22 Қараша, Жұма

Әдебиет

Мұқағали Мақатаев

Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев (1931-1976, шын аты Мұхаммедқали) – қазақтың лирик ақыны, мұзбалақ ақын

Жоқ, дәрігер




Жүрегіме жүк артып жүргенімде,
Қажыдың ба, байғұсым, білмедім бе?
Шайпау тиіп, шаршатып кім көрінген,
Уландың ба, білмеймін кірледің бе?
Бары ақиқат бір дерттің жүрегімде,
Дәрігер-ау,арқалап жүремін бе?
Сорлайтындай соншама кім едім мен,
Heгe аяныш атасың іреңіңнен?
Айтып өлтір,қайтесің босқа ойланып,
Жүрек дерті өлімге бастай ма анық?
Адасам ба өмірден жастай қалып?
Ет жүрегім кете ме тасқа айналып?
Heгe айтпайсың, тұрғанша босқа ойланып.
Пері соққан пендедей есі жарым,
Тамырымда тулайды есіл ағын.
Бұл жүректің білмеймін несін алдым,
Несі жоғын білмеймін, несі барын?
Қаным қайнап барады, қаным қайнап,
Бір амал тап, дәрігер,халімді ойлап.
Алауыртқан ақынның қолын байлап,
Әкетпесін ажал кеп, өлімге айдап.
...Жоқ!
Дәрігер!
Орнатпа басқа жүрек!
Басқа лүпіл жасама, басқа леп.
Қалай айтам, бүлінген жүрегімді,
Білдірмей доғдыр алып тастады деп?!
Өңгеріп өгей жүрек қайда барам,
Өзгенің ғұмырын қалай пайдаланам?
Сыйыңа рахмет, қайран адам!
Өзімнің жүрегімдей қайда маған?
Алмастырам!?
Дедің-ау, алмастырам!..
Сірә, менің жұлдызым жанбас бұдан.
Өзімнің жүрегімді жерлеп келіп,
Өзгенің өмірін қайтіп жалғастырам?
Тула, Жүрек!
Өкінем мен несіне!?
Туған жүрек,әрине,өлмесін бе?
...Жоқ!
Дәрігер!
Қозғама,
дамылдасын,
Әрбір жүрек өзінің кеудесінде!