22 Қараша, Жұма

Әдебиет

Мұқағали Мақатаев

Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев (1931-1976, шын аты Мұхаммедқали) – қазақтың лирик ақыны, мұзбалақ ақын

Әбдіқайым бауырым!






Кеше ғана сенің хатыңды алып, бүгін (13/ХІІ.56-ж.) саған хат жазып отырмын. Алыс болғандықтан ба, хатың Смоленскі мен Алматының арасында көп уақыт жүріпті. Хатыңнан аман-саулығыңды біліп, қуанып қалдым.

Я, мен де әдебиетті сүйемін. Одан жоғары тұрған мен үшін еш нәрсе жоқ Амал қанша, әдебиетті әзірге қоя тұрып, мінеки, юриспруденциямен айналысып кеттім. Бұған өкінбеймін. Бұл әдебиетке жол ашпаса, бітемейді.

Егер сенің өзіңнің тіліңе, өзіңнің әдебиетіңе деген ынтаң болса, сен басқаның көмегінсіз-ақ меңгеріп, үйреніп кетуің оңай.

Өз ана тілінен бөлек, басқа бір тілді жақсы білу, ана тілін ұмыттырмаса керек; қайта ана тілінді тереңірек, толығырақ меңгеруге үйретеді.

Мысалы, Ленинді алшы. Француз, неміс, т.б. шет тілдерін білген. Ал оның үстіне өзінің орыс тілін, ана тілін қандай тамаша біледі! Лениндей орыс тілін меңгерген орыс әзірге туылған жоқ.

Пушкинді ал. Есіңде ме, Пушкин өмір сүрген ғасырда орыстың мәдениетті қауымы француз, одан қалса неміс болып кетуге аз-ақ қалған. Бірақ Пушкин француз тілін ана тіліндей біле тұра орыс тілін (өзінің тілін) қандай меңгерген. Шет тілін білгені оның өз тілін ұмыттырды ма? Жоқ, ұмыттырған жоқ, Қайта оның сөздік қорып молайтты.

Ақыр соңында, біздің Мұхтарды алып қара (Әуезовті айтам). Орыс тілін Мұхтардай білетін қазақ баласы жоқ шығар. Ал онымен қоса Мұхтар өзінің тілін қалай біледі? Оның `Абайын` оқыдың ба? Өз тіліңде.

Мұхтардың `Абайының` 4 кітабын қазақ тілінде оқып шыққан адам – сол қазақ.

Сен қазақсың ғой, бауырым. Орыс тілін неғұрлым жақсы білген сайып өз тілің де байый беруі керек.

Білесің бе, әдебиетке құмар адамдар бар да, әдебиетке бір тамшы үлес қосатын адамдар бар. Әдетте романдарды кезек-кезегімен аударып, оған Дон Кихотша еліктеген адам, сол баяғы қалпымен (Сервантесгің `Дон Кихотып` оқыған шығарсың), `Әдебиет ауруымен` (`Литературная болезнь`) ауырып қалып қояды. Бұдан сақ бол. Еліктеу жақсы, әттең, соған жетуге ынтықсаң, ұмтылсаң.

Университет, институтты бітіргенде `жазушы`, `ақын` деген диплом бермейді ғой. `Агроном`, `зоотехник` т.б. деген диплом береді. Көрдің бе, ақын мен жазушыны даярлап шығаратын оқу орны әлі жоқ Демек, оларды өмірдің өзі әзірлеп, өзі үйретеді. Олардың жолы бұраң, соқпағы, көлденеңі көп. Ол жолды таңдап, сол жолға түскен адам бәрін де басынан өткергені жөн-ау деймін. Ұлы жазушылардың өмірлерімен таныстың ба? Оқы, таныс солардың өмірімен.

Ұмытпай тұрып айтып қояйын, егер тапсаң, мыналарды оқып шықшы:

1. Конст. Паустовский `Золотая роза` (`Октябрь` журналының 1955-ж. жаңылмасам, 8-9-10-11-номерлерін қара).

2 `О писательском труде`. Бірнеше жазушылардың қалай жазғандығы туралы пікірлері бар.

3 `Жизнь замечательных людей` сериямен шығатын кітаптар бар (Чеховтікі бөлеқ Добролюбовтікі, т.б.).

Егер сонда жоқ болса, Лашынға жаз. Бандероль етіп жіберсін. Біздікінде бар.

Өзің көрген Алматы баяғы қалпында. Үлкен-үлкен үйлер көбеюде. Әсіресе тұрғын үйлер көп салынуда. Дәл осы қалпында болса, енді бір 4-5 жылда Алматыда үй мәселесі толық шешіледі. Қала күннен-күнге көркеюде.

Шіркін-ай, маған қандай қымбат Алматы! Атлант мұхитының ар жағына апарып тастаса да, cay болсам, Алматыға қайта оралар едім.

...Әзір зачетты бастадық. Экзамен 5-январьдан 25-январьға дейін болмақ. Кім білсін, қалай боларын. Әйткенмен, қалайда `отлично` тапсыруға күш салып жүрмін.

Сабақтың бәрі орысша, соның үшін де біздер (қазақтар) үшін өте қыйып. Қазақтар үшін ғылым емес, әуелі тіл үйрену керек қой.

Ең бір қиын сабақ – Спецподготовка. Суббота күні 8 сағат оқимыз.

1. Инженерное дело.

2. Военная типография.

3. Боевая строевая подготовка.

4. Уставы (караульн. горнизон. и т.д. и т.п.).

5. Защита против атом, и водородн. бомб.

Міне, осы сияқты. кіші офицер деп атақ беретін болса керек.

5-курс бітіп, госэкзамен біткеннен соң 4 ай службаға жібереді, содан келгеннен соң диплом береді. Жатақханада тұрамын. Ауыл аман-сау, хат алып тұрам. Алматыда кәзір күн жылы. Әлі қар жоқ.

Хош, сау бол! Хат жаз.

Мұқа-Ғали. 13/ХІІ. 1956-ж.