26 Қараша, Сейсенбі

Әдебиет

Сәбит Мұқанов

Сәбит Мұқанұлы Мұқанов (1900 -1973) – қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі.

Тіл алушылар






1

— Бұл жолғы барлауға «тіл» әкелем деп өзіне өзі сенген ғана жолдас барсын, — деп ұшқынды кішірек қара көзін айнала ойнақшыта жүгірткен командирға:

— Мен, жолдас младший лейтенант! Әкелем тілді! — деді Расулов.

Расуловтың уәдесінде қалт болмайтынына сенімі көптен бекінген лейтенант:

— Мақұл!— деді оған жымия қарап,— ал, Расуловқа серік қайсының?

— Мен, жолдас лейтенант!-— деді Бектұрғанов.

Қайда бару, не істеу туралы лейтенанттан тапсырма алған екеуі қалың орманның ішіне сүңги жөнеле бергенде:

— Шіркін, осындайда жүзіктің, көзінен өтетін жылпос, жүйрік атың болса!— деді Бектұрғанов.

— Не істер ең ол атпен мына қалың орманның арасында?

— Көрер ең не істегенімді!.. Бірақ, жоқ қой ондай ат!..

— Неге жоқ?—деді Расулов, жеңіл күрсінген Бектұрғановқа, — Даяр атты кім мінбейді? Мықты болсаң немістен тартып ап мін!

— Кездессе көрер ем, — деп кіжінді Бектұрғанов.

— «Кездессе көрер ем!».. Со да сөз бе екен? Іздеп келе жатқаның немістер емес пе? Жолығуыңа мен - ақ кепіл болайын, тартып алуыңа өзің кепіл бол!..

Расуловтың бұл қайрауына іштей намыстанған Бектұрғанов «қап, енді көрерміз» деп кіжінді де, болмаған іске мақтанғысы келмей үндемеді.

Бұл — күн жаңа шашырап шығып келе жатқан мезгіл еді. Жын ойнағындай тапталған орман арасының жасыл шөбі, жаудан көрген жәбірлігін барлаушыларға шаққандай, көзіне жас алғандай, түнгі түскен ышықтың тамшылары жапырақтарының алақанында мөлдірейді де, домалап жерге түседі. Оқ тескен, қылыш кескен, танк таптаған қарағайлардың жарасынан сорғалаған шайырлары асқынған жараның іріңіндей жүректі жеркендіріп, қарағанның құсқысын келтіреді. Әр жерде шашылған неміс өлімтіктеріне үймелеген қара шыбындар, құзғын қарғалар «жем іздеп кеп, жем болған сорлы, орманды сасытарсың тезірек жеп тауысайық» дегендей ызың - шуын үдетіп, іріген денеге тұмсықтарын қомағайлана көме түседі. Бұтақтан бұтаққа секірген тиындар «шіркін, есуас немістер - ай, өлімтігіңді жат жерде ит - құсқа жұлқылатпай - ақ, ауылыңда ажалыңнан өліп, ата - бабаңмен қабырлас боп жайыңа жататын - ақ жөнің бар - ау!» дегендей, айуандық қылықпен аңша өліп жатқан немістерге таңданып, таңдайын тұрс - тарс қағады.

— Немістер көшкен «жайлаудың» сиқын байқаймысың?—дейді Бектұрғанов үнсіз келе жатқан Расуловқа, сыбырлаңқырай сөйлеп. Ентелей адымдаған Расулов Бектұрғановқа жауап қатпайды, орман арасына қадалған көзі өткірлене түсіп, адымын жиілете, аяғын нығарлай басады.

Олар арнасы тар, бірақ суы терең өзенді жағалап келеді. Картаның көрсетуінше, өзен былай шыға екіге бұтақталады да, айрылған аралары алшақтайды. Командирдің айтуынша, тіл алатын жер, өзеннің бұтақталған айырынан алыс болмауға тиісті, бірақ, тілді оң бұтақтың бойынан алу оңай ма, әлде, сол бұтақтың бойынан алу оңай ма?—ол туралы айқын тапсырма бере алмай, тек «шамаларсыңдар, байқасыңдар» деген ғана ұсыныс айтқан.

Өзеннің бұтақталар сағасына келген соң, танк құлатқан бір жуан еменнің әлі өмірден күдер үзбеген қалың жасыл жапырақты бұтақтарын беттеріне перделей, екеуі еменнің діңгегіне отырды.

Атаққа кім құмартпайды? Еңбекпен иеленген атақ адамға мақтаныш емес пе?

Сегізінші гвардияға бұл екеуінің алыстағы күнгей Қазақстаннан кеп қосылуына әлі айға толған жоқ. Содан бері олар бірнеше қырғын арпалысқа қатынасты, бірақ, екеуіне де, әзірше, көзге ерекше түсудің кезеңі кездесе қоймады.

Осы жолы екеуінің басындағы ойда: «Шіркін, сәті түсіп, тапсырманы айта қалғандай орындасақ қандай аброй болар еді!»

Және екеуіндегі ой: «Солай болса - ау!» деген арманды тілектеріне ешкім ортақтаспай жетсе! Айта қалғандай ерлікті оңаша, жеке көрсетсе!

Бұл ойдың бетін бүркеңкіреген түрде Расулов барын көрсетті.

— Әй, Бектұрғанов — деді ол, — дем алдық. Енді қозғалайық. Бірақ, біз бүйтсек қайтеді: қалаған жағыңды ал! Сен өзеннің бір тармағымен кетсең, мен бір тармағымен кетсем?

— Оқасы болмас, — деді, өзі де соны айтқысы кеп тұрған Бектұрғанов, — таңдауын сен ал!

Таңдаған жақта бақыт күтіп тұрғандай, екеуі ұзындау бір жас шыбықтың бұтақтарын сындырды да жеребе ұстасты, ұшына Расулов шықты.

«Бұның жолы болады екен!» деген ой кеп кетті Бектұрғановқа. Бірақ, бұрын ырымға дағдыланбаған ол, «жоқты жора қылмайыншы, — деп ойлады тағы,— мұны жолдастарым, әсіресе комсомолдар естісе күлкі болармын!»

«Қайтеміз?» деген сұрауды көз қарасынан аңғартқан Расуловқа:

— Сен оңға, мен солға кететін болдық қой?— деді Бектұрғанов.

Расулов ауылдан келген, партияда, комсомолда жоқ, белсенді атанбаған, еңбектен басқаға елігіп көрмеген, тек ұдайымен бірнеше жыл стахановшы атанған момын жігіт еді. Комсомол Бектұрғановтан оның бір айырмасы: көз тарту, түс көру, жеребе сияқты ескі ауылдың біраз ырымдарына сенеді. Сондықтан ол, жеребеден шықпай қалған Бектұрғановты «әлденеге кездеседі» дегендей ішінен аяп, «өзі қайтер екен» дегендей кескініне елеусіз қараспен бағып еді, пәлендей қобалжығандықтың ізін таба алмады.

«Жоқ, деп жорыды Расулов, — жамандыққа ұшырамауға тиісті: ол да жеребенің ұшынан аз - ақ шықпай екі елідей жеріне ғана жетпеді ғой.

Көңілін солай орнықтырып, жолдасына жақсылық жорыған Расулов:

— Ендеше отырмайық, — деді оған,— жөнелейік. Шама келсе, әлгі бір орман алаңында бір бірімізді тосармыз.

— Жақсы.

Екеуі жұбын жазып жөнеле берді.

2

Расулов келе жатыр.

Денесінің ұзын тұрқы орташа ғана болғанмен, оның жауырыны кең, кеудесі төстек, мойны қысқалау жуан, денесінің бұлшық қары темірдей қатты еді.

Мұндай дене күштен кенде бола ма? Колхозда жүргенде он пұттық қаптарды жерден көтеріп, ап арқалап жүре беру, элеваторға жүк апарып қотарғанда бес пұттық үш қапты басқышпен өрлетіп әкелу, шөп тиеген бричкелер орлау жерде аударылып қалса, иыққа сап көтеріп түзеп жіберу... тағы сол сияқты, колхозшыларды күштілігіне таңдандыру оның дағдылы ермегі болатын. Бір арманы балуандық болып, Октябрь, Май сияқты ұлы мейрамдардағы жиында күресейін десе, күшін білетін басқалар «ойбай мертігеміз» деп жоламайтын. Отанды қорғауға әскерлік қатарына алынғанда ол кейіген де, іркілген де жоқ. Неге іркілсін: әскерлікке алынған өзгелер одан кем бе? Отанын ол қорғамағанда кім қорғайды?

Ауылынан аттанғанда, онда жалғыз ғана арман болды: «елді, жерді қорғаған азаматтың қатарында жүріп өлсем арман не? Бірақ, бір арман: «Өзімнен күші он есе кем, сүмірейіп инеліктей қатқан бір фашистің атқан оғы қапыда өлтіріп кетсе обал - ақ!.. Шіркін, қолма -қол ұстасатын күн боп, күші асқаннан өлсем де арманым болмас еді!».

Басына ұялаған осы арман одан әлі ұшқан емес. Жатса да, тұрса да осы арман көз алдында көбелектей елбеңдейді де тұрады; ұйықтаса түс көріп, талай немісті найзалап өлтіріп жүреді. Оның барлауға ауысуы да осы арманына жетудің әдісі. «Жалпы соғыста,— деп ойлайды ол — қашсаң да, қусаң да көптің бірісің, ал барлауда не көрсең де жеке көресің».

Қарт кісілердің «Қыпшақ Жәнібек батыр тілейді екен.

— Құрулы мылтық, құрсаулы жауға кездестір! — деп» дейтін сөздері Расуловтың есінен шықпайтын еді. Бұл жолы ол осы тілекті өзі арман етті. «Екі өлмек жоқ, өлім біреу, — деді ол өзіне өзі, өзенді бойлай тоғай арасымен келе жатып,— өлсем, тірілсем де, осы жолы жаудың бір күштісіне жолықсам екен!»

Осы оймен автоматын көлденең ұстап, тоғай арасына тесе сығалап келе жатқан оның, құлағына адам даусы сап ете қалды. Кенет дыбысқа тітіркенгендей болған ол, аз тоқтай ғап жүрегін орнықтырды да, аяғын жолбарыстай еппен адымдап, тоғайды перделей, дыбыс шыққан жаққа беттеді.

Ол ұзақ жүрген жоқ. Қалың өскен талдың арасымен келе жатса, өзеннің жарланған қабағында, жалаңаш үш адам көйлектерін алдына алып төне қарап отыр екен. Олардың көйлектен аулағандары бит екенін Расулов айқын көрді. Жалаңаштар битті өшіге сығады да бір - біріне былдырлайды. Сөздерінің мағынасына түсінбегенмен, немістер екенін Расулов танып тұр.

Не істеу керек?

Расуловқа керегі «тіл» болса, бұдан оңай тіл жоқ: автоматты ұсынып тал арасынан шыға келсе, олар қаша ала ма? Қашпаса, не істе десең де еркіңе көнбей шарасы қанша?

Расуловтың бір мінезі — өтірік айтпайтын еді. Және бір мінезі — сықаққа төзбейтін еді. «Егер, бұл үшеуін жалаңаш күйінде ұстадым десем — деп ойлады ол,— жолдастарым ғой: «жалаңашқа әлің жеткен, батыр екенсің - ау!» деп мазақтайды. Егер, қаруымен ұстадым да, былай шыға шешіндірдім десем, оған ешкім иланбайды, өтірік айтқан болам!».

Не істеудің қисынын таба алмай, «әлде, әуреленбей, осыларды отырған орындарында бір -бір басып жоқ қылсам қайтеді» деп толқыды. «Онда не бітті — деді тағы да,— қарусыз жауды жеңгеннен не табам?

Ойдағы Расулов жалаңаштың үшеуін де сынап тұр: біреуінің денесі зор, Расуловтан бойының биіктігі бір жарым есе бар десе де сыятын; екіншісінің ұзын тұрқы өзі шамалас болғанмен, кесектігі бұдан көп талдырмаш; ал, үшіншісі шартық тоқтыдай кіп - кішкене бірдеме. Үшеуіне қарап тұрып «не де болса, сонау зорымен ұстассам!» деп ойлады Расулов.

Биттерді сығуға жалықты ма, әлде уақыттары болды ма?— Немістер киіне бастады. Олардың киім өзгешеліктерін Расулов білетін: орта бойлысы — обер - ефрейтор, зоры мен кішкентайы — жабайы солдаттар.

Немістердің киініп болуына шыдаған Расулов, жасырынып тұрған талға келгенде, автоматының аузын нақ тұмсықтарына иіскете тақай қойып:

— Таста құралды!—деп ақырды.

Зор солдаттың қолынан винтовкасы түсіп кетіп, көзі шарасынан шығып шегіне берді.

Зор солдатқа ынтасы көбірек ауған Расуловтың көз қыры, офицердің қимылдағандай болған қолына түсіп кетсе, ол кабурынан маузерін суыра бастаған екен.

— Ә, солай ма?!—деп кекетінді күлкімен мырс еткен Расулов, мылтық даусын шығарғысы келмей, ыңғайы солай болғандықтан, автоматтың, құндақ жағымен бастан періп кеп жіберді. Далия шалқасынан құлаған офицердің бөркі ұшқан оң жақ шекесінен қара күрең қан бұрқ ете түсті, жанталаса сермеген қолынан маузер сонадай ұшып кетті... Тапалды да ол құндақпен бір соққанда талдырып түсірді.

Сол кезде ұзын солдатқа қараса, сүзуге ыңғайланған бұқадай денесін жиыра, желкесін күжірейте, құшағын жаза, саусақтарын тарбита, тізесін бүкірейте адымдап ұмтылып келеді екен.

Бұл зор солдат — немістің шағындау шаруалы фермерінің баласы еді, жасы жиырма бесте. Әкесі жасынан сабаққа бергенмен, оқуға зейінсіздіктен мектеп бітіре алмай, жабайы қара күш қызметкерінің бірі болып өскен. Бірақ, ақылы берекесіз болғанмен, күші берекелі, өзімен күшін теңдестірген кісіні ол өмірінде жолықтырған емес. Күшіне күші теңдеспейтіндер, оны сүйсінсе де, сықақтаса са да «зухштейр» деп атайтын, онысы — «тұқымдық бұқа» деген сөзі.

Расуловқа кездескенше, жауымен жұлқысқан жерде оның абырой алмаған кезі жоқ: Чехословакияда, Бельгияда, Францияда талайларды найзасымен шаншып өлтіргендіктен «зухштейрдің» орнына «ризе» (дәу) атанып, фашизмнің ең үлкен ордені «темір кресттің» кеудесіне үшеу - төртеуін ұдайымен қадаған.

Оның Россия майданына келуі, бірінші рет тапсырмамен жолға шығуы бүгін ғана. Олардың да командованиясынан алған міндеті — қызыл армиядан «тіл» әкелу. Көптен қауіпті зонаға килігіп шешінбегендіктен, кір - қоңы асқынып, киімдері биттегендіктен, жолда жолыққан өз барлаушыларының «алда, жақын жерде қауіп жоқ» дегеніне сеніп қап, денелерін талаған биттерден серілмек боп суға түскен де, содан кейін биттерін жоюға тұтынған. Расулов оларға осы жағдайда кездесті.

Расуловты көргенде «Дәудің» қолынан винтовкасы түсіп кетіп үрейлене шегіне қалуына себеп мынау еді: Россияда одан бұрын соғысқа қатынасқан солдаттардың «Россияның қалмақтары өжет те, мықты да, рахымсыз да» деген сөздері есінде қалған. Россияда орыстан басқа қандай ұлттар барын білмейтін «Дәу»—«қандай адамдар олар?» деп сұрағанда, «түсі пәлендей» деп баяндаушы сипаттаған. Бұрын жаудан шайлығып көрмеген оның жүрегі бұл хабарға тітіркенгендей болған. Әйткенмен, «Россияның монғолдарына» кездесіп шайқасуды ол өзіне арман еткен.

Расуловты алғаш көргенде «Дәудің» қолынан винтовкасы түсіп кетуі — ұшқынды қара көзінің қарашықтары оған көз емес, атылғалы тұрған екі мылтықтың аузы сыяқтанып кетті. Қадалған қара көздер «Дәудің» бойдағы бар күшін сорып алғандай боп, винтовкасы қолынан түсіп кеткен «Дәу», босаған буынына әрең ие болды, тәлтіректеп барып, азар құламай қалды. Егер Расулов сол қадаған көзін жазбаса, «Дәу» не деген еркіне көнетін еді.

Расулов офицер мен тапалды жайратуға кірісіп көзін одан тайдырған кезде ғана «Дәу» есін жинап, не өлу, не өлтіруден басқа айла қалмағанын түсінді де тапалды сұлатқан Расуловты қапыда, сыртынан құшақтай ап, жерге алып соғып ұмаштағысы келді.

Ұмтылған «Дәуге» көзі түскен Расулов, автоматты жерге тастай берді де, «дәумен» айқаса кетті. Қолдары қоян - қолтық айқасқан екеуі де көтеріп әкетем деген үмітпен белдерін тартып көріп еді, қай жағының белі болса да иіле қояр емес, бүкір өскен емендей мыңқ етпей сіресіп тұр. Расуловтан бойы ұзын «дәу» оны иығынан басып шегерем бе деп талаптанып еді,— басқан салмағының астында адам емес, кесектеу бір жартас жатқан сияқты.

«Дәудің» бір әдісі үйіргіш еді. Ол осы әдісін қолданбақ болып, іштегі бір қолын сыртқа шығарып, екі қолмен де ышқырдан ұстап үйірем дегенде, Расулов оны оң аяқпен іштен шалып кеп қалды. Бұрын шалған күрес әдісін көрмеген «Дәу» Расуловтың аяғын тізеден төмен бүгіп әкетіп бара жатқанын сезді де, күш бермеуге тырысып керілген аяқтарын жинады.

Алысып жүрген екеу бұл кезде өзеннің нақ жарқабағына таянған еді. Дәудің ойы Расуловты жағасынан үйіріп суға атпақ та.

Екі аяғын жақындатқан «Дәудің» сол аяғынан өзінің оң аяғын ілезде Расулов шығарып алып, неміс үйірем деп ыңғайланғанша, оң жақ жамбастан сыпыра шалып сілтеп кеп жіберді. Тоңқалаң асқан «Дәудің» кеудеден төменгі денесі жардан аса, өзенге қарай құлады.

Құлаған екпінмен «Дәудің» сол қолы Расуловтың жағасынан шығып кетіп, оң қолы ғана легіп қалды. Леккен қолдың күшімен жардан тырмысып шығам, я жауымды суға ала құлаймын деп дәмеленген «Дәудің» көзіне Расулов жұдырықпен салып кеп жіберді. Көзінің оты жарқ етіп, есеңгіреп қалған «Дәудің» қолы жағадан шығып кеткенде; денесі суға шолп етіп батты да жөнелді. «Қайтер екен?» деп үңілген Расуловтың көзіне аз уақыт шымырлап үйірілген судан басқа ешнәрсе ілікпеді.

Аздан кейін, әртінірек тұстан «Дәудің» судан қылтыңдаған саусақтары, одан кейін жирен шашты басы көрінді. Мана, немістерге ұмтылғанда ойынан шыққан «тіл» деген сөз Расуловтың есіне енді ғана түсті. Ол өзен жағасын қоныстаған ауылда жасынан сушыл боп өскен еді. Байқап тұрса суға малтуға айналған «Дәудің» дәмесі — жағаға шығуда.

Расулов офицердің оңай жатқан маузерін алды да, өз автоматына қарамастан, киімшең қалпымен суға шоп бере қарғыды. Суда жарысқанда ол алдына жан салмайтын еді. Сол жүйріктігінен әлі де танған жоқ екен, құлашын сермей малтығанда «Дәуді» ілезде қуып жетті де, оң қолында көтерген маузер.

— Былай қарай малты, шортаным!— деді ол «Дәуге» маузерлі қолымен жөн сілтеп.

Неміс амалсыз көнді. Расулов оны өзі қалаған жағаға алып шықты...

3

Расуловқа кездескен үш фашисті Бектұрғановтың көзі одан бұрын шалып еді. Сондықтан, төнген қауіпке серігін жеке тастауға қимаған ол, тоғайды бетке ұстай жасырынып, оқиғаның, неге соғарын күтті.

Расуловқа қай бұрын ұмтылған немістен Бектұрғанов автоматының тұмсығын аударған жоқ. Расуловқа төнген ажалды доптай қағуға даяр отырған Бектұрғанов, қашан одан дәрмен кетіп болғанша ісіне араласпауға бекінді.

Расулов немістерді жеңіп шыққанда Бектұрғанов сүйсінді де, қызғанды да. «Штабқа бұл мынадай жетістікпен барғанда, мен немді айтам?» деп ойлады ол. Сол ойдағы Бектұрғанов Расулов еркіне көндірген тілді» алып штабқа жөнелгенде, отырған орнынан тырп етпей қалып қойды.

Аздан кейін жау жақ жобадан естілген күбірге қараса, бір топ солдат пен бір офицер ағашты тасалана келе жатыр екен. Жаудан кісі өлтіру қажет болса, Бектұрғановқа реті келіп - ақ қалды: біреуін емес, бірнешеуін атса да ыңғайға дәл - ақ келді.

Намыстан жетектемпаз не бар! «Расулов тіл алғанда, мен тіл алмайтын нем бар» деген намысты ойға бойын бекіткен Бектұрғанов, орман арасымен манағы жөніне жөнелді.

Ұзақ уақыт оған орманның өзіне арнаулы табиғи көрінісінен басқа, көңіл аударарлық ешнәрсе кездеспеді. Жүре - жүре шаршағандай болған ол, өзіне қауіпсіз - ау деп жобалаған өзен жағасының бір жерінде, сынып құлаған қарағайға кеп отырды.

Оның ойында әлі де Расуловтың табысы: «апыр - ау, — деп таңданады ол,— ауылда жүргенде, қазақша күресті бозбаланың ермегі сияқты көруші ем, оның да соғыстық маңызы зор боп шықты ғой. Манағы ұзын неміс күш жағынан Расуловтан артық болмаса кем емес сияқты. Егер ғой, Расулов қазақша күреске әдістенбесе, немісті оңай жыға алмайды. Мүмкін, өзі жығылып қалуы. Онда не болды? — өлгені емес пе? Осыдан елге аман қайтсам ба, — деп қорытты бұл ойын Бектұрғанов, — қазақша күресті колхозда өзім ұйымдастырып, күрестің түрлі тәсілдеріне жаттықтырмаған жігіт те, бала да қоймаспын!»

Расуловтың қазақша күреске әдісқойлығына сүйсінген Бектұрғанов, «ол тәсілімен мақтанды, ал, мен не өнеріммен мақтанам?» деп ойлады. Оның бойындағы бір қасиет — жаяуда қолы қатты: қандай мықтымын дейтін жігітпен қол қысыспақ ойнаса, уысына түскен алақанды езіп жібереді де, өз алақанын өзгенің қысқан уысына билетпейді. Оның және бір мақтанып айтары — атқа тақымы берік: аударыспақ ойнағанда да, көкпар тартқанда да, ат үстінен ілуде біреулер ғана болмаса, талай қарулымын дейтіндер қозғалта алмайды, винттеп бекіткендей, тақымы аттың ерттеулі арқасына жабысады да қалады.

Өз бойындағы осы қасиеттерін еске алған Бектұрғанов «мен ғой, намыстанып осылай қарай шығып қалдым. Сонда неме сендім? Мерген емеспін, Расуловтай балуандық қасиет менде жоқ. Немістер менімен алақан қысыспақ, я ат үстінен аударыспақ ойнай ма? Ендеше, намыстанғанмен, тілді қалай алам?» деп ренжіді.

Көңілі қобалжыған Бектұрғановтың кейін қайтқысы кеп кетіп, орнынан түрегеліп еді, жаңа ғана сөнген намысы тағы да тұтана қалды.

«Соғыстың өзі — тәуекелдің, майданы емес пе?—деп жұбатты Бектұрғанов жабырқаңқы көңілін,— тәуекелге бел байлап ілгері ұмтылайын, не жөні болар екен!..»

Ол біраз уақыт аяңдағаннан кейін, аралап келе жатқан орманның күнгей шеті ашық далаға шығып, сүйірленген тұмсығы дөңгелене батысқа қарай бейімдеді. Нақ сол арадан өзен орманның, теріскейіне қарай шалқаяды екен. Өзеннің иілген жерінде цементтен жасалған көпір, үстінен асфальтті жол өтеді.

Бектұрғанов қалтасындағы картаны алып қараса, тұрған жері — немістердің тылы.

Бұл түскі сағат төрттердің шамасы еді. Бір жақтан қарны ашқан, екіншіден не хал болар екен күтейін деп ойлаған Бектұрғанов орманның нақ жиегіндегі бір түп қалың шоқты бетіне перделей отырды да, сумкасынан азықтарын алып тамақтануға тұтынды. Екі көзі орманның алаңы мен, алаң арқылы жырағырақта сағымдана бұлдырап көрінген орманда.

Оның жеуге тұтынған азығы қаңылтыр қалбырдағы консерві еді, бәкімен бір жақ түбін ашып көрсе, сиырдың семіз еті екен, күн ыстықтау болғандықтан ба, әлде дененің қызуынан ба — сорпасы бусанып, ет балқып тұр. Асқа қомағайлау Бектұрғанов консерваның сорпасын ұрттай, майлы етті асап жіберіп жұта бергенде, асфальт жолдың орманға сүңгіген жағынан тасқа тықылдата басқан аттардың тұяғының даусы құлағына сап ете түсті. Оның жүрегі қобалжығандай болып, жұта берген еті тамағына түйіліп, өңешінен әрең өтті. Ол консерваны жерге қоя сап, мылтығын оқтана жүре бергенде, шоқытқан жүріспен бес салтты адам көпірден өте берді. Немістер екенін Бектұрғанов көпірден шыға жөнелгенде ғана аңғарды: біреуі офицер, төртеуі солдат.

Орманнан шыға олар аттарын тебініп шаба жөнелді. Беттері алыста бұлдыраған орман.

«Неге атпадым!—деп өкінді Бектұрғанов, немістер ұзап кеткенде,— қалшиып қарап қалғаным не? Ең аз дегенде екеу - үшеуін түсіріп қалатын ем, қап!»

Жауды аман жібергеніне өзін қатты сөккен Бектұрғанов, көзін салттылардан айырмай тұрғанда, шапқан екпінімен жырақта бұлдыраған орманға барып кірді.

Енді ас ішкісі келмеген Бектұрғанов, тамақтарын орап сумкасына салды да, орманның сүйірленген тұмсығына қарай жөнелді. Жағалап барса, оның «тұмсық» дегені, орманның біткен жері емес, бүйірленген бір бөлегі ғана, ар жағы сайға түсіп, мана жырақтан бұлдыраған орманға тұтасады. Одан әрі тағы да қалың орман, ортадағы ашық дала айнала қалың орманның арасындағы арал сияқты.

Ілгергі бетте жаулар барына күдіктенбеген ол, теріскей жақтың жайы қалай екен деп аралап еді, ұзақ жүрмей, немістің блиндаждарына ұшырасты. Еппен еңбектеп жүріп анықтап алды: айнала жаудың бекінісі. Бұл жағдайды анықтаған ол, манағы салттылар барып кірген жөнге жөнелді. Ол тұсқа күн бата жеткен оның алдынан, орманның бір қабат ішін жиектей аққан кішкене өзен кездесті, суы тайыз, жиегі қалың қоғажай. Кейде суға, кейде батпаққа, кейде құрғаққа киліккен ол, қоғажай арасымен жолбарыстай жымып келе жатса, өзен жағасында ер-тоқымы, жүгенімен бір топ жылқы жайылып жүр, сан шамасы жүзге тарта бар. Аттарды бақылайтын солдаттардың біреуі төмпешікті жастана ұйықтап жатыр, екіншісі тізесіне қойған дәптерге әлденені қарындашпен жазып отыр.

Бектұрғанов көзін солдаттан аттарға аударды. Оның әкесі Бектұрған жасынан саяхатшылықты кәсіп еткен, аттың жақсыларын мінген, жақсы атты сынағыш, танығыш адам еді. Әкесінің атты сынайтын сөздері мұның да есінде қалып, ол өлгеннен кейін, ауылы атты бұған сынататын болған, және бұның сынауы теріске кетпей, жүйрік дегені де, желгіш дегені де, мықты дегені де — айтқанындай боп шығатын.

Немістердің оттап жүрген аттарын сынаған оның көзіне, ақбақай қарагер ат өзгеше түсті. Ат — арғымақ та, қарабайыр да емес, будандау, денесі шағын ғана, бірақ, мүше бітіміне қарағанда, желден басқаға жеткізбейтін жүйрік сияқты. Ер-тоқымына қараса — жабайы солдаттың біреуіне мінгізген ат.

Ақбақай қарагер Бектұрғанов отырған қоғажайға беттей оттады. «Я, сәт!» деді Бектұрғанов үміттеніп, ойы серпіліп.

Қоғажайға жақындап кеп, жардан төмен түспей оттаған атты үркітіп алмайын деген оймен, Бектұрғанов жардың қабағына қарай шықты да, жүресінен отырды. Оның көзі ағаш арасында жақын жерде сапырылысқан адамдарға түсті. «Штабы болмағай да» деп жорыды ол.

Сапырылған жұртқа аз уақыт қарап отырған оның көзіне, ағашқа байлаулы атына мінуге ыңғайланған манағы офицер мен қасындағы солдаттар ұшырай кетті. Олар аттарына мінді де, келген жағына қарай жөнелді.

Бектұрғанов еңбектеп ақбақай қарагерге жақындап еді, ат ығысыңқырай беріп тоқтады. Бектұрғанов ақырын жылжып кеп атты ауыздық түбінен ұстады да жетектеп жардан төмен түсірді, өзеннен жетектеп өткізді, содан кейін үстіне ырғып мінді де шаба жөнелді, беті — офицерлер кетіп бара жатқан жақ. Ол кезде, батқан күннің қызыл шапағы қоңырланып, кешкі дала бұлыңғырлана бастаған еді. Бектұрғановтың офицерге жетуге ынтыққан ойына серік болғандай, ақбақай қарагер зымырай шапқанда, тымық ауаны желдендіріп жіберді.

Офицер мен солдаттарға Бектұрғанов жалаңаш даланы жиектей өскен ағашқа кіре жетті. Аттарының шабысы құлақтарын керең қылғандықтан ба, әлде маңайларын қауіпсіз көргендіктен бе — офицер де, солдаттар да арттарынан қуып жеткен Бектұрғановты абайламады.

Жауларға жақындай, ашуын ақылға билеткен Бектұрғанов, арттағы солдаттарды сыпырта басып озып, алдында келе жатқан офицерге жанаса беріп, жауырыннан қапсыра жұлқи жөнелді.

Ат үстінен аударылып кеткен офицер, не халге душар болғанын Бектұрғановтың тақымына басылғанда ғана білді. Бірақ, кім екенін көпке дейін шамалай алмады, тақымнан босайын десе, тастай берік!..

Солдаттар да алғаш не хал болғанын аңғармай қалып, офицер тақымға түскеннен кейін:

— Жау!—деп айғайласты біріне - бірі,—қу!.. Ат!..

Аттарға қамшы басылды, винтовкалар сатыр - күтір атылды. Бірақ пайдасыз қимыл болды бұл. Олар қимылға кіріскенше, Бектұрғанов орманға сіңіп кетті... Одан әрі бөгет жоғына ол берік сенді... «Бұл да бір жақсы тіл болды!» деп қуанды ол ішінен.

Август, 1942 ж.