22 Қараша, Жұма

Әдебиет

Мұқағали Мақатаев

Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев (1931-1976, шын аты Мұхаммедқали) – қазақтың лирик ақыны, мұзбалақ ақын

Фаризаға




Фариза!
Фаризажан, Фариза-қыз,
Өмірде ақындардың бәрі жалғыз.
Шыдай-шыдай ақыры жалығармыз,
Бірімізден біріміз арылармыз.
Біздерді де жоқтайтын жан болса егер,
Шаң басқан архивтерден табылармыз.
Сен мені білесің бе, білесің бе?
Жаралмаған жан екем күресуге.
Жылай жүріп, өтірік күлесің де,
Жүресің де қоясың, жүресің де.
Бірі итеріп кеудемнен, бірі шалып,
Тастағысы келеді күресінге.
Фаризажан, сен соны білесің бе?...
Жанарымды тұманмен тұмшаладым,
...Серіппесі үзіліп тұр садағым.
Жігітінен қазақтың дос таба алмай,
Қыз да болсаң мен саған мұң шағамын.
Ауырлар деп ойлап па ем мұнша халім...
Ақын болып несіне жаратылдым,
Арасында қап қоймай қара түннің.
Қасиетін сезем деп Ана тілдің,
Қауырсыны қалмады қанатымның.
Қу тірлікке құл болып, аяң басып,
Құлашымды жая алмай баратырмын.
Момын едім, жақсы едім, ұяң едім,
Аттап өттім олардың қия белін.
Енді, міне, қауқарсыз құр ашуды,
Жия бергім келеді, жия бергім.
Маңдайымнан сипаған бір жан болса,
Енді қалған өмірімді қияр едім.
Білмеймін, бұзықпын ба, жындымын ба?!
Кеп тұрады тілегім мұңды-мұңға.
Енді қалған өмірдің құрдымында,
Өлтірсе де көмбеймін жырды құмға!
Нөл болады деп айтам, жалтармаймын,
Көбейтсең де қаншама мынды-мыңға...
Айналаға қарайық анық барлап,
(Түн кеткесін, күн шығып, жарық болмақ),
He туралы жырласақ, Фариза-қыз,
Бағыштайық бәрін де халыққа арнап.
Фариза, Фаризажан, Фариза-қыз,
Бірімізден біріміз арылармыз.
Том-том болып дүкенде тұрмасақ та,
Подвалдағы архивтен табылармыз...