25 Желтоқсан, Сәрсенбі

Әдебиет

Шерхан Мұртаза

Шерхан Мұртазаұлы Мұртаза (1932 жылы туған) — жазушы, қоғам қайраткері, ҚР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері (1984)

Волховта болдым, орманын көрдім






Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық» дегендей, жарықтық Жәкемнің, Жамбыл ақынның арқасында былтыр біраз жердің дәмін таттық.

Сәті түсіп, мен Санкт-Петербург бағытына баратын топқа қосылдым.

Жамбыл ақынның жүз елу жылдығын Санкт-Петербург аса ` бір құрметпен атап өтті. «Ленинградтық өрендерім» деген үн Балтық жағалауын тағы бір жаңғырықтырып жіберді.

Жалғыз Санкт-Петербург емес, оның жан - жағын да араладық. Бір жағы — Выборг, бір жағы — Волхов.

Волхов дегенде есіме екі адам сарт етіп түсе кетті. Біреуі — өзіміздің Жуалының Мыңбұлағындағы Шолақ Сияқұл, екіншісі — исі қазақтың бәрі білетін Сырбай ақын.

Оқтай түзу асфальт жол. Қос қапталда — ойдым-ойдым орман. Солтүстіктің нар қарағайлары мен ақ қайындары сыңсып тұр.

Ешқашан ештеңе болмағандай мүлгиді.

Ал осы орманның бір жерінде менің ағам Сияқұлдың оң қолы қалған. Снаряд топшысынан жұлып кеткен.

Ол елге оралып, өмір бойы оң қолының бос жеңін сипалайды да жүреді. Жоқ қолының орыны ұдайы сыздап тұратындай, құр жеңді уқалай беретін.

Осы орманның бір жерінде Сырбай жатқан окөп бар.

Өзі:

Тар окөп болды сонда үйім менің,

Жұпыны күйіне оның сүйінгенмін.

Жанымның ұясындай жауға бермей,

Өтінде тұратын ол құйын - желдің, —

деп жазған соң, қай жерде екен деп орманның тұла бойын көзіңмен тінткілейсің.

Сол сұрапылда тіке келген ажалдан окөп та құтқара алмады. Бағымыз бар екен, қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі, багымызға Сырбай ақын елге кайта оралып, халқына жомарт жырдан інжу-маржанды аямай шашты. Бірақ соғыс салған, өмір салған жарақат бір басында көп еді:

Жасымнан аштық, соғыс көрген күнім, Жайылған олар жайлы елге жырым. Ұят - ау, қырық жамаулы көрпешедей, Жаралы денемменен жерге енуім.

Бұл шумақ біле-білгенге Сырағаңның жеке басының халі емес сияқты. Бұл бүкіл қазақ халқының халі. Бүкіл қазақты тұп-тұтас бір дене деп елестетіп қарасаңыз, тұла бойының қырық жамау жарақат екені рас.

Сырбай — қазақ деген сөздің синонимі. Қырық құрақ денеменен қара жердің қойынына кіруге ұялудың өзінде қаншама иман, қаншама ұлы қасиет жатыр.

Бұл өлең Сырағаңның өмірінің соңғы жылдарында жазылған.

Ал мен Волховқа келе жатырмын. Асфальт жол түп-түзу. Қос қапталда — ойдым-ойдым орман.

Жол-жөнекей тағы да Сырбай ақын алыстан құлағыма:

Болдың ба сен Волховта,

Көрдің бе оның орманын?

Сол орманның өр талын

Өз жанымдай қорқадым, —

деп сыбырлағандай болады.

Бұл аппақ адал шындық. Қиял қоспасы жоқ. Сол соғысқа шамамен алты жүз мыңдай қазақ катысыпты. Алты жүз мың қазақ Ресей жерін өз жанындай қорғапты. Сол үшін де мәңгі-бақи ризашылық керек қой.

Ал Кеңес дәуірінде түсірілген мақтаншақ фильмдерден мойынды қанша созсаң да бір қазақты көре алмайсың.

Ал кейінгі ұрпақтың кейбір ақынсымағы «Біз Жамбылдың өрендері емеспіз» деп тауфихсыз мінез танытады.

Асфальт жол. Ойдым-ойдым орман. Енді Сырбай сыбырламай:

Болдың ба сен Волховта,

Көрдің бе оның орманын?

Сол орманның. әр талын

Өз жанымдай қорғадым! —

деп, орасан зор күркіреме дауысымен бар әлемге жар салғандай болады.

Естісін өлем, білсін шындықты! Қазіргі ұрпақ, келер ұрпақ білсін Әйтпесе, өткен жойқын соғыста фашистерді тек орыстар ғана жеңгендей эсер қалдырып тұр қазіргі насихат. Ресей теледидары, кейбір әсіре ұлтшыл газеттері қазіргі Қазақстанды, қазіргі қазақтарды Ресейдің жас буынына жамандап қалғысы келеді. Ресейдің орманының әрбір талын өз жанындай қорғаған қазақтарды ауызға ала бермейді.

Соғыс туралы хикаяларды, дастан жырларды көп оқыдым, миі толқыдым. Бірақ олар «Құлын» деген шағын өлең сияқты тебіренткен емес. Міне, ақынның ұшпағы. Әсіре боямасыз, жай ғана қарапайым өлең сияқты. Бірақ жай көзбен емес, ой көзімен оқысаң соғыстың тіл жетпес сұмдығын, тіршіліктің қасқыр тарамыс. тіршілігін, өмір мен өлім арпалысындағы ғаламат суретті көрерсің.

1942 жылы он жасар бала кезімде колхоздың жылқысын бағып жүргенімде тұрқы есік пен төрдей, тұқымы, бітімі бөлек қара биені соғысқа алып кетіп еді. Сол соғыста Қамбар ата баласының қаны да көп төгілді. Атты әскері өз алдына, зеңбірек пен арбаны сүйреткен көбінесе жылқы баласы екен.

«Құлын» атты өлеңді жаттап алған мен мына Волхов орманының алаңқайларынан баяғы қара биені іздейін:

Шаршаған жол батып,

Волховтың батпағында,

Жатыр бие толғатып,

Зеңбіректің арт жағында.

Фугас бомбасы

Жерді өртеген киын күнде

Тіршілік жолдасы

Бүлкілдейді биенің бүйірінде.

Сол баяғы менің Мыңбұлақтан кеткен қара бием емес пе екен деймін.

Адамзат жапа шегіп құса - мұңнан Сәби бір үн сағынған. Жалын тарап, көзіне үнсіз қарап, Солдат оны сипайды құрсағынан. Шашыраған көк жалын бүркіп темір, Орманның іші үрейлі. Ал оттың ортасында, Шіркін өмір Құлын боп кісінейді.

Дүниеге іңгәлап келетін сәбидің ләм - үнін сағыну — күллі сағыныш атаулының атасы, қасиеттісі шығар.

Зеңбіректер зіркілдеп, фугас бомбалары ышқына жарылып, жер - орманның ішек - қарны ақтарылып, дүн-дүние астан-кестені шығып жатқанда менің Мыңбұлақтан кеткен қара бием құлындап, қан майданның қақ ортасында құлын дауысын естіртті. Сол құлын шіңгірлеп кісінегенде зеңбірек те. бомба да жым болғандай.

Тіршілік атты құдірет осы. Мұны жазған Сырбай ақын. Сырбай ақын сонау Михаил Светлов, Михаил Дудин, Сергей Наровчатов. Расул Ғамзатов, Мұстай Кәрім, Дәуіт Күгілтинов, Қайсын Құлиевтермен қатар тұрған, бәлкім, олардан еңселірек тұрған ақын.

Бірақ біз осыны әлі жетелеп түсініп, бағалап болған жоқпыз. Бажайлап, талдап, түсіндіріп беретін әдеби сын да жоқ.

Тағдыр екен, мен Сыр - ағаңның ізбасары болдым. Ақындық жағынан емес, редакторлық, журналистік жағынан. «Қазақ әдебиеті» газетінің алғашқы бас редакторы Сырбай Мәуленов болды. 1957 жылдың көктемінде қазақ тілінің мәртебесі, тағдыры туралы газетте үлкен мәселе көтерген Сырбай «ұлтшыл» атанып орнынан алынды. «Қырық жамаудың» үлкені сонда түскен.

1980-1989 жылдары тоғыз жыл қатарынан Сыр - ағаң отырған креслода мен отырдым. Сырбай дәстүрі сол тұста жалғасты білем, Сыр - ағаң ісімізді қолдап, ақ батасын беруден айныған емес.

Оның риясыз мейірбандығы, бұланай тұлғасы, нәсілге бөлмес бауырмалдығы өз басыма жөн - жоралғы болды.

Сыр - ағаңның ұлы Қасым мырза жақында үйіме келіп, Сыр - ағаң туралы жазылған естелік кітапты беріп кетті. Сонда «Құлын» өлеңі таға да есіме түсті.

Волховқа бардым. Орманын көрдім. Сырбай ақынның окобын, құлының іздедім. Сөйтсем, оларды әркімнің жүрегінен іздеу керек екен.