22 Қараша, Жұма

Әдебиет

Мұқағали Мақатаев

Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев (1931-1976, шын аты Мұхаммедқали) – қазақтың лирик ақыны, мұзбалақ ақын

Аттандырып тым тәтті сәттерімді




Аттандырып тым тәтті сәттерімді,
Мен аяқтап келемін дәптерімді.
Сәттерімді айттым ба, әттеңімді,
Әйтеуір жуып алдым пәк көңілді.
Анда-санда аударып парақтарын,
Күн батқанын білмедім, таң атқанын.
Бетіне ақ дастарқан тамып кетті,
Тулаған бойымдағы шарап-қаным!
Жырым, сырым - екеуі егіздерім,
Екеуін екі бөлек емізбедім.
Жатсам-тұрсам мұң шағып дәптеріме,
Жабырқаған жаныма ем іздедім.
Таптым ба оны, білмеймін, таппадым ба,
Халім келмей қажыған шақтарымда!
Жан-жырым жанға шипа болғаны рас,
Әлсіреп, сөніп бара жатқанымда...