Әдебиет
Қазақ әдебиетінің тарихы
Қазақ әдебиеті, барлық жұрттың әдебиеті сияқты, екіге бөлінеді: біріншісі – ауызша әдебиет, ел ақындығы. Екіншісі – жазба әдебиеті. Ел ақындығы не ауызша әдебиет: елдің жазу өнерін білмей жүрген кезінде шыққан сөздер. Жазу өнері болмаған соң, ол елде ғылым, мәдениет те тумаған болады. Ондай елдің өнер, білімі бір ауыздан екінші ауызға көшіп, сонымен сақталады. Жалпы білім деген нәрсесі, алдыңғының артқыға тастап келе жатқан ата мұрасы сияқты, ауызша әңгімелерінен құралады. Сол ретпен ескіліктен қалған сөзді, өнер иесі болған арнаулы жалғыз адам ғана біліп қоймайтын, жалпақ ел болып үйреніп, түгелімен есінде сақтайды.
Ол кездің өнерін жалпақ ел түгел ұғынатын болғандықтан, екінші, кейінгі ұрпақтың түгелімен алатын білімі, тәрбиесі де сондайлық көпке бірдей болып айтылатын жалпы әңгімелерден жасалатындықтан, бүкіл бір елдің жалпы дүниеге көзқарасы да, өткен өмірді түсінуі де бір-ақ түрде болады. Кейінгі буын өмірді түгелімен алдыңғыша түсініп, соларша тәрбиеленеді. Сондықтан ауызша әдебиеттің ішінде елдің белгілі ұғымын білдіретін, жалпы дүниеге көзқарасын сездіріп, өткенді қалай түсінуін көрсететін сөздің барлығы да бір-ақ адамға тиісті өнер емес, ол – көптің өнері. Жалпақ елдің сыбағасына тиетін өнер туындысы.
Рас, бүгінгі салт өлең мен батырлар өлеңдері болса, соның барлығын жалпақ ел болып отырып шығарған сөздер емес, оның жеке шығарушылары бар. Бірақ бұл шығарушы ақындар сол сөздердің ішінде жалғыз өзінің көзқарасын, жалғыз өзінің ғана ұғымын айтпайды, олардың өлең, жыр ішінде айтатыны – түгелімен жалпақ елдің ұғымы мен жалпақ елдің көзқарасы. Айтатыны – көптің қарадай айтып жүрген сөзі. Сондықтан өлең қылушылар ауызша әдебиеттің құр ғана жақсы айтушысы, құр ғана әңгімешісі болады.
Ел ақындығын жасаушылар солар деп санауға болмайды. Сондықтан: 1) Ауызша әдебиеттің шығарушысы жалпақ ел дейміз. Ауызша әдебиет жұрнақтарының арнаулы шығарушысы жоқ. 2) Ауызша әдебиеттің барлық жұрнақтары күйге өлшеніп, арнаулы әнмен айтылады. Сол себепті оның сыртқы түрінде жазбадан айырмасы бар. Ол желпініп, желдіртіп айтылады. 3) Ауызша әдебиетте бір жаққа қарай беттеген арнаулы бағыт болмайды. Оны елдің дін нанымы, елдің белгілі салты, әдеті туғызады. Сондықтан ауызша әдебиет бірнеше түрге бөлінеді.
Ауызша әдебиет түрлері
1) Сыршылдық салт өлеңдері.
2) Әңгімелі өлеңдер (батырлар әңгімесі, ел поэмасы, тарихи өлеңдер).
3) Айтыс-тақпақ.
4) Ертегі, мақал, мәтел, жұмбақ.