22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Мұхтар Әуезов

Мұхтар Омарханұлы Әуезов – қазақтың ұлы жазушысы, қоғам қайраткері, ғұлама ғалым

Іздеп






Тікшелеу жасыл беткейдің орта тұсына келе бере Несіпбай аттан түсті. Айналаға көз салған жоқ. Әлдеқандай ой басқан күңгірт жүзі бүгін бірде-бір рет көтеріліп, мынау кең дүниеге қараған емес. Көзін ылғи төмен салып, жүзі де салбырап тұқыра береді.

Сол еңсесін көтермеген бетінде атының ауыздығын алды. Құйрығын тірсегінен келтіре шорт кескен күдіс торы ауыздығы алына салысымен басты жерге салып, атқұлақ араласқан көк өлеңді борт-борт үзе бастады. Несіпбай мұны шаужайлай түсіп, тапжылтпай отырып шылбырмен тұсау салды. Аздан соң тұрып сауырынан сол жақ алақанымен ақырын ұрып қалғанда, торы ат өрге қарай секіре басып өрлей берді. Тұсаумен секірген сайын ұзындау кекілі көтеріле түсіп, желп етіп, дөң басындағы әлдекімге торы аттың `здравствуйын` айта бара жатқан сияқтанады.

Ауыздық пен үзеңгі, тұрман шылдырлап барады. Несіпбай қырын тұрған бетінде сол жақ иығына, мойнын бұрып: `Ер-тоқымын бүлдірер ме екен`, — деп ойлай түсіп, ұзап бара жатқан аттың соңына қарады. Баяу басатын сылбыр ой енді жиылып кеп бір байлау жасағанша ат ұзай берді. Несіпбай дағдылы шабандықпен біраз дағдарып тұрып қалса да ойын жеңген ол емес. Еш нәрсені абайламастан бетін қайта бұрып, енді ойға қарай аяндады.

Жарқыраған, қызуы мол шағырмақ май күні мынау — Бөктер қызғалдақ атып, гүл шашып, көк майса шөбі иін тіресіп міне тұр. Мөлдіреп, жаудырап ағып жатқан көк қасқа бұраң су анау. Соны бөктер. Әлі қылшығы құрғамаған. Бір тал шөптің мұрты сынбаған деген осы-ақ.Ай, бірақ, көпірді кім біледі?

Несіпбай көңілінде күдік көп. Сене алмайды. Запыс боп, зыр қағып қалған. Аяғын төмен қарай бір басып, екі басып келе жатып, көзімен ылғи көк шөп ішін тінтіп келеді.

Көпір шытыр тағы шығып қала ма, қайтеді, сопаң етіп? Сескенгені сол.

Не де болса күдіксіз тау... Таудың өзі жақсы еді... Амал не? Көк тұман мен алыс ақ бұлттарға қоршалған ана бір айдын төскей, анау бір алып тауға көз қырын тастады.

Қарлы қыс етектен түре қуылып, қаңғып шығып, тау басына тізе бүгіп, артын малып отырып қапты. Жалынғаны меңіреу аспаны, сүйгені суық бұлт.

Қыс пенен көктемде шаруаның қиыншылығымен бірге қабаттап арқадан қысып, әлекті салып ең... `Кетші, кете түсші`, дегендей боп тау жотасындағы қыс белгісіне өшпенділікпен суық қарап ап, Несіпбай қайтадан аяқ астындағы шөптерге тесіле бастады.

Бір мезгілде аяғы тайып кетті. Оң жақта бір күдікті көрінген шөпке қадалып келе жатып аяғының астындағы тікше, тайғақ кемерді байқамай қапты.

Қол-аяғы сербеңдеп аз ғана қалбақ қағып қалды да, бір мезгілде артымен жалп етіп отыра кетті. Шапанының етегі де лап етті.

Қалқайған қастекі қара бөрік басынан ұшқан бетінде ойдан ойды қуалай төмен қарай зыр қақты.

Несіпбай есін жиғанша төменгі жағында бірдеме дүр-дүр етіп, жел күнгі өрттей лаулады... Есіне сонда түсті. Кемердің астында жусап жатқан қой-қозы бар екен. Құлағанда соны үркітіп, бей-берекет қылыпты.

Несіпбай көк шалғынды уыстай жұлып, ерге қарай тырмысып қайта тұрды. Көкейін кескен өзге емес. Құлар алдында бір күдікті көзі шалып қалған. Сол араға келе бере шөге қалды.

Айтпап па ем пәле деп... Міне кәпір құзғынның өзі деп, бір топ шытырды жұлып алып жерге атты.

Сол кезде мұның ойға барып түскен бөркін алып Күзенбай келді. Оның сыбдырына бұрыла бере Несіпбай:

— Көрдің бе, қырсықты... — дегенде, өздеріне мәлім жәйді іле жөнеліп:

— Атама, бар демеп пе ем. Бар. Тек амандық берсін, — деп титығы құрыған амалсыздықпен күрсініп алды.

— Қаран қалсын, қаран қалғыр, — деп Несіпбай барлық үлкен денесі, өнебойымен бір үлкен дағдарыс белгісін білдіріп, жалаңбас басын сол қолымен сүйеп, мелшиіп қалды. Оң қолы әлдеқандай шөпті алып, қалың жирен мұртының астына кіріп, қажетсіз, себепсіз тісін шұқиды. Бұ да Несіпбайдағы дағдарыстың сырт белгісінің бірі.

Екеуінің аяқтарының астында, аз төменде ерекше мөлдір сулы Тастақ өзені жатыр. Екі жағы майысқан әдемі көк балауса. Айрықша бір жарастығы бар, біркелкі өскен алкүре шалғын. Сол екі жағада жоғары-төмен созылып, түскі жусауын өткізіп, совхоздың бір сақпан қойы жатыр. Екеуінің міндетіндегі қой. Бұлардың есі-дертін билеген, ойы мен бойын түгел жеңген жалғыз уайым, жалғыз мұң осы қойлар мұңы.

Үстінде тұнжыраған көк мөлдір күмбез май аспаны. Сондайлық көк мөлдір тұман, сағым ішіндегі қиял тауы — Алатау. Қиыршық құмды таза арнамен сыбдырлай түсіп, шалғын қуалап, жағасын желкілдетіп аққан қасқа бұлақ. Жота-жотада бұлың-бұлың етіп, жайқала түсіп, құлпыра толқып тұрған қызғалдақ торғындары. Өзектің салқын лебімен ырғала түсіп, онды-солды толқып жатқан жоғары-төмендегі көк шалғындар... Жүздеген әндер мен шырыл қаққан әлдеқайдағы торғайлар Алатау гүлдеріндей мың түсті боп, жалт-жұлт етіп ұшқан көбелектер бәрі-бәрі де бұл екеуінің қазіргі күйінде көздеріне көрінбейді. Сезілмейді.

Ақырын өсіл, өз бетімен өтіп жатқан есепсіз, әсерсіз, мағынасыз бір ағымдар.

Екеуінің көзі де қойда. Әсіресе қозыларда... Бәрінің де үстері және де, су болған. Марқа қозылар мен шуда жүн Еділбай қойларының үстері бүгін мына ашық күнде аз құрғаса да, әлі де сыбасып тұр.

Шайыры кетіп, жауынға шайылған жүн. Жаңадан жылаған көздің кірпігі жабысып жасаңсып тұрмай ма? Соған ұқсайды.

Бүгін, қазір Несіпбайдың іші де сондай жылап тыйылған, жасын іріккен іш тәрізді.

Сондықтан ол қуана алмайды. Кеше соққан сеңнен бүгін әлі серги алмайды. Үндеспей ұғысады. Күзембай күйі де сол.

Келбетті сары түсті, қырма сақал, қой көзді Несіпбайдың бет ажымдарының бәрі қазір ерекше тереңдеп тұр. Әр жерінде көкшіл көлеңке бар. Кейде белгісіз тістенген уағында шеке, самайына шейін бүлкілдейді. Басы тағы төмен. Етті қалың қабағы зорға ашылып, зорға жұмылған сияқтанады. Елестеп кешегі сурет келеді. Көз алдында келе бере іркіледі.

Ыза ма, өкініш пе, әлде өкпе ме? Не дерін білмейді. Көнгісі келмей тыртысады. Бір минутке, ішін сара тілген өткір сезім, біздей сұғып шаншып өтті. Мол денесі белдемеден оқ тигендей бүрісіп-құрыса берді. Қабағы тастай түйіліп кетті. Есіне алғысы келмей өзімен-өзі алысқан тәрізді. Бірақ болмады. Кешегінің суреттері қорғаншақ ойдың таса-тасасымен бүкшиіп, бұғып, баспалап бірі артынан бірі келе берді.

Совхоздың өндіріс кеңесі еді. Халық мол. Жауапты адамдар, директор, ферма бастықтары, политотдел, үлкен шабандар — бәрі де күйзеу. Рабочкомнен Зылиха. Өзінің Зылихасы. Талай тар кезең, тас кешуде бір өткен Зылихасы.

`Ұрғанда мені сен ұрдың-ау. Мұқатайын деп пе едің? Не кегің бар еді? Не жазып ем?..` — деген сияқты өзін ақтағысы келген өкпе аралас кіналар бірі үстіне бірі тықпалап, алғашқыда Зылиханы бұған жеңдіріп бара жатқан сияқтанды.

Жоқ... Жоқ... Ол құр ашу, қара боран ғой... Қазақшылық қой деген бір күдік тағы шығады.

— Не көрсем бірге көргенім рас. Жолдасың екенім де рас. Бірақ совхоздың міндетті қызметінде отырып, кеңестің саналы азаматының қатарында отырып, сені құр байым екен деп ақтай берейін бе? Өйтсем өлгенім артық емес пе? — десе қайтем.

Пай-пай... ащы да болса шын-ау... Несіпбай дағдарып барып күрсінді. Құр тісін шұқиды, түкіре береді.

Қасынан Күзембай да тұрып кетіпті.

— Оның рас-ақ болсын. Ал қатты айтқаның не?

— Айтпай қайтушы ем?

— Айтқанда не дедің? Не дедің? Мен жаман-жақсы болсам да Несіпбайың емес пе ем? Совхоздың жаманы мен бе едім?

— Қиялама. Оның қара дау... — дегендей болады Зылиха. Тағы күрсінеді. Несіпбай. Тағы қабақ түйіліп, іш шаншып кетті.

— Не қарап жүрдің, не қара басты, жас күніңнен көрген-баққаның қой емес пе еді? Шытыр болса, алғаш көріп отырғаның осы ма еді? Байдың қой-қозысын бағып жүргенде бір күнде үстіп он қозысын өлтірсең не көрер ең?..

— Апыр-ай, ең ащың осы болды-ау... Қамшыладың, дүреледің-ау, бәлем қатын... Осыныңа егескенде осы... — деп қажырланайын десе де Несіпбай, `пәлен етіп жіберейін бе?` — дегенді айта алады.

Қайтадан сұлық түсті... Өз-өзінен басын изеп:

— Сенікі рас... Ал жеңдің. Дегеніңе жете бер. Мейлің, мейлің...

Бірақ бұ да ауыр. Өкпе, кінә... Тағы кішкене көтеріңкіреп:

— Кінә болса кінә, ия... Ал бәрі рас. Сонда мені баяғы бай қатынынша, адуын, көкайыл, дүниеқоңыз қожайын бәйбішеше жерлегенің не? Ал... — дей бергенде Зылиха көз алдында отырғандай малдасын құрып, шаншылып, қоқиланып алды.

— Бәлем осы арада қысылмай аман қалшы, — деп сұрланып та алды.

Сырт қарағанда Зылиханың бұл әлсіз жері екені рас. Ол бұрын осы бөктердің, нақ осы Тастақ өзенінің иесі болған Дулат байы Жүсіптің қатыны болатын. Бірақ болғаны не керек. Оған да Зылиха қосылмайды... Өкпеші дәукес ой, шын жәйді еске алған сайын ұтылып, тоналып жұтай берді.

Бай болғанда қойлы бай. Бірақ сасық, дүниеқоңыз, құнсыз еді. Зылиха үш қатынның бірі. Жастай алған, малға қызықтырып, кедей сорлы әкесін әрі алдап, әрі сызын өткізіп, қорқыта жүріп алған. Кәрі бай Зылиханың жарық күнін түнге айналдырған. Жанар отын сөндіріп, тіршілігін күл беттендірген. Жар қызығының орнына көн боп кепкен кәрі шал, Зылихаға мал қызығын ұсынды. Онысы өзге емес, сол қалың қойды ертелі-кеш тынымсыз бағып-қағу. Қозы алу, қозы салу, қой сауу, құрттаған, биттегенімен алысу. Шалдың айғайымен бірге секіріп тұрып, түн ұйқыны төрт бөліп, қалғи-шұлғи жүріп, сары ала етек боп сарп ұру...

Зылиха ойлап көрсе ол бір шынымен сатып алынып, мал соңына салынған атсыз, тәңір жарылқағасынсыз малшы, күң-малшы еді. Мұның бойындағы жастық ажарын сындырып, жас қанындағы тіршілік отын өшіремін, жоямын деген есеп еді.

— Сонда шіркін, құдай кәні. бір қасқыры қатты болған қоқыста, жаңбырлы күз түнінде қой шетінде күзетте отырып, әлі күнге сырт дүниеден бүркеп тығып сөндірмей келген өмір шырағын, ыстық жас құшағымен бірге саған бермеп пе еді, Несіпбай-ау? Екі еңбекші, екі бейнетқор қолы түн қараңғылығының, өмір қараңғылығының ортасында, бірін бірі сипалап кеп таппап па еді? Шын табыспап па еді? Берік ұстаспап па еді? Көрген-баққаны сен емес пе ең?

Жирен мұрт болар-болмас күлкімен жиырылып, басы да бір-екі шұлғығандай болды.

Арты 17-жыл. Әйел бостандығы. Бұрын шеңгелдеп тұтқан ескі құрсау, енді ең болмаса босағандай боп, екеуінің етегіне кеп оралды. Бірақ 17-жылда қосшы, одан партияға кірісті. Бұлар жеңді.

Содан Зылиханың табаны тайған жоқ, Жүсіптен алғаш көргені кесел болса да, бері келе басқа нәрсеге айналды. Бейнетқордың бәрі ететін ащы тәжірибе, өмір сабағы болып, өміріне жолазық болды.

Кешегі жиын ішінде Несіпбайды бетке ұрған, қамшыдай ширықтырған Зылиха сөзі. Зылиха мінезі өзгерген, өскен; Зылиха мінезі орынды... Айтар дау жоқ, — деп аз тұнжырап отырып:

— Құрсын, — деді. Жеңілгені, көнгені...

— Арқасы шилі болған аттай шыға қап тұрасың-ау, ескінің сызы, — деп өзін өзі бір тежеді. Мойын қатып, сіресіп тұрғаныңмен, ақыры шындыққа көзің жетіп, қиын да болса енді кеп ойысып барып, соған көнудің өзі де көңілге бір медеу емес пе? Ойлап, талдап шықпаса да Несіпбай осыны көкірекпен сезді. Қалтарысы жоқ, томырыла кететін морт көңілінде ол шыншыл, әділ болатын. Бас кетсе де дұрысты дұрыс деу түп қазығы.

Кешеден ішінде дүмбілез боп, шиелеген түйіндей боп байланып бір ыза қып, бір өкпелетіп, біресе ашу шақыртып жүрген бір жай осылайша шешілді.

Қой жусап жатыр. Тоқ бүйірлері солықтай түсіп ыстық, ашық, жәйлі күннің астында көз жұмып күйіс қайырысады. Қозы, лақ қана біресе өзенге барып тамсана түсіп, бастарын жерінгендей шүлги-шүлги тастап, шулайды. Біресе енелерінің айналасында қойқақтап секіріп, ырғып ойнақ салады.

Өнген, өскеннің жарастығын даттап көрікті дүние енді ғана Несіпбайға жадырап қараған әлпетті. Сөйткенде кешегі істегінің тағы бір толқыны лық етіп, сырғып келді. Ол жиынның түйіні сол еді.

Кеше таңертең осы қойдан осы Күзембай, Несіпбай отарынан сазандай 10 қозы өлді. Көктем қалың жауынды боп, көк қаулап қатты өсті. Ол шытыр деген у шөп.

Он шақты күн болды. Сол пәле білінгеннен бері ферма-ферманың бәрі қой өлтіре бастады. Қыстан жаға жұлынып, етек жыртылғандай болса да, тіс, тырнақтай салып, малды түгел амандап шыққан қой совхозы. Енді совхоздың барлық еңбекшісі үмітті де қуанышты. Өздеріне сенім бітіп, еңбек жанғандай болып, тіршіліктері күле қарағандай еді.

Мынау өлім күтпеген пәле болып жаман ұйлықтырды. Ферма-ферма, қашар-қашар қайда барарын білмей, шытырдың бабын таба алмай сендей соғылды. Мамандар індет себебін, шытырдың бітімін, тек затын зерттеп жатыр. Бірақ не керек, қой өліп тұр.

Екі ферма шытырдан құм таза болар деп 40-50 шақырым жердегі құмға қашты...

Несіпбай өткеннің бір тәжірибесін еске алып: `бір қабат тауға кіре тұрсам не етеді?` деп, өз қашарын алып сол мына тұманды төскейге өрлеп еді. Шытыр болмады. Қой өлімі жоқ. Үш күн аман-ақ өтті. Совхоздың қысылған күнінде талай рет осындай шығыс тауып жүрген Несіпбай еді. Көңілінде қуаныш та, мақтан да кіре бастап еді.

Бұдан да қырағымен, жырындымын деген Жартыбай шабан құмды сағалап, алысқа мойын созса, бұл совхоздың жалпы жоспарын бұзбай, жақыннан-ақ шығыс тапқан сияқты еді.

Бірақ дәл кеше сол Жартыбай есебі дұрысқа шыққандай боп, бұл бір тосын апатқа ұшырап қалды.

Таңертең күн ашық болды. Тау қойны ешбір жаман ырым шеккен жоқ, меңіреу, тілсіз, дүлей әуе не бүккенін кім біледі?

Қой, қозы тыраңдап қара шаттың бір тік бетінде шашырай жайылып жатыр еді. Мал ортасында Несіпбай өзі. Және Күзембай мен басқа да екі шабан да болатын.

Тау оты қой бүйірін күн жайылса да қампита қапты. Соны тамашалап жүріп айналаға көз салмап еді. Ұлы сәске кезінде құмнан, теңіз жақтан сайтандай боп, болымсыз сұр бұлт шықты. Шығысымен бықсыған індеттей боп, сүріне-қабына асыққан тәрізденіп, тауға қарай ұмтылды. Барған сайын құрдым, шөл бітімдес жұтаң сұрлық қоюланып қалыңдай берді.

Тау ішінде жүріп бұлар байқамап еді. Бір сәтте аспанның қақа жартысын басып, жоғарыдағы биіктің басын қоршап алды. Алдамшы күні сөніп, әлдеқайда тығылып кетті. Ес жиғанша болмады, шатыр-шұтыр нажағай ойнап, алғаш соққан жел лебімен бірге нөсер де құйып берді. Секунд сайын аспаны мен тауы қоса күтірлеп, Алатау бүгін ғана қайта туып, жер астынан енді ақтарылып шығып келе жатқандай болды.

Қой-қозы біресе ыға жөнеліп, біресе дірдектеп бастарын ыққа бұрып, жонын төсеп көрді. Бишара жас қозы ене бауырына басын тықты. Кейде нақ төбелерінен жарық беріп, шарт еткенде иіріліп, ықтап тұрған қой дүрік беріп жарылып та кетеді.

Несіпбай мен барлық шабан қатты састы. Енді Несіпбай ойынан жортып өткен күдіктің бір үздігі:

— Ай, жаңылмас игі едім. Жартыбай кәпір айтып еді, сол ақыл таппаса игі еді... Бұршақ деп еді-ау, — дей берді.

`Шығасыға иесі басшы` болғаны ма? Аузын жиғаны сол-ақ екен. Нөсер шын бұршақ, мұз бұршаққа айналып сала берді.

Киіз қалпақтың сыртынан сытырлатып ұрып барады.

Барған сайын соққысы қатаң. Жерге түскені шоршып-шоршып түсе бастады. Күн де сәттің ішінде суыта берді.

— Ай, ірілеп кетті-ау, кәпір, жазым қылмаса игі еді.

— Кесектеп-кесектеп кетті-ау.

— Енді қайттік?

— Қылды-ау, қылды-ау қыласыны, — дей берісті.

Сол арада Несіпбайдың көз алдында, енесінің бауырына артын тығып, тұрған қызыл қасқа қозыға бір кесек бұршақ қара құстан сақ етті. Сол секундте жас қозы ыршып барып қалпақтай түсті. Сұп-сұр боп бір сәтте қартайып кеткен Несіпбай жүзі енді бір оймен есін жиғандай болды, жаңағы қозыға қарай тап беріп:

— Шөкем-ай, бишарам-ай, — деп кеп үстіне өз денесімен төне беріп қоршай қалды. Болмады, бұл алғашқы ғана тұяқ серпу сияқты еді.

Осыдан соң есін жиып, айғай салып, бар қойды бір араға шырық иіруге тырысты.

Орындарынан тапжыла алмай, есі шығып қалған қойлар оңайлықпен иірілмеді. Әйтсе де барды салып қарбаласып жан таласа жүріп, 4—5 жүз қойды болса да бір араға шоқтай қып иіріп алды. Жалғыз айла. Несіпбай тапқан айла осы еді.

Иірілген қойдың іші ұсақтарына — қозы, лаққа пана болды. Соққыны қатқын сіңір, үлкен қойлар ғана көретін болды.

Бірақ керегі не? Қырсықты таудың бар бұршағын бір өзінің басына алудан тартынбас еді. Дәрмен, талап бәрі ақтарылып, төгіліп қалғандай болды. Он қозы өлді. Өзге талай қозы әлсіреп, миы айналып, мүгедек боп қалды. Кешегі жиында Несіпбай басын сарапқа салдырған осы опат. Бүгін міне қайта қашып, тауды адыра тастап тағы балаққа кеп отыр. Сенбейді, шытыр мынау.

Қойдың алды өре бастады. Бір шеті өзеннің арғы жағасындағы қыраңға шығып кетіпті. Күзембай сонда жүр екен. Несіпбай орнынан тұрғанда, ойдағы қойдың бәрі өрді. Сонда көрді... ойлаған күдігі күттірмейін деген екен.

— Уа кесел, оттан қашсам, суға ұрындырдың ба? — дей берді. Әне, ана қой тулап жатыр... Жүгірді... Белгілі, іші кеуіп кетіпті. Улаған ғой, торсиып дөңбектей боп, іші шаңырақ атып кетіпті. Жүгіре басып, жанынан дәрігер берген бізді түтікті суыра келеді. Анадан Күзембай да бірдеме деп дабырлай жүгірді.. Ол алыста... жеткенше қашан.

Келісімен ана қойдың сол жақ мықын тұсын белгілеп ап бізді сұғып жіберді. Тірі қойдан қан, жын иісімен бірге пысылдап атқып жел де шығып жатыр. Бірақ тоқ қарынның жыны быршып сыртқа шыға беріп, тесікті бітей бастады. Іштен шығатын жел дыбысы басылып барады. Енді түтік орнату керек. Соны көтеріп орната берем дегенде, оң қолы сылқ етіп түсіп кетті. Бағынбайды. Өз денесі емес, жапсыра салған бөтен мүше, жансыз киіз тұлғадай. Сүлдері құрып, суынып кетті. Әлсіз боп, тарбиып ашылып қалған саусақтарының арасынан біз бен түтік қабатымен жерге түсті. Несіпбай жылағандай боп, сол қолымен бетін басып отыра кетті. Аздан соң ана қойды Күзембай келіп баурап алды. Несіпбай шөккен күйінде отырып қалды.

Қол... Оң қол... Ескінің бір сызы сенің басыңнан да кешкен еді-ау.

Жиырмасыншы жыл. Өкшелеп қуған алғыр жүйріктің тізесіне шыдамай, ақ қасқырдың белі бұраңдап, тілі салақтап, титығы құруға айналған кезі еді. Арқа мен құмнан бетін қайырып айдап шығып, қызыл қыран енді Лeпci, Қапал тауында қаусырмалап жепіріп кеп, қайраңға соққан шабақтай белін опыра бір теуіп, тояттамақ еді. Қуған, мегдеткен жайының ығы кетіп, құйрығы сөлектеп, шұбатылғаны әлдеқашан. Сол құйрық сүйретіле барып Қапал шыңына кірген-ді. Енді шығар ауызда, тасқа жаныштап, сығымдап, басып қалмақ болып, батым шеңгел лап берді.

Ол күнде қызыл партизан Несіпбай зеңбірек, пулемет, винтовка үндерін бүгінгі қойларының маңырауындай сезінеді. Ертеңгі, кешкі тіршіліктің тыныс дабылы сықылды.

Топ ішінде ақтың соңғы отрядын, тас інге кіріп бара жатқан ақшуланның құйрығындай керіп, қызыға, желіге қуып келе жатыр еді. Тұяқ серпіні тас ұшырған қызыл отряд қалың шыңның ішіне ағындап бата кіріп, жаудың алдын кесіп алмақ болды. Құйрық отряд шекараға іліне бере өкпе тұсынан үңілген қызыл сүңгіні көрді. Екі жақ асу белдің қойнауында темір болат тістерімен қарш-қарш шайнасып, жанталасты.

Күн — түн, түн — күн боп кетті. Арттан көмек жете алмады. Адасып кетті ме? Әлде басқа бір топтың таңдығын жыртып, қармалап жүр ме. Саны көп ақ отряд бөксесін тасқа тіреп алып, жота жүнін мыңдаған найза қылышпен үрпитіп ап, қатты алысты. Кетер аяқ, кетпен таяғы еді. Несіпбай эскадроны екі жүз кісі. Жау құрсауы соның алды мен артын төңіректеп, бір жазылып, бір шумақталып орай берді. Өнебойын дала-дала қылған қыран шеңгелінің ең болмаса бір өткір тұяғын шайнап кетпек еді.

Эскадрон тар шатқа бекініп алды. Жіңішкелеп аққан бұлақ суы таныс еді. Бірақ екі жақтағы кереге биік пен осы кішкене сайдан басқа таудың бәрі бұларға жау болғандай өре тұра келді. Күндіз-түні шыж-шыж етіп, өлім атойын салып жау оқтары зуылдайды. Он төрт күн ұрыс болды. `Өмірге қош болын` біржолата айтып алған партизандар қажыған, талғанын білдірмей тұрып, қалың жауға төтеп берді. Бұл шат, талай ақтың көр шаты болды.

Орнығып алған соң эскадрон екі бетке, жоғары-төмен мергендер жатқызып, жоталардың екі-үш жеріне — сезікті жерлерге пулеметтерді төсеп қойып, басы қылтиған ақ тобы болса, ұстарадай жалап түсіп тұрды. Күндіз талай қызығып келген ақтар, топ-тобымен шыбындай жусады. Бірақ күдікті, қаупі көп кесел кез, ылғи қара түн. Тау ішінің түні. Мызғымай қақап тұратын сақтық сонда керек.

Несіпбай сол он төрт күннің ішінде ұйқыны ұмытты. Анда-санда жиырма минут, жарты сағат қалғып алып баса береді. Алғашқы күн ғана ауыр боп еді. Содан әрі қабақ қатып алған соң ұйқы да дәнеңе емес екен. Не ішіп, не жегендері мәлім емес. Әйтеуір соңғы үш күндей жалғыз суды ғана нәр қылды.

Төртінші күн дегенде артынан жеткен қолдың сарыны келді. Дос зеңбіректер, тау іргесін сөгілдіріп, жөткіре-жөткіре тіл қатты.

Кірпікшешен асаймын деп қаңсылап шығатын жайын аузындай боп ақтың полкі өтесінді енді көрді. Сегіз жүз кісіні эскадрон бекінген шаттың айналасында қырғызып, селдіреген сұйқыл топпен зорға дегенде бөксесін сүйретіп барып, асудан аса жығылды.

Міне, сол он төртінші күнге қараған түнде, таң алдында ақтар тағы бір ышқынып қаусырмалап еді. `Жотаға шығармаймыз` деп жиырма кісінің ішінде Несіпбай да иек артпаға өздері шығып атысқан болатын. Сонда дәл осы оң қолына шынтақтан жоғары қалың ет пен сіңірдің арасынан оқ тиді. Апат қырғыннан жаралы боп қайтты. Ақтың арты сол, Жетісудың пәледен арылғаны да сол еді.

Қазарма, олақ дәрігер... Жүре емдеді. Оқты әлденеден ала алмады... Беріш боп қала берді.

Алғашқы бірер жыл ауырсына жүріп, ұмтылғандай да болып еді. Бірақ қосшының бір тойында серке тартып жүргенде білегінен жылымшы қан ақты. Ет қызуы қайтқан соң сезе бастады. Баяғы жараның орны енді кеп ашыды. Шешініп қараса, оқ жылжып, жара тыртығының аузына келіпті. Жолдасына пышақпен тілдіріп отырып, жау белгісін алдырып тастады... Артынан жарасы көпке дейін бір ашылып, бір бітіп, көп әуреледі. Қашан зақым келгені мәлім емес, әйтеуір содан соң сіңіріне дерт араласты. Оң қолы қайырымға келмейтін болды.

Кешегі күндер қырықтыққа араласа алмай жүргені де сол еді. Бүгін енді, міне, жанталасқан жерде мүгедек қып, кем қып отырғаны мынау... Осы қолының өзі ана сол қолынан артық. Басын шайқап...

— Ай, ескінің сызы-ай. Кәпір-ай... — деп оң жақтағы жотаға қарай мойнын бұра берді. Ат пысқырған еді...

Алаяқ керге мінген политотдел Рақым екен. Оның артынан ақ танау атқа мінген Құлжатай да көрінді.

Жүсіп қолында малшылықты бірге өткізген, жаңағы Қапал тауының шатында тағы да қасында боп, ажал лебін бірге иіскескен, партия-қосшы тобына бірге кіріп, қатар жасасып келе жатқан кәрі досы. Ол мына жердегі `Шақпақ` колхозының бастығы. Осы совхоздың шефтігіндегі колхоз.

— Бұ да бір мұңмен келді-ау... Әйтпесе мына науқан үстінде күндіздетіп бос қыдырып, уақыт өлтіріп жүретін Құлжатай ма? — дегенше жақындап келген Құлжатайдың жүзін көрді.

Шынында, оның арық жүзі сұп-сұр боп, қабақтары қалың ажыммен айғыз-айғыз боп алыпты.

Политотдел ашаң жүзді жас жігіт бұған жаңа кездескен екен. Оның көрмегені Несіпбай еді. Әдейі осының қойын көріп, енді не ойлайтынын білмек еді. Болған күйлердің түп себебін ұғынбақ. Қой-қозыны аралай жүріп, үсті-үстіне сұрақ береді.

— Не қып, не қып осы бір болымсыз бұршақтан сонша қозы қырылды? Баяғыда да өлуші ме еді?

Құлжатай Несіпбай көрген қазаны естіп бұрын да күйініп еді...

— Бұрынғының не керегі бар? Өлтірсе надан, сасық бай өлтірсін, біздікі не? — деді.

— Бәсе, оның өлтіргені сын ба екен? Жұбаныш жоқ! — деп Несіпбай өз кінәсін ауырлата түсті...

— Жоқ, сонда да білейік, білдіріңдерші, — деп Рақым қадала берді.

— Өлтіруші еді... Бірақ бұндай... — деп Несіпбай осы өлімнің себебін ойлап соза бергенде, Құлжатай:

— Бірақ, мұндай қауырт өлтірмейтін, — деді. Рақым тағы да іле жөнелді.

— Себеп не?

— Себеп? Сол себепті ойлап келем, — деп Несіпбай оң қолының оқыс ауырған жерін сипап тұрып: — Себеп — ескінің сызы ма деймін, — деді.

— О не дегенің? Қандайсыз? — деп Рақым басында түсіне алмады.

Құлжатай да аңырап қалған еді.

— Көз алдымнан өткіздім ғой. Кеше зоотехниктің бір сөзі көңіліме қона кетті. Бұрын ондайды қазақы күйде есеп қыламыз ба? Сол бір дұрыс сөз айтты...

— Не деді?

— Тақ осы қозылардың енесі совхоздың қиын күндерінде 31—32-жылдарда туған қозылар еді. Ол күнде осы совхоздағы басшымыз да, қосшымыз да тегіс қателеспедік пе, малға қырымыз болмай, түгел окот дегенді былтыр мен биыл ескеріп, `мал бар екен, жан бар екен` дегенді енді ойлағандай болдық. Әйтпесе анау кезде қашар қандай болды?

— Е, оны атап сұрамасаңшы, — деп Құлжатай да бас изеді.

— Қой жататын қораның іші шылқылдаған су. Белуардан келіп қыс бойы ойылмаған қи жатады. Астынан сыз өтіп, қыс бойы іш тастап жатты. Қозы деген туды не, өлді не, қарадық па? Артынан көктемде қи ойғанда талай қозы, жылпысқаны қимен бірге аудармадық па? Өліп, басылып, тапталып қала берген... Сонда бір суық, бір сыз ішінде тұрған осы қозылар суыққа өкпесін алдырмады ма? Зоотехник: `сол кезде туып өскен қойдың кеудесінде дымқос бар. Сондықтан оның сүті де аздау. Балалары да кейде нашар туады` дейді. Осынысы тіпті рас. Биылғы окотта түн ұйқыны төрт бөліп, ылғи фонарьмен алысып Күзембай екеуміз бар қозыны қолдан тудырдық. Окотты өзіңіз көрдіңіз, бәйге алып жақсы-ақ өткізбеп пе едік. Қозы шығыны болған жоқ, бағып-қағудан кенде емес. Бірақ сонда да тақ осы өлген қозылар тез торалып, тез тойына алмады. Кешеден Күзембай екеуміз барлық өлген қозының шеше тегін талдап шығып ек, түстеп білеміз ғой енелерін. Ылғи тұсақ қоздаған дымқостық ала туған қозылар... Енелері де өзге қойдай емес, сонша жоны жарылып семіре қоймайды. Бұл өзі қатты күтетін тұқым, бір сондай ерекше буын екен. Ескінің осылай етекке шырмалғанына кез болдық Күзембай екеуміз. Болмаса нақ кешегі бұршаққа дәл мұндай қаусай қалмас еді.

Бүгін осы әр нені ойлап-ойлап кеп тапқаным осы болды. Ескі-ескінің қитығына тиіп қалғаны сол, — дегенде таңертеңнен бері Несіпбайдың өз басын әрлі-берлі толқытқан ойдың бәрі енді жадырап, шешілген сияқтанады. Әлденеден түсі жайлап ашылып, қабағындағы кейісті серпілте беріп, күлімсіреп:

— Мал қылсақ, еңбек етсек осыған етейік. Дымқос баланы ата-ана қандай ерекше аялап, мәпелеп бағады. Күштің бәрін осыған салып, енді мұны ащыға да, соныға да шүйгітіп, ескінің бар ласын кетіреміз. Бәлемнің сүйегін ағартып, кеңестің жақсы совхозының атпал түлігі қып шығарамыз, жолдас политотдел, — деп Несіпбай қасында мейірлене күліп тұрған Күзембайын арқаға қақты.

— Япыр-ау, мынау сөзің көңілге қона кетті-ау, Несіпбай. Менің де бір түйінімді шештің-ау. Ескінің сызы дедің бе? Мен де соның зардабынан кеп тұрғам жоқ па?

— Ия, сенікі не еді? Не қып жүрсің өзің науқан үстінде? — деп Несіпбай досының шаруасын енді ғана сұрады...

— Мына жолдас политотдел екеуіңе әдейі бір баяндама істейін деп келіп едім, — деп Рақымға қарады. Несіпбай сөздеріне ойланып қалған Рақым, енді бұның жайына құлақ салды...

II

`...Шақпақ` төртінші ауылдағы бес колхоздың бірі. Тастақ суының осы сол жақ бетіндегі жердің көбі сол `Шақпақ` колхозыныкі. Егіндік жерлерін совхоз берген трактор, көлік көмегімен айдап жатыр. Бұл күнде жоспарды толтыруға жақындаған. Егуге жарамсыз тасты жотаны, ойлы-қырлы жерлері осы қой жатқан өлке. Бұны өздеріне жәрдем етіп отырған совхоздың бірер сақпан қойы уақытша жайылуға колхозшылар рұқсат етіп, совхозға берген болатын.

Түндерде осы өлкелерде колхоздың өз жылқысы да жайылады. Анау шағылдың арғы астында жіңішке өзен жағасында ұзындығы бір километрдей жерге созына орнаған 50—60 қора, сол `Шақпақ` колхозы болады.

Құлжатай жәйі Рақым мен Несіпбайға мәлім. Бұл былтырғы көктемге шейін осы қой совхозының шопаны боп келген. Бірнеше жыл істеген еңбегі совхоз жұртшылығына қанықты. Осы күнге дейін `Шақпақтағы` кіпжене үйінің қабырғасы неше алуан мақтау қағаз, грамоталарға толулы. Кеңес ісіне адал, берік, сенімді болған еңбектің куәлары. Совхоздан өзі кетем деген жоқ еді. Үй ішіне, өз басына болса да ең жәйлісі үйреніскен совхозы еді. `Шақпақтың` ол күндегі жәйі өте нашар еді. Ел аш, арық, көлік атаулыда сан да, сапа да жоқ, бар болса қыршаңқы, шолақ, жауыр. Бұрын белсенді жайлаған колхоз. Құлжатай барар қарсаңда көтеремнің күйінде. Арқа басы жауыр, ыңыршақ, тулақ боп қалған тор шолақтың күйіндей еді.

Өз қамын ойласа, бейнеттен тартынса Құлжатай онда бармас еді. Бірақ партия мен үкімет болып сондай қолхоздың адамына да, малына да ата бейілін салды. Мейірленіп, құлаш созып, `көтеремін көгертем, аш-арығын тойынтам, еңбек етем`, — деді. `Соңғы жылдар қиыншылығын ұмыттырып, олқының бәрін толтырам`, — деді. Ол партияның ұраны. Кеңестің саналы еңбекшісі көтерген үлкен ту еді.

Райкомның ұйғаруымен қатар Құлжатайдың өзі де `Шақпаққа` бармақ, қиындықпен алыспақ, жеңбек болды.

Міне, бір жыл, ауыр бір жыл, сыны көп, қиыншылығы көп бір жылы өтті. Құлжатай мақтануды білмейді. Білгені тынымсыз, толассыз төс-табандаған еңбек, өрге сүйреген талап, талпыну. Сонда өз тұрмысы не еді?

Оны биыл соқаның алдында үйіне бір барып, шефтікке алар алдында колхоз жайымен таныспақ болған Рақым, Несіпбай өз көздерімен көрген.

Құлжатайдың қатыны безгек. Емшектегі кішкене бала — жалғыз еркек баласы Серік те безгек. Жыл бойы үстеріне жаңа лыпа ілмеген қатын-бала да, өзі де киімнен, көрпе-жастықтан жүдей бастаған. Ержеткен қолқанат жоқ. Құлжатай үйінің бұдан соңғы жалғыз қайраткері — он екі жасар қызы Жәмила. Ac істейтін, ауруларды күтетін, әредікте әкесінің `барып кел`, `шақырып келіне` жүгіретін тағы сол.

Құлжатай үйіне келе сол қызына шай қою, отын, су тасу, оны-мұны басқаруда ұдайы көмек етеді. Кішкене қызының жастығын да ұмытып кеткен сияқты. Ол бір үлкен серігі сияқты боп алғандықтан: `балам` демей, `Жәмила` демей, ылғи `Жәке` деп атандырып алыпты.

`Жәкең` әкесіне бұның кішкенелігіне қарамай кейде бір қызыққан балалық алданышын бұзып, немесе қолынан келмейтін бір қиындыққа жұмсаса, анда-санда:

— Қойшы тіпті, бармаймын, — деп серпіп те тастайды. Ондайда Құлжатай ашуланбайды. Екінші қайырып айтпайды да. `Жәкеңнің` өз мінезі бар, өзінше тұтасқан беріктігі бар. Ол соншалық жасып кеткен бала емес. Қайта ажары сынбайтын отты. Сонысына Құлжатай ешбір уақыт салмақ салып, зорлық етіп көрген емес. Әлгіндей деп ашу шақыра бастаса Құлжатай:

— Ал, ал, жарайды, өзім барайын... Қоя қой, — деп өзі бәйпеңдей жөнеледі.

Алты ай қыс бойында ауру қатын мен баланы дәрігерге апарып емдетіп, көрсетіп қайтуға да уақыты болмады. Безгектері бір қиын безгек. Екеуін де меңдетіп бара жатқан сияқты. Бірақ сонда да колхоз көлігін қия алмай, не өзі босарлық уақыт таба алмай әлі күнге келе жатыр. Дәрігері құрғыр да алыста тұрады. Және мәлім ғой, бір барғанда бір-ақ ем жасап жаза қоя ала ма? Көп көрініп, ұдайы емделу керек. Оған мына қарбалас ортасында мұршасы келетін Құлжатай ма?

Осымен өз өмірі өтіп бара жатыр. Бірақ оның есебінде колхоз үшін Құлжатай қандай құрақ ұшады. Бұның кішкене жүдеу үйіне қонып отырып Рақым, Несіпбай көрген. Күн ұзын қолы да, аузы да, ой-тілегі де колхоздың жүз түрлі мұндарынан босамаудың үстіне, түн ішінде де Құлжатай тыным көрмейді екен.

Бір түн ішінде анық төрт-бес рет тұрып фонарьді алып жөнеледі. Тыным алмай қарайтыны екі бригаданың аттары. Науқан жақын.

50-60 жылқы бар. Оның түнгі қораларына кірсең тып-тыныш тұра алармысың? Бір жерінде ақырдың ішінде жем таусылып, тұқырланып қалған. Мезгіл-мезгіл үстеп салып тұрмаса шашып тастайды, жемін еселеу керек. Бір жерде азулы үлкендермен катар ұсақ жағы, тай-тулағы тұр. Оларды аналар тістеп, теуіп, жемінен қақас қалдыратыны бар.

Және әсіресе, тағы бір жерде жиырма бес шамалы буаз бие бар. Ол Құлжатайдың колхоз шаруасы ішіндегі он көз, сол көзіндей қақап күткен бір бөлімі. Бірер жыл күттіретін болса да ол шолақ қолды ұзартатын, тар тұсауды кеңейтетін келешек, колхоз келешегі. `Бас кетсе де осыларға зақым келмесе екен` дегендей Құлжатай ішкен асын жерге қояды. Күзден аман келді. Қыс та оларға зілді болған жоқ. Енді әлі тумаса да, осы биелердің ішіндегі құлындар `Шақпақтың` ат орнына санап отырған малы.

— Желіні ерте жеткендері құлындап жатыр ма? Әлде тебісіп, қағысам деп бірде-біріне зақым келді ме?

Қулық тор биенің қасына анау ақырдың шетінде тұрған көк дөнен жақын еді.

— Бір тебеген пәле еді жүдә, кісәпір... қап, болмас... — Тағы атып тұрып, жарқанат фонарьді жағып алып, тарп-тұрп басып жөнеледі.

Кейде біреуді боқтап: `Бүгін сары бауырды қан сорпа қып қайтыпты. Арқасы ісіп қала ма қайтеді. Әкесі өлді ме екен сонша шауып қинап`, — деп әлдекімге лағнет оқып қайтады.

— Тілеуің бергір... Әй, саған еткен еңбегім жанды-ау, қарағым, — деп біреуге бар бейілімен алғыс айтып, дән ырза боп келеді. Бұнысы Шәріп.

Құлжатайды тұрғызған аттар жайындағы күдікті о да ойлап, бұл барғанша көбінше жайластырып, тындырып қояды.

`Шақпақ` колхозында Құлжатайдың өзіндей үлкен бейіл, ынта көрсеткен ең сенімді серігі Шәріп.

Бұл он тоғыз жасар жас жігіт. Ол осы күнде толық, дөңгелек сұр бетті, сергек жас. Бірақ, былтыр көктемде Құлжатай осы колхозға келер қарсаңда қандай екенін көрсеңдер. Несіпбай біледі. Ол уақыттағы түрін көріп: жан болмайды, өледі, деп күдер үзген. Құлжатай өз үйіне алып, асырап жүр екен. Сыртына шығарып айтпаса да Несіпбай сонда:

`Құлжатай байғұс босқа еңбек етіп жүр ғой, басқа тың тұяқтау біреуді асырасайшы. Мынау сынып кетіпті, ісік мынау. Орнынан тұрудан қалыпты. Не болар дейсің?` — деп еді. Олай болмапты, енді Шәріп міне, тепсе темір үзерлік атпал азамат болыпты, болғанда және қандай. Колхозға деген еңбегі мен бейілі Құлжатайдан да әрі өтеді.

Бұрын бұ да бір үйлі жан еді. Шетікен еңбек адамы еді. Ауыл ішіндегі жалған белсенді Жұматай деген осыларға өштесіп, бір науқан үстінде 32-жылы колхоздан тай