25 Желтоқсан, Сәрсенбі

Әдебиет

Шерхан Мұртаза

Шерхан Мұртазаұлы Мұртаза (1932 жылы туған) — жазушы, қоғам қайраткері, ҚР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері (1984)

Сол бір күз






Биікте-биікте шу-шу етіп құрқылтай ұшып жүр. Мыңбұлақтың бір бұлағы — Шоқыбас сайы. Жарқабағы шұрқ тесік: жыбырлаған құрқылтайдың ұясы. Құстар ұяларын тастап қыс болмайтын жаққа кетпекші.



Соны көріп, қыстың келе жатқаны Ноянның есіне түсті. Торы тайдың үстінде күн шуақтап отырса да, аяз қарып өткендей тұла бойы түршікті. Былтырғыдан да ауыр қыс болатынын бала жүрегі күн ілгері сезгендей. Қырық үшінші жылғы қыс естен, сірә, шыға қоймас.

Ноян былтыр желтоқсанда тобан аяқ болып мектепке бара алмай қалған. Тәңірі жарылқағыр, Тимофей шал көтерем өлген өгіздің терісінен шикі шоқай тігіп беріп әбүйір болған. Шоқай су тисе езіліп жүре беретін. Бірақ шұлғауын қалың орап, ілекерлеп мектепке барып қайтуға жараушы еді.

«Биыл қыста өгіздің терісі табыла ма, табылса оны Тимофей тағы тігіп беруге келісе қоя ма?..»

Ноян торы тайдың күзеген жалын сипап осыны ойлады. Тай бұл күнде жуасып қалған. Оттамастан мүлгіп тұр. Ол да бір ойдың шырмауында сияқты. Торы тайдың енесін былтыр әскерге алған. Әскерше киінген екі адам колхоздың бастығы үшеуі келіп жылқы аралап, ішінен бірнешеуін таңдаған. Біреуі осы торы тайдың енесі. Өте еңселі, тұлғалы бие еді, жануар. Әскери адамдар оның тісін ашып көрді. Кеудесін, тұрқын, тірсегін, тіпті құйрығына дейін сантиметрлеп өлшеді...

Торы тай енді енесін сағынатын болу керек, анда-санда адамша күрсінеді.

Қазір жылқы сайдың табанында жайылып жатыр. Бұрынғыдай сусыма емес. Көлік малы көп ойқастауға жоқ. Қамыттан мойны босаса болды, төрттағандап басын оттан алмайды. Жылқы жылжып өткен сазда пырдай боп жас тезек қалады. Сайдың қабағынан қарағанда, ойпаңда қаптаған қасқалдақ қонып отырғандай.

Шөп қатайған, гүл семген. Көбелек қалтаңдап көп ұшады. Бірен-саран қалған теңгежапырақтың қызғылтым гүліне тұрақтамайды, шырын шықпаған соң,тез-тез ұшып кетеді.

Сәмбі талдың жапырағы үн-түнсіз үзіліп, бастауға қалқып түседі. Енді бір сәт сарғайған жапырақтан қайнардың мөлдіреген қара суы көрінбей қалады.

Ноян тау жаққа қарады. Тауға таяуда белуарына дейін қар түскен. Соны көріп, өзінің жалаң аяқ екенін тағы да есіне алды. Ноян әскердегі ағасына хат жазып қойған, бірақ қалтасында жүріп тозды. Хаттың соңында ағасынан бір бәтеңке ала келуін өтінген. Ал хатты қайда жіберерін білмейді. Ағасы соңғы хабарында әзір хат жазбай қоя тұрыңдар, белгі өзімнен болады, жаңа адресімді айтып жазамын деп еді, жарты жыл өтті, содан бері дерек жоқ.

Кенет, керемет! Ноянның көктен іздегені жерден табыла жаздады.

Сай басындағы қара жолдан бозаңдатқан шаң көрінді. Үсті жабық үш арба қаз-қатар тізіліп, адамдары азан-қазан әндетіп, көшпелілер келіп, сазға аттарын доғарды.

Алдыңғы арбадан кеспелтек келген дударбас кісі секіріп түсті де:

— Oho, деді. Қызыл етікті аяғымен көгалды жерді теуіп-теуіп шірене қалды. Жылқының пысқырығынан басқа дыбыс естілмеген сайдың іші лезде хан базардай гуледі.

Тек он үш-он төрт жастағы бота көз қызғана басқаларға қосылыңқырамай оқшау тұрып, қолындағы қобдишаны ашты. Ішінен қалақтай қобыз шығарып алды. Ноян оның скрипка екенін білмеуші еді. Бағанадан бері көшпелілерден бойын аулақ ұстап, шет тұрған. Шашы өрілмей иығына сусып төгілген, алабажақ көнетоз көйлек киген кішкентай қыз скрипканың иығынаи егімен қысып алып, нәзік саусақтары майысқанда, Ноянның тұла бойынан ыссы бір толқын жүгіріп өтті. Еріксіз тебініп еді, торы тай бір-бір басып таборға жақындай түсті.

Басқа күйбің қу тіршілікте қыздың ісі болмады. Кең дүниеде өзі және скрипкасы ғана тұрғандай, өз ойынына өзі елітіп, баяу ғана көзін жұмды.

Ноян мұндай музыканы бұрын естіген емес. Таудың басындағы күміс тәжді алтын нұрға малып күн шығып келе жатқанда, соның шапағынан оянған дүние-әлемнің ән салғанындай, айлы тыныш түнде жалғыз бұлбұлдың таңдай тақылдатқанындай.

Бала бәрін ұмытты. Өткен қысты да, келер қысты да, жалаң аяғын да, апасының іңір қараңғысында қызылшадан титықтап әрең жетіп, үні бітіп, таңдайы кеуіп, бір жұтым шалап сұрайтынында, бригадирдің: «Айналайын Ноян, бүгін мектебіңе бармай-ақ, жылқы бақ» деп жалынатынын да — бәрін-бәрін ұмытқан.

«Ақырзаман осы шығар,— деді бір кез Ноян өзіне-өзі. — Апам айтушы еді: ақырзаман боларда жердің жүзінен сиқырлы ән жүріп өтеді. Оған ілескендер қайтып жер бетіне оралмақ емес. Ол сиқырдан ешкім де аман қалмайды екен деп. Сол осы болар».

Бір мезгіл бала осы көшпен ілесіп, алысқа кеткісі келді. Тек ұдайы мына музыка ойнап тұрса ғана. Бірақ кешке үйге қызылшадан ерні кезеріп келетін апасын, оған шалаптық айран қалдырмай ішіп қоятын інілерін ойлады.

Көшке ілесе алмайды. Мына музыка көрген түстей. Түсте де осындай бір ғажайып шақтар болады.

Оның ойын дударбас кісі бөліп жіберді.

— Иә, жігіт,— деді судай қазақша. — Кімнің баласысың?

— Шахаманның.

— Әкең жоқ қой?

— Жоқ. («Оны қайдан біледі?»)

— Ағаң әскерде ғой?

— Әскерде. («Оны қайдан біледі?»)

— Мен білемін сенің ағаңды. Ол — нағыз батыр. Көрсем сенен сәлем айтамын. Астындағы тайынды сатасың ба?

— Сатпаймын: Бұл колхоздікі.

— Әй, ақымақ-ақымақ. Мен білмейді дейсің бе. Әрине, сенің әкеңнен қалған тай емес. Мұндай тайы бар адам жалаң аяқ жүрмейді ғой.

Ноян аяғын қоярға жер таппай, торытайдың қолтығына қыса түсті.

«Қыз естіп қойды ма?»— деп қысылды.

Дударбас жабық арбаның ішінен бір пар бәтеңке алып келіп, тайдың шоқтығына іле салды.

— Мә. Білемін, қиналып жүрсің. Ағаң келеді соғыстан. Бұдан да жақсы бәтеңке ала келеді. Мынау да жаман емес. «Рабочий». Талай қыста тепкілеп киіп шығасың.

— Сенбей тұрсың, ә? Тегіннен-тегін қайтіп аламын деп тұрсың ғой. Азаматсың. Сенде ондай күдік қалмасын. Бір қамыт әкеп бере ғой. Иә кәдімгі аттың мойнына кигізетін қамыт. Білесің ғой қайда жатқанын. Кәзір арбакештер аттарын шығарып, түстікке кетті. Барып, аласыңда қайтасың. Жан баласы көрмейді де,білмейді де. Бар шап! Сенбесең, бәтеңкені ала кет!

Ноян қызылша жаққа қалай шоқытып бара жатқанын білмей де қалды. Қызыл изен, тас мияның арасынан бір топ бұлдырық пыр-р етіп ұша жөнелді. Сары ала күзде қызылша даласы тым жасыл боп жайқалып жатыр. Аршылған тәтті тамырлар семіз қойдың құйрығындай теңкиген. Аттары шығарылған арбалар қаңтарулы. Жан баласы жоқ. Тек жапырақтан құрт терген зымыран шымшықтар ғана шиқ-шиқ етіп ұшып жүр.

Арбакештер жапырақ астына жасырып кеткен қамыттардың бір ілінгенін Ноян тай үстінен көкпарша жұлып алып, постромкесін салаңдатқан күйі салпылдап кері шапты. Тұяқ астында қызылша жапырағы қаршылдады.

Соғыс жылдарының соры қалың аттарының тері сіңіп, қолқаны атқан қамытты жылқышы бала дударбас кісінің алдына шиырып ұрды.

— Кет, енді бұл жерден!— деді Дударбас.

Мұнысы қиын болды. Баланың осында қала тұрғысы келіп еді. Шашы өрілмей иығына төгілген скрипкашы қызға қарай бергісі келіп еді. Бірақ қызыл етікті:

— Кет! — деді. Бұрынғыдай емес, жауыға қарайды.

Қолында бәтеңке келе жатқанын Ноян былай шыққанда аңдады. Ескі, ескі де болса қайысы қалың «рабочий» бәтеңке. Қыстың уайымынан құтылғандай еді, бірақ еш қуанышы сезілмеді. Біреуді өлтіріп, аяғынан сыпырып алғандай суық көрінді.

Көшпелілер апыл-ғұпыл жинала бастады. Сайдың тасынан қалаған ошақтың оты бықсып, жұрты қалды. Қара жолдан боз ала шаң шұбатылып шағын табор батысқа қарай тартып отырды.

«Кешке үйге келгенде, апам бұл бәтеңкені қайдан алдың десе, не демекпін?»

«Қамытты арбакештер қазір-ақ іздеп жатқан шығар?»

Апасы айтушы еді: «Біреудің сабақты инесін алушы болма! Ағаң алыста от пен судың арасында жүр. Біреудің бір нәрсесіне тиіп, ағаңның ақ жолына жаман ырым жасама!»— деп.

Соны қалай ұмытқан! Мына сасық бәтеңкеге бола ағасына мысықтілеу тілемек пе!

Ноян тайдың басын бұрып, көштің соңынан шоқырақтатты. Жырым балақ, жалаң аяқ қалпында қара жолдың шаңын аспанға бұрқ-бұрқ көтеріп, көсілте шапты. Тайдың құлағының түбі жіпсіп, танауы делдиіп, демі парылдап, қос аяқты сілтей салды. Жол жағалай шоқ-шоқ өскен ақ ши теріс аққан өзендей сағымданып ол қалды. Тау жаққа көзі түсіп кетіп еді: қадау-қадау мұзарт шоқылар шоқаң-шоқаң етіп өзімен қатарласа жарысып бара жатқандай екен.

Дударбас отырған алдыңғы арбаға теңесе бере, ауылдағы көкпаршы шалдарша әлгі бәтеңкені шатырдың ішіне атып ұрды. Дударбастың көзі бағжаң етті.

— Ағатай, қамытты қайтып бер, — деді оған Ноян арбамен жағаласа шауып келе жатып. — Көлік тұрып қалатын болды, ағатай. Қызылша тасылмай қалатын болды, ағатай. Қамытты қайтып бер!

— Ақымақ! — деді дударбас жарау аттардың божысын қағып-қағып уқалып. — Несіне қорқасың, қорқақ!

— Арба тоқтап қалады, ағатай!

— Ақымақ! Қорқақ!

Жабулы арбаның ішінен скрипкашы қыздың өрілмеген сусыма қара шашы көрінді. Қыз әлсіз жіңішке қолдарымен арбадағы дәу қамытты тырмыса тартып, лақтырып жіберуге әрекет қылды. Дударбас артына бұрылып, божыны бір қолына жиып алып, бір қолымен кішкентай қызды бүріп ұстап, арбаның түкпіріне итеріп кеп жіберді. Жанында жатқан ұзын қамшыны ала салып, үйіріп-үйіріп, Ноянға қарай сілтеп кеп қалғанда, мылтық атқандай сарт ете түсті. Торы тай оқыстан осқырынып қап, жалт берді. Ноян жалп етіп қара жолдың қалың топырағын құшақтай құлады. Аузы-басы топыраққа толып, ұзынынан түскен күйі аяқ-қолын жинай. ЬІзамен булыға шыққан жастан топырақ шыланды.

Тозаң тұтқан кірпігінің арасынан керуен көрініс тізбек-тізбек өтіп барады. Жалаң аяқ қар кешкені... Апасының шалап жоқта есіктің көзіне отыра қалып, қара сулы тостағанды қызылшаның топырағы тоздырған күс-күс қолымен безгек қысқан адамша ұстағаны... Қызылша артқан арбалардың станцияға қарай сықыр-сықыр жылжығаны... Арбакеш келіншектердің ұйқысыраған жуас күзді әлдилеп, әлдеқандай сағынышты ән салғаны... Жалғыз арбаның жапырақтар арасында қамытсыз, жүре алмай жетімсіреп қалғаны... Күрдек-күрдек қызыл изен арасынан пыр-пырлап бұлдырықтар ұшқаны... Соғысқа кеткен енесін есіне алып, торы тайдың көз жұмып тұрып ішін тартатыны... Бәрі-бәрі көшпелі көрініс.

Бір ғана скрипка тартқан қыз иығына сүмбіл қара шашы төгіліп, жанары жәудіреп Ноянның көз алдында тұрды да қойды.