26 Желтоқсан, Бейсенбі

Әдебиет

Шерхан Мұртаза

Шерхан Мұртазаұлы Мұртаза (1932 жылы туған) — жазушы, қоғам қайраткері, ҚР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері (1984)

Бабаның оралуы






Өмірі түрен тимеген сайдың қабағына соқаның өткір тісі тірелгенде жер дір-дір етіп ыңырсығандай болды. Бірақ оны ешкім естіген де, елеген де жоқ. Жасына жетпей қарны шеңбірек атып, үрлеген шардай дөңгелене шығып кеткен тапал жігіт, «К-700»-тың гүрілінен асыра айқайлап, тракторшыға:

— Тарт! — деп бұйырды.

«К.-700» гүрілдей берді, жер ыңыранғанын қоймады.

Трактор үшінші айналымға көшкенде, сайдың қабақ тұсынан соқалардың жойқын тісінен найзағайша от жарқылдады: Артынша «К-700»-тың моторы сөніп, үні өшіп қалды. Тракторшы жерге секіріп түсіп, моторға үңілді.

Шетте тұрған қамыс қалпақты, шеңбірек қарын:

— Не болды? — деп зәрлене айқай салды.

Тракторшы үндемеді. «К-700»-тың ішек-қарнын түгел тінтіп шықты. Ешқандай ақау таппады.

— Ей, ақымақ, ана соқаны қара, мүмкін тасқа тіреліп қалған шығар, жаңа от жарқылдады ғой, — деді шеңбірек қарын.

Тракторшы жігіт үндеместен барып, соқаның жарқырауық тістеріне үңіліп көріп, еңкейіп, топырақтың астынан жарты құлаштай жілік сүйектің сынығын алып шықты.

Шеңбірек қарын топырақ жұққан сүйекке қолын тигізбей:

— Таста жерге! — деп бұйырды тракторшыға.

Аппақ сынық сүйек жерге түскенде бұрынғыдан бетер ағара түскендей, тіпті балқып бара жатқандай көрінді.

Шеңбірек қарын бұл көрініске аса мән бере қоймай, жалтыраған жап-жаңа қара туфлидің үшкір тұмсығымен әлгі сүйекті теуіп кеп жіберді. Әлдеқайдан бір ыңырсыған үн шыққандай болды. Сынық жілік сайдың қабағынан төмен қарай сырғанап барып, бір түбіртекке ілініп, тұрып қалды.

Шеңбірек қарын қожайын тракторшы жігітке:

— Неғып сілейіп тұрсың? Отыр кабинаға. Айдай бер! — деді.

Тракторшы тұңғыш рет тіл қатып:

— Трактор енді жүрмейді. Мен қайтамын, — деді.

Қожайын бөтен ит көрген ешкідей ежірейе қалып:

— Қайтқаны қалай? Не оттап тұрсың өзің? Оттама! Отыр! – деп бұйырды.

— Кешіріңіз, мен қайтамын.

— Жындымысың, қайтқаны қалай?

— Тұла бойым қалтырап барады, ауырып қалдым білем, кешіріңіз.

Қожайын одан бетер ешкі көзденіп:

— Кетсең, біржолата құры! Көрінбе көзіме. Сенсіз де адам табылады, — деп жерге былш еткізіп бір түкірді.

Шеңбірек қарынның аты Алақай еді. Сірә, әке-шешесі ол туғанда қатты қуанған болуы керек. Атын ерекшелеп Алақай қойыпты. Сол Алақай өсе келе әжептәуір әкім болып, кейін-кейін бизнес жолына түсіп, кәдімгідей байыды.

Сөйтіп жүргенде жерді жекешелеу деген жарлық шықты. О басында колхозда туып, ауылда өскен Алақай жердің қадірін бір кісідей біледі. Білген соң да су жаңа «Мерседесіне» міне салып, облыс орталығы Жаншуақтан шығып, туған ауыл Сарымсақтыға қарай заулап ала жөнелді.

Ауылдағылар жуан қара туысқанның «Мерседес» мініп келгеніне той жасай жаздап қуанды. Жуан қарын жас туысқан облыстан хат жаздырып алған екен, оған ешкім қарсы келмей жекешеге жер бөліп берді.

Ауылдағы ағайын тоқымдай жерді игере алмай, сілімтігі қалған техника іске жарамай, не жекешеге жер ала алмай, пұшайман халде жүргенде, қаладан келген байекесі бір колхозды асырайтындай сыбаға алып, сықиып жүрген кезі еді ғой.

Ата-бабаларымыз баяғы-баяғы, бағзы заманда айтып кеткен:

«Кедей бай болсам дейді. Бай Құдай болсам дейді» — деп.

Кедейдің бай болсам деген арманы жөн. Ал, байдың Құдай болсам дегені астамшылық. Бірте-бірте Алақайдың араны ашыла бастады.

Тракторшының аты Сырым еді. Сол Сырым әлгі оқиғадан кейін кәдімгідей кеселді болды. Былай қарасаң, алып бара жатқан ауруы жоқ сияқты. Ауданның дәрігерлері ары қарап, бері қарап, диагнозын дәл басып айта алмастан, «нерв жағынан» деп дәрі жазып берді.

Одан қайран болмаған соң, сол Сырым бақсы-балгерлерді жағалады. Сау да емес, ауру да емес бір ілең-салаң күй. Көбіне тұла бойы зіл қаратас тартады да тұрады. Ешнәрсеге зауқы да жоқ, ештеңеге талабы да жоқ, меңіреу соқпа.

Өмір шіркін сол бір меңіреулікпен өте берер ме еді, қайтер еді, бір күні Сырымның үйіне көрші қырғыз ауылынан кәрі жездесі келе қалсын. Жезде болғанда да Сырымның майданнан қайтпай қалған әкесінің әпкесін алған ғой.

Дастарқан басында шай ішіп отырып, әлгі қырғыз жездесі мұның кеселінің жайын сұрады. Бұл қалай болғанын айтып берді.

Сонда кәрі қырғыз жездесі айтты:

– Әлгі соқа сындырған жілікті тауып ал да бұрынғы орнына апарып көміп таста. Мүмкін болса, құран білетін біреуді ертіп апарып, дұға оқытқыз. Құдай сәтін салса, жазылып кетесің. Е, қағылайын, ошентіп арвақтарға құран оқытып эле ғой енді, — деді.

Сол-сол екен, Сырым баяғы сай қабақтағы зиратқа қарай жөнелсін. Сынған жілікті іздемекші. Сынған жілік тобылғының түбіртегіне ілініп қалған.

Көктемде өзі «К-700»-пен жыртқан сай қабаққа барса, сарыала тартып бидай өсіп қалыпты. «Е, Алақайдың қызыққанындай бар екен-ау, мына бидайы бітік шығыпты ғой», — деп қойды ішінен Сырым.

Қасындағы көрші ауылдың молдасы:

— Зират қайда? — деп сұрады.

— Зират осы, қалған тамтығы анау, — деп қамыс басқан төмпешіктерге иегін көтерді. Қолын шошайтып көрсетейін деді де қорықты. Бала күнінде естігені есіне түсті: зиратқа қарай қол шошайтпау керек.

— Астапыралла! — деді молда сұр шекпенінің жағасын қаусыра қысып ұстап.

Бірақ Сырым баяғы тобылғы түбіртекті таппай әлекке түсті. Түбіртек жоқ!

Сөйтсе Сырымның орнына келген тракторшы Қожайынның тапсырмасы бойынша қабақты сайдың табанына дейін жыртып, бидай сеуіп тастаған екен. Сайдың қабағы жайдақтау еді, әйтпесе трактор құлап кетер еді ғой.

— Ой, араны ашылған атаңа нәлет! — деді Сырым дауыстап тұрып.

Қасындағы молда селк етті:

— Ол не?

— Көрмейсіз бе, құла-дала жер жетпегендей сайдың табанына дейін айырып тастапты ғой. Енді әлгі сүйекті таба алмай тұрған жоқпын ба?

— Иә, раббым! — деді молда.

Сырым сарыала бидайды теңіздей кешіп, ары-бері сандалып көп жүрді. Бір кезде аяғы бір шыбыққа ілініп, құлап қала жаздады. Шыбықты топырақтан тазалап қараса тобылғының бір бұтағы екен. «Соның өзі» — деді Сырым. Бірақ сүйек көрінбеді. Тобылғы бұтағы жатқан жерді айналдыра аралап, ақтап шықты — сынық жілік көрінбеді. Сірә, соқа жыртқан топырақтың астында қалған болуы керек.

Оны аршу үшін енді күрекпен қазбасаң таба алмайсың. Қазсаң бидайды жапырасың. Бұл – шатақ. Алақай ертең ту-талақайыңды шығаруы мүмкін. Одан сан түрлі бәлені күтуге болады.

Бидайды жапырмай, күректің ұшымен жерді шанышқылай берді. Көрші ауылдың молдасы мына неғайбіл істі көріп, тықырши бастады.

— Уа, Сырым мырза, рұқсат болса, мен әруақтарға арнап дұға қылып, қайтайын. Құдай өзі кешірсін, сүйек табыла ма, жоқ па, мен жұмысымнан қалып барамын, — деді.

— Ықтиярыңыз, — деді де жерді күректің ұшымен піскілей берді Сырым.

Адам баласы, жан-жануар, күллі тіршілік иесі о басында топырақтан жаралған. Өлгеннен кейін тән қайтадан топыраққа айналуы — өзінің тұқиянына оралуы. Жаратушы құдіреттің заңы сондай. Топыраққа айналмай жер бетінде қалған сүйек иесінің жанын күйзелтеді.

Күн ашық-жарықта жоғалған сүйек иесі тірісінде кім болғаны белгісіз. Одан бері жүздеген жылдар өтті.

Әлде мүмкін Сырымның өз бабасы шығар. Кім біледі. Сай қабаққа жерленген кісінің моласын жылдар бойы жаңбыр мен жел мүжіген. Содан, әне, Алақайдың соқасына соғылып, содан кәдімгідей от шығып, жансыз темірді-тракторды тоқтатқан ғой.

Бірақ Құдіреттің бұл нышанын түсінбеген, түсінгісі келмеген Алақай сайдың қабағын табанына дейін талқандап, зиратты таптап өтті ғой.

Сырым түс көрді. Қатты шошынды. Түсінде алып денелі батыр тұлғалы кісі бұған ескерту жасады: — Менің жілігімді сындырған сен! — деді. — Бірақ сенің кінәң жоқ. Саған зиратты қират деп бұйырған адам кінәлі. Осыдан сынған сирақты орнына әкеліп қоймаса, ол адамның кінәсі кешірілмейді. Осыны айт! — деді. — Мен бұдан мың жыл бұрын жасап, жаумен шайқаста мерт болған Найзалы деген бабаңмын.

Сұп-суық қара терге малынған Сырым кесірлі байсымақ Алақайды тауып алып, ұлы әруақтың ескертуін жеткізбек болды.

Ақыры байсымақ Алақайды Борандының базарында көріп қалып, амандасты. Қос саусағын ғана ұсынып, өзі сияқты басқа бір шой желкемен әңгімелесіп тұрды да, ақыр соңында әзер бұрылып:

— Ал, не айтасың? — деді зілдене қалып.

— Айтсам, көрген түсімді айтамын. Ана жолғы сынған жілікті тауып, орнына қоймасаң, өзіңе қиын болайын деп тұр.

— Оттама, қайдағы түс? Қайдағы жілік?

— Есіңнен шығып кеткен бе? Зиратсайдағы ше?

— Өй, шешеңнің... не оттап тұрсың-ей. Ол атан түйенің жілігі ғой. Адамның жілігі сондай болушы ма еді? Өйтіп сандалма, сандырағың құрығыр.

Сырым біраз тосылыңқырап дағдарып қалды да:

— Мейлі, өзің біл. Мен ескерттім. Кейін айтпады деме, — деп қолын бір сілтеді.

Былай шыға бере Сырым ойланып қалды. «Әлгі ақымақ менің шешеме тіл тигізді-ау. Сонда мен неге ыздия қалдым? Ол иттің аузы-мұрнын тойғанынша толтыра неге боқтамадым? Хан базардың ішінде менің сағымды сындырды-ау бұл ит! Бұл сойқанды көріп-естіген жұрт мені ынжық, мырың екен дейтін болды-ау...»

Енді бір сәт түндегі көрген түсі көз алдында көмескілеу көлбеңдеп, ызалы көңілді сабасына түсіргендей болды. Түсімде көргенім Найзалы баба екені рас болса, менің Алақаймен хан базарда қатындарша салғыласып жатқаным кісілікке жатпас еді. Үндемеген үйдей бәледен құтылады. Түсімде көргенім рас болса, байсымақ Алақайдың жазасын Құдай өзі-ақ береді. Найзалы бабаның түсіме кіргені тегін емес. Әліптің артын баға тұрайын.

Осылай ойлап, Сырымның көңілі кәдімгідей көтеріліп қалды.

* * *

Дәл сол базарда Алақайдың алдынан Адырбайдың «Үш қасқасы» шыға келеді. Алақайдың жүрегі зырқ ете қалды.

Мына заман — қилы заман. Бизнесмендер заманы. Анық-қанығын, рас-өтірігін кім білген, Алақай Адырбайдың «Үш қасқасына» берешек көрінеді. Бизнесте не болмайды.

Қарсы алдынан шыға келген «Үш қасқадан» тайқып кете алмай, амал жоқ, қол алысып амандаспақ болғанда, «Үш қасқаның» үлкені Бахтияр Алақайдың ұсынған қолын қағып жібереді. Қалған екі інісіне иек қағып қалады. Екі інісі Алақайдың екі қолтығынан ұстап, базардың шетіне алып шығады.

«Үш қасқаның» екеуі Алақайдың екі жағына отырып алып, оны тырп еткізбеді. Ал, үшіншісі машинаның руліне отырып, шай қайнатым мезгіл ішінде Зиратсайға жеткізді.

Алақайды машинадан суырып шығарғанда ол осы көктемде «К-700»-пен қақырата жыртқан мүрделі сайдың қабағын таныды. Егіні орылып сабаны жиналған аңыздың орны сарғайып жатыр.

Жартылай жыртылып кеткен көне зираттың үстіндегі қалың қамыстың сыңсыған ызыңы естіледі. Таудан соққан самалдан тербетілген қамыс сыбызғылар мыңжылдық дәуірдің тарихын тартып тұрған көне қобыз секілді.

Жылда көктемде Тәңіртаудың қалың қары еріп, тасқын болғанда таудың тарғыл малта тастары ылдиға дейін топан сумен ағып келер еді.

«Үш қасқаның» екеуі Алақайды жығып салып, кеудесін басып тұрғанда, «Үш қасқаның» үлкені баланың басындай тарғыл таспен оң аяқтың жілігін шағып жібергенде, Алақайдың тозақтағы даусы шығып, қан аралас жіліктің майы шашырап шыға келді.

Солтүстіктен соққан суық жел түнерген қара бұлттарды түйдек-түйдегімен аунақшытып айдап келеді.

Миллион жылдардың зілдей салмағынан аласарып шөгіп жатқан Қаратаудан әлгі бұлттар оңай асып, Мыңбұлаққа жеткенде алдындағы асу бермес Тәңіртаудан жасқанып, саябырлай бере, жерге тырс-тырс тамшы тамды.

Жілігі сынып, есінен танып, талықсып жатқан Алақай, бетіне тырс-тырс тамған жаңбырдан есін жиып алғандай, көзін ашты. Әуелі көзіне түскені: биік шынар ағаштың жуан бұтағында бұған міз бақпай тесіле қарап отырған сере тұмсық самұрық құс екен.

Алақай зәрей ұшып, орнынан атып тұрайын деп еді, сынған aяғы зар қақсап қоя бергенде, құлындаған даусымен шыңғырып жіберді.

Құдай азап берем десе оп-оңай екен ғой. Әйтпесе, осы Алақай таңертең тұрғанда көңілі кірбіңсіз, шілденің аспанындай ашық еді. «Мерседесіне» мініп Боранды базарға «әләуләйлап» жеткен.

Ойда жоқта, аяқ астынан хан базардың ішінде «Үш қасқа» кездесе кетті. Одан арғы оқиға белгілі. Үш ұйықтаса түсіне кірмес соққыға жығылып, бір аяғының жілігі сынып, терең сайда жатысы мынау...

Алақайдың құлындай шыңғырған ащы даусынан селт етіп, дүр-р сілкінген Самұрық құс кере-құлаш қанаттарын жайып жіберіп, баяу қалықтап, жаралы жанның дәл қасына барып қонды. Бірақ кере-құлаш қанаттарын жиған жоқ.

Жаңбыр енді екпін алып, тасырлата, нөсерлете, селдете жөнелгенде Алақайдың үстіне жайылған қос қанат жаралының денесіне тамшы тамызбай, күркеше үй сияқты болды да қалды.

Алақай үстіне келіп төнген алып құстан зәресі ұшып, бақырайын десе қорыққаннан үні шықпай қалды.

— Қорықпа, – деді Самұрық. — Мен сенің бұдан мың жыл бұрын өткен Найзалы деген бабаңмын. Адам баласы өлгеннен кейін мүлде жойылып кете қоймас. Алланың рахымы түскендері жарық дүниеге басқа түрде қайта оралмақ. Міне, мен мың жылдан соң Самұрық қыран бейнесінде қайта оралдым. Бірақ бір заманда Адам болғанымды ұмытқан жоқпын. Иә. Біраздан бері оң аяғымның жіліншігі сыздап ауыратынды шығарды. Сөйтсе, бұдан мың жыл бұрын менің жау қолынан қаза тауып жерленген сүйегімнің бір жілігін сен трактормен сындырып, лақтырып жіберген екенсің. Енді сол жілік орнына қайтып қойылмайынша, менің аяғым қақсай береді.

— Ол мен емес, тракторшы Сырым болатын, — деді құр сүлдесі күзгі жапырақша қалтырап жатқан Алақай.

— Өтірік айтсаң, күнәң екі есе артады, соқпа өтірікші! Адамдарды алдауға болады. Ал, бәрін көріп-біліп тұрған Аспан-Тәңіріні алдауға болмайды, найсап!

Күн күркіреп, найзағай жарқылдап, нөсер жаңбыр үдей түсті. Бірақ Самұрықтың үйдің үлкендігіндей қос қанатынан бір тамшы да өткен жоқ. Алақайдың үсті құп-құрғақ.

— Құдайды да, әруақты алдауға болмайды. Мен сенің бұдан мың жыл бұрын өткен бабаң Найзалы боламын. Сен менің жүдеген, шаялаған, ұсақтап кеткен ұрпағымсың. Сенің сирағыңды сындырған ана «Үш қасқа» да менің ұрпақтарым. Бір кездегі бір атаның балалары енді арада жылдар өткенде бір-біріне жат, бір-біріне жау болған. «Үш қасқаны» сен жаман қорладың. Олардың үлесіне тиген жерді сен «ортақ боламыз» деп өзіңе қаратып алдың. Ал, астық бөлісер кезде олардың үлесін бермей қойдың. Амалы таусылған «Үш қасқа» сенен өшін алған түрі мынау. Сирағыңды сындырды. Сенікі де иттік. Олардікі де озбырлық.

Нөсер бірте-бірте ақ жауынға ұласты. Төңірек түгел ақ сүтке шомылғандай, айнала бозамықтанып алды. Зиратсайдың қабағынан төмен қарай аққан жаңбыр суы лайланып барады.

Алақайдың сынған сирағы Самұрықтың қанатының астына симай, балағы түрулі күйінде сыртқа шығып жатқан. Сынған сирақтан аққан қан бұрынғыдай қошқыл күрең болмай, ашаң қызғылтым тарта бастады.

Шалқасынан жатқан Алақай жұмулы көзін ашып алып еді, үстінен зұлпыхар қылыштай болып, Самұрықтың тұмсығы төніп тұр екен. Зәресі зәр түбіне кетті. Көзін қайтадан тарс жұмып алды.

– Қорықпа, — деді Самұрық, — мен сенің көзіңді шұқымаймын. Сенің көзің ашқарақ. Тойымсыз көз. Мұндай көздер тек топыраққа ғана тояды. Тойымсыз болмасаң, ата-бабаңның зиратына дейін топырағын алып машинамен айдатып тастар ма едің?! Сені әруақ атып кетті. «Үш қасқа» деген тек сол әруақтардың елесі. Бірақ шын өкініп, кешірмес күнәңді мойындап, Құдайдан тәуба тіле, кешірім сұра. Алланың рахымы мол, шын тілесең, мейірім болар.

– Қойдым, тойдым, енді иттік істемеймін. Тәуба! Тәуба! Тәуба! — деп Алақай үш қайтара тіл қатты.

Жаңбыр толастап, күн ашылды.

Самұрық зау шынардың жуан бұтағына барып қонды.

Алақай орнынан тұрып, зау шынарға қарап, басын иіп тағзым етті.

Самұрық биікте отырып, қалың жауын топырағын шайып кеткен аңыздан ағарып жатқан жіліктің сынығын көрді.