22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Мұхтар Әуезов

Мұхтар Омарханұлы Әуезов – қазақтың ұлы жазушысы, қоғам қайраткері, ғұлама ғалым

Ел поэмалары. Қозы Көрпеш – Баян






Қазіргі жиналған ел әдебиетінің ішінде қазақ жұртының ел поэмасына қосылатын екі үлкен әңгіме, 5 өлең бар. Біреуі – `Қозы Көрпеш – Баян`, екіншісі – `Қыз Жібек`. Ел поэмасы деп қандай түрдегі әңгімелі өлеңді айтатынымызды осы екеуінің мағынасы мен үлгісін қарастырған уақытта анықтап айтпақшымыз. Сондықтан, қазір жалпы сөзді айтудың орнына сол екі әңгімені бас-басына қарастыруға кірісеміз. Әуелі қарастыратынымыз `Қозы Көрпеш – Баян`.

`Қозы Көрпеш – Баянның` қысқаша әңгімесі

Ескерту: екі бай аты 1-Қарабай, 2-Сарыбай.

Бұрынғы өткен уақытта Балталы, Бағаналы деген елдің ішіне шеттен ауып келген Қарабай, Сарыбай деген екі бай келеді. Сарыбай келген жерден Балталының еліне үлкен мырзалық көрсетіп, қалың елдің бейілін алып, ханы есепті, қадірлі жақсысы болады. Қарабай тоқсан мың жылқы айдаған бай болса да, сараңдықпен құнсыз болып елге қадірі жоқ болады. Екеуінің жасы жетпіс пен сексенге келген кәрі. Бірақ балалары жоқ, зарлы. Бір күні екі бай елсіз тауда анда жүріп, кез келіседі, мұңдарын айтысады. Екеуінің де үйіндегі қатындары екі қабат екен. Құдай атын айтып дос болып, бірінен ұл, бірінен қыз туса, екеуін қоспақ болып ежеғабыл жасайды. Сол уәденің үстінде, Қарабай Сарыбайдан тілек етіп бір буаз маралды атқызады. Буаз аңның киесі атып, Сарыбай сол жерде өледі. Қарабай егіз лақ маралды алып, еліне қайтады.

Жолшыбай `Сарыбайдың қатыны ұл тапты` деп, сүйінші тілеп келе жатқан шапқыншыларына жолығады. Ауылына келсе, өзінің де қатыны босанып, қыз тапқан екен. Сүйінші сұраған сақау қатынға түк бермейді. Мазасын алғаны үшін дүре салады.

Сарыбай өлімін Балталы, Бағаналының хан, қарасы болып жоқтайды. Қалың ел жиналып, жылап-сықтап, басына күмбез орнатады. Қарабай құдама бата оқимын деп, сексен нарға саба артып Сарыбайдікіне келе жатады. Бірақ бата оқушылардан бұрын Сарыбайдікіне өзі келіп жөргекте жатқан Қозыны көріп, мені жұтатын жалмауыз туыпты деп, нардағы сабаның бәрін тілгілеп, қымызды ақтарып тастап, үйіне қайтады.

Сарыбайдың ханымы аңдағы уәдені естіп, Қарабайға кісі салады, құдалықты бекітпекші болады. Елші болып Тайлақ бидің баласы он бір кісіні ертіп барады. Қарабай `Жетім ұлға қыз бермеймін` деп елшілердің басын жарып, сабап қайтарады. Содан кейін, `Балталыны мекен қылып тұрмаймын` деп ауа көшеді, туған жерден көшерде Қарабайдың асырап алған Ай, Таңсық деген екі қызы1 ел мен жерге қоштасады. Қарабай қазақ даласын шыр айналып көшеді. Арада көп жыл өтеді. Бір заманда шөлге ұрынып малы қырылады. Сол уақытта торғауыттан алты құлаш бедеу мініп Қодар деген батыр келеді. Қайраты зор болғандықтан, Қарабайдың қалған малын шөлден аман сақтап алып шығады. Еңбегі үшін ақ Баянды сұрайды. Қарабай жалғыз қызын бермек болып уәде қылады.

Балталыдан ауған бай көп көшудің соңынан Аягөзге келіп, тұрақтап мекен етеді. Баян сұлудың атағын естіп жан-жақтан талай мырза іздеп шыққан. Барлығы Ақ шаулы, Қоңыр шаулы деген тауларға жиналып, Қарабайдың ауылына қарай жүгіреді.

Бұлардың алдынан Қодар шығып, батырлығымен соғысып, жеңіп, құл қылып алады. Бұл кезде Сарыбайдың елінде қадірлі болып тұрған Тайлақ деген бидің Айбас деген інісі бар еді. Бұл `Қозы ержеткенде не деймін` деп, Баянды іздеп, елінен шығады. Арада көп заман жүріп Қарабай жайлаған жерге жеткенде, далада жидек теріп жүрген үш қызға жолығады. Бұл Баян мен апалары болады. Айбас сөйлесіп танысады. Баян Қозыны күтіп жүрген болады. Қодардай жаудың барын мәлімдейді. Айбастың келген жолына сый береді. Қозыңа бір тоғыз қылып сәлемдеме береді. Айбас кетерде, Қодардың қайратынан қыздар қорықпасын деп, әдейі Қодарға кездесіп, жекпе-жек жасайды. Қодарды ұрып жығып, талдырып кетеді. Қыздардың көңілі тынады.

Айбас еліне келген соң, Қозыны шақырып алып, көрген жайын баян етеді. Жас жігіт шешесі мен елі-жұрты болып жалынғанға тоқтамай, қалыңдығын іздеп, жүріп кетеді. Бірге еріп бармақ болған Айбасты серіктікке алмайды, намыс көреді. Артындағы ел әлденеше құрбандық етіп, тілеу тілеп, бата беріп қала береді.

Қозы елсіз далада көп заман жүрген соң аты арып, тоны тозып, жүдеп келіп бір көлдің басында жалғыз жатады. Баласының түзде жүдеп жүргені шешесінің түсіне кіреді. Ел жиылып, садақа беріп, тағы тілеу тілейді. Сол күні Қозыға көп керуен кездеседі. Керуеннің ішінде керемет иесі – қожа болады. Қозыға дұға үйретіп, өзі мен атының түсін өзгертіп береді. Қозы тазша кебін киеді. Содан кейін бір заманда Қарабайдың ауылына жақындайды. Далада қой жайып жүрген тазшаға келіп, ауылдың жөнін сұрап болған соң, қойшы тазшаға қой бөліп беріп, еркіне жіберіп, өзі Қарабайдың қойын айдап ауылға келеді. Бұрынғы тазшадан әрбір мінездері бөлек болады. Қыздар сезіктеніп сынай бастайды. Ертеңіне Қозы қойға кеткенде бір қызды тоқты қылып киіндіріп, қоймен бірге жібереді. Далада Қозы Көрпеш зарын айтып, жыр жырлайды. Тоқты қыз көргенін, естігенін айтып келеді. Баян мен Қозы біріне-бірі ашылып бір ниет, бір тілеумен табысады. Бірақ Қозыға таз кебінімен тазша болып жүру қажет болады.

Осымен бірталай мезгіл өткен соң, әркім-әркімге Қозы қайратын сездіре бастайды. Қодарды қалжыңмен түйреп мазақ қылып жүреді.

Бір күні ел көшіп келе жатқанда Қодар қыздарға мақтанбақ болып Қозы Көрпешті жауырынынан алады. Қозы аударысып, Қодарды атына аударып алып, желіп жүріп кетеді.

Ауыл жаңа жұртқа қонған соң көпке қайратын сездірмек болып желінің қазықтарын бармағымен батырып, қол ағашпен жерге сіңіреді. Қарабайға да анда-санда тізесін батырып, жаралап жүреді.

Сонымен қыс жақындап жылқы ортаға шығатын уақытта, Қодар қысылшаңда қайта тиеді деп (тазшаны) Қозыны, жылқыны сұрайды. Қарабай беруге көнеді. Қодар, Қозы тоқсан құлмен бірге жылқыда болады.

Жазға салым Қодар жеңгенді сағындым деп ауылға кетеді. Қозы Көрпеш `сарқыт әкел` дейді. Қодар келгенде қыздар ілтифат қылмайды. Бос қайтады. Содан кейін Қозы келіп, он шақты күн қыздың қасында күліп-ойнап жылқыға қайтады. Қодарды мазақ етеді.

Осымен біраз дәурен өткен соң жаз шығады. Бұл елдің Сасан деген биі сауын айтып, той жасайды. Жұрттың бәрі тойға кетеді. Ауылда Қозы мен қыздар қалады. Сол уақытта Қозы Көрпеш басындағы кебінін біржолата алып тастап, еркімен күйеу болып қалыңдық ойнап, жата береді.

Бұл жайды тойда жүрген Қодарға бір қатын жар-жар айтып естіртеді. Қодар естісімен талқан болып ашуланып, Қарабайды суымды бер деп Қыспаққа алады, ел шаппай тынбайтынын айтады, бар тойға жиылған ел Қодардан қорқып, соның кісісі болып, Қозы Көрпешті алдап шақырып, өлтірмекші болады. Тойдағы елдің атынан Қозыны күйеу деп шақырушы желге кіреді. Қыздар жас жігіттің бармағанын дұрыс көреді. `Сақ бол` дейді. Баян: `Мені еліңе алып кет` дейді. Қозы тойға бармағанды мақұл көрмейді. Барады. Ай, Таңсықпен келеді.

Тойдағылар, сонымен, арақ-шараппен сыйлап, мас қылып, елітеді. Есі аууға айналғанда екі қыз күреңкейді көлденең тартып тұрып `Қай` дейді. Қозы мініп алып қашады. Артынан көп ел жабылып қуады. Қозы Көрпеш Қодарды ұрып жығып, құтылып кетеді.

Бұдан кейін Қодарға тоқсан құл қарсы шығып, соғыс салады. Қодар талайын ұрып жығып, жан-жаққа қашырады. Солардың ішінен Көсем сары деген жігіт шығып, даладағы Қозыны іздеп, табады. Екеуі жолдас болып достасады, Шоқ деген жерді уақытша мекен етеді.

Қозы тойдағы ішкен удан жазылып болған соң, Баянды алып еліне кетпекші болады. Сол күйімен жүргенде бір күн Қозы жоқта Қодар Шоқ терекке іздеп келіп, ұйықтап жатқан Көсем сарының басын кесіп әкетеді. Басты `байыңның басы` деп Баянның алдына тастайды. Баян Қозы емес екенін танып, ешкімге білдірмей орап, тығып қояды. Көсем сарыны Қодар өлтірген соң, соның кегі үшін Қозы іздеп келіп, `Сенің қылғаның жетті` деп, Қодарды өлтіреді. Содан кейін сүйгенін алып еліне қайтады.

Жанақтың айтуындағы Қозы Көрпеш осылай бітеді. Бірақ, бұдан басқа Қозы Көрпеш жайындағы көп әңгімені алсақ, оларда шоқ теректің түбінде ұйықтап жатып өлетін Қозы болады. Қозының шоқ теректің түбінде екенін Қодар торғайдан біледі, торғай Баян мен Қозының арасында тілші болып жүреді екен. Бір шаңыраққа келіп қонып отырғанда Қодарға тілеулес бір кемпір ұстап алып, мойнын бұрағанда: `шоқ терек` деп өліп кетеді. Сонымен Қодар тауып алып, әлгідей өлтірген болады.

Қозы өлген соң, Баян Қодардан кек алады. Қодар `аламын` деп келгенде әуелі күйеуімнің басына бірге барып, бата оқиын дейді. Келе жатқанда Қодарға бір шыңырау құдықтан су әпер дейді. Қодар Баянның қырық құлаш шашынан ұстап шыңырауға түседі. Суды әперіп қайта шығып келе жатқанда Баян бұрымын қиып жіберіп, құдыққа қайта құлатып, таспен атып өлтіреді.

Содан Қозының басына келгенде, қалың керуенге кездесіп, барлығы бірдей Баян сұлуға қызығып алғысы келеді. Баян `Күйеуімнің басына күмбез орнатыңдар, сонан соң тиемін` депті. Керуен айтқанын істеп, зират салады. (Осы күнгі Жетісудағы зират)2. Содан керуендер тағы таласқан соң Баян: `Бәріңе бірдей тиюіме бола ма, Ана бейіттің басына шығып секіріңдер, қай аман қалғаныңа тиемін`, – дейді. Бәрі бірдей секіріп, құлап өледі. Жалғыз аман қалған біреуін Баян өзі өлтіреді.

Содан кейін Қозының қабырына кіріп, қара пышақтың сабын жарының кеудесіне тіреп қойып, өзі соның жүзіне жүрегін төсеп Қозыны құшақтап, жығылып өледі.

`Қозы Көрпеш – Баянның` мәнісі

Батырлар әңгімесінен кейін қазақ ескілігіндегі әңгімелі өлеңдердің бір түрі – ел поэмасы болады. Бұған қосылатын `Қозы Көрпеш – Баян`, `Қыз Жібек`. Бұл өлеңдер алдыңғыларша батыр жорығын жырламайды, белгілі дәуірде қазақ елінің салт-санасы, кәсібі, елдігі қандай жайда болғанын білдіретін сөздер. Бұның екеуінде де көшпелі кәсіппен ру жігіне бөлінген, елдің ортасында өскен жастардың махаббат, достық бағасын түсінуі көрінеді. Екеуі де сол көшпелі елдің салт, ғұрпымен байланысқан махаббат жыры болады. Біздің әуелгі қарастыратынымыз `Қозы Көрпеш – Баян`. Бұл қазақ ескілігінің кәрі заманнан бері қарай қадірлеп, сақтап келе жатқан асыл бұйымы.

Біз `Қозы Көрпештің`, өзге көп түрік жұрттарының ішінде әлденеше түрдегі әңгімелері барлығын былай қойып, қазақтың өз ішін алғанда, талай қайталамасы барын білеміз. Қозы Көрпеш поэмасына толық сын, сол барлық қайталамасы жиналған күнде болар, байлаулы сөзді сол түгел жиылған заманның сыншысы айтар, біздің қазіргі айтатынымыз жарты сын. Алғашқы жасаған нобай сын. Бізге түгел сөзді айтқызбайтын себеп: қазақ ішіндегі Қозы Көрпеш әңгімелерінің түгел жиналмағандығы.

Қазірде біздің қолымызда бұл поэманың үш әңгімесі бар. Бірі – Семей үйезі, Тобықты ауданынан жиналған әңгіме3, екіншісі, Мәскеуде басылған Радлов жиған әңгіме4; үшіншісі, Жетісу қазағының арасынан Колпаковский жандаралдың жиғызған әңгімесі5.

`Қозы Көрпеш – Баянның` ішкі мағына-маңызын бағалаудан бұрын, әуелі осы үш әңгіменің өзді-өзін салыстырып, үшеуінің ортасынан тұтасқан қай бір әңгіменің нобайын жасап шығару керек.

Бұл үш әңгімені сырт жағынан қарағанда, айырмыстары көп сияқты. Кей уақытта біреуінде кездесетін адамдар екінші, үшіншісінде жоқ болады. Мысалы, Жетісу әңгімесіндегі Әбсебай; бұл Баянның туысқаны, екі жастың достары болады.

Осы сияқты Семей әңгімесіндегі Тайлақ би, Радлов әңгімесіндегі Баянның кіндік шешесі, алғашқы екі әңгімеде бірдей келетін Айбас үшіншісінде жоқ болады.

Қозы Көрпеш қайын іздеп келе жатқанда, жолшыбай кездесіп түсін өзгертетін өнерді үйретуші қожа бірінші әңгімеде бар болса, екіншіде Баянның кіндік шешесі болады. Үшінші әңгімеде бұның екеуі де өз пішінімен араласпайды. Бірақ, бұлардың істейтін ісін сиқыршы кемпір істейді. Ол бір кезде Қозы Көрпештің алдынан тоғай шығарып, бір кезде көлдер жасап, жолын бөгейді. Аяғында Қозы Көрпеш соның себебінен алты айдарлы жігіт болады.

Бұдан соңғы, осылар қатарында кейбір әңгімеде үлкен орын алатын Баянның апалары Ай, Таңсық, Айғыз болады. Бірақ бұлар бар әңгімеде кездеспейді. Радлов жиған әңгімеде бұлардың орны жоқ. Үш әңгіменің ішіндегі тағы бірінен-бірі айырылатын өзгешелік: Қозы Көрпештің қайны барын еститін жері; бірінші әңгімеде Қозыға айтатын Айбас болады. Ол қызды іздеп барып, көріп келген соң әдейі естіртеді. Бар әңгімеде бірдей жер: Қозыға Баян жайының ержеткенше мәлім болмағандығы. Семей әңгімесінде Сарыбай өліп, Қарабай ауып кеткенде Сарыбайдың қатыны Тайлақ би арқылы барлық Балталы, Бағаналыдан тілек етіп сұрайды, кеткен Қарабай кете берсін, жалғыз-ақ осы сөзді ешбір жан Қозыға айтпаса екен деп, сонымен ержеткенше айтылмай қалады.

Әңгімелерде бұл жайы толық айтылмаса да, Қозы Көрпештің осындай себептермен естімейтіні белгілі сияқтанады. Жас жігітке Семей әңгімесінде естіртуші Айбас дедік. Өзге әңгімеде естіртуші өрмек тоқып отырған кәрі кемпір болады. Біреуінде – тазша бала. Бұл аталғанның бәрі әңгіменің ішінде ең ірі орындағы адамдар емес. Орта қызметтің адамдары. Сырт қараған кісіге бұлардың аты да, жайы да кез келетін жері де біріне-бірі ұқсассыз, бөлек сияқты. Бірақ бұл әңгіменің сыртқы көрінісі ғана.

`Қозы Көрпеш` әңгімесінің өзге түрік жұрттарындағы қайталамасын алмай-ақ, қазақ елінің ішіндегі әңгімелерінің өзін алғанда барлық бүгінгі көп түрдегі әңгімелердің алғашқы, бірақ негізінен тарағаны анық. Бірақ бүгінгі біздің қолымыздағы үш әңгіменің ешбірі де сол алғашқы негіз емес, мұның бәрі де алғашқы түрден тараған тарау. Сондықтан бұл үшеуін бірдей салыстырып отырып, алғашқы түрінде жақын бір әңгіменің тұлғасын жасау біздің бүгінгі міндетіміз.

Осы мақсатпен қарастырғанда бүгінгі қолдағы әңгімелердің өзгерістері, айырмыстары неден болғанын табу керек. Қозы Көрпеш жайындағы әңгімелердің өзгерістері екі себептен болған: біреуі – көп айтушының аузынан өткен ескі әңгіме болғандықтан, ұмытып, жаңылып, байқамай, ойсыз кіргізген өзгеріс бар, бұл ықтиярсыз кірген жаңалық, жаттық. Екінші түрі – тыңдаушының тілегін, ақынның ұнатқан ыңғайына қарай бейімделіп кеткен өзгеріс, бұл ықтиярлы өзгеріс, әдейі кіргізген жаңалық. Енді жоғарыда бөліп шығарған әр алуан адамдар орта қызметтің адамы болса, бұлардың аты-жөнін өзгертіп кіргізу әлгі айтылған екі түрлі өзгерістердің қайсысына қосылмақшы.

Менше, бұл алғашқы түрдегі жаңылыс ұғудан, ұмытып қалудың салдарынан кірген өзгеріс болады. Ұмытудың себебінен кіргендігі бұл адамдардың әңгіме ішінде істейтін ісінің өзгермегендігінен білінеді. Шынында, бірінші әңгімедегі Баянның кіндік шешесінің тілеулестігі сияқты мінездер әр жерде әр алуан адамның мінезі болып көрінсе де, жалпы әңгіменің ішінде бір-ақ қызметтің адамдары. Бұл екі жастың үлкеннен, жақыннан шыққан достары. Қозы Көрпештің белгісіз алыстағы қалыңдығын іздеп шыққан жолы қауіп-қатерлі, көмескі жол, алдындағы тұман ішінен кездесетін жасырын, жат нәрсе көп, жолында кездесетін бірінші әңгімеде қожа болады. Екіншіде, Баянның кіндік шешесі, үшіншіде сиқырлы кемпір. Бұлардың бәрі бір міндет, бір қызметтің адамдары, екі жастың қосылуына қараңғы, сырлы біліммен көмек ететін адамдар, бұлардан басқа жастардың жас тілеулесі болу керек. Кәріше, ақылмен, батамен, дұғамен, сиқырмен көмектесуден басқа олардың арасында достық, махаббат жібін жалғастырып, жамаушы болып жүретін адамдар керек. Екі жас өмірі қиыншылыққа, қауіпке ұшырағанда, не болмаса бір-бірінен алыстап, ұзап кеткенде, арада ұмыттырмай жүретін ескерткіш сияқты сақтаушылар керек. Сол қызметпен жүретін Айбас, Ай, Таңсық, Торғай болады. Бұлардың міндеті де жоғарғылардікі сияқты, бірақ алуаны екінші түрлі.

Міне, үш әңгімені бір-бірінен өзгертіп, ұқсастығын азайтатын осы адамдардың әртүрлі әңгімеге әр күйде кездесуі болса, жиып-теріп, санап келгенде бұлардың ешқайсысы да істейтін қызметін атқаратын міндетімен бірінен-бірі жат адамдар болмайды. Барлығы көбінесе бір орта қызметтегі адамдардың міндеті. Бұларды өр түрлі қылып кіргізу алғашқы әңгімені жаңылғандықтан, әрбір ақын өзінше жаңалап, сырлап, ұмытылған ескі әңгімені қайта құраймын дегендіктен туған.

Бұл өзгерістер әңгіменің ішкі мағынасы мен тұлғасын өзгертеді, мақсатын бөлек қылып, негізін аударады деп ойлауға келмейді. Жалғыз ғана әңгіменің ұзын сүрлеуінен жаңылмай келе жатып, жолшыбай ғана аз бұраңдап кеткенге ұқсайды. Орта қызметтің адамдарын осы бағамен шығарып қойып, енді әңгіменің ішінде көрнекті орын алатын адамдарына келсек, олар жайының өзгергенін ешбір әңгімеде көрмейміз. Көшпелі елдің поэмасының барлық әңгімесі соның ішіндегі ірі орындағы адамдардың ісі мен өмірінен құралатындықтан бір әңгімеде өзгеріс мол десек, сол ірі адамдар өмірін өзгерткеніне қарап айтуға керек. Арадағы орта қызметтің адамын танымастай қылып өзгертсе де, ол не сұлулығын арттырып, не сұлулығын кемітетіндей ғана өзгеріс болады. Әңгіменің нағыз әңгімелік құрайтын ірі адамдардың өмірі мен ісі өзгермесе, ол уақытта әңгіменің көп өзгеріске ұшырамағаны білінеді. Қазіргі біздің қолымыздағы үш әңгімеге қарағанда, біз нағыз Қозы Көрпеш әңгімесіне себеп болған негіздің өзгермегенін көреміз. Барлығында өзгермеген бір-ақ пішіннің адамдары, ешбір әңгімеден бұлар қалмайды. істейтін ісі, бастан кешірген уақиғалары да үш әңгімеде бір-ақ түрлі.

Жалғыз-ақ әрбір әңгімедегі айырмасы бұлардың кейбірінің мінезі, кейпі бір әңгімеде көлемді болып, молырақ көрінеді. істейтін ұсақ істеріне шейін саналып, айтқан сөздері де түгел түседі, екінші әңгімеде бұл шолақтау болып қысқарылады. Бірінде кейіпкерлер нағыз суретті әдебиеттің кейіпкеріндей, бүтін пішінді адам болса, екіншіде одан да гөрі шаларақ, көмескірек болып түседі. Бірақ жалпы тұлғалары ешбірінде де жат адам болып өзгеріп кетпейді. Сондықтан қай әңгімесін алсақ та бәріне бірдей әңгіме: әуелі Сарыбай мен Қарабай аңшылықпен далада жүріп танысуы, достасуы, балалы болмай жатып жасаған ежеғабыл, одан Сарыбайдың өлуі, Қарабайдың ауа көшуі, жат болып кеткені, Қозының ержете іздеуі, қайнында жау көп болып, қызды алуға бөгеттің көптігі. Екі жастың құмарлығына бөгет болып шығатын Қодар, Қозы Көрпешке істелген қастық. Аяғында мұратқа жете алмай, барлық әңгіменің сыпыра қанды уақиғамен бітуі. Бұл әңгімелердің бір-бірінен айырылатын айырмасы аяғында шығады. Айырмасы Қозы Көрпеш пен Баянның өлімі болады. Менің ойымша, біздегі үш әңгіменің ішіндегі нағыз үлкен өзгеріс – әдейі кіргізген, қолдан жасаған өзгеріс. Осылардың өлімі турасындағы әңгімеде, алғашқы екі әңгімеде Қозы Көрпеш пен Баян өлмейді. Үшінші әңгімеде Қозы Көрпешті Қодар ұйықтап жатқанда өлтірген болады.

Алғашқы әңгімелер бұрынғы естілудегі нағыз болған өлімді тыңдаушыға ауыр көріп, әрқайсысы өзінше шеберлеп, әңгімелеп келіп, өлтірмей шығады. Бұл көп айтушы ақындардың әдейі кіргізген өзгерістері болуға керек.

Осы айтылған қысқа сөзбен біз әзірше қолымыздағы үш әңгіменің бір жерге басын қостық деп есептейміз.

Ендігі қарастыратынымыз атақты поэманың ішкі мағынасы. Қозы Көрпеш нағыз қазақ жұртының әңгімесі болса да, өлгенше ескі заманның әңгімесі. Бұған бірінші дәлел – барлық түрік жұртына тегіс жайылғандығы; екіншісі, елдің салтын суреттеген жерлерінен білінеді. Қозы Көрпеш тараған түрік жұрттарын алып қарастырсақ, мұның көпшілігі мұсылман болып отырған түріктер, олардың ортасына жайылғандығы әңгіменің ескілігін білдірсе де, тіпті кәрі заманның әңгімесі дегізбейді.

Өйткені, түрік жұртының көп руы дін бірлігінің арқасында, біріне-бірінің араласы да көп болып, бірінен-бірінің алған әсері де сондайлық көп болған.

Мұсылман болған түріктерге, солардың әңгімесі қазақ ішіне қыдырып келіп, сақталып қалғаны сияқты, қазақтан да кешіп барып, орнап қалуға мүмкін мұндай іс алыс, ескі заманда болуға мүмкін болса, жаңа жақын заманда да болмайды деп айтуға қиын. Меніңше, `Қозы Көрпештің` өте ескілігін білдіретін дәлелі: осы әңгіменің якут (сақаның) ішінде болғандығы6, олар мұсылман емес. Алыс солтүстікке кеткеніне көп заман, қазақтан оларға `Қозы Көрпеш` әңгімесі артынан қуа баруға қисынбайды. Ол ел жалпы түрік шеңберінен жырылып кеткен күнінде, осы жақтан ала кеткен жолдасы болуға лайық. Олай болса `Қозы Көрпеш` Тарақты еліне қарап, ескі әңгіме дедік. Олай болса, біздің Жетісудағы бейіт қай замандікі. Бұрын бұл бейіттің ішінде төрт тас болған. Ол қай замандікі. Соңғы замандағы мамандардың айыруына қарағанда, тас пен бейіт бір заманда салынған емес екендігі анықталған. Бейіттен тастың жасы мың жылдай үлкен, бейіттің өзінің жасы екі жүз, үш жүз жылдан әрі емес дейді.

Бұлай болғанда, не тасты басқа бір жақтан бейітке әкеліп қоя салған болады, не болмаса ескіден тас қалған. Тозған бейіттің басына жаңадан күмбез орнатқан болады. Бізге бұл арасын анықтап айыру қиын. Қазақтың өз салтында бейіт жаңғырту жаман ырым. Сондықтан, ескіріп қалған моланы қайта салды, түзеді десек зорлық сияқтанады. Бірақ осының бәрі қазақ істеген іс болса, қалмақ бейітіне қойылатын тасты әкеліп, Қозы Көрпеш, Баянның басына қою тағы да бір сиымсыз, жат іс болады.

Менше, ел қиялы, Қозы Көрпештің қызықты, сезімді әңгімесін өлең-жырда естумен қанағаттанбай, бірталай заман іс жүзінде де соның аяғын шын қыламын деп, бейіт жасап, тас қойып, сол Қозы Көрпеш мынау дегізгісі келіп, бір қызықты, жұмбақты іс істеді деймін.

Бұлай болғанда, осы Қозы Көрпеш бейіті деген бейіт өзге бір жерден тағы да шығып қалуы ғажап.

Қозы Көрпешті қазақ ескілігі көп қызықтаған. Оның белгісі найманның бір төресі он екі ақынды жиып, осы Қозы Көрпешті өлең қылғызған дейді. Он екі ақынның ішінде Жанақ та бар екен7. Жанақтікі өзгелерден артық болғандықтан, жайылып кетіп, өзгелерінікі ұмытылып қалған. Жанаққа өлең қылғызған төре ат, шапан сый берген. Бұл қазақ ескілігі, Қозы Көрпешті іс жүзінде қаншалық қызықтағандығын әбден білдіреді.

Қозы Көрпеш жайындағы шын әңгіменің мезгілін айыру өлгенше қиын жұмыс. Әсіресе біздің заманымызға қиын. Сондықтан, әзірше осы сияқты нобай сөзді айтып, бұл жайындағы сөзді бітіреміз.

Қалай да болса Қозы Көрпеш алыстан келе жатқан ескі әңгіме. Мұның айтушысы да көп болған. Ол айтушылар әр заманның, әр өсердің адамы. Сондықтан, бірі ескілік бояуыш күшейтсе, кейбірі мұсылманшылық сарынын да жұқтырған. Сондықтан, әңгіменің ұлы денесі неше заманның, неше алуан жұқпа бояуынан аман емес. Біз бұл айырмыстарды жоғарыда да үш әңгімені салыстырудан да байқаймыз. Одан басқа бір әңгіменің өзін алып тексерсек те, неше түрлі әсердің кіргенін айыру қиын. Мысалы, Жанақ өлеңін алсақ, соның тілінде, әңгімеленген ретінде, оқшау болып кірген адамдарда, сезімдерінде түгелімен шұбартқан түрлердің байлығын, молдығын көреміз. Одан бері де, сол бір-ақ жерден шыққан бір тараудағы әңгіменің өзін алсақ, соның өзінен әлде неше ақынның аузынан кіргізген қоспасы барын байқаймыз. `Қозы Көрпеш` өте көп ақынның аузынан өткен. Мұның бір замандағы айтушылары, ылғи ақындар болған. Ол ақындар қоспасыз айта алмаған. Әрбір қоспа өзінше әртүрлі жаңалық кіргізіп, алғашқы асыл нұсқаның пішінін жаңа заман бояуымен аламыштап отырған. Бұл жағынан қарағанда, көп ақынның кеше ғана басып өткен ізін білдіретін Жанақ өлеңі. Мұның алғашқы сөзі белгісіз Кемел ақынды даттаумен басталады.

`Кемел ақын келтірер сөздің түрін. Оған да заман өткен бір ықылым`. Бұл сөзді айтушы екінші ақын алдындағы әңгімені өлең қылған ақынға алғашқы сөзін бағыштайды, одан бері: `Сыбанбай, Бекбау, Жанақ айтады екен8. Түбі оның кім десе түрікпен деп`, дейді. `Бұл арада үш ақын өтті, олар осы сөзді айтыпты` деген тағы бір жаңа ақын. Міне бұған қарағанда, кешегі өткен ғасырдың орта кезінде болған Жанақтың өзінен соң 4-5 ақын айтқан болса, `Қозы Көрпеш – Баян` неше ұстаның қолынан өткендігі белгілі.

Осы сияқты болжалы сөздермен біз енді `Қозы Көрпеш` әңгімесіне келеміз.

Әзірге қолымызға түскен үш түрлі әңгімені алғанда, бұлардың сыртқы айырмасы көп сияқтанғанмен, ішкі негізде қай жерде болса да өзгермейтін бүтін сұлу, бір негіз бар деп, жоғарғы үш әңгімені салыстырғанда айтқанбыз. Әңгіменің ішіндегі жеке адамдарды қарастырудан бұрын әуелі сол негіздегі әңгіме нені білдіреді, қандайлық мағына бағасы бар, сол жайдан біраз сөз айтып өтейік.

`Қозы Көрпеш – Баян` – махаббат жыры. Баяғы заманнан бері қарай махаббат көп жыр болған. Сол көп жырдың ішінде әр ғасырда, әртүрлі ортада, адам қауымының алған тәрбие, салт-сана, білім, сезім дәрежесіне қарай махаббат әр алуан болып жырланған. Сонда махаббат жайынан екінің бірі айтатын өлең сөздердің көбі қала беріп, ұмытылып, ескіріп кеткен уақыттарда, ара-арасында мәңгілікке сақталып қалатын, белгілі заманның ескерткіші сияқты жырлар бар. Ондай жыр жалғыз махаббаттың өз бағасын айтса, соны белгілі тәрбие, белгілі салттың ортасында өскен халық түсініп, қалай бағалағандығын білдіріп, сол елдің ішкі сезім-қиялын, ақыл-ой, ішкі назы мен жан тіршілігін толық көрсететін сөз болған. Сондықтан сымбатты өнердің қадірін білген елдердің, жалпы адам баласының бәріне бірдей қылып айтқан ішкі өмір не? Махаббат бағасы қайсы? – деген сауалдар өзінің түсінуін, өзінің көз қарасын, бағасын білдіріп кетіп отырған. Бұл айтылған жолдарға сыйымды болып жазылған махаббат жырлары белгілі, бір-ақ елдікі емес, сол елдің өмірі мен салтын, көңіл күйін білдіріп отырып, жалпы адам баласының ой қазынасына бір бұйым қосқан елдер деп саналған.

Олардың махаббат жырлары барлық сезім мен қиялға ие болған. Адам баласының барлығының ортақ мүлкі деп саналған. Осы реттегі махаббат жырының үлгісі Италия өнерінің алтын дәуірінде туған Дантенің `Тәңірдей комедиясы`9 ескі замандағы грек, рим мәдениетінің сүтін еміп, бергідегі ілгері басқан өнер мен крестьян дінінің ой, сезімді билеген маңызды заманында, солардың бесігінде өскен Италия өнері бір үлкен дәуірдің табысы қылып `Тәңірдей комедияны` шығарған. Күнбатыс Европа бері келіп құр өнер дегеннің қуыс кеудесін ұстап, ішкі толғауы ой, рең, асыл сезім, адамшылық жолдарынан адасып, құр ғана құмарлық жырымен, құр ғана сыртқы дене өмірімен кетіп бара жатқанда, сол адасып бара жатқан қауымды ұялтқандай болып `Ромео – Джульетта` шыққан10. Бұл да белгілі елдің белгілі түрде қалыптанған салты мен сезім тіршілігі тудырған бір туынды, бұл да өз заманының бір үлкен қорытындысы. Күншығыста тереңдеген діндарлықтан туып, тамыр жайған ғайыпқа нану. Бері келген уақытта, өз өмірінің ең жоғары шыққан басқышында сопылық дәруіштің салтына берілген11.

Ол замандағы сұлу, сымбатты өнер, өлең, жыр түгелімен құдай жолына істеген мінәжат сияқты, жүрек қанын ағызған өлеңмен, күңіренген бәйітпен жаратқан иесіне дұға оқитын. Ол кездегі ақындық өнерінің өзі де құдайға істеген құлшылық болатын. Жақын күншығыста әдебиет өнерінің бір ұзақ дәуірі осы бәйітпен өтеді. Бұның мысалы, Физули12, Қожа Хафиз13, Мағыри14, Қожа Ахмет Яссауи15, Сопы Аллаяр16. Осы ұзақ дәуірдің гүл мен бұлбұлы, арақ, шарап, шатыраштың көп жырларының қорытындысы болып `Ләйлі – Мәжнүн`17 туған. Адам баласының қазынасына күншығыстың тартқан сыбағасы осы `Ләйлі – Мәжнүн` сияқты махаббат жыры болған.

Мен түрік жұртының `Қозы Көрпешін` `Фаустпен` салыстырғаннан да осы жырлармен салыстыру лайық деймін18. `Қозы Көрпеш – Баянның` өз орны осы жерде. Бұл көшпелі салтпен өскен бақташы елдің махаббат жыры баяғы көп заманнан бері қарай келе жатқан салт әдет ортасында өмірді тұрмыс қалпына қарай түсінген ел: бақыт, достық, махаббат, жақсылық деген нәрселерді де өзінше, өзгеден бөлек түсінеді. Сондықтан осы мәселелерді ашық көрсететін жеке-жеке адамдарды шығарып, солардың өмірі, сезімі, тілегі, бағытына қарай елдің де өзі көңілі нені сүйіп, неден жиренгенін білдіреді.

Қозы Көрпеш әңгімесінің негізі – іште жатқан балаларды жарық дүниені көрмей тұрып қосып қойған ежеғабыл.

Бұл білімді, өнерлі, өзінше сенімдімін деген елдің көзімен қарағанда, қаншалық қара таңбадай кемшілікті мінез болса, сол ортада соны дұрыс деп өскен елдің өмірінің де қаншалық бағалы, қаншалық мағыналы екендігін білдіреді.

Сол айырмыстарға қарап отырып бақыт, қызық, адамшылық деген нәрселер заманға, тұрмысқа, салтқа қарай қаншалық танымастық болып өзгеріп отыратынын білуге болады. Біздегі Қозы Көрпеш пен Баян махаббаты, Қыз Жібек өмірі қазақ елінің осы сияқты өзгеден бөлек айрықша келе жатқан бір тіршілігін айқын білдіреді. Махаббат жыры болудан басқа `Қозы Көрпеш – Баян` көшпелі салттың жыры болады. Қалың қазақ жайлаған жібектей шалғыны, көлеңкелі ағашы, қоңыр желі, малға шүйгін ақ көдесі бар Сарыарқаның жыры барлық қазақ елінің ішкі, сыртқы өмірінің күйі, даласы мен кәсібі, салтының жыры. Бұл жағынан қарағанда өзгелерден Қозы Көрпеш әлдеқайда көлемді, кең ауданды әңгіме. Осы сияқты белгілеріне қарағанда, Қозы Көрпеш қазақтың сымбатты өнерінің ішінде ұзыннан-ұзаққа созылған тұтас бір дәуірдің мол қорытындысы болады. Сол қорытынды болғандықтан, қазақ ішіндегі неше алуан таптың бір-бір үлгісін көрсетеді.

`Қозы Көрпеш – Баянға` келгенде біз бұрынғы әңгімелі өлеңдерде істемеген бір істі істейміз. Ол – жеке кейіпкерлерін толық тексеріп қарастыру. Кейіпкерге бөліп қарастыру Қозы Көрпешке келгенде қажет болады. Себебі бұл әңгіме басынан аяғына шейін бір жерде не жаңылып, не адаспай белгілі адамдардың арнаулы кейпін береді. Ежелден мінезге қарап, адамға баға беріп, бар өмірінде мінезбен туысқа қарай сын жасап, барлық тіршілік жіптері көп тараулы мінездермен жалғасатын қазақ елі бұл әңгіменің тұсында өзінің мінез сынына жүйріктігін айқын көрсеткен. Сондықтан әңгімені қарастыруда біздің ендігі міндетіміз Қозы Көрпештегі адамдардың әңгімедегі орны мен арнаулы мінезін, түрлерін қарастырып шығу болады. Онсыз Қозы Көрпешті шала тексеріп, шала сынаған боламыз. Қазіргі заманда толық сын үшін болмаса да, асыл әңгімені толық ұғынудың өзі үшін-ақ, жеке адамдарын кейіпкер ретімен қарастырып шығу керек.

Енді Қозы Көрпеш әңгімесіне кіретін адамдарды жеке шығарып қарастырудан бұрын әуелі барлық әңгіменің негізіне араласатын көрнекі орындағы адамдардың неше жікке бөлініп қандай мінез, қандай қалыптың үлгілері бар екендігін айыру керек. Біз бұл әңгімені алдымен махаббат жыры дедік. Олай болғанда әңгімедегі адамдардың алғашқы бір жігі махаббат үлгісін көрсететін адамдар болады. Олар Қозы Көрпеш, Баян, Айбас, Ай, Таңсық. Екінші бір жіктегі адам көшпелі салтты көрсетіп, бақташылық кәсібіне салған елдің шаруа тұрмысына қарай тілейтін тілек, ұстаған қиялы не екендігін білдіретін адамдар. Олар Қодар, кейде Қарабай болады. Бұдан соңғы бір алуан адамдар елдің сүйсінген, сүйген, мақтаған адамдары. Ел билеген хан, басшы би, кемел бәйбіше, солардың артынан еріп, қадірлеген қарашы.

Қозы Көрпеш әңгімесінде ескі замандағы қазақ елінің бар табының адамы бар. Басы ел меңгерген ханнан бастап, аруағы ірі бәйбіше, бай, жау жүрек батыр, қызықшыл жігіт пен қыз, керемет иесі – қожа, белгісіз саудагерден аяғы қой жайған тазшаға дейін араласады. Бұл адамдар әрқайсысы жеке бір жандар ғана емес, әрбірі әртүрлі таптың үлгісі. Сол қауымның ішінде ең үлгілі қызық өмір кімнен шығу керек. Әрине, жарылмаған қауындай, тұтас көңілмен алдынан таудай үміт күтетін, сезім күйіне салынған жастан шығу керек.

Сондықтан бар әңгіменің орта жерін алатын сүйіскен екі жас болады. Бұл екеуінің тұтасқан өмірі, махаббаттың түгел жыры екеуін екі адам деп бөліп қарауға келмейді. Бұларды, атаның ежеғабылымен бірге тілек, үміт, талап, барлығын да бір-ақ жерге қосқан. Сондықтан сезімі мен ақыл ойлары да түгелімен бір-ақ күйде, бір-ақ орында болады. Екеуін екі бөлетін нәрсе: жаратылыста бірі еркек, бірі әйел болғандығы, істегі айырмыстары да сондай-ақ. Әйтпесе сезім өміріне келгенде бұлар бірінсіз бірі жарты болып қалатын мәңгі бірлік, мәңгі тұтастық үшін ғана жаралған адамдар. Осы белгісіне қарап біз Қозы Көрпеш пен Баянды екі адам деп айрықша тексеріп қарастырмаймыз, оның орнына осылардың көңіліндегі махаббаты тудырып өсірген ел мен ұяны жалпы жағдайда тексереміз.

Сол мақсатпен қарағанда, бұл екеуінің өміріндегі алғашқы бір далада анда кездесіп, бала тілеудің үстінде достасып, ежеғабыл жасаған екі зарыққан шалдың ант-уәдесі. Екі жастың келешегіне шарт болып қалған, екі бала іште жатқан уақытта ел әдетінде дін қарызындай нық байланған салт бойынша, әкелері тағдырын қосып қояды.

Сол қосу, `лауқыл мақпузға` жазылған тағдыр19 жаратылыс бұйрығындай болып екеуінің келешегін билейді. Бұлар өмірінің қайғылы халі де, сәулелі күн шуақты қызық күні де осы халден суат алады. Екеуі бірін-бірі көрместей қиын қияға кетсе де, осы оқиғаның болғанын естуі-ақ мұң, содан әрі белгісіз от, табиғи заң билегендей болып, өзінен-өзі қозданып, дамыл алдырмай қыздырып, белгісіз жардың достығын көксетіп, сағындырып, алыстан-ақ жүрегі мен тілектерін қосады. Бірақ, әңгіме бұлардың махаббатын күшті қылып, тереңдетіп, іштегі қызуларын асқынту керек. Бір-біріне меншікті болу, қосылу өлгенше қиын. Асудан өткен күнде ғана мүмкін болуға керек. Сол уақытта бұлардың бірі сағынып жылап, бірі іздеп, бейнет тартып, махаббат есігін ашудан бұрын от дариясындай азапты, қиындықтан өту керек. Сонда ғана махаббат күшейіп, шын достық шын ғашықтық жыры болуға керек. Сол себепті араларына талай қиын кедергі, ауыр кешу, азапты өткел салады.

Ол өткелдің бірі – Қарабайдың мінезсіздігі, сараңдығы. Дүниедегі тілегі мен тіршілігі түгелімен алдындағы малына байланғандықтан ол Балталы – Бағаналыдан көше қашады. Малдан айырылса өлгені. Көп малды азғана жерге сиғыза алмайды. Сондықтан пайыз таппай көшеді. Тынымсыз ұзақ көшу, бір жағынан қазақтың көшпелі салтын білдірсе, екінші жағынан Баянды Қозы Көрпештің қолына түсірмейтін болып алысқа, қырға әкету үшін істеледі.

Үдере көшумен Қарабай Сарыарқаны шыр айналып шыққанда, Қозының жары дүниеден қайтып қолға түспестей, жеткізбестей алысқа кетті дегізбек, ол замандағы қазақтың ұғымынша Қозы мен Баянның арасы б