22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Мұхтар Әуезов

Мұхтар Омарханұлы Әуезов – қазақтың ұлы жазушысы, қоғам қайраткері, ғұлама ғалым

Қозы Көрпеш - Баян сұлу



Қозы Көрпеш - Баян сұлу

I

`Қозы Көрпеш - Баян сұлу` дастаны - қазақтың ғашықтық жырлары ішіндегі ертеректен келе жатқан және қазақ арасына өте көп жайылған түрі. Бұл жыр `Қыз Жібек` хикаясы сияқты тек қазақтың өз тумасы ғана емес, мұның әңгімесі қазақтан басқа елдерде де бар. `Қозы Көрпеш - Баян сұлу` әңгімесінің бір түрі орыс тілінде 1812 жылы Қазанда басылып шыққан. Барабин татарларының және қазақ арасында айтылатын нұсқасын Радлов жазып алып, бастырған. Ойрат тілінде `Қозын Еркеш` дейтін жыр бар. Солардың бәрі де `Қозы Көрпеш - Баян сұлу` жырын өзіне меншіктейді. Қазақ арасында бұл жырдың 16 түрлі нұсқасы бар. Көп заман бойында көп ақындар жырлағандықтан осындай әлденеше варианттар пайда болуы фольклор көлемінде заңды саналады. Бізге мәлім болған `Қозы Көрпеш - Баян сұлу` жырларының кейбір варианты ертедегі заманның өзіне байланысты айтылса, енді біреулері бергі XVIII-XIX ғасырда өңделіп жаңғырған. Және кейде `ноғайлы` деген ескі атаулары жойылып, оның орнына Кіші жүздің Шеркеш руы, не Орта жүздің Бағаналы (Найман) руларының аттары аталады. Бірақ, бұл нұсқалардың қай-қайсысын алсаңыз да, алғашқы сюжет асылы - біреу. Әр дәуірдің, әр жердің ақындары өз ортасындағы тыңдаушыларының ыңғайына тартқанымен, оның негізгі мазмұны, оқиға желісі бір арнаға саяды.

`Қозы Көрпеш - Баян сұлу` жырын 1870 жылы қазақ арасынан жазып алып, орыстың атақты ғалымы, академик Радлов немісше және қазақша бастырған (шығармалар жинағы, III том). Екінші түрлі бір көркем нұсқасын қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлиханов атақты Жанақ ақынның өз айтуынан жазып алдым дейді. Бірақ бұл қымбат вариантты кезінде Шоқан бастыра алмағандықтан, зерттеушілерге әлі күнге шейін мәлім емес болып келе жатыр.

Шығыс әдебиеті мен араб тілін зерттеуші орыс ғалымы Саблуков 1830 жылы `Қозы Көрпеш - Баян сұлу` хикаясын бұрынғы Семей губерниясы, Көкпекті маңындағы бір жыраудың аузынан жазып алған. Оренбург музейінің басқарушысы, орыс тарихшысы Кастанье өзінің `Қазақ даласы мен Оренбург өлкесінің белгілері` дейтін кітабында `Қозы Көрпеш - Баян сұлу` жырының он түрлі нұсқасынан дерек береді. Және өзі сол кітапта бұл жырдың толық аудармасын берген. Мұнысы Ғылым академиясының Петербургте шығатын Веетнигінде басылған. Кастаньенің аудармасы бойынша `Қозы Көрпеш - Баян сұлу` хикаясының мазмұнымен қазақ тілін зерттеуші орыс ғалымы Мелиоранский де таныс болған. Жетісу облысының губернаторы Колпаковский 1870 жылы Семейден Қапалға бара жатып, жолай Аягөз маңындағы Қозы Көрпеш - Баянның моласы дейтін моланы көріп, Лепсі уезінің начальнигіне осы екі ғашықтың әңгімесін жинап алуды тапсырған. Сол Лепсі уез начальнигінің тапсыруы бойынша `Қозы Көрпеш - Баян сұлу` жырының бір нұсқасын орман қарауылы Салагаев дейтін кісі жинап, кейін орысшаға аударған. Кастанье орысша әңгімелеп бастырған вариант осы әңгіме делінеді. Онан соң `Қозы Көрпеш - Баян сұлу` жырын Петербург университетінің профессоры Березин жинап, 1876 жылы өзінің `Түрік хрестоматиясы` деген кітабында басып шығарған (III том, 162-170 беттер, 1876). 1899 жылы `Қозы Көрпеш - Баян сұлу` хикаясының бір нұсқасын Баранов ел аузынан жинап алып, Петербургтегі `Нива` журналының қосымшасында басып шығарған.

Осы орыс зерттеушілерінің ішінен Радлов пен Березин жырдың қазақша нұсқасын бастырған. Кастанье толық және маңызды аударма берген. Ол кезде `Қозы Көрпеш - Баян сұлу` хикаясын қазақ мәдениетін зерттеуші орыс ғалымдарының оқып, білмегені кемде-кем. Бұлардың кейбіреулері жырдың өз нұсқасын жинамай, тек ел аузынан естіген әңгімесінің ғана мазмұнын орысшаға аударған. Мәселен, 1868 жылы Қапал приказын ұйымдастыруға келген патша ұлығы Абрамов жолай Қозы мен Баянның бейітін көріп, оның әңгімесін Тобыл губерниясының `Вестник` журналында орысша бастырған. Түркістан өлкесінің археологиясын зерттеуші Пантусов дейтін ғалым да 1898 жылы Қозы мен Баянның бейітін зерттеп, бұл хикаяның бір нұсқасын Ташкентте, одан кейін Қазанда `Орта Азияның ескі заманы` деген кітабында бастырған. Бұлардан басқа осындай орысша нұсқаның бірі 1877 жылы `Ақмола облыстық ведомостінде`, 1877 жылы Омбыда шығатын `Дала уәлаяты` газетінде, 1901 жылы `Торғай облыстық ведомостінде` шыққан.

`Қозы Көрпеш - Баян сұлу` жырын көп зерттеп, оған үлкен мән берген кісінің бірі - Сібір ғалымы Г.Н. Потанин. Ол кісі `Вестник Европы` деген журналда (1890 жылы, 9-кітап), одан соң `Русское богатство` деген журналда (1896 жылы, № 8) бұл жырға айрықша тоқталып, оны жоғары бағалайды. Потанин `Қозы Көрпеш - Баян сұлу` жырын Батыс Европаның, орыстың, шығыс елдерінің бірнеше халық дастандарымен салыстыра келіп: `Бұл жер жүзіндегі ең қымбат әдебиет мұраларына жататын шығарма`, - деп бағалаған. `Қозы Көрпеш - Баян сұлу` жырына орыс зерттеушілерінің осыншалық зор еңбегі сіңген.

`Қозы Көрпеш` жыры туралы Ұлы Октябрь революциясынан бері қарай қазақ тілінде жазылған түсініктер, мақалалар, оқу құралдарының бөлімдері де аз болған жоқ. Бұл жөнде бірнеше ғылымдық диссертациялар да болды. Соңғы үш-төрт жыл ішінде сондай боп қорғалған арнаулы диссертация Ысқақ Дүйсенбаев жолдастікі. Ол `Қозы Көрпештің` ертелі-соңды бар варианттарын түгел тізіп, толық талдап, шолып өткен.

Бұрынғы белгілі, жоғарыда саналған `Қозы Көрпеш` түрлерінен басқа Ы. Дүйсенбаев тағы екі зерттеушінің ертеде тапқан варианттарын атап, талдап өтеді. Оның бірі - Фролов варианты. Екіншісі - Дербісалиннің жинап алған түрі болады. Дәл соңғы кезде Алтай елінің жас зерттеушісі, ғалымы С.С. Каташ және де `Қозы Көрпешті` Алтай елінің `Қозын Еркеш` деп аталатын халықтық жырымен салғастыра зерттеген еңбек жазды. Бұл жөнінде Каташ Қазақстан Ғылым академиясында жақында кандидаттық диссертация қорғады. Каташтың зерттеуінде `Қозын Еркеш` қана емес, Алтай елінде `Қозыке - Баян ару`, `Қозыке - Баян сұлу` деген аттармен біреулері қазақ жырына өте жақын, тағы бірі ол жырдан қашандау болса да, негізінде осы `Қозы Көрпеш` жырымен желілес бірнеше халық жыры бар екені анықталды.

`Қозы Көрпеш - Баян сұлу` тек ғалымдардың ғана ескерген шығармасы болған жоқ, орыс жазушыларына да мәлім болған.

Орыстың ұлы ақыны Пушкиннің бір қолжазбасында `Қозы Көрпеш - Баян сұлу` атты дастанның орысша жазылған сюжеті табылған. Совет өкіметі тұсында көкшетаулық орыс ақыны Тверитин `Қозы Көрпеш - Баян сұлу` жырының мазмұнын өлеңмен орысша жазған. Тверитиннің бұл көркем поэмасы 1928 жылы Қызылорда қаласында, содан соң 1941 жылы Москвада жеке дастан болып басылған. Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы Бейсембай деген ақынға `Қозы Көрпеш - Баян сұлудың` жаңа айтқан вариантын хатқа түсірткен. Осы Бейсембайдың аузынан алынған Жанақ айтты дейтін `Қозы Көрпеш - Баян сұлу` жырының бір-екі қолжазбасы бар. Бірақ Бейсембай алғашқы Жанақ вариантының аяғын өзгертіп жырлаған. Осы Жанақ - Бейсембай вариантын Мұхтар Әуезов 1936 жылы Алматыда жеке кітап қылып бастырған. Және бұл нұсқа 1939 жылы басылған `Батырлар жырының` 1-томына енгізілген. Әзірге `Қозы Көрпеш - Баян сұлу` жырының баспаға шығып, көбірек мәлім болған нұсқасы осы. Радлов жинап бастырған `Қозы Көрпеш - Баян сұлу` жыры революциядан кейін, 1925 жылы Москвада қазақша жеке кітап болып басылған. Сәбит Мұқанов пен X. Бекхожин 1939 жылғы орта мектептерге арнап құрастыратын хрестоматияда осы вариант үзінді түрінде басылған. Бұлардан басқа Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтында Шөже ақын айтты дейтін тағы бір көркем, ескілеу нұсқасы бар. Бұл нұсқаны Мәшһүр Жүсіп жинаған, әлі баспа көрген жоқ. `Қозы Көрпеш - Баян сұлу` жырларының ішіндегі айрықша назар салатын бір тәуір нұсқасы осы. Бұдан басқа Ғылым академиясында 1905 жылы Павлодар уезі, Баянауыл қазағы Молда Мұқан Машақұлынан Жақыпбаев жазып алатын `Қозы Көрпеш - Баян сұлу` жырының екінші түрлі бір қолжазбасы бар. Бірақ бұл вариант, кейбір өзгерген сөздерін, кісі аттарын айтпасақ, Шөже нұсқасынан алынған көрінеді.

`Қозы Көрпеш - Баян сұлу` жырларын көп басып, халыққа таратқан орынның біреуі - Қазандағы Хұсаиновтар баспасы. Бұлар `Қозы Көрпеш - Баян сұлу` дастанының түрліше нұсқаларын 1878, 1890, 1896, 1909 жылдары қазақша кітап етіп бастырған.

Осылардың бәрі `Қозы Көрпеш - Баян сұлу` жырының қазақ арасына өте әйгілі, көп тараған және халықтың аса қадірлеп сақтаған қазынасы болғанын көрсетеді. Жырдың нұсқасы қанша көп болса, мұның айтушылары да сонша көп. Бұлардың ішінде Шөже, Жанақ, Сыбанбай, Бекбау сияқты халық ақындарының аты айтылады. Қазақтың хикаялы жырларын сақтап келген кісілердің өзі осындай жыраулар, айтушылар. Бірақ `Қозы Көрпеш - Баян сұлу` жырын айтушы жыраулар жайындағы мағлұматтар бізде әлі жеткілікті жиналған жоқ.

`Қозы Көрпеш - Баян сұлу` жырын халық көп заманнан бері сүйіп тыңдаған. Мұны осы екі ғашықтың әңгімесіне байланысты қойылған жер-су аттарынан да танимыз. Өлеңті өзені Қарабай мен Сарыбайдың қонысы деседі. Баянауыл тауында Баян туды-мыс, Қарқаралы тауында Баянның қарқарасы қалады, Өлеңтіде ғой болып, өлең айтылады. Ай, Таңсық өзендері Баянның апаларының атына қойылады. Қодар Таңсық көлін жасайды. Осының бәрі халық аузында сақталған қызық аңыздар. Сол аңыздардың бір парасы Баянның бейіті жайында айтылады. Ол бейітті 1858 жылы Абрамов көріп, Аягөздің шығыс жағасында, жарты шақырым жерде тұр деп сипаттаса, 1898 жылы Пантусов көріп, бейіт су жағасында 50 метр жерде тұр деп жазады. Бейіт қасында тастан ойған көп сурет болған: бірі - Баян, бірі - Қозы, өзгелері қыз апалары мен Айбас болар делінеді. 1898 жылы Пантусов бұл суреттер сынып жатыр еді дейді. 1897 жылы сол суреттің бірін Шығыс Африкадағы неміс губернаторы майор фон-Биссаман алып кеткен.

Баян бейітіне байланысты ертегілер әлі түгел жиылып болған жоқ.

`Қозы Көрпеш - Баян сұлу` жырының ең ескі нұсқасының бірі - Шөже варианты дедік. Бұл жыр:

Жаратқан жан біткенді бір құдайым,

Жаратқан жарық үшін күн мен айын.

Бұрынғы ноғай-қазақ заманында,

Сөйлетейін Қарабай мен Сарыбайын.

Жарасқан нар түйеге биік өркеш,

Мен сөйлесем, жұрт тыңдар ертеңді-кеш.

Екеуін сәтті күні құдай қосқан,

Баянға ғашық болған Қозы Көрпеш, -

деп басталады.



Жырдың толығырақ мазмұны мынадай: Ноғайлы жұртында Қарабай мен Сарыбай дейтін екі бай болады. Екеуі де перзентсіз екен. Аңда жүріп дос болады. `Үйдегі кісіміз жүкті` деп, екеуі де буаз маралды атпайды. Әйелдері жүкті екенін біліскен соң, бала тумастан бұрын іштегі балаға ежеқабыл ретімен белқұда болысады. Ұзамай сүйіншіге екі адам келіп, Сарыбайдың әйелі Мамабикеден ұл туғанын, Қарабайдың әйелі Қарагөзден қыз туғанын хабарлайды. Екі әке серттесіп, ұл мен қызды қоспақ болады. Сарыбай құдалықтың қарғы бауы үшін Қарабайға Айбас дейтін құлын береді. Бірақ Сарыбай үйіне жетпей, аттан құлап өледі. Қарабай антын бұзып, `қызымды жетім ұлға бермеймін` деп, Өлеңтінің аяғын өрлей Аягөзге көшеді. Бұған Әлжаппар дейтін құлы мұрындық болады. Қарагөз наразы. Көшкен күні Қарабайдың сабасы жарылады. Сол жер Ақкөл, Жайылма атаныпты. Қырық нары арып, жолда өледі. Аягөзге барған соң, Ноғайлының биі Сұлтанғазы Қарабайдың аулын ерулікке шақырғанда, Ноғайлы Шақшақ байдың бал асы Қодар Баянға ғашық болады. Тоқсан мырза Баянды алмаққа Қарабайға жалшы болады. Айбас Баянға: `Алтын айдар, шоқ белбеу жарың бар, соны әкелемін` деп, қанатты қара биеден туған Бақа айғырға мініп қашады. Сәлемдемеге Баянның домбырасын, бет моншағын, қарқарасын, алтын сандығын, ақ жамшысын алады. Айбастың қашқанын біліп, Қодар сегіз құлмен Итішпес көлінде қуып жетіп, атысады. Айбас Қодарлардың мініп келген он алты атын атып түсіріп, шөлде жаяу қалдырады. Қодарларды жеңіп, ілгері жүреді. Бірақ адасады. Алдынан өткелсіз қалың орман шығып, Баянның домбырасы мен моншағын ұмытады. Содан ол жер `Домбыралы`, `Моншақты` атанған дейді. Сандығы қалған жер - `Алтын сандық`, `Ақшатау`, Бақа айғырдың тоқтаған жері - `Тоқырауын жәмшілі`, қарқарасы түскен жер - `Қарқаралы-Қазылық`, Бақа айғырдың жауыр болған жері - `Жауыр бұғы`, Баянның туған жері - `Баянауыл` атанған. Мамабикеге барса, ол Айбасқа: `Балама Баянды білдірме, қайта бер`, - дейді.

Қозы Көрпеш батыр жігіт болып өседі. Бір кемпірдің үйін садақпен атқанда, ол: `Батыр болсаң, жарыңды тап` деп қарғаған соң, шешесінің қолын ыстық бидайға қақтап, Наянның аты-жөнін сұрап біледі. Жылқыға барып жүгенін сылдыратса, бір қотыр тай қарайды. Ер-тұрманын салғанша қотыр тай арда күрең бесті тұлпар болады. Қоралы қойын қасқырға, түйесін Алакөлге, жылқысын Жидебайға, шешесін құдайға тапсырып, Қозы Көрпеш Аягөзге тартады. Шешесі: `Барғаныңнан келме` деп қарғап қалады. Қозы жолай Айбасты қуып жетеді. Аягөзге барған соң, Қозы боранда тоңып өлген бір тазша қойшының киімін киіп, қойға шыққан Баянға жолығады.

Қозы Көрпеш үш жыл қой шетінде жүріп, Баянмен қызық дәурен сүреді. Баянның отауында жатқан Қозыны жеңгесі көріп, Қарагөзге айтса, ол: `Жатса жатсын, өз жары` дейді. Бірақ Қарабай Қодардың тілімен Ноғайлыны жиып, көр қаздырып, Қозыны құпия өлтірмекші болады. Жиналып келген жаудан Қозы қашып шығады. Баян Қозының хабарын өзінің қара торғайын жіберіп біліп тұрады. Торғайды бір жолы қырғи қуып, қыздың мақпал шапанын киген жеңгесіне тығылғанда, жеңгесі торғайдың төбе жүнін жұлып өлтіреді. Ол Қодарға жақ еді, бұдан соң Қодар, Қарабай, Әлжаппарлар торғайдың өлердегі `шоқ` деген сөзінен Қозының жатқан жерін біліп, Шоқтерекке барып, алаңсыз ұйықтап жатқан Қозыны атып өлтіреді. Қыз ызаланып, әкесіне `енді мені өзің ал` деп қарғайды. Баян ботасы өлген боз інгенді жетегіне алып, екеуі қосыла зарлайды. Қарабай аулы көшкенде, қаралы Баян жүдеп, жұртта қалады. Сонда Қодар келіп: `Маған ти` дейді. Қыз: `Тиейін, бірақ Қозыны бір көрсет` деп жауап береді. Шоқтерекке барған соң, Қодар Баянның бұрымынан ұстап, құдыққа түскенде, қыз шашын қиып жібереді. Баян Қозының басына келіп, оны жоқтап отырғанда, көзі ілінген Баянға қырық шілтен аян беріп, Қозыны үш күнге тірілтіп береді. Екі ғашық үш күн, үш түн бас қосып, дәурен сүреді. Үш күннен кейін Қозы қайта өледі. Бірақ қырық бір Қызыр жолығып, екі ғашыққа отыз бір жыл жұбайылық өмір береді. Қарагөз түс көріп, шөлде қалған Баян мен Қозыға Бақа айғырды ерттеп жібереді. Екі ғашық өзі іздеп барған Бақа айғырға мініп, Өлеңтінің бойында отырған Қарабайдың аулына келеді. Той жасап, екі ғашық қосылады. Өлеңтіде өлең айтып, той қылған, Ақжар Қарабайдың той ошағы болған деседі. Бұдан соң Жұпар қорығында отырған Сарыбай аулына ұзатылып барады. Барса, Жидебай дейтін құлы Қозының шешесін азапқа салған екен. Қозы шешесін жылқы сүтіне шомылдырып, уайым-қайғысын кетіреді. Құл мен күңге азаттық береді. Ұлы думан той жасап, отыз бір жыл дәурен сүреді. Отыз бір жыл толған соң, екеуі Қызырдың аянымен Аягөзге келіп, Қозы өледі, Баян тағы да жоқтап жылайды. Сол кезде үстіне бір топ керуен келіп, Баянға ғашық болады. Қозыға бейіт орнатады. Баян ақылы асқанға тиемін деген соң, керуеншілер өзді-өзі төбелесіп, қырылады. Баян бейітке кіріп, өзін-өзі өлтіреді. Сол керуеншілерден үш адам құтылып, үш рулы елге барып, Қозы мен Баянның хикаясын өлең қылыпты, - дейді. Жырды айтушы мұны Шөжеден естіп едім дейді.

Мұнда жырдың екі саласы бар. Бірі - екі ғашықтың арманда кетуі, екіншісі - тіріліп қайта қосылуы. Кейінгісі халықтың екі ғашыққа жаны ашыған, өкінішіне қарай өзгерген жасанды түрі болу керек. Екінші саласында дін сарыны басым екенін көреміз.

Молда Мұқан Машанұлының қолжазбасы да дәл осы жырға ұқсас, тілі де, мазмұны да бір. Жалғыз-ақ мұнда ұл Қарабайдікі болады да, қыз Сарыбайдікі болады. Бұл нұсқада Баянның торғайын жеңгесі өлтіргенде, соны Баянның сұрап жалынатын жері толығырақ айтылған.

1909 жылы Қазанда басылған `Қисса Қозы Көрпеш` деген кітаптың мазмұны бұлардан да бірқатар өзгешелеу. Бұл жыр:

Жасым бар жиырма бесте, жылым - мешін,

Өлімнің кім біледі ерте-кешін.

Айтайын бес-алты ауыз, құлағың сал,

Қозы Көрпеш, Баянның әңгімесін.

Ел болар он екі ру, бірі - Шеркеш,

Қом жасап сары атанға бітеді өркеш.

Бес-алты ауыз айтайын, құлағың сал,

Баян мен ертеде өткен Қозы Көрпеш, -

деп басталады. Мұның он екі ру деп отырғаны Кіші жүз. Шеркеш - соның бір бұтағы. Жырды айтушы Гурьев (Үйшік), Орал жағынан шыққан ақын болу керек. Айтушы:



Қарабай, Сарыбаймен бай өтіпті,

Ноғайлы ертеде өткен заманында, -

деп, ескі заманды сөз қылады. Бірақ мұнда да қыз әкесі Қарабай емес, Сарыбай болған:



Дабысы Сарыбайдың желдей есті,

Сұқсырдай сұлу Баян болып өсті.

Қызымды жетім ұлға бермеймін деп,

Сарыбай жұртыменен тұра көшті, -

дейді.



Жырдың бұл нұсқасында ата-ананың теріс батасына үлкен мән берілген. Батыр мінезді Қозы бір кемпірдің өрмегін үзіп, шешесінің қолын бидайға қақтап, Баянның хабарын білгеннен кейін Бозшұбарға мініп, Баянға кетпек болады. Шешесі әкелген қызға Қозы қарамайды. Қозыға шешесі: `Төрт түлік малың қалды, оны қайтесің` дегенде, Қозы: `Жылқымды қалмақ алсын, түйем Сарысудан қырылсын, қойыңа топалаң келсін` деп жауап береді.



- Жолында Оюлының он бөрісі, Қиюлының қырық бөрісі бар, одан қалай өтесің? - дегенде, Қозы Көрпеш:

- Оюлының он бөрісінен айқай салып өтемін, Қиюлының қырық бөрісінен қиқу салып өтемін, - дейді.

- Ну шеңгелден қалай өтесің?

- Өрт қоямын.

Бұларға тоқтамаған соң, шешесі: `Ен дария емшек сүтім, көрім тұтар`, - дейді.



Ен дария емшек сүтің, көрің тұтса,

Өтермін онан-дағы кеме мініп, -

дейді Қозы.



Шешесі: `Бұл жолың оңғарылмас, балам!` деп қала береді. Жолай әкесі Қарабай түсіне кіріп: `Қайт, балам, жол көрінбейді, барғанмен Сарыбай саған қыз бермес` дейді. Ақын Қозыны батасыз кеткені үшін:



Ата тілін тыңдамай кеткен бала,

Жолынан аман қайтып, үйін көрмес, -

деп жырлайды.



Бақытсыздыққа осы себеп болды деп ұйғарады. Қозы әкесіне: `Батаңды бермесең де, жол сілте` дейді. Әкесі: `Қырық бір күнде Аягөз барасың, сонда бір кемпір кез келер`, - деп жауап береді. Кемпірге келсе, ол:

- Атың арық, жүзің сарық, жол болсын, балам! - дейді.

- Ерні сетік сары атан көрдің бе? - дейді Қозы.

- Ерні сетік сары атан қайын атаң Сарыбай болмасын?

- Сылаң аяқ құба інген көрдің бе?

- Сылаң аяқ құба інгенің қайын енең Құба кемпір болмасын?

- Жез бұйдалы нар тайлақ көрдің бе?

- Ол сүйген жарың Баян шығар? - дейді кемпір.



Қозы кемпірден су сұраса: `Саумал ішкен бала едің, су сұраған не еткенің?` - деп тәлкек қылады, су бермейді. Шоқтерекке келген Қозының хабарын қыздың торғайы біліп, оны отауға әкеледі. Қыз жеңгесі сүйіншіге көк етігін алады. Бұдан арғы жері Шөже вариантына ұқсас, жалғыз-ақ Қозымен отыз бір жыл өмір сүру оқиғасы жоқ. Тек Баян Қозының үш күндік өмірін сұрап алып, екеуі бір жерде өледі. Жырдың аяғы да Шөже нұсқасындағыдай:



Қозы Көрпеш, Баянның болған жайы,

Нұрланып бәйшешектей толған жайы.

Қозы Көрпеш өлгенде, Баян да өлген,

Әркімнің сондай болсын алған жары, -

деп бітеді.



Мұнда да Қарабайдың аты Сарыбайға таңылған. Айбас, Тайлақ жоқ. Жырға Қозыдан басқа Әлжаппар, мыстан кемпір енген. Шөже нұсқасындағы отыз бір жыл тіріліп қосылу, бейіт соғу оқиғалары жоқ.

Бұл үш нұсқаның үшеуінде де жырдың аяғы қайғылы трагедиямен бітеді. Жырдың алғашқы идеясының өзі де осылай болуға тиіс.

`Қозы Көрпеш - Баян сұлу` жырының 1910 жылы Кастанье орысша бастырып шығарған нұсқасы да бұл хикаяның ел ішінде айтылып жүрген аса бір құнды түрі көрінеді. Аңда жүргенде екі бай дос болып, әйелдері қыз туса, екеуі бірге туғандай сіңді болсын, бірімізден ұл, бірімізден қыз туса, екеуі ерлі-зайып болсын деп анттасады. Сол кезде Сарыбайдың басына бір қара торғай қонады, одан Қарабайға қонады. Қарабай мұны жақсылыққа жорыса, Сарыбай жамандыққа жориды. Айтқанындай, Сарыбайдың әйелі қыз туды, Қарабайдың әйелі ұл туды деген хабар келіп, ауылға қайтып бара жатқан кезінде Сарыбай аттан құлап өледі. Қарабай балгерлерге бал аштырса: `Бұл екі жас қосылса, бақытсыздыққа ұшырайды`, - деген соң: `Тумай жатып әкесін жалмаған қызды балама әпермеймін` деп, Қарабай Алатаудан Аягөзге қарай көше жөнеледі. Сарыбайдың Әпесбай деген інісі болады. Қалмақтың асырап алған баласы Қодар Сарыбай өлген соң Әпесбайды шеттетіп, Баянды өзі алмақ болады. Әпесбай Баянның хабарын беруге Аягөздегі Қозы Көрпешке аттанады. Бұл кезде шешесінен Баянның хабарын естіген Қозы да Баянды іздеп шыққан еді. Қозының алдынан бір мыстан сиқыр шығып, оны адастырмақ болады. Бірде мыстан адам жегіш, күркіреуік түйе, бірде ит өтпес тоғай болып бөгет жасайды. Тоғайды қылышпен шабады. Одан соң алдынан түлкі болып шығып, жолдан адастыруға тырысады. Түлкі қашып, бір інге тығылады. Оған найзасын сұқса, найзасы алтын жалатқандай жылтырап шығады. Осы ретпен Қозы өзінің барлық ер-тұрманын және айдарын да алтындап алады. Қозы Баянның жұртына келсе, аулы көшіп кеткен. Алдынан тек Қозыны іздеп шыққан Әпесбайға ғана кездеседі. Қартайған Әпесбай Баянның басындағы ауыр ахуалды, оның ғашықтығын айтып, сол жерде өледі. Қозы қотыр тазша болып, Сарыбайдың жылқысын бағады. Бір күні Қодар қалмақтардың тойына кеткенде, Баян бастаңғы жасап, қотыр тазшаға домбыра тартқызады. Алтын айдарын көріп, танысады, сүйіседі. Қозыны Баян өз қолына құл қылып алады. Қодар Қозының бұл мінезін біліп, сынамақ үшін жұртта қалған ауыр балғасын әкелуге жұмсайды. Қозы балғаны қақпақыл ойнатқандай алып келе жатқанда, Алакөлге түсіріп алады. Екеуі сайысып, Қозы Қодарды аттан аударып алады. Қодар таудан қалмақтарын ертіп әкеліп, соғысады. Мұнда да жеңіліп қалады. Баян екеуін жарастырып қояды. Екі жас дос болып, жаулық істемеске ант ішеді. Бірақ Қодар антын бұзып, қыздың ата-анасын, жеңгесін, ноғайлы елін өзіне қаратып алып, Қозыны өлтірмек болған соң, ол Шоқтерекке қашып құтылады. Қодар Шоқтеректе жатқан Қозыны іздеп тауып, тағы да құшақтасып дос болады да, абайсызда атып өлтіреді. Басын найзаға іліп, Баянға әкеледі. Баян Шоқтерекке барып, өзінің ғашығын үш күнге тірілтіп алады. Қырық ту бие, қырық ту қой, қырық тумаған нар, қырық ту сиыр сойып, Қозының асын беріп, ақ жауып арулап көмеді. Құдыққа су алуға түскен Қодарды бұрынғы нұсқаларда айтылған түрде Баян өз бұрымын қиып жіберіп, құлатып өлтіреді. Құба түзде Қозы басында зарланып отырған Баянға бір топ керуен жолығып, олар Арғанаты тауынан Аягөзге қолымен тас жеткізіп, бейіт салады. Бейіт біткен соң Баян өзіне-өзі қанжар салып өледі.

Мұның мазмұны да қызық. Шөже жырында түрлі бөгет Айбастың алдынан шықса (орман, шөлстан, жау), мұнда мыстан, Қодар, түйе, орман, түлкі, шөлстан сияқты бөгеттер Қозының өз алдынан шығады. Бұл жырдағы Сарыбайдың басына қонатын қара торғай мен Әпесбай басқаларында жоқ. Қозы Қарабайдың ұлы делінсе, Баян Сарыбайдан туады. Қашатын қыз жағы емес, ұл жағы. Қодар - Сарыбайдың асыранды баласы, Қарабай тағдырдың жазасынан құтылу үшін, баласын ала қашады. Бірақ тағдырдан жеңіледі.

1958 жылғы Абрамов жазып алған `Қозы Көрпеш - Баян сұлу` жырының мазмұны да осыған жақын. Мұнда да ұл Қарабайдікі, қыз Сарыбайдікі. Абрамов жырды XVII ғасырда шыққан дейді. Мұнда Айбас Баянды іздеп барса, Сарыбай қызын Қодарға бермек болғаны анықталады. Баянның қарқарасын, алтын бақанын да алып, Айбас Қозыға қыздың сәлемін жеткізеді. Қозы Баянды той үстінде алып қашып, тауға жасырынады. Содан ол тау `Баян жүрек` атанған. Ай және Аягөз (кейбірінде Айғыз) деген қыздарын ертіп, Сарыбай Баянды іздейді. Бірақ екі қызы Баянды іздеспей, тас болып қатып қалады. Ай және Аягөз өзендері содан қалған дейді. Қашып жүрген Қозы мен Баянды Қодар тауып, тауда Қозыны өлтіреді. Қодарды Баян құдыққа түсіріп өлтіреді. Сол жерде Қодардың тас суреті қалған (Қызылқиядан тоғыз жарым шақырым, Кіші Аягөз жолында). Баян Қозыны азалап отырғанда, қырық шілтен оған үш күндік өмір береді. Баян да сол жерде өлген. Бейітті қыздың ата-анасы салдырады деп әңгімеленеді.

1898 жылы Пантусов жазып алған `Қозы Көрпеш - Баян сұлу` жырының да аздап жаңалығы бар. Бұл жыр Кастанье аудармасына жуық. Мұнда да ұл Қарабайдікі, қыз Сарыбайдікі. Қарабай бал аштырып, екі жастың бақытсыздыққа ұшырайтынын білген соң, `тағдыр жазасынан` қорқып, ұлын Аягөзге алып қашады. Сарыбайдың әйелі Қарабай кеткен соң, Баянды қалмақтан асырап алған өгей баласы Қодарға қоспақ болады, Айбас бал аштырып, Қозының келетінін Баянға мәлімдейді. Қодар Қозыдан қашып, Алатауға көшеді. Ел көшкенде, Қозы жөнімді тапсын деп, Баян жолай алтын тарағын қалдырады, содан Алтын тарақ тауы қалған. Баянның үш қыз апасы өліп, Баян Қодарға Таңсық моласынан үлкен көл орнаттырады. Таңсық көлі содан қалған. Қодар көлге суды меспен тасиды. Көл жасаған Қодар үлкен қайрат иесі адам ретінде суреттеледі. Қозының Баянды іздеп шыққан жері мұнда да Кастанье нұсқасына ұқсайды. Қозының жолынан күркіреуік түйе, өткелсіз өзен, ит тұмсығы батпайтын орман, алдамшы түлкі, ін сияқтылар кездеседі. Бейітті Шөже жырындағыша керуендер салып береді.

Ескі әңгімелерінің әр алуанын еске алып қарасақ, `Қозы Көрпеш - Баян` жайы көбінше екі жастың қайғылы қазасымен бітеді. Әуелі Қозы Көрпеш өледі, содан кейін ғашықтық дертінен Баян да өледі. Бұлар өлгеннен кейінгі бірнеше оқиғалар әр алуан баяндалады. Сол оқиғалардың бастысы: Баян мен Қозы қайтадан тіріліп (кей әңгімеде үш күнге, кейбірінде үш жылға, тағы бір кезде отыз бір жылға созылған), жаңа, бақытты өмір бастан кешіріседі.

Осы алуандас тағы бір оқиға Қозы мен Баянның бейіті және бастарына орнатылған мола турасында әр алуан болып айтылып, қайталап жүреді. Ауызша айтылатын аңыздың бірінде Қозы мен Баян екеуінің бейітінің үстінен екі гүл шығады да, біріне қарай бірі созылып ұмтыла өседі. Бірақ екі ғашықтың арасына қойылған Қодардың бейітінен көк тікен өсіп, жаңағы екі гүлді қоспай, айырып тұрады екен дейді. Бұлай болатын себебі Қодарды Баян қырық құлаш құдыққа түсіріп жіберіп, өзі кесекпен атып өлтірерде, Қодар айтқан сөз бар: `Тірлікте екеуіңді қоспап ем, өлсем де екі араңа көк тікен боп шығармын` депті. Осы тұсында `Қозы Көрпеш - Баян` жырының аяғы түгелімен қазаққа көршілес, туыстас Орта Азия елдерінің арасына мол жайылған `Таһир - Зуһра` атты халық дастанымен өзгеше ұқсас болып шығады.

Әсіресе сол жырдың түрікмен классик ақыны Молла Непес қайта жырлап, XVII-XIX ғасырлар жапсарында жарияланған түріне өзгеше үйлеседі. Ол жырдың аяғында да Таһир мен Зуһраны екі айырып келген Қарабек батыр екі ғашықтың ортасына жерленген болады. Ғашықтар бейіттерінен гүлдер шыққанда, Қарабек бейітінен көк тікен шығып, гүлдерді қоспай, айырып тұрады. Ол ғана емес, `Таһир - Зуһраның` жыры да әуелі екі жастың қайта тірілген жайын, содан соңғы көп жылға созылған бақытты ұзақ өмірін баян етеді. Екі ғашықты тірілтетін Ғайса мен Қызыр болады. `Қозы Көрпеш` жырында тірілтетін жалғыз Қызыр. Бұл саналған ұқсастықтардан басқа қазақ жырына `Таһир - Зуһраның` дастанындағы бар оқиғаның басы да ұқсас келеді. Онда да қартайған екі ата: біреуі хан, біреуі уәзір, перзентсіз жүріп, достықпен серт етіседі. Екіқабат әйелдерінің перзент күтіп жүрген шағында бірінен ұл, бірінен қыз туса, некелеп қоспақ болысады. Ұлдар туса, достар болсын дейді. Кейін балалар туғаннан соң ұлдың (Таһирдің) әкесі өледі де, қыз әкесі сертінен айниды. Кейін ол Таһирға жаулық етіп, ұлдың өліміне, қыздың қазасына, Қарабай тәрізді, себепшінің басы болады.

Сол қастан әкенің көмегін көрген Қарабек деген батыр - қаскөй адам, Таһир мен Зуһраның тағы бір бас дұшпаны болады. Себебі ол Зуһраны әке көмегімен алмаққа бекінеді.

Осылайша `Қозы Көрпеш - Баян` жырына Орта Азиялық халық дастанының басы да, аяғы да ұқсас боп шыққанын көреміз. Бұл ұқсастықтың екі түрлі мәні-жайы бар. Бір жайы бойынша, `Қозы Көрпеш` жыры `Таһир - Зуһра` жырынан ескі болғандықтан, өзінен кейін туған дастанға әсер еткен болу керек. Бұл пікірді сол Орта Азия елдерінің дастандарың зерттеуші бірнеше ғалымдар айтысқан болатын.

Сонымен қатар, екінші жай бойынша, бір кезде өзі `Қозы Көрпеш` әңгімесінің негізінде туған `Таһир - Зуһра` дастаны баспаға шығып, көп аузына жайылған соң енді XIX ғасырдың бас кезі, орта кезінде ауызда жүрген `Қозы Көрпешті` жырлаушы қазақ ақындарына (мысалы, Шөжеге, Жанаққа) жаңа мотивтер, әңгімелер қосуға дем берген, әсер еткен тәрізді. Сонымен, өлгеннен соң екі асықтың қайта тірілуі, оларды бір әңгімеде (`Таһир - Зуһра`) Ғайса мен Қызыр пайғамбарлардың тірілтуі, екінші әңгімеде (`Қозы Көрпеште`) жалғыз Қызыр пайғамбардың тірілтуі, содан әрі бейіттер әңгімесі, гүлдер мен көк тікен аңызы - бәрі де `Қозы Көрпеш` жырына кітаптық дастанның кейіннен әкеп қосқан қоспасы боп айқын тұрғандай.

Жалпы, `Қозы Көрпеш` әңгімесін ендігі тексеру, зерттеуде `Алпамыс` жырымен де көп жайда ұқсастығы бар екенін, мол екенін және де ескеру керек. Байбөрі мен Байсары да қартайған шақтарына шейін перзент көрмеген, балаға зар аталар болады. Екеуінен туған ұл мен қызды Қарабай, Сарыбайша олар да ерте күнде ежеқабылмен атастырады. Кейін қыз әкесі, Қарабай сияқтанып, ұзаққа көшіп кетеді. Есі кірген ұл - Алпамыс жыраққа кеткен жарын жалғыз іздеп, жалғыздық тартыста жүріп, ғашық жарын табады. Бұл жайлар `Қозы Көрпеш - Баянның` көп оқиғалық тартыстарын еске түсіріп тұрғаны даусыз. `Қозы Көрпештей` қазақтың ескі бағы заман болмысын, санасын, салтын баян ететін жырды бұдан да арырақ дәуірлердің қисынға келетін жыр, аңыздарымен салғастыра тексеру теріс болмайды. Сонда ескі оғыздар эпосы болып саналатын `Ата Қорқыт кітабы` (`Китаби Дәдәм Қорқуд`) әңгімелерінің тобымен де шенестіре салғастыруға келетін жайлар бар.

Мысалы, `Дерсехан ұлы Бұғашхан` әңгімесі де Байбөрі, Байсары сияқты, Қарабай, Сарыбай сияқты перзентсіз, тұрғылас кәрілердің зар шерінен басталады. Сол оғыз дастандарының жинағы болған `Ата Қорқыт кітабында` тағы бір еске алуға тұратын аңыз дастан бар. Ол - `Бамсы-Бәйрек` әңгімесі. Бұл дастанның көп оқиғасы, тартысы `Алпамысқа` ұқсап келеді. Алпамысқа ұқсас тағы бір бала оқиғалары `Қозыға` да ұқсап кетуі ғажап емес. Ал, `Бамсы-Бәйрек`, `Алпамыс` әңгімелері алтайлықтардың `Алып-Манаш` деген дастанына тағы да ұқсайды. Бұл айтылып отырған жайлардың бәрі, тегінде, `Қозы Көрпеш` тәрізді қазақтың ең көрнекті, көп түрлі дастанын, ғашықтық жырын бір ғана қазақтағы варианттарын салыстырып тексерумен қанағаттану керек емес екенін аңғартады. Бірақ ол түрдегі салыстыра тексерулер арнаулы монографиялық іздену, шолудың нәтижесінде туады. Ал, біз әзірше бұл еңбек көлемінде жаңағы жайларды ескертумен қатар, әзірше `Қозы Көрпештің` қазақ ішінде сақталып қалған түрлерін айрықша, жекелей тексеруді мақсат етеміз. Соның өзінде де `Қозы Көрпеш - Баян сұлу` атымен байланысты туған жырлар варианттары жоғарыда аталғандай көп және әр алуан. Енді сол жырлардың өздеріне айрықша тоқталамыз.



II

Бұл жырлардың бәрінде де хикаяның ақыры аянышты, қайғылы болып біткен. Бірақ кейбір нұсқаларында халық Баян мен Қозыны мұрат-мақсатына жеткізіп қояды. Бейсембай жыраудан жазылып алынған Жанақ нұсқасының аяғы осындай. Сүйте тұрса да, Жанақ нұсқасының тілі `Қозы Көрпеш - Баян` нұсқаларының көбінен көркем және бұл кезге дейін баспаға түсіп, жұртқа көбірек мәлім болған түрі болғандықтан, бұл еңбекте біз талдауды сол Жанақ нұсқасынан бастадық.

Жанақ нұсқасының мазмұны мынадай: он сан Ормамбет елінде Қарабай және Сарыбай дейтін екі бай болады. Қарабайдың тегі - түрікпен, Сарыбайдың тегі - ноғайлы. Қарабай мен Сарыбай Балталы, Бағаналы еліне көшіп келеді. Балталының елі, оның биі Тайлақ бұларға ерулік беріп, жақсы құрметтейді. Бірақ дүниеқор Қарабай Балталыға көмек беруге жарамайды. Жомарт Сарыбай қойшының сыбағасын тоғыз қылып, сый-сияпатпен қайтарады. Балталы, Бағаналы елі Сарыбайға риза болып, оны өз елінің қадірлі адамы етіп таниды. Сарыбай мен Қарабай анда жүріп дос болады. Екеуі де перзентсіз екен. Достық белгісі үшін екі бай іште жатқан екі баласын бір-біріне қосып, белқұда болады. Сарыбай өзінің ұлын көрместен буаз маралды Қарабай тілегі бойынша атқаны үшін қарғыс қаза табады. Қарабай `жетім ұлға қызымды бермеймін` деп, бұзыла көшеді. Антын жұтады. Жолай шөлден жылқысын өткізе алмай, сандалған жерінде Қодар ұшырасып, құдық қазып, Қарабайдың 90 мың жылқысын қырғыннан құтқарып, Аягөзге жеткізеді. Осының есесіне Қарабай Баянды Қодарға қоспақ болып серт етеді. Бірақ Баян оны сүймейді.

Қозы ержете бастаған соң, Тайлақ бидің інісі Айбас Қарабайдың қыз бермей кеткеніне арланып, Баянды іздеп шығады. Қыздың сәлемдемесін алып, Қозыға Баянның ғашықтығын мәлім етеді. Қозы ел-жұрты Балталымен қоштасып, мал-жанын Тайлақ биге тапсырып, Аягөзге барады. Елеусіз тазша болып, қой бағып жүріп Баянмен қосылады. Аңдушы кемпір осы сырды біліп, Қодарға айтады. Қодар мен Қарабай сол елдің жауыз биі Сасанмен ақылдасып, Қозыны тойға шақыртып, оған у береді. Бірақ Баянның апалары - Ай мен Таңсық Қозының қашып құтылуына жәрдем істейді. Баянға ғашық болған тоқсан жігіттің бірі Көсемсары еді. Ол Қодарға сыйыса алмаған соң, Шоқтеректе жатқан Қозыға келіп, екеуі дос болады. Баян күнде қыз апасын жұмсап, Қозыдан хабар алып тұрады. Қодар Шоқтерекке ұрланып келіп, ұйықтап жатқан Көсемсарыны Қозы деп өлтіреді. Бұл кезде Қозы түлкі қуып кеткендіктен, ажалдан аман қалады. Көсемсарының өлгенін біліп, Қозы Қодар мен Қарабайды өлтіреді. Ел қорыққаннан Баянды Қозыға қосады. Бұлардан Күлеп дейтін батыр туады.

Жырдың мазмұны осындай. Дұрысында `Қозы Көрпеш - Баян сұлу` жырының басқа нұсқаларында өлетін Көсемсары емес, Қозы. Бұл жері өзгерген. Жанақ, Бейсембай нұсқасының бұдан басқа да өзгешеліктері бар. Мәселен