22 Қараша, Жұма

Әдебиет

Мұқағали Мақатаев

Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев (1931-1976, шын аты Мұхаммедқали) – қазақтың лирик ақыны, мұзбалақ ақын

Аулақ, аулақ




Аулақ, аулақ,
Аулақ менің жанымнан!
Қара уайым қара шәлі жамылған.
Жазбын әлі гүлім жаңа жарылған,
Бұлбұлымды ұшырған жоқ бағымнан.
Жалт бұрылып, жанарымнам шашқанда
Жатыр екен жүрген ізім дастан боп.
Бар сырымды түгел әлі ашқам жоқ,
Дүлдүліме әлі қамшы басқам жоқ.
Кейімеймін, кейімеймін тағдырға,
Артта уайым, ал қуаныш алдымда.
Сусыны жоқ жолаушыдай кезерген,
Сусыным бір қанбай қойды ежелден.
Ол - жүректің шөлдегені сезем мен;
Төрт аяғын тағалатып буырылдың
Бұрқыратып, кең өлкемді кезер ме ем?
Сусыны жоқ жолаушыдай қаңсыған,
Сусыным бір қанбай, мені жаншыған.
Жүректің бір қалағаны бар шығар,
Қаталаған шөлімді бір басар ма ем,
Сусын ішіп даладағы малшыдан.
Шөлім неге, шөлім неге қанбайды?
Тәтті де іштім,ащы да іштім,нанбайды...
Жүрек нені, жүрек нені талғайды?!
Қыр басында отыратын ауылдың
Қымызымен жібітер ме ем таңдайды...