Әдебиет
Мұқағали Мақатаев
Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев (1931-1976, шын аты Мұхаммедқали) – қазақтың лирик ақыны, мұзбалақ ақын
Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев (1931-1976, шын аты Мұхаммедқали) – қазақтың лирик ақыны, мұзбалақ ақын
Біреулерді мерт қылып аламын деп
Біреулерді мерт қылып аламын деп,
Ашуыма ауыздық саламын кеп.
Тентек іні бетіме тік қараса,
Жасқанамын жандай-ақ залалым көп.
Бағамын деп әркімнің қас-қабағын,
Балам қабақ шытса да жасқанамын.
Сәлемімді біреулер алмай кетсе,
Екі иығым салбырап, пәс қаламын.
Досым өтсе алдымнан қырын қарап,
Боз торғайым кеудемде шырылдамақ.
Естігісі келмейді бәтшағардың,
Қорғасынмен құлағын тығындап ап.
Қайсыбіреу қарайды айдаһарша,
Түрпайы әзіл,түрпі сөз - қайда барсам.
Қайтер еді, ожардың шарығына,
Ашуымды қайтадан қайрап алсам?!