25 Желтоқсан, Сәрсенбі

Әдебиет

Шерхан Мұртаза

Шерхан Мұртазаұлы Мұртаза (1932 жылы туған) — жазушы, қоғам қайраткері, ҚР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері (1984)

Айқайлап айтқан сөз






Бұл сөзді мен Парижге барып айтпақшы едім...

Біздің Жазушылар одағымыздың бірінші бастығы Нұрлан Мырқасымұлы Оразалин айтты:

— Шераға, жолға дайындалыңыз, Парижге барасыз, — деді.

— Е, онда не болады екен?

— Шыңғыс Айтматовтың жетпіс жасқа толуына байланысты Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында, ЮНЕСКО үлкен салтанаты симпозиум өткізеді. Соған барамыз. Қазақстаннан үш адам. Мен, Сіз және Қадыр Мырза Әли. Сонда бес-жеті минөттік сөз сөйлейсіз. Бірақ орысша дайындаңыз.

— Е, неге?

Өйткені Парижде қазақшадан французшаға аударатын тәржімашы жоқ.

Уақыты тым аз. Наурыз мейрамы өте салысымен, жиырма төртінде ұшуымыз керек.

- Тез құжаттарыңызды, екі суретіңізді еткізіңіз, — деп нығыздады Нұрлан мырза.

Айтты болды — орындау керек.

Құжат тапсыру қиын емес, ал сөзді қайттім? Өзіміздің Жазушылар одағының мінбесінен айта салатын сөз емес. Көз алдыма елестеттім: Париж. Салтанатты сарай. Дүние жүзінін түкпір - түкпірінен жиналған марқасқа жазушылар. Қарасы бар, ағы бар, сарысы бар. Шетінен сайрап тұр. Ал мен не айтамын? Және орысша.

Қиналған жерім осы болды. Бес-он минуттік сезді бес толғап әрең жаздым. Орысшадан соншалықты сорлы да емеспін. Бірақ өмір бойы қазақша жазып дағдыланған басым, орысшаға тосырқап қаламын.

Айтматов туралы айтатын сөз көп. Көкірегімде сайрап тұр. Талас Алатауының шындарынан құлап акқан Күркіреусу өзенінің шығыс жақ беті — Қырғызстан, батыс жақ беті — Қазақстан. Арғы бетінде Шыңғыс айылы, бергі бетінде менің ауылым.

О, айтатын ой мол. Бірақ соның бәрін орысша жеткізу, дәні ірі, дәмді шырын сөз табу оңай емес.

Қиқалап, түн жарымға дейін отырып жазып болдым - ау.

Ертең жолға шығамыз.

Бірақ адамның айтқаны болмайды, Алланың. дегені болады. Жазушылар одағынан телефон:

— Парижге бармайтын болдыңдар, — деді.

— Е, неге?

— Сыртқы істер министрлігінде ақша жоқ, жол қаражат таппады.

Орысша жазылған екі парақ қағазды қолыма алып балконға шықтым. Күн арайлап шығып келе жатқан кез еді. Париж осы тұста - ау деп, батыс жаққа қарап тұрып тамағымды жөткіріне тазалап алып, барынша бақыра айқай салып, әлгі сөзімді құлшына оқып шықтым.

Біздің Парламентте түпнұсқаны орысша даярлап, қазақшаға соңынан олпы-солпы аударатыны сияқты, мен де әлгі сөзімді қазақшаға аударғанда былай болып шықты:

«Ол (яғни Шыңғыс) қытайша Тянь-Шань деп аталатын Тәңіртаудың Манас дейтін шыңының дәл етегінде осыдан жетпіс жыл бұрын дүниеге келді.

Египеттегі перғауындардың пирамидалары Манас шыңына ұқсайды. Бірақ Манас шыңы пирамидалардан мың есе биік. Құдайдың езі солай жаратқан.

Бұрын өткен бабалардың айтуынша, Манастың ұлы рухы араға көп жылдар салып, оқта-текте өзі аттас шыңның басына келіп қонады екен.

Сондай бір кезекте шың етегінде дүниеге жаңа келген нәрестеге көзі түсіп, ақ батасын берген екен.

«Ей, бейкүнә ұрпағым,—деген екен сонда Манас, — әлемдегі тіршілік иесі тек Жер екен деп қалма. Алла құдіретімен жаралған осы Жерден де басқа тіршілік иелері мекендейтін жұлдыздар көп. Мен солардың бірінен келіп тұрмын. Әлемде мәңгі-бақи арпалысып жатқан екі күш бар: ізгілер мен зұлымдар. Ізгілер адал алам сипапты, зұлымдар Дау Дию бастаған сайтан сияқты. Сен, үрім бұтағым, ізгі бол. Зұлымдықпен айқаса бер. Әумин!»

Сол ақ. бата дарыған Шыңғыс Айтматов енді орасан дарынның, бай ақыл-ойдың адамы болды.

«Манас» деген сөз Гималай - Бұланай тауын мекендейтін махатма - әулиелердің тілінде: «әлемдік - космостық ақыл - ой» деген мағынаны білдіреді екен.

Сондықтан Айтматовта Манастан қалған, Манастың ақ батасынан алған зор қасиет бар.

Бұл артық айтылған қолпаш емес. Жалпаңдап, жағымпазданатын жастан өтіп кеттім.

Сонау жас кезімнен бастап Шыңғыстың барлық шығармаларын дерлік қазақшаға аудардым. Бірақ одан бір ауыз жылы сөз естіген емеспін. Ендігі дәметкенім не жорық?

Менің бұл сөзімді Шыңғыстың өз шығармалары дәлелдейді. Айтматов аса дарынды жазушы ғана емес, көріпкел жазушы. Мысалы, «Қош, Гүлсары» романын алыңыз. Сондағы бас тұлға Танабайдың басқа іс-әрекеттерін былай қойғанда, тек бір қимылын ғана еске алып көріңіз. Қой бағады. Қыс созалаңдап, жем - шөп таусылып, мал төлдеп жатқан кез. Қора аңғал-саңғал. Белуардан садыра.

Осы тозақың ішінде күндіз-түні күйіп-пісіп жүрген Танабайды ауданнан келген қара қайыс пальтолы прокурор мен уәкіл әй келіп алқымнан алады: «Қошақандар неге еледі? Неге малың жүдеу?»

Бұл қорлыққа шыдай алмаған Танабай шөп шаншитын айырды ала салып, әлгі дәулерге тұра ұмтылады. Дәулер зәресі қалмай, аттарына мініп безіп береді.

Бұл компартияның дәуірлеп тұрған кезі. Оның өкілдеріне айыр сілтемек тұрмақ, бетіне тіке қараудың өзі ажалдан бұрын өлгенмен тең.

Бұл алдағы болашақтағы болатын зор төңкерістің нышаны. Жазушы оны күні бұрын көре білді.

Арада жиырма шақты жыл еткеннен кейін КСРО атты ұлы империя құлап, сатанакратия күйреді. Сатанакратияны демократия жеңген сияқты болды. Бірақ сол сатанакратия мен демократия соғысы әлі жүріп жатыр. Империя кірпіштерінің астында қалған сатана -сайтандардың жаны сірі, коғамды әлі де билегісі келеді.

Сөйтіп, бұл романда Айтматов аспан ақиқатын айтты.

Аспанда Жер бетіндегі адамдардың жанын, ақыл-ойын, іс - әрекетін билеп алу үшін диюлар мен періштелердің күресі үздіксіз жүріп жатады. Жетпіс жылдан астам уақыт КСРО үстемдік құрғанда ақ періштелерді қара диюлар жеңіп тұрған кезең екен. Айтматов енді сол диюлардың жеңілетінін күні бұрын білді.

Енді «Боранды бекетті» алыңыз. Космодром. Байқоңыр. Қайтыс болған Қазанғап карт. Едіге оны бабалар бейітіне апарып қояйын десе, ете алмайды. Космодром. Амалы таусылып, енді не істерін білмей аңырып тұрған шақта аспанға шаншылып ракета ұшады. Аспан аясы от-жалын құшады. Ауа, адамзат, жан - жануар, өсімдік атаулы тұншығып бара жатады. Өйткені от-жалын оттегін шыжғырып күйдіріп жібереді. Өртенген Аспан аузын арандай ашып, оттегін, ылғалды іздейді. Айнала төңіректі, жер бетіндегі ылғалды қомағайлана сорып алады. Аспан да ажалдан үрейленеді. Ол да өмір сүргісі келеді.

Байқоңыр космодромы салынғанға дейін Арал теңізі шалқып жатар еді. Қалай космодром жұмысқа кірісті, солай Арал тартыла бастады.

Ғалымдар айтпағанды Айтматов айтты.

Немесе «Жан пиданы» алыңыз. Бетпақдала мен Мойынқұм - да, Торғай даласында, Ұлытау өңірінде ақбөкен деген жануар мың-мыңдап жортып жүретін. Оның тұқымы үзілетінін Айтматов осыдан жиырма жыл бұрын айтты. Әуеден вертолетпен ұшып жүріп қырғаннан кейін, етін сасытып, мүйізін Қытайға сатқаннан кейін не тамтық қалады?! «Қош, Гүлсарыдан» кейін «Қош, Ақбөкен!»

Бұл біздің, Әлем алдындағы масқаралығымыз.

Вертолетпен аңшылық жасау кімнің қолынан келетіні таяуда ғана айдай әлемге белгілі болды. Олар тайраңдайды, тасыраңдайды. Бірақ ғылым тілінде «карма» деген бар. Қазақша айтқанда, қарғысқа таяу. Әсіресе бейкүнә ақбөкеннің, аң атаулының қарғысы жібермейді.

Регламент берілетін жеті минуттен асып кетті, білемін. Айтматов жеті минутке сыймады. «Адамзаттың Айтматовы» деп казак баспасөзі баяғыда-ақ айтқан. Оны біреулер, әсіресе арамыздағы кейбір жазушылар көп көреді. Соншалықты аспандатып, о несі ол, — дейді.

Тәңіртаудың бір қуысындағы Шекер айылында дүниеге келіпті Айтматовтың тойы Жер шарының арғы бір шетінде өтіп жатса, оған сол Жер шарының түкпір-түкпірінен әдебиеттің арқалары жиналып жатса, ол адамзаттың Айтматовы болмағанда, кім болады?!

Сол мәртебелі жиынға катыса алмай, канаты қырқылғандар — Қазақстан жазушыларының өкілдері ғана. Үкімет қаржы жоқ Депті. Мейлі. Бірақ...

— Президенттер мен президенттер;

— Премьер-министрлер мен премьер-министрлер;

— Министрлер мен министрлер;

— Тағы басқа дөкейлер —

Алматы мен Париж арасында, немесе Астана мен Лондон арасында мына мен сияқты ез үйлерінің балкондарына шығып алып, ышқына айқайлап сөйлесе, о шіркін, қанша қаржы үнемделер еді, а?!

Сол үнемнен зейнетақы да, жалақы да, көп балалылардың ақысы да, тағы - тағы көп қажеттер өтелер еді.