22 Қараша, Жұма

Әдебиет

Мұқағали Мақатаев

Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев (1931-1976, шын аты Мұхаммедқали) – қазақтың лирик ақыны, мұзбалақ ақын

Мінe, тағы ашу келіп, алқымыма тығылды




Мінe, тағы ашу келіп, алқымыма тығылды,
Ақылымның есігінен аттай бере жығылды.
Көлдей тұнық көңіліме қоқыс тастап лайлап,
Кей пенделер қайнатады-ау, қайнатады-ау зығырды.
Інім айтса бас изедім, ағам айтса қош көрдім,
Жанның бәрін жатырқамай, жақсы дедім, дос көрдім.
Араларын ажырату мұншама ауыр болар ма,
Адалдық пен арамдық деп аталатын қос белдің.
Мақұл дейін, кінә өзімде, өзіме айып тағайын,
Ақ жаныма, пәк жаныма қалай күйе жағайын.
Адалсың ба, қолынды бер, сенен тәлім алайын,
Арамсың ба, аулақ-аулақ маңайымнан, ағайын.
Арым, міне, сүттей аппақ алдыма кеп жылап тұр,
Жаутаңдаған жанарында жалғыз ғана сұрақ тұр.
Өмірдегі адамдықты, адалдықты теріп ал,
Қалғандарың құлан жортпас құла дүзге лақтыр!