24 Қараша, Жексенбі

Әдебиет

Мұхтар Әуезов

Мұхтар Омарханұлы Әуезов – қазақтың ұлы жазушысы, қоғам қайраткері, ғұлама ғалым

Оқыған азамат






I

Суық қыстың орта кезі. Күн түске тақап қалған. Аспанда бұлт жоқ, ашық. Жарығы көз тайдыратын нұрлы күн бүгін жазғы түріне түскендей болып өзгеше жарқырап тұрса да, ызғарлы қар, суық ауа қызуын жоғалтып, жарығына жансыздықтың табын басып тұрғандай.

Жер қарлы. Үш-төрт күннен бері қарай айықпаған шыңылтыр аяз бүгін де сықырлап білініп тұр. Күншығыстан соққан баяу жел суықтың көрігіндей болып, ызғарды көбейте түсті. Кейде сүйкеп өткен салқыны бетті шымырлатып, денені тоңазытады.

Тұрғын халқының көбі қазақ болған Сібірдің кішілеу қаласы қыстың ақ киімін даламен бірге жамылып, жабайы табиғаттың жайлы күйін күйлегендей.

Бар үйдің төбесін күпсек қар аппақ болып басып алған. Кейбір кішкене үйлерді, көп қоймаларды қалың қар жал секілденіп басыпты. Көшенің қары жүргіншілердің табанымен тапталып ысқаяқтанған. Басқан сайын шыныланып сықырлап, кейде шатынағандай болып шытырлайды.

Бұл қала Сібірдегі үлкен өзендердің бірінің сол жағасында орнапты. Ретпен салынған сұлу қала емес. Орта жері болмаса, шеттерінде тәртіп жоқ. Оның үстіне шет шетіне шашыратып салған қазақтың жер үйлері тәртіпке ұқсаған сиықтың бәрін бұзып, қаланың шеттерін түйенің жыртылған ескі жабуындай жалба-жұлба қылып ыдыратып, тоздырып тұр.

Қаланың ортасында базардан суға қарай түсетін Земский көшесінде қазіргі сағатта жүргіншілер сиреген, иесізденіп тұр. Анда-санда әлдеқандай уақ тері-терсекті пұшпағынан сүйретіп, қыл-қыбырын арқалап, базарға қарай аяңдап бара жатқан бірен-саран жаяу алыпсатарлар ғана көрінеді. Кейде шанасын сықырлатып, жеккен түйесін божылап, «шүу-шүулеп» келе жатқан қырдың қоңырқай пішінді қалашылары кездеседі. Бұлардан басқа көзге түсетін көп жүргінші жоқ.

Осындай бірқалыпты күйде бірталай уақыт өткен соң, көшенің төменгі жағынан шығып, базарға қарай беттеп келе жатқан бір шаналы көрінді.

Жеккені — кәшауа шана. Алдына отырғызған көшірі бар. Бұл келе жатқан осы қалада қызметте тұрған оқыған жігіттердің бірі Мейірхан еді. Әлгі.көшемен тура жүріп келіп, базарға тақалған жерде оң қол жақта тұрған көк шатырлы кішілеу көк үйдің қақпасына келіп тоқтады. Ат тоқтаған жерде Мейірхан шанадан түсіп, үйге қарай жылдам басып жүріп кетті. Жігіттің пішініндегі томсарған кейісіне қарағанда, қабағы түксиген жүдеулікке қарағанда, бұл келген үйінде бір оқиға болғанға ұқсайды. Мейірхан әуелгі бетімен үй алдына кіріп, содан ішке кіретін есікке тақап қалғанда, алдынан есік ашып, бір жас әйел шықты.

Сәнді киінген сүйкімді пішіні бар жас әйелдің түсінде де әлгіндей кейістің таңбасы бар. Түсінің ажары кетіп, қатты жүдеп, ақсұрланған. Қабағы болымсыз түйіліп, уайымның сызынан шытынған. Жұмсақ қара көздері кішірейіп, жасаңданған. Жиі кірпіктерінде жаңа ғана шыққан көздің жасы білінеді. Мейірхан бұл әйелді көрген жерде тоқтай қалып:

— Немене, Қадиша, қалай? Неғып жүдеп тұрсың мұнша?— деді.

Қадиша түксиген қабағын жазбастан, үмітсізденген пішінмен ақырын:

— Сағат сайын төмендеп барады, білмеймін: жазыла ма, жоқ па?. Бүгін таңертеңнен сізді «әкеп бер» деген соң әдейі кісі жіберіп едік,— деді де, көзіне мөлтілдеп жас келген соң, төмен қарап кетті. Мейірхан жұбатқан болып, бір-екі ауыз сөз айтты да, үйге кірді.

Кішілеу екі бөлмелі үйдің төргісінде, биік төсектің үстінде қатты ыңқылдап, шыдамсызданып Мақсұт жатыр. Беті ашаңдап жүдеген. Әншейіндегі ақсұр түсі күреңденіп ісінген. Көзі қанталап, жастанып апты. Қысқалау қою қара мұрты, сұлу қара қасы, қайырған ұзын қара шашы да қатып қалғандай болып, жабысып жансызданған сияқты. Еріндері іштегі қызумен кебірсіп, жарылып, қарауытып қапты. Еті қашып, арыған жіңішке қолдары қазірде дірілдеп, бір жерге орнықпай, ауру кеудесін сипалай береді. Қолдарының түсі сарғыштанған, тырнақтары көкшілденіп қанталап тұр.

Мейірхан жолдасының осы пішінін көргенде ішінен тынып, жүдеп келіп, қасындағы орындыққа зорға отырды. Біріне-бірі қоштасқандай болып, қалың уайыммен аз қарасып отырған соң, Мейірхан күрсініп, Мақсұттың жайын сұрай бастады.

Мақсұт бәсеңдеп қарлыққан даусын қатайтпақ болса да, шамасы келмеді. Сөзіне көбінесе сыбыр араласып, не айтқандары ұғымсыз болды. Мейірхан сөзін ұқпақ болып тыңдаса да, ешнәрсе ұға алмады. Аздан соң Мақсұт шатасыңқырап, сандырақтай бастады. Сөзінің көбі сау күнінде істеп жүрген қызметі, оқытып жүрген сабағы, тәрбиелеп жүрген қазақтың балалары туралы. Әлсіздікпен сыбырлаған шалажансар сөздерінің арасында: «Балалар... жетім қала... Мен еңбек сіңіре... алмадым... Енді міне!..»—деп, кеудесі мен ішін сипап: «Өзім де екіталайдың үстінде жатырмын!»—деп Мейірханға қолын созып, бұның қолынан ұстап: «Мені сөкпейсіңдер ме?.. Менде жазық жоқ қой...»— деді де, соның артынан қайтадан шатасты.

Мейірханның көзінде жас толы еді. Аузына жұбатарлық сез тимеді. Ауру жолдасының көңілі үшін айтқан: «Жазыласың, өлімді ойлама!»— деген сөздері жасып, әсерсіз болып шықты.

Аздан соң төргі үйге Мақсұттың кемпір шешесі мен келіншегі — Қадиша кірді. Қадишаның қолында кішкене баласы бар. Екеуінің ішінде де үміт пен қорқыныш жеңісе алмай алысып тұрған сияқты, сенімсіздік білінеді. Жалғыз баласы Мақсұттан басқа сүйеніші, тілеуі жоқ әлсіз сорлы шешесі көкірегі қайғы-шерге толып, көздері мөлтілдеген улы жасқа толып, жаутаңдап, қуат көмек сұрағандай болып, Мейірханға қарай береді. Мейірхан жұбатпақшы болып, тағы да бір-екі ауыз сөздер айтты. Бұлардың бәріне, Мақсұттың нашар науқасының үстіне, түйін болған нәрсе — бүгін таңертең доктор келіп, ауруды қарап: «Емдеуден өтіп кетіпті, өледі», — депті.

Сондықтан бәрінің іш күдігі күшейіп тұрған. Шешесі үйге кіргенде Мақсұттың көзі түсіп, апасына біраз қарап жатып, артынан шыдай алмай көзін жұмып, ірге жаққа басын бұрып әкетті. Туысқансыз, жақынсыз жалғыз қалатын сорлы анасының көрер күні қандай болатынын Мақсұт ойлағандай. Аздан соң басын қайта бұрып алып, шешесіне қарап:

— Өзгенікі — өзге ау, сенің күнің не болады? Сені кімге тастаймын?.. Алдымда өлмедің ау!—деп басын шайқап жылағандай болып, кемсеңдеп, тағы теріс қарап кетті. Шешесі даусын шығарып жылап жіберді. Қадиша кейінірек тұрып, көзінің жасын анда-санда сығып алып тұр еді.

Осы халде біраз уақыт өткен соң есік ашылып, үйге Мақсұттың тағы бір-екі жолдасы — Жұмағұл мен Ақтай кірді. Бұлар үйдегі суретті көрген соң, біраз сөзбен аурудың жайын сұрасты да, үндемей мұңайып отырып қалды. Мақсұт ірге жаққа қарап жатып, басын бұрмай:

— Қадиша... өлмейді. Бірақ ол сенен туған жоқ... Басы көп, бай төркіні бар. Ең болмаса, соларға кетіп қалады ғой. Сені о да жылатар...

— Неге үйдейсің, жарығым, жалғызым?..— деп, қатты жылай бастап еді. Мақсұт:

— Апа, жыламашы, ана үйге баршы...— деп сыбырлап:—Жүрегімді көз жасың өртеп барады ғой...— деді. Мейірхан мен басқа жігіттер де бұл суретті көру қиын болғандықтан, көзінің жасы жерге тамшылап тұрған кемпірге:

— Жыламаңыз, қиналады ғой... Бара тұрыңыз!—деп, ақыл айтты. Кемпір:

— Жарығым... жата ғой... Жалғызым!.. Қарашығым, жата ғой!.. Мен құрғыр кетейін,— деп, ауыр күрсініп, шығып кетті. Қадиша үндемей тұрып, енесінің артынан бірге шықты.

Мұндай күйге жүрегі сезімді Мейірхан қатты жүдеп отыр еді. Сорлы кемпірдің күйін ойламайын десе де, көңілі еріксіз ілгері қарай басып, келешектің әртүрлі суретін көз алдына елестете бастады. Келген ойы: «Мақсұттың өлетіні рас, кемпірдің сорлы болып зарлайтыны да шын. Мына жас қатын жолдасының рухын сыйлап, бірге қайғы жеп отыра ма? Отырмайды. Бұл және қала қызы... Біреумен кетеді, ә?»,— дегендей ой ойлады.

Кішкене үйдің ішіндегі бұл секілді күдікті ауыр хал көп күндерге созылған жоқ. Еңсесі кеткен ауру күннен күнге төмендеп кетті. Сөніп бара жатқан шырағдан отындай бәсеңдей берді. Бір күні түске таянған мезгілде демалысы жиілеп, кеудесіне сырылдақ пайда болды. Ауру әлсізденді, енді денесін де қозғай алмай, көзін анда-санда ашып-жұмып сұлық жатты.

Баласы бұл күйге жеткен соң, көп өлімді көзі көрген кәрі шешесі жалғызынан күдер үзе бастады. Намазда күндіз-түні дұғаның орнына жалғызының атын атап, сыбырлап, жалынып тілеуден босаған жоқ еді. Бос отырғандай болып, үй іші оңашаланып жалғыз қалса, көзінен үнсіз жасын ағызып, кейде кемсеңдеп жылап та алады. Тілек пен қайғыдан тозған жүрегі алдында жылжып тақап келе жатқан қауіпті ойлап езіледі.

Бірақ ешнәрсенің көмегі болған жоқ. Көптен күткен қаһарлы ауыр, суық сағат жылжып келіп жетті. Мақсұттың демі бітуге таянып, денесінен жан кете бастады. Бір уақыт аяқ-қолы мұздап, демі біткендей болды... Қасында телміріп қамап отырған жақыны мен таныстары күдерді әбден үзгендей болып еді. Сол халде біраз уақыт өткен соң, Мақсұт қайтадан ақырын көзін ашты. Кезінің қарасы жоғары шығып, аласы көбейген сықылды. Сүзілген суық көзімде мойынсынып көнгендік бар.

Өз халін шын ұға алмағандай болып, сыбырлап:

— Бармын ба, жоқпын ба?..— деп аздан соң көзін қайта жұмды. Жұрттың күдігі ұзаққа созылған жоқ. Түсі аз-аздап суи бастап, көзі шала жұмылып, бір араға қадалып қатып қалды... Еріндерінің арасы ашылып, тісі ақсиып, бетіне өлім таңбасы басыла бастады. Кешікпей үзілді... Үй іші у-шу болды... Кемпір халі бітіп, талықсып кетті. Осы халдің бәрін көз алдынан өткізген Мейірхан, Жұмағұл, Ақтайлар да шыдай алмай, бірге жыласты.

Жұрттың бәрі сол күні-ақ Мақсұттың өлімінен хабарланды. Оқыған жігіттер мен қаланың басқа халқы да азаматты шын аяды. Жолдастарының көбі қайғыланып мұңайды... Жұрттың бәрі де:

— Қалада өскен жігіттің адамы осы еді, бишараның шешесі сорлады ау!—деп, шынымен назаланғандай болды.

Ертеңінде Мақсұттың жаназасын шығаруға көп жұрт жиналып еді. Азаматқа ақырғы қарызын өтемек болған оқығандар, жолдастары түгел жиылып келді. Бәрінің түсі уайымды... Қабақтары салбыраңқы, жүдеу...

Біраз уақыт өткен соң, жиылған жұрт өлікті көтеріп алып, зиратқа қарай жүріп кетті. Зиратқа жеткен соң, ерте бастан қазулы даяр тұрған, қасында үюлі жаңа топырағы бар, азынаған суық көрдің қасына өлікті алып келді. Көп жастар көрге бір-бір қараған соң, шыдай алмай теріс айналып кетісті. Бейіт басында бірқалпынан аумай, құтырған сияқтанып желігіп жүрген молдалар ғана. Бұлар қызылды сезген қарақұстай жанталасып жүр. Шын рақымсыз, тастай суық адамдар секілденеді. Өліктің үстіне жапқан шапанға, басы мен аяқ жағына салған орамал шүберекке таласады.

Аздан соң Мақсұтты жалғыз қабат ақ кебінге ораған күйінде лақаттап қазған көрдің түбіне апарып салды. Бер жағына бір кірпіштен соң бір кірпішті қойып, телмірген көздерден денесін жасыра бастады.

Осы халдің бәрін де көздерімен көріп тұрған оқығандар бір-бір ауыр күрсініп алып, салбыраған пішінмен үйді-үйлеріне тарасты.

II

Күндер өтті... Ауыр айлар да жылдай жылжып, біртіндеп өтіп жатыр. Жаз келіп, көк шығып, дүние жасарған. Күн бұрынғы көркіне түсіп, қызуымен жер жүзін жандандырып қуантады. Жапырақтары жетіліп, жазғы жасыл киімін киген ағаштар бір-бірімен мың түрлі тілмен сөйлесіп, сырласа теңселеді.

Жылы күнге қуанып, ойнап ұшқан құстар табиғаттың бір түріне арнаулы мақтау өлең айтып былдырлаған нәзік тілімен қошеметін көрсетіп жүр. Адамның да көңілі көтеріңкі, желігі көбейгендей... Бірақ Мақсұттың үйіне желікті дүние әлі әсерін берген жоқ. Мұңлы кемпірдің шер уайыммен сарғайған жүзі, қайғымен түксиген қабағы бір қалыпта қатқандай, тасқа түскен таңба секілді. Кешке шейін тыныштықта тұратын кішкене үйдің ішін күрсінгенде кеудесінен шыққан жалын өртеп кеткендей болады. Жас Қадишаны үй ішіндегі ауырлық мойнына байлаған тастай басып, еңсесін көтертпейді. Ол бұл күнде сарылып отыратын ұзақ қайғыдан арылған. Жалғыз-ақ құлазып тұрған иесіз үй, жетімдіктің суреті секілденіп отырған қайғылы кемпір үйге кірген сайын иығын көтертпейтін секілді. Бұл екеуінің ортасында әзірге жамау болып тұрған — Мақсұттан қалған кішкене әйел бала — Жәмила... Қайғыдан кемпірдің көңілі азырақ сергіген уақытта екеуі де баланы ермек қылып, алдарына алып, алданыш еткен болады.

Мейірхан бұл үйге Мақсұт өлген соң көп келген жоқ. Қашқалақтағандай.

Бұрынғы Мақсұттың жолдастарынан осы күнде бұл үйге көбірек келетін — Жұмағұл мен Ақтай. Бұлар әуелгі кезде үйге келгенде қайғылы болып отырысып, жүре-жүре үйренген соң, аз-аздап әңгіме айтып, кейде Қадишаға оңашарақта күлдіргі сөздер айтып та қаралы әйелдердің көңілдерін көтеріп кететін болған.

Соңғы уақытта Жұмағұл жалғыз да болса келгіштеп, әртүрлі әңгімемен Қадишаның көңілін қайғыдан біраз сергітіп кететін болған. Жаратылысында қу, сөзінде шынынан өтірігі көп Жұмағұл соңғы күндерде әңгімені Мақсұт жайынан айтпай, көбінесе өзі көріп жүрген жастық қызықтарын айтқыштай беретін болған. Мақсұт жайын кемпірмен ғана сөйлеседі. Оған да «жақсы бала» болып көріне бастады. Қадиша аздан соң Жұмағұл әңгімесінің артынан елегізіп қалатын болды. Әңгіменің әсері бойына күннен-күнге сіңіп бара жатқандай. Сырты қаралы болмаса, ішінде қаралы көңіл таусылған сияқты. Төсекке жатқан сайын аунап, қызып ұйықтай алмай жатқанда, ойын қайғы билемей, көмескі үміт пен қызу билейтін әдет болды. Ойланса — артын ойламай, алдын ойлауы көбейді. Сол ойлар жиілеген сайын тұрған үйі суықтанып, көңіліне жат тартқандай бола берді. Қазіргі халі: «Қызықты енді көремін, өмір дәмін енді татамын!»—деп сансыз үміт, сансыз қиялды ойлап келе жатқанда, бір қатал қол рақымсыздықпен қатты ұстап алып, әлдеқандай құлап, тозып, қуарған ескі моланың ішіне бекітіп тастап кеткен тұтқын адамның халіндей көрінеді. Мұның бәрі жақында болатын үлкен өзгерістің алдындағы басқыштары еді.

Бір күні Мейірхан қызметтен қайтып келіп, төсегінде жатыр еді. Үйіне қазақша киінген жастау жігіт кірді де, қолына бір кішкене хат тапсырды. Мейірхан ашып оқыды.

«Мейірхан жолдас!

Ертең сағат 12-де біздің тойға кел. Сен естіген шығарсың, мен Қадишаны алатын болдым. Құдай ұрып, сөзіміз осылай болып қалды.

Жұмағұл».

Мейірхан есі шығып аңырып: «Не дейді?»—деп, хатты қайта-қайта оқып, тұрып қалды. Жігіт шығып кетті. Мейірхан басына тас тигендей болып сандалып, әрі-бері аласұрып жүрді де, аяғында айласы құрып отыра қалып, хаттың үстіне ірі жазумен: «Бармаймын, тойың құрысын!» деп, қысқа түртіндісін қондыра салып, отырып қалды.

Ертеңінде Мейірханның үйіне тойға бара жатқан екі жолдасы кірді. Екеуі де жақсы киінген, ақ жаға салып, иіс май сепкен, тойға бара жатқандай ақ ажарлы, көңілді.

Мейірхан бұларға: «Бармау керек. Бұл нәрсіздік. Кеше Мақсұттың тойын тойлап, бүгін оның қатыны мен Жұмағұлдың тойын тойламақшымыз ба?»— деп еді, бірақ оған жолдастары болған жоқ. Олар: «Қойшы идеалист болмай! Барамыз да тамаққа тоямыз, кішкене ішеміз, неменесі бар?»—деп, Мейірханның аузын аштырмады. Біраздан соң Мейірхан да отырып отырып көніп, бәрі де бірге жүріп кетті.

Той қызулы болып жүріп жатыр. Жұмағұл мен Қадиша түк көрмегендей болып құлпырып кеткен. Келген жұрттың бәрі де ешнәрсе болмағандай шын көңілдерімен «құтты болсын!» айтып, екі жастың қуанышын қызықтап кетті. Аздан соң ішіп алған жұрттың бәрі де мас болды, у-шу, жыр, айғай, күлкі көбейді.

Қызып, мас болған соң Мейірхан бір кезде түрегеліп, жұрттың бәрін тоқтатып, өзіне қаратып қолына рөмкесін алып:

— Мен сендерді Мақсұт үшін ішуге шақырамын... Жасасын Мақсұттың аруағы!—деді. Жұрттың бірталайы күлді. Жұмағұл мен Қадиша қоса күлді. Бірталайы ойына ешнәрсе алмай, бірге ішіп жіберді. Мейірханды қасындағы жолдастары «тыныш отыр» деп, аяғынан тартып, мазақ қылып күліп, отырғызып қойды. Мейірханның жолдас қарызын өтегені сол еді...

Аз күннен соң Жұмағұл мен Қадишаны қайын атасы Қондыбай қатын-баласымен түгел жиылып келіп, қырға қарай шығарып салды. Жаңа қосылған жастар елдегі Жұмағұлдың үйіне баратын болған. Қоңыраулы тройка Қондыбайдың қақпасынан шылдыр қағып шыққанда, қарсыдағы Мақсұттың үйіне Жұмағұл қомағайланған көзбен қарай түсті.

Мақсұт өлген бөлменің терезесінен сорлы шешесі бұл күйді көріп, екі көзінен жасын өзендей ағызып, телміріп қарап, қадалып отырып қалды.

Жастарды шығарып салған оқыған жігіттер қалжыңдасып, күлісіп, бұл терезенің алдынан бөлек-бөлек болып өтіп жатыр...

III

Майдың күні. Көк жетіліп, гүлжапырақ молайған. Жаңа шыққан алкүрең жасыл шөппен дала жасарған. Былтырдан қалған қу шөп азайғандай, анда-санда болмаса, көзге көп ілінбейді Оның орнын қазіргі күнде аласа бетеге, жасыл тарлау, шашыраған жас көде, шашақталған жас сасыр басқан. Жасыл кілемнің түріндей көрікті далада әр жерге шашырап шыққан қызғалдақтың сары гүлдері көз қуантып, жайнап тұр.

Үлкен таудың қолтығындағы жіңішке өзек пен ұзын сайлар да жылдағы сұлу көркіне келіп жаңарған. Жапырағы жетілген жас қайың, өзекті қуалап өскен ұзын тоғай, тасқыны басылмай, сарқырап аққан ойнамалы жүйрік өзен, бойы өсіп, бұраңдап толқындаған жасыл шалғын, өзектің екі жағындағы қатарланған биік жартас, өзек бойында ойнап ұшқан жыршы құстар — бәрі жиналғанда, сайды жаңа түскен жас келіншектің отауындай жайнатып, жасартып тұр.

Биыл бұл өлкенің суы да мол еді. Сонау ойда, көз ұшында, жарқыраған — шарасынан суы асып, айнадай мөлдіреп жатқан көл көрінеді. Жағалай жүрген мал шашырай жайылып, көл айналасын шұбарландырып жүр. Жарық күнде шаңқиып көрінген ақ ауылдарды сағым көтеріп, кейбір үйлер жұмыртқадай болып көрінеді. Жайлауға қарай жаңада беттеп көшкен ел Шыңғыс тауынан асып келіп, күнгейде отыр. Ауыл-ауылдың бәрі дырдуы мол, көңілді.

Қыстан мал күйлі шыққандықтан, жазғытұрымғы көкке аз күн ішінде семіріп алған ат-айғыр, ту биелер осы күні міністе. Екі-үш кісінің басы қосылса — жарыс, аударыс, ат сынасу, күш сынасуды ермек етеді. Күнгейге келгеннен бері қарай ауылдың үлкендері: «Құлындар жетіліп қалды, жайлауға қымызсыз барғанның орны жоқ, енді бие байлау керек!»—дескен болатын. Сондықтан биесі бар ауылдар ноқта жіп есіп, саба тігуге қатын-қалашты жиып, науқан қылып жатыр. Сол сияқты қамға Жұмағұлдың ауылы да екі-үш күннен бері қарай кіріскен еді. Бірақ Жұмағұлдың шешесі Қамария жас күнінен шаруақорлықты сараңдыққа жеткізген, күтімділікті пайдакүнемдікке жеткізген, мінезі қатты, дүниеге пысық бәйбіше болғандықтан бұл жолы науқанда да қыл-қыбырын көп шығармай, шығындамай, керек нәрселерін тез қамдап алды.

Сондықтан Әміре ақсақал бүгін ауылдың жанындағы көгалға жылқысын иіртіп, бие байлатып жатыр. Желі басында ауыл-үйдегі көрші-қолаңды, кедей-кепшік болмаса, басқа ауылдардан келген бөтен қыдырмашылар жоқ. Әміре шығын шығаратын қошеметшіні жек көреді. Бұл мінезін білетін ағайын мұның істеген науқандарының көбіне келгіш болмайтын.

Қыс бойы құрық көрмей асаусып қалған ірі жылқылары да, араларындағы асау құлындар да желі басына тұрмай шұбырып жүре бергендіктен ақсақал әуелі қашаған биелердің құлынын ұста деп бұйрық берді.

Ыңғайлы жіңішке құрыққа мықты бауды тағып алып, жылпос жылқышы топтанып ығысып келе жатқан көп жылқының ішінде қақтығып жүрген құлындарға нұсқаған сайын құрығының бауын дәл түсіріп, жас құлындарды бірінің артынан бірін шыңғыртып, тулатып, ұстап байлатып жатыр.

Құрық көрмеген асау құлындардың кейбіреуі құрық тартқанда аспанға шапшып шыңғырса да, жылқышының мықты қолдарының қайта серпіген екпінімен шалқасынан түсіп, тыпырлап қалады. Әміре құлын жығылған сайын: «Бісміллә!» деп, орнынан ата жүгіріп, жылқышыға: «Мертіктіріп алма!»—деп, құрақ ұшып жүр.

Бие тегіс байланып болған кезде ауылдағы қатын-қалаш бұл елдің бұрыннан келе жатқан ырымын істеп, үйден табаққа салып, құрт-май алып келді.

Әміре үйірі мол айғырларды ұстатып алып, сауырларына айран жақтырып қоя беріп, желі басына топталып жиылып қалған жұрттың ортасына келді. Жас-кәрінің бәрі де қатындар әкелген құрт-майды жабырласып жеп жатыр.

Аздан соң желі басында отырып, жұрт бір-екі күннен бері қарай естіп жүрген әңгімелеріне көшті. Бұл әңгіме қалада Жұмағұлдың қатын алғандығы жайынан еді. Қаладан бұл ауылдың өзіне келген әлі анық хабар жоқ. Бірақ басқа бір ауылдарға келген қалашылар: «Жұмағұл қаладағы Қондыбайдың қызын алды. Жасау-жабдығы барынша мол көрінеді. Бұрынғы күйеуі өлген көрінеді, содан қалған кішкене қызын да Жұмағұл қолына алыпты. Өлген жігіттің бір кемпір шешесінен басқа жақыны жоқ, бір басына бай жігіт екен. Қалада көк шатырлы үйі бар білем. Енді мына кішкене қызды алған соң, сол өлген жігіттің қалған мүлкіне Жұмағұл ие болады деген сөз бар. Қыздың әкесі Қондыбай «қалған мүлікке менің қызым ие болады» деген сөздің шет жағасын шығарып та жүрсе керек. Сонымен Жұмағұл «бір-ақ күнде дүркіреген бай болып шыға келгелі тұр» деген қуанышты хабар дүңкілдеп Әміре ақсақал мен Қамарияға естіле бастаған. Бұлар қуанып өрекпіген кісінің мінезін көрсетпейміз деп, ішінен «шүкірана» қылып, сырт кісінің бәріне:

— Е, алса алсын байдың қызын! Ол немені біз оқытқанда, «ылғи бізден шығын шығара бер, кемпір-шалдың қолындағы азын аулағын тауыса бер» деп оқытып па едік?!» «Мал тап, бізді асыра!»—деп оқытқанбыз. Осы күнге шейін қара тиын табыс тапқан жоқ. Енді қашан көмегі тиеді бізге? Бұдан былай мал таппаса, үйге де жолатпайық деп жүр едік. Соны естіген ғой!— десіп, іштегі жұбаныштарын сыртына монтаны күйініштің сөзімен шығаратын. Қазірде де желі басында отырған жұрт:

— Жұмағұл келіншегімен бір-екі күнде келеді, солар келгенше, қымызды ашытып қою керек. Бұлар бұл жолы сый болып келеді, күту керек!—десе, кейбіреулер:

— Анау өлген жігіттің дүниесіне ие болып отырған — жалғыз ғана кемпір, оны да ала келсеңші! Кемпірге басын күтетін кісі болса болмай ма, оған енді дүние не керек?—деген сөздерді де айтыса бастады. Қамария ешкімге айтпаса да, бұрын ішінен ойлап жүрген есебінің бірі осы болғандықтан:

— Кемпірге менің баламнан артық бала бар ма? Жұмағұл оны асырап-сақтауға жарамай ма, тіпті қолымда тұрсын десе, қолына-ақ берейік Жұмағұлдың. Ол кемпірі ақылды болса, енді Жұмағұлды бауырына тартуы керек емес пе?— деді.

Әміре бұл сөздің жарыққа шығып, көп жұрттың талқысына түскенін жаратпады. Сондықтан әншейінде көп қарсы келмесе де, Қамарияны тоқтатып:

— Қойшы, қатын, күні бұрын жоқтан өзгені сөйлей бермей, құдайдың бір жазғаны болар!— деді.

Қырдың дағдылы салтынша қиын сөздің бәрін жарыққа шығарып, оңай сөз қылып сөйлеп отыратын машықпен қазіргі жиылып отырған еркек-ұрғашының бәрі де Әміре мен Қамарияның біріне-бірі айтпай, ақырын құпия қылып ойлап жүрген жайларының бәрін қоңыраулатып, сыртқа шығарып отыр. Бұлардың көз алдарына үлкен байлықтың, салтанаттың да қызықты суреттерін елестетті. Бірақ ішінен тақыс есебі арылмайтын Әміре көрші-қолаңның бір жағы — тілеулестік, бір жағы — қошеметшілікпен айтып отырған сөздеріне көп желікпеді. Ол сыртына сөз шығармай, жұрттың барлық сөзін үндемей тыңдап отыр.

Осы ретте желі басында бірталай уақыт өткізген соң, жұрт біртіндеп тарай бастап, аяғында бәрі де үйлеріне қайтты.

Арада біраз күн өтті. Күн кешкіріп батуға тақалған уақыт еді. Әміре құдық басында тұрып, кешкі суға келген жылқыны суартып, алдын солтүстік жақтағы ащылы ойға шығартып тұр. Ауыл жақта жаңа жамыраған қозылар у-шуымен дүниені азан-қазан қылып, жаңа ғана қорадан өріп барады. Қамария қой сауып келген қатындарға әмір қылып, есік алдында тұр еді. Қасына қозышы бала шауып келіп:

— Шүйінші шүйінші, апа! Жұмағұл ағам келіп қалды,— деді.

Бұл сөздер естілген жерде ауылдағы барлық жан ұйқы-тұйқы болып, әбігерленіп қалды. Жұмағұлдың келуін асығып күткендері барлық қарбаласынан білініп тұр.

Әрлі-берлі жүгірісіп сенделген қатындар, шулап секіріп, күліп-ойнаған балалар, құдық басынан жаңа хабарды естіп, ауылға қарай жылдамдатып келе жатқан үлкендер — барлығы да Жұмағұлдың келуін үлкен қуаныш қылған сияқты. Жолаушыларды күткен ауылдағы барлық еркек, барлық қатын-қалаш Әміренің үйінің сыртына шығып, екі жаққа жарылып тұрғанда, ауылға жарты шақырымдай жерде қатты жүріп келе жатқан қоңыраулы тройка көрінді. Ат басын ұстаған жігіт жолаушыларды қарсы алуға шыққан топты көріп, бұрынғысынан да екіленіп алып, тер басқан үш қоңыр атты бишігімен ығыстырып, шаптырып келеді. Бірін-бірі көруге асыққан жақындардың шыдамсыздығы ұзаққа созылған жоқ. Аттардың тұмсығы Әміренің үлкен ақ үйінің сыртына келіп тірелді. Жолаушылар арбадан түсіп болғанша, сағынған жақындар Жұмағұлдың бетінен сүйіп алды. Аздан соң әйелдердің бәрі де Қадишаны жағалап, Қамария сияқты үлкендері оның да бетінен сүйісті. Біраз сөзбен амандық айтысып, хал-жай білген соң, жұрттың бәрі үйге кірді. Сөйлесіп, хал білісіп, арасына қалжың да араласып, күлкі күбір басталған соң, жақындардың қуанған, сағынған, лүпілдеген жүректерінің бәрі орныға бастады. Жұрт біріне бірінің көзі қанып үйреніскен сайын, жаңа келген жастар мен ауылдағы барлық жандардың арасындағы аз үйлеспегендік сезіле бастағандай болды.

Ауылға келерде жазға лайықты барлық таза жақсы киімдерін киіп алып шытырайған жастар қаланың халқына ұқсап, қырға бөтен кісі сияқтанды. Керек десе, Жұмағұлдың сөйлеген сөзінде де «сіз бізі» көбейіп қалған жат адамның қалпы байқалғандай. Бұл үйлеспегендік әсіресе келін жайына келгенде айқынырақ сезіліп тұр. Келіннің келген жердегі ата-енесіне «Сәлеметсіз бе?»—деп амандасуынан бастап, үйге кірген соң төр алдына күйеуінің қасына отырып, мүйнет сайын онымен сыбырласқаны да қыр тұрмысында ешуақытта болмаған бір өрескелдікті танытқандай болды. Келін затында, өзі оқып үлгі алып, оқымыстылардың қатарына кірген кісі болмаса да, қаладағы мұғалімнің қатыны болып ашылып қалғандықтан, сол оқымысты жұрттың үлгісін машық. еткен еді.

Қазіргі сағаттағы үйлеспегендік жаңа келген жастарға соншалық көп байқалмаса да, ауылдағы үлкен-кішінің бәріне де тез сезілді.

Мұндай күйге сенімдірек болып тұратын әйелдер әуелгі жерден-ақ күңкіл шығарып, тысқа шыққанда біріне-бірі сыбырлап күлісе бастады. Үйдегі еркектің бірталайы байқамаған кісі болып сыр білдірген жоқ. Кейбіреулер ғана күліп жүрген қатындарды қағытқан болып, қалжыңмен өздерінің ішіндегі жайларын да сыртқа шығарыңқырап қойысты. Бұл күйдің бәрін, түгел болмаса да, шет жағалап сезіп отырған Әміре қазақы көңіліне ұнамсыз бірдеме тигендей болып, көп сөйлемей үндемей отырып қалды. Бірақ Қамария екеуінің де түпкі көңілдегі күдіксіз бір жұбанышы бүгінгінің болымсыз кем-кетігін ұмыттыратындай. Сондықтан анау-мынауға қарамай-ақ Жұмағұлды сүюден, сыйлаудан қайтпаған.

Осымен алғашқы келген жердегі азғана алшақтық. Көп уақытқа созылған жоқ. Бес-алты күн өтіп хал-жайды біліскен соң, бала мен әке, келін мен ене бірін-бірі әбден таныды. Шаруа жағындағы кейбір жұмыстарға келгенде, бірін-бірі жалғыз ғана емеурінмен де ұғысатын болды. Бұларды біріне-бірі соншалық тез жақындастырып жіберген себеп не? Ол — қазіргі бұлардың алдында тұрған үлкен мәселе: мал-мүлік, дүние мәселесі ғой. Соған келгенде, бәрінің де мінезі, ісі. түгелімен бір жерден шыққандығында. Малды сүйген қомағайлыққа,сараңдыққа, қанағатсыздыққа келгенде, жас келін кәрі енесінен асып түсті: жас жігіт оқыған десең де, кәрі әкесінен асып түсті, заты, мінез бірлігі «жас-кәрі», «оқыған оқымаған» деген айырмыстарға қарамай-ақ, бұл адамдардың басын қосып, бірін-біріне үйлестірді. Аралары мұндай күйге жеткен соң, әрқайсысының ойында жасырын күйде жүрген сөздер ашық айтылатын болып, жарыққа түсе бастады. Қамария екі күннің бірінде:

— Шығынымыз көп, кемпір-шалдың қолындағы мал таусылып барады, көздеріңнің қырын салатын уақыттарың жетті. Қайдан болса да — мал табыңдар!— деген сөздерді енді баласы мен келінінің құлағына сіңіре бастады.

Келіні әкелген жасау-жабдық басында үлкен олжа көрінсе де, аздан соң ұмытыла берді.

Енді бұлардың бәрінің көңіліндегі бір-ақ арман — қаладағы кемпір қолындағы мүліктің басын ашуда. Жұмағұл мен Қадиша бұрын бұл жайдан көп сөйлеспейтін болса да, қырға келген соң үлкендерден ашық сөзді үйреніп алып, оңаша жерлерде ақылдасып, айла іздейтін болған. Қамария балалары ешкімге ақысын сіңірмейтінін білген соң, бұларға «пәлен-түгенді істе» деп ақыл айтуды қойды. Бірақ ұмытпасын дегендей ғып, кемпір қолындағы мүлікті әр күнде бір рет неғылса да сөз етіп қоятын. Мұны ашық сөз қылуға сылтау таба алмаған күнде Мақсұттың кішкене қызы Жәмиләні алып, соған сөйлеген болып:

— Дүниеге қашан ие боласың? Біздей кәрі әке-шешеңе қашан көмегің тиеді? Кемпірдің қолындағы мал-мүлікті жиып ал!—деп Жұмағұл мен Қадишаның құлақтарын бұрап қояды. Әміре бұл жақтағы әңгіменің көп теріске кетпейтін түрін аңғарған соң, соңғы кезде мал құраудың екінші бір ебін ойлай бастаған. Ел ішінде Әміренің өзімен жасы тұрғылас Жанғазы деген ірі бай бар еді, соған кішкене Жәмиләнің бас-аяғы ұнап кетіп, далада бірге келе жатқанда Әміреге сөз салыпты:

— Мына баласын менің былтырғы туған кенже балама атастырып қояйық, соған ырзалығын айтсын,— депті.

Әміре бұл сезді өз басы мақұл көріп Жұмағұлға келген соң Жұмағұл:

— Әзірше мұндай сөзді шығарудың орны жоқ. Мен біржолата жаманатты боламын. Және ертең кемпірмен сөйлескенде де: «Осы жетім баланы жылатпаймын, берсең — соның есесін бересің»— деп сөйлескелі отырмын.

Бір жағынан — соны айтып отырып, бір жағынан — өзіміз сатып отырсақ, ел-жұрттан ұят қой!»—деді.

Әміре Жұмағұлдың әзірше көнбейтін түрін байқаған соң тоқталды. Бірақ баласына:

— Жұрты құрғыр кісіге жақсылық ойлаушы ма еді? Сен мал тауып байып бара жатсаң, көре алмайды. Өнебойы жұрттан қорқамын деп, сыбағаңнан құр қалып жүрме, арсыз болмай — абыройлы болмайсың деген!— деп, өмір бойы айтып көрмеген өсиетін баласына енді айта бастады. Бірақ ақсақалдың әуелгі қозғаған әңгімесі көңілдегідей шешілмеді. Ең жақын болғанда, бір жылға шейін тоқтай тұру керек болды.

IV

Жастар қырға келгеннен бері екі-үш ай өтті. Жаз ортасы ауып, жұрт егін пішенге қам қыла бастаған. Дала сарғайып жүдеу тартқан.

Жазғытұрымғы жас иісті жасыл шөптердің орнын сары селеу мен қатаң тартып қуарған ақ көде басқан. Жайлаудағы жақсы қоныс, мол құдықтардың айналасын тоздырған ел бауырдағы күзекке қарай көше бастады. Әміре ақсақалдың ауылы да көп елмен бірге бауырға қарай көшіп келеді.

Жұмағұл мен Қадиша жаздайғы тұрған тұрмыстарына әбден ырза еді.

Жазғытұрым қаладан азын-аулақ жүдеу тартып келген, осы күнде екеуі де оңалып семірген. Оның үстіне: ауылда да, жалпақ ел ішінде де жұрттың бәрінен қадірлі болып, қайта-қайта қонақтап, ойын жиыннан босамай, уақытты көңілді өткізген. Енді бұлар қырдың қызықты уақыты өтіп барады, қалаға қайту керек деп сөз байласып, аз күндерде жүрмекші болған.

Бір күні кешке жастар жүрердің алдында сөзді бір жерге байламақ үшін, үй ішінің азғана кеңесі болды.

Бауырға қарай ығысып көшіп келе жатқан ел жапалап қонған еді. Ай жарық, түн желсіз тынық. Әр жерге шашырай, үйме-жүйме болып қонған жаппалардың даладағы оттары жарқылдап көрініп тұр. Жер ошақта кейде жалпылдап, кейде лаулап жанған оттар түннің қалың ұйқысымен қалтаң қағып, алысып тұрғандай.

Жұмағұл мен Қадиша өздерінің оңаша күркелерінің ішіне салған құс төсектің аяқ жағында біріне-бірі сүйеніп, қатар отырып, шаруа жайын сөз қылысты. Аздан соң әңгіменің аяғына Қамария да қосылды. Өзге әңгімелердің ішіндегі ең күдікті, қиын сөз Мақсұттан қалған үй мен мүліктің сөзі болғандықтан, Жұмағұл бұл турасынан қазір де ашып ешнәрсе айтпай, көп үндемей отырып қалды. Бұл уақытта Жұмағұл жаратылысындағы тақыстық қулығына салып, бойын бағып отырды. Бірақ өзгелердің сезін тоқтатқан жоқ. Қадиша мен Қамария бірін-бірі қостап, мүлік турасынан айтылатын сөздің бәрін айтысып шықты. Бұлардың өз ойынша даусыз деп байлағаны: Мақсұтта жақын туысқан жоқ, қалып отырған кемпірдің төрінен де көрі жуық. Оған өле-өлгенше сыйлап, күтіп отыратын кісі болса — болғаны. Мүліктің ендігі иесі — кішкене Жәмилә. Сондықтан әзірше қай жолмен болса да ізденіп отырып, үй мен мүлікті Жәмиләнің атына аудартып алу керек!— деп сөз байласты. Осымен үй ішінің кеңесі бітті.

Елде қалған Әміре, Қамария осы сөзді байлау қылып ұстап қалды. Қадиша мен Жұмағұл қалаға барған соң ізденбекші болып жүріп кетті. Аз күндер өтті. Қырдағы сейілден қайтқан екі жас қаладағы құрбы-құрдас, ағайын туысқан ортасына қайта келді. Сағынған қайын жұрт жолаушыларды қуанышпен қарсы алды. Қадишаның төркініне түсті. Қадиша мен Жұмағұл қаладағы таныстарының хал-жайларын сұрасып білді.

Тағдырдың тұтқынына түскен қаралы кемпір де Мақсұттың орнында әлі күнге қалқиып отыр екен. Оның да жай-жапсарына әбден қанысты. Кемпірді Қадиша тастап кеткен соң, жар дегенде жалғыз жақыны — бір ақсақ бауыры бар екен: соны қасына алып қолғанат қылып, қайғылы өмірінің ақырғы күндерін баяғыша бірқалыпты жылаумен өткізіп отыр екен. «Жұмағұлдар келді» дегенді естіген күні түні бойы үйінде шамын өшірмей зарлап отырып, таңды көзімен атқызыпты. Қадиша келгеннен кейін, Жәмиләні көтеріп барып кемпірдің үйіне кіріп шықты. Барған жерде кемпірдің зар қағып жылағаны, Жәмиләні бауырына тығып, құшақтап қысып, Мақсұтты жоқтағаны Қадишаның қатып қалған көңілін жібіте алған жоқ.

Оның бұл үйде көп отыруға іші пысып, кемпірден тез жалығып, үйіне қайтқысы келді. Сондықтан аз отырған соң баласын көтеріп қайтып келді. Қондыбай Жұмағұл келген соң:

— Енді уақытты босқа еткізбей, таныс жолдастары да сөйлесіп, ана дүниелеріңді жиып алыңдар!—деп ақыл берді.

Сонымен Жұмағұл мен Қадиша іске кірісті. Бұлар әр жерге барып сұрастырып ізденіп жүріп, аяғында оқу бөлімінің жанында жас баланың қамын жейтін кеңсені тауып алып, соған арыз кіргізді. Кеңсе қызметкерін жаңылдырып, тез иландыру үшін Жұмағұл бір жайды көптіріп, екінші жайды шөмейте сөйлеп, есебін тауып жүр. Ақыры, бұл кеңсе Қадишаның арызын қарастырып, аяғында, Мақсұттан қалған дүние-мүліктің бәрін де: «Жас баласы — Жәми