25 Желтоқсан, Сәрсенбі

Әдебиет

Шерхан Мұртаза

Шерхан Мұртазаұлы Мұртаза (1932 жылы туған) — жазушы, қоғам қайраткері, ҚР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері (1984)

Қаңтарулы қазанат






(эссе-естелiк)

Жазушы Ғабит Мүсiреповтiң кабинетi бiр жылдан берi жабық тұр. Құлыптаулы. Оқта-текте телефон шырылдайды. Сонда төрт қабырға, қабырға сiрескен кiтаптар… елең еткендей болады да… кабинет қайта мүлгидi. Егiз телефонның сыңарын басқа бөлмеден жазушының жұбайы, кабинеттiң «шырақшысы» Ғазиза Бисенқызы көтередi. Ал кабинеттегi телефонның трубкасын ешкiм алмайды.

— Алло-о-у-у, — дейтiн кербез, тәкаппар дауыс естiлмейдi. Соңғы жиырма жылға жуық уақыттың көп күндерiн, сан сағаттарын ол осы кабинетте өткiздi. Үстiне қалың картон қағаз төселген жалпақ стол, көнетоз мығым кресло, жалпақ столдың үстiнде жасыл қалпақты шырағдан, жанында хрусталь күлдеуiш, инедей өткiр ұшталған қарындаш, бiр десте аппақ ақ қағаз… және «Жат қолында» романының орысша шыққан кiтабы қақ ортасынан айқара ашық жатыр. «Жат қолында» кiтабы орысша жарық көргенiне көп те болмаған. Жазушы сол кiтапты бiрiншi бетiнен бастап шұқшия оқып, өткiр қарындашпен түзетiп келе жатыр екен. Бiрақ аяғына дейiн жете алмапты. Орысшасында «три года» деген екен аудармашы. Оны автор «третий год» деп түзетiптi. «И тут произошло то, чего Кенжегара больше всего боялся» дептi орысшасында. Автор «боялся» дегендi сызып тастап, үстiне «опасался» деп түзетiптi. «Не чужая вы мне, а сноха с дядиной стороны» дегендi «сноханы» үстiнен сызып, жанына «тетя» деп жазыпты.

Ол қазақтың көркем сөзiнiң хас шеберi болғанда, орысшасы да өте озық едi. Өзi айта беретiн «Қос қанат» онда пара-пар болатын. «Қазақтың қыран сияқты қос қанаты бар: бiрi — қазақ тiлi, екiншiсi — орыс тiлi. Сыңар қанатпен ұша алмас болар».

Ол осылай дейтiн. Сөйтсе де оның шығармаларының аудармасы бұрындары онша сәттi бола қойған жоқ. «Оянған өлке» — «Пробужденный край» болғанда, «Оянған өлкенiң» сөз сиқыры солғындап, бояуы оңып кеткендей болды. «Кезiнде онша мән бермей, аударманы бастан-аяқ өзiм оқымай опынып қалдым» дер едi ол. Сол өкiнiш ұмтылмаған да сексеннен асқан шағында әрбiр сағаты қымбат уақытын «Жат қолындағының» аудармасын мұқият қарауға амалсыз қиған ғой.

Иесiз кабинетте тұрғанда, «өткен күнде белгi жоқ» деген сөз өтiрiк пе деп қаласың. Көңiлде бәрi сайрап тұр. әне анау босағаға iлулi шоқпар… Жазушыға шоқпар неге керек? Осы шоқпар Игiлiк пен Жұман бай ауылдарының қақтығысында «кейiпкер» ретiнде қатысатын болар.

Кабинеттегi әр зат қымбат, қастерлi, Ғабит Мүсiреповтың көзiндей аяулы. әне, анау жасыл блокнот… Өзiнiң көзi жоқ жазушының блокнотына үңiлу әдепсiздiк аталуы мүмкiн. Өйткенi, жазушының блокноты — жазушының жан сыры. Тiптi ол өзiнiң ғана құпиясы. Басқа бiр адам бiлуге тиiстi емес құпиялар болуы ықтимал. Тек, Ғабеңнiң жұбайы, әрi Ғабит Мүсiрепов әдеби мұралары жөнiндегi комиссияның мүшесi (мен де со комиссияның мүшесiмiн — Ш.М.) Ғазиза Бисенқызының ризашылығымен сол жасыл блокноттан оқырманға бiрер сыр ұсынуды жөн көрдiк.

Беташарында: «Январь, 1970 жыл, — делiнген. Қазақта ар-ұят ең жоғары саналады. «Малым — жанымның садағасы, Жаным — арым садағасы» — дейдi қазақ халқы. «Өлiмнен ұят күштi». Бiздiң пайымдауда, жазушы бұл белгiлi мақалдарды блокнотқа тегiн түсiрмеген. Ар-ұят жөнiнде бiр толғам үшiн, болашақ бiр туындының желiсi, өзегi ету үшiн әдейi есiне берiк сақтап отыр.

Келесi бiр бетте: «Абайдың философиялық ойларының тереңi, әрi философияға қосқан жаңалығы мына екi жолда болуы керек:

Кiрленген көңiл өз iшiн

Тұра алмас әсте жуынбай…

Саналы адам бiреуге жәбiр-жапа көрсетiп, өз көңiлiне өзi дақ салған болса, ол сол дақты жақсылық iстеу арқылы кетiрмей тыншыға алмайды, көңiлi дауаланбайды, — дейдi…»

Абайдың әр өлеңiнде, әр сөзiнде шындықтың шыңырау тереңi жатқанын Мүсiрепов әдейi бөлектеп отыр. Бiздiң көбiмiз-ақ Абай өлеңдерiн оқимыз, тiптi жаттап аламыз. Ал сол сөздiң ар жағында не жатқанына назар сала бермеймiз. Тiптi, мектепте де терең, ойлы талдау бола бермейдi. Ғабит Мүсiрепов Абайды жақсылап таныңдар, тереңнен тартып түсiнiңдер, дегiсi келедi.

«Жаны аласаны үлкейткенмен ол өспейдi» Бұл Ғабит Мүсiреповтiң өз афоризмi. Күнбе-күнгi өмiрiмiзде кездесiп қалатын жаман әдет. Қолынан iс келместi, өресi жетпестi қоқырайтып қоятындар ара-тұра көрiнiс берiп қалмай ма? Ғабит Мүсiрепов соны меңзеп отыр. Партияның кадр таңдау саясатымен үндес. Кадрды бiлiмiне, iскерлiгiне, парасатына, адалдығына, шыншылдығына қарап таңдамай, тамыр-таныстық, туыстық, жерлестiк нышандарына қарай таңдаған жерде береке болмайды.

Ол — ортаны, түптiң түбiнде сол қолдаушының өзiн ұятқа қалдырады. Дарынсызды, парасатсызды қолдаушының өзi мұндайда екi есе кiнәлi. «Қай халықтың болса да мәдениетiн, көркем сөз, көркем өнерiн жоғары көтерiп, жалындатып жiберуге жүз талант көптiк етпейдi, он талант аздық етпейдi».

Осында күрделi ой жатыр. «Жүз талант көптiк етпейдi». Әрине, шын талантты айтып отыр. «Он талант аздық етпейдi». Бiздiң республикалық одақта, мысалы, бес жүздiң үстiнде СССР Жазушылар одағының мүшесi бар. Бәрi бiрдей сол биiк атаққа лайық па? Көркем сөздi жалындатып жiберуге бәрi бiрдей жарай ма? Сұңғыла сұрақ түйiнi осында. Жер бетiнде не көп — тас көп, алтын аз. Сондықтан Ғабит Мүсiрепов жасыл блокноттың тағы бiр жерiнде былай дейдi: «Соқыр көретiндей, саңырау еститiндей етiп жаз?!»

Бұл талапты Ғабит Мүсiрепов ең алдымен, өзiне қойғаны зайыр ақиқат. Осындайда ойға оралады, ол оңаша бiр әңгiмесiнде: «Газетiнде кейде марапатшылық бар. Тым әсiре мақтау ұшырасады. «Көркем сөз шеберi», «Сөз зергерi» деп жатасыңдар. Маған да әсiрелеу жарамас болар. Зергер деген не? Егер сен сөзiңмен, сөздiң құдiретiмен қурап қалған ағашқа жасыл жапырақ бiтiре алсаң — әне сонда зергерсiң. Егер сен сөз құдiретiмен үмiтсiз ауру адамды аяғынан тiк тұрғыза алсаң, әне сонда зергерсiң… Егер әлдекiмнiң жүрегiне мұз қатып қалса, сенiң кiтабың соны жiбiтер болсын. Әне, сол зергер…» — дегенi бар. Ол осы талапты, ең алдымен өзiне қоя отырып,өзге қаламдас бауырларына да арнаған ғой. Соның анық куәсiндей мына бiр жолдар бар: «Сәбит-ау! Бiз, шалдар, жазбай отыра алмаймыз ғой. Тек бiр ғана тiлек айтқым келедi — жаман жазбасақ екен. Бiздiң жаман үлгiмiз жастар үшiн жақсы үлгi болып көрiнiп жүрсе, бiзге бұдан ауыр кiнә болмау керек…»

Шiркiн-ай, — дейсiң бұл жолдарды оқып, — бiз, қазiргi қартаң буын, орта буын, бiр-бiрiмiзге осылай ағынан жарылып, наз-тiлек айта алар ма екенбiз? Айтып алып, арылмас дауға қалмаймыз ба деген күдiктен айыға алар ма екенбiз? Жасыл блокнот, мiнекей, осындай бiр зiл батпан ойларға қалдырады. Хас қаламгер заман, уақыт тамыршысындай. «Баяғыны көксей берген елде бүгiнгi өмiрге үйлесе алмаушылық болады. Баяғының құрметтiсiн құрметтей бiлмеген елде болашақ та жоқ. Көксеу мен құрмет екi тектi түсiнiк».

Түсiнiк берiп жатудың өзi күнә. Диалектиканы бiр тарының қауызына сыйдырып айту үшiн осындай құдiрет керек. Жасыл блокноттың жазуы кейде арапша әрiппен тiзiлiп кетедi екен. Ондай жерiн Ғазиза Бисенқызы оқып бередi. Оқыр алдында:

— Қарай гөр өзiн. Әйел туралы жазғанда жанып кетедi, — деп шалы алдында отырғандай жорта бұрқылдап қояды. «Әйел ашуланса — жеңiледi, еркелесе — жеңедi». «Әйел шынын айтса да себебi бар, өтiрiк айтса да себебi бар». «Менiң байқауымша, сұлу әйелдi ит қаппайды. Олай болса, сұлулықты ит те сезiнедi».

Әйел, Ана туралы неше алуан көркем дүние жазған Ғабеңнiң әйел психологиясын, мiнезiн, жүрiс-тұрысын суреткерлiкпен зерттеп, терең бiлуi әбден заңды. «Адам атаққа құмартса — қорлығы. Адамгершiлiкке құмартса — зорлығы». Осы бiр ойын жасыл блокнотқа түсiрген Ғабит Махмұтұлы өзi қалай едi? Осы қағиданы өмiрде өзi ұстанды ма деген сұрақ тұрар көмейде. «Ұлпан» романының кiтап болып жарыққа жаңа шыққан кезi. «Ұлпанның» он шақтысын көтерiп, «Жазушы» баспасының сол кездегi директоры Әбiлмәжiн Жұмабаев екеумiз Ғабеңнен сүйiншi сұрай бардық.

— Бәрекелде-е-е! Жақсы жiгiттер осылай болса керек, — деп ол шын қуанды. «Ұлпанды» баладай сипалап, мәпелеп отырып сонда бiр сыр айтты:

— Мансапқа менiң өкпем жоқ. Кәдiмгiдей лауазымды қызметтерде де болдым. Мүшелiк, депутаттық дегеннен кенде емес едiм. Атақ та бар. Бiрақ соның бәрi өткiншi. Өткiншi емес бiр нәрсе — ол жазу. Жазушы қай күнi қаламы тоқтаса — оның өлген күнi сол. Одан кейiн жасамаса да болады.

Ол өзi өмiрiнiң ақырғы күндерiне дейiн қолынан қаламы түспегенiне мына үнсiз кабинет куә. «Минем қәр минутым бөтен дөнья бәқасенә тора» — деп Тоқай айтса, Ғабит Мүсiрепов те, әсiресе, өмiрiнiң сонғы жылдары әр минутiн бүтiн дүниеге балап ғұмыр кештi. Кәзiргi қазақ әдебиетiндегi көркем тiл туралы болған конференцияда (1985ж.) жасаған екi сағаттық баяндама, Қазақстан Жазушылар одағы партия жиналысына берген шығармашылық есебi (1985ж.), мақалалар, интервьюлер, «Жат қолындағының» жаңа редакциясы, т.б. көптеген жұмыс сексеннiң үшеуiндегi жазушы әр күндi, әр сағатты алтындай бағалағаны ғой. Жасыл блокноттың жанында Ғабеңнiң қолымен жазылған хаттар…Эпистолярлық мұра. Соның бiрiнде Ғабит Махмұтұлы 1967 жылы 12 ноябрьде өзiнiң болашақ жұбайы, әрi жазушының «жалғыздығына» жәрдемшi Ғазиза Бисенқызына былай деп жазыпты:

«Ғазиза жан! Сiз бұл жiберген беттердi «36» беттен бастап басарсыз. (Бұрынғыдан бiр-екi беттi өзгертуге тура келдi). Осымен Жiбек апаңыз да аяқталды. Аса ұқыпты басады екенсiз, көп рақмет. Шашымды ағартып жүрген бiр жай осы едi, бұдан былай сiзбен байланысты болсам, ол бәледен құтылатын шығармын, тағы да рақмет. Сәлеммен Ғабит Мүсiрепов».

Бұл кезде Ғазиза Бисенқызы «Үгiтшi блокнотында» машинистка едi. Ал, Ғабеңнiң арапшасын кез келген машинистка баса алмас-ты. «Жiбек апаның» қалай бiткенiнен бiз де бiршама хабардар едiк. Өйткенi «Қыз Жiбек» киносценарийi тұңғыш рет «Лениншiл жас» газетiнде жарық көрдi. Фильм болып кейiн шықты. «Қыз Жiбектi» жариялаған газет қызметкерлерiнiң мақтанышы мен қуанышы әлi есiмде. Сол «Қыз Жiбек» кейiнiрек экран арқылы бүкiл дүние жүзiн аралап шықты. Еңбегi осынша жанған жазушыда арман, мұң атаулы бола ма екен?

Бұл келтiрiлген жазулар үнсiз кабинет байлығының бiр тамшысы ғана. Әлi сыр шашпаған, «ауыз ашпаған» жазулар қаншама! Ғабит Махмұтұлы Мүсiрепов 1985 жылы 31 декабрьде дүние салды.Содан берi бiр жыл өте шықты. Содан берi бұл кабинет жабық. Иесi майдан даласында мерт болған қаңтарулы қазанат сияқты… Аспандағы алтын орда

— Мынау Төлебаев көшесi. Мынау көлденең жатқан Виноградов дегеннiң көшесi. Ал анау Төлебаевпен параллель жатқан — Карл Маркс. Осыны айтып, Ғабең кабинетiнiң терезесiне қарап, сигаретiн тұтатуға оқталып бiраз отырды.

— Терезеден әне анау жатқан бос жер көрiнедi. Күнде көрiп отырамын. Содан маған бiр ой келдi. Мына этажды үйден жалықтым. әне сол бос жатқан жерге, егер басшылар рұқсат етсе, бiр жайдақ үй салдырсам деп едiм. Мұхтардiкiндей болмаса да, соған жетеқабыл… Аздаған тал егетiн, гүл егетiн жерi де бар. Соны ойлап жинаған 40 мың сом ақшам да бар.(Ол кездегi өлшеммен 40 мың доллар — Ш.М.) Қонаевқа кiрiп осыны айтпақпын. Ретi келмей жүр. Жазушы неге жеке үйдi аңсайды екен? Бұдан бұрын сонау алпысыншы жылдары Баукең де өз туған ауылынан үй салдырмақшы болған. Жергiлiктi басшылар алдында «Жарайды-жарайды» деп алып, артынан ұмытып кеткен. Немесе құлқы болмаған. Ал көпқабатты үй шығармашылық адамының аяғына кiсен салып қойғандай ғой. Көпқабатты үйде көктемнiң қалай өтiп кеткенiн, көбелектiң гүлге қалай қонғанын көрмей де, бiлмей де қаласың.

Жазушыға кеңiстiк керек. Ол көк аспанды. Жұлдызды түндi биiк үйде отырып көре алмайды. Жасы келген жазушыға жерге түсiп, шығып жүру де қиын. Ғабеңнiң сонда тұрған үйiнде лифтi де жоқ едi. Сондықтан болар, ол көбiнесе «Горный гигант» деген жердегi Жазушылар одағының шығармашылық үйiнде жатып, жұмыс iстейдi. «Жат қолында» атты романын сонда жазып бiтiрдi. Бiрақ Ғабеңнiң жеке үй салдырмақ ойы орындалмады.

Себебiн бiлмедiм. Егер сол ниетi орындалғанда, қазiр ол үй Ғабит Мүсiреповтың музейi болып қалатын едi. Оны құдай бұйыртпапты. Бұл фәни дүниеден өткен жазушыға тiрiлер музей аша ма, ашпай ма — бәрiбiр. Мұндай әрекет, ең алдымен тiрiлердiң өздерi үшiн қажет.

Таяуда Алматыға барып, Ғабең өзi тұрған үйдi көрдiм. Көпқабатты үйдiң Ғабең тұрған подъезiнiң маңдайшасына «Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсiреповтiң музей үйi» деген жазуы бар екен. Темiр есiктiң кодын (цифрлы кiлтiн) бiлмей, iшке кiре алмай кiдiрдiм. Осы үйдiң бiр тұрғыны келiп ашпағанда, қайтып кетер едiм.

Үшiншi этажға да көтерiлдiм. Темiр есiк құлыптаулы. Қоңырауын ары бастым, берi бастым. Жым-жырт. Мұндай мылқау тыныштықтан тұла бойым бiртүрлi суып кеткендей болды.

Күн сенбi. Музейлердiң нағыз жұмыс iстейтiн кезi. Содан көшенiң қарсы бетiндегi Сәбит Мұқанов тұрған үйге барайын. Онда да: «Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсiреповтың музейi» деп жазылған. Есiк жабық. Содан ойландым: «Е, мұнда да «оптимизация» болған екен-ау» дедiм. Екi музейдi бiрiктiрiп, «оңтайландырып», штат қысқартқан сыңайлы.

Бiр жағынан «екеуi бiр елден. Екеуi «мың жылдық құда, бұл да дұрыс шығар» дедiм. Тiршiлiкте анау-мынау десе де, ендi, әрине, мың жыл, мәңгi бiрге… Мен осындай ойлармен тұрғанда тротуармен қасыма бесiк-арба итерген бiр әйел келiп тоқтады.

— Немене жабық па екен?

— Жабық, — дедiм мен. Бесiк-арбада нәресте ұйықтап жатыр, езу тартып қояды. Сонда менiң есiме Ғабеңнiң «Екiншi Биаға» деген әңгiмесi түсе кеттi. Баяғыда Бейiмбет Майлин тiрi кезде, Ғабит Мүсiрепов екеуi командировкаға шыққан ғой. Алыс аудан. Аудан басшылары екеуiн ауыл сыртындағы бiр үйге апарып күтедi. Қонақ асынан кейiн екеуi сол үйде түнеп қалады. Шырт ұйқыда жатқанда есiк-терезе тарсылдайды. Арбамен алыстан толғатқан әйелдi әкелiп тұрған бiреу екен. Сөйтсе бұл үй мейманхана емес, әйелдер босанатын үй екен. Ауданда қонақ үй болмаған ғой. Бейiмбет пен Ғабит әлгi әйелдi босандырып алады. Баланың атын Ғабең БИАҒА деп қояды.

Әңгiме өте көркем. Оқып отырғанда өзiңнен-өзiң күлетiн жерлерi көп-ақ. Әлгiнде қонақ асынан кейiн айғыр стаканмен iшкен арақтың әсерiнен екi жазушы өздерiн ұлылармен теңестiрген ғой.

«Бейiмбет — Толстой. Мен — Горький» дейдi Ғабең. Горький болса болғандай. Алдымен Горькийдiң: «Адамның анасы», «Өлiмдi жеңген ана», «Ана кесiмi айнымайды» атты әңгiмелерiн қазақшалады. Соңынан өзi де: «Ананың анасы», «Ашынған ана», «Ананың арашасы» сияқты төл көркем туындыларын жазды.

Ғабең тегiнде Ананы адамзаттың асылы санап, әйел сұлулығын ГИМН дәрежесiне көтерген қаламгер. Қыз Жiбек, Баян сұлу, Ақтоқтылардан бастап, Ұлпанға дейiн әйел затының әрi алып, әрi нәзiк перiште бейнесiн салған шебер суреткер.

* * *

Төлебаев пен Виноградов көшелерiнiң қилысындағы Ғабең тұратын үйдiң алдында Қонаев ескерткiшi қойылған. Көзiнiң тiрiсiнде-ақ. Қос қапталы фонтан, қауыз. Айналдыра орындық-скамейкалар. Түстiгi тiзiлiп тұрған жас шыршалар.

Ғабең, көбiнесе сол шыршалар көлеңкесiнде демалып отырады. Кейде әдейi, кейде кездейсоқ жолығысып қаламыз.

— Жалғыз ұлы бардың шығар-шықпас жаны бар, — дейдi Ғабең сигаретiн тұтатып.

— Екi ұлы бардың өкпе-бауыр, жалы бар.

— Үш ұлы бардың Бұхарада малы бар.

— Төрт ұлы бардың аспанға салған жолы бар. Осыны неге айтып отыр десем,

— Менде соның бiреуi де жоқ, — дейдi де, сигарет түтiнiн алысқа аспандата будақтатып жiбередi.

Мiне, арман!

Ал көп адам Ғабитте де арман бар ма екен деп ойлайды.

— Сiздiң ұлдарыңыз — өлмейтiн кiтаптарыңыз ғой. Бетiме ұзақ қарайды. Дөңес шынылы көзiлдiрiктiң ар жағынан көздерi шатынап көрiнгендей болады. Таяуда Алматығы барып, Карл Маркс (қазiргi Қонаев) пен сол Виноградов қилысындағы Ғабең терезеден қарап тұратын бос жердi iздедiм. Бос жер жоқ. Алты қабат ақ үй салыныпты. Жан-жағын биiк-биiк шойын шарбақпен қоршап тастапты.

Бұл дүние опасыз. Бұл дүниеден өте шыққан белгiлi азаматқа арналып, алғашқы тақта да орнатылыпты. Ғабең Алатаудың белуарынан асқақ сарай салдырмады. Бар жиған байлығы қырық мың сом екен. (40 мың $). Сонда да ол қазiр таудың шыңына дейiн үй салып жатқан пенделерге аспандағы алтын ордадан қарап, қарқ-қарқ күлiп тұрған сияқты.