22 Қараша, Жұма

Әдебиет

Мұқағали Мақатаев

Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев (1931-1976, шын аты Мұхаммедқали) – қазақтың лирик ақыны, мұзбалақ ақын

Қасым солай болмаса...




Дейсіңдер-ау! Қасымның несі басым?!
Қасым солай болмаса, несі Қасым,
«Ақынмын» деп қопаңдап жүргендердің
Әммесінен Қасымның десі басым.
Қуат алып жырына бәз-даладан,
Ол жанған.
Күні жоқ-ты маздамаған!
Өлісінде өнеге болғаны анық,
Тірісінде біреуге жазған Адам...»
Жалын жұтып, жанын жеп жазған құрлы,
Өлеңінің өлмеуін арман қылды.
Тасқа басып қалдырды тәкаппар жан,
Қан менен жас аралас тарлан-жырды.
Жеді.
Тынды...
Керемет дерттер төиіп,
Кең кеудеде кетті ғой кектер сөніп.
Қасым деген - қалғыған жанартау ғой,
Жанартау ғой.
Жанды да кетті өртеніп.
«Бір күй бар домбырамда...»
(Иесі Қасым)
Қасым солай болмаса, несі Қасым!?
Жыр бәйгеге аттанған адам болса,
Сөредегі Қасымын есіне алсын!..