Әдебиет
Мұқағали Мақатаев
Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев (1931-1976, шын аты Мұхаммедқали) – қазақтың лирик ақыны, мұзбалақ ақын
Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев (1931-1976, шын аты Мұхаммедқали) – қазақтың лирик ақыны, мұзбалақ ақын
Егер де айта алмасам айтарымды
Егер де айта алмасам айтарымды,
Алжыдым,ақылымды сайтан ұрды.
Қынына қылышымды салам онда,
Ақ жүзі алмасымның қайтарылды.
Егер де айтып кетсем айтарымды,
Ақылым арнасына қайта кірді.
Қынынан қылышымды алам онда
Қағамын албастымды, сайтаныңды!
Бітті серт, кегім менің қайтарылды!
...Ырқыңа сенің деген көнігі келдім,
Енді сен ерік бергін, ерік бергін!
Сөзден өлген атамды тірілтпесем,
Қос мені қатарына өліктердің.
Бәріміздің бабамыз сөзден өлген,
Өнердің кереметін сөзбен өрген.
Мен тынбаймын солардың кегін алмай,
Сен мені салыстырма өзгелермен!
Қалай да айтарымды айтып өлем,
Айта алмасам, жасайды қайтіп өлең?
Тәңірім мені қоңсы қондырмағай,
Тіл білмес дуанамен. шайлыменен.