатты. Түн сырына құлақ түрген бала осылайша ұйқы көрмеді...
Бір заманда бәрі де басқаша болатын. Сонау ықылым заманда Лувр үйрек болмаса, дүние мүлде өзгеше жаратылуы мүмкін екені: құрлық пен теңіз арпалыспауы, бір-біріне қарсыласпауы мүмкін екені қазір ешкімнің қаперіне де кіріп шықпайды. Әу баста, дүние-әлемнің бозала таңында табиғатта құрлық атаулы тұрмақ титтей тозаң да жоқ еді ғой. Дүние түгел топан су еді, тек қана су еді. Су болса шыңырау оппа түнектен, түпсіз терең иірімде өзінен-өзі пайда болды да, толқынды толқын қуалап, аяғы жоқ, басы жоқ, шегі менен шеті жоқ, күншығысы жоқ, құбыласы жоқ кеуек әлемнің жан-жағына су жайылып кете барды.
Осы күнге дейін біздің төбемізден топ-тобымен ұшып жүретін жалпақ тұмсық, қырқылдақ сұр үйрек, иә-иә, кәдімгі сұр үйрек,
Лувр үйрек, сол бір заманда жападан-жалғыз екен де, тіпті жұмыртқа салатын да мекен таппай сандалған екен. Күллі әлемде судан басқа, жұмыртқа салар бір тал шыбық та болмапты ғой.
Үйрек байғұс жұмыртқаға толғатып, шыдамы кетіп, жұмыртқалайын десе түпсіз тұңғиықтан қорқып, су үстінде жанталасып ұшып жүреді. Қайда ұшып бармасын, телегей теңіз, шетсіз-шексіз толықсыған топан суы. Күллі әлемде тұяқ тіреп, ұя салар бір қылпық жоқ екеніне көзі жетіп, бейшара үйрек діңкесі құриды.
Ақыр соңында сұр үйрек суға қонып, төсінің жүнін жұлып, ұя салған екен. Әне, сол ұядан жер пайда бола бастаған. Жер жарықтық бірте-бірте ұлғайып, оның үстінде бірте-бірте жан-жануар, түрлі мақлұқат пайда бола бастапты. Олардың арасынан адамзат артықша шығып, шаңғымен қар үстінде, қайықпен суда жүріп, жүзе алатын амал тауыпты. Аң ұстап, балық аулап, тамағын асырап, үрім-бұтағын көбейте беріпті.
Байтақ судың ортасында құрлық пайда болысымен жарық дүниенің апшысы қуырылып, қиын күндер туарын сұрша үйрек сонда сезер ме еді. Қалай жер пайда болды, солай су мен құрлық арасындағы аяусыз арпалыстан адам байғұстың да шекесі қызып жүрген жоқ. Адам жерге бауыр басып қалғандықтан теңіз оны ұнатпас...
Таң таяп келеді. Тағы бір түн өтіп, тағы бір күн толғатып келеді. Сыздықтаған буалдыр алагеуімде, танауынан буы бұрқыраған бұғының салпиған ерні құсап, жағаға соққан теңіздің буырқанған сүлбесі көріне бастады. Теңіз тынысы сезіледі. Теңіз бен құрлық түйіскен жиектің өн бойында тұнжыр буалдыр тұман тұнып тұр. Керме кемер кеудесінде керіле түсіп тулаған толқын зікір салады.
Бетпақ толқындар бет қаратпай, әбден тапталып қатып қалған мұздай құмдауыттың, көк өңезденіп, жылбысқы басқан үйінді тастардың төсіне аянбай, арылдай шапшып, өркештен соң өркештер қыңсылай құлап, өшіп бара жатады. Сәл ғана сәтке ақ көбік бұрқ етіп сөніп, әбден иге түскен балдыр шөптің ғана кермек иісі қалады. Толқындар кейде жағаға сіре мұздың сынықтарын да лақтырып тастайды. Көктемде шайқалған мұхиттың оларды қай жақтан алып келгені белгісіз. Жағаға лақтырылған қаңғыбас мұздар лезде сиықсыз, дәрменсіз күйге түседі. Келесі толқындар жағаға асыға жетіп, әлгі мұздарды іліп түсіп, өз құрсағына қайтадан алып қайтады.
Түн түнегі түріліп, таң арайы айқындала береді. Әсте-әсте жер суреті танылып, әсте-әсте теңіз дидары ашыла бастайды.
Түнгі желден тынышы кеткен толқындар ақ жалданып әлі де жағаға қарай жүгіргенмен, көз ұшында, түпсіз тереңінде теңіз тарлан сап-сап саябырлап, қорғасындай суық сүр түсті жотасы ауыр шымырлап, әлсін-әлсін жуаси түсті.
Осы арада, Тарғыл төбет қолтығына таман, теңізге көлбеу сұғынып жатқан қырқалы түбектің үстінде оқшау тұрған бір жартас бар. Алыстан қарағанда ол шынында да теңіз жағалап жүгірген таудай тарғыл итке ұқсайды. Бөксесіне алба-жұлба, алашарбы аласа орман өскен, жазғы шілдеге дейін басынан қар кетпей, салпаң құлақ сияқты ақтаңдақтанып жататын, күн түспейтін теріскей шатында, одан да үлкен ақ қал құсап қар жататын Тарғыл төбе жартасы теңіз жақтан да, орман жақтан айдала алыста көрініп тұрады.
Міне, осы Тарғыл төбет қойнауынан күн бақан бойы көтеріле бере нивх қайығы теңіз бетіне шыққан-ды. Қайықта үш ересек, бір бала бар. Жас жағынан кенжерек, мығымша келген екі еркек қос қолдап, ескек тартып келеді. Бұлардың ішіндегі ең қарты ағаш қорқорын бұрқылдатып, қайықтың құйрығында руль басқарып отыр. Қоңырқай жүзін әжім торлаған, әсіресе мойны сай-сай әжім, жұтқыншағы шодырайып шығып тұрады; тілім-тілім тыртық басқан күректей қолдарының буындары да шодырайыңқы, арық шал Сақал-шашы бурыл, тіпті ақселеу десе де болады. Қоңырқай жүзінен аппақ қудай қасы көзге ерекше шалынады. Шал қызыл жиек, жасаураған көздерін әдетінше сығырайта қарайды, бүкіл ғұмыры бойында күн сәулесі шағылысқан су айдынына қараудан әбден сықсиған көз, содан да ол қайықты қойнаумен көзсіз басқарып келе жатқандай көрінер. Ал, қайықтың тұмсық жағында ақсақалдың ашуын келтірмейін деп тыпырши беруден тайсалып, өзін-өзі әрең ұстап, он бір-он екі жастардағы бала шіл балапандай жүрелеп отыр.
Бала мәз-мейрам. Қуанғаннан танауы делдиіп, бетіндегі ұры сепкілдері тарыдай шашырап шыға келді.
Бұл шешеге тартқан белгі, шешесі де қатты қуанса, бетіне өстіп жасырын сепкілі шыға келеді.
Баланың тынжысы қозатын жөні бар. Бұл сапар оның аңшылық кәсіпке араласуына тұсаукесер ретінде арналып отыр. Содан да Кириск басын жан-жаққа шіл құсап қылтыңдатып, төңірекке тойымсыз бір қызықпен көз алмай қарайды. Ғұмырында түңғыш рет Кириск теңіз айдынына нағыз аңшылармен бірге аң аулауға, ежелгі үлкен қайыққа мініп шыққаны. Бала шіркін қазір орнынан атып тұрып, ескекшілерді асықтырғысы келеді, теңіз аңдары жатқан екен аралға тезірек жету үшін ескекті оз қолына алып, бар күшін сала ескісі келеді. Бірақ бұл балалығына үлкендер күлуі мүмкін ғой. Осыны ойлап, ол өз сезімін білдірмеуге тырысып-ақ бақты. Әйткенмен, сезімді жасыру қиын еді. Бақытқа кенеліп отырғаныңды жасыра алмайды екенсің: қара торы жүзі бал-бұл жанып, алаулап тұрғандай еді. Әсіресе көзін айтсаңшы, тұла бойын кернеген қуаныш пен мақтаныш сезімін қымтай алмаған баланың бақыт шалықтаған көзі жарқ-жұрқ етіп, жақұттай жайнайды. Алда — теңіз, алда — аң аулау қызығы күтіп тұр!!!
Орган қарт баланың жай-күйін біліп отыр. Сығырайған көзбен ол теңіз бағдарын ғана емес, шыдай алмай ұшып-қонып отырған баланың көңіл-күйін де байқап келеді. `Әй, балалық, балалық`,— деп қарт көзі күлімдей береді де, онысын байқатқысы келмегендей шала сөнген қорқорын қомағайлана сора түседі. Баланың қылығына іш тартып, жымиғаныңды байқатуға болмайды. Бала қазір олармен бірге ойын үшін келе жатқан жоқ. Осыдан ол үшін теңіз аңшысының өмірі басталмақ. Теңізде басталған кәсіп әйтеуір бір кезде теңізде аяқталмақ. Теңіз аңшысының тағдыры солай. Өйткені, одан қиын, одан қауіпті кәсіп жоқ. Сондықтан да адам титтейінен машықтана бергені абзал Бұрынғылар: `Ақыл — тәңірден, машық — жастан` деп бекер айтпаған. `Жаман аңшы — ағайынға масыл` дегенді де бұрынғылар айтып кеткен. Әне сол себепті де, ел қамын жейтін ер болу үшін кәсіпке ерте бастан үйренген жөн. Міне Кирискінің де кезегі келді, оны шыңдап-шынықтырып, теңізге бойын үйрету керек.
Бұл мақсатты Тарғыл төбет тауының баурайында отырған Балық-әйел руының ауылы түгел біледі. Бүгінгі жорық болашақ аңшы Кириск үшін арналғанын кәрі де, жас та— бәрі де біліп отыр. Ежелден келе жатқан ереже бар: еркек болып туды екенсің, бала жастан теңізге бауыр бас, теңіз сені тосырқамайтын болсын, теңіз де саған бойы үйренсін. Әне, содан да бүгін ру басы Орган карт пен ең таңдаулы екі аңшы -— бірі баланың әкесі Эмрайин, бірі немере ағасы Мылгун аталар салған жоралғы жол бойынша, үлкендердің кішілер алдындағы парызын өтеп бұл ретте Кирискіні қатерлі сапарға алып шыққан Бала осыдан бастап ақырғы демі таусылғанша, сәтті-сәтсіз күндерде де ұдайы теңізбен тағдырлас болмақ.
Кириск әлі аузынан ана сүтінің дәмі кетпеген балғын сәби ғой, одан әлі жөнді аңшы шығар-шықпасы да беймәлім. Бірақ кім білген, мына ересектер ертең басы жерге жетіп, қауқарсыз карт болғанда, бәлкім осы Кириск бүкіл руды асырайтын аңшы болар. Ықылым заманнан бері атадан балаға ауысып келе жатқан салт солай. Тіршілік — сонысымен тіршілік.
Бірақ бұл жайды айқайлап айтып жатқан ешкім жоқ. Бұл әркімнің ішінде жатқан сыр, ал бұл сыр айтылса да сирек айтылады. Әне содан да Тарғыл төбет жағалауында жатқан Балық-ана ауылы Кирискінің алғаш теңізге аттанып бара жатқанына аса мән бере қойған жоқ. Әрбірден соң, жамағайын оның ересек аңшылармен бірге жолға шыққанын байқамаған болды, бұл оқиғаға назар салмаған сияқты көрінді.
Баланы жолға тек шешесі шығарып салды. Бірақ ол теңіз сапары туралы ләм деп тіс жарған жоқ, қойнауға жетпей қоштасты. Баласына әдейі анықтап тұрып: `Бара ғой, орманға бар!` — деді теңіз жаққа көз салмай, орман жаққа қарап тұрып. — `Байқа, шапқан бұталарың құрғақ болсын. Орманда адасып кетіп жүрме!` Бұл оның Кириск ізін шатастырып, `Кинр` деп аталатын жын-перілерді алдап, баласын бәле-жаладан, ібілістен қорғағандағысы еді. Ол өзінің күйеуі жөнінде де ләм деген жоқ. Дәл бір Кириск өз әкесі Эмраийнмен бірге емес, мүлде бөтен адамдармен бірге кетіп бара жатқандай, сыр білдірмеді. Ондағы ойы: Эмрайин мен Кириск — әкелі-балалы адамдар екенін кинрлер біліп қоймасын дегендегісі. Әкелі-балалы адамдардың аңға бірге шыққанын жын-перілер ұнатпайды-ақ. Олар әке мен баланың біреуін мерт қылып, біреуін еркі мен күшінен айырып, енді кайтып теңізге, не орманға беттемеске ант ішердей халге жеткізеді. Адамдарға кесапат келтіруді діттеп, залым кинрлер — жын-перілер, олардың әрбір адымын аңдып, ізін бағып жүреді.
Кириск болса кинрлерден қорықпайды, есейіп қалды ғой. Ал шешесі қорқады, баласын ойлап қорқады. Сен әлі кішкентайсың, дейді. Сені алдап-арбап, мерт қылу оңай, дейді. Сөзінің жаны бар. Жын-періден қаныпезер бар ма? Жас сәбилерді қаншама мүгедек етпеді дейсің олар. Балаға ауру жапсырып, кем-кетік етіп қояды, аңшы болмасын деп. Ал, кем-кетік адам кімге керек, неге жарайды? Сондықтан жас баланы өсіп-жетілгенше жын-перінің көзінен таса ұстаған жөн. Ал, бұғанасы қатып, белі бекіген соң ер-азаматқа жын-шайтан дегенің қорқынышты емес. Күшті адамнан ібіліс те сескенеді.
Шеше мен бала осылайша қоштасты. Үрей мен бата, тілегін ішіне бүгіп, шешесі үндеместен біраз тұрды. Теңіз жаққа бір қарамай кері қайтты. Өз күйеуін өзі танымаған адамша, оны тіпті есіне де алмады. Күні кеше әкесі мен баласының жол жабдығын, үш күндік жол азығын дайындаса да, қазір түк білмеген бола қалыпты. Баласы үшін шыбын жаны шырылдап тұрғанын білдіргісі келмей, жын-перілерге сыр білдірмей, тек іштен тынды шеше байғұс.
Шешесі қойнауға жетпей кейін қайтты, ал баласы болса көзге көрінбейтін жын-перілерді адастырған болып, өз ізін өзі шиырлап, шешесін ренжіткісі келмей, оның айтқанын орындап, бұта-бұтаның арасымен бұралаң із тастап, алысқа ұзап кеткен ересек аңшыларды қуып жетпек болып, жүгіре жөнелді.
Бала оларды лезде-ақ қуып жетті. Қару-жарақ, азық-түлік артынған аңшылар асықпай аяңдап келеді. Ең алдында Орган карт, оның соңынан еңгезердей түр-тұлғасы ерекшеленіп, қаба сақал Эмрайин, ал оның артынан маймақ аяқ, тығыншықтай кеспелтек Мылгун жүріп барады. Бәрінің де үстінде иленген теріден тігілген, су өтпейтін суыққа төзімді қарабайыр теңіз киімі. Оларға қарағанда Кирискінің үстіндегісі сәнді киім. Шешесі бар өнерін салып, баласының теңіз киімін көптен бері қамдап еді. Сыртқы киімі де, аяғындағы торбасы-етігі де оюмен өрнектелген. Теңізге шығып бара жатқанда мұндай сәннің не реті бар? Шешенің аты шеше де.
Әй, сенбісің-ей? Сен келмейтін шығар, шешең қолыңнан жетектеп үйге қайтып алып кеткен шығар деп ойлап едік біз, — деп жорта таңғалған болды Мылгун, Кириск оларды қуып жеткенде.
Үйге қайтқаны қалай? Өлсем де қайтпас едім! Тегі мені... — Кириск ызадан тарс кете жаздады.
— Жә-жә, қалжыңдағанды түсінбейсің бе, — деп тыныштандырды баланы Мылгун. — Оныңды қой сен. Теңізде бір-бірімізбен сөйлеспесек, кіммен сөйлесеміз? Мә, онан да мынаны алып жүр! — Балаға қолындағы винчестерді ұстата салды. Бұл ықыласқа бала риза болып қалды.
Теңізге олар осылай аттанды. Енді осыдан жолы болып, қайықтары майланып, олжамен оралар күн туса, қайтар жолдың жоралғысы басқаша болмақ. Әне сонда ақжолтай аңшы баланың құрметіне ұлан-асыр той жасалады. Түпсіз, шексіз тереңінде күштілер мен көзсіз батырлар ғана аулай алатын балықтары мен аңы бар ұлы теңіздің берекеті жөнінде он айтылып, би биленеді. Жер бетіне өзінен аңшылар әулеті тараған Балық-әйелдің құрметіне жыр жырланады. Әне сонда ең ақылды адам — бақсы-шаман билеушілердің ортасына шығып, шетен сабау сабалаған кеспек барабанның күңгірлеген үніне қосылып, жаңа аңшы, жас аңшы Кириск жайлы Жермен, Сумен әңгіме-жырын бастайды. Иә, шаман аңшы бала туралы Жермен, Сумен сөйлесіп, Жер мен Судан: балаға әрдайым рақымды бола көріңдер, баладан ұлы аңшы шыққай, Жерде де, Суда да әманда жолы болғай, аулаған аңын кәрі мен жасқа, әулет түтініне тең бөліп беретін әділетті аңшы болғай! — деп тілейді шаман. Дана шаман — да жалбарынып: Кирискінің бала-шағасы көп болғай, өлмей-жітпей, Балық-әйелдің үрім-бұтағын, жаранын өркендете бергей, деп тілейді.
Қайда жүзіп жүрсің сен, Балық-әйел?
Сенің ыстық құрсағыңда — тіршілік.
Сенің ыстық құрсағыңнан біз тудық,
Сенің ыстық құрсағыңдай жаннат жоқ.
Қайда жүзіп жүрсің сен, Балық-әйел?
Аппақ мамаң нерпа балық басындай,
Ақ мамаңның сүтін емдім жасымда.
Ең ер жүрек еркек саған жетер-ау,
Құрсағыңа ұрық сеуіп кетер-ау.
Жер бетінде ұрпақтарың көбейер,
Қайда жүзіп жүрсің сен, Балық-әйел?
Ән мен бидің арасында әлгі тойда осындай да өлең айтылады. Сол тойда Кирискіге арналып, тағы бір ырым жасалмақ. Алас-құлас билеп жүрген шаман сонда Кирискінің аңшылық тағдырын аспандағы жұлдыздардың біріне аманат етіп тапсырар. Әр аңшының желеп-жебеп жүретін жұлдызы бар. Ал Кирискінің тағдыры қай жұлдызға аманат болып тапсырыларын жан баласы білмесе керек. Оны тек шаман мен жебеуші жұлдыз ғана біледі. Ал аспанда не көп, жұлдыз көп...
Әлбетте, сол тойда жұрттың бәрінен де қатты қуанып, бәрінен де асыра он салып, би билейтін Кирискінің анасы мен қарындасы ғой. Ал, Эмрайин шаршы топтың ішінде Кирискінің әкесі деп жарияланады. Бұған ол қуанып, масаттанар әрине. Ал әзірге ол Кирискінің әкесі бола тұра, әке аталуға құқы жоқ. Теңіз бетінде әке де, бала да болмайды. Теңіз үстінде адамдардың бәрі бірдей, тек көсем қартына ғана бағынады. Көсем қалай айтты, солай болмақ. Әке бала ісіне араласпайды, бала әкесіне шағым айта алмайды. Әулет салты сол. Бәлки, сол тойда Музлук атты қыз да қатты қуанар Кириск бала күнінде Музлукпен бірге ойнаушы еді. Енді ол ойын сиреді. Бұдан былай мүлде тыйылар: аңшыға ойын бұйырмаған...
Толқындардан жеңіл қалқып өтіп, қайық әзір жүрдек келеді. Тарғыл Төбет қойнауы әлдеқашан артта қалды, аңшылар Сопақ мүйісті жанай өтіп, ашық теңіз айдынына шыққанда, теңіздегі толқын қойнаудағыдан күшті емес екенін аңғарды. Толқындар бір деңгейде, бір ырғақта шалқиды. Мұндай бір мінез толқында жылдам жүзесің.
Бәйтеректің діңгегінен шабылған қайық қалтқысыз қаздаң жүзіп барады. Рульге бас білгі қайық тұмсық толқынға да, қаптал толқынға да сыр бермей, нық сырғиды.
Сонау бір сөніп қалған қорқорын сора түсіп, Орган қарт қайықтың нық жүрісіне сүйсініп, суық суға жартылай батып, қайқаңдап жүзіп бара жатқан қайық емес, дәл өзіндей сезініп, рақаттанып отыр. Топшы темірдің бір сарынды сылдыры мен ескектердің бірқалыпты қимылына сай теңіз айдынын қақ жарып бара жатқан Органның дәл өзі сияқты бейнебір: қарсы толқындардың серпінінен сәл шайқалып, су дөңбектерін өз кеудесімен қақыратып келе жатқандай сезімде қазір. Өзі қайық болып кеткендей осы бір сезім оны тосын ойға қалдырды. Қайыққа ол дән риза, бұл қайықты ол өзі жонып, өзі соққан, бәйтеректі жұрт жабылып құлатты, бірлі-екілі адам оны құлата алмас еді. Арғы жағын Орган жалғыз өзі жайғастырды, теректі үш жаз бойы қақтап құрғатып, баптады, ғұмырының ішінде Орган талай қайық шапқан, ал мынау соның бәрінен ерен соғылатынына әу бастан ақ көзі жетті. Осыны ойлауы мұң екен, көңіліне қаяу түскендей де болды: бұл оның ең соңғы соққан қайығы болып жүрмесе нетсін? Тағы біраз тірі жүрсем дейді. Тағы біраз теңіз кезіп, аң ауласам-ау дейді, әл-қуат барда, көздің нұры таймай тұрғанда енді ең болмаса екі қайық жасап кетсем, дейді.
Ол осыны ойлап, қайықпен іштей сырласып келеді. `Сен ұнайсың маған, саған сенем, бауырым — дейді ол қайыққа. — Сен теңіз тілін ұғасың, толқындардың мінезін білесің — сенің құдіретің де осыдан. Сен мен соққан қайықтардың ішіндегі ең еренісің. Ені мен тұрқы келіскен ересен қайықсың сен, саған үлкен нерпа да сыйып кете береді. Сен ақжолтайсың әрдайым. Соның үшін қымбаттысың сен. Үстіңе ауыр жүк тиеп, жағаға қайтқанда ернеуіңмен су сызып, қиналып келе жатқаныңда саған біздің жанымыз ашиды. Сонда халық жағаға жапырыла жүгіріп шығып, сені қарсы алады, бауырым қайық!
Егер мен өле кетсем, сен жасай бер, аңы көп жерлермен алысқа жүз. Егер мен өле кетсем, тепсе темір үзер жас аңшылармен бірге теңіз кеше бер, бауырым. Егер мен өле кетсем, тірімде маған қалай қызмет етсең, жастарға да солай қызмет қыл Әне қазір сенің тұмсығыңда анау балақай отыр. Теңіз емес, құрлық болса, дәл қазір аң біткенді жалғыз өзі жайратардай тықыршып отырғанын көрдің бе. Әне сол балақай саған мініп, алып жақын теңіз бетін шарлайтын күн туғай. Бүгін ол бізбен бірге теңізге түңғыш рет аттанды. Бұл қажет. Машықтана берсін. Бұл жалғаннан біз кетеміз, ал оның болашағы әлі алда. Эмрайин әкесіне тартса, дұрыс адам болғаны. Онда бос күбідей күңгірлек болмас. Қазіргі ересектердің ішінде Эмрайиннен мықты аңшы жоқ-ау, сірә. Қажырлы, іскер жігіт. Бір кезде мен де сондай едім. Күшті едім. Әйел заты мені ұнатушы еді. Ал мен болсам, өмір сол қалпында тұра береді деп жүріппін ғой. Бәрі өткінші екенін кейін барып бір-ақ білесің. Бұл жай жастардың қаперіне де кіріп шықпайды. Мына Эмрайин мен Мылгун де өмір пони екенін әзір ойлап жатқан жоқ, Мейлі де. Әлі біле жатар, тәйірі. Ескекті екеуі де еңірете еседі-ақ, обалы не керек. Біріне-бірі сай. Екеуі де өгіз қара күші бар, сенімді жігіттер. Солардың күші ғой, қайықтың өзінен-өзі сырғанап бара жатқандай болуы. Қайдан болсын. Теңізде тек көл күшімен жүресің. Әлі жол ұзақ, есе беру керек, есе беру керек! Бүгін ғой, күн батып, қараңғы түскенше, Үш Емшекке жетіп жығылғанша жүземіз. Ал, ертең күні бойы кері қайтамыз. Таң атқаннан күні бойы жылжимыз. Мен де қарап отырмай, екеуіне кезек-кезек көмектесемін ғой. Әй, бірақ ескекпен күллі теңіз суын сапырып шығу да оңай шаруа емес-ау. Ал олжалы кайтсақ — той-думан тұр алда.
— Сен естимісің, сен ұқтың ба мені, қайық бауырым? Сен бізді Үш Емшек аралына, аң аулау нағыз қызатын жерге алып барасың. Біздің келе жатқан шаруамыз да сол. Аралдың жағалауындағы жайқуатта біз нерпаларға тап боламыз. Төлдейтін кезі таяп қалғандықтан қазір олар үйір-үйір болып, аралдарға тоқайласа бастады.
Сен түсінемісің мені, қайық бауырым? Сен, әлбетте, мені түсінесің ғой. Сен әлі теңізге түспей тұрғанда-ақ, әлі алып бәйтеректің өзегінде жатқан кезінде-ақ мен сенімен сөйлесе бастап едім-ау. Мен сені ұлы бәйтеректің өзегінен суырып алып едім, енді міне, жүзіп келеміз.
Ал, енді бұл дүниеден мен көшкенде, мені ұмытпа, бауырым. Теңізге шыққан шақтарыңда мені есіңе ал...`
Жағалауда қалған басты белгі — Тарғыл төбет шоқысын мәреге санап, ашық теңізге тура тартып келе жатып, Орган қазір осындай бір ойға кетті. Осы шоқы-жартастың бір ғажап сыры бар. Оны теңізге шыққандардың бәрі айтады. Күн ашықта теңізшілер жағадан ұзаған сайын Тарғыл төбет аспандап, асқақтап бара жатқандай болады. Жолаушыдан қалғысы келмегендей, соңыңнан ілесіп келе жатқандай көрінеді. Қай тұстан қарама, Тарғыл төбет көрініп тұрады. Жағадан алыстай берген сайын әлгі жартас жан ашыр жолдасыңдай, қия алмай ұзақ қарайды да, айдын судың енді бір бұлымында бұлаң етіп көзден тасаланады. Ал, ендеше Тарғыл төбет үйге қайтты, демек жер жарықтық алыста-алыста қалды деген сөз...
Әне сонда Тарғыл төбеттің қай тұста қалғанын, желдің қай жақтан соғып тұрғанын, күн жартастың қай жағынан түсіп тұрғанын, ауа райы ашық болса, шарбы бұлттың шамасын әбден байқап қал. Аралға жете-жеткенше Тарғыл төбет қалған тұсты жадыңнан шығарма. Бұл саған теңіз әлемінде адасып кетпес үшін керек.
Қайықшылар бір күншілік жолы бар аралдарға бет алып кетеді. Бұл өзі шексіз судың ішінен қылтиып-қылтиып шығып тұрған емшектей үш қия жартас, ел-жұрты жоқ, тоқымдай-тоқымдай үш жапырақ құрлық еді. Оларды жұрт Үш Емшек деп атап кеткен. Үлкен, Орта, Кіші аралдар. Ал, олардан ары жүзгің келсе, жол жарықтық сені аты жоқ, жөні жоқ, шегі жоқ, шеті жоқ Ұлы мұхит, ұлан-байтақ Су әлеміне алып барар. Дүние-әлем жаралғалы бері, Лувр үйрек жұмыртқалайтын титтей бір қарайған тірек таба алмай қаңғырғаннан бері жайқалып, өзін-өзі тудырып, өзінен-өзі өніп жатқан ұлы Мұхит дүниесі. Әне сол теңіз бен мұхит алқына қауышып жатқан шептен осы аралдарды мына көктем күндерінде нерпалар мекендейді. Мына сапар сыры сонда жатыр еді...
Балақай қайран қалды: теңіз ол ойлағаннан мүлде басқаша екен. Тарғыл төбет жартасының қияларында ойнап жүргенде де, қойнау-қолтық суда қайықпен жүзгенде де теңіз мұндай деп мүлде ойламаған еді. Қайық қойнаудан шығып, ашық теңізге бет алғанда барып бала теңіздің не екенін ерекше сезінгендей болды. Аспанмен астасып, көз де, көңіл де жеткісіз, қиырсыз әлемді тұтас тұтып жатқан судың бәрі теңіз екенін аңдағанда баланың есі шыға жаздады.
Кириск мұндай топан су болар деп ойламаған, айнала тек сынаптай сырғанақ, қорғасындай зілді су, айнала тек лезде туып, қас-қағым сәтте қайтадан өліп жатқан толқындар, айнала тек түнерген түпсіз тереңдік, айнала тек көз жетіп, қол жетпес ұшпа ақ бұлт тұтқан көгілдір аспан. Бар әлем осы ғана. Су мен аспан. Басқа қылаудай белгі жоқ. Қысы жоқ, жазы жоқ, қырқасы жоқ, сайы жоқ телегей теңіз.
Дүниенің о шеті мен бұ шетін алып жатқан асау су.
Толқындарды бұрынғыша сүзгілеп, қайық жүзіп келеді. Алдағы аң аулау сәтін асыға күткен баланың да ажары ашық, көңілі жарқын. Сол бір аң аулау сәтіне есіл-дерті кеткен балақай, әйткенмен, қазір айнала төңіректі, дүлей суды көңілімен емес, көзімен шолып, шадыман қалыпта шала-шарпы түйсініп отыр. Әйтпесе ол қазір күн сәулесімен ойнаған сансыз су зерінің неше алуан өрнегін, теңіз түсі сол сәуленің әсерінен кейде жап-жасыл, кейде қара қошқыл тартып, сан алуан құлпырып жатқанын аңғарар еді. Сонда ол қайық қасына қаңғалақтап келіп қалған балықтарды көріп алақайлап қуанар еді, әлгі аңқау, бүкір балықтар қайыққа тұмсығын соғып алған соң тым-тырақай қаша жөнелудің орнына, үйір-үйірімен үйме-жүйме болып, қайықтың қабырғасына тығылып, судан шоршып шығып, ауаға біраз ілініп қалып, қайтадан суға жонарқасымен құлағанын көріп бала мәз-мейрам болып күлер еді.
Бірақ мұның бәрін бала көзіне аса іле қоймады. Оның есіл-дерті тезірек аралдарға жету еді. Нағыз аң аулау сәті соққанша балада тағат жоқ.
Әйтсе де сәлден кейін бала көңілі қараптан-қарап отырып, өзінен-өзі бұзылды. Бірақ ол сыр бер ген жоқ. Құрлықтан ұзай түскен сайын, әсіресе бір бүкір бел толқынның тасасынан кенет Тарғыл төбет көзден ғайып болғанда барып бала теңізден бір қыламық қатер сезгендей болды, ұлы топан судың қасында өзі құмның қиыршығындай майда, құрдым дәрменсіз, құрдым қорғансыз екенін түйсініп, теңізге өзінің шексіз тәуелді екенін аңдағандай еді.
Бала үшін мұның бәрі тосын. Сонда барып ол Тарғыл төбеттің қаншама қадірлі екенін сезген еді. Тарғыл төбеттің баурайында шапқылап ойнақ салып жүргенде мұны тіпті ойламапты ғой. Оның төбесіне шығып алып қарағанда теңіз де мүлде қауіпсіз еді. Өз мекенінде тұрғанда Тарғыл төбеттің қаншалықты алпауыт әм қайырымды, қаншалықты асқақ әм құдіретті қамал екенін Кириск енді түсінді.
Енді ол құрлық пен теңіздің айырмашылығын да түсінді. Жер басып жүргенде — жерді ойламайсың. Ал, теңіз үстінде нені ойлама, бәрібір көкейінде теңіз тұрады. Бұл бала үшін үлкен жаңалық еді, ол осыны ойлап секемденіп қалды. Теңіз үстінде теңіздің көкейден кетпейтінінде нендей бір сиқырлы, сұрапыл, дүлей сыр жатқан сияқты...
Ал бірақ ересектер сабырлы. Эмрайин мен Мылгун бұрынғысынша бір адамдай қосылып, бір сарынмен ескек сермеп отыр: төрт ескек су бетіне бір мезгілде тиіп, қайыққа қуат-күш беріп келеді. Бірақ ескек есу ойыншық емес, толассыз қимыл. Ескекшілер теріс қарап отырғандықтан Кириск олардың бетін көре алмайды. Оның есесіне олардың бұлшық еті ойнаған жауырындарын көреді. Өздері сирек сөйлейді. Рас, әкесі Эмрайин анда-санда артына бір бұрылып, күлімсіреп қарап, баласына: `халің қалай?` — дегендей болады.
Жол ұзай берді. Ересектер сабырлы, саспайды. Ал Орган қарт болса, мүлде қыңбай, сол бір қорқорын сорып қойып, қайықтың жүрісін басқарып отыр. Әрқайсысы өз жұмысын атқарып, жүзіп келеді. Рас, Кириск, бірде Мылгунмен, бірде әкесімен қосылып, бірер рет ескек есті. Ескекшілер: `Мейлі есіп көрсін` дегендей бала тілегіне қарсы болған жоқ. Бала жалғыз ескекті қос қолдап-ақ жұлқылағанмен, көпке шыдай алмайды: қайық аса ауыр, ескек те ол үшін ересен үлкен еді. Бірақ ешкім балаға кінә да артқан жоқ, әлсізсің-ау деп есіркеген де жоқ. Тек әйтеуір үнсіз қимыл
Рас, Тарғыл төбет кенет көзден таса болғанда әлдеқалай бәрі бірден қауқылдасып қалды.
— Тарғыл төбет үйге қайтты! — деді Эмрайин.
— Иә, қайтып кетті! — деп қостады Мылгун.
— Апырай, ә? Қайтып кеткен екен ғой, — деп Орган қарт та бұрылып қарады. — Е, онда шаруа жаман болмас. Әй, Кириск, — деді балаға қулана қарап: — Айқайлап шақырып көрсең қайтеді, мүмкін, Тарғыл төбет кайтып оралар?
Бәрі күліп жіберді. Кириск те күлді. Сәл ойланып отырып:
— Онда кері қайтайық, Тарғыл төбет сонда келеді, — деді дауыстап тұрып.
— Қарай гөр мұның тез қайтқышын! — деді Орган оспақтап. — Жо, онан да бері таман кел, шаруа бар. Теңізге қарай-қарай көзің талған шығар. Ол шіркінді қарап тауыса алмайсың.
Кириск тұмсықтағы орнынан тұрып, қайықтың түбінде жатқан заттарды: бұғы терісіне ораған екі винчестер, гарпун, орама арқан, суы бар кеспек, азық-түлік салған қапшық, тағы-тағы бірдеңелерден аттап өтіп, қайықтың құйрық жағына жылжыды. Қайықтың қабырғасына сығыса ескекшілердің тұсынан, ескектерден аттап өтіп бара жатып ересектердің қара тер жуған мойны мен жотасынан шыққан ащы тер мен темекінің иісін сезді. Әкесі теңізге аттанып кеткенде шешесі оның ескі тері тонын алып, бетіне басып, иіскеп отырар еді. Сонда тоннан дәл осындай ащы тер иісі шығатын.
Тұсынан өтіп бара жатқанда әкесі баласына иек қағып, иығымен жай ғана бүйірінен итеріп қалды. Екі қолы ескектерден бос емес. Бірақ, Кириск әкесінің абайсыз еркелеткен қылығына елжірей қалған жоқ. Қарай гөр еркелетуін! Теңізде үлкен-кіші жоқ. Теңізде сен әкесің, сен баласысың деп жатпайды. Теңізде тек басшы ақсақал ғана бар. Оның ықтиярынсыз, басы артық қимыл болмақ емес.
— Кел, жайғасып отыр,— деді Орган орын көрсетіп, шодырайған ұп-ұзын қолын баланың иығына тигізіп. — Сен осы аздап қорықтың-ау деймін, о? Ә дегенде мықты-ақ сияқты едің, соңынан...
Кириск қысылып қалды: Орган шал бәрін байқап отыр екен гой. Бірақ бала бой бермей:
— Жоқ, аткычх , түк те қорыққан жоқпын! Неден қорқамын? — деп бебеу қақты.
— Әйтсе де, теңізге бірінші рет шығуың ғой.
— Бірінші рет болса қайтейін?! — деп бала дес бермеді. — Мен тегі ештеңеден де қорықпаймын.
— Мейлі, солай-ақ болсын. Ал, мен баяғыда теңізге алғаш рет шыққанымда, шынымды айтсам, тәуір-ақ қорқып едім. Қарасам: жаға мүлде көрінбейді. Тарғыл төбет те, қайда кеткені белгісіз, ғайып болыпты. Айнала тек толқындар тулайды. Ой, сонда үйге қайтқым келгені-ай. Жә, ана Эмрайин мен Мылгуннен сұрашы, олар қорықпады дейсің бе? Ана екеуі `рас, рас` дегендей бастарын шұлғып, ескектермен арпалыста, ыржия күлісіп қойды.
— Ал, мен қорықпаймын! — деп қасарысты Кириск.
— Ой, онда азамат екенсің! — деп карт оны құптап қойды.
— Ал, енді сен маған мынаны айтшы: Тарғыл төбет қай жағымызда қалды?
Тұтқиыл сауалдан Кириск ойланып қалды да, қолын созып:
— Ана жақта! — деді.
— Қателескен жоқсың ба? Қолың қалтырайды ғой өзі. Бала қолын қалтыратпауға тырысып, сәл-сәл оңға бұрып:
— Ана, жақта! — деді.
— А мұның дұрыс! — деп құптады Орган. — Ал, айталық, қайықтың тұмсығы былай қарап түр делік. Сонда Тарғыл төбет қай жақта қалады?
— Ана жақта!
— Айталық, жел бізді былай бұрып жіберсе ше?
— Ана жақта?
— Айталық, солға қарай жүрсек ше?
— Ана жақта!
Дұрыс-ақ делік. Ал, бірақ, айнала су, көз тоқтатар дәнеңе жоқ, сонда мұның бәрін сен қайдан білесің? — деп қоймады Орган. — Айтшы, кәне?
— Е, менің тағы да көзім бар емес пе, — деп Кириск сасар емес.
— Ол қандай көз тағы да?
— Қандайын білмеймін. Әйтеуір, ішімде сияқты, көрмей-ақ көретін сияқты.
— Ішімде дейсің бе? — Бәрі күлісіп алды.
Оның да жөн, —• деді Орган.— Ондай көз болады. Тек ішіңде емес, басыңда.
— Ал, мен ішімде деймін, — деп берісер емес Кириск, ондай сезім көзінің іште емес, баста, мида болатынын енді түсіне тұрса да.
Біраздан соң шал Кирискіні тағы да сынаққа алды. Ақыры баланың теңіздің төрт бұрышын тани білетін қабілетіне көзі жетіп, көңілі толып:
— Жарайсың, ішіңдегі көзің жаман емес екен, — деп күбірлеп қойды.
Бұл мақтаудан көңілі өсіп қалған Кириск енді өзіне-өзі сұрақ қойып, жауап айтып жаттыға бастады. Әл-әзір теңіз сәл-пәл тынышта жан-жағыңды пайымдау аса қиын да емес. Асқақ та ұлы Тарғыл төбет оймен шақырғанда оп-оңай `ішкі көзге` елестеп, бала іздеген тұстан лезде табыла кетеді: баурайындағы бұйра-бұйра орманы, `құлағы` мен `бөксесінде` жатқан ақ таңдақ қары, жартасына толассыз шапшып арсылдап жататын дүлей толқын-дары — бәрі-бәрі баланың көз алдында. Тарғыл төбет көзіне елестегенде бала оның айналасындағы қырат-қырқаларды да көрмей тұра алмады. Енді еріксіз өз үй ішін бастады. Жағалаудағы қырқалардың ортасындағы алаңқай алқап, сондағы орманның пұшпағы, өзен жағасындағы ата қоныс — ағаш үйлер, сарайлар, иттер, тауықтар балық жайып қоятын аспа таяқтар, шуда түтін, шаң-шұң дауыс солардың арасында шешесі мен қарындасы бәрі-бәрі көңіл айнасынан көрініп тұр. Шешесі мен қарындасы қазір не істеп отырғанына дейін анық көрінеді. Шешесі, әрине, Кирискіні, күйеуін, теңізге шыққан аңшылардың бәрін ойлап, уайымдап отыр. Иә, дәл қазір оларды ойлап отырғаны ақиқат. Ойлауын ойлайды да, менің нені уайымдап отырғанымды жын-пері біліп қойды-ау деп артынан қорқып қалады. Кирискіні еске алар тағы бір адам, сірә Музлук болар. Музлук, сірә Псулкпен ойнаған болып мұның үйіне келген де шығар. Музлук сонда абайламай, теңізде жүрген Кириск туралы бірдеңе деп қалса, шешесі оны сөгіп тастайды-ау, сірә. Шешесі: `Не деп сандалып тұрсың, сен қыз? Кирискінің орманға отын ала кеткенін білмеуші ме едің?` — деп сөгер-ау. Қыз оны сонда барып түсініп, ұялғаннан үндемей қалар. Солай ойлауы-ақ мұң екен, Кириск Музлукты аяп кетті. Өзі туралы Музлуктың ойлағанын Кириск ұнатады-ақ, бірақ соған бола шешесінен сөгіс естіп қалатынын қаламас.
Ал, қайық болса, бұрынғыша толқындардан қалқып өтіп, жүзіп барады. Айнала сол бір жыбырлап жалт-жұлт еткен таңдай толқын, ақжал теңіз. Нивхілер түс ауа, ең ары кеткенде кешке дейін Үш Емшек аралдарының ең жақыны — Кіші Емшекке жетіп жығылып, сәті түссе, аң аулауды сол жерден бастамақ мақсаты бар. Содан жарық барда екінші арал — Орта Емшекке жетіп, сонда түнеп шықпақшы. Орта Емшектің бір артықшылығы — жағасында қайық қоятын тып-тыныш қойнауы бар. Таң ата тағы да теңізге шығар. Бүгін кеште жол болып, бірден үш нерпа атып алса, таң азаннан аялдамай кері қайтпақ.
Қалайда ертең сәске түске дейін кері жолға шығу керек. Теңізде жолдың ерте басталғаны абзал
Мұның бәрін Орган қарт күн ілгері ойластырып қойған. Оның жәрдемшілері Эмрайин мен Мылгун болса, Үш Емшекке олардың бұл бірінші келуі емес істің мән-жайын Олар жақсы біледі. Күн райы бұзылмай тұрса, жайқуаттан аңды дер кезінде атып алса болғаны. Ең бастысы осы, басқасы өзінен-өзі біте жататын жайдақ шаруа.
Орган қартты теңізге бұл жолы алып шыққан тек мұқтаждық қана емес. Несібеңді теңізден теріп жүрген соң амал жоқ. Бірақ бұл жолы оның теңізге аңсары ауды. Теңіз қиырында қартың құштар ойлар құшағында тербетілер еді. Оның да өзінің бір аяулы-асыл ойлары бар. Құрлықта күйбең тіршілікпен жүргенде уақытың бола бермейді деп теңізге шыққанда әлгі бір сағынышты саздай сабаз сырлардың әлдиіне алаңсыз берілетін сәттер туады. Айдын аясында ол өзін Теңіз бен Тәңірінің туысындай сезінер еді.
Қиырсыз құдіретпен бетпе-бет отырғанда