Әдебиет
Мұқағали Мақатаев
Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев (1931-1976, шын аты Мұхаммедқали) – қазақтың лирик ақыны, мұзбалақ ақын
Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев (1931-1976, шын аты Мұхаммедқали) – қазақтың лирик ақыны, мұзбалақ ақын
Сезім
Арпалысып ақылмен, төзімменен,
Бір сәт те дем алмайды сезім деген.
Шыр етіп жерге түскен шілдехана,
Келеді дүниені кезуменен.
Жанымды тыншытпайды сезім деген,
Қалай жүр, япырау, төзіп денем?!
Қаншама күндер өтті дамылдамай,
Қаншама түндер өтті көз ілмеген,
Білмеймін, не іздейді сезім менен?!
Белгілі шегі де жоқ, жоқ тұрағы,
Белгісіз, қайда апарып соқтырары.
He, сезім, мені бір күн от қылады,
He, сезім, мені бір күн жоқ қылады!..
Қаншама көлденеңнен өтті қарғып,
Әлемге әмір беріп, етті жарлық.
Ғаламдық заңдылықты мойындамай,
Жүргені, барды жоқ қып.
Жоқты бар ғып.
...Адамның сезімінен сезіктенбе,
Сезімді сезіне біл, төзіп, көн де.
Ақыл менен парасат бұғынады,
Шынайы шын сезімге кезіккенде...