25 Желтоқсан, Сәрсенбі

Әдебиет

Шерхан Мұртаза

Шерхан Мұртазаұлы Мұртаза (1932 жылы туған) — жазушы, қоғам қайраткері, ҚР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері (1984)

Соңғы нәсіп






Кейде үрейлі, кейде аянышты сол бір ызың. Түсі ме, өңі ме? Әйтеуір, әлгі ызың шаршаған миын шаққаны рас. Ұйқылы-ояу, яки өлі мен тірінің арасында жатып ол әзірейілінің әніндей ызыңның иесі кәдімгі Жабайы ара екенін сезді. Сыртта, терезенің үстінде бұғат ағаштың жапсарында күлдіреген күйіктей боп-боз ара ұясы тұрар еді. Сапагерей сол ұяға кіріп-шығып, әлдеқалай қарбалас, қыбыр-жыбыр тіршіліктің қамында сапырылысып жататын алтын бауыр араларға аса зер сала қоймайтын. Адамның мекеніне жақын жүргісі келетін жәндіктер бар. Ара ұясын үйдің сыртына салса, қарлығаш тіпті үйдің ішіне салып алады. Қарлығаш тіпті сол үйдің жиен баласындай еркелеп жүреді.



Ал, Жабайы ара... Кім біліпті. Қорқыныштылау ма, қалай. Мына сарнап қалғaн сары бауыр сол сырттағы ұядан әлдеқалай үйге кіріп кеткен саяғы болды.

Сапагерей орнынан тұрып барып, терезені ашып, қаңғыбас заржақ Жабайы араны сыртқа шығарып жібермекке бір талпынды. Ояуында оқып жатып қолынан түсіп кеткен газетті шиыршықтап, сонымен ұрып алмақта болды. Басын көтере берейін деп еді, басы бас емес, шойын екен. Сылқ етіп жастыққа қайта құлады.

Көзін жұмып жатып, жымиып қойды. Сәске түсте Мырзагерей екеуі тоқсандағы Досан қарттың көңілін сұрай барғаны есіне түсті. Ағаш төсегінде аппақ қудай әдемі жатқан Досекең Сапагерейді көріп, оның қызулау екенін байқаса да, еміреніп, бір кездегі жұлындай жүгермектің соңғы кезде есіріп жүргенін ұнатпаса да, бұл жолы кәдімгідей көңілі босады. Сапагерей оған әлі бала сияқты ғой, қолынан ұстап, сипалап, көпке дейін босатпады.

— Жасың ұзақ болсын, мені ұмытпасаң, — деп сыбырлады. — Атаңның аты ерттеулі тұр. Тағдыр тартылып, талқан таусылған шығар. Мен сенің марқұм әкеңмен түйдей жастымын ғой. «Жорға мінген досынан айырылады, көп жасаған құрдасынан айырылады» деген. Рас екен: көп арпаның ішінде жалғыз бидай мен қалдым. Енді етек-жеңді жинап жатырмын. Мен олай-бұлай болып кетсем, абиырмен аттандыруға көмектес, соңғы тілегім...

Досекең одан әрі сөйлей алмай ентігіп, үні бітіп қалғандай еді.

— О, оны уайымдама! — деп Сапагерей құрдасынша қойып қалды. — Өлсең — терең қазып, тепкілеп көмеміз. Балаларың сараң болмай, жыртысты дұрыстап берсе, өзіңе арнап тұрып арақ ішем...

Досан қарт кенет қайратына мінгендей даусы қатқыл шығып:

— Атауыңды іш, дуайпат! Кет! — деді.

«Барып кешірім сұрасам ба? — деді өзіне-өзі қазір Сапагерей. — Шал кәдімгідей көңіліне алып қалды, ә».

Ол ойы лып етіп сөне салды. Тілі аузына сыймай таңдайына жабысып жатыр екен. «Осы мен бармын ба өзі» дегендей бет-аузын сипалап көрді. Бір кездегі нарттай дидарлы өңді долы ұрғандай, күлгін тартыпты. Өз қолы өз денесін сезіңкіремей, саусағы үсіген картопқа тигендей әсер етті. Жүрегі сәл үріккендей болды. Бірақ қорқыныш одан арыға ұзаған жоқ. Тек бір аңсар барын біледі: бір саптыаяқ сыра. Яки бір жұтым қызыл шарап болса, шіркін... Баяғыда өзі сияқты бір бейбақтың осылай бір қиналып жатқанда айтқаны есіне түсіп, мырс еткен болды:

— Ел қайда, Есіл қайда, Нұра қайда?

Ақ қайда, қызыл қайда, сыра қайда?

Таңертең бас ауырып жатқаныңда,

Қатының хал қалай деп сұрамайды, ә! —

деп міңгірледі. Жаңылмай айтқанына өзіне-өзі сүйсініп, өзіне-өзі сұқтанып жатты. «Тура біздің қатын!» — Жаңалық ашқандай таңданып, таңдай қағайын деп еді, тілі желімденіп қалған екен.

Түндегі жанжал еміс-еміс елес берді. Жаңылдың түнде айтқанының бәрі түгел есінде жоқ. Тек: «Атауыңды іш!» — дегені мына жабайы араның ызыңымен аралас естіліп тұрған сияқты. Оның үстіне бүгін сәскеде әл үстінде жатқан Досан қарт та: «Атауыңды іш», —деді.

Сапагерей терезені сабалап, ызалана ызыңдап жүрген алтын сары жабайы араны жастықпен ұрып өлтірмекші болып ұмтылып еді, жастық алысқа ұшпай, кереуеттің жанына құлады.

«Атауыңды іш!» — дегені, әйтеуір, «айналайын» дегені емес. Оны Сапагерей тұспалдайды. Бірақ «Атау» дәл не екенін Сапагерей ғана емес, Сапагерей тұстастардың көбі пайымдай бермейді. «Әй, көк соққыр!» — деген бірдеңе сияқты. Көктің не екенін де олар бағамдай алмас. Көктің — аспан екенін, аспанның — космос екенін, космостың — құдірет екенін, көк тәңірі содан барып өрбитінін олар қайдан білсін. Оның бәрі ескі наным ғой. Исламнан да ескі. Ол Сапагерейдің өзінен санағанда жүзінші атасының тұсында туған наным. Жүзінші атасы заңғар аспанға көзін көп тігер еді. Күндіз көкпеңбек сол заңғар күмбез түнде мақпал қара тартып, жұлдыздардан сансыз алқа тағынар еді. Сапагерейдің жүзінші атасы мақпал қара аспандағы жұлдыздарға қарап, сол жұлдыздардың әр жағында не бар екен деп қиналар еді. Не бар екенін біле алмай, өзінше: аспан қаптаулы, алтын шегелермен шегенделген күмбез деп иланатын. Ал күмбездің ар жағында не бар екеніне ақылы жетпей титықтайтын.

Алтын бауыр ара терезені сабалайды. Мына тымырсық ауалы үйден шығып кетіп, дала кезгенді, қызғылтым гүлді жоңышқа алқабына жегуді аңсайды, Бұл үйге қара басып қалай кіріп кеткені белгісіз, даланың жұпар иісті гүлдерін, сылқ-сылқ күліп, күміс қоңыраудай сылдырап аққан бұлақ жағасындағы күлгін бас жалбызды, гүлі алқадай жарқыраған гүлқайырға қонып алып құйқылжыта сайрайтұғын сары торғайды сағынды. Сағынды да, мына жауыннан айғыздалған терезе шынысын быт-шыт етпек болып, тарс-тарс сабалады, даусы ызалана шығып, ызыңы күшейді.

«Ара екеш араға дейін маған жау» — деп қорланды Сапагерей. Колхоз бастық бір ай бұрын жұмыстан шығарды. Кеңсе қызметкері еді, маскүнем деп шығарды. Басқарма құрамында бұған ара түсіп жаны ашыған ешкім болмады. «Неге?» — деді Сапагерей қамығып. Сөйтті де, Жабайы араның ызыңына қосылып, ыңылдап:

— Бір тентек ел ішінде жүрмей ме екен,

Соңыма неге түстің бәрін бірдей? —

деп әуенге салып көріп еді, үні шықпады, ішінен айтты. «Ара екеш араға дейін жау. Адамдар арадан өткен», — деп күллі әлемге өкпелеп, іргеге қарай аунап түсті. Содан өзегі өртеніп бара жатқандай болды да:

— Су... — деді. Тілін таңдайынан айыра алмады. Үнін ешкім естімеді. Жаңыл сабағына кеткен болар. Бөлменің есігін біреу тырмалағандай болды. «Мысық па?» деді. «Жоқ, Ербол ғой».

— Ербол! Су, су! — деп қырылдады.

Тілі әлі жөнді шыға қоймаған Ербол әкесінің түрінен, қырылдаған үнінен қорқып, апыл-тапыл қаша жөнелді.

«Соңыма неге түстің бәрің бірдей... Ербол да жек көреді».

Жабайы араның ызалы ызыңы күшейе түсті. Терезенің ар жағында жарық күн бар, қызылбас жабайы жоңышқа бар. Үйдің іргесіндегі берекесіздеу селдір-селеу күнбағыс та гүлдеп тұр еді. Жабайы ара соларды зарыға сағынды.

Жабайы ара терезе шынысын кеудесімен ұрып сындырардай тарс-тарс соғылды, ақыры тұмсығы тасқа тиген көксерке балықтай есеңгіреп біраз тыншыды да, енді саңылауды басқа тұстан іздеуге әрекеттенгендей, үйдің ішін айнала ұшты. Төсекте жатқан адамның тұсынан бір иіс сезілгендей болды да, әлгінің бет-аузын тұспалдап ары-бері зу-зу ұшып өтті. Сапагерей сескеніп қалып, халсіз болса да қолын ербеңдетті.

— Атаңа нәлет, не іздеп жүр? — деп ызасы келді. Осыдан аяғын басып, орнынан тұрар күн туса, терезе сыртындағы жабайы ара ұясын тас-талқан қылуға ант етті.

— Ошағыңды ойрандамасам! — деді. «Шаңырағыңды ортаңа түсірмесем» деп айта жаздап, арада қандай шаңырақ бар дейсің деді ме, айтпады. Сапагерей сауатты болса да, дәл сонда Жабайы арадан артық сәулеткер-архитектор жоқ екенін зерделеп жатпады. «Тіп-титтей болып дап-дардай кісіні қорқытады, ә?» — деп таңдайын қақпақшы еді, тілі ажырамады.

Бір мезгіл ол Жабайы араны аяп та кетті. «Оның орнында өзім болсам қайтер едім?» — деді. Өзінің «масханада» жатқаны есіне түсті. Әсіресе темір төсекке белдікпен таңып тастағаны қорлық. Баяғыда баланы бесікке солай таңып тастаушы еді. Сонда Сапагерей темір төсекті арқалап тұрып кете жаздап жұлқынған. «Бұл не деген қорлау!» деп айқайлаған.

Ал мына Жабайы ара абайсызда мұның бөлмесіне қамалып қалыпты. Айырмашылық бар, әрине. Араны Сапагерейдің үйіне ешкім зорлап кіргізген жоқ. Ал сауықтыру бөлмесіне Сапагерейді сол жолы зорлап кіргізген...

Жабайы ара ашулы. Далаға, қызыл жоңышқаның гүліне жеткісі келеді. Қызыл жоңышқаның гүліндей шырын жиһанда жоқ. Сапагерей арзан қызыл шарапты қандай жақсы көреді, жабайы арада қызыл жоңышқаның шырынын сондай аңсайды. Екеуі де сағынышты, екеуі де ынтызар.

Жабайы ара Сапагерейдің бетіне төніп, ызаланып, ызыңдап тұрып алды. Сірә, қонбақшы. Сапагерей қорқып кетіп, әлсіз қолын ербеңдетті.

Есік сықырлады. Саңылаудан Ербол сығалады.

— Ербол, су, — деді Сапагерей.

Саңылау табылғанын сезген жабайы ара есікке қарай ызыңдап кетіп бара жатыр еді, бала қорыққаннан есікті жаба қойды. Ара есіктің жақтауына сарт соғылып есеңгіреп қалды ма, жым-жырт Солды.

Сәл уақыт өткен соң, жабайы ара қайтадан гөй-гөйіне басты. Гөй-гөйлеп жанталасып жүрген жабайы ара емес, дәл өзі сияқты көрінді Сапагерейге.

Түнде қай уақытта келгені есінде жоқ. Бірге болған Мырзагерей еді. Ол қайда? Мынадай жан қысылғанда неге келмейді? Неге бір жұтым сыра бермейді? Терезені ашып, жабайы араны шығарып жіберсе қайтеді?

— Ербол, жабайы араны шығарып жіберші...

Есітпейді. Нәресте ғой. Терезені аша да алмайды.

Жаңыл сабағынан қайтатын уақыт болса екен. «Атауыңды іш» десе, дей берсін, әйтеуір, сусын берер еді. Кешікті. Мені ойламаса да, Ерболды ойласа қайтеді?»

Сапагерей судан, сырадан басқа тағы бірдеңе іздегендей біраз сіресіп жатты. Не? Нені іздеді? Әлдене жетпей тұр? Не?

Ойлап-ойлап әрең тапты. Жабайы ара ғой! Ол неге тынши қалды? Неге ызыңдамайды! Әлде саңылау тауып далаға шығып кетті ме?

Жабайы араның үнсіз қалғаны Сапагерейді қатты алаңдатты. Бұл бір жұтым сыраның аңсарынан да қатты батты. Қиналып жатып, күшеніп жатып, оң жамбасына аударылды да, аяқтарын жерге салбыратып, еденге тіреп көрді. Кәдімгідей тіреледі. Содан бірте-бірте бойын билеп, орнынан тұрмаққа әрекет жасады. «Жабайы ара неге үндемей қалды?»

Тікесінен тұра бергенде басы айналып, көзі бұлдырады. Бұлыңғыр бұлдыр арасынан пештің үстінде ақ кесе сылаңдап көрінді. Әне, сусын! Бір-бір басып ақ кесеге қол созды. Е, түннен қалған қызыл шарап қой! Бағанадан бері бұл қалай ойға келмеген? Басы бас емес, әйтпесе осыны да ұмыта ма екен? Көп қиналғанның бір рақаты бар. Ақ кеседегі қызыл шарап. Оған қолы бір тисе — патшалықтың керегі жоқ! Патша да одан бақытты бола алмас.

Сапагерей көзін тарс жұмып, ақ кесені қос қолдап тұрып тартып жіберді. Тұла бойы балбырап, іші-бауыры елжіреп, ішіне рисалат нұры енгендей еміреніп, жаны жай тапқандай еді, кенет өңеші тыз ете қалды. Әлдене тырнап өткендей болды. «Жарықтық шарап та шағатын болған ба?» деді де қойды.

Енді лезде өңеш өртене бастады.

«Спирт пе?» деп күдіктенді. Тынысы тарылды. Ауа жетпей, алқымын ұстаған қалпы терезені ашпақ болды. Тұтқасын таба алмай, шынысын жұдырықпен ұрып сындырды. Ішке леп кірді. Бірақ тыныс ашылар емес. Енді мүлде буындыра бастады.

Терезе салдыр етіп сынғанда, Жаңыл мектептен қайтып келе жатыр еді. «Мас болып, Мырзагерей досымен төбелесті ме, немене?» — деп тұра жүгірді.

Жүгіріп кірсе, Сапагерей терезе түбіне құлаған екен. Әлдене деп қырылдады, естілмеді.

— Ойбай, кім бар? — Жаңыл жүгіріп көшеге шықты. Асығыс Ерболды қағып кетті. Бала шырылдап қалды.

* * *

Жаңыл дәрігерді ертіп келгенде, Сапагерей баяғы бір сымбатты сері шағына қайта оралып, беті бал-бұл жайнап жатыр екен.

* * *

Кейінірек экспертиза ажалдың сырын ашты: хирург жігіт Сапагерейдің өңешінен жабайы араның, әуелі бір қанатын, содан екінші қанатын, мыжылған денесін алып шықты. Бұл хабарды естіген Досан қарт:

— Ой, әттеген-ай, «кеше көрген — бүгін жоқ, опасыз — дүние боқ». «Атауыңды іш» деп бекер қарғадым ба, ә? — деді.