Әдебиет
Міржақып Дулатұлы
Міржақып Дұлатұлы (1885—1935) — қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері, ақын, жазушы, жалынды көсемсөз шебері.
Міржақып Дұлатұлы (1885—1935) — қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері, ақын, жазушы, жалынды көсемсөз шебері.
Сайлаулар хақында
Шыққалы волост сайлау қырық жыл өтті,
Сол сайлау, байқасаңыз, түпке жетті.
Бай болып, мырза атанып, мал біткендер,
Таласып волостыққа ақша төкті.
Еліріп біреу шықты би болам деп,
Кейбірі би түсетін үй болам деп.
Желікпей үшіншілер неге тұрсын:
«Қалайша аналардан мен қалам деп.
Еліртер момындарды «сен де аттан» деп
«Малыңның арқасында бір шаттан» деп.
Қарашы, бұл қырсыққа неқыларсың,
Бишара әуреленер құр жатқан тек.
Фәленше ауылнайлыққа ылайық деп
Ынтымақ ие қылса да қылайық деп.
Бір сорды бәйге атындай алып келер
һәммәміз сертте мәхкәм тұрайық деп,
«Бір атадан қалдым» деп шығар біреу:
«Сіздерменен бірге - деп, - біздің тілеу».
Жолын алса, мәз болып ол кетеді,
Бермесе, қамыққандай көңілі жүдеу.
Сайлау басы төреге мьщ, мын. ақша
«Жанында орын жоқ па екен онан басқа?»,
Стражник пен писірлер сүйінші алады
Бермей тағы болмайды һәм тілмашқа.
Волост болар мал шашып шығынданып,
Сайлау өтер осылай тынымданып.
Әбден болып алған соң расходың,
Бітіреді халықтан жылын да алып.
Кедей сорлы шолағын арықтатар,
Түк файда жоқ, үйіне барып жатар.
«Фәленшемен табақтас болдым мен» деп,
Қатынына мақтанып осыны айтар.
Мұнымен мал шашылып ар кетеді,
Күшті әлсіреп, нашардан хәл кетеді.
Өтірікті расқа шығарам деп
Жалған іске ант беріп жан кетеді.
Нахақтан біріне-бірі бәле салып,
Білмесе ұрлық, білсе егер барымта алып.
Төбелес, жанжал, керіс әңгімеге
Құмар-ақ болып кетті біздің халық.
Тұрады төрелері кекірейіп,
Переводчик онан жаман шекірейіп.
Көп зарар біздің қазақ көрседағы
Демейді, мұндай іштен бекінейік.
Мал шашып әлектеніп таласады,
«Мен көп, сен азсың» деп санасады.
Ес кетіп өліп талып волост болып,
Сонан соң халқыменен жарасады.
Үйіне ат-тонымен барып түсіп,
Ризалық айтысар тағам жесіп.
Мысалы тоқылдақтың тәубесіндей
Кетеді бір жылдан соң ұмытысып.
Құл кетті хан орнына таққа мініп,
Жұрт кетті жамандықты жатқа біліп.
һәкимлер харамидан болғаннан соң,
Ұры-қары кетпей қайтсін атқа мініп.
Я пірім-ау, дәл асы істен не файда бар?
Көбейер күн-күн сайын фітнәлар.
Көз көрді бір парасын қулақ естіп,
Кісі өліп, сотты болып бірі айдалар.
Ағадан іні айрылды, атадан ұл,
Ағайын арзандады қымбаттап пұл.
Сатылды ғазиз ұждан аз ақшаға
Ғәләмәті надандықтың емес пе бұл?
Өзіне өзі халық жаны ашымай
Мал шашар боламын деп волостной.
Жұмсаса қандай жақсы болар еді,
На пользу образования народной.
Беруден кездей жерге көлдей ақша
Құмары келе жатыр бір басылмай.
Кісідей арақ ішкен әуреленіп,
Я пірім-ау, кеткені ме халық осылай?
Қазағым, бұл ғадетті тасталық та,
Халықты тура жолға басталықта.
Волост, билік, ауылнайлық, выборныйлық,
Қимайтұғын соншама падишаһлық па?