Әдебиет
Міржақып Дулатұлы
Міржақып Дұлатұлы (1885—1935) — қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері, ақын, жазушы, жалынды көсемсөз шебері.
Міржақып Дұлатұлы (1885—1935) — қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері, ақын, жазушы, жалынды көсемсөз шебері.
Жаз
Жаз болудың алдында күн ұзарып, ақырында қар да ери бастайды. Жолдарда, жырақаналарда су жүгіріп, көлге, өзенге құяды. Өзенде мұз жарылып, су лайланып, төмен ағып, сең жүре бастайды. Су өзеннің жиегімен асып, жағаларын кешіп, күн жылынып болған соң, шөп шығып, түрлі түсті гүлдер шешек атады. Егіншілер соқа-сайманын түзеп, жер жыртуға шығады.
Тоғай да жапырақтарын жамылып, жаңа келген сайрағыш құстардың үнімен көңілді болып кетеді. Жаз жан-жануарлардың бәрін де тірілтеді. Жаздың жетіп, күннің жылынғанына бәрі де шаттықта. Қыстан қысылып шыққан мал жүнін тастап, бие құлындап, қой қоздап, қара жерді сағынып қалған жануарлар байласа тұрмай, далаға қашады.
Қазақ халқының нақ бір байларынікі болмаса қысқы үйлері қандай нашар. Енді бұлар да сол қараңғы иісті қыстауларынан шығып, киіз үйлерін тіккен. Қыстай жарық даланы көрмей жатқан шал-кемпірлер мен аурулар да бір жасал, таза ауаны жұтып рақаттанған. Балалар ойынға шығып жүгіріп, жыл құстары тегіс келіп, жұмыртқа салған. Көлде қаз, үйректер бықылдап толып отыр. Анда-санда аппақ болып ұзын мойнын иіп, сұлу
кеудесін керіп жүзіп жүрген аққуды да көруге болады. Суға барған қатындарды мазақтап шағала да шықылықтап күліп жүр.
Таң ата шырылдаған торғай мен үйдің алдын, кісінің жолын ерсіл-қарсыл кесіп ұшқан қарлығашта да дамыл жоқ. Құстар әуелгі келгендей емес, соңғы кезде азая бастады. Балалар жұмыртқасын алып, мергендер онан да, мұнан да мылтықтарын тарсылдата берген соң, шошып көрші
көлдерге кетсе керек.
Міне, майдың он бесі болды. Мал көкке тойынды. Жұрт бие байлады. Балалар анау байлаған жас құлындарды желіге оралып қалмасын деп күзетіп, бір жағынан тайларын үйретіп жүр. Тайы жоқ балалардың сол кезде азырақ көздері қызығады екен.