25 Қараша, Дүйсенбі

Әдебиет

Міржақып Дулатұлы

Міржақып Дұлатұлы (1885—1935) — қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері, ақын, жазушы, жалынды көсемсөз шебері.

Сол қыздың атын ұмыттым






Мен 1921 жылы Семей уезінде тергеуші болып қызмет еттім. Күз уақыты еді. Өзіме қараған аудандағы елдерді аралап жүріп, Қызыл Адырға келсем, аудан биі Қ. жолдас сессия құрып жатыр екен. Халық есепсіз көп жиналған: Семей уезінің 7-болысынан, Қарқаралы, Өскемен сықылды өзге уездерден, тіпті Жетісудың Аягөзінен де мал даулап, ақы сұрап келгендер бар екен. Қ. жолдас Семей уезінен қызметке жақсы, ұрыға рақымсыз атанған билердің бірі саналатын. Жұмыстың көптігінен Қ-ның басы қатып, дамыл көрмей, мезгілімен тамақ ішуге де уақыты болмай, ертеден қара кешке шейін сөйлеумен дауысы да қарлыққан екен.

Жиналысқа тіккен үйдің біріне біз де келіп түстік. Қандай жұмысты қандай адам (тергеуші ме, би ме) қарайтынын білмейтін, өздері неше күндей кезек тимей сарғайған, елдері алыс, сот маңайындағы ауылдарды қону-түстенумен әбден мезі қылып, жексұрын болған, Даукестер мені көрген соң, «тағы бір төре келді» деп, сыйғаны үйге кіріп, сыймағаны үйдің жабдығынан дауыстап, «тақсыр жолдас, арызымыз бар, пәлен күннен бері бізге есе тимей жатыр...» деп әркім өз басындағы мұңын шаға бастады. Халық соншалық көп, бұл елге біз келе жатқанда жолшыбай «сот арқылы өндіріп алдық» деп талай мал айдап бара жатқандарды көргенбіз.

Әлі де болса лек-легімен біреулер келіп жатыр, жұмысы біткендер кетіп жатыр.

Осынша көптің жұмысын «закончілер» бітіремін деген сот сол ауылда екі жыл жатса да бітетін емес. Ол кезде әлі қылмыс, заңдар шықпаған, сот қызметкерлері істің ақ-қарасы «төңкерісшілдік арымен, социалистік сана жолымен ғана» айыратын шақ. Қ. жолдасқа атсалысып көмек көрсетіп, мен сол арада 3-4 күн болғанмын.

Міне, содан бері А жыл өтті. Қазіргідей заманда бұл аз уақыт емес. Содан бері талай кемшіліктер түзетілді. Бірақ ұлы мақсатты тілектердің бірі - әйел теңдігі әлі де көңілдегідей жүзеге асқан жоқ. Бұған себеп: елдің сүйегіне сіңген ескі әдеттің әлі күштілігі, әйел табының көзі ашылып жетпеуі, бостандық қадірін анық білмеуі, ел ішіндегі соттардың салақтығы - олақтығы, тағы-тағылар. Қара басының бостандығын көксеген әйел жігерлі болса, қазақ ішіндегі соттар қатаң қызметін біліп істеп, жолдан таймайтын болса, әдет-ғұрып қанша күшті болғанымен, жоғалмасқа шарасы жоқ.

«Бостандық» дегеннен есіме түседі: сол жолы бір қыз көрдім.

Осы қыз 7 аудан сотына арыз береді: ата-анасы жастай қалың мал алып, біреуге атастырып қойғанын, енді бойжеткен соң, күйеуі жаман екенін біліп, оны сүймейтіндігін баяндап, басына бостандық сұрайды. Сот қызды шақыртады. Қыздың әке-шешесі, туысқандары, бәрі шұбырып ере келеді.

Бәрі қызға жабылады. «Арыз бергенім жоқ, бұрынғы күйеуіме баруға ризамын» деп айт деп үйретеді. Әсіресе, әкесі қызына өлердегі сөзін айтады, көзінен аққан сорасы сақалын жуады. Шешесі әлпештеп өсіргенін ақ сүтін емізгенін, дос аз, дұшпан көп, жұрт алдында масқара қылса, пәленшенің қызы кетті деген атаққа ұшыратса, екі дүниеде риза еместігін «ақ батаны бұзса, көсегесі көгермейтінін» айтады.

Ағалары біресе зекиді, біресе жалынады. Қысқасы, бәрі жабылып қыздың басын даң қылады. Бәрі де, қыздан сот жауап алғанда, бірге болады. Ақырында қыз бейшара әке-шешесін аяп, сот алдында «мен арыз бергенім жоқ» деп шығады. Қыздың хат білмегендігі үшін арыз жазып, қол қойған сол қызды алмақ болып жүрген - сүйген жігіті Бекіш екен. Енді сот біреудің қызын халық алдында масқара қылғанын тексеру, айыпкерді жауапқа тарту үшін қаулы жазып, сол арада қолма қол маған тапсырады.

... Қызды шақырттым. Әке-шешесі, жақындары тағы да шұбырып ере келді. «Қызық» көрушілер іргеден, жабықтан сығалап, тыңдап
бірін-бірі итермелеп, түйе түскендей үйді қиратып барады.

Бойжеткен әдемі сәулім қыз. Басына түлкі Тымақ киген, белін буынып алған. Қыздың тымақ кигенін - топ ортасында жалғыз әйел болып көзге түспейін деп ұялғаннан істеген ғой деп ойлауға болса да, белін тас қылып буынғаны үйден шыққанда-ақ тәуекелге бел байлап аттанғандығын білдіргендей болып көрінеді. Түсі қашқан, көңілін қайғы басқан мұңды қыз келіп отырғаннан қанша сездірмейін десе де, еріксіз күрсініп
жібергендігі байқалып қалды. Шешесі сапты қамшыны таянып, сұрланып, ішінен «кәне, жүзіқара, бірдеме деші» дегендей, қолайсыз бір сөз айтса үстіне қона түскендей болып, көзін айырмай қызының қарсысына отырды. Әкесі, сот алдындағы жауаптан кейін көңілі жайланғандай, сөйтсе де «Сақтықта қорлық жоқ» дегендей, қызының жоғарғы жағынан орын алды. Халық көп, жұмысы бар да, жоқ та анталап қарап тұр.

Тергеу ашпастан бұрын қызды, тағы қыз танымайтын бөтен елдердің 3-4 адамын алып қалып, бастығы қыздың әке-шешесі қылып, жұрттың бәрін шығардым, үйдің маңайына жақын жолатпайтын қылып қызбен сөйлестім.

- Бостандық сұрап сотқа арыз беріп пе едің? - дегенімде, қыз төмен қарап, бөгеліңкіреп, ақырын:

- Жоқ, - деді.

- Әке-шешең біреумен құда болып, күйеуге бергелі, ол күйеуіңді жаратпай бостандық сұрауың рас болса да, енді бүгін сот алдында ата-анаңның көңіліне қарап, соларды ренжітпеймін, жұрт алдында төмен қаратпаймын деп қазақшылықпен танып отырған болсаң, енді сенің атыңнан арыз жазып, сен үшін қол қойып отырған жігіт сотқа тартылады, мен қазір оны шақырып жауап аламын, абақтыға жөнелтем. Ол жігіт
сүйгенің бола қалса, оны аямайсың ба? Өзгелердің көңіліне қараймын деп, бұрынғы күйеуіңді жек көретінің рас болса, өз өмірің қайғыда өтпей ме, шыныңды айт! Қазіргі заман - бостандық заманы, енді бұрынғыдай әйелді ешкім зорлай алмайды. Сүйсең, соған барасың, - деп бірсыпыра сөз сөйледім. Келгеннен төмен қарап үндемей тыңдап отырған қыз, есік жаққа бір қарады да, басын көтеріп алып, тура маған бұрылып:

- Арыз бергенім рас! - деді. Бұл сөзді нып-нығыз қылып, «Басымды біреу кесіп алса да...» дегендей қажырланып айтты.

Қыздың шынын айткызғаныма, «сауабына» қалғандай болғаныма мақтанған кісідей мен күліп жібердім.

- Мана сот сұрағанда неге арыз бермедім дедің, енді ертең тағы біреуге «арыз бергем жоқ» деп жүрсен, қалай болар? - дегенімде.

- Қайтейін, ол кісі сізше сұраған жоқ, - Көзі жәудіреп, - жұрттың бәрі анталап тұрған соң, - деп қыз да күлімсірегендей болды.

...Мен сырттағы кісілер үйге кірсе де болады дедім. Баяғы қауым адам таласа-тармаса қайта келді. Шешесі тағы манағыдай қызының алдына
қамшысына таянып келді. Шаншыла келіп отырды. Мен енді жұрттың көзінше жауапты қыздан ресми түрде жазып алуға тырыстым.

- Басыңызға бостандық сұрап келдіңіз. Сотқа арыз бергеніңіз рас па?

- Бердім, бергенім рас, - деп қыз жігерленіп, бастырмалатып екі рет жауап қайырды. Қыздың шешесі қаны қашып, көзі жаудырап, қызын жеп жібере жаздап:

- Алда бетпақ-ай, бетпақ-ай, бетпақ-ай! He бетімді айтайын, бетпақ-ай! - деп тас-талқан болып, жолында отырған адамдарға сүріне-қабына үйден шыға жөнелді.

Күпісінің етегі салбырап, «құдай төбеден ұрды» дегендей, кебісін киюді де ұмытып, бәйбішенің соңынан ұсқыны қашып байы шықты.

Сөйтіп қыз бостандық алды, арманына жетті. Сүйгенімен кетті. Ата-анасын бала қанша жақын көрсе де, қанша сыйласа да, тіршілікте адамның азаттығынан артық ешнәрсе болмайтындығын, ол азаттыққа өзге түгіл, ата-анасы қарсы келсе де, еш нәрсе айырбастамайтындығын осы қыз сол жолы жиналған жұртқа айқын көрсетті.

Міне, әлі күнге шейін қараңғылықтан шыға алмай, азаттық қадірін ұға алмай жүрген қазақ әйелдеріне әлі де болса үлгі алуға сол қыз жарайды.

Әттең, сол қыздың атын ұмыттым, қыз-ақ еді.