Әдебиет
Міржақып Дулатұлы
Міржақып Дұлатұлы (1885—1935) — қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері, ақын, жазушы, жалынды көсемсөз шебері.
Міржақып Дұлатұлы (1885—1935) — қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері, ақын, жазушы, жалынды көсемсөз шебері.
Айқапқа
Екі жылды зарменен
Өткізді журнал «Айқабың».
Алашты тегіс аралап,
«Айқабым» жайын байқадың.
Оңына жұрттың сүйініп,
Теріске басты шайқадың.
Алабыңа жиылды
Білгіші һәр бір тайпаның.
Мұң-мұқтажды күзеттің
Көрсетіп өрнек байтағын.
Оқушың отыр құмар боп,
Тағы да бар ма айтарың?
«Айлық жүріс алыс» деп,
Айында екі шыққаның.
«Шабындық ерге, намыс» деп,
Өз борышыңды ұққаның.
Жүрек қанын, көз жасын
Қайнаттың қозғап жұрт қамын.
Түзу жолға салам деп,
Адасып теріс ыққанын.
Ақиқатты тура айтып,
Жасқанып, жасып бұқпадың.
Аз пұлменен көп қайрат
Көрсеттің өрлік, сырттаным!
Қазақтан шыққан жүйріктер
Көрсетті көзге шабысын.
Қаламы өткір білімпаз
ІІІашты алысқа дабысын.
«Алаш!» деп ұран шақырды,
Жұртының жоқтап намысын.
Жарқырап жанған жұлдыздай
Ұқтырып айқын һәр ісін.
Көңілі жабық, көзі көр
Білсін қайдан мәнісін?
Жолбасшы болған заттарға
Абырой, бақыт дарысын.
Жомарттықта бірінші
Орын алған ел едік.
Үш теңгеден өлмеспіз,
Кел, мырзалар, берелік.
Білгіштердің соңынан
Шұбырып біз де ерелік.
Газеттің сөзі ертегі -
Ерігіп жазған демелік.
Толықсып кеше тұрғанда -
Біз кімдерден кем едік?
Кеміткен жауыз надандық,
Надандықтан безелік.
Газет-журнал оқысаң,
Көзіңді, қазақ, ашасың.
Дүние халін білмесең,
Ілгері қалай басасың?
Игілік жолдан тартынба,
Бекерге де шашасың.
Өнер-білім тістей ме,
Шегініп неге қашасың?
Сарғайып жатқан бір ғаріп
Жіберді жазып батасын.
Халыққа шашып жемісін
Жасасын «Айқап», жасасын!