Әдебиет
Мұқағали Мақатаев
Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев (1931-1976, шын аты Мұхаммедқали) – қазақтың лирик ақыны, мұзбалақ ақын
Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев (1931-1976, шын аты Мұхаммедқали) – қазақтың лирик ақыны, мұзбалақ ақын
Сүрініп кетпе
Сүрініп кетпе!
Сүрініп кетсең, болғаны,
Дей бергін, досым, басыңа қырсық орнады.
Адам дегеннің аяқ астынан сорлауы -
Аңдамай басып,сүрініп кетсе болғаны.
Аңдамай кейде, басымыз-дағы кердендеп,
Құлап жатамыз,
Аяқ-қолымыз ербеңдеп.
Сүрініп алып, есіміз қайта келгенде,
Жоғалған сәтті іздейміз тағы жерден кеп.
Таппайсың оны,тартасың азап сан жылдар.
Аттай алмайсың,құлауың мүмкін, алдың - жар.
He істесем екен,нe істесем екен сендерге
Сүрініп кетіп,бүлініп жүрген тағдырлар!
Сезбейсің ғой, сезбейсің ғой сен мені...
Көрмейсің ғой кереметті мендегі.
Түсінсеңші сарсаң болған пендені,
Түсінсеңші!
Ақыл-ойым кем бе еді?!
Hегe бұлай?
Heгe жүрмін көңілсіз?
Жаным менің жылап жатыр, тек үнсіз.
Қалам ба деп қайғырмаймын көмусіз,
Кетем бе деп қапаланам өмірсіз.
Жасырамын назым менен өкпемді,
Бүгінімді, болашақты, өткенді.
Неғыламын шуағы жоқ көктемді?
Құрағы жоқ неғыламын көк белді!
Тұрағы жоқ неғыламын арманды,
Арман қуған ақ көңілім алданды.
Ояу жүріп өткізсем де тандарды,
Артымда тек шұбатылған шаң қалды...
Білмейсін, ғой, сезбейсің ғой мені сен.
Ойдағымды енді кіммен бөлісем?
Жарқырап шығып,
Қалтырап барып батар күн.
Қысқарып қалар тәулігі ұзақ сапардың.
Күн батқан жерге,
Қосымды мен де апардым,
Күнменен бірге дамылдап мен де жатармын.
Өмірім менің!
Күнменен бірге жылжыған,
Өте бер жәйлап,
Несіне саған қынжылам.
Ашылып күнмен,
Күнменен бірге тұнжырап,
Күнменен күліп,
Жыласа, бірге тұр жылап.
Күн шыққан жерде,күн батқан жерде түрағым!
Кірлесе көңіл, нұрына соның жуамын.
Ақтарыл, менің шуағым!
Сөнбесең екен,сөнбесең екен, шырағым!!!