22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Мұхтар Әуезов

Мұхтар Омарханұлы Әуезов – қазақтың ұлы жазушысы, қоғам қайраткері, ғұлама ғалым

Шыңғыстау






I

Базар хикаяшыл, тіпті қиялшыл қарт болатын. Қазір мына қасында отырған баласы Медеттің кішкене күнінде Базар айтпаған ертегі, хикая қалған жоқ шығар. Ол әңгімелер ішінде кезеген ерге кездескен ат басындай алтын қандай көп еді. Ғашықтық сағымына бой ұрған сұлу жас жігіттің алдынан қашатын басы алтын, арты күміс киіктер қаншалық еді. Тылсым есік, тас қамаудың ар жағынан, жер астынан табылатын, дүр гауһардың ортасында отырған сұлу перизат шаһзадалар – бәрі-бәрі мол еді. Жүрген аяққа жөргем ілінгендей боп ерінбеген ер әлгі сұлуды алып, қазына күреп қайтатын. Кім біледі, әлде, тіпті, бүгін инженер-геолог болып кен іздеп жүрген Медеттің осындайлық алтын байлық іздегіш болуына сол бала шақта әкесінен естіген қиялдық сұлу әңгіме-аңыздар себепші де болған болар. Бірақ бұл күнде ешкімнің ойында жоқ. Әке мен баланың көріспегеніне тоғыз жыл болыпты.

Жас оқымысты, инженер Медет өзінің оқу, өсу жолында әкесін ұмытқан жоқ-ты.

Өйткені Медеттің білгені мен көргенінің бәрі Базармен жауласып, оған қайшы кеп, оны жеңіп, тонап отырды. Әкесі Ескендір Зұлқарнайынды мұсылман деуші еді. Ескі Юннан тарихы оны бекер деді. Жерді көтеріп тұрған көк өгізді Коперник жоқ етті. Қазақтың түбі Мұхаммед пайғамбардың сахабасы Ғақашадан тарайды деп еді. Оны моңғол-түрік тарихы теріс етті. Дүниенің шеті Қап тауы, ол диюлар, перілер мекен еткен жер десе, дәл сол Қап - Кавказ тауларында экспедицияда жүріп, Медет өзі үйленіп те қайтқан.

Химияны ет пісіруден білген, астрономияны космогония ертегісінен білген, тарихты лақаптан, ата санаудан білген, есеп ғылымын қой санынан білген сияқты әлсіздікті Медет көп аяған еді.

Әкесіне қазіргі бір тартымды, шолақ әңгімеде де осы өңірді сондай мүмкіндігі ашылмаған, жас өлке деген. Өзінің желілі ойларының бір ұшығын ғана шығарған-ды. Бірақ баласының бұл өңірді кішірейтіп сөйлегенін Базар ұнатпады. Бұлар дөң басында отыр еді. Әңгімелері үйлеспегендіктен, орындарынан тұрып, қыстауға қарай аяндады. Базардың аласа ескі қыстауының қос мұржасынан кешкі түтін будақтап тұр.

Баласымен дауласып келе жатып, Базар осы таудың колхозшы, шабандарға, аудан қызметкерлеріне айтып жүретін желілі әңгімесінің біріне түсті.

— Дүниеде даңқы шықпаған, жас деген немене сөз? Білмегеннің сөзі. Болмаса дәл осы өңір қадымнан мәлім дейді... – Әкесінің `қадымнан` деген сөзінің тұсында Медеттің ойы қатар жарысты... Іштей жарысады. – Қадым!.. Қадым деген адам есінде әлдеқандай ескілік көрінгенмен, геологияға айтқызсаң, сүт пісірім есепті дейді...

Базар сөйлеп келеді.

— Тау аты — Шыңғыс... Бұны атам заманнан атақты Шыңғыс хан мекен еткен... Биігінің аты — Хан. Ол, тіпті, өз қыстауының желкесінде тұр. Сонау көк тау – Орда... Шыңғыстың ордасын тіккен жері... Мінеки, аудан тұрған тау аты — Қарауыл. Қолбасы батырлары, нояндарының жортуылға шығатын биігі... Жас бола ма осындай дүние? — Базар дауласып келеді.

Медет дауласқан жоқ. Әкесінің хикая дауында аса қыңыр екенін біледі.

II

Базар сөйлеп келеді...

`Найман, Сыбан мен Тобықты алысатын бөктер де дәл осы бөктер... О да қадым заманда болған, жастығы қайсы?..` деп келеді.

Медеттің ойы тағы да өз желісімен тарихи геологияны бойлап келеді. Бір Шыңғыс емес, тіпті Сібірдің барлық тауы өзінше жас таулар дейді. Геологияның соңғы пікірі рас, третичний дәуірде қазақ сахарасының Ұлытау, Көкшетау, Мыржық, Дегелең сияқты таулары бар... Бірақ соған тіркес дәуірде Сібір тауының көбінің бітімі қайта бұзылып, бертінге шейін өзгере келген. Мысалы, шығысқа қарай басса Маңырақ, Тарбағатай, Сауыр, Алтай, одан ары Саян, Становой таулары, мынау жақын өкпе тұстағы Қалба тауы – бәрі де сол белгіні білдіреді.

Медет ойы тек осы Шыңғыс жайында біраз басқарақ, екіұдайылау. Семей қаласының меридианынан оңтүстікке қарай тартса, соның батыс жағындағы таулардың қалыптануы ертерек тоқтаған, – дейді тарихи геология. Әлде, Шыңғыс сол қатардың тауы болар...

Міне, ескілік пен жастық жөнінде әке мен баланың дауы осындай екі салада жатыр еді. Медет оны білдірген жоқ. Тек қыстауға қарай келе жатып, әкесін үндемей тыңдайды да, қолынан тастамайтын асыл балғасымен әр тасты бір алып ұрып сындырып, жеке сынықтарға бір рет үңіле түсіп, қайта лақтырып тастайды. Базар өз дәлелін тағы айтып келеді.

— Жердің жаманы жоқ, тек көркейтетін ер тусын, – деп бір қояды. Онысын Медет те орынды сөз көреді.

— Жерім жаман деген жоқ... Жері жаман болғандықтан өнері басылып қалған жоқ кешегі Абайдай асылдың. Ол да осы өлкеде туып, осы бөктерде тірлік еткен, алпыс жасына дейін... Анау Ордада құс салатын. Дәл осы бөктерде Тоғжан деген Сүйіндік қызымен ғашық отын тартқан. Қандай әсем жыр қалдырып, өлеңіне көрік берген... – деп бір кетті.

Медет бұл әңгімені ілтипатпен тыңдады. Кешкі күннің сәулелі биік басын алтындап, жарқын, әсем рең берген алыс Орда көңіліне өзгеше ыстық, жақын көрінеді. Тек қана ескісімен, әсем ертегісімен ғана тірлік етпей, жер санатына қосылып, жаңғырса етті осы тұманды сұлу көкшіл тау.

Әкесі сөйлеп келеді. Әсіресе, қорытқан сөзі дөп тиерлік соз еді: – Үмітпен ұл өсіріп, құрметпен қыз жетілдіріп жатырмыз... Қайта соны ақтаңдар... Өзің ғана болдым демей, жерінді де, ағайыныңды да көркейт, үмітін ақта. Туған өлкеңе өнеріңді әкел, түгі, – деді. Бұл тұста Медеттің осы тауларды көптен кезіп жүрген мақсұты мен әке пікірі бір сағаға құйғандай болды. Бәсе, бәрінен де сол арман. Медеттің мынау күндерінде бұл өңірден ететін талабы да сол. Әрине, өзіне алатын міндеті де осы да. Жері мен ауданын Отан білер, барлық совет халқы сүйер өлке болса екен дейді. Сондай болып сүйгізу үшін мынау ұлы соғыс, Отан соғысының керегіне керек-жарағын, жабдығын, қазынасын қоссын Ордалар мен Шыңғыстар.

Бұл кезде екеуі қораның тау жақ бұрышына айналып келе жатыр еді. Үнсіз Медет қораның бұрышына қадала қарап, тоқтаңқырап қалып, бір кезде дәл бұрышқа тақап келіп, балғасын көтерді. Базар да бұған айналсоқтап, тоқтап қап еді.

Медет қой қораның бұрышына қаланған бір үлкен ақ тасты балғасымен соққылай бастады. Базар қораның тасын сындырғанды жақтырмады. Қораның қабырғасын бүлдіресің ғой деп тоқтатпақ боп еді, сөйткенше болмады, жоғарырақ қаланған бір тасты Медет сындырып жіберіпті. Сынып түскен ақ тасты бөліп алып, үңіле қарап, басында аңырып қайран боп, артынан тағы тесіле қарап алып, қуанып, жымия бастады.

Базар қорасын аяп, құймаға залал келді-ау деп тақап келіп еді.

Медет қолындағы бөлек тасты жерге қойып, тағы төменірек жерге қаланған ірге тастың бір кесегін ұрғылай бастады. Оны бұрынғыдай емес, тіпті қатты ұрады. Асығыс соғып жатыр. Шал енді ескі қорасын бүлдіріп жатқан баласына ыза болды.

— Қой енді! Өшің бардай бұ не? – деп, баласының қолына жармаса бастап еді.

— Тоқтаңыз, әке... былай тұрыңыз. Мен бар! – деп, Медет құлшына соққылап, үлкен ақтасты тағы қақ бөлді. Бұл кезде ескі қораның жоғарғы қалауы қопсып, қатар тастар жіктеуі босап, аралары ашылды. Ескі былжыр топырақ боп үгітіліп, саулап төгіліп жатыр.

— Ойбай-ау, бұның не? Бүлдірдің ғой, жаным-ау, – деп, Базар ұрысарманға тақады. Мынау үлкен тасты тағы да бөліп, құлатып түсіріп алған Медет енді жерге тізерлеп отырып, біржолата қадалып жатты. Ашуынан да таңдануы басылмаған Базар енді кеп баласы қадалған тасқа үңілді. Ақ тастың қалың ортасынан тартылған бір сарғыш жалпақ қисық сызық бар... Түсі тас сияқты емес, мыс, жез сияқтанып жарқырай сарғаяды.

— Бәтір-ау, мынаның түрі қалай?.. – дей беріп еді. Медет тасты құшақтап қысып, кеудесіне шейін көтеріп, қадалып көз алмай тұрып:

— Тоқтаңыз, тоқтаңыз!.. – деп барды да, бір сәтте күліп, әкесіне бұрылып жарқырай қарады:

— Мынау қой қораның тасында алтын жатыр, әке... Алтын..! Ойлап па ең? Сезіп пе ең?.. Алтын! – деді.

Базар аңқиып, аңырған бойында аузын аша беріп, екі санын салп еткізіп ұрды да, үнсіз келіп, өңі сұрланып барып, қара қорданың үстіне жалп етіп отыра кетті.

— Қарағым-ау, не дейсің?.. Медет жаным-ау, не дейсің? – деуге ғана дәрмені келді...

Көзіне моншақтай жас оралыпты... Медет тастың сынықтарын ала сала, асығып атқа мініп, жақын жердегі жолдастарына, отрядына қарай шапты.

Базардың жөн сұрап, бірдемелер ұғынуға мұршасы да келмеді. Тек білгені осы қораның іргесіне, құймасына қаланған ақ тастың бәрі де тегін емес, осы тастардың қай арадан алынғанын әкесі жақсылап ойланып есіне түсірсін. Отряд келеді. Ертең осы қораның маңын зерттеуге алады, - деген үздік, шолақ сөздер болатын.

Қорасының тасы қайдан алынғанын білмейтін Базар ма?

Медет отрядтағы жолдастарымен бірге түн бойы тастың нәрін айырумен болды. Күмәнсіз, анық. Базардың қой қорасына қаланған ақ шақпақтас `желілі` алтын шеккен тас боп шықты. Және ең қымбат қасиеті: алтын проценті бұл желіде аз емес, мол, аса мол жатқан болды.

Тек енді кеп пе екен осы тастың қатысы... Өндіріс ошағын орнатуға татитын запас мол ма? Ертең қолға алатын сол жәйі... Бағана баяу, сырдаң Медетті енді танып болмастай еді... Түн бойы ұйықтаған жоқ. Таңды атыра алмай, қоңыр күздің жарық айлы түнінде ұйқылы cap қабақта жалғыз өзі арлы-берлі кезіп жүр.

Бала шағында тайға шапқан, бұзау қуған, қозы қайырған бөктері мынау жұлдызы қалың түнде анандай қалғып, түнерген қалың биік таулармен, сонау ұзаққа шалқып кетіп жатқан cap селеулі өлкесімен қазір өзгеше ыстық, соншалық жақын секілді... Мейір қойнын ашқан анадай... сағындырған салқын қоңыр түн осы... Сағымданып тұрған қиял мекеніндей.

Жалғыз бөктерінің ақырын ескен қоңыр желі де жақсылық лебін үздіксіз үміттей майдалап сергітіп соққан сияқты.

Дүниеге сыры ашылмаған, берерін бермеген үнсіз мылқау алып Шыңғыс тауы, қазір мынау ай астында жеңіл көкшіл тұманға оранып тұрып, мырза сенімін бергендей. Медет қиялы әке қиялынан ары болмаса бері емес екен. Бірде қиялшыл, бірде сергек, зерек ойы көп жайларды шарлайды. Сонау жауыздық пен игілік майдандасқан қан кешуде Қазақстан ұлдары алысып жатыр. Қазақстан фронтқа азық, киім жөнелтіп жатыр... Жас республиканың барлық саналы, қайратты тіршілігі Ұлы Отанның керегіне, көмегіне жарасам деп анталап, таласа барып жатыр... Аймағы үлкен Қазақстанның Алтайы, Жезқазғаны, Балқашы, Қарағанды, Қосшағылы буырқана бұлқынып, асығыс қарқынмен асыл бұйымдарын аттандырып жатыр. Отан үшін.

Осы ойларының арасында Медет:

— Шыңғыс... біздің алып Шыңғыс ше? Жер иесі ерінді, жер үстіндегі малынды беріп қоймай, кенереңде тебіренсе, не етер еді? Сен де Отан мұқтаж болған мол қазына атсаң, не етер еді деп, - жүрген... Жауға атылған он оқтың сегізін Қазақстан жері береді екен. Сол сөреден сен қалсаң жөн бе, Шыңғыс! – дейтін... Әлі де... Бүгін мына түнде де соны айтады...

Талай қайырып айтады. Тек күндегідей емес, бүгін бір үлкен үмітпен, сенімді, қиялшыл үмітпен айтады...

Ұйқысыз алағызған көңіліне алтын кенінің дүние жүзіндегі даңқтылары елестейді. Әлемде әйгілі Франция, Америка қазбаларын, Англияның империясы қазынасын байытқан Клондайк, Колорадо, атақты құт қазынасы Родезия – бәр-бәрінің қатарына Шыңғыс... Шыңғыс аты тізілсе... Шыңғыс сыйы Одақ, Отан сүйіп атарлық сый боп танылса...

Ертеңгі қиял әңгімесін жетпіс жасқа жеткенше өмірлік қуаты етіп өскен Базар шалдың алақандай жері танытса. Ат басындай алтын іздегендерді ердің ері деп баласын жетілткен Базар шалдың, колхозшы Базардың баласы тапқан болса...

Қиялдың ұшы-қиыры жоқ еді...

Осыған орай, Хан биігінің бөктерінде Базар шалдың қорасы да бүл түн тыным көрген жоқ...

`Қарашоқы` колхозының қой фермасын басқаратын Базар карт бағана Медеттен айырылысымен, ес жиысымен, фермасының барлық шабандарына, барлық әйел-еркек, көрші-қолаң достарына, тіпті бар осы жердегі бала-бауыр бәріне алтын жайын сүйінші деп мәлім еткен. Содан бері кеш бойы Базар қорасымен көршілес қыстаудың барлығында да әңгіме, лаулаған қуаныш, үздіксіз күлкі еді. Базар өзі де Медетке ұқсап қораның бірнеше ақтасын шабандар көзінше сындырып қараған. Содан бері жұрттың аузындағы ақ тас... Қолдарының жабысқаны да сол. Көздері де әрбір жаңа кезекті Базар ертегісінен туып, осы араға жиыла келіп, жымдай боп шөккен алтындар `біз-біз` – деп шыға-шыға келетіндей қарайды. Базардың ерте күннен көршісі, туысы боп кеткен Көшпесбай деген жиені бар еді... Ол тіпті бүгін осы алтынның буына масайған сияқты. Құдық басына барып бір қайтып:

— Ойбай, біздің тасты құдықтың да бәрі алтын! – деп келді. Осы қораның ауыз су алатын құдығы да тастан құйылған. Көшпесбай ерікті зерттеуші болып ымырт жабылғанда сол құдықтың ішіне қиялдап түсіп, бар үлкен тасын санап шығыпты. Бәрі де ақ тастан қиыстырылған. Қыстыгүні құдықтың бетін бастырып қоятын жалпақ ақ тас бар еді. Бүгін Көшпесбай қуанғаннан соны талқан етіп, көп сынығын алып кепті... Базар екеуі көп даурықтың артынан кешкі асқа үйге кіргенде, қазандық алдындағы жазығы жоқ жалпақ сүр тасты да талқан етті... Қорадан шыққан алтынды жалғыз бұлар емес, қатын-қалаш, бала-шаға да енді үй мен тыстың бәрінен іздей бастаған. Базардың бар әңгімесін өзіндей ұққан ертекші жас шабан Сандықбай да бір кезде лепіріп, қуанып келеді. Қолына екі үлкен күйелі тасты көтеріп, сүр шекпенін қап-қара ғып былғап апты...

— Оны айтасың, бер қара... мынаны қара! – деп, қып-қызыл боп күліп қуанып кеп, екі тасты жаңағы екі шалдың алдына тартқан табақтай қып әкеп қойды.

— Уә, бұ қай тас?!

— Күйелі тас қой! – дескен үлкендерге Сандықбай.

— Ойбай-ау, біздің ошақтың бұтына қойған тас қой. Осы екеш осы да алтын... Міне, – деп, Медет әкесіне көрсеткен сызықты о да дәл тауып нұсқап отыр.

Ертекші, әңгімеші колхозшылардың да бүгінгі қиялы шалқығандай серпіседі.

— Айтам ғой... Осы ферма жарықтықтың төлі сондай өсуші еді. Қойы қандай семіз келеді.

— Ала бөтен ғой... – деп Көшпесбай мақтана басады...

Үй іші:

— Ал енді бөсті, – деп келекеге ауысайын деп еді.

— Ой, не дейсің, түге! Алтынның буы ше? Алтынның буы адамды да есіртеді. Қойды тек қоя ма? Оған ырыс береді де! – деп таймай таласады. Бұнысы Базарды үлкен ойға салды. Ол Көшпесбай сөзін тіпті орынды көрді.

Шалқып, даурығып отырғанның бірі Сандықбай еді.

— Жә, бұл алтынның көзі қайда, кіндігі қайда жатыр бұл? – деп Базардан сұрады. Базар алғашқы қуаныштан енді бойын жиыңқырап алған... Әйелі үлкен жүзі жиырылып, жадырап күліп отырды да:

— Е, соны менен сұра! Бәрін бекітіп, түйедей матап, бірің -`көз`, бірің -`кіндік` бол деп келген мен ғой, тегі... Менен сұра, – деді. Үй іші Сандықбайды мазақ етіп күле бастап еді... Базар өзі бүл тұста күлген жоқ.

Бір алуан өмір қиялын ойлауда екен:

— Жасым отыз беске келгенше кісі есігінде жалшы боп, қыз айтқызып, қалың төлеп ала алмай, жар қызығын, бала қызығын да кеш көріп ем... Пайдашыл боп ішкі жаққа барып, батырақ малай боп та жүрдім. Сақал-шашым ағарғанша өзіме өзім жеткен күн көрмедім. Қор еткен жоқтық еді. Сонда әйтеуір тым құрса ауызбен мейір қандырайын деп алтын тапқан ырыстының жайын әңгіме ете беруші ем. Сөйтіп, түсте көріп, ертегіден емініп жүрген алтыным қой қораның тасында, құдығымның басында, от басы, ошақ бұты қасында жатыпты... Мазақ етіп жатты-ау осы мені... Ә! - деді.

Үйдің іші Базар жүзіне мүсіркей қарап қапты. Кей шабандар күрсіне түсті.

Көшпесбай мойымас қарт еді. Ол жүдеген жоқ.

— Ырысың бар шалсың, не керек. Өзің таппасаң, сол алпыс жыл айтқан алтынды табатын ұл тудың... Ол тапты. Не қыл дейсің! – деді. Базар оңай сергіді. Қуанып сергіді. Бұл ой әзір өз басына келмеген еді.

— Бәлі, бәлі, дәл айттың! Ұл тапқаным өзі – сол алтын тапқаным екен... Алтын менде болғанша, елде болсын. Мені ұл қуантсын, ұлым елін, жұртын қуантсын!.. – деді.

— Бұл советтің ырысы бар деймін ғой. Жолы, жөні елге жәйлі болған соң солай ғой. Бағы ассын өзінің. Жауға тиген соққының бірі осы болсын, қысқасы... Кәрі Шыңғыс екеш ол да атой шыққан күндерде ел мен жұрттың көмегіне алтын қойнын ашты десін! – деп, Көшпесбай байсалды сөз айтты. Осы әңгіме кезінде кешкі ыстық асын ішіп шыққан көрші қыстаудың шопандары тағы да шулап келісіп жатыр еді.

Барлық ферма бүгін старатель боп кетіпті... Көрінген кесек тасты аударыстырып қарау, бөлшек-бөлшек сындыру тегіс парыз болғандай. Келгеннің бәрі енді Базарға бірдеме айту қажет сияқты көреді. Бірақ әркім әр алуан сөйлейді. Біреулер Базарға қайырлы болсын айтқан, біреулер әлденеден көңіл қос айтады. Ертеде таппай, өмірің жоқтықпен еш боп өтіп еді дегеннен болса керек. Базар бұндай екі алуан сөздің екеуін де бүл кеште үнсіз қарсы алды. Дағдарып, не айтарын білмегендей.

Жиын үйге сыймай, жарық айлы түнде тысқа шығып, онда да көп даурықты. Ендігі әңгіменің бәрі:

— Бұл ақ тастың жатағы қайсы?

— Қораның тасы қайдан тасылған еді?

— Базар өзі салып па еді бұл қораны? Қашан қопарылған тастар екен?.. - деген орынды сұраулар болатын...

Қазірде Медеттің отряды да сөйленіп, ауызға қайта-қайта алынып жатқан сұраулар да осы еді. Базар бұл жәйді алақанындай білетін.

— Бұл қора дәл осы Медет туатыннан бір жыл бұрын салынған. Ақ тасты қайдан тасыды дейсің? Тас тасып әкеп үй, дүкен салатын мұршасы қане Базардың? Алтын тасың, ақ тасың дәл осы өздерің табаның басып тұрған тақыр төбенің ішінде. Осы қораның астының бәрі ақ тас, – деді.

Көшпесбай үндемей таңдай қағып, таңырқаған жұрттың бәрінің көңілін қалжыңмен қорытып:

— Қысқасы, айды басқан бұлттай сары алтынды жамбасымның астына басып жатқан өзім едім десеңші! – деді. Жұрт осындай күлкі қалпымен түн ортасы ауа бере зорға тарқасты... Үркер төбеден өтіп бара жатыр. Шыңғыс тауының үстіндегі жұлдыздар бүгін соншалық жиілеп, бадырая түсіп, шаншыла қарап тұрған еді.

Келер таң атар-атпаста Медет он шақты кісі тобымен Базар қорасына келді. Тас қора тұрған тақыр төбе бұл өңірдің, бүл ауданның болашағын өзгертетін жұмбақ сырдың төбесі боп түр... Базарды отряд адамының бәрі көңілді жүзбен күліп амандасып, ортаға алды...

Базар ынталы сөйлеп жүріп, отряд адамдарына әуелі қора тамын түгел көрсетіп, ақ тастан қаланған іргені, бірнеше қораның кіндігін, бұрмасын, сыртқы құймаларын көрсетіп шықты. Аузы түндегі өз жайын айтқан әңгімеде болатын. Инженерлер қораның қалауын бұзбастай етіп бірнеше жердің тасын жарып, сындырып, бір-біріне көрсетіп өтті. Медет бастаған үлкенді-кішілі мамандар бас изесіп, аз сөзбенен жөн табысып, аралап жүрісті.

— Енді осы тастарды алған жерімді көріңдер, сыр сонда ғой, – деп, Базар тақыр төбенің шығыс жақ етегіне қарай бастады... Ертеде қазылған кең апан бүгін түйетайланып, топырақ басып, тегістелуге айналған еді. Бірақ дәл қыстауға қараған шетінде тік жарлауық болып қалған кішілеу шұңқыры бар.

Сол кенереде қалың ақ жартас жардай боп тұр екен... Көне топырақ басқандықтан сарғыш ренді. Бірақ бітім-тегіне қарағанда, қораға, құдыққа, қазандыққа барған кесектерінен жат емес...

Осы күн күні бойы отряд қыза іске кірісті. Бір бұл ара емес, тақыр қылып төбені жан-жағынан төрт жерден қазғылап қолға алды. Базар қорасы төбенің дәл басында, тап орта тұсында еді. Оның тұрған жері де бұрғыланып, терең түбіне шейін ақтарылатын болды.

Күн түске жақындаған шақта Базар қорасына қарай андыздап асыққан жүргіншілер көбейді. Көршілес колхоздар, фермалар, Базарға көңілдес ағайын, жақындар бір алуан. Өзгеше топ-топ болып аудан қызметкерлері, мектеп жұртшылығы, барлық аудан активі келіп жатыр. Келушінің бәрі де ең алдымен Базарды көруге асығады. Тағы да түндегідей қайырлы болсын айтысады. Бүгін Базар кешегідей іркілмейді.

— Қайыры халыққа болсын!.. Қайыры ортақ болсын бәрімізге! – деп желпініп, қуанып қарсы алады. Тақыр қызыл түгел зерттеліп шықты. Алтыны мол тастың запасы да аса мол екен. Отряд қолымен ұстап, көзбен көріп өткендей болды.

Осы күндер отряд дәл осы Хан бауырынан жиырма шақырым жердегі Қыдыр деген адырдан тас көмір де тапқан еді. Енді Шыңғыс бөктері алтыны, көмірі мол бөктер болғандықтан, өзгеше өндіріс бөктері болуға бет қойғанын екінің бірі ұғынып, сеніп тұр. Кешегі заманда көшпелі аудан, бүгінде көбінесе мал баққан аудан, облыс орталығынан алыс қалған, қатынасы қиын оқшау аудан. Енді өзгеше бір тарихқа, өзгеше бір жаңғырған дәуірге ауысатынына бүгінгі жұртшылық сондай ырза, соншалық шат еді.

— Шыңғыс, кәрі Шыңғыс, Отан ұран салғанда, алтыны мен асылын ала аттанды! Тыс байлығын беріп қоймай, қойынын да ашты, іш сарайын да беріп түр. Жауға қарсы жұмылған бірліктің бұл бір өзгеше балғын белгісі болсын, – деп, Медет бүгін жиын жұртқа сөйлеген еді.

Сөйтіп, Базардың қиялы, ертегісі шын алтын табысқа, асыл өндіріске әкеп қосылған күні, Отан соғысының майданынан алыста, майдан түгіл, облыс орталығынан да жырақта жатқан, қатынас жолдарынан қиғаш жатқан алыс түкпір, ғасырлар бойы үнсіз Шыңғыс бөктерінде де патриоттық үлкен қызудың, шын жалынның қуанышты, жарқын куәсі болды.