Әдебиет
Міржақып Дулатұлы
Міржақып Дұлатұлы (1885—1935) — қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері, ақын, жазушы, жалынды көсемсөз шебері.
Міржақып Дұлатұлы (1885—1935) — қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері, ақын, жазушы, жалынды көсемсөз шебері.
Қажыған көңіл
Жүйрік қиял дүниені кездіріп,
Туған ел мен өскен жерден бездіріп,
Қиын қиғаш қияларға жетектеп,
Сырын айтпай, жөні қалай сездіріп.
Ере бердім, мен артынан бір есер,
Қарсы келіп еркім бар ма тіресер?
Жел айдаған тұрағы жоқ қаңбақтай,
Ағыңымды дедім-дағы сай кесер.
Сай орнына душар болды терен, жар,
Мезгіл жетпей шығу қиын, өзі тар.
Достың саны нольге қалып азайды,
Бой балқытып кімді ерітер шаққан зар.
Көп құлағы мақтаменен тығулы,
Қасқыр қуып үріккен қойдай ығулы.
Құбыжық бар десе, қорыққан баладай,
Су жүрек боп сорлы қазақ бұғулы.
Жалыны ыстық жас ғұмырым шыдатпай,
Теріс істі пәк ұжданым ұнатпай.
Тоқтай алмай басым тасқа жеткенше,
Қарсы шауып қайралған өткір болаттай.
Жаудың бетін қажып тұрмыз бұра алмай,
Бұрмақ түгіл, шыдап қарсы тұра алмай.
Күннің көзін қара бұлт жасырып,
Күлімсіреп нұрын шашып шыға алмай.