26 Желтоқсан, Бейсенбі

Әдебиет

Хамит Ерғалиев

Хамит Ерғалиев(1916 - 1997) — қазақ ақыны, Қазақстанның халық жазушысы.

Сайлауға сәлем!






Совет Конституциясы әр біріміздің құпиямызды қымтаулы сандықтан да берік сақтайтыны баршаға аян. Ал егер сондай бір өзара сырымызды жария айтамыз, ашық білісіп-ұғысамыз десек, оған да ерік берген осы Конституция. Баспасөз, радио, телевизор сияқты небір қуатты құралдар сондай мақсатына жетуге де жәрдемші Ендеше мен осы жолы өзімнің, правомды пайдаланып бір жолдаспен баспасөз арқылы ашық сырласқым келіп отыр.

Құрметті Қалқабаев жолдас! Мен Сізбен бұрын-сонды қол беріп, жүз көріскен жан емеспін. Ұзынағашта, қарт ақынымыз Жамбыл өскен жайлауда қой бағып жүрген жап-жас жігіт екенсіз. Өмірбаяныңызды өзіміздің Жоғарғы Советтегі жолдастардан сұрап алдым.

Жап-жас жігіт екенсіз дедім ғой. Әңгіменің бір орайына оны да пайдалана кетейік. 1938 жылдың жазында, мен жас сайлаушы боп, Казак ССР Жоғарғы Советіне депутат сайлауға барғанда, мен ғана емес-ау, бүкіл қазақ халқы өз өлкесіндегі сайлауға бірінші рет қатысқан сағатта Сіз дүниеге келген екенсіз. Сол үшін де атыңызды Сайлау қойыпты ғой.

Ағалығымды арқаланып, сен дейінші: әкеңмен де тұстас көрінемін. Отан соғысын жеңіспен аяқтап, бір сыпырамыз елге қайта оралғанда сенің әкең қайтпай қалыпты, қаза болыпты марқұм. Суреті арқылы ғана танисың ғой сен оны.

Жетім. Иә, жетім деген атау неткен жадау, жабырқау еді десеңші!.. Бірақ, сен оны басқаша түсінесің ғой: әкең жоғын білсең де, әлсіреп, өгейлік көрмеген соң, әрине солай болады. Байдың қойын бағам деп басын жарғызған жетімді сен мықтағанда кітаптан білетін шығарсың. Жә, оны қоялық.

Сайлау, сен Қара Қастектің қалаулысы. Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты екенсің. Коммунист және де коммунистік еңбек бригадасын басқарушы, аға шопан екенсің. Әлденеше әріптестеріңе ұстаздық етіп жүрген насихатшы да көрінесің. Білімдар, көргенді кісінің жолы бұл.

Біздің қоғамда жеті класс бітіру аса көп оқу емес қой. Білімдар дегенде оны айтып отырған жоқпын. Жиырма бестегі жігіт қашан да мосқал емес. Көргенді дегенде оны айтып отырған жоқпын.

Шабытпен істелген еркін еңбектің құдіретті күшіне не жетсін! Сегіз жыл еткен ерен еңбек сені ересек шағыңда қанша биіктерге көтеріп шыққанын қарашы! Сексен жыл еңбек етіп те өмірге көңілі көншімей өткендер аз ба?.. Жүзге келіп те түк көрмеген, су қараңғы соқырдай өмір кешкен, ұстаздық етпек түгіл, шәкірт те бола алмай, үлгі-өнеге үйрене алмай кеткен жандар тап осы қазақ даласында да аз болған жоқ еді ғой. Қоғам, қоғамның заңы. қоғам тарапынан адамға берілетін право — әңгіме, міне, осыларда.

Көрсеткішіңе көз жіберіп ем, 1961 жылы әрбір жүз саулықтан 127 қозы алыпсың да, ал 1962 жылы соны 131-ге жеткізіпсің. Заңдылық деп біз осыны айтамыз: егер бұл екі санның орнын алмастырсаң — келесі жылы алғашқыдан кем түссең, осының өзі қоғамның заңды дәстүрін бұзғандық болар еді. «Правомыз шексіз» деп жырлайтын ақындардікі ағаттық. Шегініске шек бар. Тіпті бір орында тоқырауға да правомыз жоқ. Сен соны әбден білгендіктен әлгідей істегенсің.

Біреу емессің, бірнешеу емессің, тіпті көпсің сен.

Қаскелеңнің сауыншысы Медеуова Сақыбы, Оңтүстіктен әріптесің Жүнісов Әлиякбар, ақтөбелік «Алғадан» тракторист Балсары Шәбікова, Алматының кондитер фабрикасындағы Дүкенбаева Мәриям — бұлармен, бұлар тұрғыластың көбімен сен Жоғарғы Советтің сессиясында әлсін-әлсін кездесіп, кеңесіп, халық мемлекетін басқарысып отырсың. Сен сонау қой шетінде, дөң басында да оңаша отырып, осы ел тағдырын ойлайсың. Оқитын кітабыңа дейін қойныңда, қолыңда жүретін көрінеді. Ғалымдардың мал өсіру жайындағы кітабынан үйрене жүре, оған да қосар түзетерін болады екен. Ойшыл, білімдар адамның ісі осындай-ақ болатын шығар. Тынымсыз ойлау, жаңалық жайларын іздестіріп отыру депутаттың ғана парызы емес, әркімнің өз жүрегінен өніп жатқан әмір ол, бақыт ол. Оны осынау бақыт Конституциясы қанымызға еккен деп айту артық емес.

Мен сіздердің шаруашылықтарыңызбен таныс емеспін. Бірақ, шынымды айтайын, осыдан апта бұрын Қара Қастектегі бір үйге барғанымда, жол шетінде бұғып-бұғып тұрған тоқал тамдар тойдырған жоқ көзімді. Мүмкін сен Алға өндіріс басқармасындағы «Красный колос» колхозына бармасаң да, ол жайлы оқыған шығарсың. Онда әдемі бес мектеп, бес клуб, аса бай кітапхана, балалар бақшасының үшеуі бар екен. Мәдениет сарайы, жатақхана, қонақ үй де даяр, үй-түздің бәрі электрмен қуаттанған. Онда қызық-қызық кештердің түрі көп: Коммунистік еңбек екпінділерінің кеші, механизатор күні, орақ тойы, шопан күні аталатын жарқын-жарқын календары бар олардың. Міне сол кештер кәсіптес адамдардың ортақ ойласып, етене білісуіне көп сеп, себеп дейді. Ал, Нұра совхозы шопан бригадаларын ірілендіріпті: он төрт адамнан құралған бригада 2200 қойды бір танапта бағады екен. Асылы, қойда да көбірек болғаныңа не жетсін! Қиыншылықты да жолдастарыңмен бірлесіп жеңгеніңе не жетсін! Толық қанды өмір бар жерде дала екеш дала да құлазымайды. Артель, совхоз орталықтарын әсемдеумен бірге, шаруашылықтың шашау жағын да шоғырландыру, адамды коллективте жетілдіру тамаша заңымыздың талабы. Мен мұны мал өрісіндегі өмірдің майталманы, сардары деп айтып отырмын саған. Еңбектің ең бір үлкен зейнеті — ақысы емес-ау, адам санасын арттырары той. Мал жақта қазір көптеген жастар жүр, пенсияға шығып-шықпай қарттар жүр. Ал, адамның жастық шағы мен кәрілігіне біздің заңдай қамқоршы қайда бар?!

Сөз соңы:

— Молырақ еңбек ет те, молырақ қызығын көр! Біздің заңдағы азамат правосының асылы, нәсілі — осы! Совет адамының еңбегі жасасын! Совет азаматының өмірі үстем болсын!

Сайлау, саған сәлем!

1964 жыл.