24 Қараша, Жексенбі

Әдебиет

Мұхтар Әуезов

Мұхтар Омарханұлы Әуезов – қазақтың ұлы жазушысы, қоғам қайраткері, ғұлама ғалым

Шатқалаң






I

Бұл есіз, меңіреу қараңғылықтан Айша қорқып жүрген жоқ. Оны бүгінгі күннің қырсығының бірі деп біліп, қарғап-ұрсып, күюмен жүр. Түпсіз тұңғиық қараңғылықтың ішінде біртүрлі бір, жабысқан дымқыл салқын түн сызымен бірге, әлденеше көгеріп базданған шірік исі де білінеді. Айша бүгінгі шеккен азабы мен әлі күнге айықпай тұрған ауыр ойларының әредігінде бұл иісті талай рет ұмытып еді. Бірақ артынан қазіргідей, еріксіз қайта табады. Өнебойы оттай жанып, қыстығып кеп:

— Бұл не пәле? Қайда кеп түстім, сорлы басым-ау, — дегенде қазіргі тұрған орны бұрын ат-атағын естіп көрмеген құбыжық зындандай көрінеді. Өйткені ол айдалада жападан-жалғыз тұрған баз-кілеттің ішінде. Айналасы құлан елсіз. Кем қойса бес шақырымнан жақын жерде ешбір жан иесінің мекені жоқ. Өзі жым-жырт, қап-қара дала түні. Неткен ұзақ түн? Айша бұл күйге түскелі қашан? Жалғыз басы. Жап-жас әйел.

Өзіне өзі жаны ашып бір сәт көзінен жас ыршып босаңси бастайды. Бірақ сол арада, ілезде, өзінің сілейіп бос тұрып қалғанын байқап, тағы қарманады. Асыға еңкейеді. Сипалайды. Баяғы құрғыр екі тақтай. Бұның ұзын бойын талай рет тегіс сипап, ине жасуындай жер қалдырмай қарап өткен... Далбасалық па, тағы сипай түсіп қайта түңіледі.

— Қай арада тұрмын?... Есік қай жағымда осы? — дегенде Айша басын көтереді. Көзі қарауытқан ба, әлі бітті ме? Сонау биіктегі кішкене сәуле, терезе болмыс қазір басқа жаққа аунап кеткен сияқты... Тесік екінші жаққа шығып қапты. Сол жағында есік болу керек еді. Орнында жоқ. Үй іші шыр айналып бара жатқан сияқты. Жан-жағына қолын созып әр нәрсені сипалап көріп еді, ешбірін танымайды... Одан әрі үлкен тесік — үңгір. Аяғын өзі тұрған тақтайдың бойымен баса беріп еді, күрс етіп төменге құлап түсті. Екі тақтайдың бойын баспай, басы айналған бетінде аяғын қуысқа қарай басыпты. Маңындағы тақтай ма, сырық па бірдемелерді тарс-тарс еткізіп қаға құлағанда өз дабырынан өзі шошып:

Келді-ау кесел... Жетті-ау, — деп сырттан аю күткендей боп, үндемей қатып бүрісе қап еді. Аздан соң есі кірді, байқайды. Өз демінен бөлек дыбыс білінбейді. Сол арада, жаңылған жерінде жантайып отырып есін жимақ болды. Баздың ішін бастан-аяқ көз алдына келтіріп, оймен топшылап, жорамалдай бастады. Отырған күйінде айналасын көп сипап, бірталай нәрсені таныды. Тесік сәуле де өз орнына қайта барып тұрған тәрізді. Енді осы отырған орнынан қадамдай жерде сол иығының тұсында есік болу керек. Астыңғы қуыстың ішімен еңбектеп, сол есік бар деген жаққа қарай ақырындап жылжи бастады. Басы бір қатты нәрсеге соқтықты. Еден орнындағы сирек тақтайлардың бірі екен. Астынан өтіп қабырғаға жетті. Тағы бір-екі тақтай бар екен. Арасынан қысылып, зорға көтеріліп, қолын қабырғаға созғанда, есікке ілінді.

— У-у-һ... Бұл адыра қалғыр да дәрі болды-ау... — Тұтқасын ұстап тұрып оң жақ бұрышқа қарай бір адым кейін басты.

— Осы арадан құлағамын... — Кенет әкесі есіне түсті.

— Бар болғыр, қор бишара, әке больш игілік көрсеткен күнің бар ма еді? — деп сол орнында тұрып тағы да аяғының астын сипалайды. Тақтай... Ойлана бастады.

— Сол уақытта тақтай үстінде ме ем? Жоқ па еді? Есіне түсіре алмады. Жарыса келген қат-қабат ойы тағы әкесін көлденең тартты:

— Сүйретіліп нең бар еді бишара, екі нардың ортасында шыбын өледі деп. — Осымен қатуланып тағы да аяғын андамай аттап қалғанда, бағанағыдай және де күрс беріп құлап кетті. Бұл кілеттің асты базға арналған шұңқыр. Үсті сирек қып салған аз тақтай еді. Түн түгіл күндіздің өзінде де шаммен жүрмесе, ылғи кісінің жамбасын сындырарлық ор-жыра болатын. Айша осыдан аз бұрын осы баз ішінде өз ықтиярымен өзі қозғалуға жарайтын күйге жеткенде басына жарым бостандық алғандай шүкірлік етіп еді. Оның аржағы шынымен көр еді. Бірақ мынадай боп құлап бара жатқанда соңғы күйін де бұрынғының сыңары деп қалды.

Қараңғыға күрс беріп жан-жағын қармана құлағанда қолына еш нәрсе ілінбей жанбасымен ұшып түсті. Құлаған шұңқырының ішінде бір үшкір нәрсе ұршығына шаншыла тигендей болды. Сол секундта Айша етінің ауырғанын, бойының талмаусырағанын ұмытып сол қолымен жанбасының астын сипап жіберді де, көлденең жатқан алты атарды орта белінен ұстай, жұлып алды...

— Я құдай, берерсің... Бәсе, мен де адамның баласы едім қой... — деп жүрегі орнына түскендей боп, аз тыныс алып, алты атарды көкірегіне басып отырып қалды.

Ең соңғы халінде Айшаның, басқа бір нәрсені ойламастан барын салып, тыным таппай, осы меңіреу қараңғылық ішінде жалғыз іздегені осы алты атар еді. Осы баз ішінде бағанағы бір кезде өз қолынан жоғалтқан алты атар. Айша орнынан асықпай тұрып есікті қайта сипалай беріп:

— Байым, бәсе байым екенің өтірік пе еді? Қайдасың енді? Қайда кеттің? — деп тұтқадан ұстап сол иығымен нық итеріп, есікті аша берді. Бұл есік ашық. Жабығы, бұның аржағындағы есік болатын. Соған қарай аттай бергенде, сыртта тасырлап кеп қалған көп аттың дүсірін есітті. Келіп қапты. Үзеңгі-тұрман шылдырлап, алды түсіп жатыр. Есікті қайта жамылып, саңылау қалдырып Айша тына қалды.

Көз алдынан бағана таңертеңгі тып-тыныш, ап-аман тұрған көңілді өмірі сөне бергендей болды. Адал еңбекпен күліп-ойнай өткізіп келе жатқан колхоз күні, қалетсіз еңбек күні енді міне мынадай шым-шытырыққа соқты. Шатқалаңға ұрынды.

— Өзге дүниені көрмеске, саған ермеске ант еткем... — дегенде оң қолы алты атарды нық ұстап, сенімді күйде салмақтап алған сияқтанды. Бұрын атып көрмеген. Бірақ қазір бойына, бұрын өзі шамалап көрмеген қажыр біткен тәрізді. Бекінуі берік. Енді алты тардан құр оқ шығару ғана емес, жауын жайратуға да жарайтындай... Бар дүниеге қол сілкіп, көз жұмып, бір-ақ алты атарға ғана бойұсынғандықтан енді өзін өзі ширата беріп:

— Ал, колхоздың мақтаулы ударнигі, шын ударник болсаң басыңды қорғай біл, — деді. Шұбала берген етегін сол қолымен көтере жиып ап еді. Басындағы үлкен орамал қайта-қайта шұбатылып бетіне түсе береді. Және тың тыңдауға құлағын да кептей берді. Тыстағылардың тықыры жақындап қалды. Бәрі аттан түскен, енді есікке кеп қапты. Сол уақытта Айша басындағы орамалын төмен қарай сыпыpa жұлып тастап, есіктің саңлауына сол жақ көзімен қадалып, жабыса қалды. Төменіректе, кеудесінің тұсында алты атардың жалғыз көзі де осы саңылаудан сығалап тұр еді, бір күшті дене сыртқы есікті сықырлата басып тұрып, сол сырт жағындағы бастырығын алды.

— Енді міне, міне дер кез... — Дәл осы халде Айшаның жүрегі аттай тулап, сабырынан айрылып `болшы бол` дегендей болды. Бағанағы қатаң беріктік енді алас ұрған дегбірсіздікке басты. Барлық ақыл, сезімі еш нәрсені болжатпастай боп соққан, тұтқиылдан шыққан алай-түлей құйын ішіне түсіп кеткендей болды. Құлағы да шулап, дүние азан-қазан боп бара жатқандай.

Сонда да көзі саңылауға қадалуда еді. Сыртқы есік ашыла берді... Соның қалпағы... Келіпті... Жетіпті... Кім болушы еді ол емей?.. Айша басып жіберді... қараңғы үйдің іші түтін мен от боп бұрқ берді. Алты атардың дауысын өзі естімей қалғандай да болды. Көздеген де жоқ па немене? Қолы, алғаш кісі бейнесі көрінбей тұрған кезде бір бетке оқталып тұр еді, сонымен жібере салған сияқты.

Тыста, бірдеме айғай, дабыр, шу бар сияқты. Айша ұқпайды. Естімейді. `Өлмеді... Өлмеді... Тимедің. Көзін жұма бере тағы да басып-басып қалды. Сол уақытта айғай да шықты. Алдында екі рет, ақырып сөйлейін дегенде тамағы жабысып, үні шықпай қалған еді. Енді шығар жолын жыртып айырып, зорға дегенде үзіле, қарлыға шыққан үні:

— Өлтіріп аласың, енді мен саған жоқпын... жоқпын, — деді. Тағы бір атты... Тыста шу, айқай, не деп жатыр? Кім сөйлейді. Естілмейді. Құлағына үн жетер емес. Бағана көрінген дене енді жасырынған?.. Әлде құлаған ба? Жоқ... Жүрегі бұрынғыдай атша тулайды. Құлағында шу... ызың... азан-қазан...

Сол уақытта мылтық атылып-атылып кетті... Өз мылтығы ма? Жоқ. Баспаса керек еді ғой... Тағы атылды... Жаңа ұқты. Атып тұрған сырттағы жау екен. Бұны атқаны...

— Ә, бәсе, бәсе атсын... құшағым керек қой менің саған, мә, — деп тағы атып жіберді...

— Жауыз жауым... Өлдің бе, жоқ па? — Тағы басып қалды... Бірақ... ойпыр-ау, бұ не? Атпады ғой... От шықпады ғой... Тағы басып қалды. Тағы да от жоқ, құр шырт етті. Бітті. Оқ біткен еткен ғой...

— Сорым бар басым... — Сол уақытта тыстағы дауыстар арсылдай қоя берген сияқтанды.

— Оғы бітті... Бітті, кір, кір. Ұста, ұста жауызды, — дескенін ғана сезді... Айша жалт берді... Бағанағы шұңқырға тағы құлап кетті. Бірақ жығылған жоқ. Артымен шұңқырдың жарына тіреліп екі қолымен ернеуіне жабыса сүйеніп есікке қадалды. Жарық келеді. Көп аяқтың дүсірі кеп қалды. Шықыр етіп шалқасынан есік ашылды.

— Жауыз... жауыз, — дегенде Айшаның шашы талданып бетіне түскен. Екі көзі шарасынан шығып шатынаған, иегі дір-дір етіп, тістері сақылдайды. Жарықпен бірге үш-төрт бас көріне берді...

— Ойпыр-ай, сұмдық-ай... — Айша бетін баса қалды. Кіргендердің ең алдында Қасен. Сол қолынан, саусақ-саусағының бәріне тарамдап қан дірдектеп ағып, саулап тұр. Атжағы тістенген, өңінде қан жоқ, құп-қу... Тағы бірнеше таныс пішін көрініп қалғандай болды... Бірі Самат — ферма бастығы Самат тәрізді... Сол уақытта жүзі шыдамай Айша бетін басып, төмен тұқыра берген. Үнсіздік ортасында тастай суық, зілдей ауыр ашу айқайы, қатал айқай саңқ етті, Қасен үні:

— Ә, жүзіқара, менің қатыным екен десем, әлі де жау қатыны ма едің? — дей беріп тап берді. Оң қолында қарыс қара пышақ... Айша көзін жоғары көтеріп аша берді. Шарасынан шыққан көздері енді жасқа толған... Қасенге қарай үнсіз қарсы ұмтылды. Ендігі қозғалысында алысу ниеті емес, жығылған, сөнгеннің белгісі бар. Ұмтыла беріп, әлі құрып, Қасен қармай бергенде:

— Жарығы... жаздым, — деп күрт құлап түсті. Талып түскендей болды. Қасен пышағын жоғары көтерген күйде үстіне қона түсті. Сол секундта тамағы қырылдап, пышағын құлаштап қайыра сермеп ап ұра берді... Бірақ қолы орта жолда бірдемеге сарт етті, ұсталып қалды. Қанталаған көзбен қайырылып қараса, қасына жетіп келген Самат, бұның пышақ ұстаған қолын қос қолдап ұстап тұр екен. — Жіберші! — деп Қасен бұлқына бергенде Самат сабырлы, бірақ әмірлі қатты үнмен:

— Тоқта. Мән бар... Тұр былай... — деп Қасенді Айшаның үстінен жұлып алды.

ІІ

Бұл уақиға облыс орталығынан жырақ жатқан, шекараға жақын ауданның бірінде `Талдыөзек` колхозының қой фермасы жайлаған өлкеде, июньге қараған түнде, түн жарымы шамасында болған еді.

Әңгіменің басы Шәлтіктен басталады.

Ажымды сұрғылт жүзді, бурыл сақал, имек шал Шәлтік, өткен түн таң алдында осы базда жалғыз жатқан жерінен шошып оянды. Бұл баз тұрған жер, қой фермасының жазғы қонысының бірі болатын. Сондайда май сақтайтын орны осы баз еді. Талдыөзектің түні суық келеді. Ол бір жағынан белдемесін тоңазытыпты. Екіншіден, көзін ұйқыдан аша бере құлағына бір жат дыбыс ілінді.

Кейін өз айтуынша: `ың-жың, у-шу, толайым жер де айқай, көк те айқай. Е, тәңір, жын ба пері ме?` — деп басын көтере берді. Таң қыландап келеді екен. Аңғарса шулап-улап жүрген қасқыр екен. Шәлтік тегі батыр емес еді. Одан бері де жалғыз шал, қарауылшық жау түсіріп, бәрі айдындыратын не қауқары бар дейсің? Ескі алашасы мен тонын сүйреп әуелі баздың төбесіне шықты. Қысы-жазы басынан түспейтін сеңсең қара тымағының құлағы шарт байлаулы еді. Сол байлауын шешпестен тәуір еститін он жақ құлағының тұсындағы сеңсеңін тымақтың ішіне қарай жымырып тұрып, басын олай-бұлай бұрып құлағын анда-мұнда төсеген болды. Қасқыр әлі де оқта-текте ұлып қояды. Бірақ қай жақта екенін Шәлтік тарс аңғара алмай қойды. Ұлуы тынбаған соң дөң айбат қып, тұрған орнынан тапжылмастан тепсініп:

— Уа, һо-ой, һайт-һайт. Айтақ, айтақ, — деген болды. Аяғында кеп:

Қай жақта екенінде нем бар әлі соның? Соғып алам деймін бе, мүрдар басым... Шілденің кәні қой, кісі жемес, көнің кепкірдің әзер көні кеуіп қалса да, — деп қайтадан бұрынғы орнына барып жатқысы келді. Сонымен енді аяғын тырп-тырп басып тұрған орнында айнала беріп еді, қасқырдың шулағаны тағы естілді. Енді тіпті жақын. Өзі дақпыртына қарағанда нақ бір қора қасқыр сияқты. Шәлтік тамсанып, басын шайқап біраз тұрды. Көзін тырмалап қарасын көрейін дегендей қып еді, ешбірінің бойы көрінбеді.

— Қораның төбесіне жатсам ба, — деп тағы бір ойланып жерге отырып көріп еді, астының бәрі сықырлап `кетші кет` деген сияқтанады.

— Осы көпірден құлап шонданайым сынар ма екен мүлде? — деп Шәлтік қайта тұрды. Бұл жолы қасқырда жазық жоқ еді. Бірақ Шәлтіктің құлағына тағы қасқырдың ұлуы шалынғандай болды. Ыза боп кетті.

— Әй, тұқымың құрғыр омай өнесі екен, қайта-қайта шулап. Ал жеп қоярсың... Жей ғой мә, мына менің қатқан...ді, — деп арт жағы өрмекшінің артындай боп дүңкиіп тұрған көн шалбарының бұтын салдырлата қағып-қағып қалды. Бұл екіленуінің себебі: жасындағы бір ісі есіне түскен еді. Ақтабан ат деген жалғыз атымен дәл осы, Талдыөзектің қалың шиінен бір тайыншадай қасқырды анау хұн батыс жақтағы Сары адырға қарай айдап шығып, ерікке қоймай қуып жетіп, құр қол күйінде үзенгі бауын ағытып алып, ұрып жығып алған еді. Тегі қасқырдан Шәлтік қорқып көрген емес-ті.

Осымен жерге қайта түсіп, баяғы орнына қайта жатып қалды. Бойын бір тоқтатып алса да енді сергек жатыр еді. Таң салқынынан тоңазығандықтан ба, немене, қалғып кетіпті. Жатқан жері баздың ішіне түсетін есікке жақын еді.

Бір мезгілде тағы сескеніп барып көзін ашты. Еш нәрсе көрінбейді. Бірақ баздың іші салдырлап барады. Апыр-топыр бір ойнақ. Алдында қасқыр ұлып маңайлап жүргенде:

Құлқының құрғыр, осында бір қазына жатыр, құйрық жатыр деп жүрсің ғой... — деп бір кекетіп қойған еді. Бірақ соны айтса да осы баздың исі айдаладан мұрын жарып, `мен мұндалап` тұратынын есіне алған... Енді ояна беріп жаңағы әбігерді есітті де ақырын сүйретіле кеп, сыртқы есікке ілінді. Содан бөксесін зорға сүйреп тұрып ап, есікті сарт еткізіп жаба қойып басып тұрып:

— Бәлем жаман шие бөрі, Шәлтікті сен жер ме екенсің, сені Шәлтік жер ме екен? — деп қоразданып жауланып ап, есіктің сыртқы шотын салды. Бұл уақытта таң әбден ағарып атқан еді. Қаужаңдап жүріп бір үлкен сырғауылдың сынығын әкеп, сыртынан оны да бастырық қып есікті мықтап тіреп жауып қойды. Содан кейін айналып баздың екінші кішкене терезесіне келді. Көп сығалады... Әрі қарап, бері қарап жүріп, ақыры баз ішінде төменгі шұңқырды тімтініп, тіміскеленіп топырақ атып бұлқан-талқан боп жатқан екі долы қасқырды көрді...

Сол-ақ екен Шәлтік, анау-мынауды қойып, өз басының ендігі ерлігін қаңтара тұрып, колхозға қарай салып еді.

Күн шығар-шықпаста Шәлтік даурығып кеп бастықтың орынбасары Қатпаның есігін қақты...

Есік алдына көйлек-дамбалшаң келген Қатпа, арық шұбар бетінің барлығына ұйқы ұялап тұрған күйде бір көзі жұмулы, бір көзін сығырайта ашып бұны танып, сирағын қасып тұрып:

— Е, қу шал, құтырып кеттің бе, не болды? — деп қарсы алып еді.

— Несін айтасың, қарағым Қатпажан... Екі қасқырды баз ішіне байлап caп келдім,— дей беріп еді, анау аяғын тыңдамастан:

— Сол ма, жынданған шығарсың өзің, — деп есігін қайта сарт еткізіп жауып алды...

— Қарағым, қасқыр, қасқыр өлтіріп алатын кісі ... — деп Шәлтік жабық есікке жалпылдап қала берді.

— Басқаға айт, ана Жүніске айт, барып ұстап әкелсін, — деп есік үні өшті.

Осымен тағы бір-екі есікке түртініп жүріп, аяғы екі колхозшыны тұрғызып ертіп келді. Бейсенбай мен Садық еді, пішенші бригадасынан. Олар да ұйқысы шала. Бастық бұйырады деп айдап жіберген. Аттарына міне бергенде Шәлтік кеп жирен байталдағы Садықтың артына мінгесті. Жолшыбай `қамаулы қасқыр` дегенді естігеннен кейін анау екеуі басқа еш нәрсені сұраған жоқ. Бірде шауып, бірде желіп Шәлтікті сөлектетіп, құйрығы жауыр болған кезде базға жетті.

Аттарынан түсе сала бір-бір сынық сырық тауып терезеге келісті. Қараса терезе сынық. Өзі тап-тар, ол баздың төбесіне жақын биікте тұрған, бір кісінің басы зорға снятый тар тесік еді. Соның шынысы күл-талқан боп жатыр... Үңіліп ішке қарасты. Ешбір дыбыр да жоқ. Қасқыр да жоқ...

— Түу, құдай төбеңнен ұрғыр Шәлтік-ай, ұйқыдан қалдырып, — деп Садық кейін шегініп кетті...

Шәлтік ұялғаннан ба, жоқ ауырғанын жаңа сезгені ме, белін басып шойырылып қалды...

— Белім-белім... Бастырмай қалды. Шойырылып қалды. Қураған тәңір, қырсығыма келген екен қой... Белімнен аттап кеткен екен ғой. Белінен қасқыр аттаса тұра алмай қалады деуші еді. Осы міне, сол болды сорым бар басым... — деп қаңқақсады...

Садық пен Бейсенбайдың ұйқысы ашылған еді. Енді қасқырдың құтылып кеткені үшін шалды ажуалап күлкіге айналдырып:

— Болғаны енді сол болғаны-ақ...

— Әрі құтылып кетіп, әрі қырсығы атып тұрғанын көрмеймісің? — дескенде Шәлтік жерге отырып aп түндегі әңгімесін ағытты. Екі сөзінің бірінде белімнен аттап кетіп шойрылтты міне, — деп қойып, — кәпірдің өзі осы қолымнан тығып міне, міне, — деп тіреулі есікті жұдырығымен ұрып отырып, — мынаны ішіне бастырып кеткем... Енді міне белімнен аттап... Кедейдің аузы асқа тисе, мұрны қанайды деп белімнен шойрылып.

Садық пен Бейсенбай күлді-күлді де шал сөзін аяқтатпастан аттарына мініп жөнеле берді...

Бұлар кете бергенде Шәлтік `уау түге`, — деп сұқ қолымен ымдап қайырып ап, жүзі томсарып, өзгеріп ап:

— Уа, бастыққа айт, қасқыр аттап міне белім шойрылып қалды. Кісі жіберсін. Колхозшы шал аштан өлсін деп пе еді? Кісі, кісі жіберсін, — деп тапсырып қалған.

Аналар: — жібертейік, айтайық, енді қасқыр келсе тек айырылма, — десіп жөнеліп кеткен...

Осыдан Шәлтік күн ұзын сол есік аузында бүк түсіп жатып қойды. Жалғыз-ақ ұлы сәске кезінде шай қайнатып ішті. Түс ауа бергенде ыстығын істеп бір қоректеніп алды. Бірақ қасқырдың ызасы бүгін күн бойы есінен кетпеді. Анда-санда тамсанып, басын шайқап қойып, өзімен өзі күңкілдеп сөйлеп: қамап кеттім, терезені сындырып, кәріп құзғын, тұрмасын дедің-ау белімнен аттап, — деп белінен аттағанын көрмесе де, сол жайды айта-айта аяғында әбден даусыз нәрседей иланып алды.

Сонымен бүгінгі күн өтіп, кеш батуға айналды. Келесі түннің уайымы тағы жылжып, қайта қаптап келе жатыр. Күн батар кез еді. Бір дүсір шықты. Бұрылып оң жағына қарай беріп еді, бағанағы жирен байталға мініп келген Айша екен.

Шәлтік елең етіп, көңілі жадырап қалды.

— Немене, қасқырдың хабарын есіттіңдер ме? О кәпір, мүлде қылды ғой қыласыны, — деп әңгімесін тағы шұбыртып жатыр...

Айша атын қораның сыртына байлап келіп шалдың жайын сұрап, бұның ұзақ әңгімесін бір жерінде тоқтатып:

— Ана бірінші базға барып, жаңа кешке содан қайтып ем, әкең сырқат көрінеді, түнде қасқырдан шошынған ба, немене? Барып соның жайын біл және баздың іші бүлінбеді ме екен, оны байқа, — дегенде, Шәлтік сөздің мына аяқ жағын жақтырмай:

— Е, бүлініп деп, ішінде дымы жоқ қу моланың несі бүлінуші еді? — деп қыңырайып мойнын бұрып салды.

Айша ақырын күліп қойды. Бұл орта бойлы, толық етті, шымыр, тұтас біткен, қайратты әйел еді. Денесі жұмысқа піскен. Сом дене. Бет пішіні еркекшелеу келген, кесектеу пішілген қалпымен айрықша саналы, өзінше сұлу біткен пішін. Ақшыл сарғылт бетінде күнге күйгендік пен араласқан жұқалау қызғылт бар. Әдемі қара көздері мейірімді, ойлы көз сияқты. Әсіресе биіктеу келген түзу біткен мұрын мұның дөңгелек бетінің жарастығын, келісімін толықтырып тұрған тұрізді.

Әкесінің жаңағы қомпаңына аз күлгеннен кейін Айша өз сөзін тағы бастап:

— `Баршы, бар деп` қолды-аяққа тұрғызбады Қатпа. Не қып сонша жеделдеткенін білмеймін? Түнде қайтарында қараңғы болады ғой, қорықпас үшін мынаны салып ал деп, мына бір алты атарды берді, — деп Айша қойнынан мылтық суырып алды. Шәлтік:

— Оқтаулы ма өзі? — деп қолымен мылтықтың алқымына қаға беріп: — кәпірдің аузын арман қарат, — деді де: — қарағым Қатпа, маған жаны ашыған ғой. Мынауың адам екен ғой, — деп мәз болып қалды.

Күн кешкіріп барады, Айшаның колхозға қайтуы керек. Әкесіне ала келген азын-аулақ шай, қант, оны-мұнысын беріп енді өзі базға кірді. Азын-аулақ қана алакөлеңке бар. Көп жері қараңғы екен. Әр бұрышына барып: күбі, шелек, тақтай, қалып сияқты ол-пұлды түгендеп, енді есікке қарай жүре беріп еді, баздың сыртында тасырылатып басып, жылдамдатып кеп қалған көп аттының дүбірін есітті.

Бұл уақытта Шәлтік те елең етіп бұрышқа қарап еді. Мойны қашықтан шығып, тер басып келген емендей қатқан сұлу тор жорға ат сумаң етіп шыға келді. Үстінде кішілеу жұқалаң денелі жүргінші. Тағы бір сары атты, боз атты, жирен аттылар шыға-шыға келді. Батыр-ау, не сұмдық? Беттерінің көзінен төменгі жерінің бәрін орамалмен танып алған.

Бұл уақытта Айша да арғы есіктен бері қарай басайын деп бір қарап қалып еді. Келгендердің бет-пішіні жат болудан басқа, тақымдарына қыстырып алған мылтықтары да бар екен. Айшаның әлденеден дегбірі қашып, жүрегі су еткендей болды. Өңі де сұп-сұр боп кетті. Жалғыз тапқан шарасы есікті тартып жауып ап, оң жақ босағада жабысып қатып тұрып қалды.

Аттылар сарт-сарт түсе қалды. Тақымдағы мылтықтарын қолды-қолына ұстай түсті. Боз атты ғана жерге түспей, өзге үш аттың шылбырын алды.

Шәлтіктің іші мұздап кетті. Түсі суық, бір жат жандар. Енді бәрібір не де болса қыларлық айла жоқ...

— Уа кімсің, кімсің, жандарым? — деп апалақтап тұра берген еді, алдымен келген жұқалаң жігіт:

— Құлайғыр, — деп бір жолдасын түртіп, шалға қарай нұсқап қалды. Кеспелтек денелі, қолы темірдей Құлайғыр Шәлтікті алып ұрып, кеудесіне аттай мініп алды. Сөйтті де қынынан cap пышақты суырып алып, қонышына жанып-жанып ап шалдың көзінің алдынан жалтылдатып, тамағына тақап кеп:

— Айт, жаның барында, кімсің? Қай колхоздыкісің? — деді.

Шәлтік ішінен елтіре коймассың деп бойын билеп ап:

— `Талдыөзек` колхозынанмын, о несі екен?.. — дегенде Құлайғыр мұның онша қорқып, есі шықпағанын біліп тағы да үстінде отырып тыпыр-тыпыр етіп, тепендеп кеңірдегіне төніп келіп:

— Өзің кімсің, айт шапшаң? — деді.

— Өзім осы қураған базды, қу моланы күзеткен жаман шалмын, қарауылшықпын, Шәлтікпін, — деді.

Жұқалаң жігіт Құлайғырдың иығынан түртті. Анау тұрып Шәлтікті талтиып, шалжиып жатқан жерінен жұлқа тартып отырғызып қойды.

Шәлтік енді бір тыныс алғандай боп, кішкене қиялап әңгімені бейбітшілікке, әншейінге айналдырғысы келгендей боп:

— Өй, жөн сұрамайсыңдар ма? — Аналар үндемей аңырғандай боп қарағанда:

— Мен Көбігіппін... — деді. Келгендерді бұл жұмсартпады. Құлайғыр тағы тепсініп кеп, Шәлтікті ызғарлы үнмен тергеуге алды.

— Колхоздан былтыр көшіп кеткеннің бәрі қайта кеп жатыр ма? Рас па?

— Е, келіп орны-орнына жайласып, бәрі де адам боп қалды. — Жұқалау жігіт үн қатып:

— Келгеннің көбі кім? Алтыбай ма, Жәрке ме?..

— Е, Алтыбайы да Жәркесі де кеп жатыр... Шырағым, өзің біледі екенсің ғой, — деп Шәлтік бұл кісіге үңіле беріп еді, ол жылжып, сырт айналып кетті. Енді қайтып сөз сұраған жоқ. Шәлтік ішінен: апыр-ау, осы кімнің даусы? — деп таң қалды. Таба алмады. Бір жағынан Құлайғыр баспалатып барады.

— Колхозшы енді тоқпыз, жетістік дей ме? Ішіп-жем жеткілікті ме?

— Е, ақ молайды. Колхоз ортасында мал көп. Жеке меншікке де шетінен сиыр беріп, қой беріп адам қып жатыр. Бүгін қайда, адам боп кетті, тек еңбек еткеннің жаманы жоқ.

— Ал өзін ше?.. Қарық болғанның бірі сенбісің? Жетіскен екесің. Қу далада, қу тізеңді құшақтап, не айтасың?..

— Е, шүкір, тіпті, мен екеш, мен де аш емеспін. Құдай кәніки...

— Тіпті арманың жоқ па?

— Жалғыз осы киім жағы тапшылық қып тұр. Менің де еңбегім аз емес еді. Осы мына базды бар ма? Мен қаздым... Міне енді күзет. Жалғыз осы болмай, міне бәленшемді жабатын лыпа да жоқ. Айтсам: аласың, әне-міне дейді... Білмейім түге Иван мен Мергенбайдың не қып, не қойып жүргенін... — деп тағы да әнгіменің аяғын ерудегі сөзге сала бастады. Құлайғырдың қасындағы екінші кісі бағанадан үндемей тұр еді. Енді ғана даусын бұза маңқылдап сөйлеп:

— Бұл қорада жалғызбысың, жоқ қасында кісі бар ма? — деді.

Шәлтік кідірместен:

— Жалғызбын, жалғыз емей, өзім қарауылшықпын, мені кім бағушы еді?..

— Шыныңды айт, әлде басқа тағы біреуің бар шығар?

— Е, бұйырмасын... кім болушы еді? Бұйырмасын... — деді. Бұл сөз өзіне ұнап қалды білем, Шәлтік `бұйырмасыңды` бірнеше қайырды.

Келгендер кішкене бөгелеңдеп қалып еді. Содаң соң Шәлтік кешегі қасқыр әңгімесіне ауысып:

— Түнде белімнен қасқыр аттап кетіп тапжыла алмай отырмын. Соған колхозға барып азық әкеп беретін кісі де жоқ... Белімнен аттап шойырылып отырғаным... — деп мықшындап белін сипай бастады.

Құлайғыр мен қасындағы кісі екеуі кезек-кезек колхоздың малының жайын сұрай бастады. `Асыл тұқым қой дегені қандай қой?.. Асыл ешкі бар дейді ол қанша, биыл төлдің өлімі қандай болды? Әсіресе түйе, түйе жайын сұрайды... түйесі бар деген рас па? Күндіз қайда жайылады? Түнде қайда жатады?.. Бақташы бар ма, боталысы нешеу?.. Осыларды сұрап жепіріп барады. Қой қай құдықтан су ішеді деп сондай бірдемені де сұрап қояды. Шәлтік ылғи `өсімі жақсы, мал көп, түйе де тегіс аман боталады, бұл өлкеде ең түйелі ауыл осы біздің колхоз` деп ұзын ырға жауаптар береді. Қайда жатады? Қалай жайылады дегендерге:

— Қу далада жатқан шалмын, кім білсін, — деп қиялай жауап береді... Бұл кездерде қонақтардың түр-әлпетін әбден танығандай еді...

Ақыры осымен қас қарайып қалды. Сол кезде бағана сырт айналып кеткен жұқалаң жігіт бұған қайта оралып кеп:

— Шал, біз саған тимейік. Бағанадан бергіміз әшейін. Енді біз де осы колхозға қайтып келген осы маңның адамдарымыз, сен бізге бір қызмет істе. Анау жирен байталға мін де колхозыңның бастығы бар ғой?.. Кім еді аты? — деп бір тоқтады.

— Осы күнде орынбасар ғой... Қатпа. Бастық қалаға жиынға кеткен... — деді.

— Ендеше, сол Қатпаға барып айт, біз де қайтып келген откочевникпіз. Бізге бір тілдессе, жөн-жосығымызды есітсе, содан барып біз колхозға кірсек дейміз. Осыны өзіне ғана барып айтып кел... Жарай ма? — деді.

— Е, жарайды, шырағым мақұл, — деп отырған орнынан белін басып қозғала берді...

Бұл кезде аналар өзін-өзі боп топталып күңкілдесіп әрі жылжи беріп еді. Шәлтік біраз ырғалып тұрып, ақыры аяғын жітірек басып баз ішіне кірді. Кіре сыбырлап:

— Қайдасың, білдің бе, жау білем... — деп Айшаға қарай баса беріп сүрініп, құлап кетті. Жолда тұрған Айшаны да қоса қағып жықты... Айшаның қолында тұрған алты атары ұшып кетті. Өзі тәлтіректеп барып бұрышқа сүйене жығылды. Айша күйіп сыбырлап:

— Е, сорлы шал ... қылдың-ау, ойбай, — деп жерді сипалана бастап еді, түк таба алмады. Бірақ тығыз. Әкесіне жабыса кеп сыбырлап:

— Жау деймісің? Кім екен?

— Е, қайдан білейін, бетін шар таңып алыпты.

— Тәңір алсын, әке.

— Уа кім, сығыр-ау? Қатпаға хабар айт, — деді ғой.

— Не дейсің? — Айша есі шыққандай боп не дерін білмей, еш нәрсені ұға алмай дал боп қалды. Шал:

— Кетейін, не де болса хабар етейін, — деп кейін бұрыла беріп еді. Сол кезде дәл көзінің алдынан от жарқ ете түсті. Шырт етіп жанған сіріңке еді. Айша мен Шәлтіктің алдында тұрған Сүгір. Сүгірдің көз алдында Айша...

Бағанағы жұқа денелі жігіт Шәлтік базға кіре бергенде артынан лып беріп, аяғының ұшымен басып, жасырынып отырып сыртынан бірге ілесіп кеп еді.

Мына екеуінің жаңағы сөздерінің тұсында ернін тістеп жымдай қатып тұрған... Енді міне алдында Айша, есептері теріске кеткен жоқ. Жүрісі бос жүріс болмапты. Сіреңкесін қайта-қайта тұтатып тұрып, Айшамен мынандай сөзге кірісті.

— Жолы болар жігіттің жеңгесі алдынан... — деп кекетіңкіреген үнмен: — мені тоса келдің ғой, — деді.

Айша есін жия бастады. Өңі сазарып, сұрланып алды.

— Тоссын деп кетіп пе ең қашқын болғанда?

— Жоқ, тосқан болмасақ бүгін мұнда келмес ең, әлде тәңір бұйрығы әкелді ме, қайта өзіме?

— Мен тіршілігін адалдан тілегендермен біріккем... Кетерінде арамыз шешілген-ді...

— Жоқ, шырағым, мен өткіліктен өтіп, сонау Қытайдан текке келгем жоқ. Сүгір намыскер жігіт... Сүгірдің қатыны көзі тірісінде жатқа кетпейді, — дегенде дауысы дірілдеп20 қатая беріп: — сен мені бір рет жер қылдың... Енді иек жөніңе көш, болмаса сөз бұзылады...

— Мен мынау шал әкеммен ашығып қайыр тілеп жүріп, ақыры міне колхоздан пана таптым. Енді орным осында. Өзімдей еңбекші бейнетқордан теңімді таптым... — дегенде Сүгір тепсініп кеп сөзін бөліп:

— Жәркенің жесірін көзі тірісінде сасық Алтыбай алғанын көріп пе ең? Иесі келсе қоңсысы орын босатады... Өз қатыным. Мен байың. Көзіңді ашып қара... Килігіп көрсін. Бір түнде кестіріп кетейін, — деп қабағын түйіп қадалып алды...

Шәлтік Айшаны ақырын түртіп еді. Бірақ ол да қайтар емес.

— Жоқ, жарқыным, енді басымды әурелеме, — дей берді. Сонда Шәлтік Сүгірдің түсі бұзылып бара жатқанын көріп, Айшаның желкесінен түйіп қалып:

— Көзің құрғыр, кіммен сөйлескеніңді көрмей тұрсын ба, түге, мен берген байың осы. Осыныкісің... — деп дүрсе қоя берді.

Айша бетін баса беріп, ақырын ғана:

— Жоқ... Жоқ... өлсем де жоқпын саған, — деп төмен шөгіп отыра берді.

Сол кезде Сүгір шалды жетектеп алып шығып, есікті жапты да, тыстағылардың жанына келді.

Бәрі жан-жақтан қамап тұрып, Шәлтікке тағы да бірнеше сұрақ берді. Ақыры жирен байталға мінгізіп жатып Сүгір оңашарақ шығып:

— Ата, мен Сүгір балаңмын. Баяғы туысым бір деген ниетпен келіп ем. Артымнан21 бәрі жау боп өре тұрыпты. Сол аямас жауымның бірі ана колхоз бастығы Қатпа ғой. Менің барар жер, басар тауым жоқ. Жау да болса өзіне қайта кеп тұрмын. Адастым, бірақ кайта келдім. Аяр деп ойламаймын. Сонда да өз алдына келдім. Бір Жәркенің баласы ек. Өзіне ғана хабар айт. Не қылса да өз қолымен өзі істесін. Осы арада хабарын тосамын, — деді... Шәлтік үн қатпай тыңдап-тыңдап тұрды да ақыры:

— Құп, — деп бір-ақ ауыз үн қатып тебініп жүріп кетті. Енді белі шойрылмай ма немене, ширап апты. Біраз жүріп баздың қарасы үзіле бергенде артына бір қарап ап байталдың басын ірікті де, ойлана қалды.

— Қатпаға барам ба, басқаға барам ба? Жаңа келген адам болса да, осы көпке қайырымы, қабағы бөлек анау Самат еді. Мынау таңертең қасқыр хабарын айта барғанымда да дүңк ете түсіп еді... қой, осы анаған барайын, — деп қой фермасының қонысына қарай, Саматқа қарай беттеп жорта жөнелді.

Шәлтік кеткеннен кейін Сүгір қайта базға кіріп бірқатар уақыт айналды да, аяғында жалғыз шығып есікті жапты. Сыртынан бағанағы сынық сырықпен тіреу салды. Сөйтті де тобына кеп үндеместен атқа қонды. Өзгелер де аттанысты.

Бір топ шоғыр Талдыөзектің қалың шиін сылдырлатып аралап барды-барды да, аздан соң қараңғы түннің тұңғиығына қаралары батып жоғалып кетті.

III

— Бас, бас. Бассаңшы аяғыңды. Өзің немене, түгі, баяғы бай қатынша әрі жуандап, әрі шабандап барасың мүлде, — деп екінші шабан бригадасы Берді, анандай жерде шелек ұстап келе жатқан Дәметкенге бұрылып, қарап, алдын тосып тұрып, даурығып күле сөйледі. Екінші жақта жиырма қадамдай жерде бұлар келе жатқан жаққа қарай үшінші шабан бригадасы Сатай да келе жатыр еді. Оның қасында бірінші ферманың ең үлкен қырықтықшысы ударник Аяжан да келе жатқан.

Сатай көлденеңнен Бердіге сүріне килігіп:

— Дәметкендікі май емес, қайрат қой. Қара жон, балуан адам ғой. Денең толды деп кінәлама, — деп Аяжанмен қосылып, ойнап күле бастады.

Дәметкен бұларға қарай жете беріп, жөп-шендіден ығыспайтын салмақты, берік жүзбен:

— Біз сол жай басып жүріп-ақ сендердің мақтаулы қатындарыңды қанжығаға ұрып байлармыз, — деп еркекше кесек үнмен қатты күлді.

Күн жаңа шығып келе жатқан мезгіл еді. Талдыөзек даласы әлі жым-жырт. Жел де жоқ22. Айналадағы қалың ши қыбыр етпей қалғуда. Аспанда шырылдаған көп торғайдан басқа өзге жанның көп дыбысы білінбейді.

Алғаш тұрған колхозшылардың жаңағы үндері саңғырлап, дауырығып шығып алысқа естіліп тұр. Бұлар үйді-үйлерінен шығып, екі жүз қадамдай жердегі қой жатқан қашарға келе жатыр.

Осылардай боп мезгілімен тұрған сауыншы, қырықтықшы қатындар, малға баратын шабандар да әр үйден шығып, жалғыз-жалғыз созылып сол қашарға таман беттеп келе жатыр еді.

Дәметкенге әрқашан ет ауыртпай, әзіл етіп сүйкене қалжыңдап жүретін Берді мен Сатай жаңағы сөзін құр қалдырмады. Сатай Дәметкенмен қоса күліп:

— Әйткенмен бүгін күндегіден де шабан басасың ғой, оның қалай? — деп бірдеме жорамалдағысы келді.

— Бүгін ұйқым шала. Түнде мектепте болдық қой.

— Я, мектеп жазықты болғаны, — деп Берді де бір қияс сөзге салғысы келді.

Бірақ бұл әншейін, дарымайтын құрғақ сөз. Өйткені Дәметкенің байы жоқ. Ол — былтыр өлген. Одан бері де бұған жас балаларын өзі бағып отырған Дәметкенге пәленің бар деп ешкім еш нәрсе айта алмайтын. Дәметкен өзіне сенімді. Сондықтан жаңағы қалжыңдарын елеместен өз бетімен кешегі кешті есіне түсіріп күліп:

— Ойпыр-ау, әрпін жазуға қолы құрғыр тіпті илікпейді. Сонымен үйге келген соң түнде көп отырып, бір парақ қағазды түгел шимайлап шықтым... — деді.

Аяжан мен бұларға енді кеп қосылған өзге қатындар да, өз бастарындағы осындай халді көз алдарына келтіріп басын изесті.

Берді енді қалжақты қойып, бұлармен түзу сөйлесе бастап:

— Қолыңмен колхоздың жұмысын істеп, басыңды ұмытып кетпе, басыңмен оқу біл, білім ал, көзіңді аш дейді ғой, Самат.

— Сонда осы колхоз боп істеп жүрген ісіңнің бәрін танисың, дейді. Сөз-ақ емес пе? — деп Сатай да қостады.

Дәметкен ликбез ашарда Самат айтқан сөздің тағы бірін еске алып:

— Бас пен қол ынтымақтассын дейді, — деп ішінен дұрыстығына мойын қойса да, сөздің сыртын үйлессіздеу көріп күліп, — олар бір жұмырықтасып, шекелесіп жүргендей, — деп бар қатынды тегіс күлдірді.

Аяжан мұндайда күле бергені болмаса көп сөйлемейтін. Бірақ анда-санда бір нәрсе айтса дәмді ғып