25 Желтоқсан, Сәрсенбі

Әдебиет

Шерхан Мұртаза

Шерхан Мұртазаұлы Мұртаза (1932 жылы туған) — жазушы, қоғам қайраткері, ҚР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері (1984)

Көкемарал гүлдегенде


Жабыны жауға мінбе жалды екен деп,
Жаманмен жолдас болма малды екен деп.
Баласын қазанаттың бақпай қойма,
Жем түсіп аяғынан қалды екен деп.

(Халық өлеңі)

Күні кеше бұл екі колхоздың арасына жаяу жүгіріп кете беруші едік. Енді жұрт машинасыз бір адым аттамайды. Бұл күнде екі арадағы жалғыз аяқ суыртпақ жол да жоғалған.

Былай шыға бере шофер жігіт саусағын шошайтып:

— Бензин таусылды. Қайтар жолыма бензин тауып бермесеңіз, мен жолда қаламын, — деп зарлады.

Ықылық ата ішіп алғанын көріп отырмын. Онымен айтысып оңбайсың: — көрерміз, — дей салдым.

Машина оқалақтаған сиыр құсап ойқы-шойқы жортып келеді. Бензин орнына багына арақ құйылғандай.

— Директордың бұйрығы бар, — деді шофер рульден қолын ала беріп саусағын шошайтып, — көлік «налево» жүрілмесін деген. Білсе, мені жұмыстан қуады.

Елге келгенде осы Шоңқарадағы Әдия әпкеме жолықпасам, бірдеңе жоғалтып алғандай боламын да тұрамын. Келуін келемін-ақ, енді көрші колхозға қайтарда көлік қинайды.

Жаңа жиеніме айттым:

— Әй, айналайын, маған бір ат ерттеп берсең жетеді, машина іздеп әуре болма, — дедім.

Көнбеді:

— Өзің астанадан келіп, атқа мініп жүргенің не болғаның әлдекім құсап, — деп сөгіп тастады. Жат та кеп машина іздеді. Бөлімше бастығына «әке-көке» деп жатып «газигін» сұрап алыпты.

— Менің де бала-шағам бар, — деді шофер. — Бүгін ғой демалыс. Жұрт демалады, мен жұмыс істеймін. Анда бар, мұнда бар... Ел жатса да, енекем жатпайды. Ол кім? Ол — мен. «Талаптыға» жеткен соң бензин ұйымдастырыңыз. Вот...

Жолдың үстінде, қызыл жоңышқаның жағасындағы көк өзекте жылқы жатыр екен. Есіме Қуан түсіп, шоферге:

—Тоқта! — дедім.

Ол аңырып, алғашында түсінбей қалды.

— Ал, енді қайта бер.

— Сізше?..

— Сау бол!

Жолдан бұрылып, жылқы жусап жатқан өзекке қарай жүре бердім.

Жылқы дегенде жиырма шақты мініс аттары екен. Мен жақындағаннан бәрі де одырая бас көтеріп, оқшия қарасып қалды. Арасында біреуі ерттеулі. Демек, Қуан аға да осында. Айтса айтқандай, ат бағушы өзектің қабағында шоқ тобылғының түбінде жамбастап жатыр екен. Көктің иісіне елтіп қалғандай, ішпей-жемей шала мас. Менің машинадан түсіп қалғанымды көріп жатыпты.

— Кел, інішек, — деді көкшіл көздері күлімсіреп. — Мына жаман ағаңды іздеп келмеген шығарсың, таңсық іздеп келдің ғой. Атқа құмарлығың әлі қалмаған, ә, қызталақ.

Аттар енді әлгідей одыраймай отқа бас қойыпты. Қызыл жоңышқа гүлінің иісінен көбелектің басы айналғандай қалбаң қағады. Жабайы араның құдайы жарылқап, қай гүлге қонарын білмей шалқақтайды. Мастықпен бұлғақтап келіп, тұмсығыңнан соғып кете жаздап жанай ұшып өтеді. Ырғын тоқшылық. Аттар да көлік малына ұқсамайды, бүйірлері тоқ, жүнінің жылтылы көп, жауыр-жәутігі жоқ.

— Қуан аға, жұмыс айырбастасақ қайтеді? Сіздің орныңызға жылқы баққым келеді.

Көзі сығырайып, көнтек ерні қыбырлап біраз жатты. Сірә, айтайын деген сөзін қайтып алды. Мені бір боқтай жаздап барып қалды. Сонан соң шынтақтаған жерінен көтеріле берді.

— Сенің ғой бала күніңде жылқы баққаныңды білемін. Бақсаң, қазір қолыңнан, бәлкім, келер. Әй, қайдам, бірақ... Ал мен сенің қызметіңді істей алар ма екем? Жылқы баққан оңай емес, інішек. Құйрығын ұстап жүрмесең — қиын. Біреуі жоғалса ең кемі үш жүз сом мойныңа сарт ете қалады. Ал мен мына сұңғыттардың әрқайсысына айына жазда 2 сом 05 тиыннан, қыста 3 сом 09 тиыннан ақы аламын.

Мен Қуан ағаның еңбекақысын ішімнен есептеп шығып:

— Аз ғой,—дедім.

— Аз. Қайтесің? Колхоз бастық таудағы жылқыдан күш-көлікке деп тағы жиырма ат бермекші болған. Ақы аттың санына қарай. Мұнда қып-қызыл ақша қой мен қошқар баққанда ғой. Әне, анау жатқан Сәмбеттің қошқары. Меринос. Жақсы жүн берсе, айына үш жүз сомға дейін айналады.

Енді байқадым, аулағырақ жасыл дүние арасына қонақтаған ақша бұлттай болып, Сәмбеттің меринос қошқарлары жатыр екен. Кекірелеп тойғаннан болар, арқар мүйіз қошқарлардың сақ-сақ сүзісіп жатқаны, оларды ажыратып, Сәмбеттің айқайлағаны естіледі.

Аттар оттай-оттай жалықты ма, кім білген, бір жерге шоғырланып, екі-екеуден қасыныса бастады. Біреуі ғана аулағырақ барып ыңқ деп жата кетті де, аяқтары серейіп өлген мал құсап қалды. Оу, Қуан аға, анауыңыз жоңышқадан іші кеуіп жатқан жоқ па? Жоға, — деп күлді ол. — Жоңышқаға жылқы баласының іші кеппейді. Аяғы жарым ғой байғұстың. Танымай қалдың ба? Ана жылы келгеніңде ерттеп бергенім кәне, кәдімгі Қамбарқасқа ғой. Жақсы ат аяғынан қалады деген тұп-тура екен де.

– Апыр-ай, шын ба? Шымқай қара еді, қарагер тартып кетіпті ғой. Оған не болған?

Қуан аға аузына салып тістелеп отырған раң шөпті ызалана түкіріп тастады.

– Не болған? Не болушы еді? Жұрттың бәрі өзің сияқты. Ана жылы өзің де тақымыңа бір тиген атты қан-сорпа қылып қайтармап па едің? Сені қойшы, аттың жайын біле бермейсің... Аудан бойынша бәйгенің алдын бермеп еді, жануар. Көрінген мініп, ақыры аяғына су түсіп, мүсәпір болып жатысы анау. Осы қой қырқымда қырқыншыларға сойылмақшы.

Қуан аға күрсінді. Әкесі Сұлтан соғыстан келмей қалғанда да бұлай күрсінгенін көрген емен.

Қызыл жоңышқаның арасынан бөдене безілдеп қоя берді. Әріректен тағы бір бөдене бытпылдықтады. Екеуі кезек-кезек сайрайды.

Мен бұл концертке құлақ түріп қалғанымды байқап:

— Әшіркүл мен Тамабайдың айтысы ғой, — деді Қуан аға.

— А-а! — деп мәнісін біраздан кейін барып түсініп, күліп жіберіппін. Ертеректе Тамабай мен Әшіркүл деген ерлі-зайыпты кісілер өткен екен. Той-жиында, шілдехана, бәдік, бастаңғыда екеуі екі жақ боп, жаңа танысқан қыз бен жігітше өлеңмен айтысады екен. Әшіркүлге Зейнеп деген келіншек серік болатын көрінеді. Тамабайдың сонда айтатыны:

Әшіркүл, Зейнеп,

Отырмын сөйлеп.

Бұл қызық өтер-кетер

Өй деп, бүй деп...

Мына бөденелер де бірі еркегі, бірі ұрғашысы, екеуі біріне-бірі жете алмай зарыққан ғашықтарша үзіліп-үзіліп тамылжиды.

— Бірін-бірі таба алмай жүр ме? — деймін таңданып.

— Бірін-бірі іздемесе, бәлсінбесе, — сән болмайды да, — деп күлді Қуан аға.

Өзек бойындағы дүлей теректерден құс жастықты біреу сілкілегендей мамық бұрқырайды. Баяу желден бәйтерек басы шайқалып, жапырақтары жамырап, жер бетіне жайылып ұшып кеткен мамығын жоқтап тұрғандай күйзеліңкі күйде.

Ақ жарылқап күн туғандай майдың айы. Бірақ сонда да көңілі бүтін ешкім жоқ сияқты. Тіпті көкшіл аспан төсіндегі ақ желкен бұйра бұлттар да баяу қалқып, мұңды пішін танытқандай.

Ал енді жиырма аттың ішіндегі жалғыз байталдың күні күн емес пе деп қалдым. Колхоздың аттарына жекеменшік малды қосып бағуға басқарма қатаң тыйым салса да, Қуан аға өзінің жалғыз байталын үйдің жанына арқандап қоюға обалсынып, аттарға қосып бағады. Ақта болған аттар дүниеде от оттап, су ішуден басқа қызықтан мақрұм. Олардың сол топастығын түсіне алмаған сары байтал іші пысып, аласұрып, ұрынарға қара таппай тарпаң. Өзі де жұнттай, жүні қызғылтым алтындай жылтылдаған таза семіз.

Байтал ойнақтап барып, ұрынып өткен кезде, аттар жақтырмай, құлақтарын жымитып, тістерін ақситып, кіржің ете қалады. Тек бүрікқұлақ дәу қарагер ат қана кәдімгідей қоқиланып, оқыранған болады. Бүрікқұлақ қыста қар қалың болып машина, трактор жүре алмай қалған кезде председательдің шанасына жегіледі. Сондықтан ала жаздай оның арқасына шыбыннан басқа қонбайды, желден басқа мінбейді. Сол бұлан бостандықтың арқасында ат та болса, алыста-алыста қалған тай-құнандық тәтті дәурен көзіне елес беріп өткендей болады да, бұлғақтаған сары байталды жанынан қумайды.

Сары байтал аттың кәрісі лақса жиренге де барып ұрынғанда, Қамбарқасқаға жуымайды. Сұңғылалықпен оның жақында жат дүниелік болатынын сезгендей аулақ жүреді.

Іш құста болған сары байтал кейде аулақтан иіс аулағандай ауыл жаққа зарыға қарап, құлағын тігіп көпке дейін тұрады. Ақыры шыдай алмай салып ұрып, көшенің бас жағындағы огородтың аяғын ала арқандаулы тұрған Сапардың күрең айғырының жанына жетіп келеді. Сорлы күреңде қамауда тұрғандай, кісінеп-кісінеп алып мойнын қаздай иіп, тоқпақ жалы күдірейіп, құйрығы желбірей көтеріліп, тұла бойы атылатын садақтай шиыршықтала бастайды. Байтал айғырды алқындыра түспек болып, бәлсініп, шыңғырып-шыңғырып, мөңкіп-мөңкіп артқы аяғымен күреңді тұмсықтан сарт-сарт тебеді.

Сол кезде шатырлы үйге бөксесін тығып тұрған киіз үйден Сапар атып шығады.

– А, сайқал, иттің малы! — деп жерде жатқан балтаны ала сала тұра ұмтылады.

– Әй, дүлей, абайла. Біреудің малын жазатайым жарып тастама, – деп іргеден үйдегі бәйбішесі айқайлайды.

Балта, шынында да, лайықты қару емес екенін енді сезіп, Сапар сәмбіден жаңа иген уықтың бірін іле көтеріп жүгіреді...

Сәмбі уықтың ізі санына айқыш-ұйқыш түскен байтал ойқастап отырып, өріске қайта оралады. Ол бір сәтке әлгі бір бойын билеген баянсыз құмарлықтың сиқырынан сытылып шығып, мына өрістің бал ауасы мен жұпарсаң иісіне мас болып, басы айнала бастайды.

Қызыл алтын түстес күреңсе мен раң гүлі толқын-толқын. Ақ селеу әр жерде бір сылаң қағып, сусып бара жатқан күміс құйрық түлкідей. Итқызғалдақтан дүниежүзі қызыл киінгендей. Былтырғы сүдігердің үстін биыл сары гүл қаптап кетіпті. Изен әлі гүлдемеген, балғын. Бірақ мия бас тартып, ақ гүл аша бастапты. Шырыш бойлап, әр жерде алқымы кепкен кобра жыландай шапши шаншылып тұр. Иманжапырақтың тамырлары адырайып-адырайып сөлге буаз болған кез екен.

Осыншама қызыл-жасыл дүниенің арасында түп-түп өскен қылша ғана өңсіз, сұрқай, иісі де жоқ. Бірақ ине жұтып, күшәла жеген ит сүйретіліп жүріп өрістен қылша тауып жесе, жазылады деседі. Ал насыбайшы шалдар қылшаның күлін темекінің кепкен жапырағына араластырып түйеді.

Әне, анау қызыл — жантақ. Оның да көркімен мақтанар түрі жоқ. Бірақ тілін білгендер гүлдегенде орып алып, көлеңкеде кептіріп, жапырағын шай орнына қайнатып ішсе, қан тасыған ауруға дауа көрінеді. Бұл жантақтың қасиеті туралы бір түрікпен әйелі докторлық диссертация да қорғаса керек. Дүниенің осынша тоқтығына қарамастан өмірі бөтегесі томпаймайтын қаншыр құс шырғанақ басындағы былтырдан қалған қатқан дәнді шоқып отыр. Күзге қарай пісетін шырғанақтың янтарь сары жемісін Алматының көк базарында орыс кемпірдің дәрілікке стакандап сатып отырғанын көрген ем. Тегінде қаншыр ақымақ құс емес.

Көкемаралдың сарғыш гүліне жасыл ара қайта-қайта қонады. Тұмсығымен шаншыла қонып, өн бойы бір жиырылып, бір жазылып, би билеп жатқандай болады. Бармақ басындай жасыл араға осыншама қомағай құштарлық қайдан пайда болған? Жасыл мен сары үйлесімді. Ешкім оқытпаса да тіршілік өзі данышпан. Жасыл ара — тілсіз музыкант. Бірақ, оның ызыңын көкемарал ғана ұғатын шығар, біз қайдан білейік?

Кешегі соғыс кезінде шешеміз жұмыстан қайтқанда, әлдеқандай сары гүлдің түйір-түйір басын үгіп әкеліп, шай жоқта шай орнына қайнатушы еді. Сол осы — көкемарал болар ма?..

Көкше шөптің түйме басы үркердей шоғырланып, әр-әр жерден көрінеді. Бұл — жуа. Бала күнімізде жуаны қою айранға турап жеуші едік. Қазіргі балалар өйтпейді. Қуан ағадан: неге? — деп сұрасам:

— Тоқшылық, — дейді.

«Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі аузыңнан кетпестің» кері емес, сол айранға турап жеген жабайы жуа дәрі-ау деп ойлаймын.

Осыдан осы сары байтал бір кезде аман-есен құлындаса, оның қымызы шырын болар-ау. Өйткені сары байтал әлгі бір желік қысқан кезін ұмытып, енді киікотының күлгін гүлін іскектеп сүйсіне жеп момақан тұр. Ал киікоты — дермене шөптің ағайыны ғой.

Тобылғының түбіндегі іннен көртышқан жылтың-жылтың етеді.

— Әб, бәле! — деп Қуан аға қамшымен етігінің қонышын сарт еткізіп салып қалған соң, көртышқан көпке дейін көрінбей жатады.

Теңге гүлдің арасында шегірткенің екі көк қасқасы бірін-бірі шайнап жатыр. Мен Қуан ағаға көрсетіп ем:

— Тұқымың құрымағыр, айғырлары ғой, — деді. Шегірткеде қызғаныш, бақталастық болғаны ма? Анда-санда тентек құйын шалықтап өтеді. Қызыл жоңышқаның басы ұйпаланып, аспанда оқ тиген қырғауылдың қанатындай тыпыр-тыпыр ете қалады. Енді біраз күннен кейін машина шығып, жоңышқаны шабады. Мен ойлаймын: «бөденелер қайтер екен? Ұя басып жатқаны да бар шығар. Ақымақ құс болмаса жоңышқаның арасына ұя салып несі бар!»

Сөйткенше болмай қызыл жоңышқаның арасынан тағы да бөденелеp кезек-кезек безілдеп сайрап қоя берді. Сары байтал басын жерден көтеріп алып, киікотының бір талы ерніне ілінген күйі қызыл жоңышқа жаққа қарап, құлағын тігіп қалт тұрып қалды. Сонан соң сыңғырлай кісінеп, билей басып барып аттарға қосылды. Әлгібір қызтеке мінезін тағы бастады.

Аттар тоқ. Ауыздарынан көк иісі аңқиды. Жаңа түскен жас тезекті қара қоңыздар апыл-ғұпыл асығыс домалатып, індеріне әкетіп жатыр. Енді ылдиға түсіп Ақсайдың салқын суынан ішсе де болады. Аттардың лақса көрісі — сиыр пішіндес жирен ауылға қарай аяңдады. Бұл шөліркегеннің белгісі. Кеш те бір-бір басып, білдірмей келіп қалған екен. Өйткені өрмекші әуелетіп күміс жіппен десент тастапты.

Сәмбет меринос қошқарларын «кіш-кіштеп» ауылға беттеткен Қамбарқасқа үш ұмтылып орнынан тұрды.

Масыл аяғын жерге тигізбеуге тырысып, үш тағандап аттардың соңынан ілесті. Жануардың есіл басын біреу жоғары-төмен тартқылап бара жатқандай, кегжеңдеп, сұйық кекілі желп-желп етеді. Теректен ұшқан мамық кең танауына тығыла беріп, қайта-қайта пысқырынады. Бір кезде қос қанатпен пара-пар болған шелек танау енді азап апанындай.

Қайран Қамбар қасқаның қой қырқымда сойылатынын естігенім қиын соқты.

Ауылдың ауданның атағын шығарған жүйрікті талқаны таусылған күні арулап көмсе де болар еді. Оның сорпа-суына бір тойғаннан не пайда?!

Кеше ғана Жаңатастан Қаратау қаласына қайтып келе жатқан жолдың үстінде сонадайдан бір сап-сары тулаққа көзім түсіп еді. Шофердің айтуынша, Жаңатасқа көшпелі цирк келген екен. Цирктің бір «артисі» — кәрі арыстан жол үстінде ауырып өлген. Сонда цирктің адамдары оны фургоннан лақтырып тастап кете берген. Енді ары-бері заулап жатқан машиналардың дөңгелегінің астында тулақ қалған. Егер деймін-ау бес-он минут тоқтап, жол шетінде не көп, тас көп, сол таспен кәрі арыстанның денесін жасыра кетсе, ол төбешік «Арыстан қалған» атанар ма еді, кім білсін. Қанша айтқанмен аты айуан демесең, неше жыл қызмет қылған жолдасы ғой ол артистердің.

Қамбарқасқаның да сүйегі шашылып қалатын шығар. Қойқырқым науқаны өтер. Ел пункттен көшер. Сонда келер бір жылдары Қамбарқасқаның сүйегі қалған жұртқа бұрын-соңды ешкім көріп-білмеген ғажайып қарақасқа гүлдер өсіп шығар...