25 Желтоқсан, Сәрсенбі

Әдебиет

Шерхан Мұртаза

Шерхан Мұртазаұлы Мұртаза (1932 жылы туған) — жазушы, қоғам қайраткері, ҚР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері (1984)

Шақалақ






Үлкен сәскеде Борандының саудасынан сән кете бастайды. Тарқаған базардың жұрты көңілсіз. Шақалақ шалдың көңілі қазір селкеу жәрменкенің құлазыған жұртындай.

Шұбар тушаның саудасы жүрмеді. Қияндағы қыстаққа бұл қырсық кебенекті қайтадан жетектеп азапқа түскенше, өткеніне сата салайын деп Шақалақ шыжыған ыстықта мал базар ақыр-тақыр қазан болғанша, қаздиып-ақ тұрды. Кебенек келгір өтпеді екен деп тағы тастап кете алмады. Ақыры, қайтқан малда қайыр бар, шұбар тушаны жетектеп Шақалақ жаяулатып ауылға тартты ғой.

Қайтып келе жатып, жолаушы таситын автобустың шопырын сыбады.

— Сенің қотыр ешкіңді тасысын деп жүргізіп қойған бұл автобусты, — деп кесір шопыр мінгізбей қойған.

Керауыз кемпірін боқтады.

— Қызыңның қылығы шығып қалды. Жұрт құсап «кремпілін» кигізбесең өз басына өлім, қара басқыр, — деп шұбар тушаны базарға жетектетіп жіберген сол болатын.

— Кесапат асқан» — деп қойды ішінен кіжініп Шақалақ.

Шын аты Шақабай еді. Бірақ табиғатынан түйме бас, қалқан құлақ, қызыл шақа, қылпықсыз көсе болған соң жеңгелерінің қойған аты Шақалақ. Өрмекшінің жібіндей қан тамырлары қызғылтым, екі беті ұдайы темір қанат балапанның терісіндей болып тұрады.

— «Бұл жұрт құтырды, — деді енді базарды балағаттап. — Баяғы Некәлайдың заманы болса, қоңыз теріп жер еді, енді ешкінің етін жемейді, сүтін ішпейді. Өлгеніне — мың адам жиналса, мың адам — жеті сомнан, кісі басы сайын жыртыс. Той болса кілем жауып, «Волга» тіккен жарыс. Кенет қауымды былай қойып, кемпіріне қайта шүйілді:

— Аузыңа қара қан толғыр! — деп тісін қышырлатты.

Сол-сол екен, тісінің ескі құрты қозды ма, мүжік асықтай азудың айналасы қақсап қоя берді. Енді жол азабына ауру қосылды.

— Атасына нәлет, құртта да ес жоқ, — деді ол бір қолымен қатпа қайрақтай жағын басып келе жатып. — Менен не тауып жеймін деп түседі екен?!»

Аспантаудың аңғарында жатқан ауылға баратын соқпаққа әлі асфальт тұрмақ малта тас та төселмеген. Жабайы соқпақ едәуір жерге дейін шойын жолдың бойын қуалап барады да, оңға бұрылып темір жолды кесіп өтіп, тіке төскейге қарай қасқайып жатады.

Қара жолдың піскен топырағына шомылып жатқан жабайы кептерлер ешкі жетектеп, ерні кезерген Шақалақтың қарасы жақындағанда пыр-пырлап ұша жөнеледі. Қапталдағы шаң тұтқан қарасораның, көкбас кекіренің кермек иісі тынысыңды қабады. Жуыла-жуыла оңып кеткен көк көйлектей аспан астында лүп еткен леп сезілмейді.

«Қасапшыға мал қайғы, қара ешкіге жан қайғы», Шақалақ тісінің ауруымен әлек болып келе жатып, шлагбаумға маңдайы тірелгенін бір-ақ білді. Темір жолды кесіп өтетін сәтте дәл мұрнының астына шлагбаумның ала-құла бақаны сөлең етіп жабылды да қалды.

Алыста, мұнар сағымның арасынан бұлдырап пойыз көрінеді. Енді сол өтіп кеткенше күтіп тұру керек.

Ар жақтан салдырлап арба келіп тоқтағанын сезіп, Шақалақ қуанып қалды. Қараса, өзінің жамағайыны Тауасар екен. Жардай торы биені жалғыз аттық арбаға жегіп алыпты.

— Оу, Тәке, олжалы қайтыпсың ғой, сатып алдың ба? — деді Шақалақ жағын қолымен басып тұрып.

— Алған соң біржолата арбасымен қосып алдым, бала-шаға шөп тасығанға жақсы, — деді қауға сақал Тауасар. Дауысында масаттанған мақам бар.

— Ылдидың малы көрінеді, жуас екен.

— Құтты болсын, — деп күбірледі Шақалақ.

Ішінен қызғанып та тұр. «Базардан қайтқаннан кейін, атасына нәлет, осылай қайту керек қой, қу шұнақтың құйрығынан ұстап қайтпай».

Ешкі жетектетіп қойған бәйбішесін іштей тағы бір сыбап алды. Тісі одан бетер қақсап қоя берді.

Сөйтіп тұрғанда арбаның арт жағына қара көк «Волга» екпіндей келіп кілт тоқтады. Рульдегі Жайлаубайдың шабандоз, көкпаршы баласы Ораз екен, дөң неме, кіші болып мына тұрған екі қарияға сәлем беруге жарамады. Қара көзілдірік киіп, рульде шіреніп отыр. Машинаның әйнек біткенін жаңа түскен келіннің шымылдығындай шашақтап тастапты. «Волганың» арт жағында екі қуыршақ ит бір-біріне бас шұлғысып қалысыпты.

Осы Ораз өткендегі құрбан айттың көкпарында тартыла-тартыла тақымда піскен талыстай бір серкені Шақалақтың есігінің алдына шиырып лақтырып тастап кеткені бар.

Шақалақ сонда:

— Мұнысы несі, тасыраңдап! — деп шақшия бастап еді, бес биенің сабасындай бәйбішесі:

— Тек, тұштаңдама. Қызыңның бой жетіп қалғанын білмеуші ме едің. Соған да миың жетпеді ме? Бозбаланың ізеті бұл, — деп тыйып тастаған. — Құдай бұйыртса, Жайлаубаймен құда боласың.

Қазір шлагбаумға тұмсығы тіреліп тұрып, Шақалақ:

— Атасына нәлет! — деді.

Сөйткенше, пойыз келіп қалған екен, тепловоз боздап қоя берді. Қарағай артқан ауыр состав жер-дүниені дүрілдетіп, биесі үрке шегіншектеп, баданадай көздері ақшаңдап, ауыздықпен алысып шапшып тұр екен. Шегінген арбаның артқы тұқыл оқтығы қара көк «Волганың» фарына барып сақ ете қалды да, әйнек бытшыт болды.

— «Мынаның жуас дегені, жуан болып шықты-ау, — деді Шақалақ, — Ылдидың малы болса, пойыз көрмеген неме ғой».

Не боп қалғанын пайымдап үлгіргенше, «Волгадан» Ораз дүрдие атып шықты да, арбаның үстінде биенің басымен алысып отырған Тауасардың жағасынан ала түсті.

— Бабасындай адамның жағасынан алғаны несі, атасына нәлет, — деп Шақалақ шұбар тушаны шлагбаумға апыл-ғұпыл шалып байлай салды да, Оразға тұра жүгірді.

Ту сыртынан барып күжірдей желкесіне шеңгелді сілеусінше салып қатып қалғанда, талай тастай тақымдардан көкпарды ырғағанда тартып алып жүре беретін аты шулы палуан Ораздың қолы Тауасардың алқымынан ажырап сала берді.

Алқымы әлуетті қолдан босаған Тауасар ұзын қамшымен Оразды осып-осып жіберген. Екі шалдың екпінінен сескенді ме, әлде өз қылығынан ұялды ма, әйтеуір, Ораз «Волгасына» ыршып мініп, жолдың шаңын бұрқ еткізіп, темір жолдың арғы бетіне атып шыққан.

Пойыз өтіп, шлагбаум көтерілген екен.

Шақалақ шұбар тушаның орнын сипалап қалғандай болды. Ұшты-күйлі жоқ. Жібін үзіп қашып кетті ме, әлде пойыз басып кетті ме, деп әуелі көзімен рельстің бойын тінтіп шықты.

Алақ-жұлақ арлы-берлі қарағаннан көзге ештеңе түспеді. Сөйтсе шұбар туша терек бойындай биікте, шлагбаумның алабақанының басында салбырап тұр.

Ұшып-қонып стрелочниктің үйшігіне жетті.

— Ау, тамыр, анауың қалай? — деді қызыл фуражкелі еңгезердей сарыға.

Стрелочник әуелі байқаусызда қарқылдап күліп жіберді. Артынша онысы ерсі екенін сезіп, тез автомат кнопканы басып, шлагбаумды түсірді. Шұбар туша жерге жансыз қап сияқты сылқ етіп құлады.

— Тамыр, кешір, мен көрмеген, — деді қызыл фуражка.

Тауасардың жағасынан енді Шақалақ алсын.

— Саған болысамын деп, тайдай тушадан айырылдым. Құнын төле!

— Денің сау ма өзіңнің? Мен не деп төлеймін? Тушаңды мен ұрып өлтірген жоқпын. Шлагбаумға байлап қойған өзің, — деп Тауасар да жалын күжірейтті.

— Әй, Тауасар, құдайдан үмітің жоқ екен, ылдидың киік құсап тағы боп кеткен малын жеті жүз сомға сатып алып, біреудің су жана «Волгасын» қиратқан мен емес қой! Мен болмасам, әлгі Ораз алқымыңды мытып өлтіретін еді, тірі қалғаныңа тәуба деп неге бермейсің менің тайдай тушамның құнын?! Әркімнің малы өзіне қымбат.

Екі шал келісе алмай керілдесіп тұрғанда, қызыл фуражка ала тушаны ары-бері аударып көріп, таңдайын тарсылдатып, басын шайқады. Онан соң:

Әй, әтештер! Ұрысты қойыңдар. Кәне, ешкіңе қанша сұрайсың? Meн алады, — деп Шақалаққа қарады.

— Бауыздамай арам өлген кебенекті сатып не көрініпті, не деп тұрсың өзін?! — деп көзін ежірейтті.

— Семіз екен, мен алады, қанша сұрайсың? — деді қызыл фуражка Шақалақтың «арам-қарамына» мән бермей.

— Денің сау ма! Аламын деп тұрғанда, сұрағанына бере сал! — деп Тауасар килікті.

— О, найсап! — деп Шақалақ қолын бір сілтеп, шойын жолдан шегірткедей ыршып өтіп бара жатып, кілт қайта оралды. Шұбар тушаның былқ-сылқ еткен мойнынан ала жіпті шешіп алды. Екі-үш бүктеп қолға ұстаған күйі артына бұрылып та қарамастан тура тауға тартты.

— Атасына нәлет! — деді әлден уақыттан соң.

Қапелім тісінің ауруы сап тыйылғанын сезді. Бір түрлі қуанып қалды.