25 Қараша, Дүйсенбі

Әдебиет

Міржақып Дулатұлы

Міржақып Дұлатұлы (1885—1935) — қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері, ақын, жазушы, жалынды көсемсөз шебері.

Ішік хайырлы болсын!






- Хажы-еке, ішік хайырлы болсын!

- Айтсын.

- Қаншаға алдыңыз?

- Күйіп тұр екен ғой, 350 сом...Ұмсындыққа киім-кешек алайын деп едім, оны Мәскеуден алғалы тұрмын.

- Ішігіңіз қымбат емес, мен мынаны 150-ге алдым, - деп, Тоқыш үстіндегі пальтосын көрсетті.

- Ой, шырағым-ай! Жұрт жарықтық арқасында бір бүтінденіп қалалықта.

Тоқыш күлімсіреп:

- Сіз әлі жұрт арқасында киініп қалалық деп отырсыз, осындағы газетші қулардың сөзін естідіңіз бе? Олар бізді кінәраттап жатыр, жұрттан көп ақша жинап алып, өз пайдаларына жұмсап жүр, 1 бір тиындық бітірген ісі жоқ, дейді.

- Е-е-е! Біз біреуден тартып алыппыз ба, жұрт өзі берген соң шариғат бойынша да, бізге газетші-мазетшінің сөзі керек емес, үйі-басы 2-3 сомнан ел кедей болмас...

- Сонда да, хажы-еке, олар Жорықбай ақсақалды ұялтып тастапты...

- Шіркіннің ұялшағын қарашы, не былшылдайсың, сенің ақшаң емес қой десе болмап па?

- Жорекең жарықтық жуас кісі ғой, үндемейді, сонда да соншама ақшаны қайда жұмсадыңдар десе, елге не дейсің? Аналар жұртқа жариялайтын көрінеді.

- Шырағым, Тоқыш-жан, сен әлі баласың ғой, біз мұндайды көп көргеміз, оның не қысылатыны бар: адвокатқа бердік дерміз, переводчик, чиновниктерге бердік дейміз, ретін таппаймыз ба... дей бергенде нөмірге газетте қызмет ететін бір жігіт, сәлем беріп кіріп келді.

Хажы әфенді жалма-жан ішіктің үстіне шапанын іле салып, тасбихын тартқан болып отыра қалды.