22 Қараша, Жұма

Әдебиет

Мұқағали Мақатаев

Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев (1931-1976, шын аты Мұхаммедқали) – қазақтың лирик ақыны, мұзбалақ ақын

Марусяның тауы






Алматыдан ертеңгі сағат онда шыққан жолаушы таситын қарашы ГАЗ-51 машина Нарынқолға бет алып зулап келеді. `Көртоғайға кіре асфальт бітіп, тас жол басталды. Жүгінің жеңілдігінен бе, машина шоршақтай береді. Машинада бар болғаны төрт-ақ адамбыз. Екіқабат жап-жас орыс әйелі, екі студент, редакцияның шұғыл тапсырмасымен келе жатқан мен.

Қыс. Кегенге келсек, алай-дүлей боран екен. Асханаға біраз аялдап, сағат төрттің шамасында жүрмекші болдық.

— Баллоныңның бедері бітіпті, оның үстіне ебің де жоқ екен. Байқа, таксиші! Маруся бүгін ашулы, өшін алып жүрмесін. Аяғы ауыр әйел бар екен. Бірімізді біріміз сүйрелеп біз әзерге астық — деген шопырлардың ескертпесіне біздің шопырымыз құлақ аспады.

— Маруськамен бұрыннан таныспын, бірдеме ғып келісе жатармыз, — деп, ол жолға шықты.

Қар аралас боран ұйтқып тұр. Міне, `Марусяның тауы` деп аталатын жұмбақ асуға да жақындадық. Боран жолға қар үрлеп тастапты. Машина ышқына тартып, ыңырсып келеді. Шопыр бір жылдамдықтан бір жылдамдыққа ауыстырып тыным таппайды.

Асудың ортан беліне келгенде, машина қақалды да қалды. Біздер жерге түсіп, далбасалап, итеріп көмектескен болып едік, онымыздан нәтиже шығар болмады. Күн кешкіріп барады, боран әлі толастар емес. Әрі жақ бері жақта қылт еткен қара көрінбейді. Мысы құрыған шопыр амалсыздан кері қайтпақшы болып машинаны шегіндіріп еді, бір де бедері қалмаған жалаңаш баллон сырғанап барды да, жол шетіндегі омбыға түсіп, шоңқиып отырды да қалды. Оған да шүкір, әйтпегенде машина аударылып, сайға түсіп, быт-шыты шығатын еді.

Мәселе қиынға айналды. Осы боранда Кегенге қарай кері жаяу баруға мүмкін емес. Аяғы ауыр әйелді қайттік?! Ыза кернеген шопыр: `Тфу! Вот тебе... Маруська!` — деп, машинаны шыр айналып жүр. Істер айласы жоқ

Ымырт жабылайын деді. Не істеу керек? Кенет ұлыған боранның арасынан қой қайтарған шопан үні саңқ ете түсті. Қайдан шыққанын аңғармай да қалдық. Әлден уақыттан кейін біз тұрған жолдың оң жақтағы қырқасы үстіне қарайып бір салт атты шықты. Екі студент — үшеуміз қосыла айғайға бастық. Қас-қабағын қар жапқан шопан қасымызға келді.

Жағдайымыздың жайсыздығына көзі жеткен ол анау тұрған қырқаның астында қыстауы бар екендігін, қойдың шұбырындысына түсіп тура жүрсек, үйге апаратындығын айтып, кідірмей қайтып кетті. Малы иесіз көрінеді.

Біраз күттік те, шопырдан басқамыз шопан үйіне тарттық. Бар киімді шопырға қалдырдық. Ол машинаны иесіз тастағысы келмеді.

Қыстауда үп еткен жел жоқ. Қи иісі аңқып тұр. Бір-екі ит абалап бізге қарсы жүріп еді, шопан жекіріп тастады. Иттер кінәсін мойындағандай, құйрықтарын бұлғап, тым-тырыс бола қалысты.

Қойын жаңа қоралап болған шопан бізді үйге ертіп кірді. Шопан үйі жып-жылы. Темір пештің үстіндегі мыс шәугім сызылтып ән сап тұр. Бұрышта, ошақтағы қара қазанда, ас қайнап жатыр. Кимешегінің құйрығы арқасын түгел жапқан етженді шешей төр алдындағы жүктен текемет алып еденге төседі де, төрлетіңіздер дегендей ишарат білдіріп, өзі сәл еңкейіп, кейін шегінді. Белағашта аспалы шам ілулі.

— Биылғы қыстың нышаны жаман, — деп, шопан ішігін шешіп босағаға ілді де, басындағы түлкі тымағын алып, есікті ашып тұрып, кіре берістегі бөлмеге сілкіп-сілкіп жіберді. Шаруасын жайғап, пештің түбіне келіп отырып, қыздырына бастады. Сол қолының саусақтары жоқ доп-домалақ. Домалақ жұдырығын сау қолымен сығымдап жылытып отыр. Қабағы түксиген, орақ мұрын, селдір сақал, еңгезердей адам екен. Бойы жылып, бір есінеп алды да:

— Жол болсын, азаматтар? Қай жаққа бет алып барасыңдар? — деді.

Біз жөнімізді айттық.

— Бір тәуліктен асып барады, күн ашылар емес. Әсіресе бүгін тым қағынып кетті. Мана, түске жуық он машина бірін бірі сүйреп, қар күреп әзер дегенде асып еді, сендердің неге сеніп осы боранда асуға келгендеріңе таңданып отырмын. Қашан жол тазалайтын трактор келгенше тұрғандарың тұрған. Шопырларың қайсысың?

— Ол машинасын иесіз тастағысы келмеді, — дедім мен.

— Бәлі, машинасын қасқыр жей ме оның?! Оларың үсіп өлейін деген екен. Енді жол ашылғанша ешқандай қатынас жоқ. Оданда біреуің атқа мініңдер де ертіп келіңдер, бостан-босқа өліп қалар.

Шопанның ақылын жөн көрдік, студенттердің біреуі атқа мініп, шопырға кетті.

Шай келді. Өзі де әзер тұрған болу керек, кідірмей шопыр да кеп қалды. Ол есіктен кіре: `Вот, Маруська непутевая, изменила, отомстила меня`, — деп, белгісіз Марусяны жазғыра келді. Ылғи орысша сөйлегісі кеп тұратын қуқыл студент бәрімізден бұрып:

— За что она тебя?.. — деп шопырға қарады.

— За то, что когда-то мои друзья ее, на этом перевале... — деп, орыс әйеліне бір қарады да, алақанымен аузын баса қойды. Ол Маруся тауы туралы бұрыннан айтылып келе жатқан бәдік қауесетті қайталамақ болғанын бәріміз де түсіндік. Оның ұзын ырғасы былай еді.

Совет үкіметінің алғашқы жылдары болса керек, қыс айларының бірінде жаңадан ұйымдасып жатқан колхоздарға бес-алты машина ауылшаруашылық саймандарын әкеле жатып, осы асуда бір күн аялдап қалыпты-мыс. Шопырларда азық-түлік, арақ көл-көсір болған көрінеді, ішіп-жеп, қашан жұрт кеп жол тазартқанша жата береді. Араларында Маруся атты орыс келіншегі болыпты-мыс. Масайып алған шопырлар Марусяға білгенін істеп, ақыры үсіп өлді деген сылтаумен асуға жерлепті-мыс. Содан бері, әсіресе қыста, асуда боранды күн бола қалса, шопырлар: `Маруська ашуланып қалыпты, өшін алып жатыр`, — дейтін көрінеді. Содан бастап осы тау Марусяның тауы деп аталып кетіпті-мыс. Тағы сол сияқты әркім әр саққа жүгіртіп, әр түрлі жаңғыртып айтқанын мен бұрын да талай естіген едім.

Біздің шопыр да соны қайталағысы келіп еді, арамыздағы орыс әйелінен именді білем, аұзын жаба қойды. Бұл қауесет шопанға да белгілі болуы керек, бірақ ол титтей де езу тартқан жоқ. Керісінше, өзара жымыңдасқан студенттер мен шопырға қарап: `Жә, балалар, орыпсыз ыржақтамаңдар! Суықтан келдіңдер, онан да шәй алыңдар, — деп, ренжіген кейіп білдірді. Шопырға қарап: — Не знаешь, зря не болтай!` — деп зекіп тастады. Оның орыс тілінен хабары мол екенін түйіп қалдық Шопыр шопанды сөйлеткісі келді ме: `Аты что, знаешь что ли?` — деп еді, шопан: `Я не только знаю, а был свидетелем`, — деп қалсын, орыс тілін барынша өз акцентімен сөйлеп.

Елең ете түстік. Шопан саусақсыз доп-домалақ сол қолының жұдырығымен маңдайын бір сипап:

— Бұл таудың тарихы дәл сендердің естігендеріңдей емес, балалар. Басқадан естіген қауесетке орынсыз сене беру — дарақылық — деді шопан.

— Ты, старина, давай по-русский рассказывай, — деген шопырдың ескертпесіне ол: `Ей, батыр, қоя тұршы`, — деп, қолын бір-ақ сілтеп, ұзынсонар әңгіме бастады. Біраз тыңдап, шопыр жігіт ұйықтап кетті.

Әкемнің өзімен бірге туған жанашыр жақыны жоқ болатын. Терін сығып жүріп тапқан азын-аулақ шаруасын ретімен ұстап, ешкімге аласы-бересісіз өз күнін өзі көрген адам еді. Бір жылы қыста елге жұт келіп, қолда бар уақ жанды сойып алдық та, ал бір бие, бір сиырымыз, қаншама тыртысқанымызбен, көктем шыға көтеремге шалдығып, ақыры өліп тынды. Аталас деген ауқатты ағайындарымыз, қолдан шаруа кеткен соң, сырт айналып сала берді. Ағайындардан көңілі қалған әкем шешем екеумізді ертіп, қоныс аударып, Қақпақтағы казак орыстарға барып жалшылыққа орналасты.

Шахов Тимофей бізге жаман қарамады. Ішер асқа тарықтырған жоқ. Совет өкіметі орнағанша, коп жыл бойы сонда тұрдық. Сонда жүріп балдыр-бұлдыр орыс тілін де үйрендім. Жаңа өкімет орнағаннан кейін қожайынымыз бір түнде зым-зия ғайып болды. Қайда, қалай кеткенін білмеймін. Әйтеуір, есімде қалғаны, қамбасын өртеп, қорадағы нән өгіздерін өлтіріп жолға түсіпті.

Кімнің ел, кімнің жау екенін білмейтін аласапыран уақыт. Біздің ауыл шекарамен шектес болды да, арлы-берлі сапырылысып өтіп жатқан жүргіншілерді жиі көретінбіз. Бәленді пәнді тонап, түгенді өлтіріп, бәлен ауылды шауып кетіпті дегендерді жиі еститінбіз. Әртүрлі элементтер болып жатқан қарбалас кез.

Бір күні әкем: `Есің барда елің тап демекші, қатын, болмайды. Қалай-қалай емес, өлсек те ел шетіне барып өлейік. Қан құйып, қара жамылып кетпеген едік қой, әйда, тарттық ауылға`, — деді.

Елге келдік. Мұнда да бас-аяғы жоқ бір дүрбелең. Біреулер қашып кетіп, біреулер босып келіп жатыр екен. Әйтсе де жаңа өкімет сай-сайды, түбек-түбекті қуалап қаныс етіп, бытырап кеткен қазақтың бір жерге басын құрап-ақ қалған екен. Тіпті жиырма-отыз түтіні бар ауылдарға `Ынтымақ`, `Бірлік`, `Тегістік` деп ат қайып та үлгіріпті. Біз де `Ынтымақ` деп аталатын аталас ағайындарымыз тұрған ауылға барып қараша үйімізді тіктік. Ауылда күңде бір жаңалық. Күнде жиналыс. Күнде бір өкіл.

Бір күні мені келіп жатқан көп өкілдің біреуі шақырып алып: `Сен батырақтың баласы екенсің, осы ауылдағы комсомолдардың бірі боласың, — деді де, ескіліктің қалдықтарымен қазақшылықты тастамай, артельге кірмей жүргендермен қалай күресетінідімді түсіңдірді. — Білетінді кейін аласың кедей таптың жастарын комсомолға тарт`, — деді.

Түн еді. Әке-шешеме ешнәрсе айтқаным жоқ үйге келіп қисая кеттім.

Не істерімді, неден бастарымды білмей, таң атқанша дөңбекшіп, таң алдында қатты ұйықтап кеткен екем:

— Құтты болсын. Балаң өкімет болыпты деп есіттік, — деп дабырласып жатқан ауыл үйдің әйелдерінің дауысынан оянып кеттім. Дегенмен бүркене түсіп, жата бердім. Әлден уақыттан кейін далада шаруасын реттеп, күрк-күрк жөтеліп жүрген әкем кіріп: `Тәйт, әрі! Өкіметі несі?! Пері соққан ба?!` — деді. Көршіміз Тоқберген кәрияның пысық кемпірі бірдеме деп түсіндірмек болып еді: `Сапылдама, ей, сен қатып! Өкімет сенің ойыншығың ба!.. Сүрініп жүріп өкіметті қайтеді екен, — деді де, — тұр, ей, өкімет!` — деп, құйрығыма аяғының ұшымен нұқып қалды.

Қипалақтап отырып киіндім де, сыртқа шықтым.

Өкілге берген уәдем бойынша, қызыл отау жаққа аяңдадым. Барсам, ауылдың бар белсенділері сонда отыр екен. Өкіл оларға менің лауазымымды таныстырып жатыр. Шөп шабуға көліктің тапшылығы сөз болды да, белсенділер артельге кірмей отырған жекеменшіктерден көлік алуға бөлінді. Менің үлесіме де бір-екі үй тиді.

Сақаның үйіне жақындағанымда, есіктің алдында күйбеңдеп бір нәрсе істеп жүрген Қалып шешейді көрдім де, қақпаның сыртында тоқтай қалдым. Мені байқап қалған Қалып шешей маған ожырая бір қарап, етегін сол қолымен қымтай ұстап, есігіне ұмтылды.

— Шеше, Молдекең үйде ме? (Сақаны ауылдың бәрі Молдеке дейтін).

— Неғылайын деп едің? Үйде.

— Артельдің шөбін шабуға көлік жетпей жатыр.

— Жетпесе, неғыл дейсің, Молдекеңді арбаға жегейін деп пе едің? Әрі жүр, әрі! Тексіз неме! Әртіліңмен әдірә қалғыр.

Тағы бірдеңелерді айтып, долыланып үйіне қарай ұмтылды.

— Шеше, мені өкіл жіберді. Бәрібір көліктеріңізді аламыз, — деуім мұң екен, Қалып шешей етегіндегі шөпшегін шашып жіберіп, мен тұрған қашаға қарай далбаңдап тура ұмтылды.

— Мә! Мә, алдың мынауымды! — деп, саусағының арасынан қос бармағын бірдей шығарып, тұмсығыма тақап жатыр. Кемпір қояр болмағаннан кейін, ыза кернеп, көкірегінен сәл итеріп жібердім. Сол-ақ екен Қалып шешей жүресінен отыра кетті де, жұдырығымен жерді түйіп:

— Ойбай, Молдеке, ойбай! Ойбай, балақтағы битті баскқа секіртіп... — деп, топырақты уыстап шашып жатыр. Қолында жұлығын жамап отырған мәсісі, белінде кісесі, басында тер сіңген жеңіл тақиясы, бұтында тізесі алға ұмтылған майлы тері шалбары бар, жотасы сәл еңкіштеу, айыр сақал Сақа қария аулаға шығып:

— Әй, ант ұрған! Кімді жоқтап отырсың? — деп кемпіріне жекіріп тастады.

— Ойбай, Молдеке-ай, балақтағы бит... — дей бергенде, Молдекең Қалып шешейдің иығынан жұлқа тартып тұрғызып, желкесінен бір түйіп жіберді. Долы шешей жым болып, естілер-естілмес бірдеңелерді міңгірлеп, шашылған шөпшегін етегіне қайта теруге кірісті.

Молдекеңмен әкем құрдас адамдар еді. Бірақ дәулеті тасып, шалқып тұрған Молдекең менің әкемдей құрдасы барына намыстанатын сияқты болып көрінетін маған. Ел сыйлаған Молдекеңді менің әкем де `Молдеке, Молдеке` деуден әріге бара алмайтын. Ал Молдекең болса, жиын тойларда: `Ей, сасық! Өй, мешел!` — деп қалжыңдағансып, аса таяғымен әкемнің бүйірінен түртіп, қырғыз өрме қамшысымен тартып кететін. Жиналған жағымпаз жұрт: `Жарықтықтардың әзілі де жақсы`, — деп мәз болысатын. Табақ тартылғанда Молдекең әкемнің қолтығына кірген маған: `Мә, құлдың баласы`, — деп құлақ ұсынатын. Мен алудан қорқып бұға түсетінмін. Жол-жөнекей кездесе қалса. да: `Мешел. Әкең қайда ей, құлдың баласы?` — дейтін.

Заманның аумалы-төкпелі кезінде Молдекең туыстарын, мал-дүниесін әлдеқайда аттандырып сап, өзі шағын шаруасымен ғана дүниенің түбін бағып отырған шағы еді бұл. Мінеки, сол Молдекеңмен бетпе-бет тұрмын.

— Ал, мырза, азамат болғаныңды көріп тұрмын. Шешеңді ұрып жығуға жарап қалған көрінесің. Мақұл, мақұл..

Өмірінде ашылып бір күлмейтін Молдекеңнің кекесінді болса да сәл езу тартқанын аңғарып, жүрегім орнына түсті. Молдекең қақпаны ашып, үйге ертіп кірді.

Әлгінде ғана менімен жанжалдасып, ашығы әлі басылмай жүрген кемпіріне маған сусын әкелуді тапсырды. Қалып шешей сырлы аяқпен біріңді құрт қатқан арпа көжені алдыма салқ еткізіп қойды да, босағадағы сырмақты алып бір-екі сілкіп, қайта төсеп, далаға шығып кетті.

Жәй-жапсарды менен сұрап қаныққан Молдекең: `Ал, бұйымыңды айт енді`, — деді.

Көлік мәселесін айтқаным сол екен, манадан бергі жайдары, момақан Молдекең сіңірлі саусақтарымен жағамнан мытып ұстады да, қынынан кездігін суырып, кеңірдегіме тақап:

— Шалып жіберейін бе, иттің күшігі! — деп алқымымды езіп-езіп қалды. Қарттың қолы әлі қайратты екен.

— Ататай, мен емес. Атыңның керегі жоқ. Мені өкіл жіберіп еді... — деп жалбарындым. Қит етсем, сұр кездік қиып жіберетіндей көрінді.

— Өкіліңмен қосып енеңді... Бар! Екінші бұл маңға жуушы болма, иттің күшігі! — деп есіктен бір-ақ атты. Әлгінде ішкен көже кеңірдегіме кеп лоқсып-лоқсып жібердім.

Өкілге барып шағынуды ар көрдім де, тура үйге тарттым. Болған оқиғаны, Молдекеңнен көрген жәбір-жаламды әкеме жасырмай айттым.

— Өй, жасық туған шірік! Сенің өкімет болған неңді алды. Тұр әрі сүміреймей! – деп, мені ертіп Молдекеңдікіне беттеді.

Әкем бара-ақ мамада байлаулы тұрған бурылға жармасты. Қалып шешей үйге бір кіріп, бір шығып қарғысын жаудырып жүр. Әкем екеуміз бурыл бестіні қақпадан атып шыққанымызда ғана Молдекең есік алдында тұрып:

— Құдайдан жетсін, доңыз, саған! Өкімет боп емісе тұрсаң тұрдың, тұрмасаң, ісім сенімен болсын сонда! — деді.

— Мал деп, мал түбіңе жетіп отырғанын білемісің, сен зәнталақ. Ақ патшаң келіп ажыратып алғанша, бурылды арбаға жеге тұрамыз. Шыдамасаң, жарылып өл! Шамаң келсе, алып көр қане, — деді де, әкем тарта берді. Неге екенін, Молдекең әкеме беттей алмады. Бурылды апарып артельге тапсырдым.

Бірнеше күннен кейін Молдекеңнің үй іші бір түнде ғайып болды.

Бурыл бестінің ылаңы оңай болмады. Оны соңыра естірсіңдер. Әңгіме Маруся туралы еді ғой, енді соған оралайын. Бұл бір айтса таусылмайтын, ұзынсонар әңгіме. Барынша тоқ етерін айтуға тырысармын.

— Ал, комсомол мына шүйке баспен сөйлесейікші, — деді бірде артельдің бастығы Бизекең жергілікті шебер домбайлап жасап салған ұзын сәкінің үстінде отырған, қолында темір қобдишасы бар, бетін күн қақтап күреңіткен қара көзді қызды иегімен нұсқап, — доқтыр көрінеді, шешекті емдейтін, (сол жылы ауылға шешек келіп, балаларды баудай қырқып жатқан).

Манадан жымиып үнсіз отырған қыз:

— Ағай, мен шүйкебас емеспін. Менің атым Маруся, — деп қалсын. Үстел басында айылын жимай отырған Бизекең дереу еңсесін көтеріп алып:

— Өй, айналайын, мен сені...

— Иә, мен орыспын. Орыс көрмеп пе едіңіз? Неге шүйкебас дейсіз?

Бизекең әбден састы, әйтсе де:

— Қой, балам, ренжіме... кешір... Манадан бері неге осылай демейсің? Мен сияқты түлейге әу бастан-ақ қазақшалай бермейсің бе? Ал енді жағдайыңды баянда, қарағым, — деді.

Маруся Есіктідегі атам заманнан бері тұратын шаруаның қызы екен. Алматыдағы бір жылдық дәрігерлік курсты бітіріп, губерниялық комсомол комитетінің тапсырмасымен бірер жылға осында келіпті.

Марусяға ем-домын жасау оңайға түспеді. Ауылдық советтің председателі, артельдің бастығы, тағы сондай ауыл белсенділері көмекке келіп қана бұл шаруа жөнге келтірілді. Сәбилерді қалайда ажал аұзынан алып қалуға Маруся барып салып бақты.

Күндер өтіп жатты. Әлде басымызға ауыр күн түскенде орыс арасына барып жан сақтағанымыздан ба, әлде Марусяның қазақ тілін ана тіліндей білетіндігі себеп болды ма, ол біздің үйді жатсынбады. Жиі-жиі келіп турды. Біраз уақыт біздің үйде тұрды да. Бірақ үйіміздегі бүлдіршіндей жып-жинақы, тап-таза қыз алдында менің жағдайым мүшкіл болды. Менің ебедейсіз жүріс-тұрысыма, қимыл-қылығыма ол ылғи қарап тұратындай болып көрінетін маған. Оның алдында өзімді қорсынатын едім. Ac ішкенде де бұрышымдай апырып-жапыратын қомағайлығымды тыюға тура келді. Қысқасы, қыз алдында өзім қыз болып мазам кетті. Әсіресе киімімнен қорланатындығымды сұрамаңыз. Бұтымда сауыс-сауыс сырмалы шалбар, жалаңаш етімде қара сәтеннен шешем тіккен, терден жылтырап кеткен жейде. Бәрі де ешнәрсе емес-ау, жылқының пұшпақ терісінен әкем жасап берген шоқайдың қорлығының өткені-ай. Киіз байпақтың сыртынан киген шоқай ыссы күнде аяғымды терлетіп, біртүрлі күлімсі иіс шығарушы еді. Көбінесе жатар алдында, қашан Маруся жайғасып алғанша, үйге бір кіріп, бір шығып, ол ұйқыға кетті-ау деген кезде құмандағы суды сыртқа апарып, аяғымды шәйіп жалаңаяқ үйге еніп, қымсына қисая кетемін.

Өзгенің қатарында өзіңнің жадау халіңді жасыратын бірде-бір сүйеніштің жоқтығы намысыңа қадалған тікенек екен. Адам өзінін; мұқтаждығын өзінен ілгері тұрған өзгенің алдында ғана сезіне ме деймін. Барды қанағат тұтып, жоққа жол іздемейтін біздің отбасы енді ғана, жақсының жаршысындай болған со бір қыз алдында өз тұрмысының күйкілігіне көзі жеткендей. Ол бар жерде әншейіндегі ашушаң әкем де аузын бағып, жуаси қалады. Ac ішіп отырғанда анам байғұс та Марусяға бір, маған бір ұрлана қарап, жиі үһілеп, өзегінен жалын атады. Сірә, әп-әдемі, тап-таза киінген қыздың қатарындағы менің мүсәпір ұсқынымды көріп, іштей тынады ғой деймін. Ал Маруся болса, ол қу қыз, біздің осынау жағдайымызды сезіп, қалайда бізді ыңғайсыздандырмайын дегендей, өзін барынша қарапайым, барынша кішіпейіл ұстауға тырысады. Асты өзі түсіріп, тіпті жүре келе шешемнің кимешек көйлегін жуып, майлы ішекше айналдырады. Ал мен өз көңілімде ол қызға деген бір құпия сүйсініс құрмет барып ешкімге сездіргім келмейтін. Шіркін, Маруся табиғаты бөлек жан еді!

Қыс түсті. Өздерің де көріп отырсыңдар, бұл маңның қайсы қыс емес, нағыз жеті ағайынды жұт. Бір күні ауылдық советтің председателі келіп:

— Комсомол мына Маруся дәрі-дәрмек бітіп қалды дейді. Сарыжазға апарып, камендатурадан дәрі-дәрмек алып қайтсын. Шанаңды жек те, барып қайтыңдар, – деді.

Ауылдағы қондылау ат Бурылға шана жектік те, Кеген басып, Сарыжазға аттандық. Осы Жылықолаттан мына тұрған Сарыжазға тіке тартудың ыңғайы келмеді. Суықтан шанағынан шыққан қарасуда сең жүріп, өткел бермейтін болды. Кегеннің көпірі арқылы баруға тура келді.

Ит арқасы қиянды басып, қиыр айналып, Сарыжазға ел орынға отыра келдік. Жолда ат шалдырып, аяндап дегендей. Ертесінде мынадай бір қызық болды. Қашанда қаз-қатар байлауда тұрған, жонынан шыбын домалап түскендей солдаттардың атына қарап қызықтап тұр едім:

— Сағи, Caғи! — деген Марусяның даусын естідім. Ол жеңіл жүгіріп келді де, бір кеңсеге ертіп барды.

Кеңсе ішіндегі орта жастағы жіп-жіңішке әскери адам аяқ-басыма бір қарап, біреуді шақыртып алды. Оның қолында бір уыс кілті бар, мені ертіп алды да, терезесіз үйдің есігін ашып, кір дегендей ишарат білдірді. Жүрексініп, тіксініп қалдым.

— Қорықпа, жігіт, кір, кір, — деді, кірдім. Ол да кірді. Теңімен жатқан киімдердің арасынан бірінен шолақ ақ тон, бірінен қабулы шалбар, бірінен сырт жейде, қойшы, әйтеуір, несін айтасың, ең аяғы іш киімге дейін алып, — енді киін! — демесі бар ма.

Атам көрсетпеген мұндай жақсылыққа таңданғаныммен, ақыры киініп үлгірдім. Аяғымнан басыма дейін су жаңа. Әлгі адам менің шоқпыттарымды аяғымен ысырды да, оңаша бұрышқа үйіп қойды. Көктен түскендей аяғымды әзер басып, командирдің кеңсесіне қайта оралдым. Маруся орнынан атып тұрып: `Ох, ты, оказывается какой Сағижан!` — деп балаша мәз боп, белдігімді түзеп, тұмағымды дұрыстап, о жағыма бір, бұ жағыма бір шығып секіріп жүр. Командир темекісін бұрқыратып басын шайқап, күлімсіреп отыр. `Ана кісіге рахмет айт`, – деп, Маруся құлағыма сыбыр етті. `Рахмет, спасиба`, – деуге тілім әзер келді қуанғанымнан.

Маруся қолындағы дәрі-дәрмегі таусылғанда анда-санда ауданға барып қайтып тұратын. Сондай бір сапарында ауылдағы Сапар комсомол екеуін осы асуда бандылар ұстап алып өлтіріп кетті. Екеуінің денесін Қырғызсайдан келе жатқан жолаушылар ауылға әкеп тапсырыпты.

Ал осы тау — марқұм Марусяға қазақ табиғатының тартқан мәңгі сыйы. Ел-жұрттың қойған ескерткіші. Бұл тау — Марусяның тауы. Жақсы өмірдің алғашқы қарлығашының мәңгілік мекені. Қасиетті есімді қадірлей білу керек. Оны былапыт сөзбен былғамаса болар.

Бұл оқиғадан соң, бірнеше жылдан кейін, колхоздың бір қора қойын алдым да, осы таудан қыстау салдырдым. Сол қыстау–осы. Тұңғышым осы колхозда мал дәрігері, немерем бар.

— Жазушы балам, ескі көздердің қатары сиреп барады...

Бұл әңгімені бір сендерге емес, осы өмірімнің ішінде мың адамға айтқан шығармын дейім, амал не, бұ жұрт баяғы бір бәдік қауесетті әлі қайталай беретін көрінеді. Жазғың келсе, осыны жаз. Халық білсін. Әлдекімдердің таратқан бейпіл ауыз қауесетіне сенбесін. Маруся тауының тарихы осы, – деп, қарт орнынан тұрды. Бәріміз сыртқа шықтық.

Аспан ашық Боран тыныпты. Түн шыңылтыр екен, аяз лебі күйдіріп тұр. Қойшының маң төбеттері аппақ қырауға оранып, тұмсықтарын төсіне тыққан қалпында мыңқ етер емес.

Сағи қарт ықтасында байлаулы тұрған атына қора үстінде бірдеңелерді айтып, шөп тастап жүр.

— Кәрия, әлгі бандалардың жағдайы не болды? — деп сұрадым аттың қасына барып, төбедегі Сағиға қарап.

— Е, олар тиісті жазасын алған. Шекарашылар қашқындарды ұстап әкеліп, халық оларға қатал үкімін шығарған, — дей салды.

Ертесінде трактор түс ауа келді. Оған дейін бізді Сағи кәрия асудың солтүстік биік жотасындағы жалғыз қабірге ертіп апарды. Қабірді қоршаған темір шарбақтан бөлек дәнеңе көре алмадық. Шарбақты ақ қарға шанши салған сияқты, сірә, қабір әлдеқашан жер болып кетсе керек.

— Туған, өлген жылын жаздырып бір құлпытас орнатуымыз ғой, — деп едім, кәрия қабірден көз алмай:

— Ие, сол тасыңды қойшы, балам. Жұрт не десе о десін, әйтеуір, осы тау Марусяның тауы деп мәңгі аталатынына мен сенемін. Бұдан артық ескерткіштің керегі не? — деді.

Трактор машинамызды кезеңге шығарды, біз кәриямен қош айтысып кете бардық. Әудем жер ұзағаннан кейін, машина терезесінен артыма қарасам, кәрия қабір басынан әлі кетпеген екен...