22 Қараша, Жұма

Әдебиет

Мұқағали Мақатаев

Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев (1931-1976, шын аты Мұхаммедқали) – қазақтың лирик ақыны, мұзбалақ ақын

Болашақтың елшісімін




Бұл өмірге келгеннен соң,
Елшісіндей шет елдің,
Миссиямды аяқтамай,
қалай ғана кетермін,
Халық деген патшама,
Немен жауап етермін!
Дәнекер боп жүргенімде,
Арасында екі елдің,
Мәміленің нәзік жібін
Үзіп алсам не етермін?!
Неде болса, нар тәуекел,
Нар тәуекел, көтердім!
Сағат сайын өзгеретін,
Мәміледен қатыбас,
Аулақ болам,жоламаймын,
айтқаныма татымас.
Дос елменен, достарға ұқсап,
Жасап бағам қатынас.
Түлкі кұйрық саясаттың,
Алтыны үшін, наны үшін,
Қасиетті достықтың, мен
Таптамаймын намысын.
Болашақтың елшісімін,
дипломат емеспін,
Мен баратын мемлекеттер,
Мені солай танысын.