Әдебиет
Мұқағали Мақатаев
Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев (1931-1976, шын аты Мұхаммедқали) – қазақтың лирик ақыны, мұзбалақ ақын
Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев (1931-1976, шын аты Мұхаммедқали) – қазақтың лирик ақыны, мұзбалақ ақын
Ғасырлар съезі
Қырқыншы ма,
Елуінші ме ғасырда
Ғасырлар жиналып, ғасырлар съезін ашуда
Адыра қалып алтының мен ураның,
Парасат, ақыл арнаға сыймай тасуда.
Өткен ғасырлар, жеткен ғасырлар жиналып
Таңырқар сонда жиырмасыншы ғасырға!
Өткен ғасырлар,
Жеткен ғасырлар бас ұрып,
Заманалардың есігі тегіс ашылып,
Енеді сонда бүкіл ғаламдық Сарайға,
Жығылмай туы жиырмасыншы ғасырым.
Жанады жарық -
Жұлдыздар нұры шашылып.
Съезді ашады,
Естіліп үні тұрады.
Жанды да, жансыз дүние тегіс тұнады.
Өткен ғасырға,
Жеткен ғасырға сөз беріп,
Менің ғасырым бәрінің басын құрады.
Кезекпен сөз ап,
Ғасырлар есеп бергенде,
Жіберіп қойған қателіктерін көргенде,
Бабаларына да,
Балаларына да,
Жиырмасыншы ғасырым
Ақыл айтады қателіктерін жөндеуге.
Жайылар сонда ғаламға үлкен дастарқан,
Ғасырым менің оны да өзі басқарған.
Heгe дейсіз ғой?
Heгe десеңіз,-
Нағыз керемет осы ғасырдан басталған.
Салтанат бітеді,
Ғасырлар тегіс тарасар,
Әрбір ғасырлар өз дәуіріне жарасар.
Жарылып бәрі осы ғасырға жол ашар.
Ғасырымды менің
Болашақ ғасырлар
Қонақ етуге таласар.